Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасы – Thallobionta 4 страница




Қастауыштар – Clavicepitales қатарының өкілі – қастауыш - саңырауқұлағы Claviceps purpurea (спорынья). Бұл саңырауқұлақ қара бидайдың және көптеген жабайы астық тұқымдастарының паразиті. Бидай масақтарында дәннің орнына бірнеше жәпшумақтардың тығыз өрімделуінен құралған склероцийлер деп аталатын қарамық пайда болады. Сыртынан қарағанда склероций қарауытқан қызғылт түсті, ал іш–жағы ақ массадан тұрады, бұл ақ масса сусыз өз ара өрімделген жіпшелерден тұрады. Склероцийлер жерге түскеннен кейін қыстап шығып, келесі жылы егістікте не астық қоймаларында өнеді. Олардан 10-30 ға дейін қарауытқан қызғылт түсті, шар пішінді стромалар өседі, олар ұзын сағақтың ұшында болады. Стромалардың шеттерінде жоғары қарай тар тесігі арқылы ауылатын перитецийлер болады. Оның ішінде ұзын цилиндр пішінді қалталарда 8-ден жіп тәрізді аскоспоралар түзіледі. (75 сурет). Склероцийлердің өнуі және қалталардың пайда болуы қара бидай гүлденген кезде болады. Споралар піскен кезде қалталар перитеций тесігіне қарай көтеріліп, спораларын шашады, олар желмен ұшып астық тұқымдасының гүліне жұғады. Гүлге түскен аскоспоралар өніп, одан ұзын түтікшелер пайда болып, аналық түйінге енеді де жіпшумақ түзіп, түйінді толтырып қабырғаларын бойлай өседі. Түйіннің бетіне көптеген жіпшелер шығады, бұлар өздерінен көп мөлшерде конидиялар бөліп түзіледі. Конидия түзілгенде саңырауқұлақтың жіпшелері масақтың бетіне тәтті шырындар бөліп шығарады. Бұл шырындардың ішінде көптеген конидиялар болады, осы шырындармен қоректенген бунақденелер конидияларды масақтан масаққа жұқтырады. Осы конидиялар аналық түйінге қарай өсе бастайды, аналық түйінде жіпшумақ түзіп, күзге қарай тығыздалып жаңа склероцийға айналады. Склероцийде қор заттары жиналу мен қатар улы зат-эрготин болады. Склероций топырақта қыстап шығады.

Қастауыш саңырауқұлағы тек егістің өнімін кемітіп қана қоймайды, сонымен бірге өте улы болуына байланысты, малдардың жемшөптеріне түссе, оларды улатады. Қастауышы бар дәндерді адам пайдаланса адам да уланады.

 

 

75- сурет. Қастауыш: А – қастауышпен зақымданған қарабидай масағы; Б – стромасы өскен склероций; В – строманың ұзын кесіндісі; Г – қалтасы (аскасы) бар перитеций; Д – сегіз жіп тәрізді аскоспоралары бар қалта (аска); Е – бал тамшылары бар гүлдеп тұрған масақ; Ж – конидиялары бар конидиилер.

 

Тапсырма

 

1. Ашытқы саңырауқұлағы өсірілген ортадан препарат дайындап, құрылысын, көбеюін бақылап, суретін салу.

2. Пеницилл және аспергилл өсірілген ортадан препарат дайындап, сыртқы құрылыстарындағы ерекшеліктерді анықтап, сыртқы құрылыстарының суреттерін салу.

3. Кітаптан жемісті денелердің суреттерін салу.

4. Қастауыш саңырауқұлағымен зақымдалған өсімдіктердің кеппешөптерінен, склероцийді алып, препарат дайындап, стромасын зерттеу.

5. Кітаптан қастауыш саңырауқұлағының зақымдаған масағының, склероцийдің, стромасының, жемісті денесінің, аскоспоралары бар қалтасының (аскасының), конидияларының суреттерін салу.

6. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.

 

Қайталау сұрақтары

 

1. Аскомицеттер класының қандай ерекшеліктері бар?

2. Аскомицеттердің жыныс мүшелерін қалай деп атайды?

3. Аскомицеттердің жыныссыз және жынысты көбеюі қалай өтеді?

4. Аскаспоралары бар қалталар қалай дамиды?

5. Аскомицеттердің қандай жемісті денелері бар, оларды бір-бірінен қалай айыруға болады?

6. Ашытқы саңырауқұлағының жасушасында қандай құрылымдар бар және қалай көбейеді?

7. Ашытқы саңырауқұлағы қай жерлерде пайдаланылады?

8. Аспергилл саңырауқұлағын пеницилл саңырауқұлағынан қандай белгілері арқылы ажыратуға болады?

9. Аспергилл, пеницилл саңырауқұлатарында қандай жемісті денелер болады?

10. Қастауыш саңырауқұлағының тіршілік кезеңі қалай өтеді?

11. Склероций дегеніміз не және ол қандай заттардан тұрады?

12. Аскомицеттердің тіршілік кезеңдерінде қандай фазалар ауысып тұрады?

13. Аскомицеттер саңырауқұлағының табиғатта және шаруашылықта қандай маңызы бар?

 

32-жұмыс

 

Тақырыбы: Базидиомицеттер класы – Basidiomycetes.

Сабақтың мақсаты: Қозықұйрық (шампиньон), ағашқұлақ (трутовик), дәнді дақылдардың қара күйе, тат саңырауқұлақтарының құрылыстары мен көбею кезеңдеріндегі ерекшеліктерін ажырату.

Қажетті материалдар: қатпарлы және түтікшелі саңырауқұлақтардың коллекциясы, қозықұйрықтың макеті, ағашқұлақтың денесі, тат саңырауқұлақтары зақымдаған өсімдіктердің кеппешөптері, жүгерінің бөртпе қаракүйесі ба собығы.

 

Жалпы түсінік

 

Базидиомицеттер көпжасушалы бұтақталған жіпшумақтарынан тұрады. Жыныссыз көбеюі конидийлер түзу арқылы болады, бірақ бұндай көбеюлері сирек кездеседі. Жынысты көбеюі – соматогамия, бұнда екі гаплоидты жіпшенің жасушалары қосылады, арнайы жынысты көбею мүшесі жоқ. Екі жасуша қосылғанда ядролары қосылмайды, жұптасып, дикарион түзеді. Дикарионды ядросы бар жіпшелерден жіпшумақтар қалыптасады. Жынысты көбеюдің аяғында дикарионы жіпшелердегі ядролар қосылып, зигота түзеді, бұл бірден мейоз жолымен редукциялық бөлінудің нәтижесінде төрт гаплоидты жасуша – базидиоспоралар түзіліп, ал олар пайда болған алғашқы жасуша базидийлерге айналады.

Базидийдің үш түрі бар:

1. Холобазидийлер – бір жасушалы, пішіні түйреуіш тәрізді (77 сурет А)7

2. Гетеробазидийлер – төменгі бөлігі үлкендеу (гипобазидийлер) және жоғарғы (эпибазидийлер) бұл төменгі бөлігінің жалғасы болып табылады (76 сурет Б).

 

76-сурет. Базидий түрлері: А – холобазидий; Б – гетеробазидий; В – фрагмобазидий.

 

3. Фрагмобазидийлер немесе телиобазидийлер – көлденең перделерге бөлінген төрт жасуша, әдетте бұлар қалың қабықшалы жасушалар телиоспоралардан пайда болады (77 сурет В). Базидийлер жіпшумақтың кезкелген жерінен, көбіне жемісті денесінде пайда болады. Гимений қабаты базидийлерден–парафиздерден және цистидтерден тұрады. Жемісті дененің гимений қабатын гименифорлар деп атайды. Саңырауқұлақтардың қарапайым құрылыстарында гименифорлары тегіс, ал күрделі құрылыстарында тікенек, қатпарлы және түтікшелі болады.

 

77-сурет.Базидиомицеттердің жынысты процесі: А – базидиоспоралар; Б – гаплоидты жіпшелер; В – соматогамия; Г – базидийлердің түзілуі: 1- зигота, 2- базидий, 3- базидиоспора.

 

Базидиомицеттер саңырауқұлақтарында жынысы көбеюдің нәтижесінде базидиоспоралар пайда болады. Бұлардың тіршілік кезеңінде үш ядро фазалары алмасып отырады: гаплоидты (қысқа), дикарионды – тіршілік кезеңінің көпшілік мерзімін және диплоидты – өте қысқа (77 сурет).

Ағаш саңырауқұлағының – Fomes fomentarius гименофоры жемісті дененің төменгі жағында болатын тік түтікшелер түрінде болады. Гименофор деп жемісті дененің гимений өсетін жіпшелерінің тығыз өрімделуінен түзілген жоғарғы қабатын айтады. Түтікшелердің іші гимений қабатымен қапталған, олар бір–бірінен матасқан жіпшелермен бөлінген. Гимений қабатынан базидийлер, базидиоспоралар және стеригмалар көрінеді. (77 сурет Б, В). Қалыптасқан базидиоспоралар стеригмадан біраз жерге атып шығады да, қуысының бойын қуалай төмен түседі, сөйтіп оны ауаның ағыны алып кетеді. Жемісті денелері таға пішінді, көбінесе сүректенген болады, олардың мөлшері бірнеше миллиметрден ондаған сантиметрге дейін жетеді.

Көптеген ағаш саңырауқұлақтары ағаштардың діңіне жабысқан тұяқ не таға тәрізді паразиттік тіршілік етеді. Кейбір ағашқұлақтардың жемісті денелері өте үлкен болып өседі, өйткені жыл сайын ескі гименофордың үстіне жаңасы қосылып, қабаттасып отырады. Бұған қарап ағаш саңырауқұлағының жасын айыруға болады. (78 сурет А). Ағашқа саңырауқұлақ споралары қабықтың жарылған жері арқылы өтеді. Жіпшумақ ағаш сүрегінде үлкейіп өседі және ферменттері арқылы пектин заттарын, лигнинді және целлюлозаны ерітеді. Соның салдарынан сүрек үгітілгіш кеуек келеді. Ағаштың жоғарғы ұшы қурайды да оны жел оңай құлатады. Тіршілігін жойған ағашта ағашқұлақтар сапрофитті тіршілік етуге көшеді.

 

78- сурет. Ағаш саңырауқұлағы: А- жемісті дене; Б – түтікшелі гименофордыі көлденең кесіндісі; В – гимений қабаты; 1- гименофор, 2- плектенхима, 3- базидий, 4- цистид.

 

Қатпарлылар – Agaricales саңырауқұлақтардан қозықұйрықтың (Agaricus bisporus) құрылысымен танысамыз. (79 сурет). Қозықұйрықтың жемісті денесінің төменгі жағындағы гименофорлары қатпар тәрізді. Жемісті денелері көбіне қалпақтан және түбірден тұрады. Жас жемісті дененің төменгі жағын ақ түсті жұқа қабық қоршап тұрады, ал ересектерінде жұқа қабықтың орнында тек қабыршақтар ғана қалады. Бұл қабық қорғаныштық қызмет атқарады. Жемісті дененің қатпарлы гименифорлары плектенхимадан тұрады. Жас саңырауқұлақтардың қатпарлары гименифорларының түсі қызғылт болса, ересектерінікі қара түсті болады. Қатпарлары тік орналасқан сына тәрізді, жоғарыдан төмен қарай жіңішкереді, сөйтіп қатпардың жоғарғы жағының споралары төменгі жағына тиіп кетпей түседі, бұл споралардың жерге түсуіне ыңғайлы болады.

 

79-сурет. Қозықұйрық (шампиньон): А – жемісті денесі бар жіпшумақ; Б- қатпарлы гименофордың ұзыннан кесілген кесіндісі; В- гимений қабаты: 1- жемісті дененің түбіртегі; 2- жамылғы қалдығы; 3- гименофор; 4- қалпақ; 5- базидий; 6- базидиоспора; 7- стеригма; 8- плектенхима.

 

Гименифорларының бір бөлігін алып қарайтын болсақ одан базидийлерді, стеригмаларды, базидиоспораларды және цистидтерді көруге болады. (79 сурет Б, В).

Қозықұйрық көңді топырақтарда сапрофитті тіршілік етеді, бұны арнаулы жылы-жайларда өсіріледі де, қыс бойы етті жемісті денелер береді. Бұлардың жіпшумақтары топырақ арасында жатады, сондықтан жейтін саңырауқұлақтарды жинағанда жіпшумақтарына зақым келтірмеу керек.

Қаракүйе – Ustilaginales саңырауқұлақтары әр түрлі тұқымдасқа жататын жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің парзиті. Әсіресе астық тұқымдас өсімдіктер қара күйемен жиі зақымданады. Қаракүйе түскен астық тұқымдастар өнім бермейді, өйткені олардың масақтары біржола немесе ішінара қаракүйеге айналып кетеді. Оның споралары өте ұсақ және көп болады, тез таралу себебі де осыдан. Қаракүйемен зақымданған өсімдіктің масағы отқа күйген сияқты қараяды, «қаракүйе» деп аталуы да осы себептен. Дәнді дақылдарға қаракүйе астық бастыру кезінде жұғады. Тұқым сепкен кезде споралар дәнмен бірге топыраққа түседі. Қаракүйе споралары тұқыммен бірге өне бастайды да, ондағы екі ядро (дикарион) қосылып, диплоидты ядро түзеді. Ол редукциялы бөлініп, төрт жасушадан тұратын фрагмобазидийге айналады. Фрагмобазидийде гаплоидты ядролары бар әр жынысты базидиоспоралар дамиды. Базидиоспоралар базидийде отырғанда, не одан үзіліп түскеннен соң бүршіктену арқылы гаплоидты жасушалар өседі, олардың да бүршіктенуі мүмкін. Гаплоидты жасушадан індет туғыза ламйтын әлсіз жіпшумақ өседі.

 

80- сурет. Қарақүйелер: А – бидайдың тозаңды қаркүйе қоздырғышы; Б-бидайдың қатты қаркүйе қоздырғышы: 1- зақымданған гүл шоғыры; 2- спора және оның өсуі; 3- телиоспорасы бар дәнек.

 

Базидиоспоралар не оның бүршіктенуінен пада болған ұрпақтары бір-біріне қарсы өсіп қосылады. Бір жасушаның ішіндегі заты екінші жасушаға ауысады.бірақ ядролары қосылмайды, нәтижесінде дикарион түзіледі. Қосылатын базидиоспоралар не оның ұрпақтары тек әртүрлі жынысты болады. Екі ядролы жасуша жіпшумаққа бастама береді де, одан дикарионды жіпшумақ өседі. (80 сурет). Дикарионды жіпшумақ өздігінен індет туғыза алады және ол жұка жасуша өабыөшасы арқылы жас өскінге еніп, оның жасуша аралығындағы кеңістікте қсе бастамайды. Алғашқы кезде ауру өсімдіктің көзге көрінерліктей айырмашылығы болмайды. Масақтану алдында қоректік заттардың көп келуіне байланысты, сағырауқұлақ жіпшумағы тез ұлғаяды.Қалыптаспаған гүл шоғырының ұлпасы жіпшумақтың әсерінен тез бұзылады. Жіпшумақ қабығының астынан қоңыр кілегейленіп кетеді. Дикарионды болып келетін жіпшумақ ыдырап, көптеген екі ядролы дөңгелек «қаракүйе» деп аталатын хламидоспораларға айналады.

Жүгерінің бөртпе - Ustilago қаракүйесі - өсімдіктердің барлық мүшелерінде өсіп дамитындықтан басқа қаракүйелерден ерекше тұрады. Өсімдіктің күйе түскен бөлігінде, жұқа қабықпен қапталған спораға толы буылтық пайда болады. Зақымдалмаған жүгеріге ауру егістіктің өзінде-ақ жұғады,сондықтан жаз бойы пайда болған буылтықтарды алып тастап отыру керек. Жүгері күйесінің хламидоспоралары өнген кезде төрт жасушалы фрагмобазидий өседі және оның үстунде базидиоспоралар өосылып дикарион түзеді, ал оның жіпшумағы жүгерінің ішкі ұлпасына өтеді, ол жер ісініп тұрады. (81 сурет А). Саңырауқұлақтың жіпшумағы ісіктің бүлінген ұлпаларының есебінен тез өсіп, жіпшелер қаркүйе спораларына ыдырайды, олар буылтықтың жұқа ақ қабығының артқы жағынан көрініп тұрады (81 сурет).

 

81-сурет. Жүгерінің бөртпе қаракүйесі: А- зақымданған собық; Б- споралар және олардың өсуі.

 

Қаракүйелердің даму кезеңдерінде ядроның дикариондық фазасы басым.

Барлық тат саңырауқұлағы – Uredinales жоғары сатыдағы өсімдіктердің паразиті. Тат саңырауқұлағының жіпшумағы қсімдік ұлпаларының арасындағы жасушааралық қуыстарда өседі және олардың жасуша ішіне енуі жиі кездеседі. Мүшелердің бетінде қызғылт-сары немесе тат түсті дақ көрінеді, тат саңырауқұлағы «тат» ауруын туғызады.

Даму кезеңінің аздаған уақыты (базидиоспора және бүршіктенетін жасуша) сапрофитті күйге өтетін қаракүйе саңырауқұлағынан тат саңырауқұлағының айырмашылығы – бұлар сапрофитті тіршілік ете алмайтын паразиттер.

Тат саңырауқұлақ туысының ішінде даму кезеңі жақсы зерттелгені астықтың немесе сабақтың тат саңырауқұлағы Puccinia graminis (82 сурет). Бұл өзінің дамуын бөріқарақаттың жапырағынан бастайды. Жапырақта қызғылт сарғыш түсті нүктелер пайда болады. Бір ядролы гаплоидты жасушалардан таралатын жіпшумақтар жасушааралық кеңістіктерге еніп, жапырақтың жоғарғы бетінде спермогондар немесе пикнийдилер, ал төменгі жағында эцидийлер дамиды. Спермогондар – құмыра пішінді қуыс дене. Оның қуысында тарамдалған қыстық спора түзуші жасушалар дамиды, олардың ұшынан бір ядролы пикноспоралар өседі. Пикнидийлер піскенде оның ішінен жіпшелер топтаныаһп қылтиып шығып тұрады, олармен бірге ішінде пикноспоралары бар иісті сұйық зат бөлінеді. Пикноспоралар өздігінен індет туғыза алмайды.

Эцидийлер шумақталған жіп сияқты дөңгелек пішінді болып, жасушааралық қуыста жатады, оның да жіпшелері бір ядролы және қатар түзіп орналасқан болады. Олардың базальды жағынан бастап, екі ядролы цилиндр пішінді жасушалар түзіледі, кейін олар тізбектелген екі ядролы спораға ыдырайды. Шеткі базальды жасушалардан эцидийдің перидий қабығы түзіледі. Эцидий піскен кезде жапырақ бетіне көтеріліп, перидий қабығы екі жаққа қарай жыртылады да, эцидий ваза сияқты ашылады, оның ішітолған эцидиоспора болады. Олар жел арқылы астық тұқымдас өсімдіктерге түседі, эцидиоспора қайтадан бөріқарақатта індет туғыза алмайды. Астық тұқымдас өсімдіктердің жапырағына, сабағына түскен эцидиоспора лептесіктің тесігі арқылы ішкі ұлпаға өтіп, онда жасушааралық дикарионды жіпшумақ түзеді, 5-7 күн өткеннен кейін өң қабатының астынан сопақ пішінді, екі ядролы бір жасушалы қысқа сабағы бар уредоспора түзіледі. Ол өңнің жыртылуы арқылы босап, темірдің татындай болып көзге көрінеді де, желмен таралып, бір өсімдіктен екінші өсімдікке түседі, бірнеше күннен кейін жаңа уредоспоралар пайда болады. Бұл процесс бір жазда 5-6 рет қайталады.

Егін пісе бастаған кезде қызыл сары дақтардың орнына қара дақтар пайда бола бастайды, бұл саңырауқұлақтың жаңа қыстық споралары немесе телиоспоралары болып табылады. Бұл споралар әр уредоспораның орнына, сол жіпшумақтың үстінде жетіледі. Ол екі жасушадан тұрады, оның қалың қоңыр түсті қабығы, екі ядросы және сағағы болады. Телиоспораның ядроларды қосылып, диплоидты ядро түзеді де, ол тек келесі жылы көктемде өсе бастайды. Мұнда алдымен диплоидты ядро редукциялы жолмен бөлінеді. Телиоспораның әрбір жасушасынан төрт жасушалы фрагмобазидий өседі. Әрбір фрагмобазидий жасушасынан стеригма өсіп шығады, ол гаплоидты базидиоспораға айналады. (82 сурет). Астық сабақ татының базидиоспоралары желмен таралады, тек бөріқарақаттың жапырағына түссе ғана өніп, гаплоидты жіпшумақ түзеді. Осылай даму кезеңін қайталай береді.

 

82-сурет. Астық пукнициясы: А – бөріқарақаттың (барбарис) зақымданған жапырағы; Б – төменгі жағында эцидиі және жоғарғы жағында пикнидиі бар бөріқарақат жапырағы (көлденең кесіндісі); В - сарғыш-қоңыр дақтары бар астық өсімдігінің сабағы және қынапты жапырағы; Г- уредоспоралар; Д- сабағында телиоспоралары бар қара заттар; Е – телиоспоралар; Ж- телиоспорадан өскен фрагмобазидийлер.

Тат саңырауқұлағының толық даму кезеңінде ядро фазасының алмасуының үш жағдайы байқалады: 1) гаплоидты фазасы – базидиоспорадан басталып гаплоидты жіпшумағы, пикнидийлер және эцидия элементтері түрінде болады; 2) дикарионды фаза – эцидиоспора түзілуінің алдында жіпшумақ жасушаларының қосылуынан басталып, уредоспора және телиоспора ядроларының қосылуына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл тат саңырауқұлағының дамуының көп уақытын алады; 3) диплоиды фаза ересек телиоспорадан басталып, оның редукциялы бөлінуіне дейін болатын аз уақытты қамтиды.

 

Тапсырма

 

1. Саңырауқұлақтардың коллекциясынан қатпарлы саңырауқұлақтардың жемісті денесінің құрылысын және гименофор құрылыстарын қарап, ондағы гимений қабатын, базидийлерді, базидиоспораларын, стеригмаларын анықтап, суреттерін салу.

2. Коллекциядан және ағаш саңырауқұлағынан түтікшелі саңырауқұлақтардың жемісті денесінің, гименефорлар құрылыстарын қарап, гимений қабатын, плектенхимасын, базидияларын, цистидтерін анықтап, суреттерін салу.

3. Қаракүйе зақымдаған өсімдіктердің кеппешөптерінен қай бөліктерін зақымдағанын бақылап, суретін салу.

4. Жүгерінің бөртпе қаракүйесінен препарат дайындап, көргендеріне анализ жасап, суретін салу.

5. Тат саңырауқұлағы зақымдаған өсімдіктердің кеппешөптерінен уредоспораны және телиоспораны анықтау.

6. Қітаптан астықты пукцинияның суретін салу.

7. Қайталау сұрақтарына жауап бере отырып, салған суреттеріне талдау жасау.

 

Қайталау сұрақтары

1. Базидиомицеттердің аскомицеттерге қарағанда қандай ерекшеліктері бар?

2. Соматогамия дегеніміз не?

3. Базидиомицеттердің қандай мүшесі скомицеттердің қалтасына ұқсас болып келеді?

4. Базидийдің қандай түрлері бар?

5. Қандай жіпшені дикариондар деп атайды, олар қалай пайда болады?

6. Базидиомицеттердің тіршілік кезеңінде ядроның қандай фазалары алмасып отырады?

7. Ағашқұлақ саңырауқұлағының жемісті денесінің және гименефорларының құрылысы қандай болып келеді?

8. Ағашқұлақ қайда тіршілік етеді?

9. Ағашқұлақ сапрофитті тіршілік ете ала ма?

10. Қозықұйрық саңырауқұлақтардың жемісті денесі және гименефоры қандай құрылысты болып келеді?

11. Ағашқұлақ және қозықұйрық саңырауқұлақтарының арасында қандай ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар?

12. Ағашқұлақ және қозықұйрық саңырауқұлақтары қалай көбейеді?

13. Қаракүйе қандай өсімдіктерді зақымдайды және даму кезеңі қалай өтеді?

14. Жүгерінің бөртпе қаракүйесі қалай дамиды?

15. Тат саңырауқұлағы қайда тіршілік етеді және қандай ауру тудырады?

16. Уредоспоралар мен телиоспоралар қандай өсімдіктерде дамиды және олардың бір бірінен қандай айырмашылықтары бар?

17. Тат саңырауқұлағында ядро фазасының қайсысы басым болып келеді?

 

 

V-тарау






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных