Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 52 страница




«...Жоғарыдағы жайларды комиссия ескеруі тиісті еді. Өкінішке орай, баяндалған себеп-салдардың барлығы назарға алынбады, оның есесіне негізсіз, қатал үкім шығарылды. Мұны мүлдем әділетсіз шешім деп есептеймін. Жоғарыда баяндаған жайларды ескере келіп, ОБК-ның шешімін өзгертіп, маған негізсіз тағылған айыпты алып тастап, партия қатарына қайтадан алуды өтінемін. Менің 9 жыл бойғы үздіксіз еңбегім, әсіресе, кейінгі жылдарғы ауыр да белсенді қызметімді ескеріп ОБК-ның менің өтінішіме түсіністікпен қарайды, мені сүйікті БК(б)П партиясының қатарына оралуыма мүмкіндік береді деп сенемін», – деп аяқтады.

Ә.Байділдиннің сенімі ақталмады. Партбилеттің орнына бір аптадан кейін тұтқындау ордері берілді. Сөйтіп, осы шағымның негізінде оның өзін де тұтқындады. Бұл қамақтан өзінің енді қайтып жарық дүниеге аман шықпайтынын, ол, әрине, білген жоқ. Ең бірінші боп ату жазасына кесілді және үкім орындалды.

«Қаулы. 1929 жылдың 20-шілде күні. Алматы.

Азамат Әбдірахман Байділдин студент кезінде большевиктерге қарсы қарулы күрес жүргізу үшін ұлтшыл жастардан ұйымдастырылған ақгвардияның жасағына өз еркімен кірген, сонымен қатар ол Колчактың 3-армиясының қарсы барлау тобының құпия тыңшысы міндетін қоса атқарған, яғни, азамат Байділдин Қылмыс Ережесінің 58-7, 58-11, 58-13, және 59-3 баптарының тиісті тармақтарына сәйкес қылмыс жасаған, сондықтан да Қылмысты Істер жөніндегі Ереженің 128 және 147 баптарына сәйкес мынадай Қаулы қабылдадым:

Азамат Байділдин Әбдірахман, 32 жаста, қазақ, Петропавл уезінің “арғын” руынан шыққан, үйленген, орта білімі бар, ВКП /б/ қатарынан шығарылған, бұрынғы “алашордашы”, қазір еш жерде жұмыс істемейді – жоғарыда көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін айыпкер ретінде жауапқа тартылсын.

Байділдинге алдын-ала сақтандыру шарасы қолданылып, оны ПП ОГПУ-дің ҚСР бойынша комендатурасынның жанындағы түрмеге отырғызу үшін тұтқындалсын.

Шығыс бөлімінің бастығының көмекшісіСаенко.

“Бекітемін” ПП ОГПУ-дің ҚССР бойынша өкіліАльшанский.

Қаулы маған оқылды, өзімді кінәлімін деп санамаймын. Ә.Байділдин».

Иә, ол өзін кінәлімін деп санамайды. Бірақ та өзгелерді “кінәлі” деуге қандай қақысы бар еді? Тергеу ісіне қарағанда тергеушілер: партиялық бақылау комиссиясының берген қорытындысы мен Ә.Байділдиннің шағымындағы деректерге сүйене отырып оны сырттай жауапқа тартқан. Сол «сырттай берілген» көрсетінділерінде астыртын ұлтшыл ұйымның мүшелерін әшкерелеуге бет бұрған. Мысалы, 1929 жылғы 1 шілде күнгі көрсетіндісінде бірден:

«Қазақ ұлтшылдарының астыртын ұйымы жөніндегі іске байланысты Әбдірахман Байділдин мынаны көрсетті:

1922 жылдың басында, мен қазақ өлкелік «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы болып жүрген кезімде, маған алашордашыл ұлтшыл Байтұрсыновтың нағыз контрреволюциялық бағыттағы бірнеше мақаласын жариялауға тура келді. Біз ол кезде ұлтшылдардың ықпалында жүр едік. Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың ықпалымен мен көптеген ұлтшылдармен байланыста болдым. Әлі есімде, 1922 жылы Орынбор қаласында ұлтшылдардың кеңесі өтті. Ол кеңеске: Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов, Елдес Омаров және мен, Байділдин қатыстым. Кеңесте отаршылдарға қарсы күресу үшін ұлтшылдардың ұйымшылдығы мен бірлігі керек екені айтылды. Осы кеңесте Байтұрсынов бізге жақсы адам ретінде «Алашорданың» бұрынғы жазалаушысы Рахметолла Қаржаубаевті қызметке алуды ұсынғаны да есімде. Менің алған әсерім бойынша, ұлтшылдар әлде бір контрреволюциялық, құпия мәселесі бар сияқты көрінді»,– деп әшкерелей жөнеледі.

Осы көрсетінді бойынша ондаған адам жауапқа тартылып, оларға айып ретінде тағылды. Біз ол үзіктерді қажет тұстарда келтіргендіктен де, бұл арада қысқарта пайдаландық. Анық байқалатыны: Смағұл Сәдуқасовты қылмысты етiп шығаруға тырысқан тергеушiлер «Қаламды» солай қарай қақпайлай беріптi.

Ә.Байділдин (жалғасы): «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін – депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: «Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек»,– депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: «Жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақы тәсілмен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек»,– деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым,– деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек,– деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек,– деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды».

Бұл да аңғалдық па, алаңғасарлық па? Әйтеуiр парасатты, өмiрдiң шындығын бағалай бiлетiн адамның сөзi емес. Өзiн ату жазасына бұйырып отырған тергеушiден қандай достық күтпек? Жанын сақтап қаламын деп жанын суырып берiп отырғанын шыныменен де аңғармағаны ма? Өкiнiшке орай, ол мұнымен де тоқталмаған, екпiнiн үдетiп, «тағы да айтарым», «өткен жолғы жауабыма қосарым» деп қойып, отыз-қырық беттен тұратын «жауаптарын» жаза берiптi.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдоңғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдоңғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік Комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз,– дедім, ол уәдесін берді.

Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады... Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік Комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов қатысты, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».

 

Оның 1929-жылы шiлденiң 25-күнгi берген, тасқа басылғанда 45 беттік кәдімгі кіші-гірім кітапшаның көлеміне пара-пар көрсетіндісі –ең басты айыптаушы айғақтың бірі болды. Сондықтан да оның бәрін қамту мүмкін емес.

Ойымыз шашырап кетпес үшін әкімшілік пен партиялық жіктелуге қатысты кейбір тұстарын ықшамдап пайдалануға тырыстық. Күндердің күнінде бұл көрсетінді толық жариялана қалса, ондағы оқиғалар арқылы көптеген пікірлерді қайтадан сараптап, кейбір жақсы атты боп жүрген қайраткерлердің халқына, не жеке адамға жасаған қиянатына көз жеткізер едік.

 

Байділдиннің жауабы: «25/ҮІІ-І/ҮІІ №-1929 жыл. Мен өзімнің бір жолғы көрсетіндім арқылы сәдуақасовшылардың бүкіл тарихын толық айтып шыға алмаймын. Оған қазір қажетті жағдай жасалмай тұр, ең бастысы, керекті құжаттар қолымызда жоқ. Мен бұл арада осы ағымның бұрынғы жақтаушысы есебінде оның жалпы даму сатысының нобайын түсіремін және өзімнің есімде қалған кейбір деректерді айтып беремін. Сонымен қатар, кезінде дос-жарандарымнан естіген деректерді де пайдаланамын, әрине, ол деректердің дәлдігіне кепілдік бере алмаймын. Сәдуақасовшылдық ағымы партияға қарсы бағыт ретінде ҚАСР-нің құрылған күнінен бастап ұйымдасусыз-ақ қалыптаса бастады».

Ә.Байділдиннің жауабының «тыңғылықты» екені және «тақырыпты игеру» үшін барынша күш салғаны осы сөздерден-ақ байқалады:

«1920-жылы І Қазақ съезі өтті. Оның негізі сонда анықтала түсті. Әртүрлі көзқарастардың өзара үйлеспеуі жікшілдікке негіз қалады»,– деген пікірді сабақтап келеді де оны рушылдыққа әкеп телиді.

Біздің ойымызша, ол көзқарастардың астарында ұлттық мүдде жатты. Тек қазақ қайраткерлерінің арасындағы саяси күрестің тәжірибесі жетпегендіктен де, олардың өзара пікір таласы жеке бастарының ымырасыздығына жол ашты. Өкініштісі сол, мұның барлығын хаттап, қағазға түсіріп отырған большевиктер де, кейіннен «қужақшыл» голщекиншіл тергеушілер де өте шеберлікпен пайдалана білді. Бұдан әрі Ә.Байділдин өзінің саяси баянын:

«...Ол съезде, ұмытпасам, Әділев Байсеиіт пен Мыңбаев (Ақмолалық) және басқалар сөйледі. Әрбір жақ өзінше сьездің шешіміне әсер етуге, әсіресе, үкіметтің құрамына ықпал жасауға тырысты. Әрбір топ өзінің көсемін жетекшілікке ұсынды, яғни, КЦИК-тің төрағалығына Байтұрсынов пен Жангелдинді ұсынды»,– деп жалғастырады.

Осы арада ескерте кетеріміз, бірінші кітаптың «Жер жегісі», «Жан жегісі» атты тарауларында Ә.Байділдиннің көрсетінділері тақырыпқа орай барынша тиянақты қамтылып, талданған болатын. Енді тура сол жауаптарының ішіндегі жеке өз басына қатысты тұстарды іріктеп алып, оған қарсы дәлелдерді келтіріп, қысқаша ғана түсініктеме жасап, қайталап беруге амалсыз мәжбүр болып отырмыз. Өйткені бұл жауаптар «Алашорда» қайраткерлерін (жиыны 30 адам) түрмеге қамауға себепкерлік еткен және Ә.Байділдиннің жүйке жүйесінің қисындық желісі де анықталады.

 

Ә.Байділдин (жалғасы): «Бiз Орынбордағы өлкелiк кеңестiң екiншi съезiне жиналдық. Сәдуақасов бiзден бұрын кетiп қалған едi, қалған өкiлдер кеш аттандық. Бұл съезде жалпы саяси және шаруашылық мәселелерiмен қоса, Сәдуақасовтың жеке басы мен оның iс-әрекеттерiне қатысты талқылауларға айтарлықтай ерекше орын берiлдi. Семей мен Ақмола губерниясынан келген еуропалық ұлттардың өкiлi өзiнiң сөздерiнде Сәдуақасовтың жеке басының намысына тиiсiп, оның iс-әрекетiн әшкерелеп: ұлт араздығын қоздырды, орыс қызметкерлерiн отарлаушы деп жазғырды, т.с. – деген айып тақты. Ал аталған губерниялық қазақ өкiлдерi, керiсiнше, Сәдуақасовтың iстеген iсiн қостап, еуропалық ұлт өкiлдерiн кiнәлады. Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамын сайлау кезiнде әлгi өзара айыптаулар мен iшкi есеп өзiнiң шегiне жеттi. Бiз Сәдуақасовты Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына ұсындық, оны еуропалық жолдастар керi қайырып тастады. Бұл мәселе жiктелушi топтардың көп уақытын алды. Сәдуақасовтың өзi шығып ұзақ қорытынды сөз сөйледi. Ол өзiн қазақ халқының нағыз күрескерi әрi соның мүддесi үшiн азап шегiп жүрген шерменде ретiнде көрсеттi: ол еуропалық қызметкерлердi партияның ұлттық саясатын жүзеге асыруды тежеп отырған саналы отаршылдық пиғылдары үшiн айыптады. Ол бұл пiкiрiн ұлт мәселесi жөнiнде қабылдаған партияның 8 съезiнiң қарарлары мен Сталин жолдастың мақалаларынан үзiндi келтiре отырып дәлелдеп, мұның ұстанған бағыты келтiрiлген үзiндiлерге сай келетiнiн, партияның бағдарламасын жүзеге асыртпау үшiн орыс отарлаушыларының өзiнiң соңына шырақ алып түскендiгiн айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның өткен тарихынан мысал келтiрiп, оны бүгiнгi күнмен салыстырып, өзiнiң бағыт-бағдарының дұрыстығын дәлелдейтiн тұжырымдар жасады».

Егерде, 1920 жылы Смағұл Сәдуақасовтың жиырма жаста ғана екенін ескерсек, оның өз құрбыларынан қаншалықты ілгерілеп кеткенін және өресінің олардан анағұрлым жоғары екенін аңғару қиын емес. Ол елінің мүддесі ерте есейткен азаматтың бірі болды. Ә.Байділдин бұдан әрі Смағұл мен өзінің арасындағы қарым-қатынас пен қайшылықтарды айта келіп, өзінің 1920-1929 жылдар аралығындағы өмірін жалықпай саяси астар бере хатқа түсірген. Бұдан аңғарылатыны: тергеуші де және жауап беруші де нысанаға Смағұл Сәдуақасовты алған. Ішінара Мұхтар Әуезовті де шаншып, екеуін қосақабаттап “ұлтшыл” етіп шығаруды көздеген. Біз Смағұл мен Мұхтарға қатысты тұсын ғана іріктеп алдық.

Ә.Байділдин (жалғасы): «Оның сөзiн: бірінші жақтан: «Жойылсын ұлтшылдар!», екiншi жақтан: «Сөйлесін!», «Отарлаушылар, бөгет жасамауларыңды өтiнемiз!»,– деген айқайлар жиi-жиi бөліп кетiп отырды. Ол сөзiн аяқтаған кезде, барлық губерниялардан келген қазақ өкiлдерiнiң басым көпшiлiгi ұзақ қол шапалақтап, қошамет көрсеттi. Бұдан кейiн екi жақтың да у-шуы бұрынғыдан да күшейе түстi. Қорғаушылардың да, қаралаушылардың да сөздерi қатқыл-қатқыл шығып, iшiнара әдепсiз қылықтарға жол берiлдi. Мысалы, Сәдуақасовты қорғап сөйлеген Х.Нұрмұхамедов (Атбасардан келген уәкiл) бiрнеше рет қарсы топтың төралқасының столын жұдырықпен ұрғылап, аяғымен жер тепкiледi.

Iстiң ақырында дауысқа салғанда – дауыс ұлттық тегiне қарай екiге бөлiндi. Iшiнара кейбiреулерi болмаса, қазақтардың барлығы қостап дауыс бердi, ал, кейбiр қалыс қалған жеке адамдарды есептемегенде, орыстардың барлығы қарсы болды. Мәселе сол күйi шешiлмей қалды. Бiрақ та, кейiннен бәрiбiр 3-4 дауыс артық алған Сәдуақасов Қазақстан Орталық Атқару комитетiнiң құрамына өттi».

Бұл мәселе Смағұл Сәдуақасовпен алдын-ала келісіліп алынған сияқты. Істің бәрі де соның ықпалымен және соның күрес жолының бағытымен қақпайланып отырған. Бұл өте бір ауыр кезең еді. Қазақстанның үш түрлі өкімет билігінде (Батыс облыстар – Орынборға, солтүстік облыстар – Батыс Сібірге, оңтүстік облыстар – Түркістан өлкесінде) қалуы – өзара түсініспеушілікті тудырды және ұлттық мүдденің тұтастығын сақтауға кесірін тигізді. Әсіресе, Сібір төңкеріс комитетіне қараған Шығыс және Солтүстік губерниялардың ахуалы өте нашар еді. Жаңа орыстандыру мен қоныстандыру саясаты жүріп жатқан. Төңкеріс тек орыстарға ғана қатысты сияқты көрініп, қазақтар қызметтен шеттетіліп жатыр еді.

Ә.Байділдиннің «іске тігілді» деп атап көрсеткен хаттамасы және оған берген тиянақты түсініктемелері, деректері кеңес өкіметінің қылмыстарын әшкерелейтін «құпия құжат» болып табылады. Ұзақ та аса маңызды бұл мәліметтер осы басылымның «Жегі» атты бірінші бөлімінде арнайы талданғандықтан да және осыдан кейінгі Мұхтар Әуезовтің тергеуіне қатысты тарауда тағы да пайдаланатын болғандықтан да, бұл ретте оның жеке басына қатысты түрме тағдырын баяндаумен ғана шектелдік.

Үкім тергеу ісінің ҮІІ томының соңына тіркелген:

«ОГПУ (сот) коллегиясының 1930 жылғы 4-көкек күнгі кеңесінің хаттамасынан көшірме.

Тыңдалды: №78754 іс бойынша айыпталған: Байтұрсынов Ахмет пен Міржақып Дулатовты – ҚЕ 58/2,58/4,58/11,58/10 баптары бойынша,... Байділдин Әбдірахманды – ҚЕ 58/1,58/13 және 58/10 баптары бойынша... (жиыны 42 адам – Т.Ж.) айыпты деп тапты.

Қаулы еттік: Байтұрсынов Ахмет,... 13. Байділдин Әбдірахман – АТЫЛСЫН.

Іс архивке тапсырылсын. ОГПУ-дің хатшысы – қолы”.

Осымен ОГПУ-дің тергеуі мен соты аяқталған. Яғни Әбдірахман Байділдин он үшінші боп тізімге ілінген «аса құпия» хаттама сіздердің назарларыңызға ұсынылып отыр.

Тарих бұл адамды ар-ождан тұрғысынан қалай ақтайды? Оның жолын бiлмеймiз. Мұндай үкiмдi айту – бiзге де ауыр. Бiрақ ол кiсiнiң әрекетiне жекжаттары мен үрiмдерiнiң ешқандайда кiнәсi жоқ екенi анық. Сондықтан да заманның диiрменiне түскен тағдырды тәлкек етудiң өзi де қисынсыз. Ол өзiнiң жазасын өзi алды, өзiне өзi өлiм жазасын кестi. Бұл да зауалдың бiр түрi. Алаш қайраткерлерінің жанын күйдiрген жан иесi туралы бұдан артық сөз қозғауды лайық деп таппадық.

Қалған сөз келесі Мұхтар Әуезов туралы «Талқы» атты бөлімде қамтылады.

 

АРЫЛУ

(Қорытынды орынына)

Сонымен, арасында аз үзіліс жасап барып үш жыл бойы қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жинақтаған «Алашорда» қайраткерлеріне қатысты тергеу ісін көшірген дәптердің соңғы беті де жабылуға жақын қалды. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл мен қыздар жаппай қудаланып, партия, кеңес қызметкерлерінің арасынан да ұлтшылдар табылып, тергеу жүргізіліп жатқан тұста жасырын жазылып алынған (ішінара таспаға түсірілген) қатираның соңына – әр томға, әр адамға, әр жауапқа қатысы қысқаша сипаттамалар жазылыпты. Зады, КПСС Орталық Комитеті «қазақ ұлшылдығы» туралы қаулы қабылдап жатқанда да осынау «аса құпия құжаттарды» жариялаудың мүмкіндігі түптің-түбінде туатынына сенген сияқтымыз.

Сол күндердің әсерінен туған алаң ба, жоқ, бұл құжаттардың қайтып қолға түспейтініне көз жеткендіктен бе, әлде аяулы алаш зиялыларының бейнесін жүректе сақтап қалуға деген шексіз ыстық сезім бе, кім білсін, түрме психологиясына қатысы бар-ау деген ойларымыз бен ескертпелер де қағазға түсіпті. Дәл қазір нақ сол кездегідей аңсарлы болмағанымен де, бұл жазбалардың ұмытыла қоятындай жөні жоқ, онда келер жылдардың зерттеушілері де зер сала жүретін ой ұшқындары бар екен. Әсіресе, алаш зиялыларының тағдырына ықыласты зиялы қауым үшін танытар емеуіріні мен айтар астары да бар сияқты. Сондықтан да, «Ұраным – Алаш!..» атты әфсананың тікелей жалғасы болып табылатын үшінші бөлімдегі пайымдаулардың арнасы бұрынғы «әннен өзгерек» болатындықтан да, деректердің жиналуы, салыстырылуы, жазылуы жиырма жылға созылған кітаптың қорытындысын дәптердегі сол сипаттамалармен аяқтауды жөн көрдік.

Тергеу ісімен танысу, барлық елеулі оқиғалар сияқты кездейсоқ әрі табиғи түрде басталды. «Табиғи болуының» себебі, алаш идеясы бала жасымнан маған таныс, тіпті, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Әзімхан бейнесі мен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуіндегі» алашорда қайраткерлері туралы деректермен ұлт көсемдерінің жағымсыз бейнесін салыстыра әдеби кеш өткізіп, мектеп қабырғасынан айға жуық шеттеп қалғанымыз да бар болатын. Университетте курстың тең жартысы: «Тарихымызды білгіміз келеді»,– деген желеумен шет тілі пәні ретінде араб тілін оқыдық. Айтуған Шәйімов, Мұратқан Қаниев, Құрманғазы Бексайынов, Дәуітәлі Стамбеков, Жүрсін Ерманов, Нұрқасым Әмірғалиев, Несіпбек Айтов, Жанболат Әуіпбаев қатарлы курстастар ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөлімінде «Айқап» пен «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш», «Ақ жол», «Қазақ тілі», «Сана», «Әйел теңдігі», «Құс жолы» басылымдары мен сол жылдары шыққан сирек кітаптарды алдырып оқитынбыз. Кейін бұлардың біразы сырт тартып кетті. Тек Құрманғазы ғана «Ақ жол» газетіндегі публицистика» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғады.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных