Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Дәріс. Тәуелсіздік жылдарындағы роман, хикаяттар




Мақсаты: Тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген роман, хикаяттар туралы мәлімет беру.

Сұрақтар:

1. Ж.Тұрлыбаевтың «Райымбек батыр» романы.

2. М.Мағауиннің «Жармақ» романы т.б..

Дәріс мәтіні (тезис)

Қазақ әдебиетінің көшіне 70-ші жылдары келіп қосылған Жолдасбай Тұрлыбаев 1932 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Жалаңаш ауылында (бұрын Кеген деген ауданы болған) дүниеге келген. Бұл кезде Қазақстанда Сталиндік-Голощекиндік асыра сілтеудің шегіне жетіп, соның салдарынан қуғын-сүргін көбейіп, ашаршылық алқымдаған жыл еді. Қалың ел жан сауғалап жан-жаққа үдере көше бастаған. Жолдасбайдың ата-анасы да көппен бірге шығысындағы іргелес жатқан Қытай жеріне өтіп кетеді. Осылайша Жолдасбайдың балалық шағы мен жігіттік кезеңі Қытай мемлекетінде, ондағы Іле облысы Текес ауданында өтеді. Сусау ауылындағы мектепті тәмамдаған соң әуелі Құмса қаласындағы гимназияны, одан соң педучилищені бітіреді. 1952-1956 жылдары Қытай Компартиясы жүргізген саяси-реформа жұмыстарында болады. Іле уездік партия комитетінде нұсқаушы, Іле аймағының 7 ауданында аудандық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.

Жолдасбай Тұрлыбаев 1956 жылы қараша айында ата мекеніне қайта оралып, туған ауылында әр түрлі жұмыста болады. 1959-1960 жылдары Алматы қаласына келіп, 7 құрылыс мекемесінде тасқалаушы болып істейді. 1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (бұрынғы С.М.Киров атындағы ҚазМУ) филология факультетіне түседі. Университетті бітіргеннен кейін Алматы облысы Жамбыл ауданында аупарткомда нұсқаушы, мектеп директоры, Қазақ радиосында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, “Өнер” баспасында аға редактор, ҚазМУ оқытушысы болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткер, тарихи-этнографиялық “Райымбек” қоғамының төрағасы. Бас қаһарман етіп Райымбек батыр алынған дилогияның алғашқы бөлімі “Тамыз таңы” деген атпен 1987 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көрген. Екінші кітабы “Райымбек батыр” деген атпен 1992 жылы “Жазушы” баспасынан шықты. Негізгі кейіпкері бір ғана тұлға бола тұра дилогияның бірінші кітабының “Тамыз таңы” заман тынысына қарай орайластырылған амал-себеп бар еді. Коммунистік идеологияға бағындырылған әдебиет әлемінде өткен дәуірде өмір сүрген ұлттық батырлардың атын бадырайта көрсетіп дәріптеу, мадақтау ол кезде жай қылық болып бағаланатын. Ал аты аңызға айналған Райымбек батыр – ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ батырларының ішінде романға жеке әрі бас кейіпкер ретінде алынған бірінші тарихи тұлға. Сондықтан әуелгі кітап бас қаһарманның атымен аталмай “Тамыз таңы” делінген.

Дилогияда ХҮІІІ ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлы шайқастардың бір тармағы суреттеледі. Оқиға негізінен қазіргі Қазақстанның Оңтүстік шығысында, оңтүстігінде, Ташкент, Самарқант, Сырдария маңында өтіп жатады. Ташкент, Самарқант, Түркістан, Ходжент, Хиуа, Бұхара сияқты қала, кент, елді мекендер, Іле, Шу, Талас, Сырдария, Балқаш, Көкпек, Торайғыр, Көртоғай, Жалағаш, Алматы, Алатау, Асы, Қарқара т.б. тәрізді жер, су түгел қамтыла оқиғаға қатысты баяндалып отырады.

Романда бас кейіпкермен қатар сол дәуірдің тарихи тұлғалары Әбілқайыр, Абылай, Жолбарыс, Болат, Сәмеке, Барақ, Әбілмәмбет тәрізді елбасы, хан т.б. батырлар, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Биеке, Қабай жырау сынды билердің, ақылгөй дана қарттардың образы жасалған. Әбілқайырдың, Абылайдың немесе өзге де хан-сұлтандардың бейнесін сомдағанда жазушы олар жайлы жазылып қалған тарихи деректен, халық жадында жатталып айрылып келген мәлімет сорабын мүмкіндігінше сақтауға тырысқан. Алайда тарихи деректі, құжаттық мәліметті сол қалпында көшіріп бере салған деген ұғым тумаса керек. Абылай жайында дерек те, мәлімет те, ауыздан ауызға көшкен, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, есте салған әңгіме көп. Автор соның бәрін жинақтап ой елегінен өткізе, қиял әлемінде қарыта жан бітіріп, Сабалақтан Абылайға ұласқан тарихи тұлға бейнесін халық санасындағы болмысын төмендетпей өзіндік өрнекпен нанымды жасай білген Әбілқайыр бастаған өзге хандар бейнесі туралы да, Қабанбай, Бөгенбай бастаған тарихи бейнелер халық жадында әбден орныққан, ел тарихында орны бөлек қас батырлар образы жайлы да осыны айтуға болады.

Романда Төле би образы дәуір дидарына сәйкес санаға орнығып қаларын, оқырманды ойға жетелейтін, ұрпақ санасын оятып, ұлттық ар-намысты жандандыра түсетін биік парасатқа толы, биік деңгейде жасалған. Төле би аңыз ауқымында айрыла беретін ділмарсыған шешен деңгейінде ғана алынбай кемеңгерлікке толы парасат иесі, данышпандықпен ұласқан ақылгөй, көсем ретінде суреттеледі. Оның бәрі жәй баяндау емес, оқиға жүйесінде, детальді көріністе, қисынды фактілермсен өрілген сюжеттік желілер арқылы беріліп отырады.

Дилогияның бірінші кітабы бас қаһарман Райымбектің бала кезінен бастап, жігіт болып алғашқы ерлігін көрсеткен кезеңге дейін қамтылады. Бас кейіпкердің эволюциялық өсу жолы, аты алыс-жуыққа кең тарай бастаған уақытқа дейінгі көтерілу баспалдақтары ел санасына сіңіп кеткен аңыздық сипаттан аршып алынып, табиғи қалыпта, қарапайым адамдық кейіпте суреттеледі.

Екінші кітап Райымбек батырдың қайтпас сапарға аттанған сәтімен аяқталады.

Сюжеттік желіні, негізгі оқиғаны бас кейіпкер Райымбектің айналасына шоғырландыра отырып, жазушы жоңғар шапқыншылығы дәуіріндегі қазақ елінің басынан өткен қиын тағдырының бір аймаққа тән көрінісі арқылы тұтас халық тарихының көркем шежіресін, тарихи болмысын суреттеп беруге тырысқан.

Романның бас кейіпкері Райымбек – тарихи тұлға. Батырлығымен аты шыққан, даңққа бөленген. Оның шындық көрінісі – Райымбектің тұтас бір рулы елдің ұранына айналуы. Сол ұранға айналған тұлғаның болмыс-тірлігі бірте-бірте уақыт оза келе аңыз желісіне ұласып, әулиелік сипатқа ауысып кетуі халық көңіліндегі тарихи нысан, батыр баба бейнесінің көлегейлене түсуіне себеп болғаны да шындық. Сондықтан халық жадында Райымбектің батырлық бейнесі мен әулиелік қасиеті қатар жатталып, қабаттаса өрбіп, дамып отырған. Міне, осындай тұлғаны көркем шығармаға, оның ішінде тарихи романға бас кейіпкер етіп алу да бар да, оның тарихи шындықпен сәйкесер тұсын дөп басып, нанымды образ тудыру талабы бар екені және ол тіпті де оңай емес екені белгілі. Өйткені, айтып отырғанымыздай барған сайын, заман озған сайын халық ұғымында Райымбектің батырлық болмысынан гөрі әулиелік қасиеті басым сипатқа ие болып бара жатқаны ақиқат еді.

Романда санаға сіңіп қалған әулиелік ұғыммен тарихи дерекке негізделген батырлық сипаттың ара-жігін ашып, халықтың елестетуіндегі батыр тұлғасын сетінетіп алмай нанымды образ жасауға талпынған Жолдасбай Тұрлыбаев ізденісі мен соны мәресіне жеткізе алған жазушылық шеберлігі айқын көрінеді.

Бұл орайда жазушы көркемдік ізденістің шығарма тудырудың сан тарау қайнарларынан, дәстүрлерінен нәр алған, үйренген, оны өз туындысына жымдастыра пайдалана білген. Сюжет құруда, оқиғаны өрбіту, байланыстыру, дамыту, шарықтау шегі мен түйіндеуде, образ сомдауда түрлі тәсілдер қолданылады.

Роман тарихи шығарма болғанымен тек тарихи фактілердің ізімен баяндалмайды. Әдеби туындыға тән қолданатын сипаттарға, авторлық мақсатқа орай қиялдан қосу тәрізді түрлі көркемдік шарттарды автор еркін қолданып отырған.

Райымбектің батырлық іс-әрекеттер барар жолы, қалыптасуы, өмір баспалдақтары намысқойлық сезіммен ұштастырыла өріліп, нанымды беріледі. Шығарманың алғашқы беттерінде жаугершілік заманның тынысымен соғыс алаңында емес, бейбіт ауыл аясында, қарапайым тұрмыс-салт орынында танысамыз. Ойнап жүріп “тентек” Райымбекпен жылап қалған балалардың шешелерінен “Тірі жетім”, “Әкең қалмақтың құлы” деген сөздерді айтып “кірме”, “баладан” кек алуы болашақ батырдың алғашқы намысын оятуға себеп болса, оқырманға қалмақ тұтқынында жатқан Райымбектің әкесі туралы сырттай мәлімет береді. Өзі қатарлас ойын балаларының мазағы намысын оятып әкесін құтқаруға ұмтылған бала Райымбектің алғашқы талпынысы бірте-бірте отансүйгіштікке ұласқан, елі үшін отқа, суға түсуге тартынбайтын қолбасшы батыр деңгейіне көтерілген сәтін көреміз.

Романда сол заманға сай халықтық әдет-ғұрып, салт-сана, этнографиялық көріністер, ел тіршілігі мал бағудың, ер қанаты аттың, жылқының көшпелі халық өміріндегі орнын бейнелеу сипаттары айрықша көркемдік белгілерге айналған. Бұл орайда тек қазақ салты, мінез құлқы, тіршілік әрекеті емес қалмақ сияқты жау елдің де психологиялық, әдет-ғұрыптық болмысы нанымды әрі танымдық қасиеті мол дәрежеде суреттелген.

Дилогиядағы Күніш, Еңлік, Ақбала тәрізді батыр қыздар ерлікпен қоса адал жар болу мақсатын бірінші кезекке қойған, ежелден қалыптасқан бейнесімен есте қалады.

Жазушы Райымбек туралы халық аузындағы “әулиелік” қасиеттерді де мүлде ығыстырып тастамай орайына қарай сюжеттік негізге жымдастырып жіберген.

М.Мағауин – тәуелсіздік жылдарында күрделі пішін, өзіндік өзгеше әдіс-тәсілмен жазылған «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп», «Жармақ», т.б. роман, хикаяттары арқылы бүгінгі күн талаптарына толық жауап бере алатын, көркемдікті игеруде қазақ прозасында тың арна салған, соны үлгі әкелген жаңа тұрпатты шығармалар берген бірден-бір қаламгер. Осылардың ішінде қоғамдық санаға серпінді резонанс туғызған, кітап сүйер оқырман қауым құбылыс ретінде қабылдаған туындысы – «Жармақ» романы. Классик жазушының бұл шығармасы - тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ романдарының ішіндегі болмысы өзгеше туынды. Автор қоғам мен адам баласына тиесілі мәңгілік проблемаларды өзгеше сипатта берген. Алғаш рет 2007 жылы Прагада басылып, елге аз ғана данасы жеткен романды «Қазақ альманағының» шығарушылары қалың оқырманның сұранысын ескере отырып, альманақтың 2010 жылғы №4санында жариялады. Роман кішігірім 65 тараудан тұрады.

Оқиға желісі жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысы мен жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамында орын тепкен өмір шындығына негізделеді. «Жармақта» Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси өмірі, ел мүддесі үшін істелуге тиіс, алайда шешімін таппай жатқан алуан түрлі маңызды мәселелер арқау болады. Тосын пішінге құрылған романның бас кейіпкері екіге жарылған Мұрат пен Марат. Қазыбеков Мұрат – ұлттық рухтың жоқшысы тарихшы, ал, оның жарты бөлшегі Қазыбеков Марат – жаңа қазақ, бизнесмен. Мұраттың басты арманы өзінің екінші жартысы жармақтың бойындағы сатқындық нысанын жойып, ар-ұят үшін, бөлінбеген бүтін қалыпта өмір сүру. Екінші жартысы Жармақ атақ-даңқ үшін парламентке өтіп алып, бар абырой-беделін ұлтының болашағына зиян келтіретін әрекетке баруы Мұрат бойына ыза-кек орнатып, сыңарының көзін жою үшін өз өмірін қиюға дейін барады. Сыңарының ар-ұят шеңберінен шығып кеткен іс әрекетін тоқтатуға басқа жол табылмаған шарасыздық еріксіз осыған әкеледі. Бұл Мұрат үшін еркін өмірдің тұйыққа тірелуі еді. Екіге жарылған тұлғаның бірінші жартысы бүгінгі заманның ғалымы, соған орай кедейі де, екінші жартысы керісінше, кәсіпкер, мол дәулет иесі әрі билік тармағында қызмет атқаратын жандардың бірі. Бірігіп бір бүтінді құрайтын екі жармақ – Мұрат пен Мараттан өзге кейіпкерлер: Мұраттың сүйген қызы Балжан, Тарих-зерттеу орталығы директорының орынбасары Қаражұманов, бас кейіпкердің әңгімесі бойынша елестейтін Нұрхан Жангелдин, Нұрмаш Саттаров, Иван Мокеевич Есенғалиев, Мүштар Мақанов.

Романда қазіргі қазақ қоғамындағы бай мен кедейдің, рухани құндылық пен материалдық игіліктің, халық пен биліктің арасы алшақтап, екіге жарылып кеткен тұрғысы суреттеледі. Шығарма сюжеті бірінші жақтан, яғни бас кейіпкер Мұраттың әңгімесі түрінде баяндалады. Көркем әдебиетке қажетті, алайда белгілі мөлшерде негізі бар шарттылыққа құрылған роман сюжетінде фольлорлық мотив жүйесі ұтымды қолданылған. Романның бас кейіпкерінің бастан кешкен оқиғалары ертегілердегі қиял ғажайыптық сарын үлгісінде беріледі. Соған орай шығармада көрініс табатын өмір шындығы қаламгердің қиялдан қосу тәсілі арқылы өріліп отырады. Сюжет құрудың, образ жасаудың қалыптасқан үлгісі тұрғысынан келгенде Мұрат пен Марат түсінік-пайымы, арман-мүддесі, іс-әрекеті жағынан бір-біріне қарама-қайшы екі тұлға ретінде суреттелуі тиіс еді. Бір қоғамда бір елде туып өсіп, бірдей білімі бар, бір ортада қатар тіршілік етіп жүрген екі адам арасындағы тартыс бейнеленетін. Сол арқылы адамдарда болатын психологиялық ерекшеліктер, өмірлік көзқарастар, ел, отан туралы түсінік-пайымдар, мінез-құлықтар, адамгершілік қасиеттер мен надандық үлгілері көрініс табатын. М.Мағауин жаңа шығармасында өзгеше пішін, тосын тәсіл арқылы психологиялық, философиялық түйіндеулерге құрылған дара бітімді роман тудырған. «Бір бүтін – қос жармақ. Анау, кеткен жармағым алғашқы қадамынан бастап, маған тиеселі бар игілікке ие болған. Әуелі жүрек емес, есеппен қосылған сұлу жар, оған жалғас молшылық өмір, барақат тіршілік… Берік, нақты бағдар – бар болып, бай болып, тыныштықта дәурен сүру – басқа ниет, пиғылдан ада. Ал мұндағы жармақ – құр кеуде ғана. Рас, терең білім, ұлттық таным, бірақ соған орай қажымас қайрат, қайыспас жігер жоқ». «Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының. Бүкіл дүниеден түңілген – ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада – ешкімге сенбейді, сөйте тұра, өмірге өте құштар. Оның ұғымындағы өмір – билік пен байлық». Бұл жаңа қазақ, бүгінгі қоғамның көрнекті тұлғасы, сенатор Марат Бейсенұлының болмысы.

Қаламгер толғанысы осылай толқын-толқын ойлармен өріліп жалғаса береді. «Әдебиет өмір айнасы» тұғысынан келгенде бүгінгі күннің ащы шындығы батыл ойлармен көмкеріліп, заман көрінісі айқын бедерленген бұл шығарма қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік зиянды құбылыстар ақиқатын алдыға жайып салады. Имансыздық, өзімшілдік, тасбауырлық, кейбір билік шеңберінде жүргендердің алаяқтығы, ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы, тәуелсіздігін алғанына көп болмаған жас мемлекеттің бүгіні мен болашағына кедергі болып жатқан іс-әрекет, түрлі кеселді құбылыстар сын тезіне салынады.

Қазақ қоғамында орын алып отырған жаңа қазақ пен ескі қазақтың арасындағы қайшылық, дүбәра жандар мен ұлт зиялыларының арасында өрістеген қарама-қарсылық, айымашылық суреттеліп, ұлт тағдырына зардабын тигізетін зиянды құбылысты айнадан көрінетін бет-бейнеміздей етіп көз алдымызға әкеледі. Тарихи және өмірлік шындықтан туған бір адамның екіге жарылуы психологиялық көркем саралау арқылы беріледі. Байлыққа кенелген бизнесмен Марат Бейсенұлы өз сыңары Мұратқа ақша төлеп, ежелгі қыпшақ ұлысы туралы кітап жаздырып, оны өз атынан шығарғысы келеді. Өйткені байлығы тасыған жаңа қазақтың, сенатор Марат Бейсенұлының бұған мүмкіндігі молынан жетеді. Бүгінгі мезгіл мінезінен тыс нәрсе емес. Негізгі мақсаты кітап авторы болу арқылы ел санасын ояту немесе отандық ғылымды дамыту үшін емес, жеке басының атағы үшін, қайраткерлікке қоса ғалым атану үшін. Талайдан бері көз көріп, құлақ естіп жүрген таныс, бейтаныс жәй. Өмірлік шындықтың көркемдік шындыққа айналу процесіне куә боламыз. Мына бір эпизодқа назар салайық: «– Әуелі бір сауал, – дедім. – Соның сған не керегі бар? Несіне қызықтың? Ғылыми дәреже керек болып қалды ма?

– Ғылыми дәреже оп-оңай, – деді Марат, ескі дивады ортасын оярдай сықырлата шайқалып.

– Қаласам, айналасы жарты жылға толмай, ғылым докторы болып шығам. Экономикадан, немесе саясаттанудан. Әрине, экономика тиімдірек. Қалай дейсің бе? Сенің академияң, немесе, кез келгенуниверситеттің ең білгір мамандары қолма-қол дайындап береді. Манағы саған ұсынған қазынаның оннан біріне. Және барлық өткелектен өткізіп, өздері қорғатады. Және осындай да осындай үлес қосқан зерделі, дарынды ғалым деп атағыңды шығарады. Бірақ маған ондай алдамшы, арзан атақтың керегі жоқ. Өзің де байқаған шығарсың, қазір облыстарда билік құрған үш әкімнің екеуі – профессор, академик, үкіметте салалық билікке жеткен екі министрдің үшеуі ғылымдокторы. Күлесің бе, түңілесің бе. Маған ондай, қайдан келгені соқырға белгілі өтірік дәреженің керегі жоқ.». Бір адамның санасында өріс алған екі түрлі психологияның өзара тартысы арқылы қоғам тынысы, оның адам санасына әсері деген мәселелер шығармада өзіндік орайымен көрініс тауып жатады. Шығармадағы «қай оқиға болса да ұлттық мәселеге байланысты өрбиді, сол арқылы кейіпкерлердің болмысы, адами қасиеті ашылады.... – Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қиянаты,этникалық геноциді, ұлттық езгісі, осылардың салдары – елдің мәңгүрттікке, ұлтсыздануға бой алдырғаны сияқты мәселелер. Бас кейіпкерді толғандыратын, тіпті күйіндіретін жағдайлар – мәселен, жеке мемлекет болған шағымызда адамдардың пиғылының жамандыққа өзгеруі, ақшаны құдай деп тануы, жаппай етек алған жемқорлық, ұлттық құндылықтарға деген нигилизмнің күшеюі, табауырлық пен өзімшілдіктің өркендеуі, сөйтіп, осы аталғандардың көпшілік тұрмысының жүдеуіне, рухани азғындауына әкелуі, т.т. Қазіргі қоғамдағы мұндай келеңсіздіктерді қалай жоюға болады, жалпы жоюға бол ма?»[С.Қасқабасов. Қазақ әдебиеті.2010,15 қаңтар.] – деген сауал тастайды оқырмандарға. Мына бір жолдарға назар аударайық: «Жетпейтіні – бір-ақ нәрсе, өкінішке қарай ең басты нәрсе.... Оның аты – ұлттық сана. Ұлттық сана жоқ қазақта. Жалғызға емес, жалпыға тән, сүйекке сіңген, қалыпты сыпат. Және назары мен қажыры күнкөріс, тіршілік соңында кеткен бұқара жұрт қана емес, ұлттың бетке шығар кісілері: биліктегі, бизнистегі,саясат пен шаруашылықтағы алпауыттарың тұрыпты, зиялы аталатын, елдің қамын жеуге тиіс – ғылымдағы, өнердегі, мәдениет пен әдебиеттегі тарланбоздарың түгел ұлтсыздық дертіне шалдыққан. Қайталап айтайын, қазақта ұлттық сана деген атымен жоқ. Қалған барлық пәле осы жалғыз-ақ кінараттан туындайды.

Мен өткенді араға тартпайын. Жарайды, отар болыпсың, кіріптар болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес,... тіпті, өз жұртына жау кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті. Қазір бас билік қазақта. Ал, не болды? Жеріңнің асты мен үстіндегі бар байлық талапайға түсті. Қарақшы болса да қазақ алса жөн ғой. Билік басында отырғандар азды-көпті параға түгелдей жат жұрттық жалмауыздарға өткізді. Жүз есе кеміс бағамен, тегінге жақын. Обал-сауапқа, аруақ, құдайға қараған жоқ. Тым құрса, қолда тұрғанда өздері алсайшы». Бұдан кейінгі жер, тіл, т.б. күрделенген мәселелер туралы толғаныстар да жан жарасына тиіп, жүрегіңді ауыртады.

Шығарма кейіпкері Мұрат басы шырмалған ортаның жұмбағын шешкісі келеді («Балапан – басына, тұрымтай – тұсына. Шын обал іздесең – қадарынша халқына еңбек еткен, үмітпен күн кешкен, ақыры бар тілегі сарып болған, байырғы қазақтың ең соңғы сарқыны, аз да болса алаш ұранды азаматыңа жаның ашысын. Аясаң, мені ая, бар еңбегі құрдымға батқан, бар өмірі зая кеткен. Алаштың азаматына обал. Маған обал. Бірақ сол аяу мен есіркеуден маған келіп кетер ештеңе жоқ. Онсыз да біткен адаммын. Менің обалым – фәниде емес, бақида. Арыдағы, айбарлы жұртына асқар таудай тірек болған аруақты бабаларыма қалай көрінем»). Шығармадағы қос кейіпкердің әрекеті бір танымнан өрбиді. Мұрат ойға, Марат әрекетке бейім. Екеуінің бірі келіспейтін жағдай қайтсе де орайын тауып орнығып жатады. Мұрат өзі жан-тәнімен қарсы болған әрекетті атқарады, мол сый-сияпат алады, өмірдің қызығын көреді. Алайда, өзінің ықтиярынсыз осы жағдаяттардың тұтқынына айналады. Яғни, адам ретінде бүтін емес, жарым, жармақ. Ендеше танымындағы құбылыстар да жартыкеш, құпия шеңберге тұтылған. Мұрат өзінің елесінен құтыла алмайды. Осы жағдайдан құтылғысы келсе де, екінші жарымынсыз ешнәрсе шықпайды.

Жеке адам мен қоғамдық жағдайдың арасындағы өткірленген қайшылық бейненің гротескілік сипатымен көрінеді. «Жармақ» шығармасындағы кейіпкер де өзді-өзімен алысып, өзіне қарсы болып өтеді. Өзім дегені өзі емес екен. Сонда бұл өмір сүру қалай аталады. Ол жайлап өзінің екінші жарымының айтқанына көнеді. Көп пенде атаулы аттап өтпейтін тұрмыстық жайлылыққа көнеді, үйренеді, тапсырыс орындаушыға айналады. «Міне, дәл осы кезде, өзімнің біреу емес, екеу екенімді өз көзіммен көрген едім. Әрі-сәрі, бей-берекет күн туды. Сансыраған, абдыраған. Адам сенгісіз жағдай еді. Бірақ күмәнсіз ақиқат. Қаласаң да, қаламасаң да мойындауға, қабылдауға тиіссің. Әйткенмен, өзгеше ахуалдың мән-мағынасын анықтау керек еді. Қанша дағдарсам да, ақыл-есім орнында сияқты, енді ойланбасқа болмады. Қалай, неге, қайда? Яғни, қалайша ғана екіге жарылдым, енді не болмақ?». Cөйтіп, өзінің нақты болмысын жоғалтады.

Адамның ішкі арпалыс серпіні қатты болатыны, сананың екіге жарылуы, өзіне мына жалғаннан орын таппай аласұрған кейіпкерлерінің көңіл-күйі романның бас кейіпкері арқылы терең тұжырымдалады: «... Тұрмыс талқысы, соңғы үш-төрт жылдағы. Тұрмыс талқысы ғана емес. Рухани күйреу. Болашақтан түңіліс. Отарлық кісені бұзылса, еркіндікке шықсақ, ұлттық ғылымға да жол ашылады деп білуші едің. Еркіндік келді. Ұрлық-қарлықтың, зорлық-зомбылықтың еркіндігі. Сенің ғылымың – қажетсіз, өзің – бөгесін болып шықтың. Бұрын кеудең басылып тұрса да, өзіңді кісі санатында көруші едің. Енді міне. Ешбір есепте жоқсың. Люмпен-пролетариат. Жалғыз сен емес, бүкіл ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері түгел. Бүгінгі заманның тұлғасы – сылдыр Сөз емес, сықыр Ақша. Яғни, қалың кітап емес, жуан қалта. Ақша дегеніміз, қалта дегеніміз – Анау. Анау емес, сенің Өзің». Адам баласына тән сезім-күйдің құбылысы кей сәттерде тереңдеп отырады. Оған адамның жеке басындағы жайттар, қоғамның ахуалы, өмірдегі жақсылық пен жамандықтың итжығыс түсуі себеп болады. Адам баласы саналы әрекет иесі ретінде өзінің басындағы жағдайды бақылап, реттеп отыруы тиіс.

Экзистенциалды уақыт-бұл субъект санасының өзінің ішкі әлеміне енгендегі кезеңі, жеке адамның өзінің ішкі сезімін, ойы мен әрекеті кезіндегі шындық шарттылығындағы уақыт. Ол әлеуметтік, биологиялық, ғарыштық, табиғи уақытқа қарама-қарсы алынады. Өмірдің рухы мен ақыл-ой маңызды әрі қымбат. Сондықтан экзистенциалды уақыт неғұрлым мәнді. Экзистенциалды уақыттағы өмірдің пайда болуы бұл - жанның басқа әлемге сапар шегуі. Күнделікті тұрақсыздық, үздіксіз туындаған үрей, өмірдің сәтсіздігі, алданған жастық шақ, жалғыздық, болымсыз ұсақ-түйекке байлану-осының бәрі тағдырға байланысты. Оған қарама-қарсы кейіпкердің ішкі жан‑дүниесінің сипаты-алдыға ұмтылу, мейірімділік, сезім, талант алынады. Екіге жарылған тұлғаның ойы да жарым. Келіспейтін, көңіліне тұнған көлеңкесі көп. Сондықтан да М.Мағауин кейіпкерінің (Мұрат-Мараттың) ойы да қорғасындай ауыр. («Аспаннан шұға жауса, құлға ұлтарақ тимейді» дегендей, біз – құлдардың ішіндегі ең қоры едік. 32-жылғы ғаламат ашаршылық, оның арғы жағындағы, бергі жағындағы, айрықша қатаң, түбегейлі репрессиядан соң мүлде жанышталып, жер болғанбыз. Енді қазақты отарлаудың, біржола құртудың жаңа кезеңі – «тың игеру» деген қарымды науқан басталды, жат жұрттық басқыншыларды жүз мыңдап қоныстандырып жатыр, бүкіл солтүстік, орталық облыстарда қазақ тілді баспасөз, театр, мәдениет ошақтары жаппай жабылса, қалған тарапта да жан-жақты жаныштау күн санап қарқын алған. Халықты ұлттық санадан айырып, ұлтанға айналдыру саясаты әбден күшіне енді. Қазаққа қатысты әдет-ғұрып, салт-сана, ұлттық дәстүрлер түгел артта қалған, кертартпа, зиянды деп табылды, қазақтың тілі шетке қағылып, өткен тарихы мүлде мансұқ етілді”.

«Жармақ» – адам санасына сілкініс пен пайым орнықтыратындай шығарма. Бұрыннан дағды болып кеткен өмір сүрудің кәнігі тәсілдеріне енді күмәнмен қарайсыз. Тіпті көркем шығарма оқудың, оны түсінудің әдістері бар екен. Көркем шығарма үнемі әдемі қиял, көркем сәттерді ұсына бермейді. Ол кейде соттың үкімі, әділдіктің таразысы да екен. Адасып жүрсеңіз жол тауып береді, қисықты түзейді. Әркімнің жеке тағдыр-талайы бар десек те адамға керек дүниелер ортақ екен. («Айтпақшы, хикаятымыздың әуелгі, тума атауы – «Қилы тағдырлар» екен. Одан соң «Көлеңке», «Сыңар», «Астар»... Ақыры «Сүлде». Біз ешқайсысын мақұл таппадық. Бәрі де жөн, бірақ тақырыпты толық қамтымайды. Сондықтан өз тарабымыздан басқаша атауды жөн көрдік. «Жармақ.» Яғни, бүтіннің бөлшегі. Екінші жарымы. Сөйтіп, ежелгі тіліміздегі тағы бір заттық атау қайта тірілді. Ең бастысы – жаңа шығармаға өз үлесімізді қостық. Бар өзгеріс те сол ғана. Қалғаны, тағы да айтайын, алғашқы жазылған қалпында. Тек шығарма атауы мен осы бастапқы, түсіндірме тарау ғана бізге тиесілі. Уақыт тауып, төзіміңіз жетіп, ақырына дейін оқып шықсаңыз, түгелімен бізге тиесілі болады. Және Сізге»).

Адамның көңіл санасындағы жұмбақ терең-ақ. Оған тіпті сол адамның өзі де бойлай алмайды. Кейде адамдарға ортақ мәселелер қайталанып, ол күйді басқалардың да бастан кешкенін білесіз. Алайда, мәселе ол жағдаяттың қашан, қай жерде өтуінде, қандай әсер қалдыруында. «Жармақтың» авторы шығармасының дәлелдемесін (аргументін) қатаң, сендіре алатын патетикаға құрған. («Бәрін жинақтап қойғанда, жалғыз-ақ дәйек: өтті – бітті, енді оған бәрібір. Яғни, мен не қылсам да айыбы жоқ. Жете ме? Жетпесе, біздің ақтығымызға, адалдығымызға әлденедей күмәніңіз қалса, бәрібір кімнің жазғанын, кімнің көшіргенін айқындай алмайсыз, ендеше, біздің манадан бергі бар лепесімізді әдепкі көркемдік тәсіл деп тануға тура келеді. Бұдан бұрын да кітап оқыдыңыз, білесіз, Мен дегеннің бәрі – мен емес, Ол дегеннің бәрі – ол емес. Ол деген – мен, Мен деген – ол. Жазған – өзім, жариялап отырған да – өзім. Ал кезекті ойбай-сүрен, арыз-аттанның дүбірі... бізге жетпейді. Мен қазір алыс шет ел – Орталық Еуропаға қоныс аударғам. Бұл хикаят та сонда жазылып, сонда кітапқа шыққан. Сізге жетіп отырғаны – көлеңке, көшірмесі ғана»).

Автор шығармасындағы кейде үзілді-кесілді, кейде екіұшты айтылатын ойдың салмағы деңгейлес. Себебі, ол жеке басының жағдайынан гөрі баршаға ортақ жайтты айтып отыр. Кейде осы әрекетті атқарушы өзі екенін де күмәнмен қарап, өзін сырттай бақылайды, сынайды. Бүтіннің екіге жарылуы негізінде, сынық, жарым нәрсені тудырады ғой. Ал, «Жармақ» шығармасында керісінше сол жарты дүние бүтінделеді. Адам болмысы екіге жарылғанымен, түбі табиғатынан алшақ кетпейді. Адамзатқа тән жоғары құндылықтардың төмендеуі, адамның да құлдырауына әкеледі. Шығарма соңындағы қоскейіпкер (Мұрат-Марат) бір кейіпкерге айналады.

Тағдырмен қақтығыс ‑ қаламгер прозасының басты тартысы. Романтикалық шығармалардан айырмасы оның шығу арнасы шешілмеген, көркемдіктің “құпия кілті” ғана сана астарындағы жасырын жерді ашады. Тосын бұрылыстар, шындықтан алшақ сюжеттік желілер-жазушы поэтикасының негізі. Автор “ізден адастырып”, оқырманды оқиғаның табиғи жүрісінен, әдепкі түсіндіруден, моральдан алып кетеді. Бұл үшін ерекше көркемдік құралдар, ең алдымен характердің дәлелінен әдейі бой тарту, қайталанбас қабылдау мен тәртіп қолданылады. Бұдан басқа, баяндауда мәнді сәттерді ерекшелей көрсету жоқ. Жазушы шығармасында метафизика, этика, эстетиканың тығыз байланысатыны сонша, оның кез келген шығармасын осы шарттылықтың аясында қарастыруға болады. Қаламгердің кейіпкерлері өздері орныққан ортаның қалтарыстарын, көлеңкелі тұстарын танып, білуге ұмтылады. Сол арқылы өздерінің жат ортадағы күдікті, үрейлі сезімдерінен аз да болса арылғылары келеді. Осы жағдайларына кейде өң мен түстің арасындағы өлара сәт көмекке келеді.

Осындай күйдегі «Жармақтың» кейіпкері де кәдімгі жарықтың өшуін өзгеше қабылдайды: «Бірақ біздің бұл жолғы қараңғылық – бұрын болмағандай. Жарықтың өзінің сөнуі басқаша көрінді. Білте шам сияқты жалп еткен жоқ. Электр шамына тән, үйреншікті жөнімен жарқ еткен де жоқ. Әлдебір тылсым күш жалмап, жұтқандай, шыңырауға, тұңғиыққа батқандай, дымсыз жоғалған. Бірден түпсіз түнек орнады. Тілсіз, саңылаусыз, меңіреу, шойын қараңғылық. Тыста ай тумаған, аспан бұлтты сияқты. Сол қара аспан төмен құлап, жер бетін тұмшалап басып қалғандай. Сыртқа қараған терезе үңірейіп көрінсе керек еді, түнекпен астасқан, ешқандай белгі, бедер жоқ. Тым құрса кең көшеден арлы-берлі өткен машиналар жарығы аңдалмайды. Терезе сыртқы жалпақ дүниеге емес, тура құрдымға бағытталғандай. Ал отырған үйіңіздің есік, қабырғасы жоқ, қараңғылық әлеміне тоғытылған. Төңірек түгел тылсым». Адам бойындағы алдыңғы күндерге деген мазасыздық айналасындағы дүниелерді шиеленісті етіп жібереді. Бір ғана жарықтың сөнуі тұтас дүниені қараңғылық басқандай үрейлі сезімге әкеледі. бұл адамда жасырынып жатқан өзгеше сана қабылдауының бар екенін дәлелдейді.

Зерттеуші Л.В.Сафронова өзінің ғылыми зерттеуінде автор мен кейіпкер проблемасының психоаналитикалық теориясы мен практикасына тоқтала отырып, олардың өзара қатынас тәсілдерін жүйелейді. “Ресейдегі психоталдау негізінен қолданбалы сипатқа ие бола отырып, постмодернистік эстетика мен постструктуралистік талдауға мәнді ықпал жасады. Н.Осипов, Л.Выготский, И.Григорьев, П.Попов социологизмді психоталдауға тартып, фрейдизмді марксизммен тоғыстырғысы кеп, З.Фрейдтің панбиологизм теориясына қарсы қояды. Н.Осиповты ұнамсыз персонаждарға – сайтан, ібіліс, мыстан және басқа да зұлым күштерге жинақталған үрейдің болмысы өлімге бастау мәселесі қызықтырады. И.Ермаковтың ойынша шығармашылықтың басты мақсаты автордың өзіне қоғамның қатынасын өзгертуге деген талпыныстан тұрады. А.Халецкийдің еңбегінде шығармашылықтың «либидоздық қуаттың сыртқа тебуі» («отток либидозной энергии») болатындығы дәйектеледі. Осылайша автор мен кейіпкердің күрделі, кей сәттердегі шым-шытырық байланысы туындыдағы әдепкі сюжет пен идеяның байланысын өзгертіп жіберді де, тұтас қақтығысты әлем тудырады.

Адам танымының күрделі болмысы кейде қалыпты ойдан, қабылдаудан аулақтап кетеді. Оған себеп болатын ішкі, сыртқы жағдайлар, орта ахуалы, психологиясы. Бұл кезде кәдімгі адами тірліктің болмысы өзгереді. Өзінің күнделікті тіршілік аясы болған орта басқа сипатқа енеді. Осы кезде адамның ой-парасатына да өзгешелік енеді. Бұл өзіне етене ортадағы адамда да туындайтын құбылыс. Кейде адамның сыртқы өмірмен болатын қақтығысы оның санасына кіріп, өзді-өзімен «екіге жарылып», екіұдай тірлік кешеді. Әрине, бұндай түрде адам ұзақ өмір сүре алмайды. Себебі, тиянағы мен байламы жоқ ортадан аулақтап кетуге болар, ал өз-өзіңнен қашықтай аласың ба?

М.Мағауин мистикалық тәсіл, постмодернистік «канондық ойын» элементтерін өзіндік стильмен қолдана алған. Мұндағы диалог-монологтік кірігу, автор мен кейіпкердің жарыспалы көрінуі қазақ прозасында соңғы жылдары көрініс бере бастаған полифониялық сипатты танытады.

Әдеби ортада көптен бері жазушыларды сынға алып, тәуелсіздік кезеңін бейнелеген туынды жоқ, қаламгерлер белсенділіктен ажырап қалды деген пікірлерге бірден-бір тосқауыл болатын шығама Мұхтар Мағауиннің осы «Жармақ» романы деуге болады.Ұлт болшағы, қоғамның дұрыс жолмен ілгері дамуы үшін тек мақтау емес, ішкі келеңсіздіктерді боямасыз ашып көрсету көркем шығарманың басты міндеті. «Жармақты» сол үдеден шыққан айтулы туынды дей аламыз.

Шығама тілі жатық. Жеңіл оқылады. Рас, баяндауда ауыз екі сөйлеу тілі, ауызша әңгіме айту үрдісі сақталған. Өйткені, оқиға бірінші жақтан баядалуына орай кейіпкер тілі болып есептеледі. Бұл сипат образдың айқын көрініс табуына да қызмет етіп тұр.

Әдебиеттер:

 

Қазақ әбиеті тарихының 10 томдығы. 10 томы. А., 2004 – 2009 жж






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных