Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 17 страница




Әр күні түске дейін нақша айтып жататын Жамал бір күні таңертеңгі тамақтан соң терезе алдына таман барып еді. Бір кезде сәкіден түсе жүрелеп отыра қалып, терезенің төменгі көзінен баспалай сығалады.

– Бері кел, бері кел,– деді маған, – отырып қара, бұ гөйлердің саяси ойынын көрсетейін саған... Анау байлаулы сары жігітті көрдің бе? – деп түрме ауласының арғы шетіне таман, қолы байлаулы тұрған жігітті көрсетті. – Бұл – Алтайлық қазақ жігіт, мен танимын. Өңі сары болғандықтан алып шықты. Әне, әр камерадан ыңғай сарыларды жиып, байлап алып шықты. Осылардың бәрі де Шинжяңда туып-өскен азаматтар, бәрі де бізге таныс. Анау қырма сақал – құмылдық татар, мына бергі бұйра бас – шәуешектік орыс. Мына шыққаны құмылдық қазақ, анау ұзын сары ілелік орыс!... Анаған қара, тепкіленіп шыққаны... қарсылық көрсеткен сияқты, қарап тұр, оның аузын тұмшалап тастайды, көшеде сөйлеп әшкерелеп қояды деп қорқады. Ол ханзуша жақсы сөйлейтін ақсулық татар... Міне біз жақтан шыққаны сенің жерлесің. Бері қараса танисың әуелі, өзің құралпы ғана...

Жерлесің деген татарға көз алмай қарап тұрмын. Оны аржағындағы үш-үштен тізіліп жатқан жиырма шақты ақ сары, шикіл сары, көк көз күреңдерге апарып қосты. Бері қарап тұрса да көзім бұлдырап, тани алмадым.

– Бұларды қайтеді?– деп сұрадым Жамалға таңырқай қарап.

– Бұлардың көбі сары, кейбірі қоңырша болса да орысқа ұқсайды, көзінің көкшілдігіне қылмысты. Төрт көшеден соққылап өткізеді де «қолға түскен Совет әскері» деп жариялайды. Алтай мен Іледен басталған халық төңкерісін «Совет одағының шапқыншылығы» етіп дәлелдемекші... тұра тұр, тұра тұр, қақпа жақтан келе жатқан мына шикілдерге қара енді, бұлар – американдық қожайындары,– деп кідірген Жамал артымыздан ентелеген «қабырластарды» отырғызды, – терезеден көрініп қалмайық...

Мен көз алмай қарап қалдым. «Американдық» дегендерінің арасында еуропалық басқа елдердің тілшілері де бар сияқты. Бәрі де фото аппараттарын дайындай жетіп, әлгі байланған сарыларды сыртылдатып суретке түсіре бастады. Мен орнымнан ыршып тұрғанымды сезбей қалыппын:

– «Совет одағы Шинжяңға шапқыншылық жасады» деп дүниеге жар салмақшы екен ғой, мына саяси жалдаптар!

– Отыр, отыр!– деп Жамал иығымнан баса қойды. – Терезеден қарағанымызды көрсе бәрімізді жазалайды.

– Бұлар өздерінің анық шинжяңдық екенін неге айтпайды?– деп булыға түстім мен.

– Олай десе атып тастайтынын айтып қорқытып қойған. Сонда да айтатындарының аузы тұмшалаулы тұрмай ма?... Саясат әшкерелейтіндерді атып тастайтыны рас, «соғыс қылмыстысы» деп атып, жариялай салғандары бар!

Келген алты-жеті тілші суретке түсіріп болысымен «соғыс тұтқыны» аталған сарыларды толық құралданған сары аяқтар келіп айдай жөнелді.

– Енді көше аралата ұрып, «батырлықтарын» көрсетеді,– деп тістене күрсінген Жамал иегін ұстап, басын шайқап-шайқап жіберді де, кісенін шарқылдата қайтып барып, орнына құлай кетті. Қапалықтың тері кең маңдайынан бұрқырап, күреңіте құлады.

Гоминданның осылайша әшкере арсыздыққа көшіп, халықаралық зор жала жабуы Шығыс Түркістан төңкеріс өртінің өзін шала бастағандығының белгісі еді.

– Бұлардың ішінде расымен соғыста қолға түскендер бар ма?– деп сұрадым Жамалдан.

– Жоқ, бұлардың бәрі Құлжа соғысының алдында түрмеге айдалып келгендер ғой...

Жамалдың сөзін бір бұрышқа жантайған сұр шал бөлді. Ол сіріңкенің бір қорабын құлағына басып, енді біреуін аузына төсеп саңғырлады.

– Ей, не дейсің, анығырақ айтсаңшы?... Мә, Жамал, мә, менің құлағымның жайы келмей қалды, төртінші «қабырдан».

Кісенін шалдыр еткізіп ыршыған Жамал шалдың орнына жетіп құлады да, сөйлесе жөнелді (ірге кірпіштері арасынан өткізілген машина жіптен құрылған «телефон» екен). Көшеге айдалған сарылар жайында қысқаша хабарлап, екінші жауабында, мен туралы болу керек: «бүгін үшінші күн, бір жас жігіт келген... оқушы... Сыфан мектебінен» деп салып, соңынан естігенін маған келіп айтты:

– Жолдастарың осы залдың қарсы камераларына келіп орналасыпты.

– Нешеу екен?

– Олардың көргені он шақты...

Түрмеде көп жатқандардың қысым көре жүріп-ақ соншалық техникаласып алғанына таңдандым. Берік ынтымақ бар жерде алынбас қамал жоқ екенін енді анық көргендеймін. Бұл дүниеде бұларға естілмейтін хабар жоқ сияқты.

Содан төрт-бес күн өтіп, бойым үйреніп қалған кезімде қамаудағы әйелдердің қай камерада екенін сұрастырып едім. «Қазақ қыздың» ешқандай дерегі шықпады. Қайнатадан хабар тіпті жоқ. Дерттің ең ауыры осы Нұрия жайы болып, басымды уқалата берді.

– Балам, бұлай тұқырып отыра берсең қызбаға душарласасың, – дейді шал («қызбасы» жүйке ауруы екен). – Онан да мына Жамалша әндете бер.

Содан бастап әнші екеу болдық. Қарттың сүрленіп алған қатты жүрегін неше рет еріте мекірендіріп, неше рет езіп жылатып та алдым.

– Балам, осы сенің Нұрия дейтінің кім?– деп сұрайды шал. Ұйықтап жатып айғайлап қоятын сияқтымын.

– Қарындасым,– дей саламын. Шал басын изектетей отырып:

– Жассың ғой, балам, адамның басынан әр не өтеді. Талай-талай қызықты дүние өткен ғой бізден де, – деп күрсінеді. – Хабарсыз қалған кәрі ата-анаңның күйігі сенікінен де қиын шығар. Бәріне күйіне берсең не оңарсың? Тас түрме – тас бауыр, тастай бекіп алмасаң мыжып тастайды.

Көп көріп, «көзі тесілген» қарттың бұл сөзі зор қайрат бергендей ыршып тұрып, арлы-берлі жүріп кетемін. Тастай берік қайратқа мінгенсіп жүргенімнің өзінде де аспандай кең ойлы көз жаспен дымданып, «жаудырай қарап тұрады» маған, «біраз күн тауға шыға тұрайықшы» деп қалғандай сезіледі. Бордай боп қайта үгілемін. Оның аса ыстық жүрегі мені отқа түскен теміртектей майырады.

Бір жексенбі күннің түс кезінде Жамалға сырттан мәнті келіп қалды. Сенделіп мен жүрмін, Жамал мәнтіні қатарға тұрғызғандай іріктеп тізе бастады. Байқасам, бір бүрмелісін бірінші қатарға, екі бүрмелісін екінші қатарға, үш, төрт, бес бүрмелілерін тағы сол ретіне қарай тізіп отырыпты. Сонан соң үлкен аяққа бірінші мәнтіден бастап жара бастады да, ет аралас сәбіз қимаға тесіле қарап отырып әр мәнтіден екіден-үштен сәбіз әріп тапты. Ол әріптерді әлгі реті бойынша үш қатар етіп тізді де, кісенін шалдыр еткізе атып тұрды орнынан: «Жың», «Бұратала», «азат» деген үш сөзді жазу құрапты.

– Кел, Биғабіл, бәрің кел, бәрің кел!... Көріңдер мынаны: Жың мен бұратала Гоминданнан құтылыпты!... Алыңдар, қуанышқа, жеңдер мынаны!– деп өзі біреуін қолына алып отыра кетті. – Қашан азат болғанын көрсететін бір-екі сифр қоса салғанда ғой бізге қашан жететінін есептеп шығар едік!...

Осы қуаныштан үш күн өткеннен соңғы бір сәскеде тыртық тамақ хұйзу кілтші есік ортасындағы тесікті ашып қалып, менің атымды шақырды да:

– Мә, мынау анкет, толтырасың, қанша тез толтырсаң соншалық жақсы,– деп қағаз ұстата сала жөнелді. Кестенің сұрайтыны: өзім ең көп жазып әдеттенген аты-жөнім мен мекенім, ең ұзағы – жиырма жасымның кейінгі жарымы болған оқу тарихым, ең қиыны – бұл жолғы қашу себебім екен. Атқа жеңіл өтірігімді желдіртіп жіберіп, шапшаң толтырдым да, өткізе салдым.

Ертеңіне таңертең, ойламаған жерде сақам алшы тұрғандай, есік шалқасынан ашылды. Кілтшісінің «шықтың» деген сөзі көзімді шырадай жандырды. Бір ай ішінде-ақ бірге туғандай біте қайнасқан «қабырластарымды» қайта кіре бір-бірден құшақтай қоштасып шыға бердім.

Түрмеден шыққан адамға түнек те нұрдай көрінбей ме, сәскеге көтерілген күн қалай жарқырайды десеңші?! Тұнық аспан Нұрияшымның көзіндей жаудырап көрінгенде жалын атылғандай болды жүрегімнен. – «Аһ, қайдасың, Нұрым?!»...

Кілтшінің бастаған жағымен екі иін айналысыммен жарқ ете түсті жолдастарым, асхана алдында жуынып сүртініп жатыр екен. Түп-түгел!

– Ау, Биғаш, аманбысың?.. Денсаулық қалай? – деп алдымен Мұса жетіп, ең сағынышты інісіндей қыса құшақтап сүйді бетімнен. Бұрынғы жарау ғана қара түрмеден қаңылтақ қараға айналып шығыпты. Қаңбақтай көтеріп алдым...

– Осында қайтып келе жатқанымызда санынан шымшып амандасқанмын. Терісін қандала сыпырып алып қалмағаны анық,– деп езуін құлағына жеткізе күліп тұр. Бәрінен Ынтықбай ыстық амандасты:

– О, балуаным! – деуге ғана үлгіріп құшақтады ол. Қалың қабағының астындағы өжет көзіне жас іркіле қалды. Ешқайсымен күресіп көрмесем де, «балуан» атауы – сенің жауабыңмен жықтық дегені екен.

– Халықтың қалилары қырқай шалған ғой шырақтар,– деп Қуат анықтады бұл сөзді, – Халық талабы болмаса, біздің жауабымыз жыққанды қойып, жұқпас еді бұл жауызға! Мына Әмірқанның құлағы мен тамағына, ана Серәлінің иегіне қараңдаршы, жауаптан жығыларын, ертеңіне одан ұяларын білетін болса, осылай істей ме?...

Серәлінің иегінен қармақ салып асыпты, тесіп өткен қармақтың терең тыртығы тұр. Әмірқанды жіңішке сыммен қылқындырып, мойнын қиып түсіре жаздапты. Оған мойындамаған соң құлақтан іліп құлағын жыртып жіберіпті. Дәрігерге тіктірсе де мәңгілікке тілік ен салғандай. Осы ең жасымызды мойындатып алуға бар зұлымдығын жұмылдырған екен. Үйренген жауабынан сонда да жаңылмай, жаза баспай шыққан қайсар, Әмірқанды құшақтап сүйіп-сүйіп алдым.

– Мінеки балуан деген!... Мінеки батыр деген!...

Тойға келгендей сәнді киінген ақ сұр Кыжаң жетті. Ақ жағаға қара галстугын қатыра байлап, сұр шляпаны бір шекесіне қондыра киіпті.

– Беттеріңді таза жудыңдар ма?– деп бәрімізге үңіле-үңіле қарап шықты. – Жағаны түзеңдер, түймені толық салыңдар... екіден тізіліңдер... тәртіпті жақсы сақтаңдар, а, өте жақсы сақтаңдар, үлкен кісі кездеседі сендермен. Оның алдында иіліп, аяқтарыңды қосып тұрыңдар... Ал, ілесіңдер менің артымнан!

Үлкен төрт көшеден өтіп, бұл күнде «Бау-ан слиңбо»1 аталған бұрынғы Дубан мекемесіне барып кірдік. Бәрімізді Жу шауляңның «қабылдау залы» алдындағы ұзын орындықтарға отырғызып, генерал келгенде қақшия қалатын жөн-жосындарын тәптіштеп үйретті.

«Сары аяқтардың әскери сары ала қолбасшыларын қарсы алармыз» деп отырғанымызда, жырық етек ұзын қоңыр торғын шапанның етегі сүйретіле жалбыраған дәу «Жаңгүдүй» мамырлай келе жатты. «Еркек» екенін қоңыр шляпасы әйгілегенімен де генералымыз тіпті қызық көрінді бізге: шүперек түйме-баулы, иінсіз жеңді қара торғын кеудешесін сыртынан кигендігінен жырық етек шапанының ұзын етегі «тайтайларының» белдемше көйлегіндей көлбеңдейді, «тәңірі» мол құйған шойын табадай қалың бет-жүзді, қисық көз, жуан тұмсық қара сұр аспансыған асқақ ханымша сыздана жетті.

– Бізге үлгі етпек «ұлы мәдениетімен» келді ғой, тікейіңдер!– деп күбірледі Ақай. Қазқтай қатып тұра қалдық. Арыстандай ажар, жолбарыстай жон көрсетпек раймен кекірейіп, көз құйрығымен шола қарап өтті генерал. Түп жақтағы бір есікке барып кірісімен, тергеушіміз қолын шошаң еткізіп, қабылдау бөлмесін нұсқады.

Жиырма-отыз адамдық қана кішкене зал екен. Қонақасыға даярланғандай таза ақ дастарқан жабылып ұзыннан тізілген үстелге әйнек стакандар мен термос, сигар, гүл сауыттар қойылыпты. Біз отырысымызбен ақ халатты әйел кіріп, стакандарға қайнаған су құйып, алды-алдымызға қойып шықты.

Ақай мен Серәлі «қандала ордасында» мұндай бір стакан судың неше адамға жететінін есептей күбірлесіп отырғанда ұзын етек генерал кірді. Тағы да шақ-шұқ қаздия қалдық. Ол есік жақтағы орындыққа шірене жайғасып, бізді қол ишарасымен отырғызды да нән қоңыр үнімен сыздықтата сөйледі. Аударушы сұрсы да нән үнімен тереңсіте-қымбатсыта, нақтап аударғанымен миымызға қонары үш ауыз ғана сөз болды: «сендер тым надан, өте мешеу оқушысыңдар, сондықтан, кімге алданғандықтарыңды да білмей қалдыңдар», «зор қылмыс өткізсеңдер де сол себепті бір рет, тек бір рет қана кеңшілік еттік. Жұңхуа Мингоның бұл қамқорлығына мәңгі борыштарсыңдар. Газеттерде үкімет алдындағы осы борыштарыңды жазыңдар», «бәрің жап-жас екенсіңдер, ішкеріге, әсіресе Чұңчиңге барып оқысаңдар көздерің ашылады» дей келіп, «толық түсінікті Ху чужаңнан» еститіндігімізді ескертті де, қайқая жөнелді.

Тергеушілер бастығы енді бізді сақшы басқармасына ертіп апарды. Ху гожынның қабылдау бөлмесі шыжыған ыстықтан терлеп келсек те тоңдыратындай ызғарлы сезілді бізге. Үш қабырғаға бірдей іргелете қойылған арқалықсыз ұзын орындықтарды боз қыраудай тозаң басыпты. Әйелдерді керуетінде қабылдайтын бұл қан ішер бөлмесінде көптен-ақ ешкімді қабылдамаған сияқты. Есік жақ қарсымызға қойылған шағын қоңыр үстел мен екі орындық қана мұздай жарқырап, таза сүртіліпті.

Қою қара шашын жалтырата майлап, жыға тараған, қыры пышақ жүзіндей қоңыр сым-костюмды, ұзын бойлы қара сұр келе жатқанын ашық терезеден көрдік. Артынан сәулетті екі офицер дедек қаға еріп келеді. Қанталай шатынаған көзіне қарай сала ыршып тұрыстық. Ол бізді құтырған қасқырша ырсия шолып тұра қалды. Жалтыр үстелді сұқ саусағымен сипап жіберді де, арт жағына мойнын бұра түйілді. Екі офицер жарыса жүгірді сыртқа. Екеуінің қатар жүгіргені бір ғана үстел сүрткіш орамал екен. Біреуі соны ұстап, біреуі қосар аттай бос шауып келді де, бірі әкелген орамалымен, бір алақанымен орындық үстелді ысқылап-ысқылап жіберді.

– Бүйтіп тапқан шендеріңді...– деп Қуат күбірледі.

– «Қан ішер» десе қан ішерім-ақ екен-ау!– деп сыздықтата Ақай жымиды. Сұраулы пішінмен таңырқай қарап Мұса отыр.

– Германияның шпиондық мектебінен өрбіткіш қандала нәсілдендіруді де жақсы оқыған екен-ау,– деп күбірледі бір орайда.

Екі қызметкер офицері орнын қанша ысқылап-сүрткенімен бастығы үстел-орындыққа жирене қарап, тік тұрған күйі сөйлей жөнелді. Әлгі екі сорлының бірі аудармашы екен. Басқарма бастығы ішкі ауқым жөнінен «Шығыс Түркістан» мәселесін ашпай, бұрыннан ел құлағына қанық «Оспан бандысының сегіз жылдан бергі лаңын» сөз етіп еді. Оның «толық құралды қарақшылығын», әліге дейін жойылмай «халықты бұлап-талап», «қырып» келе жатуы «жиянгердің» «тірек болып құтыртуынан» екенін сөйлегенде өз құтырығы да асқынып, жараған бураша зіркілдей жөнелді. Ақ көбік атқан езуі мен шоқтай қызарған көзі, әр сөзінің арасына «а» дыбысын нығарлап қосса да тістенулі қалпында ырсиятын ірі тістері атылғалы тұрған аса ірі жыртқыштай тым суық көрініс береді екен. Сөйте келіп, ең сойқанды бір сұрауды қойып кеп қалды бізге:

– Оспан бандыларын қаруландырып, құтыртып отырған кім?

Бұл қандестің ататпақ болып тұрғаны Совет одағы екенін білсек те, әдейі аңыра қарап жым-жырт отырып қалдық.

– А... кім?... Кім жауап береді?... Айтасыңдар ма, жоқ па?!

Ешқайсынымыз жауап қатпай тұқыра түсіп едік, ең үлкеніміз екені сақалынан танылатын Ақайды нұсқады:

– Сен сөйле!

– Оспанды қаруландырған жапон жиянгерлігі! – деп шімірікпей қатып тұра қалды Ақай.

– Қоянның миы құрлы миың жоқ екен! – деп зекіді Хугожын. – Алтай мен жапонияның арасы қанша жер екенін білмеймісің? Аралығында біздің өлкеміз, миллиондаған армиямыз тұрғанда жапон қайтып қаруландырмақ!... Сен жауап бер!– деп сонан соң Ынтықбайды, Шақанды, Қуатты, Салықты бір-бірден тұрғыза берді. Бәрі де сол бір жауаптан жазбады. «Жапон» аталған сайын атылып шығардай шақшия түсті қанды көз. Бәрін бір-бір тілдеп өте берді.

Бұл сұрауға Шинжяң көлемінде «жапоннан» басқа жауап лайық келмейтінін түсіндіргім келді. «Сонда осы боқтықтарымен өздерін тілдеу ғана дұрыс болатынын қоса түсінер» деген оймен рұқсат сұрай түрегеліп сөйледім.

– Оспан «бандысы» – біздің мемлекетіміздің жауы. Ішкі жауымызға, әрине, сыртқы жауымыз ғана көмектеседі. Жауға досымыз көмектеседі десек, тілдемек түгіл қайта түрмелеп қойсаңыз да дұрыс болар еді. Жапон фашизмі – елімізге көптен шапқыншылық жасап келе жатқан ең қас жауымыз ғой. Сондықтан, Оспанды жапоннан басқа ешкім де қаруландырған жоқ деп түсінеміз!

– Ы... һы... – деп гүж етті Ху Гожын. – «Қызыл жиянгер» деген кім?

– «Қызыл жиянгер!»... Ол немене? – деп мен таңданғандай өзінен сұрадым. – Ондай жиянгерді мүлде естімеген екенбіз. Біздің мемлекеттің маңында жапоннан басқа жиянгер жоқ, шекаралас досымыз – Совет одағы ғана бар. Оны бізге жау деп ешкім оқытқан емес... «Қызыл жиянгер» деп Жапонды айтып тұрған шығарсыз, әлде?

Ху Гожын ырсылдай күлді, күлкісінің өзі де ырылдағандай естілді.

– Сендерде ми жоқ!... Сендерді «адам» деп атағанның өзі ақымақ!– деп зіркілдеп алды да, бәсең үнге ауысып, түсіндіруге кірісті. – Бәрің отырыңдар!... Қызыл жиянгер сол «досыңның» дәл өзі. Оны «дос» деп саясат үшін ғана айтамыз, – деп бастады да, «Жұңхуа Мингоның нағыз жауы сол» екенін, «еліміздің ішіндегі бандыларды үздіксіз қаруландырумен ғана тынбай, өз армиясын Шинжяңға жіберіп үздіксіз шапқыншылық-қырғыншылық жүргізіп» жатқанын «ұғындырды». – Оған біздің құдіретті армиямыздың қылшығы да сынбады, біз жеңдік! – деп сөз соңында арландық көрсете тоқтады. – Мұны сендерге толық түсіндіру үшін ғана айтып тұрмын. Сендер оған алданып зор қылмыс өткіздіңдер, бұл рет кеңшілік еттік. Екінші рет қателессеңдер қатал жаза қолданылады. Қайта қателеспеулерің үшін ғана түсіндіргенім ғой. Мұны өзге ешкімге айтпайсыңдар! – деген ескерту өлекшіндігін қайта әшкерелей салды. – Бір адамға айтатын болсаңдар менен рахым күтпеңдер, ұқтыңдар ма? Ұқпаған мәселелерің болса осы жерде сұрап алыңдар, басқа жерде сөйлесеңдер бастарыңды мылжалаймын!

Ақай тым ибалы қалыпқа түсе рұқсат сұрап орнынан тұрды:

– Біз оншақты жыл оқып білмегенімізді бүгін сіздің сөзден ғана бідік, түсіндік. Қателеспеуіміз үшін үлкен қамқорлық еттіңіз, рахмет чужаң, – дегенде көгілдір сары көзі ойнақши қалды да, қырма қоңыр сақалы тікірейе түсті. Өлекшіндігін бетіне басқалы тұрғанын сезе қойдық. Алғысын қайталай айтты Ақай. Дәл «қызыл жиянгер» жағынан қателесе қоймаспыз, мың рахмет. Советтің «жиянгер» екендігін біз расында да білмейтінбіз. Білмейтіндігіміз «ақымақтығымыздан» емес, біз оқығаннан бастап оқытушыларымыз «дос» деп қана түсіндіріп келеді; жау екенін газеттен де көрмедік... газеттен «қызыл жиянгер» деген атау оқып көрдіңдер ме, сендер?!

– «Көрмедік», «ондай мақала да жазылмады», – деп біз шу ете түстік.

– «Мінеки, чужаң, сауатымызды сіз ғана аштыңыз. Осы түрмеге түсіп, сізден осындай «ұлы түсінік» алған біздің бақытымыз зор екен, біз енді қателеспейміз. Сізден түсініп алатын бір ғана сұрауым қалды. Ол былай: қалған сабақтастарымыз тіпті надан, «қызыл жиянгер» дегеннен мүлде бейхабар надан. Сіз «ешкімге айтпа» дедіңіз, басымыз үшін біз, әрине, айтпаймыз, газет те, оқытушылар да солай, айтпайды. Солардың бір тобы тағы да біз сияқты үйін іздеп қашса, біз сияқты ұсталып, сіздің алдыңызға келеді. Осы қиын жұмбақ «қызыл жиянгерді» сізге олар да айтып бере алмай қиналады. Олар да «қоянның миы құрлы миы жоқ» ақымақ емес пе, әрине, айтып бере алмайды. Сонда, білмеген оларды боқтайсыз ба, біліп тұрып айтпаған бізді боқтайсыз ба?

Ху чужаң бұл рет көбірек ырылдағандай күліп алды да, ұзағырақ «түсінікке» кірісті. Бұл реткі түсінігінен түйір таба алмай мезі болдық та әйтеуір, алғашқысындай арланша емес, өлекшінше қыңсылағанын ғана түсініп жымиыстық. Бірдемесін солай күбірлеп айтып бола сала, арландығы қайта ұстағандай адыраңдай жөнеледі.

– Бұл реткі ауыр қылмысқа сендерді надандықтарың жетектеді. Мұндай хайуан түйсігі қайта қателестіреді. Бұдан құтылып, адам болуларың үшін Чуңчиңге барып оқыңдар. Жұңхуа Минго үкіметі сендерді адам ету жолында қамқорлығын аямайды. Аэропланмен барасыңдар, әрқайсыңа қырық мың доллардан жол расхотын береміз. Бұдан үлкен қамқорлық қай елде бар... рас па, рас емес пе?!.. Қайсысың Кулидің қай қаласына барып оқимын десеңдер рұқсат, қырық мың деген соң сол қырық мың... Мына Жяу фугуан1 мен Уаң тілмашқа тізімделгеннен кейін мектептеріңе қайта тұрасыңдар. Аэроплан билеті алынып болған соң, ақшаларыңды қолдарыңа беріп, жолға саламыз. Солай ма, солай емес пе?!

– Үйімізді сағынғандықтан, өзіміз іздеп келген осы мектептерімізді де тастап қаштық қой,– деп бірнешеуіміз қатар көтерілгенде Ху Гожын есіктен шығып та үлгіріп еді.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных