Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 29 страница




Жерді меншікке беру туралы заң қабылданар тұста мұндай халықтық пікір алмасулардың болмағаны, әрине, өкінішті. Оның зардабын қазақ елі жарты ғасырдан кейін тартатын болады. Өйткені, Ә.Ермековтің: «Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді»,– деп дәл тауып айтқанындай, жерді меншікке берудің салдарынан, әсіресе, құнарлы аймақтардағы қазақтар қаржылық және әкімшілік қысымның, алпауыттардың бопсасының кесірінен екі-үш жылдың ішінде жалдамалы шаруаға айналып шыға келді.

Әрине, өтпелі саясат өткінші кезеңнен соң әдірә қалады да, экономикалық-әлеуметтік теңсіздік, жер жегісі, ұлттық қауіпсіздік мәселесі құнарлы топырақты қуартқан ащы өзекке айналады. Шамкөстенетін шағым емес, бұл – тарихи және экономикалық заңдылық.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Маған қойылған: Швецов жетекшілік еткен, Бөкейханов құрамында болған Ғылым академиясының экспедициясы туралы сұраққа келетін болсам, ол жоғарыдан шешілген ғылыми мәселе. Экспедиция жоғарыда көрсетілген ескі көзқарас тұрғысынан зерттеу жүргізді. Олар қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтаудың жолдарын зерттеді. Статистикалық есептердің барлығы да ғасырлар бойы дала төсінде қалыптасқан шаруашылық жүйесін (бірнеше мың жылдан бері сақталып келе жатқан өмір сүру тәсілін) сақтаудың амал‑тәсілдерін ақтап қалудың жолдарын іздестірді. Экспедицияның жұмыстарымен таныс емеспін. Мен жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде оның негізгі бағыттары ғана анықталған болатын. Жерді қалай пайдалану жөніндегі ғылыми баяндамамен таныс емеспін, көрген де жоқпын. Мен шаруашылықты жүргізу жүйесі тұрғысынан ғана ол пікірге қосылдым. Жер өңдейтін немесе мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұратын қазақтардың шаруашылығы көшпелі өмірге бейімделген. Негізінен мал шаруашылығына сүйенген кәсіпшілікке барынша жақын. Бір аймақта әрі егіншілікпен, әрі мал шаруашылығымен айналысу да табиғи дамыған. Дегенмен де олардың арасындағы қайшылық ушығып келе жатқан.

Біздің бес жылдық жоспарымызда көрсетілген жерге жаңадан қоныстанушылар туралы көп талқыланды. Осы мерзім ішінде қоныс аударушылардың саны бес миллионнан асады десті. Бұндай жоспарға қарсылық білдіре отырып, орталық және өлкелік мекемелерге арнайы мәлімет дайындадым. Онда: «Мұны қозғап отырған бұрынғы отарлаушы жүйенің жұрнағықоныс аударушылар мекемесі. Егерде мұндай жоспардың болғаны рас болса, оны орталық және өлкелік мекемелер қолдамауы тиіс. Дәл солай бола қалған жағдайда өз көзқарасымды қорғаудың жалғыз-ақ жолы бар еді. Ол – кеңестік басшылардың пиғылын әшкерелеу немесе кеңес мекемелері туралы пікірлерімді ашық білдіру»,деген мағынадағы пікірлер айтылған».

Қайталай бағамдасақ, алаш идеясының түп қазығы болған жер жегісі тәуелсіздік тұсында шешіліп барып, қайта шиеленісіп кетті. Ә.Ермековтің осы көрсетіндісінде айтылған пікірлері мен дәлелдері тарихи, экономикалық тұрғыдан сараланбады. Саясаттың желігіне жем болып кетті. Соның салдарынан қазақ жерін мекендеген қазақтар қазақ елінде аз санды жер иесіне айналды.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Колхоздар бен совхоздар туралы көзқарасыма келсем, өкінішке орай, өзімнің ескі идеологиялық бағытымды қатаң ұстана отырып, оның тәжірибе жүзінде жүзеге асу мүмкіндігіне мән берместен, осы мәселе жөніндегі сол кездегі жиналыстарда мен үнемі қарсы сөйледім. Шаруашылықтардың өндірістік негізге көшуі бұрынғы патшалық отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейтте, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын аймақтың жерін патшалық жыртқыштар талан-таражға салып біткен еді. Жартылай рулық құрылымдағы феодалдық қоғамды соншама қысқа мерзім ішінде социалистік құрылымға ауыстыру мүмкін емес деп есептедім. Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым».

Иә, саналы да саңлаулы санақ жүргізіп, аңғарлы ақылмен сараласақ, қазақтардың меншігіне кешегі «отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейт, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын», латифундистер мен өнеркәсіп алпауыттары «талан-таражға салып біткен» жердің бұйырғаны анық аңғарылар еді. Тура осы мәселе бүгін де көкейді кесіп тұр. Енді, сол «қуаң, шөлейіт жерлер» араб халифатымен Израильдің және Қытайдың меншігіне берілетін болса, онда қазақтың өрісі ғана емес, тынысы мен тіршілігі ғана тарылып қоймай, кеңдікті аңсаған ділі де тылсымда тұншығып, шарасыздыққа ұрынатын болады.

Ә.Ермеков (жалғасы): «Бұдан кейін: импералистік отарлау мен жартылай отарлық жүйе артта қалған халықтарға үстемдік жасап тұрған жағдайда олар бірте-бірте құрып кетеді, соның ішінде шаруашылық мәдениеті төмен қазақ ұлтын да сондай тағдыр күтіп тұр деген іштегі күмән сонау 20-жылдардан бастап өзгеріске түсті. Артта қалған халықтар социалистік даму жолына сөзсіз түсу керек екен деген ой келді. Бірақ ол жолдың сорабы белгісіз еді және толық құрылымы мен жүрер жолы әлі нақты табылмаған болатын. Ендеше бізді аса қауіпті әлеуметтік сілкіністердің күтіп тұрғаны анық еді. Шаруашылықты жүргізу тұрғысынан түсінікті болғанымен де, адамдардың тағдыры тұманды болатын. Оның үстіне Қазақстанның аса қатал табиғаты да қалыптасқан жүйеден ауытқыса апатқа алып келетін еді. Ал капиталистің жеке басы ешқашанда тәуекелге бармайтын. Ол көбігін ғана қалқып алатын. Жергілікті тұрғындардың өзі мұндай сынаққа төтеп бере алмайтын. Ал біз қатал табиғаттың талабына бейімделіп өмір сүрдік. Ал қазір біз өзге көріністің куәсі болып отырмыз...».

Бұдан әрі Ә.Ермеков социалистік құрылыстың артықшылығын тілге тиек етіп, мақтайды. Мұның жай-жапсары алдыңғы көрсетінділерде баяндалғандықтан да және ол пікірлер Ә.Ермековтің шын ойы емес, тек жадағай сөз болғандықтан, оны бұл арада келтіріп жатуды артық санадық.

Осы томның 894-902 беттерінде тура осы мағынадағы 1931 жылы 20-сәуірде берген жауабы тігілген. Өзгешелігі, мұнда латын алфавитіне көшу мәселесіне тоқталған. Жер, әріп реформасы, мәдениет саласы туралы баяндай келіп, Бөкейханов пен Байтұрсыновқа қарата:

«Бұл мәселелер жөнінде екеуінің де ықпалы күшті. Жандосов та олардың алдынан өтпейді. Қазір екеуі де қартайды. Енді олар өздерінің көзқарасын өзгертуі қиын. Мен латын һарпін жақтадым»,– деген пікір білдірген.

4.

 

Тергеу ісі бұдан кейін жекелеген адамдар мен жеке мәселелерге қарай бет бұрады. Жауап алу барысында тергеушілер Ә.Ермеков пен М.Әуезовтің «қылмысын» өзара сабақтастыруға ұмтылған. Соған қарсы әрекет ретінде Ә.Ермеков бұл «айыпты» мойындаудан бас тартады:

„ОГПУ-дің коллегиясына маған 58 баптың 7, 11; 59-баптың 3-тармақтары бойынша тағылған айыптарды 58 баптың 7, 8-тармақтарына ауыстару туралы мәлімдеме.

ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқаменің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариятының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (?) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».

Бұл оқиғаның шындығын қауiпсiздiк комитетiндегі тергеу iсi толықтай дәлелдейдi. Тергеу iсiне тiркелген төменде біз келтіретін хат соның айғағы. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен - жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21-наурыз күнi ОГПУ - дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ - дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:

«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз»,– деп түсiнiктеме берген.

ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданған. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж»,– деп жазылған да, iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның – түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды. Ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Мұның «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.

«Қадiрлi Әлеке!

Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат - хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.

Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және: егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігерлік - ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.

Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.

Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған «Авксеньев одағына» Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.

Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз? Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.

Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.

Жер мәселесi төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Пален мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т.Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т.Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақ та бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме? Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?

Әлiмхан.

Сотайға сәлем. Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз. Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз. Әлiмхан. 25/II–28 жыл. Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».

Тәуелсіздік тұсында да ондай қайраткерлер шықты, халық тілегін жеткізген депутаттар да болды. Ә.Ермековтің дұрыс қауіптеніп отырғанындай, ол адамдар бірте-бірте саясат сахнасынан ысырылды. «Жерді қайта бөліске салуға көнуден басқа» халықтың амалы да қалмады. Оған, мүмкін, жерден көрі жемқорлыққа бет алған ұлттық діл де ықпалын тигізген шығар.

Бұл хаттың тергеу орындарына «Алаш ісі» басталмай тұрып түскеніне қарағанда хат М.Әуезов Ленинградта жүргенде «қолды болған» сияқты.

Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесі төңірегінде өрбіді: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, граф Паленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы, сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәркілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.

Жерге орналастыру мен байларды тәркілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым. Өйткені жер мәселесін зерттейтін институт БК(Б)П Орталық Комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты. Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық.

27-жылғы конференцияда Өлкелік Комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех – Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын – деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі – өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ».

Бұл мәселенің егжей-тегжейі бірінші кітаптың «Жер жегісі», «Кәрі көсем» атты тарауларында жеріне жеткізіле, құжаттар мен тергеудегі жауаптармен дәлелдей талданғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпаймыз.

Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы (негізі 1920 жылы тамызда – Т.Ж.) В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сафаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сафаров өзінің баяндамасында: Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді,деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек,деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай».






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных