Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 19 страница




13)....Сәдуақасов пен сәдуақасовшыларға біз іштарта қарадық, әсіресе, жер мен ауыл мәселесі жөніндегі көзқарасы бізге барынша жақын болды. Шындығында мен бұл мәселелер жөнінде онымен пікір бөліскемін жоқ, бірақ та сөйлеген сөздері мен газеттегі мақалаларынан білуге болатын. Біз ол кезде Ташкентте болғандықтан да істің жайынан тыс қалдық. Сәдуақасовшылармен және Сәдуақасовпен ешқандай байланысымыз болмады. Ол кісімен Ермеков, Байтасов, Байтұрсынов, Дулатов, Ғаббасов жақсы таныс болатын, әр тақырыпта пікір бөлісетін. Сәдуақасов солардың ықпалында болды деп ойлаймын».

Х.Досмұхамедов «іштарта қараған» С.Сәдуақасовтың сол жылдары мерзімді баспасөз арқылы білдірген:

«Бүгінгі таңда ұлттық шет аймақтардағы жер саясаты саласындағы нақты міндет 1) Қоныс аударушы байырғы тұрғындармен қоса жергілікті халықты да жерге түпкілікті орналастыру. 2) Жаппай жерге орналастыру (бұған өз еркімен келгендерді жерге орналастыру да, халықтың табиғи өсімін ескере отырып, жер қорын белгілеу және т.б. кіреді) жөніндегі жұмысты қызу қарқынмен жүргізу, осының нәтижесінде артық жер бар болса, анықтау»;

«Ұлт республикаларының аппараттарындағы қызметшілердің бәрі бірдей европалық коммунистер емес екені, онда талай партияда жоқ европалықтардың, тіпті саяси жер аударылғандардың да отырғаны ешкімге құпия емес. Сонда, Митрофанов жолдастың сөзіне қарағанда, бай-манаптардың диктатурасы жария сипат алатын болғандықтан да басқару жүйесіне қалай дегенмен де, бұл, жергілікті интеллигент қой – деп патша чиновнигін (сонда патшаның кезінде чиновниктер тек қана шет аймақтың интеллигенциясынан жасақталғандай) отырғызу ілгері басқандық па?»;

«Мен ешкімді де ластағым келмейді, бірақ біздің осы мәселе жайындағы саясатымыздың бағыты дұрыс емес, орта шаруаларға тиісінше көңіл бөлінбейді, олардың пайдасы жөнді көзделінбей келеді. Бұл дұрыс емес демекшімін. Қазақ ауылында орташалардың беделі күшті, салмақты, сондықтан орташалар мен кедейлерді бөлмеске, олардың арасына жік салмасқа керек еді. Ауыл ішіндегі жұмыстарымызды орташалар мен кедейлерді одақтастыру, біріктіру бағытымен жүргізу керек еді деймін. Енді байларды тақымдау, оларға мықтылық көрсету керек деген мәселеге келейік»;

«Менің ойымша, қазақ ауылын орыс поселкесінен жеке сөз қылуымыздың қисыны жоқ, Голощекин жолдас, Ресейдегі орыс поселкелерінің жарлылар комитеті жуан жұдырықтарды тақымдап, олардың мүлкін бөліп алу дәуірін өткізіп отыр. Бірақ Қазақстандағы орыс поселкелерінде бұл жұмыстарды жүргізу – кеңес билігіндегі жуан-жұдырық қара шаруалардың қолында болды. Мысалы, сол кездерде Жетісудағы орыс қара шаруалары: «Осы күні жұмыскер мен қара шаруа өкіметі жасалып отыр, қазақтар туралы ештеңе де айтылмаған»,– деп соғып жүрген. Бұл ойын емес, ақиқат. Бұл тарих. Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің тап саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақтың байымен қатар орыстың да жуан жұдырықтарын тақымдап отыруымыз керек»,–деген пікірлер еді.

Бұл пікір қазақ ұлтының өмір сүруі мен өркендеуінің кепілі еді. Сондықтан да оған тек Х.Досмұхамедов қана «іштарта қараған» жоқ, исі қауым назарын тігіп отырды. Ал мұны «Голощекиннің националдарының» бірі О.Исаев пленумда:

« Мен енді сәдуақасовшылдықпен принциптік негізде келісу мүмкін емес кейбір мәселелерге тоқталып өтейін. Біріншіден, жергіліктендіру хақында. Олар оны іс жүзінде неге саяды? Олар жергіліктендіруді басшылықты тартып алудың әдісі мен құралына айналдырмақ, сөйтіп, Мәскеудің пролетарлық партиялық жетекшілігінен құтылмақ»,– деп қужақтата езуледі.

Өзегі өртенген қайраткер жалғыз Смағұл ғана емес еді.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «14). Коммунистердің ішінен Қожановпен етене таныспын. Қожанов біздің ұйым туралы ештеңе білген жоқ. Өткен жылы менен ұйым жөнінде сұрағанында: ешқандай да ұйым болған жоқ – деп жауап бердім».

Тергеу ісіндегі барлық хаттамада осы арада: «З.Валидов Т.Рысқұловпен кездесті ме, жоқ па?»,– деген сұрақ қойылатын. «Батыс Алашорданың» көсемі Т.Рысқұловтың орынына С.Қожановтың атын атайды.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): Сұлтанбековті Ермеков жақсы біледі. Орынбордағы ұйымға мүше болуы мүмкін, оның тізімі бізге белгісіз. Байтұрсыновтың тұтқындалуына байланысты Ермеков менен біздің ұйым туралы сұрады. Асфандияровпен таныспын, тек университеттегі жұмыс жөнімен ғана қарым-қатынас жасадық, ұйым туралы ол ештеңе білмейді. Байтұрсынов тұтқындалғаннан кейін ол бізден саяқсынып кетті. 29-жылы кездескенімізде біздің сақ жүруімізді емеуірінмен білдірді. Ораз Жандосовпен оқу-ағарту комиссариятында істеген кезінен – 28-жылдан бастап көрші тұрдық. Біз оны нағыз берілген коммунист деп есептейтінбіз. Байділдинмен таныспын, оны 28-жылы Орынбордан қызмет бабында байланыс орнату үшін Ташкентке келгенінде көрдім. Ол көз алдындағыдан алысты болжай алмайтын адам, байқауымша, ол тез өзгеріпті, өзінің шын берілгендігін танытуға тыраштанған жолбике коммунист болып шығыпты».

ҮІ томның 133-189-беттері аралығында парақтың екі жағына жолдары тығыздалып машинкаға басылған Әбдірахман Байдилдиннің «Менің Алашордашыларға қарсы күресім және коммунистермен жүргізген жұмысым» атты ұзақ көрсетіндісі бар. Ұзын ырғасы 90 беттен асатын бұл ұзақ көрсетінді 1929 жылдың 26 қазан күні басталып, 133-149 беттері, 2 қарашаға дейін 150-160 беттері, 20 қарашаға дейін 176-189 беттері тасқа басылған. Онда барлық алаш азаматтарының бас-басына тоқталып, олардың бәріне мінездеме беріп шыққан. Мұндағы пікірлер партиялық «өткір, ұстамды, ашық» пікірмен әр сөзі шегелене жазылған. Оның ішінде Х.Досмұхамедовке де тиісті «мінездеме» берілген. Алайда оның ешқандай да дәлелдік түйіні болмағандықтан да, бұл арада келтірудің жөнін таппадық.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «15). Университетте әшкерелеу науқаны жүріп жатқан кезде маған Асфандияров та көмектесе алмады. Менің туысқандық жақындығым бар Құрмановты байдың тұқымы деп университеттен шығарып жіберді. Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын. Ал оны растайтын құжаттарды табан астында қайдан таба қойсын. Дәл осындай сылтаумен тағы бір студентті шығарып жіберді. Құрғақ ақылдан басқа еш көмегіміз тимеді».

Тергеушілердің «Айыптау қорытындысында» тура осы сөздер: «Х.Досмұхамедов: «...байдың балаларын ҚазМУ-ден шығарып тастаған кезде мен оны (Асфандияровты – тергеушiлердiң ескертуi – Т.Ж.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. №2370-iс, 1 т., 209-парақ)»,– деп өзгертіліп берілген.

Ал:«Нағында оның әкесі тақыр кедейдің нақ өзі болатын»,– дегенмен: «Байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым»,– дегеннің арасында үлкен айырмашылықтың бар екені және мұны неге өзгертіп пайдаланып отырғаны айтпаса да түсінікті.

Х.Досмұхамедов (жалғасы) 16). Заки Валидовтің Ташкентке келуі туралы айтарым мынау. 1922 жылы күзде Ташкентке келгенімде: Заки Валидовтің бізбен кездескісі келетінін маған жеткізді. Ол кезде біздің ұйым құрылған болатын. Өзге ешкім болмағандықтан да кездесуге өзім жалғыз бардым. Кездесу Қашқынбаевтің үйінде жасырын өтті. Бұл туралы… (танылмады – Т.Ж.) Мен, Қашқынбаев, Әділев қана білді. Басты мақсатымыз: 1. Заки Валидов пен Әнуар пашаның нақты бағдарламасын, 2. Олардың күрес нәтижелерін, 3. Ташкентке не үшін келгендігін білу еді.

Жасырын кездесу ақшам кезінде өтті. Мен контрреволюциялық көтерілісшіл қозғалыстың жетекшісі Заки Валидовпен кездесуге бара жатқанымды толық жауапкершілікпен сезіндім. Заки Валидовтің қасында бейтаныс бір адам болды. Ол қасымнан өтіп бара жатып мені байқап қалды. Әңгімеміз қызу өтті. Мен одан: мұнда қалай тап болғанын, неге келгенін сұрадым. Ол: Әнуар паша жараланып қалғандығын, сондықтан да кеңес өкіметіне қарсы күресті тоқтатуға шешім қабылдағанын, енді ұлттық мүдде үшін күресетінін айтты (Әнуар паша бұл кезде қаза тапқан болатын – Т.Ж.). Мен оның бұл ойының дұрыс еместігін, кеңес өкіметі жағына шығуының жазамен аяқталатынын айттым. Анықтап білгенім – Әнуар паша Түркістанда, оның ішінде Бұқара мен Қазақстанда біріккен мұсылман мемлекетін құрмақшы екен. Бұл мәселе жөніндегі көзқарастарымызда біраз келіспеушіліктер болды. Бұдан кейін ол өзінің кеңес үкіметі жағына шыққысы келетінін, үкімет мүшелерімен, Қожановпен тілдесіп беруді өтінді. Мен бас тарттым. Кеңес өкіметі оған кешірім жасай қоймайтындығын ескерттім. Сонымен біздің әңгімеміз аяқталды».

З.Валидов: «Әнуар паша төртінші тамыз, жұма күні Балшыбаннан 7-8 шақырымдай жердегі Шекен ауылында орыстармен қақтығыста шаһит болды. Оның мына сөзі: «Жеңіске жете алмасақ та, ең болмаса өлігімнің осында қалуымен Түркістанның тәуелсіздігіне қызмет еткен болар едім»,– деуі оның шын жүрегінен шығып еді»... Құрылтайымыз 18-қыркүйекте басталды. Он алты адамның жиналғаны есімде. Әсіресе, қазақ ағайындар жақсы дайындалған еді. Үш күн үш жерде жиналдық. Талқыланған қаулылардың бәрі шын жүректен қабылданды. Әуелі Бұқарада құрылған «Орта Азияның қарапайым мұсылмандарының ұлттық одағының» орнына тек «Түркістан ұлттық бірлігі» деген ат қана алынды. Қазақстандағы «Алашорда» атауы – «Солтүстік Түркістан» болып өзгертілді. Мемлекеттік басқару одақтық дәргейде жүргізіледі, ұлттық мәдениет үстемдігі сақталады, тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттар жасалады, Түркістан сотын Ресейдің ішкі істері дәргейінен шығарып, ұлтаралық сотты енгізу, Түркістанның ұлттық сотын Ресейге тәуелсіз жасақтау туралы қаулылар қабылданды».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «17). 1924 жылдан кейін контрреволюциялық әрекетпен шұғылданған жоқпын. Кеңес үкіметіне қарсы шықпасам да «Алашорда»» идеясынан бас тартқам жоқ. Мұны іскерлік-төңкерістік идея десе де болады. Ресми аты болмаса да, біз оны өзара «Ұйым» және «Өркениетті ұлтшылдар партиясы»,– деп атайтынбыз».

Зады бұл бүкіл түркі әлемін оятқан атақты «Иттиһат уа тарахият» партиясының қазақша тәржімасы болса керек.

Д.Әділев (жалғасы): «Тағы бір жайтты айта кетейін. Рысқұлов Түркістан республикасының төрағасы кезінде Мәскеуден Сарымолдаевқа Жаһанша Досмұхамедовтің үйінің адресіне хат жолдайды. Өйткені Жаһанша Досмұхамедов екеуі бажа болатын. Хат орыс тілінде жазылған. Мазмұны: Қожановтың бір тыңшысы мұны Ақмешітке ме, Қазалыға ма, әйтеуір, екеуінің біріне дейін аңдып жүріпті. Тыныштық бермеген Қожановпен күресу үшін оның «Алашордамен» байланысын әшкерелеуге шақырыпты. Мен ол хатты түпнұсқасынан оқыдым. Жаһанша Досмұхамедов: бұл хатты Халел Досұхамедовке көрсету керек,– деді. Осы жолмен ол хат Досмұхамедов пен Тынышбаевтің қолына тиді. Олар мұны Қожановқа көрсетуге ұсыныс етіп еді, Жаһанша бас тартты. Тінту жүруі мүмкіндігінен сескенді. Ташкенттегі ұйым мен Рысқұловтың арасы осылай суысты. Сарымолдаев ол хатты алды ма, жоқ па, оны білмеймін. 1922 жылы Жаһанша Досмұхамедовтің үйінде – Рысқұлов әйелімен, мен, Жаһанша әйелімен және Сарымолдаев бас қостық. Сонда Рысқұлов: Ағылшынның бір жазушысының кітабын оқыдым. Россия социализмнен алыс жатыр депті. Соның жазғаны дұрыс,– деді».

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «18). Рысқұловтың жолдаған хаты Жаһанша Досмұхамедовтің қолына тиді. Хат Сарымолдаевқа жолданған. Ол кезде (Сарымолдаевтің) тұрақты мекен-жайы болмағандықтан да хат Жаһанша Досмұхамедовтің қолына кездейсоқ түскен».

Бұл хаттың «хикаясы» алаш қайраткерлерінің арасында Дездамоннаның орамалының «қызметін» атқарған. М.Әуезов өзінің түрмедегі көрсетіндісінде сол оқиғаға байланысты «Сұғанақ сұр» повесін жазғанын айтады. Оған байланысты деректер Ж.Досмұхамедовпен, М.Тынышбаевпен бетпе-бет жауаптасуда келтіріледі.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «19). Астана Қызылордаға ауысқаннан кейін мен ол ұйыммен (Орынбордағы – Т.Ж.) байланыс жасауға тырыстым. Ол жөнінде Бөкейхановқа хабарласып ем, ол жауап қатпады».

Бұл ұмтылыстың жай-жапсары алдағы беттерде жан-жақты қарастырылады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «20). «Тұтқындалғанға дейін «Алашорданың» мүддесі үшін қандай іс-әркет жасадыңыз?»,– деген сұраққа айтарым мынау: Ташкенттегі № 2 баспахананы Орынборға ауыстыруға қарсы болдым. Баспаханың Ташкентте қалуы пайдалы екендігіне көздерін жеткіздім. Жалпы алғанда мен Орынбордың астана ретінде қабылдануына қарсы болатынмын. Сонымен баспахана Ташкентте қалдырылды. Бұл ұлттық бағыттағы кітаптарды өзіміздің бақылауымызға алып, басып шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан да мен жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми кітаптарды шығаруға және баспахананы техникалық тұрғыдан жабдықтауға жан-тәніммен кірістім. Қазақстанның өзіндік дербес оқу жүйесі болуына бар жігерімді жұмсадым.

21). Араб әліпбиін қалдыруға мен ешқашан қарсы болған емеспін. Араб қаріпімен қоса латын әрпін қатар пайдалану мүмкін емес деп есептеймін. Төреқұловтың: «Бұл мәселені революциялық жолмен шешеміз, араб әліпбиі мен ұйымның көзін жойып, коммунизмге барамыз»,– дегені бар. Мұны естіп мен барлық жұмыстан бас тарттым. Ол туралы: «Азған адамның тозған ісі»,– деген пікір білдірдім.

22). «Егерде төңкеріс бола қалған жағдайда, онда біздің ұйымның дәргейімен жалпыға ортақ әскери міндетті енгізу керек»,– деген ұсыныс жасалды».

З.Валидов: «Бұл кездері Балқаш көлінің маңындағы Бетбақдалада кезінде Бұқарада бірге болған Діншенің ұйымдастыруымен 30-40 адам әскери жаттығуларды үйреніп жатыр еді. Олар Самарқандағы бізге және Әнуар пашаға көмектесу үшін, ал сырт көзге ат сатуға келген кісі боп Ташкентке жетті. Бәрі де ұлы даланың жалынды жастары екен. Ақын әрі театр әртісі Діншенің өзі де келіп, бұған қоса тағы да ержүрек жастар жіберетінін айтты», деп (444-бет) еске алады.

Х.Досмұхамедов (жалғасы): «23). Біз Кеңес үкіметін жақтырмаймыз және оның жазалау саясатынан үрейленеміз.

Сұрақ - жауаптың мазмұны дұрыс жазылған, сол үшін қолымды қойдым… (Халел Досмұхамедов)».

Азамат және «Алашорда» көсемі ретіндегі қайраткерлік өмірбаяны мен көзқарасының барлығы да осы көрсетіндіде қамтылған.

Тергеу барысындағы бетбұрыс бір жылдан кейін ғана басталғаны байқалады. Ендігі қойылатын жауаптар кейбір жайларды анықтауға және жеке адамдарға қатысты берілген. Оның барлығын қамту мүмкіндігі бізде шектеулі болды және қажеті де жоқ сияқты көрінді. Сонда да М.Тынышбаевтің алаш жасағындағы серігі, З.Валидовтің Ташкенттегі құпия кездесулеріне жауапты болған, 1931 жылдың 8 - тамызында ұсталған Алдаберген Үмбетбаев туралы көрсетіндісін келтіруді орынды санадық. Өйткені бұл азаматқа қатысты деректер өте қат.

«1931 жылы 10 қыркүйек күні айыпкер Халел Досмұхамедовтен алынған қосымша тергеудің хаттамасы.

Берілген сұраққа қайтаратын жауабым төмендегідей: Үмбетбаев Алдабергенді 22-жылдан білемін. Онымен Ташкент қаласында таныстым. Қазақ тілінен дәріс беретін маман ретінде әңгімелестік. Бөкейханов оған қандай мақсатпен, қандай тапсырма бергенін мен білмеймін. Үмбетбаевтің ұйымға ешқандай қатысы жоқ. Ал Заки Валидовті кім ертіп келгені есімде емес. Ермековпен арадағы араздығымыз 29-жылы орын алды. Ордабаевтің айтуынша, мені семейлік топ ГПУ-дің тыңшысы деп санайды екен. Бұл өсек Сәрсенов Дәлелден тарады. Мұны маған Селебаев пен Ордабаевтың біреуі жеткізді. Сондықтан да мен өзімнің ренішімді Ермековке білдірдім. Ол: «Сендердің Ташкентте жасырын ұйымдарың бар екен, сол туралы айт. Ал сені ГПУ-дің тыңшысы деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын», – деді. Мен: «Бізде ұйым болды, бірақ оны ұмыту керек, сондықтан да ол туралы саған ештеңеде айтпаймын»,– дедім».

Үмбетбаевтің түсінігі: «1922 жылы Рысқұлов пен Бірімжановқа қатысты Тынышбаевтан ешқандай тапсырма алғаным да жоқ, орындағаным да жоқ. Мұны Тынышбаевтің өзі де растайтын шығар.

Тынышбаевтің жауабы: Мен бұрынғы бір жауабымда айтқанымдай, 1922 жылы Түркістан қаласында Халел Досмұхамедовпен кездесіп, оған: Заки Валидовпен байланыс орнатылған жоқ, сондықтан да онымен кездесу кейінге қалдырылды,– дедім».

Бұл жауабында, көріп отырғаныңыздай, Х.Досмұхамедов Алдаберген Үмбетбаевтің еш «қылмысын» білмейтін болып шығады. Шындығына келсек, өздері жолығуға ынталы болған Заки Валидовке жіберген сыпайыны жақсы білгені анық.

Халел Досмұхамедов айып тағып отырған Дәлел (Далил) Шегелекұлы Сәрсеновтің өз аты Алаш тарихында алтын әріппен жазылмаса да, туған ағасы Биахмет Сәрсеновтің есімі мәңгілік ұмытылмайтын тұлғаның бірі. Кей тұста ағасының қайраткерлігі туған бауырының ел үшін істеген елеулі еңбектерін тасада қалдырған сияқты әсер қалдырады. Әйтпесе, Дәлел Сәрсенов «Алашорда» үкіметінің ең қыспақты тұсында үш жақты құрсауда қалған Алаш автономиясы мен Башқұртстан республикасының арасын жалғастырған жүректі азамат. Жүсіпбек Аймауытовпен, Қаныш Сәтбаевпен, Мұхтар Әуезовпен қатар Семейдің ерлер гимназиясын 1918 жылы бітірген. 1919-1922 жылы Том университетінің заң факультетінде оқыған. Аталған азаматтардың жүрегін шымырлатқан, әр қайсысы да дәмелі болған Том университетінің медицина факультетінің студенті Ғайнижамал Кутумоваға үйленіп, 1923 жылы Ташкентке ауысады. Мұнда Орта Азия университетін тәмамдап, 1925 жылы 20 мамыр күні Қазақ ағарту институтының директорлығына тағайындалады. Содан кейін Қапыланбектегі мал шаруашылығын зерттеу институтының директоры қызметін атқарады. 1932 жылы жұқпалы індетке ұшыраған ауруларды егу кезінде өзіне де жұқтырып, оқыстан қайтыс болады. Ал жесірі Ғайнижамал Кутумова 1938 жылы Өзбекстан денсаулық сақтау министрінің орынбасарлығына тағайындалып, 1947 жылы докторлық диссертациясын қорғар алдында жүрек талмасынан дүниеден өтеді. Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезовтің жүрегінен ерекше орын алған Ғайнижамалға жазған олардың ғашықтық дастанға бергісіз 200-ге жуық хаттарымен біз 1997 жылы қарзан– қараша айларындаТашкенттегі күйеу баласы, профессор С.Қарабаевтің үйінде танысып едік. Түрме азабынан тосын ажал құтқарған Дәлел Сәрсеновтің алаш қайраткерлерімен байланысын үзбегенін Х.Досмұхамедовтің көрсетіндісі дәлелдейді. 1926 жылы 13 көкектегі институттың ғылыми кеңесіне төрағалық еткен директор Дәлел Сәрсенов:

«Оқытушы Досмұхамедов жолдас Қазақ педагогикалық институты үшін аса бағалы маман болғандықтан да, Оқу ағарту халық комиссариатынан оны Қызылорда қаласына шақыртқан ұсыныстан бас тартып, институтта қалдыруды өтінеді»,– деп шешім шығарды.

Бұдан директор Д.Сәрсеновтің оқытушы Х.Досмұхамедовтің қадірін білгендігі танылады. Ал олардың арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынасты елдік күрестің садағасына лайық мінезге жатқызамыз. Бұл отаудың тағдыры барынша инауатты тұрғыдан зерттеуді қажет ететін тақырып. Біз әдептіліктен аспаған бұл эпистолярлық мұраларды сондай бір әдепсіздікпен иеленгісі келген әлдеқалай классик біреудің бетін парасатты оқымысты Серік Қарабаев әдеппен қайыра біліпті.

Оған да тәубә. Кейде ақиқаттың да ар ұялар іске бастайтыны бар.

Бұл –шындық, бірақ үлгісіз шындық.

Тергеушілердің ендігі нысанаға алған адамы «Алаштың» жас жолбарысы Әлімхан Ермеков екені осы хаттамадағы қойылған сұрақтан-ақ аңғарылады. М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовтен Ә.Ермеков жөнінде жарыстыра «сыр» суыртпақтайды. Мұның алдында М.Тынышбаев: Халел Досмұхамедов пен Әлімхан Ермеков бір-бірімен араз. Сондықтан да олардың арасында ұйымдық байланыс болуы мүмкін емес,– деген мазмұнда жауап берген болатын. Әрине, бұл қалайда Ә.Ермековтің атын хаттамаға түсірудің амалы. Әйтпесе, екі адамның арасындағы қарым-қатынасты реттеу төтенше комитеттің міндеті болмаса керек-ті. Сөйтіп, М.Тынышбаев пен Х.Досмұхамедовті екеуара беттестіреді.

«Айыпталушы Тынышбаев пен Досмұхамедовтің беттесуінің хаттамасы:

Тынышбаевқа сұрақ: Досмұхамедов пен Ермековтің араздығына не себеп болды?

Жауап: 28-29 жылдары біздің достарымыз Дулатов, Байтұрсынов және басқалар тұтқындалғанда Досмұхамедов: «Бұған Орынбордағы контрреволюциялық ұйым мен «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесі кінәлі»,– деді, ал Ермеков: «Бұған Ташкент тобы кінәлі»,– деп есептеді. Екеуінің бас араздығы осыдан барып туындады.

Досұхамедовке сұрақ: Бұл туралы сіз не айтасыз?

Жауап: Ермековпен екі арадағы түсініспеушілік 29-жылы ол ауырып жатқан кезде туды. Әрі таныс, әрі дәрігер ретінде оның көңілін сұрай бардым: «Мені семейліктер ГПУ-дің тыңшысы деп өсек таратыпты. Оны таратқан Сәрсенов. Семейліктер мені аңдуын неге тоқтатпайды?»,– дедім сабырлы қалыппен. Ермеков: Мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрғанын және мұның арандату екенін, семейліктердің мені аңдымайтынын, оған Байтұрсыновтың да, ташкенттік топтың да жазығы жоқтығын айтты, содан кейін өзіне беймағлұм ташкенттік топ туралы баяндап беруімді өтінді. Мен оған: «Ташкенттік топ туралы саған ештеңе де айтпаймын, оны еске алудың қажеті жоқ, ұмыту керек»,– дедім. Бұл 29-жылдың желтоқсан айы болса керек. Ермеков: «Маған сенімсіздік көрсеттің»,– деп ренжіді. Ермековтің төсек тартып ауырып жатқанын ескеріп, тынышсыздандырмау үшін дауысымды бәсеңсітіп, оны жұбата сөйлеп, бұл тақырыпты енді қозғамайықдеп келістік. Арада аз уақыт өткен соң Ермековпен арадағы болған бұл жайды Тынышбаевқа айттым. Әңгіме барысында екеуміз де: «Бұған пәлендей мән берудің қажеті шамалы, ол мәселе өзінің маңызын жойды»,– дегенге тоқтадық. Мен туралы өсек таратқандары жаныма батқандығын айттым. Тынышбаев мені тыныштыққа шақырды. Сонымен әңгіме аяқталды (Досмұхамедовтің қолы).






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных