Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 13 страница




– Енді мына мидай далада таң атқызсақ, ұсталамыз,– деді Мұса, ешбір лаж таба алмай, қатты сасқанын білдірді. Дағдарып тым-тырыс отырып қалдық. Айсыз қараңғы аспан да тым-тырыс, жұлдыздар жүдеп, нәрсіз, күңгірт қарайды. Теріскей жағымыздан ит үргені естілді.

– Осында «сары дүкеннің» бірнеше қора қойы көктейді,– деді Ақай, – содан бір ғана қой ұрлап жеп, Мақайды дем алдырайық та, ертең жүрейік!

– Су қайда?– дедім мен. Бұған Мұса жауап қайырып, Ақайдың пікірін еріксіз қуаттағанын сездірді:

– Әнеу биік қызылдың теріскейінде сүрі қар мол болушы еді. Ол әлі еріп бітпеген шығар...

Сол биікке қайта өрлеп барып «Мақайды қалжалауды» құлшына құптады көпшілік. Оны Қуат пен Серәліге қолтықтатып, төте жөнелттік те, басқамыз ит үрген жаққа тарттық.

Жартас түбіндегі жалғыз киіз үйдің алдында бір қора қой жатыр екен. Осы ең шеткі қораны торыдық, амалсыздан осы «кәсіптің» шеберін іздестіріп, бәрінің де қыран ұры болып белсенгеніне қуаныппыз, шықпай жатып түп-түгел ашыққанын білдіруі тіпті «қуаныш» сияқты. Таңдап жүріп үш қойды бір-ақ көтеріп шықпақ болған Шақанға Ынтықбайды қосып, «бірегей біреуін» ғана әкелуді тапсырдық.

Қотанның ар жағынан көрініс беріп, ит алдандыруға екі татарымызды жіберіп едік, олар үш итті шулата шұбыртып тұп-тура өзіміз жаққа ерте қашты да баспалап жатқан «ұрыларымыздың» үстінен түсірді.

– Үй, бүйтіп ұры болғаныңды... – деп оларға «ең мықты ұрымыздың» өзі ақырып жатыр, – ары қарай қаш!

– Бәле... ұры қотан шетінде осылай ақыра ма? – деп Шақанға Ақай даңғырлады.

Мұса екеуміз «ұрыларды» да, қара көрсетушілерді де шегіндіріп жіберіп, бір қиырдан мешпет сүйрете қашып едік, иттер енді біз жаққа жүгірді. Қотанның аржақ сыртына әкетіп, алыстата бердік.

Үш ит пен екі «философтың» қанша «ырылдасқанын» кім санапты, әйтеуір еңбегіміз жанғандай, шығар тұсқа қайтып келсек, бір топ «сайыпқыран» ұрының ортасында сүйегі арсиған бір саулық тұр екен. Бауырына кезек-кезек қол жүгіртіп күңгірлеседі. Желіні салақтаған жануардың қозысы бар екенін, артына қарап маңырай беруінен түсіне қойсақ та, «ұрыларымыздың» көзі сенбей немесе қимай тұрғандай.

Киіз үйдің бер жағындағы белеңге ұзын бойлы біреу шығып қарап тұрғанын көрдік. Қотан шетінде шуылдасып жүрген «епті» ұрылардың соншалық даңғырынан өлі қойшы да тіріледі ғой. Арттарынан ере келіп қарап тұрған қойшының өзі екен.

– Ей ағайындар, анау, қозылы саулық еді, жас қозысына обал ғой,– деді ол. – Орнына бойдақ қой шығарып берейін, қоя беріңдерші!

– Иә, солай екен,– деп күрсінді Ақай, – бізге бір ғана еркек қой керек еді. Алыстан арып келе жатқан жолаушымыз, ең семіз біреуін беремісің?

– Мақұл, ағатайлар, мақұл, ең жіліктісін әкеліп берейін.

Қойшының осы уағдасымен саулықты қоя беріп едік, маңырай жөнелді қотанына. Қойшы да қайтты. Бізбен айқасып жүріп әбден шаршаған иттер де, біз де тым-тырыс шоңқиып отырып қалдық. Қотанның аржағындағы белден қараңдап біреу асып кеткендей болды. Қой да жоқ, қойшы да жоқ, тым-тырыс сызылып таң көрінді. Енді қайта барып қорқыту емес, қашуымыз жөн сияқты; «белден асып кеткен қойшы болды, арғы ауылдарынан қол жиып келмек» деген қортынды шығардық та, зытып бердік...

Қайқайған кер жотаға күн сәскеге көтеріле бере еңбектеп әрең шықтық. Шақшырая жарқылдаған күн, жалындай жалаңдаған аңызғақ таңдайымызды қуырып әкетті. Бара сала қарға басымызды тығармыз деген үмітіміз өшіп, көздеріміз шүңірейіп барады. Бұрын келіп алған жолдастар тас-тастың түбінде бұралып жатыр. Осы жотаның теріскейін кезіп-кезіп, бір шөгім қар таба алмапты. Кеше кеште аттанған жұртымыздың тұсындағы бір биікке қайтып келіппіз.

Жуан түйе тастың астындағы бір үңгірге кіре жығылып, дымды топыраққа көкірегімді бастым. Бүгін де кешегідей жатсақ, шөлден қырылатындаймыз. Тырналап жатып, бір күректей салқын топырақ босаттым да, көйлегімнің омырауынан қарныма құйып алып қайта шықтым. Осы бір тәуліктің ішінде-ақ бір-бірімізді тани алатындай семіппіз. Көбінің сөйлеуге де халі жоқ, тілі күрмеле берді.

– Мұса-еке, әлгі айтқан ақсақалыңызға тез жете көріңіз!– дедім мен Мұсаны бір тастың астынан әрең тауып. Жотаға өрлеп келе жатқанымызда, осы елдің мұсылманға қастық істеуден Құдай алдында қорқатын бір ақсақалын айтып еді. Соған баруды өтіндім. – Осы бүгінгі шөлден ғана құтқарсын, басқа ешкімге білдірмей қамқорлық етсін!

Сол қарттан бір көмек болмаса, мына ыстық желден бүгін-ақ қырылатын иә жанталасып барып қолға түсетін жағдайға тап болғанымызды жолдастар түгел-ақ түсінген екен. Бәрі шулай қостады бұл пікірді. Мұса мешпетін тастай салып, сайға қарай көйлекшең домалай жөнелді. Әр тастың далдасында үнсіз жатырмыз бәріміз. Нұрияның қатерлі жұмбақ тағдыры жүрегімді қатты тулата берді. «Осы Боғданың Жемсары жақ бөктерінде шығар ол. Сақшы басқармасы Кәменнің нағашысына ұрлап беріп жіберген болса, сөзсіз осында... Мына Мұсалардың көп туысының бірі болмаса бірі білмес пе? Осы таудан аман ассам, табармын-ақ!»

Осы үміт демеуімен орнымнан тып-тың адамша ыршып тұрдым. Түс ауып қалыпты. Әр тасқа бір отырып, бір тұрдым. Су есімнен шығып, Нұрия елестей берді көзіме. Тағы да атын атап айқайлап жібергім келеді. Жемсары тұсына тура қарап отырмын. Қарсымдағы аласалау тұрғыдан ақ көйлекті біреу қол бұлғады. «Нұрияш болсашы, – деп үңілдім оған, – ұшып-ақ жетер едім ғой!»... Қарсы тұрғыдағы адам қолына шапкісін алып бұлғай берді, бұлғап-бұлғап алады да, арамыздағы терең сайды нұсқайды. Мұса есіме түсе қалды, сол екен, «сайға түсіңдер» деп тұрғаны түсінілді.

Дауыстап жолдастарымның бәрін тұрғыздым да, сырт көзге айқын шалынбаулары үшін, әр түстен бірден-екіден ғана бөлініп-бөлініп түсуді айтып, өзім ең соңынан құлдадым.

Қиялай құлдап келіп, бір мойынақтан асып едім, алдымдағы қия соқпақта біреу шалқасынан жатыр екен. Мақталы мешпеті көп жоғары қалғанына қарағанда недәуір домалаған сияқты. Қасына жетіп келсем, Әмірқан болып шықты. Аузы бүрісіп бір кішкене тыртықтай ғана көрінді. Отыра қалып құшақтап, басын алдыма алдым да оятқандай атын атап, шайқай бердім. Бар денесі былқ-сылқ етеді. Көзін ашып қарасам, қарашығы байқалмай, кірлеген сұп-сұр томпақ «әйнек» қана көрінді, ағы мен қарасы араласып кеткен сияқты.

Құрғап кеткен аузымнан жалма-жан түкірік жинап, ерніне жағып едім, аузын жас балапанша ашып, тамсанып-тамсанып жұтынды. Тірі екенін сонда біліп, тастақты екі қолдап тырналай бердім. Дымы бар топырақты әрең ашып, бауырын жалаңаштап соған бастым.

Біреуіміздің құлап түскенімізді қарсы жақтан көрген Мұса жан ұшыра жүгіріп жетіпті. Қолында бір бөтелке сүт бар, жете бере өзі жығылып, бөтелкені маған ұсына берді. Әмірқанды алдыма қайта алып, аузына сүт тамызып едім, екі қылғыған соң көзін сығырайтып әрең ашты да бірдеңесін іздегендей жан-жағына қарана түсті. Сайдың тұсымыздағы бір жырасын күбірлей нұсқап қалып, көзін қайта жұмды. Бір бөтелке сүтті жұтқызған соң ғана есін толық жиғандай болған ол жерге екі қолын тіреп, орнынан күрсіне түрегелді.

Әмірқанның нұсқаған жағына құлдап түсіп, шөңкесін таптық. Өзі алғаш құлағанда, онысы домалап ылдиға кеткен екен. Шіркін тіршілік, су аңсап келе жатып, соны ішетін ыдысы қолынан шығып кеткенде, ең аяулысынан айрылғандай сезініпті ғой! Жан үзерде сол құрғақ ыдыс қолында болса, құшағына қысып өлуі де мүмкін-ау!...

Мұсаға Әмірқанды таныстырып, бір жесір кемпірдің жалғызы екенін сыбырлап айттым. Екеуміз қосыла еңкілдеп, сай табанына дейін тілсіз жылап түстік.

«Жәннәт» пен «жаһаннамның» арасы жарты шақырымдай ғана екен, біз түскен бүргенді сайдың көлеңкелі тұйығы қармен сіресіп жатыпты. Келе соған бас қойып едім, іле-шала шелек-шелек тары көже жетті...

Сеніп барған қарты Мұсаға зор сенім орнатыпты: Боғданың бұл күнгейінде қастандық етерлік ешкім жоқ екеніне «Алланың хақтығын» қоса ант етіпті. Биылғы қыстан күш-көліктерінің «сіңірі әрең қалып, әлі де жіліктене алмай тұрғаны» болмаса, арғы бет деген екі-ақ түндік жол екен. «Сонда да жеткізіп салуды ойластыратын азамат көп» екенін, оларға хат жазып беретінін айтыпты.

– «Теріскейде бұл үкіметтің Қабдолла атты ғана иті қалған. Ол орынбасар район бастығы. Соның құлағын қақас қалдырсақ болғаны. Бір ауылдан бір ауылға жылжытып отырып жеткізіп салады. Бүгін кешке жақын осы ауылға бөлініп-бөлініп келіп, ыстық тамақ ішіп шығыңдар да ақшам бата Сәнге сарыға жөнеліңдер!... Ауру жігітке ат беремін және жол бастаушы қосамын», – деп қайтарыпты...

Біз мұны қуана тыңдап, сүт қатқан тары көжемен малшына терледік те, лық толтырылған торсықтай теңкиісіп, бүрген арасына құлай-құлай кеттік...

Ымырт жабыла бере бабына жете жаралған аттай заулата жөнелдік. Бар бөгетіміз болған Мақайдың аңшы атына қонып алға түсуі, жол бастаған сида қара жігіттің жасынан тауешкі атып өсуі бізді жақпар тастардан текеше орғытты.

Шолақтеректен Сәнгесарыға баратын тау соқпағының үрейді ұшырғандай ұшпа жар, қысаң қияларынан ертеңіне күндіз өттік. Аңшы аты өткен жерден бізді ар-намыс әрең өткізеді. Сыңар табан ғана сиярлық аттамасы бар ұшпаның жарына жабысып, ары да, бері де өте алмай «Аллалағандарды» тері шақайлы аңшы жігіт тәйтәйлаған баласынша жетектеп ала жөнеледі.

– Сендер партизан да, құйыршық та бола алмайсыңдар-ау осы!– деп күледі келіп.

«Аллалап біз өте алмай жүрген жерден – «Әиялаған» сары аяқтар қалай өтпек, енді ұстала қоймаспыз» деген еркінсу пайда болды бізге. Не дәуір озып кеткен жолбасшымен атты Мақайдан басқа жолдастар ұйқыдан мас адамша сенделектеп, андыздап әр жерде келді. Бірнеше тәулік ұйықтамаған мені де жайдақ жолға шыға ұйқы жеңді.

Жүріп келемін, жолдың екі жағына кезек ауып, ұйықтап келемін. Биғаділдің «Қырау қайда барасың» деп жыламсыраған дауысы естіледі. «Балам-ау, не болған саған осынша!– деп маған ренжігендей шешем көрінеді. Көзінің алдына іркілген тамшысын сүрте тұрып, – қайтсаңшы, бізді ұмытқаның ба?» дейді. Көзімді аша күрсінемін, бұл – өңім, «Алтайды айнала өтіп, Қобықтан түсемін ғой апа!... Сендерді құтқаруға қол ертіп барамын» деп күбірлеп алып, қайта ұйықтаймын. Қызыл кофта жарқ ете түседі, жалт қараймын, бірақ, сол кофтаның өзі ғана бір көрініп ғайып болады. Басымды шайқап қойып, көзімді қайта жұмамын.

Бір кезде тым жарасымды ұзын ақ көйлек киіп нұрлана түскен Нұрияның өзі кірді түсіме: әудем жерде ғана құшақ жайып тұр екен. Ұйқым шайдай ашылды, ғайып болды, тұра жүгірдім сонда да. Сол жердің мөлшеріне бара етпеттеп құладым. Солқылдап жатқанымда арт жақтан жүгіре жеткен біреудің аяқ дыбысы естілді. Әмірқан екен:

– Биға, Биға!... Не болды?– деп, басымды тізесіне қойды.

– Жоқ... жетемін саған!– дей тұрдым орнымнан, менің жығылғанымды көріп, арттағы жолдастар түгел қоршай қалыпты....

Ұйқымыз осылай ашылып, заулата жөнелдік.

Озып кеткен атты-жаяу екеуі көп бұрын барып, қонатын аулымызға хабарлап қойған екен. Күн бата біз де жеттік. Келіскен жуан басына көне тақия киген, селдір ғана шоқша бурыл сақалды төртпақ қара шал қарсы ала шығып, сәл қиықтау үлкен қоңыр көзі күлімдей амандасты. Бар тұлғасы жас шағында мығым күштің иесі болғанын байқатқандай. Алты қанат қоңырша үйіне нан, құрт-ірімшік салған мол-мол дастарқандар жайылды. Орташа ғана ешкілі ауыл сияқты. Мүйізі қарағайдай ақ серкені кіргізіп, бата сұратты да, біздің сойғызбайтын ниетімізді байқап, өзі бата қылды. Біреуіне бата сұратып, алтауын жыққызғанына аяныш білдіріп едік:

– Етті болса екеу-үшеуі ғана жетер еді ғой, шырақтарым,– деп ақтарыла жөнелді үй иесі, – биыл мал тым арық, күйлірек болса осы жолдарыңа атан өгіз сойып берер едім! Сендерден немді аяйын, елім деген ер азамат не көрмейді. Кейде осылай азады, осылай тозады. «Темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болғанша» дейтін бұрынғы батыр бабаларың талай жорық кешкен ғой. Тоздым деп қажи көрмеңдер әйтеуір!... Қажу-қайту – ердің ісі емес, елдерің бар, ер ағаларың бар, бәрінің тілеуі сендермен бірге. Ертең-ақ көресіңдер сол бірлікті. Бірлік болмай тірлік жоқ екенін бәрі біліп болған... Баратын жерлеріңе, қосылатын қолдарыңа өзіміз-ақ жеткіземіз... Бәріңнің де маңдайларың жазық балалар екенсіңдер, «ақыл жастан, асыл тастан» дейді, үкімет сырын сендер білесіңдер, бастай беріңдер азаматтарым, халқың міне,– деп үзіліссіз зулата келіп, бір дем алды шал, – «қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» деген екен. Бір кезде арғымақтай арыным, қара нардай қарымым бар еді. Мөрті енді келгенде мерт болғандай мезгілсіз қартайып жанбасымнан жантайып жатқаным осы...

Сергек ойлы, шешен қарт мұнан соң арғы-бергі өткен батырлардың сайысын әңгімеледі. Оның бәрінде де батырлыққа баулу, қайратымызды қайрау бар. Сол түнгі әңгімеден недәуір күш алып, баулынып ұшқан бала құстай серпіліп аттандық. Бұл кедей елдің ең жиын жері Ақсу өзенінің бас жағы екен. Қаһары бар қарлы таудан солардың бірлескен көмегі ғана асыратынын білдірген қарт бізге тағы бір жол бастаушы қосып, солай жөнелтті.

Ақсу бойына кеш іліндік те, шеткері отырған бір-екі үйдің пысырған сүтін бөліп ішіп, паналы тоғайдың арасына түнедік. Терең қайыңды, нулы өзен екен. Түні тым зәрлі тиді. Бұдан жоғарылап қарлы тауға кіргенде халымыздың не боларын ойлап, дірілдеп таң атырдық.

Қайырымды қарттардың қағазы бойынша ауыл бастығының үйіне бірнеше ілікті азамат жиналыпты. Біз сәске көтеріле жетіп, топты тоғай арасына қалдырдық та, үйге төрт-бесіміз ғана кірдік. Жиналған ауыл адамдары арасында отырған мысық мұртты, сары шегір ауыл бастығы мен ұзын бойлы ат жақты, қызыл күрең мектеп меңгерушісі өздерін таныстыра амандасты. Мектеп меңгерушісі бізді күле құшақтаған қапсағай қара мен екі-үш қара қошқыл атпал азаматтың атын атап өтті. «Бұрын аңшылық істеуші еді, қазір сары аяқ аулайды» деп жымыңдады соңында.

Тау кезіп жүрген бұл үшеуі асуларды әлі қар алып жатқанын, олай болмағанда арғы бетке жаяу адамның екі тәулікте ғана асып өтетінін әңгімелеп еді. Мұса екеуміз бір-бірімізге қарап қынжылыса қалдық. Ақай тік мінезді төтешіл жігіт екен:

– Олай болғанда, бұл тұйыққа ұсталу үшін келгеніміз бе?– деп турасынан қойып қалды.

– Жоқ, бауырлар, біз тұрғанда бұл ауылдан сендерді ұстап беретін ешкім шықпайды,– деді қапсағай қара, томпақ көзі жалтылдап, насыбайлы ернін жымқыра түсті, – өзіміз де осы үкіметке... қанымыз қарайып отырған халықпыз. Жолдарыңа құрбандыққа шалып, бауыздай салармыз. Бұл бекім бұрын-ақ айтылып болған...

– Таңертеңнен бері сөйлесіп отырғанымыз осы жәйт болатын,– деді мектеп меңгерушісі, аңғарлы, ойлы пішінмен баяу сөйледі. – Бұл ауыл қаншалық сенімді болса да, сыртымыздан тіміскілеу арқылы аброй тапқысы келетін ел басылары жоқ емес. Біреу жығылмай, біреу үстіне шыға алмайды ғой, сөздің шынын айтайық, өздерің алғаш көрген ақсақалдың мойнына мінгісі келетін орынбасары бар. Оған төте қарасты ауылдар Боғданың батыс солтүстік тұмсығында ғана отырады. Сіздерді соның құлағына шалындырмай тезірек өткізіп жіберу туралы таң атқалы сөйлесіп жатырмыз. Мына елу басы – үкіметтен елу тиын алып күн көргісі келмейтін сенімді кісі. Тезінен күйлірек көлік табуға бекіді. Бірақ, жиырма шақты аттың бүгін-ертең табыла қоюы қиынға соғатын сияқты. Күтіп мінетін бір-бір жарамды атымызды Гоминдан сыпырып әкеткен, тағы сол қанқұйлы орынбасардың кесірі. Онымен туысқандығын ту қып көтеретін жендеттер бар. Олай болмағанда мына азаматтар оның басын әлдеқашан кесіп тынар еді ғой... Мен ғой, өз ағаларыңмын, сендердің тілектеріңдемін, тұп-тура мұраттастарыңмын, мына Мұса біледі!...

Мұса маған қарап басын изеп қалды да:

– Шинжяңдағы тұңғыш Марксшілдердің бірі,– деп сыбырлады.

– Қандастығымыз тағы бар,– деп мектеп меңгерушісі өз сөзінің түйініне кірісті, – бірде-біріңе қастандық істеуші шықса, ол өзінің қанымен жауап беретіні сөзсіз. Бұған сертіміз берік!... Осы ауыл болып қолымызды қанға малып ант ете аламыз.

Сөз осы жерге келгенде кешегі қарт жанбастай басып кіріп келді. Бәріміз ыршып тұрып амандасып, ол төрге жайғасқан соң ғана отырдық. Мектеп меңгерушісі ендігі сөзін асыға айтты:

– Ылғи жалаң киіммен шығыпсыңдар, қазір бұл таудан көліксіз өту өте қатерлі. Көлік дайын болғанша күйлірек үйлерімізге бір-бірден тарап, екі-үш күн жата тұрасыңдар, басқаша шара жоқ... жататын үйлеріңе тапсырамыз, сырт біреу келе қалса, пәлен туысымның баласы деп қисынын таба салады.

– Менің ойлағаным да осылай еді, көлік бір-екі күнде жиылып қалар,– деді қарт. – Ал жігіттер, бұған не дейсіңдер?

Біз бір-бірімізге үнсіз қараса бердік. Бөлінбесек тобымызбен бір-ақ көзге түсуіміз мүмкін, «бір-бірден тарап жатсақ бөріге оңай азық боламыз ба, ұлысып табыса-табыса тарпа бассалар ма» деген ой алаңдата берді мені. Ынтықбай да осыны айтқандай сүзіле қарады маған. Бұл ойымды айтудың ебін Мұса тапты:

– Қанымыз бір, оның үстіне туыс тартып бастап келген мен едім. Сөздеріңізге сендік, ып-рас,– деп күрсінді де сөзін күлімсірей жалғастырды. – Бір-екі күнге бөлінбей бір жерде тұрсақ, екі-үштеген алдашы келсе алдырмас едік. Ол қол жиып келгенше жолымызды табар едік. Бір-бірден тарап жатқанымызда, қару-жарақты бір жендет те, екі жендет те бір-бірден байлап әкете алады!... Егер солай бола қалса, мына жиырма шақты азаматтың қан қарызы ертіп келген маған және ел деп паналаған сіздерге артылады ғой!

– Бір-бірден солай ұстала қалсақ, бір-бірден байлатқан сіздерді Құдай мен аруаққа тапсырайық па? – деп қалды Ақай.

– Іздеусіз, иесіз кететін азамат сендер емес,– деп мектеп меңгерушісі еселей бергенде сөзді қарт жұлып әкетті:

– Біздің ауыл ұстап берсе кімге тапсырсаңдар да сияды, оны қазір шешеміз. Бірақ, осынша көп азамат тобыңмен бір ауылда тұрғанда кім көрмей қалар. Өздерің құтылсаңдар да мына ауылдарыңды жауға құртқыза кетпейсіңдер ме?... Олай болғанда біз кімге тапсырармыз?

Қарттың тарпа бассалып жеңуіне бәріміз күлдік. Қапсағай қара Қали маған сыбырлады:

– Құралымыз аз, «банды жасырған ауыл» деп көп әскер шығып қоршай қалса, ең зор қорқыныш сол ғой, бауыр. Азамат басына бір-бір бесатарымыз болса, дәл қазір айниық деп те тұрғанымыз жоқ...

Біз бас изеп мақұлға келдік.

– Қалған күмәндарыңды мен шешейін... әумин! – деп қол жайды қария. Үйдің іші-сыртындағы ауыл адамдары түгел қол жайды. Қарт жылай отырып бата емес, ант берді. – Алаштың осы алал азаматтарын қастық ойлап, ұстап беру ниетінде болғандарды Алла Тағаланың қаһары атсын, ел-жұрт алдында беті қара, қатын-баласы қара болсын! Қабанбай мен Жәнібектің аруағы атсын, Аллаһу әкбар!...

Бұл көне сенім адамының мызғымас, аудырмас анты еді.

– Рахмет әке, мың жаса!– деп қалдым мен. Бөлініп-бөлініп жата тұрудан басқа жол да жоқ сияқты.

– Біз де ант етейік,– деді біздің үлкеніміз Ақай. Бізде қол жайдық. – Қандай кесірге ұшырасақ та осы ел қамқорлығын үкіметке бірде-біріміз әшкерелеп, титтей кір жұқтырсақ, сол Алла мен аруағы бізді де атсын!...

Осы анттардан соң әр ауылға бір-бірден тарап орналастық.

 

Көреген тергеушім, оң жақ қырыңыздағы әйнектер быжынап-құжынап, бандыға толып-ақ кеткен шығар. Міне, ой мен қырдан қаптаған қалың жау, жерлік ұлтшыл залым жау, қара жау, ақ жау, қызыл жау, аралас бояу сары жау, бала жау, жас жау, кәрі жау, малшы, жалшы, аңшы, әнші, малды, малсыз, надан, баран, құдайлы, құдайсыз... «төрт теңіз, бес құрлықтан» табысып, бірін-бірі жасырып жүрген зәрлі жау, неден бұлай бәрі жау!...

Гоминданның осыларды көрмеген көр соқырлығына, жазасын бермеген көк соқырлығына қаныңыз қайнар-ақ! Бар салмақты сізге тастап кеткен жоқ па!

Осының бәрін көреген өзіңіз ғана жиып құртпасаңыз, қылмыс тұралатқан есалаң дүниенің құрттап кеткені ғой!... Алдымен көзіңізге көп түскен мені!... Мені!:..

 

IV

Аппақ айым, айналайын:

Айтшы жайын, жөн сұрайын:






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных