Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 49 страница




Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өз қалам күшіммен көрсетсем деген тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүшкілдігін айта отырып, сізді де бірдеңеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім мәжбүр етіп отыр. Бұл хатты қыдырып келген туыстарым жақтан, «Степняктан» жазып отырмын. Төрт-бес күннен соң қайтамын. Құрметпен Мағжан. 20 февраль, 1937 жыл»,– деп хат жазды.

Бұл – жетіскеннің емес, мұқтаждықпен амалсыз торға өзі кеп түскен арыстанның шарасыздығы. 1937 жылы 25-науырызда Мағжан Алматыға келді. Ол туралы Мұхамеджан Қаратаев:

«Жазушылар одағының секретары қызметінде істеп жүрген кезім. Одақтың председателі Сәбит Мұқанов екеуміз бір кабинетте отырамыз. Жаңылмасам, 1937 жылдың жаз айы. Бір күні кабинетте жалғыз едім, бір орта бойлы, жұпынылау киінген, өңі сынық кісі кірді. Амандасып болған соң, өзін таныстырды: «Мен Мағжан Жұмабаев боламын, шырағым. Сәбитті іздеп келіп едім...»,деді. Жүрегім лүп ете қалды. Көп өлеңін жатқа білетін, сүйсінсек те сүйгенімізді өзгеге білдірмей, сездірмей жүретін уақыт. Орнымнан ұшып тұрдым: «Сәбең жаңа ғана шығып кеткен. Осы маңайда жүрген шығар. Қазір»,дегенше болған жоқ, Сәбеңнің өзі де кіріп келді. Амандық-саулықтан соң телефонның құлағына жармасты. Сол кездегі Қазақстан Қомпартиясы Орталық Комитетінің екінші секретары Нұрпейісовке мән-жағдайды баяндап еді, ол: «Келе беріңдер, бірақ бұл мәселені шеше алмаймын, Мирзоянның өзіне кіріңдер»,деді. Сәбең маған да жүр деп, үшеуміз Мирзоянның қабылдауына бардық. Қазақтар Мырзажан деп қадір тұтатын бұл басшымыз жақсы адам, кісілікті кісі еді ғой. Бірден: «–Несі бар. Келе берсін. Жағдай жасаңдар. Әне, Әуезов сияқты. Театрда істейді. Сабақ береді. Жазуын да өндіріп жазып жүр»,– деп Шерияздан Елеукеновке айтып беріпті (сонда, 138-бет).

Өзінің ақындық жолдағы ұстазы Мағжанға берген уәдесін Сәбит Мұқанов орындады. А.Толстойдың «Петр І» және Некрасовтың «Декабристер» атты көлемді шығармаларын аударуға келісім шарт жасатып, несие қаламақысын төлеттірді.

Мұңлы ақынның бейнесін жүрегінде сақтап жүрген, «ақынға ғашық болған ару» Зағипа Тінәлина:

«Көзден ғайып болып кеткен Мағжанды, тек 1937 жылы ақпан (наурызда – Т.Ж.) айында Алматыда Орталық Партия Комитетінің қабылдау бөлімінде көрдім. Оны Сәбит Мұқанов Мирзоянға кездестіруге әкелсе керек. Бұл менің Мағжанды көп жыл өткеннен кейін көруім ғой. Бұрынғы сән-салтанаты жоқ, үстінде былғары пальто, аяғында былғары етік, басында қаракөл бөрік. Көп ұзамай тағы да Өлкелік партия комитетінің қабылдау бөлмесінде Мағжанның жалғыз отырғанын көрдім. Мүмкін біреуді күтіп отыр ма? Бұлай күтпеген жерден бетпе-бет жеке кездесуіміз мені қатты састырды, не болғанымды өзім де сезбей қалдым. Төбеге ұрғандай тұрып қалыппын, ол да ләм деген жоқ, тек бір-бірімізге қараумен болдық. Маған сол сәтте қолын ұстап амандассам ба деген ой келді. Бірақ жолым тар, әйел адам болған соң дәтім бармады. Артынан үйге келген соң өкініші кетпей, жолдасым Абатқа: «Мағжанды үйге қонаққа шақырсақ қайтеді?»,деп едім, ол басын ашып ештеңе жауап бермеді. Тек: «Мағжан Сәбитке келіпті ғой...»,деді де қойды. Бұл менің Мағжанды соңғы көруім болды. 1937 жылы мамыр айында менің жолдасым Абатты да «халық жауы» деген жаламен түрмеге жапты. 1938 жылдың 10-сәуірінде мені де қызмет істеп отырған орнымнан ұстап әкетті. «Халық жауының әйелі» – (член семьи изменников родины» деп үш жылға кесті. Осымен «Алжир» колониясында 1941 жылға дейін жазамды өтеп, елге Ақмолаға көштім»,–деп (Ғаділша Қаһарманұлы. Жәжеке. 198-202 беттер) еске алыпты.

Сөйтіп үмітсіз нәзік жүрек тағы да бір шымши соғыпты. Иә, бұл да бір үмітті үмітсіз дүние.

Үмітсіз дүниеден үміт күттірген құпия құжаттың бірін тағы да сол талмайтын тарлан Тұрсынбек ұстазымыз көпшілік назарына ұсынды. Онда:

«21 - көкек, 1937 ж. Құпия. Жаманқұлов жолдас, алашордалық ақын Мағжан Жұмабаевтің Алматыға келгені саған мәлім, ол Жазушылар одағына өтініш жазып, өзінің кеңеске қарсы жіберген қателіктерін мойындап, түзелуге мүмкіндік беріп, көмектесуді, қызмет беруді сұрапты. Бұл мәселе жөнінде мен таяуда Мирзоян жолдаспен кеңестім. Ол маған: «Қызмет беріңдер, яғни, орыс әдебиетінің классиктерін қазақ тіліне аударту арқылы қаржылай көмектесіңдер. Оның қаншалықты түзелгені содан кейін белгілі болады»,– деді. Мен сенен, партия мүшесі және Қазкөркеммембастың меңгерушісі ретінде менің тілшемдегі Мирзоян жолдастың сөзін ескере отырып, аударма жасауға шарт жасасып, аванс беруіңді өтінемін.

Коммунистік сәлеммен, ҚКЖО-ның төрағасы және партия мүшесі С.Мұқанов.

Қарар: шарт жасасу кезінде ескерілетін болады. Редактор. 21-сәуір, 1937»,– деп жазылған.

Алдын-ала айта кетеріміз, бұл шарт жасалғаннан кейін арада үш-төрт ай өткен соң Р.Жаманқұловқа:

«алашордашыл-ұлтшылға» үкімет қаржысын рәсуа еткені үшін»,– деп, ал Ал С.Мұқановқа:

«Жұмабаев айдауда жүргенде онымен хат жазысты және қаржылай көмек берді», – деген айып тағылды.

Іле Р.Жаманқұлов халық жауы ретінде ұсталды, С.Мұқанов партиядан шығарылды. З.Тінәлинаның естелігінде көрсетілген Мағжанның үкімет кеңсесіне екінші рет келуінің себебі, тарихшы Қ.Алдажұманов ғылым айналымға түсірген 1937 жылы 21-мамыр күні Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолдаған төмендегі «Ашық хат» болса керек. Онда:

«Қаз ССР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы жолдас Исаевқа Жұмабаев Мағжаннан (Алматы қаласы, Лесная, №89 (Киров, 103)

АШЫҚ ХАТ

Мені, контр-революциялық алашордашыл қайраткер ретінде және төңкерісшіл ұлтшыл жазушы ретінде социализм құрып жатқан қазақ еңбекшілерінің ортасынан пролетарлық өкімет әділ шеттеті, сондай-ақ қазіргі уақытта мені социалистік қоғамнан аластатып ұстағаны да өте дұрыс.

Біраз уақыт еңбекпен түзету мекемесінде болған кезімде, өзім тікелей атсалысқан социалистік алып құрылыстарда оның ізгі ықпалын сезіне отырып, кеңес мемлекетінің еңбекпен түзету саясатының әлемдегі бірден-бір ең сенімді және дұрыс саясат екеніне көзім жетті, сондықтан да мен өзімнің идеологиям мен бүкіл қоғамдық-әдеби жұмыстарымды қайта тексеруден өткіздім, сөйтіп, барлық қоғамдық-әдеби қызметімде мен ұстанып жүрген және басшылыққа алып жүрген ұлтшыл-алашордашыл идеологияның сөзсіз реакцияшылдығына және сатқындық қылмыс екеніне бүтіндей сендім, ұлтшыл-алашордашыл идеологияның және алашордашыл ұлтшылдардың барлық сатқындық әрекеттері қазақ еңбекшілеріне және бүкіл социалистік отанға дұшпандық қылмыс екеніне көзім жетті.

Осы тексерісімнен, ұстанымымнан кейін өзімнің өткендегі барлық іс-әрекетімді, қоғамдық және әдеби қызметтерімді айыптай отырып, өзімнің қылмысты өткенімнен, ұлштшылдықтан, ұлтшыл-алашордашылардан мүлдем және мәңгілік қол үземін, сөйтіп, қалған өмірімді ешқандай бұлтарыссыз тұтастай социалистік қоғамға сенген азаматы ретінде, социалистік Отанның сенімді ұлы ретінде социалистік қоғамға қызмет етемін деп шештім.

Осындай асыл арманмен, осындай бірегей мақсатпен мен осыдан бірнеше ай бұрын, тиісті мекемелердің рұқсатымен, таңғажайып өркендеу үстіндегі Қазақстанға келдім, қазақ еңбекшілерінің гүлденген өмірі менің және барлық ұлтшыл-алашордашылардың іс-әрекеттерінің сатқындық қылмыс екеніне толықтай көз жеткізді, сөйтіп өзімнің өткендегі контрреволюциялық ұлтшылдығымды және ұлтшылдарды революция мен социалистік отанға, қазақ халқына дұшпандық деп санап, олармен екі арамды ешқандай бұлтарыссыз және мәңгілік ажыратқанымды, аса ауыр қылмыс жолынан толықтай арылуға бет алғанымды, Отанның адал ұлы ретінде қайта түлегенімді, сол үшін қалған өмірімді социалистік отанға қызмет етуге арнайтынымды мәлімдеймін.

Бұл мақсатымды мен Сізге – кеңестік Қазақстанның Үкімет басшысына, бақытты өмір құрып жатқан мұқым қазақ халқына ашық, шын жүрекпен және бұлтартпас сеніммен мәлімдейтінімді осы хат арқылы Сізге жеткізе отырып, менің өзімнің қайта түлегенімді, қайта түбегейлі шыңдалғанымды, социалистік отаныма шынайы берілгендігімді іс жүзінде, шығармашылық жұмысымда, соның ішінде әдеби шығармашылық қызметімде дәлелдеуім үшін (еңбектерімнің) Қазақстанда жариялануына, сол арқылы ұзақ уақыт бойы қылмысты реакциялық жолға, қазақ контрреволюцияшыларына қызмет еткен қаламымның кеңестік еңбекпен өтеу саясатының ықпалымен қайта шыңдалып, қайта тәрбиеленгеннен кейінгі социалистік отанға адал және өнімді еңбек етуіме мүмкіндік берулеріңізді өтінемін.

Менің шығармашылық жұмысымның соңғы үлгілері ретінде үш өлеңді осы хатпен қоса жолдап отырмын.

Сонымен бірге, дәл қазіргі кезде кеңестік-еңбекпен түзету саясатының әлемдегі ең дұрыс ұстаным екенін көрсететін жаңа тақырыпты көркем түрде игеру ісіне кіріскеніме Сіздің және мұқым социалистік қоғамның назарын аударамын, бұл поэмада екі қазақтың – тұрмыстық қылмыскер қазақ пен қылмыскер-ұлтшыл қазақтың өмірі, тәрбиеге көнетін және көнбейтін атышулы халық жаулары мен қоғамның шірінділерінің тәрбиелену жолы жарыстырыла суреттеледі.

М.Жұмабаев. 21 май, 1937 жыл» (Қ.Алдажұманов, Ақынның соңғы үміті. «Қазақ әдебиеті». 21.08.1992).

Бұл «Ашық хат» туралы не айтуға болады? Естайдың:

«Жалғанды жалғамалап әркім жүр ғой,

Қысқа жіп келмеген соң күрмеуіне», –

дегені сияқты, «жалғандықпен жалғанған көңіл жібі» болса керек.

Араша тілеп отырған Ораз Исаевтің бұл өтінішті қарауына мұршасы да келмеді. Оқыған күннің өзінде де мұрағатқа жолдаумен аяқталды. Өйткені алашордашыларды әшкерелеуші бас идеологтың өзі де көп ұзамай және Мағжаннан бұрын тұтқындалып, тергеушіге:

«Менің тұтқындалуымменің дұшпандық әрекетімнің жолын кесті, сондықтан да мен, өзімнің сатқындық әрекеттерім мен опасыздығым бұлжытпайтын айғақтармен әшкереленіп отырған сәтте, іштен тынып, әлденені жасырып қалуға жортақси тырысуымның ақылға сыймайтынын білемін. Мен жиырма жыл бойы партия мен халықты алдап келдім. Өтірік пен екіжүзділік менің екінші және нағыз болмысыма айналды, сол болмысым маған ұзақ уақыт бойы партия ісіне шынайы берілген адал коммунистің ролін орындауға мүмкіндік берді. Мен, тұтқындалғанға дейін, оңшылдар орталығының қарары бойынша әрекет еткен Қазақ ССР-дегі кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болдым»,– деп жауап беріп жатты (Алашорда қозғалысы, 3 том, 2-кітап, 266-бет).

Шағынар қайраткердің қалмағаны және енді олардың қайтып оралмайтыны түсінікті еді. Сондықтан да ендігі арызданудың өзі өз еркіңмен абақтыға қамауға өтініш берумен тең болатын. Кімнің абақты мен концлагердің есігін қайтадан ашқысы келеді дейсің?

Бірақ Мағжан ашпасам деген есік тағы да ашылды, ашылған жоқ, ашқызды. 1937 жылы желтоқсанның 31-і күні кеште Мағжан Жұмабаев екінші және соңғы рет ұсталды. Ш.Елеукеновтың зерттеуі бойынша, Мағжанды тұтқындау туралы №1445 ордер 1937 жылы 27 желтоқсан күні жазылыпты. Осы арада ескерте кетеріміз, Мағжанды тіміскілеткен не тұтқындаған, біз танысқан Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің біреуі – кейіннен Қазақстанның бірінші басшысы, екіншісі – қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары, үшіншісі – Ішкі істер министрі, төртіншісі – төбе би болды. Солар қызмет басында тұрғанда бұларды ақтау туралы мәселе қозғаудың қандай нәтижемен аяқталғаны түсінікті. Олардың үрім-бұтақтарының өтініші бойынша аты-жөндерін қағыс қалдырдық. Ол үшін бізді жазғырудың да жөні болмас.

Сонымен, ұлтшыл және қылмыскер қазақтар туралы дастан жазылмай қалды. Зылиха Жұмабаева:

«– Зылиха, көп болды пельмен жемегелі, пельмен жасашы,деп ойланып отырды да,енді менде несі бар, ұстамайтын шығар, табылса қара жұмыс болса да істеп күн көреміз,– дегені. Мен болсам Қызылжардан бекер келдік деп өкінемін. Бір бәлені сездім-ау... Бұл Мағжанның өзін-өзі жұбатқаны екен ғой. Соңғы кезде дөңбекшіп ұйықтай алмай шығатын. Енді қайта түрмеге түссе кездесетін күн жоқ екенін Қызылжарда түсінгенмен, Алматыға келгенімізге қатты өкіндім. Тамақ та алдымызға келді, үйге екі жігіт кіріп келді:

– Мағжан Жұмабаев, сіз тұтқындалдыңыз,деді де ең құрымаса алдындағы асынан дәм татқызбай дедектетіп ала жөнелді...» (А.Тасымбеков. Азапты сапарлар. Лениншіл жас. 1989, 10 қаңтар).

Тергеудегі азап пен қинаудың тәсілдерінің бірі туралы бізге академик Мұхамеджан Қаратаевтің:

«Мұны таспаңа (магнитофон) жазба. Есiңде жүрсiн. Кiм бiледi, көлеңкемiз қысқарып келедi... Тергеу камерасында жатқанымда қасыма бiреудi әкеп қосты. Өскеменнiң омарташы орысы екен. Ол да ұзақ жатыпты. Жөн сұрастық. Сонда Сәкендi есiне алды... Менен бұрын сол кiсiмен бiр камерада болыпты. Ол: «Мен өзiм орнатқан өкiметтiң жауы емеспiн»,деп ұзақ қасарысыпты. Бар қорлыққа шыдапты. Бiр күнi тергеуге кеткен Сәкен кiрiп кеп: «Мен бiттiм, төзбедiм қорлыққа!»,деп айғайлап сөйлеп, төсекке етпетiнен жата кетiп, солқылдап жылапты. Талай қыспаққа салғанда қайыспаған Сәкеннiң морт сынуына сенбеген омарташы себебiн сұрайды. Сонда Сәкен: «Бәрiне шыдар ем ғой. Жас ұрпақты бiзге қарсы қойғанына қалай шыдармын. Орындыққа отырғызып қойды да, қазақтың екi жас баласын алып келiп, екеуiне екi құлағымды создырып: «Ой, әкеңнiң аузын... Сейфуллин, ой шешеңдi... Сейфуллин! Сен халық жауысың!»,дегiзгенде шыдамадым. Қорлық қой. Олардың көзiне жексұрын боп көрiнгенше өлгенiм жақсы. Қағазына қол қойдым,дептi»,– деп айтқан, біз көзі тірісінде жариялаған естелігінде ащы да кекесінді шындық бар, мүмкiн көп шындықтың бiреуi осы шығар.

Арлы, намысты азаматтар осындай қорлаудан бас тартып, ешкімге зиянын тигізбей, өзін-өзі әшкерелеген. Мағжан да сол жолды таңдағанына оның 1938 жылы 6-қаңтар күні КССР Ішкі Істер Халық Комиссариатына қарата жазған Мәлімдемесіндегі:

«Мен – Жұмабаев, кеңес өкіметі алдындағы өзімнің кінәмды жуу үшін: «Шетелдік бір мемлекеттің мүддесі үшін бірнеше жылдар бойы шпиондық әрекетпен шұғылданды»,– деп маған тағылған айыпты мойындаймын. Жапонияның пайдасына шешілетін шпиондық жұмыспен, мен – Жұмабаев 1919 жылдан бастап 1929 жылға дейін, яғни, ұсталып, лагерьге айдауға жөнелтілгенге дейін айналыстым. Ондағы мерзімімді өтеп, 1936 жылы Қазақстанға қайтып келгеннен кейін де жоғарыда аталған мемлекеттің мүддесі үшін өзімнің шпиондық жұмысымды одан әрі жалғастырдым»,– деген «мойындауы» анық дәлел.

Бұл арада тергеушілер Мағжанға неге 1919 жылды нақты көрсеткізіп отырғанының мәнісі алдыңғы бөлімде З.Валидовтің «Қатираларындағы» М.Тұңғашиннің архивіне қатысты тұста толық баяндалған болатын. Өзге істерге қарағанда мұнда Ә.Бөкейхановтың да аты аталып, сол «шпиондық» қылмысты дәлелдеу үшін Колчак үкіметінің архиві сақталған Омбыға сұрау салыпты. Олардың бұл сұрауына Омбы облыстық мемлекеттік архивінің бастығы Маркова мен бөлім бастығы Попова:

«Омбы облыстық мемлекеттік архивінде Бөкейханов Әлихан мен Мағжан Жұмабаевтің жапон барлау мекемесіне қызмет еткені туралы және сұрау хатта көрсетілген өзге де жайларға қатысты мәліметтер жоқ»,– деп хабарлаған.

Іздеген «шпиондарының» табылмағанына тергеушілер өкінген-ақ шығар. Бірақ ең басты өкініш – алтын басты азаматтар имансыз көмілді. 1938 жылғы тергеу ісімен жете танысқан мағжантанушы Ш.Елеукеновтің мәліметінше оныншы, жиырмасыншы ақпан күндері жауапқа алынып, әр жолы 8 беттен хаттама жазылып: Отанын сатқаны және кеңес өкіметіне қарсы қастандық жасау мақсатында астыртын ұйым құрғаны үшін 58- баптың 6, 11-тармақтары бойынша айып қорытындысы шығарылады. Кіші лейтенант Гайкович жасаған «Өлім туралы актісіндегі» мәлімет бойынша:

«Мағжан Бекенұлы Жұмабаевті ату жазасына кесу жөніндегі 1938 жылы 11-ақпан күнгі №377 шешім 1938 жылы 19 - наурызда орындалды».

Бірақ Мағжан: «… тірі еді». Оған Қаз ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1962 жылы 27-тамызда Партия институтына берген анықтамасындағы:

«1936 жылы 2 - маусым күні түрмеден босатылды, жазасын өтеп келгеніне қарамастан 1937 жылы тағы да қылмыстық жауапқа тартылған, НКВД-ның комиссиясы мен СССР прокурорының шешімі бойынша 1938 жылы 11-ақпанда сотталды (осужден)»,– деген жолдар себепші болған.

Осындағы «сотталған – осужден» деген сөз де жұрт арасында Мағжанның соғыс аяқталғанша жер басып тірі жүрді-мыс деген жорамал жасауына мүмкіндік берген.

1958 жылғы 28-ақпандағы Мағжанды ақтау туралы Қазақ ССР Жоғарғы сотының шешімін қолына алып тұрып Зылиха өзінің жесір қалғанын, күйеуінің өлгенін естіп, оған сенбей немересі Ұлжанға:

«– Ау, Мағжанды неліктен 1938 жылы 19-наурызда атылды дейді? Маған осы жері түсініксіз. Өзің білесің, Алматының күні сәуірде ыси бастайды. Жұрт қысқы киімдерін тастайды. Мағжанды қысты күні желтоқсанның 30-ы күні ұстады. Қысқы киіммен кетті. Күн жыли бастаған соң, сәуірдің орта белінде НКВД-ға жаздық киімдерін апарып, өз қолыммен тапсырып едім ғой. Олар қабылдап алды: «Жарайды, иесіне тапсырайық»,– деді. Ал комиссияның қаулысына сенсек… Сенбеске амал не? Сонда мен шын мәнінде киімін емес, кебін апарған екем ғой. Мен киімін апарғанда Мағжаным бұл дүниеде жоқ екен ғой. Алданған екенмін, әй, сұм тағдырым-ай!»,– деп жылапты» (сонда, 146-бет).

Аяулы ақынды елі өлімге қимаған. Сәкен екеуінің ажалының өзі аңызға айналған. Оның басты себебін оқымысты мағжантанушы Ш.Елеукенов:

«Тұтқындауға келгендердің біреуі: «Ақынға тиіспейміз. Тек Қазақстаннан сырт жерге жібереміз»,– депті - мыс. Содан болуға керек, Мағжан Новосибирскі маңында бір жерде жасырын тұрады,– деген аңыздың тарауы. Осы сияқты аңыздардың әсері Орталық Комитеттің комиссиясы кешірім жариялағаннан кейін де кей газеттерде белгі беріп қалып жүрді. Рас болса жарайтын еді, бірақ ақиқат олай болмады ғой»,– деп түсіндіреді.

Иә, «рас болса жарайтын еді». Тіпті мен де Мағжанның соғыс аяқталған соң да тірі екеніне сендім. Сенбеске амалым да жоқ болды. Ол оқиға былай басталды. 1977 жылы қараша айында «Білім және еңбек» журналының Бас редакторы Әбілхамит Мархабаев мені Баукеңе – Бауыржан Момышұлына қызыл әскердің құрылғанына 60 жыл толуына орай мақала жаздырып алуды тапсырды. Алдын-ала келісіп, тура сағат онда қазіргі Төле би көшесінің бойындағы пәтерінің есігін қақтым. Мақаланы айтып отырып жаздырды. Шараппен сыйлады. Сұхбат аяқталғанда мен демімді ішіме ала отырып: «Профессор Хайыржан Бекхожин студент кезімде: «Алдарында қарыздар едім»,– деп мені алаш ардагерлерінің архивімен танысуыма себепкер болды, ол ізденісті жалғастырып жүрмін, өйткені мен де ұстазыма қарыздар едім. Қаламгер Мамытбек Қалдыбаевтің айтуы бойынша, Сіз Мағжан мен Жүсіпбекті көріпсіз. Соны білгім келеді»,– деген уәж айттым.

Қатты дауыстап: «Жүсіпбектің алдында мен де қарыздармын. Ол менің ұстазым... Ал Мағжанның ажалына себепші болдым ба?– деп ойлаймын,– деп ұзақ ойланып қалды да мына хикаяны айтты.

Бауыржан Момышұлы: «Соғыстан кейін мен әскери академияда болдым. Бірақ та армияның өзіне сұрандым. Новосибирь қаласындағы дивизия командирі етіп тағайындады. Бірде Совет Одағының маршалы, армия қолбасшысы әскери поезд арқылы Новосибирь вокзалы арқылы Қиыр Шығысқа кетіп бара жатқаны, менің оған жағдайды баяндауым туралы бұйрық түсті. Вокзалға келдім. Сібірдің қысы қатты. Әскери состав келгенше перронда ары-бері жүрдім. Көзім жүк почтасын қабылдайтын қоймаға кіріп-шығып, шанаға жүк тасып жүрген егде адамға түсті. Түрі азият, азияттың ішінде қазақ сияқты көрінді. Қасына барып: «Қазақпысыз?»,дедім. Қазақ екенін білген соң жөнін сұрадым. Сөйтсем,: «Среди гор, среди скаль, Александрия централь»,дейтін атақты концлагерьдің жүгін тасиды екен. Аты-жөнін айтқысы келмеді. Соның арасынша екі-үш рет кіріп-шығып үлгерді. Дауысымды қатайтыңқырап сұрап едім: «Жастар сендер білмейсіңдер ғой. Мен – Мағжан Жұмабаев дегенмін»,деді. Сол арада өзім оқулықтан жаттаған «Шал» деген өлеңін жатқа айтып бердім. Тағы да бір-екі жәшікті шанаға сап үлгерді: «Ә, мені ұмытпаған екенсіздер ғой. Біледі екенсіңдер ғой»,деп кемсеңдей сөйлеп, өзімді сұрады: «Ә, Бауыржан Момышұлы деген сіз екенсіз ғой. Естігемін. Білемін»,деді. Өтірік емес, шын Мағжан екеніне көзім жетіп, лагерінің командирін сұрадым. Сол арада поезд келіп, вокзал жабылып, сарт та сұрт боп кетті. Мен де асығыс маршалға рапорт беруге асықтым. Жарты сағаттан кейін жаңағы жерге келсем, әлгі шал кетіп қалыпты. Лагерьдің командирін танитын едім, қаладағы әскери кеңесте кездесіп тұратынбыз. Телефон шалып, Мағжан – қазақтың үлкен ақыны екенін, оны жеңіл жұмысқа ауыстыруын өтіндім. Ол келісті. Содан арада үш-төрт ай уақыт өтті. Әскери қарбаластан қол босамады. Бір жолы әлгі лагерь бастығын Новосибирьскідегі әскери кеңесте көріп қалып, өтінішімнің не болғанын сұрадым. Сонда ол: «Жерлес ақыныңнан айырылып қалдық. Сен тапсырғаннан кейін мен оны жеңіл жұмысқа – хат тасушы етіп ауыстырғамын. Көктемде Енесай өзенінің сеңі бұзылған кезде почта таситын қайық аударылып кетіп, суға кетті. Сүйегін таба алмадық»,деді маған. Мұңайып мен қалдым. Міне, менің Мағжанның өліміне себепші болмадым ба – деп ойлайтыным осы, қарағым»,– деп сөзін аяқтады.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных