Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 9 страница




– Аз уақыт бой тасалап, Күләннің таудағы бір туыстарынікіне бара тұршы!... Күләш айтты оңаша бір үйдің жайын... алаң боламын десең, мен де өз қасыңда болайын.

– Ел жағдайы артып отырған мына міндетті қайтеміз?

– Бұл міндет сенсіз де орындалатын болды ғой!... Халықтың жеңуі сөзсіз... Ал, сенсіз мен жоқ. Сен бір...кетсең... қайта табыса алмаймыз... Көрген түсім ыңғай осылай.

– Иә, әрине солай, күндіз соны ойлайсың да, түнде соны көресің,– деп күлдім мен. Күлкімді әдейі жалғастыра қайырылсам, Ғұпыр таз он метрдей ғана аралық сақтап соңымызда келе жатыр екен, – иіскелеп келеді,– деп қалыңдық білегін қысып қойдым да, жүзіне қараған болып таза естірте сөйледім. – Сіздің жігітті күтеміз деп кинодан қалып қоймайық, қыз керек болса, өзі тауып алмай ма? Артымыздағылардың бәрі озып кетті. Біздің бұл жүрісімізден ит те зерігер, тез жүрейік.

Абдығұпыр озып, алдымызға түсе қойды. Нұрия оны танымаса да, менің сөзімнің нысайынан түсіне жауап қайырды.

– Асықсаңыз жүре беріңіз, ол маған «қуып жетемін» деп қалған.

– Дәл жауап болды,– деп күбірледім, «жүрісімізден зеріккен ит» ұзаңқырап кеткен соң. Бұл пәлені менің ізіме Кәмен түсіргенін айтып едім, Нұрия сескене қалды.

– Кәменнің сайлауы сенің басшылығыңнан болғанын осы жүрісімізден біліп кетті ғой онда?

– Екеуміздің әлгі сөзіміз содан құтылудың мықты жауабы болмады ма?

– Сенер ме соған?... Не деп едім жаңа, сенің сөзіңнің тұспалына қарап сөйлей салып едім, ұмытып та қалдым.

Мен өз сөзім мен Нұрияның оған қайтарған жауабын қайталап айтып бергенімде күліп жіберді өзі.

– Рас, рас жақсы жауап болыпты. Сұрай қалса, осы ізбен жүре берем ғой.

– «Жігітіңнің» аты кім екенін сұраса, Ынтықбайды айта сал, мен оған мойындай салуының оңайлық келтіретінін айтып қояйын.

– Қойшы, аға ғой ол!... Жоқ тіпті, айтпашы мұндай сөзді, айтпайықшы, жаман ырым болады ғой!... «Жігітім» деп басқа ешкімнің атын атамай-ақ құтылармын!

– Онда, егер қинайтындай болса айта бер мен екенімді. Менің құтылар жауабым тіпті оңай.

– Сені сұраққа тартқызбақпын ба?– деп күрсінді Нұрия. – Басқадай жауап та табылар... Саған кір жұғатын бір сөз туылса, есім шығып кетеді.

– «Мәдениет клубының» қақпасына келсек, Ғұпыр таз бізге сол жерден баспалай қарап тұр екен. Біз қасына әдейі барып тұра қалдық.

– Ой, «әлгіңіз» келмеді ғой,– деп мен жан-жағыма қарай түстім.

– Келер,– деді Нұрия, – кино басталғанша келмесе, мейлі.

Ғұпыр таздың өзін бақылаушылар да тұс-тұсынан келіп тұрғаны байқалды. Бірін-бірі танымайтында дара-дара тұрған бірнешеуге таз да көз қиығын тастай береді. Талайды көріп, байқап болған мығым төбет сияқты, құйрығын қайқайта түскендей, дүрдиіп, керіліп тұр. Көптен қырылмаған сақал-мұрты тал-тал болып, ерекше түксиіңкі көрсетті.

– Келмеді ғой,– деп оған естірте күбірледі Нұрия, – енді кіре берейік, келсе тауып алар.

Көп адамның арасымен Нұрияның соңынан жылжи барып, клуб залына өткенімде, кіріп келе жатқан тізбектің соңынан таз да көрінді. Билет тексерушілерге көк кінешке тәрізді бірдемесін жеңінен жылт еткізіп қана өте шықты. Бақылаушылар бастырмалатып ере кірді.

Біз орынға келіп отырып, маңайымыздан тазды көре алмап едік. Бүйірдегі шығар есіктің алдына барып түрегеп тұр екен. Көзі біз жақтан ауар емес.

Кино қойылып жартылап қалған бір алакеуім шақта Нұрия менің білегімді қаусыра құшып сыбырлады.

– Осындай уақытта алдыңғы есіктен шығып кетші!

– Менен алаң болма Нұрияш!... Артымыздағы төртінші қатарда сабақтас қыздарың отыр, сен қазір солардың қасына барып отыра қал да, солармен бірге қайт. Сенімен енді бірге көрінбесем болғаны, маған хауып жоқ.

– Мақұл, бірақ, сен кино бітпей шығып кетші!... Таңертең ерте жет Күләннің үйіне!...

Таңертең аман қалған-қалмағанымды білуге соншалық асығатынын, тіпті түн бойы кірпік айқастыра алмасын да түсіне мұңайып қала бердім. Ол жете бере сабақтас ұйғыр қыздары сырылып орталарынан орын берді. Мен қайтпадым; ерте шығып кетуім тыңшының күдігін қоздырады. Және Нұрияны аңдуға қалдырмауым көңіліме тыныш қой...

Кино бітіп, зал дүр ете түскенде, Нұриялар да тұрып есікке беттеді. Менің қозғалмай тұрып қалуыма жалтақтай жетті есікке.

Таздың назарын өзіме тартпақ ойым бекер екен; Нұрияның соңынан ере жөнелгенде, мен де ұмтылдым. Төрт қыздың соңынан таз қалар емес, арт жағына қарай-қарай ілесті, негізгі нысанасы мен ғой. Соңынан андыздап бақылаушылар да кетті. Қақпа алдынан баспалап аз кідірдім де, ықтиярсыз мектеп жаққа тарттым. Арттарынан көрінсем-ақ Кәменнің дәлелдемесі дәл баса түспек.

Қайтушылар тізбегінен артта қалыппын. Жатақханама түнгі күзет шаңқылын кеше жетіп, қанша түйілсем де ұйқым келер емес. Нұрияның қамшылдығы енді менің басыма түсті. Жексенбі таңын аунақшып атырып, күн шыға Күләннің үйіне жеттім. Ауыз үйде шешесі от жағып күйбеңдеп жүр екен. Сәлеміме жауапсыз сөйлей жөнелді.

– Балам-ау, бұл жалмауыз тыныштық бермеді-ау сендерге, әкелеріңді алып болып, аузын енді сендерге ашыпты ғой! Әлгі Нұрияшты сақшы ұстап, таң атқанша тергепті.

Маңдайымнан тер бұрқ ете түсті:

– Келді ме, аман ба?!

– Келді, аман!... Үш сабақтасы осында жеткізіп салып қайтты.

Төр үйге ұмтыла бергенімде ұзын қара қоңыр шашын тарқатып алдына жайған Күлән есіктен шыға келіп, менімен тағы да сүзісе қалды. Қолындағы тарағы жерге түсіп кетті, тағы да күліп жіберді өзі. Шешесінің көзінше қалжыңдай алмай күлді бұл рет. – «Қарындасыңыз» ұйықтап жатыр, – деп жерден тарағын ала сықылықтады да, зорға тиды күлкісін, – үндемей ғана барып отыра тұрыңыз, ұйықтап алсын!

Мені кіргізіп жіберіп, есікті жаба салды сол сөзбен.

Нұрия керуетте жатыр екен, аппақ білегін төбесінен айқастырып, алқымдағы екі түймесі ағытылған ал қызыл кофтасымен ұйықтапты. Жай-күйін сұрауға да, аймалауға да асыққан жүрегіме «тәк-тәк» айтып, терезе алдындағы орындыққа үлкен зорлықпен беттеген сияқты едім. Толқын соққандай ығыппын да, дәл қасынан жанай өтіп барып тоқтаппын. Көрпе омырауына жетер-жетпес қана жабулы. Алдымен қабағына қарап едім, ашудың да, қайғының да дағы жоқ. Кірбеңсіз, көңілді ұйықтағанын көріп, жай тапқандай болған жүрегімді өз жүрегіне тартып әкеткендей, үйріліп тұра қалыппын.

Албыраған ақ сары жүзінде, шығар күннің шұғыласына шомылған үкі бұлттай бет ұшы нарт жанып, одан да биікке өрлеген қыран қанатындай қайқия екі қасы керіліпті. Жұп-жұмыр алқымы атқан таңдай арайланып, көзіме нұр құяды. Сол таңды қарсы ала енді ашылып келе жатқан қызыл гүлдей ерін «сүйші» дегендей емеурінмен еркімді әкетіп барады.

«Иә, таң нұрына бөленген бұл маған ғана арналған, бәрі менің ғана меншігімде, мына жас қайыңдай майысқан ақ білектер де менікі, мен үшін ашылған ыстық құшақ, нұрлы бақ! Бұл бақ жәннәтіна бөлену, менің қолымнан ғана келеді!...

Бірақ, жағдай қатері төніп тұр-ау, қатал тағдыр қоспай кетсе қайтерсің!... Пәк жанын кірлеп, сау жүрегін жаралап, ақ көңілін қаралап қойып, өліп кетсем иә дауыл айдаған жаққа ықтиярсыз кете барсам, мен бір шіріткіш бактерияның ұяса, қара қазанның күйесі болмаспын ба?... Қабен сынды адал дос, «адамгершілігіңе тапсырдым» деп еді ғой! Иә, өзі де менің адамгершілігіме берілген... Мұның көңілін де, өз көңілімді де мезгілсіз қытықтамай, аулағырақ барып отырайын!»

Сабыр тынымын шақырғандай бұл ой әпсәттік қана салқын лебімен желпіп өте шықты. Саждаға төнген сопыша бар итағатыммен еңкейе түскенімді сезбеппін. Көкірегіне құлай бере қайта көтерілдім; әлгі өзім шақырып алған «сабыр жолдас» кеудемнен тірей қалғандай болды. Ашық алқымын көрпесімен жауып қымтадым да, қайта айнып, қайта аштым. Сол сәулелі алқымға жабыса кетті ернім.

Нұрия селк етіп оянды. Мен де селк ете түскендей көтеріле беріп едім, қос білек жабыса тартты құшағына. Басымды оттай ыстық көкірегіне басты.

– Түсім бе?!– деді қыса құшып.

– Иә, түсің... осы жолы жақсы түс көрген шығарсың?

– Мұндай түс көрсем ешқандай қатерден қорықпас едім...

Екеуміз қатар күрсіндік. Нұрия есікке қарап алаңдады да, мен тұрып барып орындыққа отыра кеттім. Нұрия басын көтеріп, байпақшаң аяғына туфлиын іле түрегелді. Беті-қолын асыға жуып, сүртінді де, жандаса келіп отырды қасыма.

– Түнде не болды?– деп сұрауға мұрсам енді жетті:

– Жолымызда сақшының жасырын бөлімшесі бар екен,– деп күлімдей бастады Нұрия сөзін. Шашын өріп болған Күлән да екеуміздің ашық үнімізді ести келіп отырды, – сол қақпаға жете бере әлгі таз менің білегімнен ұстай алды.

– «Сізбен сөйлесетін біраз іс бар» деп жан қалтасындағы кішкене көк книшкасын басқа қыздардан далдалай шығарды, «мен жыңса1 қызметкері» деп маған ғана естірте күбірледі. «Сізден бір ахуалды сұрап анықтамақпыз, қорықпаңыз, басқадай жаман іс жоқ; бұл мекеме» – дейді. Қасымдағы үш қыз қоршай шулады оны. Бәрі Ілелік қыздар.

– Бармайды, мұндай қыз оқушыға түнде мекеменің не ісі бар екен!

– Іс болса, күндіз барып, мектептен сұра, қазір саған қосып бере алмаймыз! – десті. Артымыздан келе жатқан төрт-бес жігіт жақындап келіп топтаса қалған екен. Біз жақ екенін түсініп көңілім орынға түсті. Шпион оларға бір қарап қойып, екі рет ысқырық тартып еді, қақпадан мылтықты екі сақшы шыға келді де, таздың ишарасымен мені айдай жөнелмекші болды. Қыздар енді олардың алдына тұра қалып, ханзуша тілде айтыса кеткенде, таз жайма-шуақтап, «жай ғана бір ахуалды сұрап» алатынына сендірді. Үш қыз сонда да менімен бірге кірді қақпаға. Жігіттер сол орындарында өзара қалжыңдасқан, күлген болып қала берді. Қақпа босағасындағы есікке кіргізді бізді. Үш сабақтасымды ауыз бөлмеге отырғызып қойып, аттарын сұрап жазып алды да, мені төргі бөлмеде тергеді. Атымды, әкем атын, жасымды, жерімді сұрады.

– Әкең қайда? – деп сұрады сонан соң.

– Шың Шысай қамаған түрмеде.

– Не себеппен кірген?

– Білмеймін, мен онда кішкенемін. «Бандыға ермей қойғандығынан ұсталды» деп шешем ұқтырған.

– Үйің бандыға қатынасып кеткен ғой?

– Жоқ, қатынаспайды! Осы өткен күзде де үйіме барып қайттым. Біздің ауылдан банды шыққан емес!

– Сіз не үшін жүзіңізді өзгертіп, еркекше киініп жүресіз?

– Қашан өзгертіппін?

– Былтыр қыста, биыл да... еркекше киініп, мұрт жасап өзгеріп жүргеніңізді қазақ клубынан, көшеден көргендер бар!

– Мұныңыз өтірік... Өзіңіз ұялып қалатын өтірікті айтпаңыз маған!

– Бұл рас!... Сіздің өтірік айтпауыңыз өзіңізге жақсы, қашан да мойыныңызға қойылады!

– Мойныма қойшы айғағыңызды әкеліп, мойындата алмасаңыз, үлкен болсаңыз да, өз бетіңізге түкірігім тимей қоймайды.

– Не дейсің?

Мен ауыз бөлмедегі қыздарға естіртіп, өршелене жауап қайырдым.

– Мойындата алмасаң бетіңе түкіремін деймін... Сол көрген кісілерің, еркекше киініп, құбылып жүрген кезімде неге ұстап алмаған?

– Бап болды, – деп қалды ауыз үйден тыңдап отырған ұйғыр қыздардың бірі. Таз тергеуші күреңітіп тығыла қалды:

– Ақырын сөйлеңіз, басқа адамға естіртуіңізге рұқсат жоқ!

– Бұл, ақырын жауап қайтаратын сұрақ емес... Бұдан қатты жауап естігіңіз келмесе, осы нақақ жала жабушының атын айтыңыз... не үшін жала жабатынын мен айтып бере аламын!

– Егер бұл жала болса, кім айтты деп күмәнданасың?

– Күмәнданбаймын, фактым бар, ол жалақорың «бірнешеу» емес, біреу ғана. Оның өз бетіне де келістіріп түкіргенмін!– деп күлдім мен, қасақана қатты күлдім (Нұрия осыны айтып, тағы да «қатты күліп» – сыңғырлап алып жалғастырды сөзін). Өз бетіне түкіртіп алған жаласымен сіздің бетіңізге де түкіртіп, күйе жаққызатыны сөзсіз. Жасыңыз үлкен адам екенсіз, одан сақтанғайсыз!

– Сіз кімді айтасыз, аты кім оның?

– Кәмен!... Ол маған хат жазған. Мен қабыл алмағанмын. Екінші рет тағы бір хат жазып, мені қорқытып көндірмек болды. Мен сонда түкірдім. Сол хаттағы қорқытқан сөздерін тергеу материалы етіп, сіз де қорқытпақсыз ғой. Ол ақымақтың сөзінен сіз де ақымақтық жұқтырып алмағайсыз!

Осыны айтқанымда Ғұпыр таздың басы қышып, қатты қиналғандай, қалпағының сыртынан қаси берді. Мен «қалпағыңызды алып қасынсаңызшы, жыртылады ғой» дей жаздап күле бердім. Сол күлкім де ем болған сияқты, басыла берді, ойланып қалды.

– Ол хат қайда?– деп сұрады бір кезде.

– Өзіне қайтарып бергенмін,– дедім мен.

– «Хатты кім арқылы қайтардың?» деп сұрар ма деп дайындалып едім. Ол жағын Кәмен айтпаған сияқты, таз сұраусыз ойланып қалды. Хабарсыз екенін байқадым да, бізге ең керекті сырды анықтай түскім келді:

– Егер ол хатты өзіне қайтарып бермей, ағаларыма көрсетсем, ұрып жығар еді оны. Қисынсыз жалаға кім ызаланбайды!– деп төмен қарап бұртия қалдым. Таз жалт қарап сұрады:

– Ағаларың кім?

Мен Кәзеннен бастап, Үрімжідегі үкімет күмәні азырақ деп саналатын ағайларымның төрт-бесін атадым.

– Ілелік жігіттерден кімдерді білесіз?

– Анық танитыным жоқ.

– Сізбен амандасып, күліп өтетін бір әскери татар жігіт бар ғой, аты кім еді соның?

– «Атын білмеймін» дедім мен. – Расында да мен танымайтын бір жуан ноғай көшеде көрген сайын жылы ұшырап, сәлемдесіп өтетін болған. Сенің достарыңның бірі болар деп мен де жақсы амандасып жүргенмін...

Нұрияның айтып отырған ноғайы – Репқат екенін, Нұриямен байланысымды да сыртымнан біліп алғанын түсініп жымия түстім. Бірақ Абдығұпыр таздың Репқатты тіпті қатты тіміскілеп жүргенін сезіп, жүрегім өрекпи қалды.

Сіңлісінің бұл сөзін қызықтап Күлән күліп жіберді.

– Қайын ағаң шығар, сәлем етпедің бе?– деп күлді ол.

– Қойшы, жай-жапсарды толық түсіндірейін дегенім ғой,– деп қызғылт тартқан Нұрия сөзін жалғастыра берді,– шпион таз соны қайталап көп сұрады менен.

– «Атын білмейтін, таныспайтын жігітпен қыз қалайша күлісіп амандасады?... Осының себебін айтыңызшы!» дейді.

– Кім біледі?– дедім мен. – Атын білмейтінім рас. Біз атын білмесек те күлімсіреп амандасатын жігіттер көп, көңілі бар жігіттер күлімсіремей, түксиіп амандаса ма,– демесіме болмады.

– Сіз неге күлімсірейсіз?... Ұялып отырған сияқтысыз, айта беріңіз, махаббат байланысын тексеріп, шектемекші емеспін!

– Олай болса, не үшін сұрап отырсыз менен?!

– Жігітіңіз сол ғой?– деп күлімсіреді тыңшы. Мен тағы «ашулана» бастадым.

– Түні бойы иен бөлмеде менің жігітімнің кім екенін тергейтін не хақыңыз бар?!... атын да білмейтін біреу, менің жігітім болмақ па, шатпаңыз, албаты сөйлемеңіз өйтіп!

– Олай болса, жігітіңіздің аты кім?

– Жігітімнің аты пәлен деп сүйінші сұрамақпын ба сізден?

– Оны сұрап білуге хақымыз бар, сақшы қызметкері бекер сұрамайды!

– Сақшы бекер сұрамаса, алдыңғы сұрағаныңыздай бандының қызы бандымен махаббат құрмақшы деп күмәнданады екенсіз ғой? Мен Гоминдан қамқорлығындағы Гоминдан мектебінің оқушысымын. Бандыға барсам, басымды кесіңіздер, ұқтыңыз ба?... Әлі уағдаласпаған жігіттің атын сақшыға жігітім деп мәлімдеп, күлкіге қалмақшы емеспін, мұны да түсініп қойыңыз! – дедім... Ит те күле алады екен,– деп күлді Нұрия сонан соң, – таз күлімсіреген бейнеге келді.

– Айтпақтайын,– деп жылтыңдай қарады маған, – киноға сізбен бірге кірген кім?

– «Биған» деп атайды ғой біздің сабақтастар. Ол жөнін сіз білмесеңіз, мен түсінбеймін,– дедім.

– Бірге жүріп қалай түсінбейсіз?

– Менің жерлес ағаларыммен бірге оқиды. Ол да сіз сияқты ана жігітің, мына жігітің деп қылжақтайды. Сіздер сияқты өсек аңдыған кезбелерді түсіну мүмкін бе?...

– Ол да сізден біреулердің ахуалын сұрап тұра ма?

– Ол сіз сияқты тергеуші емес, оқушы ғой. Бірақ ол да маған біреулерді «жігітің» деп таңа жүреді. Сізге ұқсайтын жері сол...

Осы сөзіме таз күлімсіреген болып, көп ойланып қалды да, соңынан Ынтықбай, Салық, Қуат ағайды, тағы бірнешеуді сұрады. Ынтықбай мен Салықтың бір жерлік туыс екенін айттым. Басқаларын танымайтындығымды түсіндіре сала, терезеден көрінген таң қылаңына қарап шындап ашуланбасыма болмады:

– Маған байланысты іс болса, сұра, болмаса, өзім түсінбейтін құрғақ мылжыңыңның керегі жоқ! – деп түрегелдім.

– Мұнда болған сөзді бірде-бір адамға айтсаң, қатал жазаға тартыласың!– дей салып, тіл хатты менің атымнан өзі жазды да, маған ұсында.

– Қол қойыңыз!

– «Бір түнді түгел алған бұл тергеуіңді мектеп кеңсесіне мәлімдеймін!» деп жаздым да, шыға жөнелдім.

 

* * *

 

Абдығұпырдың Нұрияны тергеуі осылай өтіпті.

– Қалай?– деп күлімсіреді Күлән маған қарап. – Біздің сіңлі емтиханнан өте ала ма екен?

– Өте алатынынан күмәндансам, көруге асыға жүгіріп, өзіңді сүзе берем бе?

Бұл сөзіме екеуі қатар сыңғырлап, ұзақ күлді. Мен Абдығұпырдың тергеу әдісіне шынымен сезіктене қалдым. Мәселені психикалық жақтан зерттеуге тым пәле таз сияқты көрінді маған. Мұндай жайма-шуақсыған ұсақ-түйек сұраулар қоюшы адамның жауап берушінің ажар-жүз құбылысын қатты аңдитыны белгілі ғой. «Нәзік сезімді жас Нұрияны айлакер, сұм таз сол жағынан ұтып, кей сырларды жүз құбылысынан тартып алып қалған шығар» деген күдік пайда болды:

– Нұрияш, ол таздың сұрақ қойған кезінде көз қырын сенен алмай байқап отырған шығар?– деп сұрап едім:

– Иә,– деді Нұрия маған жаутақтай қарап, – сырды менің шырайымнан іздейтінін бірінші сұрағында-ақ біліп қойдым. Бірде ашуланып, бірде мазақ қылғандай күліп отырғаным сол. Оның ойындағысын жоққа шығаруға тырыстым.

– Мен туралы сұрау қойылғанда бетің қызарған шығар?

– Жоқ, өзімнің ең сақтанайын дегенім сол болатын,– деп жайнай түсті Нұрия, – мұрнымды әдейі тыжырып, тәкаппарланып алдым.

– Ғұпырды көрген соң Биғабілдің атынан да жиренген екенсің ғой?– деп жымиды Күлән.

– Сөйтпесем... Мұны өзім ұстатармын, – деп Нұрия қызара қалды да, бетін екі алақанымен басып, көкірегіме сүйене құлады.

Күләннің күлімдеп отырған отты қара көздері де жасқа тола кетіп ауыз үйге шыға жөнелді. Ол есіктен аттасымен Нұрияны көкірегіме құшырлана тартып қыса түстім.

– Рұқсат берсін-бермесін, біраз күнге тауға шыға тұрайықшы!– деп тығылды Нұрия.

– Неге?... Тергелуден аман тұра тұрғың келе ме?

– Жоқ, өз басым... Түрмесінен де қорықпас едім ғой.. сенің... сенің амандығың үшін.

– Мен не болады екенмін, шешуші күрес кезеңінде тайқап шыға берсем, кім болмақпын?

– Елдің мұратына бір жететіні сөзсіз. Ал, менің бар қорқыныш, бар қатерім сенде тұр,– деп өксіп қалған қалыңдық, жеделдете сөйледі, – қазіргі кезеңдегі азаматтық негізгі міндетіңді орындап болдың. Енді мен үшін, менің өмірім үшін апталық уақытыңды қи!

– Неге бұлай дей бересің жаным-ау, өз азаматтығыңа да лайық сөз емес қой мұның!

– Лайық емес, ойлағамын... бұл сөз де қатты батады, шынымды айтайын... Осы келер аптада ел-жұртқа емес, екеумізге ғана керемет құйын соғатындай сезіледі... Сенің тағдырыңа өте қатерлі... Сенің ол халың әрине маған қатерлі... өлмейтін адам болмайды ғой, рас, тағдырда солай жазылған болса... өлсе өле берерміз... Бірақ... бұл өмірден не қызық көрген болып өлеміз сонда... тым болмаса... екі-үш күн бірге тұрайық та... аз күн көз жаздырып қайтсақ, мүмкін аман қалармыз.

– Нұрияшым!... Нұрым! Рухи сенім жағынан жеңілген екенсің сен... дұрыс емес... тағдырды дерексіз рухқа байлаған сенім қателестіреді. Болмашы құбылыстан үрей туылады да, көлеңкеңді де көр етіп көрсетеді. Үрейлене берме, біз жеңеміз!... Қорқынышты түс көруден үрейге берілу дәл қазіргі біздің ісіміз емес... Біздің ісіміз – өмір үшін өлгенше күресу. «Күрессіз күн жоқ» дейтініміз – күрессіз ел жоқ. Ел жоқ болса, сен де жоқ, мен де жоқ. Ерлік күрес үстінде күл болсақ та күніміз қалады, ел аузында үніміз қалады, Нұрияшым, қателеспе, көппен бірге көрелік. Өзіміз бастап беріп, өзіміз тастай қашсақ, бізді не дейді ел.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных