Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 11 страница




Жебей басып, жеделдете жөнелдім. Алды-артымды бағып келемін, ағып келемін. Мені аңдыған ешкім көріне қоймады. Лепірген жас жүрегім қарғып келеді. Жақындаған сайын жар иісі аңқи түскендей, жан жүйем балқи түсті... Маңымды шола келіп, таныс есікке лып бердім.

Мұндайда сүзісе қалатын Күлән көрінбей, кәрі шешесі қарсы алды. Сәлемімді қабылдай сала, Күләштің Нұрияшқа кеткенін айтып, төр үйді нұсқады:

– Отыра тұр балам, қазір келіп қалар.

Босағадағы электр кнопкасын бастым да, Күләннің қолыма ілінген бір кітабын алып отыра қалдым, жүрегім асыр салып тулай жөнелді. Бұрынғымдай кітап оқи тұруға зорлансам да, мойным иілер емес, есікті тыңдай бердім, жүрегім лобли берді. Сенбі сайын осында ерте келіп күтетін Нұрияштың аман көрісуге бүгінгідей ерекше асығатын күні осынша неге кешіккені көкірегіме сияр емес...

Соншалық тықыршып, сарыла күткен хабарым, құлағыма жұдырықпен қойып жібергендей болды бір кезде. Тұла бойым зың ете түсті.

– Жоқ па?... Не бопты?– деп қалды ауыз үйдегі шешей...

Жауап естілмей, жаутаңдай қараған Күлән кіріп келді. Көзім атылып шығардай қарадым білем:

– Сабыр, Биға, сабыр!– деп жайшылықси күлімсіреді. Бірақ шырайы солғындау.

– Қайда кетіпті?– деп мен де сабыр шақырғандай жымидым.

Күлән үстіндегі жұқа пальтосын шешіп ілді де, менің жанымдағы орындыққа келіп отырды. Аппақ саусақтарын уқалады. Бұл «баптануына» қарап, басынан бастайтын бір суық әңгіме барын сезгендей тітіреніс пайда болды маған.

Күлән төмен қарап отырып, сөзін аса ыждағатпен бастады.

– Сақшы жөніндегі тапсырмаңды өткен дүйсенбі күні жеңіспен орындағанбыз. Бізге мектептегі барлық ұйғыр қыздар қосылған. Мектеп кеңсесінен қалалық сақшыға наразылық қатынас жаздырып алып шыққанбыз. Көшеде бірінен-бірі естіген мұсылман әйелдер түгел ілесіп, шулай кірді сақшыға. «Әйелдерді сұраққа түнде шақыру тоқтатылсын», «түнделетіп тұтқындау тоқтатылсын!» деп ұрандадық. Жұйжаңдары1 шығып кәукелектеп, біздің талабымызды мәжіліс залына кіргізіп отырғызып тыңдады. Жүрердегі ақылдасуымыз бойынша Нұрияны сөйлетпей, түнде болған ахуалды қасындағы үш қыз сөйледі. Жабыла тағы бір ұрандатып жібердік. Әйелдер мектебінің наразылық қатнасы мен Нұрияның өз арызына Кәменнің хатын қоса түсіндіріп мен ұсындым. Тапсырып алған бастығы бар талабымызды изектей қабылдаған болатын,– деп Күлән бір тынып күрсінді. Күрсінді де тағы да күлімсіреген болып жалғастырды сөзін. – Содан мектебіне қайтқан Нұрияш осы үйге бейсенбі күні кешке жақын бір келді, сенің ахуалыңды сұрап қайтқан болатын... Кеше мектебіндегі бір ұйғыр қыз Нұрияштың мектепке бармағанын айтып іздеп келді. Жаңа Ақылбай екеуміз барып, таба алмай қайттық. «Мектепке бүгін де келмеді» деп оқытушысы бізден сұрайды.

– Жоғалғаны ма?– деп ышқынып қалдым мен. Маңдайымнан тер бұрқырай түсті. Кейін күлкіге қалатын қылық болмасын деген сақтықпен сонда да қалпымды сақтауға тырыстым, – көрпе-жастығы, киім-кешегі орынында ма екен?!

– Бар, бәрі орнында тұр. Нәрселерін тізімдеп, қасындағы ұйғыр қызға тапсырып қайттым.

– Бейсенбі күні келгенде басқадай не сөйлеп еді?– деген сұрауыма Күлән ойланып барып жауап қатты.

– Иә, бұдан төрт-бес жыл бұрын Сарсүмбеден көрген екі-үш кісіні сол күні Нәнміннан1 көріпті. Боғдаға қоныс аударғанын айтып, Қабеннің үйіне де бір қонған кісілер екен. «Өздері танымаған шырай көрсеткен соң амандаспай өте бердім» деді Нұрияш.

Мен елең ете түстім.

– Түрі қандай кісілер екен?

– Оны айтқан жоқ.

– Сол алдыңғы күні кеште Кәменге ілесіп, қазақ-қырғыз ұйымына кірген екі кісіні өзің көрдің бе?

Күлән таңырқай қарады маған:

– Жоқ.

– Әттегене! – деп түрегелдім орнымнан. Ауыр күйзелгенімді шырайымнан байқағандай, Күлән сырт айнала беріп көзін сүртті, – сол көрген кісілерінің тым болмағанда бірінің түрін айта кетпегені-ай!

Күләннің үні дірілдей шықты.

– Кәмен осында жүрсе, бұрын бірер рет қана көрген бейтаныс адам қалай әкетпек оны?... Олардың ырқына Нұрияш көнер ме?... Биғаш, қиналмашы, сабыр етші! Осы Үрімжіден табылар ол!... Ақылбай сақшы орындарынан сұрастырып, іздемек болды ғой... «Көп адам іздейді» деді оны... жоғала қоймас...

Осы ақшам үйілерде ғана ағындап лепіре жеткен үйімнен күйреп сенделектей қайттым. Аспан қап-қара бұлт, күлім қаққан бар жұлдызымды түнек жұтыпты. Қатты мас болғандаймын, жер жүзі жөңкіліп, мені қақпақылдай қағып, қақпайлап ала жөнелгендей. «Кәмен еріп жүрген болса сол қазақтар әкеткені ме Нұрияшты?...Иә, қара қақпа жұтты ма?... Көрген түстері рас келгені ме?.. Жоқ... жоқ, мүмкін емес!... Мүмкін емес, айрылыспақ емеспіз!... Нұрияш!... Нұрияш, қайдасыңдар, тез жетсеңдерші, жеткізсеңдерші тез!... Әкел, әкел, ең жойқынын ұстат қолыма! Қара аспанын қара қақпасына күйретіп түсірейін!»

Жан жүрегім астаң-кестең болып, осылай ала бұртып, жатақханама албырта жеттім де, орныма бүк түсіп құлай кеттім.

«Белгіленген көтеріліске енді екі күн қалды... япыр-ай, келетін партизан отряттарының хабары неғып кешікті? Қарулану әрекеті сол хабарға ғана байланысты ғой!» деген ой орнымнан серпіп жібергендей, ыршып тұрдым. Қарама-қарсы екі қатар тақтай сәкеннің арасындағы есіктен төрге созылған дәлізді бойлап, арлы-берлі кезе беріппін. Жым-жырт жатқанымен сабақтастар түгел дерлік ояу екен. Менің нағып тықыршып жүргенімді бәрі сезгендей, бәрі де сол қамда сияқты, аунақши түсті. Темекі тартатындары бастарын көтеріп, темекі орасты. Ешқайсысында сіріңке жоқ екен. Мұндайда отпен қамдаушы Шақан еді. Жалба-жұлба қыстық мешпетінен мақта жұлып алып, «Құдай берген» қуатты алақанымен «престеп» ширататын да, сәкі тақтайына тас кірпішпен ысқылап тұтататын, бұл жолы мешпетінен мақта ала алмай, қасындағы Салықтың мақталы мешпетін жұлмалады. Сөйтіп тұтатқан кере қарыс темекісін оуып-оуып жіберіп, түтінін мұрнының апанша үңірейген қос тесігінен будақ-будақ еткізді.

– Ей, Биғаш, кел отыр, темекі тарт!

Ұсынған темекісін ала салып, екі сорып өзіне қайтардым. Тұңғыш тартқаным сол еді. Өз күйігім үшін сорғанымды үре салып, Нұрия үшін сорғанымды шырғасын шығармай сіміріппін. Шашалып қалдым. Кезе жүріп жөтеліп қайта оралғанымда:

– Биғаш,– деп кідірді Шақан. Мен қарап тұра қалдым. – Әттең! Әттең!... Мылтық болса, ит болсын, қасқыр болсын, ең семізін атып жер едім қазыр.... жүрегім қарайып барады, бір дәрменің бар ма?

Мен жауапсыз кезе бердім.

– Өзінің де соған ашығып-асығып жүргені шығар?– деп күбірледі Ынтықбай. Тілеуқан күлдіргісін қоса жауап қайырды бұған.

– Осы бәріміздің көзіміз неге бақырайып жатыр дейсің, түгел соны аңсап жатпаймыз ба? Қасқырың тұрмақ қабаның болса да әкелші, қабырға, қыртысын іздемей-ақ бітеу жұта салайын!

– Ой сабақтастар, ұйықтаңдаршы!– деп семіз Оралқан ышқына аунап түсті.

Бәрі қайта қисайысты да мен кезе бердім. «Қара нар» әнін айтқым келді де көңілім босай берді. «Қой, айтпайыншы, айтпайыншы соны боздатып... ырымы жаман ән ғой оның... Нұрияш ертең-ақ жарқ етіп шыға келер бір жерден!...» – Сол үмітпен шешініп көрпеме кірдім. Басымды жастыққа қойғым келмеді. Нұрияның алғаш танысқанда айтқан «Ағажайын» айта жөнелдім. Аса ықыласпен айтқандығымнан нақышы Нұрияштың өзі айтқандағыдай толық шықса керек, сабақтастардың бәрі бас көтеріп қосыла кетті. Көз жасым тырс-тырс тамды көрпеге. «Иә, бәрі де жылай қосылып отыр екен. Туған жерін сағынған ғой шіркін азаматтар!»... Біраз үнсіз кідірістен соң Нұриямен бірге сол отырыста айтқан «Айнам көзіме» шырқата жөнелдім. Басқа сабақтастар қосыла қоймады бұл әнге, аяқтата бере қос тамшыны тастап жіберіп тоқтаттым.

– Биғаш, не болған саған мұнша?– деп Қуат бұл жылауықтығымды жақтырмай қалды да, Ынтықбай соза күрсінді:

– Е, бір мәні бар шығар, оңайға жылаушы ма еді?

Көзімнің бұл тамшылары көңілімнің демеушілері болғандай, тарылған тынысым біраз кеңігендей сезілді де енді «Елім-айды» айтқым келді. «Нұрияш екеуміздің осы жақында ғана қосылып айтқан әніміз ғой. Құшақтасып отырып айтып, қосарлана жылап едік қой, неге жыладық екен сонда!... Енді жалғыз күңіренуге тура келді!». Мұны да сондағы Нұрияның нақышымен айта жөнелдім. Бұл әнге Оралқаннан басқа сабақтастар түгел бас көтеріп, «үнсіз күрең» аталған Сәбит те қосыла кетті. Енді мен ғана емес, бәріміз түп-түгел «жылауыққа» айнала айтып шықтық.

– Ой сабақтастар, жыламайтын уақытта жыладыңдар-ау осы,– деп Оралқан да басын көтеріп алды. – Ақыр ұйықтатпадыңдар ғой, айтыңдаршы тағы да, Биғанның шабыты төтенше келіпті бүгін, адамның сай-сүйегін сырқырататындай.

«Жүрек-бауырым езіліп бара жатса қайтермін, Ағыке?» деген оймен тағы бір тастап жіберіп, тағы да Нұрияшпен бірге айтқан «Япыра-айға» бастадым. Мұны білетін Салықтан басқасы қосылып айтпаса да қам көңілдер қосылып жыласа тыңдады. Бәрі де Нұрияштарынан қатерлі кезеңде менше айрылып қалып отырмаса да, жүректерінің қылы бірге тартылып, бірге шертілгендей, бірінің ыршып кеткен көз жасын бірі көріп ыршытады. Іштерінен жете түсініп болған тағдырластық, жүрек тамырларын тұтастырғандай.

Бұл түнді түгел дерлік ұйықтамай өткіздік.

Киініп жуынуға шыққанда Ынтықбайдан Кәменнің осы Үрімжі маңында туыстары бар-жоғын сұрадым.

– Жемсары ауданында нағашым бар деп жүрген, – деді ол, – бес-алты жыл бұрын Алтайдан көшіп келген екен. Оны неге сұрадың?

– Өткен бейсенбі кешінен бері Нұрия қарындасың,– деп кідірдім де, – «жоғалыпты» – деуге батылым әрең жетті. – Дәл сол кеште Кәменнің қасында бөтен екі қазақ жүргенін көргендер бар.

– Солар әкетті дейсің бе?... Олар Нұрияшты басынып әкете алмас! Әкесі түрмеде жатқанмен аруағы да қорқытады оның: туысы өте көп, Нұрияның өзі тіпті де...

– Сөйтсе де Кәменді бақылаушы мықты болсыншы... әсіресе бүгін!

Кәменді Сәбитке де мықтап тапсырып, тамақты шала-шарпы іше сала Репқатқа жөнелдім.

Репқаттың үлкен көк көзі қызарыңқы тартып, ерні жымқырылып алыпты. Ұйқысыздық та, қатты ыза да бар сияқты, қол алыса сала менің қабағымды билеген мәселені айтты.

– Келін қолды болды ғой, шыда! Кеше кеште естігеніңнен де хабар таптым.

– Кімнің қолына ілінгенін білдіңіз бе?

– Кіші төрт көше жақтағы бір сақшы бөлімшесіне екі сақшы екі білегінен ұстап кіргізіп әкеткені анық. Соның ертеңіне ол бөлімше қорасында жоқ болып шықты, бұл да анық. Ұры түрмелердің бірінен табылар, сабыр ет!

Мен дәл сол ақшамдағы Кәменге ерген қазақтардың жайын қысқаша айтып, Кәменнің сыбайлас сақшылары соларға беріп жіберу мүмкіндігін де қостым.

– Олай болса, Кәменді қайткенде де бір апта Үрімжіден шығармай ұстай тұрудың амалын табыңдар! Қастықтан өліп кетпесе құтылады, зорлап ауылдарына апарса да, алдауға көніп кететін бала емес, құтқарылады! – деп Репқат нық сенімін айтты. – Бұл осылай болсын, енді үлкен қайғыға келейік. Біз күткен партизан отряттарын Үрімжі аймағын да өтуден тиыпты...

Бұл хабарды айтқанда Репқаттың жүзі өрттей жанды. Мен тыныс ала алмай қалғандай тығылып отыра кеттім.

– Кім тиыпты?

– Төңкерістің жоғары басшылық орны.

– Не үшін, Гоминданнан азат болмай-ақ қойсын дей ме? – дегенде үнім қырылдай шықты менің.

– Жоқ, жастар зор шығынға ұшырайды дейді, бұл қамқорлық... Бірақ, көзі жетпегендіктің, біздің күшімізге сенбегендіктің қамқорлығы,– деп үстелді жуан алақанымен салып жіберді Репқат. – Бізді соншалық әлжуаз, қор санайтын сияқты. Гоминдан өз жауыздығы арқылы халықты дүниеде болып көрмеген құдыретті жұдырықтай жұмылдырып болып еді ғой?... Үрімжі азат болғанын естіген қайсы аудан қозғалмас еді сонда? Бізден де арман қопақтап, тарпа бассалуға дайын тұр еді ғой?! Үрімжі Гоминданына сыртқы аймақтардан көмек келе алар ма еді сонда?... Біздің аман қалуымызды ойлаған-ақ болсын, ендеше ашық та, астыртын да тез ұйымдасуымызға сонша неге шақырды? Зор күш екенімізді екі-үш ай ішінде ғана көрсетіп, тыңшылар жағынан тізімделіп болғанымызда бұл тиюы, тып-типыл болып, түрмеде қырыл деген сөз болып шықпасына кім кепіл?... – Ызамен түйіліп көтеріле күбірлеп келіп кідірген Репқат енді бәсеңдей жалғастырды сөзін. – Жә, бауыр, біз туған еліміздің тағдыры үшін де, коммунизм өрісінің кеңеюі үшін де өзімізде бұрын болып көрмеген қабылетпен тырысып бақтық. Бесіктен беліміз көтерілісімен-ақ жұғымды, ұтымды ұйымдастырушы бола алдық. Ендігі бар қабілетімізді аман-есен жасырынып қалу үшін жұмсайық, әрқандай жағдайда да осы ұйымды мынау үкіметке білдірмеу жағын ғана ойлайық. Көп санды достарымыз сонда ғана аман қалады. Қазірге дейінгі алып отырған мәліметтерге қарағанда, осы қаладағы тыңшылардың материал топтаған склаты – Абдығұпыр таздың басы, олар әлі де топтап жатыр. Ол әшкерелей алатын толық фактыге ие бола қалса, сендер де уақытында хабарланасыңдар. Олай болғанда көзге түсіп, белгілі болғандар Ілеге иә Алтай жаққа қоныс аударуға тура келеді... Оншалық қатерлі көрсетіп, шошытып алмай осыны жеткізе тұр... Өте көп адам ғой, бұрын көрініп қалмағандарына хауып жоқ шығар...

«Босып кетуге тура келсе, Нұрияш қайда қалар екен» деген ашыныш ішімнен бүре шықты менің. Енді соған құлақ түруге жөнелдім де, мектебіне барып, жатақханасындағы сабақтас қыздарынан сұрадым. Төсек-орны, киім-кешегі көзіме оттай басылды. Өзі жоқ... Иә, құшағыма кіргенде мастандыра түсетін ал қызыл кофтасы да чемоданның үстінде қаттаулы тұр. Кілті өзінде кеткендіктен салынбапты...

Қайтып шықтым. Көшеде қайшалыс өтіп жатқан адамдар легін тінтіп келемін. «Біреу» мен «бірнешеулер» бүгін тіпті көбейіпті. Сөйтседе аспан асты аңырайып бос қалғандай, төбесіне асылған жалғыз «шырақтан» басқа еш нәрсесі жоқ, қаран қалған қуыс күмбез сияқты көрінді маған.

Өзім де құп-қуыс құр қаңқадай сезілемін. Сенделіп келіп, Күләннің үйіне кірдім. Ол да жоқ. «Бір хабарын табам ба» деп көшеге шығып кетті дейді. Ұзыннан-ұзақ көшені «төрт көзіммен» тінте жеткен маған көрінбеуіне қарағанда, ол өзінің әкесін өлтірген түрме мен Мұсатайын итке айналдырған таныс түрмеден сұрастыруға кеткен болса керек.

Сол қақпадан қайта шыққанда бір-ақ білдім: менің соңыма да «біреу» түскен екен. «Мәдениет клубынан» бері қарай ақ көйлек, сұр шұға мешпет киген әдемі ұйғыр жігіт арқан бойы артыма келіп еді. Сол жігіт қазақ-қырғыз ұйымы қақпасының алдына келіп кино құлақтандыруын оқыған кісімси күтіп тұрыпты. Мектепке қарай өрлегенімде артымнан және ілесті. Өзімді-өзім жиып, ширай аяңдадым. Көшенің қарсы жақ шетімен бізге қатарлас келген үш ұйғыр жігіт бір дүкеннен шыға келіп, бізбен тағы да қатарласа өрледі. Бұлар менің артымдағының соңына түскен біздің «бірнешеу» екенін түсіндім де, артымдағы аңдушыны тосып тұра қалдым.

– Ашуымды кімнен аларымды білмей келе жатқанымда, «Алланың берген несібесі» шығарсың?– деп күле қарадым өзіне. Қазақша сөзімді түсінбей:

– А... не дейсің?– деді ұйғыршалап. Енді мен де ұйғыршалап түсіндіре сөйледім.

– Мен баратын жерге сіз де барып қайтатын болған соң бірге жүрейік деймін... Жол қысқарту үшін әңгіме айтайын: баяғы заманда ені асқабақтай қара қошқар өз қорасынан адасып қалған екен,– деп күлімсірегеніме таңдана қарады тыңшы, – сол қошқарды жемек болып, соңына бір кәрі қасқыр түсіп еріпті де отырыпты. Қартайғандықтан тісі түсіп қалған қасқыр екен. Қошқарды бассалып жеуге күші жетпейтінін біліп, сонда да енінің түсіп қалуынан дәмеленіп еріпті! Әнеу салақтап бара жатқан бірдемесінің бауы тым жіңішке көрінеді. Соншалық салпаңдауға шыдай бере ме, енді үзіліп түсер-ақ» деп жалақтай еріпті. «Тым-ақ нығыздап толтырыпты, жұп-жұмсақ май ғой сірә, бір тоярмын-ақ» деген сезіммен сілекейі шұбыра беріпті. Сөйтіп «әне түсер, міне түсер» деген үмітпен үш тәулік ілескен аш қасқыр бір шақта бұраң етіп құлай кетіпті де, ыржың етіп жан үзіпті. «Қошқардың ені түсер деп қасқыр аштан өліпті» деген мәтел содан қалған.

Әңгіменің мәнін түсіне қойған тыңшы менен бөліне жөнелмекші болып сырғи бергенде білегінен ұстай алдым. Көшенің екінші жағымен келе жатқан әлгі «бірнешеу» аң-таң болып бізге қарай берді. Тыңшы да аң-таң күлімсірей тоқтады.

– Тұра тұрыңыз, әңгіме аяқталған жоқ,– дей ұстадым, – маған қанша ергеніңізбен қошқардікі сияқты салпаңдаған ештеңе шала алмаған шығарсыз, аштан өлесіз ғой өстіп жүріп!

Тыңшы қолын сілкіп босатып жүре бергенде, қарсыдағы «бірнешеу» жымың-жымың күлді.

Мектеп қақпасына кіре бергенімде, қарсы алдымнан келе жатқан Кәмен көрінді: қуаныш сырын сездірмегісі келгені ме әлде ол да қуаныштан құралақан ба, әйтеуір қабағы жабыңқы-жабырқау көрінді. Қайғымды сездірмеуге тырыса күлімсіреп мен өттім. Бізге тетелес екінші жылдық кластағы ірі денелі екі сабақтас Кәменнің соңынан ере шықты да, қолын артына қайыра ұстап дара теңселген Шақан олардан кейінірек өтті. «Шоқтықтан алдық» деп сыбырлай өтті маған.

Кәменді қалай тұсағанын жатақханада Ынтықбай түсіндірді. Нұрияшты қолға түсіру үшін соңынан қалмай хат жазғыштап, қорқытып жүрген сен едің, сақшыға да сен тергетіп едің, қазіргі қолды болуы да сенен ғана екені хақ. Факт көп, бұлтара алмайсың, соңыңа енді бүкіл жантекей түседі. Аспанға шықсаң аяғыңнан, жерге кірсең шашыңнан тартамыз. Онан да жақсылықпен ғана тауып бер қарындасымызды, болмаса қамалған түрмесін айт, деп Ынтықбай бас бірнеше жантекей төне түсіпті таңертең. Кәмен ант-су ішіп, азарда-безер болған екен. «Олай болса, ақтығыңа сендіресің, ол үшін: Нұрия табылғанша бізге айтпай ешқайда шықпайсың! Егер жасырын шықсаң осы қылмыстың саған жабысқаны жабысқан. Бір жантекей кезіккен жерде-ақ кеңірдегім сурылды дей бер, обалың өзіңе, деп ескертіп шығарыпты.

– Қалың жантекей аты шыққанда керейдің қайсы текесі ықпаған, осылай бағындырдық,– деді Ынтықбай күліп, – жаңа ғана бізден рұқсат алып шықты.

– Жарапсың құрышым!– дедім де қолтықтай алдым, сонсоң Репқат айтқан ауыр хабарды күрсіне баяндадым. Алдымыздағы қатерді недәуір-ақ жеңілдетіп түсіндіруге тырыссам да, қаншалық жеңіл болып естілсін?

– Мына сыболштардың ісі-ай, е! – деді Ынтықбай, партизан отряттарының шектелуіне қаратқанын түсіндім. – Жеңіп тұрғанда желкемізді қидырар ма екен мына жауға! «Жоқ, олармен қайткенде де осы соғысқанымыз соғысқан. Болмай бара жатса, қашып шығып қаруланармыз!»

 

Көреген тергеушім, сізге сол кездегі күрес жөнінен өзімнің барлық білгенімді әшкерелеп отырмын. Сіз менің өз алды-артымдағы сыбайластырымды әшкерелеуіме әрине қуаныштысыз, бірақ мен барымды әшкерелеймін деп, сіз үшін зор реніш болатын бір жайтты де айтып салыппын. Ол – әлгі бір сұлу тыңшыға аштан өлу хаупін ескерткен жайытым еді. Қасқырға қасқырдың ұқсамайтын тағдыры бар ма. Сіз де соның аяғын құшудан хауіптенерсіз-ақ! Солай да сіздің аштан өлмейтіндігіңізге азуыңыз кепіл. Өздігінен үзіліп түсе қоймаса өткір тісіңіз бар ғой.

Құдіретіңізге шек келтіріп, үмітіңізге тұман түсіретін осы әңгімені айтқан қылмысым үшін-ақ қылша мойным талша!

 

ІІІ

 

Асыға күткен 17 сәуірімізді қадір түніндей күзетіп өткіздік. Үміт-тілегіміздің орындалмайтын болған хабарын бар класс естіп болса да, күдерлерін үзе алмай, тыңдай күзетеді, Үрімжінің тұс-тұсынан тарс-тұрс ете түссе екен деп елеңдейді. Сөйтіп, күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өтті. Басқа ұрған балықтай мең-зең сенделіп мен жүрдім.

Нұриядан дерек жоқ. Азын-аулақ дерегінің өзі ауыр дерттей тиді. Жендеттердің жайын тұрғындардан аулақ, тұйық көшедегі сол бір сақшы бөлімшеге апаруы мүлде дерексіз жоғалтудың көріндей елестейді көзіме. Ақылбай сақшы қызметкерлерінің өз ішіндегі сыбайластарын салып тексеріпті. Олардың көше күзетшілерінен сұрастырып жүріп тапқаны тым суық жұмбақ болды:

Нұрия кіргізілген сақшы бөлімшесіне ертеңіне ымырт үйіріле ұзын-қысқалы екі қазақ пен бір сақшы ханзу жігіт барып, жарты сағаттан соң шығыпты. Сонан соң үшеуінің тым асығыс жүріспен сақшы басқармасына барып кіргенін де көргендер бар екен. Бүгінгі жиырмасыншы сәуірге дейін Нұрияның Үрімжідегі сақшы орындары мен Түрмелердің ешқайсысында жоқ екені анықталыпты.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных