Главная | Случайная
Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Археография және оның тарихи таным процесіндегі орны




Құжаттарды жариялау тәжірибесіне бір ғана жүз жылдың көлемі болған жоқ. Дегенмен, объектілері құжаттар болып табылатын басқа да ғылыми пәндер секілді құжаттарды жариялауды қарастыратын арнайы ғылым ретінде біршама кейінірек пайда болды.

Археография ғылым ретінде шамамен ХІХ ғ. екінші жартысында қалыптасты деп есептеу қалыптасқан. Ғылыми негіздерін, тұтас теориялық жүйесін жасау – ұзақ та күрделі процесс болды. Маңызды элемент ретінде оған рефлексия – ғылымның өзін-өзі тануы енді. Яғни, археографияның теориялық білімінде археография дегеніміз не, мазмұны мен кіріспесінің шекарасы қандай, мақсаты мен міндеті не, әдіс-тәсілдері қандай деген сұрақтар маңызды орын алады. Археографияның теориялық жүйесі қазір қалыптасу үстінде. Л. Н. Пушкарев археографиялық теория мәселелерінің талқылануы оның жеке пән ретінде қалыптасқанына жарты ғасыр өткеннен кейін де жалғасуы «мамандардың әлсіздігінен емес, бұл – археографияның ғылым ретіндегі қалыптасу процесімен түсіндірілетін заңды тарихи құбылыс» деп дұрыс атап өтті.

Археографиялық жалпы мәселелерді зерттеуде ең алдымен алдымыздан шығатын нәрсе – терминология мен археографияның түсініктемелік аппарат, өйткені ғылыми мәселелерді талқылау мен оларды мазмұндау белгілі бір ғылыми тілді пайдалануды қажет етеді. Барлық ғылымда оның түсініктемелік аппаратының болуының, терминологиясының анықтығының деңгейі оның теориялық ойының даму деңгейін көрсетеді. Археографияда оның ғылыми тілі мәселесі шешуін күтудегі түйін екендігі жасырын емес. Әрине, археографиялық түсініктер мен терминдер туралы түрлі таластардың артында барлық жас ғылымдарға тән секілді ғылым теориясының іргелі мәселелерінің шешілмегендігі тұр [3].

Жариялау әдістерін өңдеу археография саласында теориялық ғылыми қызметтің басталуын көрсетеді. Теориялық зерттеулер танымның жоғарғы формасы ретінде енді археография туралы жалпы түсінікті, оның білімдер жүйесіндегі орнын, құжаттарды жариялаудың теориялық негіздерін қарастырумен байланысты. Бұл үшін құжаттарды жариялаудың тәжірибесіне ғана сүйену жеткіліксіз. Тарихи бірінен соң бірі пайда болған археографиядағы танымның үш деңгейі енді бір-бірімен тығыз байланыста бір уақытта синхронды өмір сүруде. Кең масштабтағы тәжірибелік жұмыс процесінде жариялаудың мақұлданған әдістерін қолдану аясы кеңейіп, жаңа әдістерді іздеу жалғасуда. Және де ол әдіснамада да, теорияда да қолдау табуда. Теориялық білім жариялаудың әдісіне сүйене отырып, ғылыми пән ретіндегі археографияның жалпы негізін, осы ғылымның іргелі ұғымдары мен принциптерін жасауда. Осылайша ол бұл пәнді жалпы таным теориясымен және тарих ғылымымен байланыстыруда.

Ғылыми білімнің бірлігі туралы бұндай ұсыныс тұрғысынан археографиядағы таласты мәселені – археографияның көлемі туралы мәселені шешеміз. Археография аясына ғылыми білім аймағы да (ғылыми пән), археографиялық тәжірибе де кіреді деген көзқарас логика мен ғылыми танымның теориясына сәйкес келетіндей. Осылайша археографияны ғылым және оқу пәні ретіндегі археографияны және құжаттарды тарихи дерек ретінде жариялау тәжірибесін қарастыратын білімнің ерекше саласы ретінде қарастыруға болады.

Археографияның теориялық бөлімінің міндетіне құжаттарды жариялаудың әдістері мен техникасының дамуына ғылыми берік негіз беру кіреді. Дегенмен археографиядағы теориялық білімнің маңызды міндеті болып ең алдымен оның негізінде жатқан құжаттарды жариялау жұмысының тарих ғылымына байланыстылығын түсіндіру, тарих ғылымының әдіснамалық жағдайларын пайдалану табылады.

Құжаттарды жариялау жұмыстарының мәнін ұғыну және жариялаудың болмысын түсіну мен анықтауға археография тұрғысынан келу ғылыми тарих білімі жүйесіндегі археографияның орнын анықтағанда ғана мүмкін. Археографияның жалпы орнын және құжаттарды тарихи дерек ретінде жариялауды тек өткенді ғылыми зертеуді процесс ретінде қарастырғанда ғана сипаттауға болады. С. В. Рождественский дәл осылай етті. Ол археографияның ғылыми функциясын «мұрағаттық», «археографиялық» және тарихи-зерттеулік кезеңдерден қалыптасатын үзілмейтін шынжырда зерттеді. Тарихи зерттеулердің бүкіл процесінің сатылық идеясы – археография болмысы мен оның осы процестегі орнын ұғынудың басты нүктесі.

Өткен туралы білім алу процесінде саты немесе кезеңнің бар екенін түсіну тарихшыларға ертеден белгілі. Осы кезеңнің біреуінің өзінде бірнеше саты бар екендігі туралы ұғым тарих ғылымының, әсіресе тарихнаманың жетістіктерінің нәтижесінде кейінірек қалыптасты. Құжатты тарихи дерек ретінде қарастыру сатысы да процесстің белгілі бір түрі ретінде қарастырыла бастады. Бұл идея белгілі мұрағатшы И. Ф. Колесниковта анық бейнеленген. Ол құжаттың дерекке айналу процесі жолының ұзақтығын айтқан. Ғалым «ескерткіштен» «сыни тексеруден өткен тарихи дерекке» дейінгі жолды деректі зерттеудің археографиялық кезеңі деп есептеп, оны «деректегі мәліметті тарихи құрылыс қажеттігіне алу процесіне» қарсы қойды.

Басқа ғылымдар да өзінің қалыптасуы мен дамуында осындай жолдан өтеді. Мысал ретінде археографияға ұқсас ғылым – мұрағаттануды алайық, ең қарапайым тілде бұл «мұрағаттар туралы ғылым» деген ұғымды береді. Археография сияқты, археологияның негізінде дамыған мұрағаттанудың мәселелері де 1860 – 1910 жылдар аралығында Москвада өткен археологтардың ХV сьезінде күн тәртібінен түспей қарастырылды, мұрағатшы мамандарын көбіне Петербург және Москва археологиялық институттары дайындады, мұрағаттану мұрағаттағы жұмыстарды ұйымдастыру, теориясы, іс жүзінде құжаттардың есебін жүргізу, сипаттау, пайдалану, сақталуын қамтамасыз ету, жұмысты ғылыми ұйымдастыруды кешенді қамтыған ғылым болып қалыптасқанша тілдік, трансформациялық талай өзгеріске түсті. (Бұл анықтама «Словарь современной архивной терминологии социалистических стран. М., 1982» деген кітапта берілген). Белгілі болғандай, мұрағатшы болуды қалаған екі институттың тыңдаушыларына «мұрағат туралы ғылым» және «мұрағаттану» тақырыбына екі бөлімнен тұратын дәріс оқылды. Біріншісінде – мұрағат тарихы туралы, екіншісінде мұрағаттағы атқарылатын жұмыстардың негізі туралы мәлімет берілді.

Мұрағаттанудың арнайы тарихи пәнмен бірге қарастырылуы – оның бірден қолданысқа енуіне әсер етті. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресейде, сол сияқты басқа республикаларда «құжаттарды сақтаумен, есебін жүргізумен, ол құжаттарды пайдалануды ұйымдастырумен айналысатын», немесе «қоғамдағы ғылымды, саяси-құқықтық, мәдени және техникалық-экономикалық қызметтерін қамтитын құжаттарды сақтаудың, ондағы мәліметтерді пайдалануды ұйымдастыратын» өз алдына мұрағат ісі болып осылайша қалыптасқан. Осылайша мұрағат ісі нақты істермен айналысатын өз алдына бір сала болды. Мұрағаттану – осы саланың кейбір аспектілерін зерттеумен айналысатын ғылым болып табылады. (Бүгінгі таңдағы Украина мұрағатшылары мұрағат және мұрағаттану терминдерін бір сөзбен «архивистика» деп атауды ұсынады).

Бұлардың бірі де болған жоқ, болуы да мүмкін емес еді, өйткені археографияның мұрағаттануға қарағанда қолданылу аясы өте кең, шексіз десе болғандай. Археографияның ғылым ретіндегі берер нәтижесін тарихшылар ғана емес, оның дамуы мен өркендеуін қалайтын басқа да ғылым өкілдері, сол сияқты құжаттарды жариялап, ғылыми айналысқа түсірумен айналысатын мұрағатшылар, мұражай мен кітапхана қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары, өлкетанушылар, ғылымға қызығушылықпен қарайтын кез келген адам күтеді.

Археографияның ғылым ретінде қолданылу орнының нақтыланбауы – бұл терминнің қаншалықты дұрыс қолданылып отырғанына күмән тудырады.

Бұл жөнінде 1970 жылы өткен археографияның пән ретіндегі міндеттері туралы болған пікірталаста беларуссиялық мұрағатшы-археограф Е. Ф. Шороховтың көзқарасы мүлде қарама-қайшы. Археографияның қосымша тарихи пән ретіндегі анықтамасымен мүлде келіспейтін ол: «археография – құжаттық басылымдарды жариялаудың теориясы мен әдістемесін әзірлеумен айналысатын ғылыми пән» деп есептейді. Ғылыми пән ретіндегі бұл анықтама, оның ойынша, археографиялық тәжірибе ұғымымен шатастырмау үшін қажет, құжаттық басылымдарды баспаға әзірлеудің әдістерін нақты айқындайды, құжаттардың пайда болу тарихын, археографияның тарихын зерттейді.

Е. Ф. Шороховтың археография туралы пікіріне қарсы қандай да бір сөз айту қиын болса (қосымша тарихи пән ретінде емес, ғылыми пән ретіндегі), ал оның құжаттарды жариялау қызметін археографияның міндетінен алып тастауына көпшілік наразылық білдірді. Бұл жерде Е. Ф. Шорохов өзінің барлық мақалаларында «археографиялық қызмет» деген ұғымды құжаттарды жариялауға байланысты қолдана отырып, өз пікіріне өзі қайшы келеді. «БССР-дегі археография мәселелері» атты жинақтағы (Мн., 1980. С. 63) оның мақаласы тура осылайша аталады: «Беларуссия КСР- нің ғылыми мекемелеріндегі археографиялық қызмет». Өзінің логикалық ой қорытындысы бойынша ол мақаласын «Археографиялық қызмет» деп емес, «Беларуссия КСР- нің ғылыми мекемелеріндегі тарихи деректерді жариялау қызметі» деп атауы керек еді.

Ресейдің осы заманғы зерттеушілерінің соңын ала (С. Н. Валк, С. О. Шмидт, Е. М. Добрушкин т.б.) біз археографияны ғылыми және оқу пәні ретінде, құжаттарды тарихи дереккөз ретінде жариялауды үйрететін білімнің айрықша бір саласы деп қарауға бейімделдік.

Археографияның бірыңғай құжаттарды жариялаумен айналысатындығын С. О. Шмидт өзінің «Совет археографиясының дамуының кейбір мәселелері» атты мақаласында нақты мысалдармен дәлелдейді, мұнысын ресейлік археографияның патриархы С. Н. Валктың тұжырымдамаларына сүйене отырып дәлелдейді. Ал С. Н. Валк болса Е. Ф. Шорохов сияқты, теория мен құжатты жариялауға байланысты іс-тәжірибені бір атаумен атау сияқты қалыптасқан әдетке қарамастан, «археография» терминін тек ғылыми пәнге байланысты қолданды. Мысалы, «Медицина – ғылыми білімдер жүйесі және адамдардың денсаулығын сақтау мен күшейту шараларын қатар жүргізетін қызмет» деген анықтама берілген Үлкен Совет энциклопедиясында, 26 - том, 615 - бет.

А. А. Амосовтың «іс-тәжірибелік археография» деген сөз тіркесі, құжаттарды тарихи дереккөз ретінде жариялауға әзірлеу мен жариялау жұмыстарын ұйымдастырумен айналысатындықтан, біздіңше, ғылыми айналысқа өте сәтті енгізілген. Бұл сөз тіркесі тарихшылар мен мұрағатшылар, археографтардың арасында ғылыми және іс жүзіндегі қызметте қолданысқа еніп, біршама бекіді. (Қараңыз, мысалы, біздің «Археография және оның беларус халқының ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, дамытудағы рөлі» атты мақаламыз. Гродна, 1996. 7 кітап, 124 б.).

Кез келген ғылыми пән сияқты, археография да өзін өзі танудан тыс қала алмайды. Бұл археографияның жұмыстарын ұйымдастырудың тарихын зерттеуді қарастырады (мемлекеттік және қоғамдық мекемелердің, кәсіби тарихшылардың, мұрағатшылардың, археографтардың археограф-дилетанттардың жұмысы, жеке кәсіпкершілік жұмыстар), археографиялық қызметтің кейбір саласына жеке тұлғалардың қосқан үлесі, археография теориясының әзірленуі, одан әрі дамытылуы, археографтардың нақты құжаттық материалдардан басылымдар әзірлеу барысындағы әдістемелерді қолдануын зерттеу, археографиялық материалдардың көлемін айқындау, т.с. с.

Археографияның тарихи жағын зерттеудің тек ғылыми ғана емес, іс жүзінде қолдануда да маңызы зор. Бұрынғы өткен тәжірибелерге сүйене отырып, археографиялық қызметті неғұрлым тиімді ұйымдастыру - тарихи деректерді жариялаудың жалпыұлттық, жалпымемлекеттік жоспарына айтарлықтай әсер етеді, археографияның жоғары білікті мамандарын дайындауға көмектеседі.

Ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде өте қажетті дереккөз қорының ұлғаюына, мемлекеттік және жеке меншік мұрағаттарындағы, кітапханалар мен мұражайлардағы қолжазба бөлімдеріндегі тарихи деректердің біразына қол жеткізуге мүмкіндік тудыруда археографияның тарих ғылымында орны ерекше.

Басқа ғылымдарды айтпағанда, ғылыми әзірлеме дайындау барысында зерттеушінің жазбаша дереккөздермен айналысуы маңызды орында.

Осыдан келіп, археография өзінің пайда болған алғашқы күнінен бастап тек қана жазбаша ескерткіштермен – дереккөздермен айналысатын ғылым ретінде дамыды деп айта аламыз. Бірақ бүгінгі күні тарихи зерттеулердің құжаттық базасының кеңеюіне байланысты, яғни қағаздан басқа тасымалдауыштардағы (кино, фотосуреттер, магниттік лента, оптикалық диск және басқалар) барлық осы дереккөздерді жариялауға жататын объектілер болып есептеледі. КСРО-дағы тарихи құжаттарды жариялау ережесінде (М., 1990) осы мәселелер толық көрсетілген.

Құжаттарды тарихи дереккөз ретінде жариялай отырып, археограф зерттеушілерге жария етіп қана қоймайды, ол дереккөздерге деректік сын жасайды, бірақ зерттеуші-тарихшының құқықтарына нұқсан келтірмейді. Бұл мәселеге кейініректе тағы та тоқталатын боламыз.

Тарих ғылымының тарихына назар аударсақ, оның ғылым ретінде қалыптасу кезеңінде тарихшылардың өздері қажетті материалдарды іздестірумен, оларға сипаттама берумен, өңдеумен, онан соң талдау жасаумен айналысып, бұдан соң керекті ақпаратты әртүрлі тарихи құрылымдар жасау үшін пайдаланды. Ресейдің көрнекті тарихшылары: В. Н. Татищев, М. М. Щербатов, И. Н. Болтин, Н. М. Карамзин осы әдіспен жұмыс істеді, олардың тарихи зерттеулері алғашқы дереккөз ретінде бағаланады, өйткені олардың еңбектеріндегі пайдаланылған материалдар кейін жоғалып кеткен еді. Естеріңізге сала кетейік, міне екі жүз жылдан артық уақыт бойы тарихшыларды дүрліктірген еңбек. В. Н. Татищевтің «Ресей тарихындағы» ғалымның ұсынуымен ХVІІІ ғасырда Полоцкіде құрастырылған жылнама. Бұл жылнама сақталмаған, оның болғандығын Татищев еңбектері арқылы ғана біліп отырмыз.

ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында тарихшы-зерттеуші мен тарихшы-археографтар араларында өзара «бөлісу» болды. Дереккөздерді зерттеу мен жариялау жұмыстарын әркім өзінше бөлек-бөлек жасағаннан гөрі бір мезгілде, бәріне бірдей ортақ етіп жасаған тиімдірек. Айрықша құжаттарды тарихи дереккөз ретінде қарастыратын арнайы тарихи пән қалыптасты.

Кейінірек тарихшылардың мәскеулік мектебінің негізінде қолжазбаларды жариялаушылардан зерттеушілердің қызметін бөліп қараудың теориялық негіздемесін айқындаудың уақыты келіп жетті. Ресейдің белгілі тарихшысы И. Ф. Колесниковтың ойынша, тарихшы үшін жазбаша ескерткіштер – «тарихи зерттелген белгілі бір дереккөз»; тарихшының міндеті – құбылысты сынау, фактілерді жинақтау, оларға баға беру. «Археограф үшін – , деп жазды ғалым,- жазбаша дереккөз дегеніміз белгілі бір тарихи зерттеудің дерегі емес, нақты тарихи дереккөздер. Археографтың міндеті – қандай да бір тарихи құрылымдардың берік те сенімді іргетасын жасау. »

Жарияланған материалдар тарихшы-зерттеушінің еңбегін жеңілдетіп қана қоймайды, сонымен бірге осы құжаттарға сүйене отырып жасалған қорытындылардың, тұжырымдамалардың негізі, кепілдемесі рөлін атқарады. Осылайша аталған құжатты пайдалана отырып жасалған тарихи зерттеулердің қаншалықты жарық көргендігі анықталады.

Бұл жөнінде 1924 жылы өткен мұрағатшылардың бүкілбеларуссиялық бірінші сьезінде Д. И. Довгялло өз ойын былайша жеткізді: «Мұрағат құжаттарының басылымдардарда алғашқы дереккөз ретінде жариялануы – беларус халқының тарихын зерттеуде және мәдениетіне сипаттама беруде қай жағынан алып қарасақ та, міндетті түрде қажет болды». Беларус халқының тарихын дұрыс, әрі жан-жақты көрсетуге аса қажетті материалдарды жарыққа шығару бірінші кезекте тұрады. Бұдан басқа, дәл осы мақсат үшін, ғылыми зерттеулердің барлық талаптарына сай келетін жаңа басылымдарға ұсыну үшін, бұрын жарияланып кеткен актілер мен құжаттарды тексерістен өткізу қажеттілігі туды.

Тарихи зерттеулерді ұйымдастырудың жетіле түскендігі соншалықты, бұған дейін маманданған мұрағатшы-тарихшының мұрағатқа жинақтаған, сақтауға қабылдаған, сипаттама берілген құжаттарының ішінен зерттеуші тарихи оқиғалардың құрылымына қарай, өзіне керекті нақты фактілерді ғана іздестіруге мүмкіндік алады. Жақсы әзірленген ақпараттық-анықтамалық аппараты болған жағдайда бұл жұмыс біршама жеңіл атқарылады.

Бірақ анықтамалық ақпараттық аппарат қанша жақсы болғанмен, іздестіру, көшірмесін жасау, таңдап алу сияқты қосалқы жұмыстарға да көп уақыт кетеді. Дереккөздердің мазмұнына талдау жасау мен қорытынды әзірлеуге уақыт аз қалады. Экономикалық факторларды да: жол шығыны, басқа қалада тұру, көшірмеге кететін ақша – мұның бәрін естен шығармауымыз керек.

Осы және басқа да жағдайлар құжаттарды жариялау жұмысын ғылыми қызметтің айрықша түріне жатқызды. Тарих ғылымының, оның ішінде деректеменің дамуы, жариялау қызметі ғылыми мағынаға ие болды, бұл құжаттарды басқа құжаттар сияқты көп таралыммен шығаруға болмайды. Бұл іспен маманданған, жалпы тарихи дайындығы, арнайы білімі бар адамдар айналыса бастады. Ғылыми еңбектің бөліну принципіне байланысты олар өздеріне дереккөзді тану жұмысының «дереккөзді сыртынан бағалау, сынауға» жататын бір бөлігін алды, яғни дереккөздің түпнұсқа екендігін, авторын, уақытын, оқиға болған жерін анықтау сияқты жұмыстар, дереккөздерді танудың басқа жұмыстарын басқа әріптестеріне – тарихшы-зерттеушілердің үлесіне қалдырды.

Құжаттарды жариялауға әзірлейтін тарихшылардың, археографтардың, тарихшылардың қызметі жалпы тарихи қорытындыларға, тұжырымдамаларға, тарихшының құрған тұжырымдамасына қарағанда тарих ғылымына ұзақ уақыт бойы терең әсер етеді. Бұл жағдай ертеректегі тарих ғылымына да, қазіргі тарих ғылымына да, ғылымға қатысы жоқ факторлардың: саяси, идеологиялық, этникалық, конфессионалдық әсерлеріне қарамастан тән болды. Тарихи зерттеудің тәсілдері, тұжырымдамасы өзгеріске түскенмен, тарихи дереккөз ретіндегі құбылыс өткеннен, болған оқиғадан мәлімет беруші ретінде тарихшылардың өз зерттеулерінде пайдаланатын дереккөздері өзгеріске түспейді. Осы жерден тарихи зерттеулер аясындағы құжаттардың ерекше орында тұрғанын көреміз, бірақ ол құжаттардың да өзінің қалыптасу барысында субъективтік өзгерістерге ұшырауы әбден мүмкін екендігін естен шығармауымыз керек.

Бұл жөнінде Ресей тарих ғылымының ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы беделді тарихшылардың пікірлерін білетін болсақ, олар: С. Б. Веселовский 1909 жылы С. Ф. Платоновқа: «Ұқыптылықпен таңдап алып жинастырылған материалдар – кейін сол материалдарға сүйене отырып жасалған зерттеулердің өзіне қарағанда ғылым үшін таптырмас олжа» деп жазған.. Ғылыми жұмыстың жемісті болуы жаңа деректерді іздестіріп табуға, сақталған деректің мазмұны мен көлеміне байланысты болады.

Веселовский мен Платоновқа дейін жарты ғасыр бұрын Киев археографиясы комиссиясының негізін салушылардың бірі, әулие Владимир атындағы университеттің профессоры Н. Д. Иванищев әріптес тарихшылармен болған бір сөзінде былай деген: «Мына сіздердің Гизо – ұлы тарихшы, енді бір 20 – 30 жылдан соң оның көзқарасынан не қалады? Ал менің басылымдарымның тарих ғылымы үшін мәңгілік маңызы болады». Бұл жерде оның айтып отырғаны: «Ресейдің Оңтүстік-Батысының мұрағаты» атты құжаттар жинағы. Тарих ғылымының аясында ғылыми қызметтің бөлінісі жоқ, дегенмен тарихшы-зерттеушінің мұрағатшыдан, археографтан мамандықтарына қарай әрқайсысының өз ерекшеліктері болады. Бізге мәлім, мұрағатшы көбіне археографтың және тарихшы-зерттеушінің қызметін атқарады. Бұлардың: археографтың, мұрағатшының, тарихшының қызметтерінің бір-бірімен тығыз байланыста екендігіне олардың жоғары оқу орнын бітіргенде «тарихшы-мұрағатшы» мамандығын алуы куә, ал кейін жұмыс істегенде олардың штат бойынша атқаратын қызметі «археограф» деп аталады.

Бұрынғы жылдар тәжірибесіне қарасақ, бір адамның тарихшы-мұрағатшының және археографтың мамандығын меңгеруі мұрағат ісінде де, археография саласында да өте тиімді болды. (Мысалы, Н. И. Горбачевскийдің, Д. И. Довгяллоның – мұрағатшының – археографтың әзірлеген «Виленск археографиялық комиссиясының актілері» атты көптомдығы, «Тарихи-заңнамалық материалдар» сияқты, және басқа да басылымдардың сапасы өте жоғары).

Деректемелік базаның кеңеюіне байланысты, мұрағаттарда тарихшылар одағының жалпыламалық сипаттағы құжаттардың пайда болуына байланысты, тарихшының, мұрағатшының және археографтың өзара одағының өзектілігі арта түсті. Ресейдің атақты тарихшысы, академик С. В. Платоновтың оқушысы, Ресей академиясының корреспондент-мүшесі С. В. Рождественский «Тарихшы – археограф – мұрағатшы» деген үйреншікті атаумен берілген мақаласында тарихи зерттеулер жүргізуде мұрағатшының рөлін ерекше орынға қою қажеттігін, тарихшы-зерттеушілермен, археограф-жариялаушылармен дәрежелері бірдей серіктес бола алады деп санайды. Ғалым одан әрі былай деп жазады: « тарих ғылымы дереккөздер қоймасы болып есептелетін мұрағатқа терең бойлаған сайын, мұрағатшыға ғылыми құрылымның ортасынан ойып орын берілуі керек. Мұрағатшы шенеунік болуын қойып, жоғары дәрежелі ғылыми маман дәрежесінде, ал археографтар мен тарихшылар зерттеушілермен бір деңгейлес болуы керек.

Құжаттық жарияланымдар тарих ғылымының зерттеулеріне сәйкес келуі тиіс. Бұл әрине, дұрыс, зерттеуші нақты тақырып бойынша жан-жақты тарихи зерттеулер жүргізумен айналысатынын ескерсек, басқаларына қарағанда қандай да бір мәселеге байланысты деректерді жақсы біледі және басқаларға қарағанда ол деректердің жариялануына көбірек қызығушылық танытады.

Құжаттық жарияланымдардың тақырыбын анықтауда тарихнаманың оң әсерін жоққа шығармай, (кейінірек біз оның әсерінен тарихи жобалар мен құрылымдарға байланысты жарияланымдардың тапсырыс арқылы жазылуына алып келетін мұның кері әсері туралы да айтатын боламыз,), сонымен бірге мынадай жағдайды да атап өту керек, керісінше құжаттардың жариялануы тарих ғылымының дамуына ықпал етті, зерттеушілерге зерттеулері бойынша бағыт сілтеді, тіптен зерттеу нәтижелерін айқындап берді. Бұл, әрине, кейбір археографтардың бұрынырақта жариялаудың мақсаттары мен міндеттерін дұрыс түсінбеуіне еш байланысты емес, мысалы: «қандай да бір оқиғаны, құбылысты сипаттауда», немесе құжаттық жарияланымдардың көмегімен өзінше «құжаттар мен материалдарға зерттеу жүргізу» . Бұлайша мақсатқа жету, мәселелерді шешу – ресейлік тарихшы, археограф Б. Г. Литвактың атап өткеніндей, деректеме қорының қалыптасуына әкелуі ақиқат, археографиялық өнімде «ақпараттық шудың» күшеюіне, соңында «тарихи құбылыстың құжаттық бұрмалануына ең қолайлы жағдай жасалады». Археографияның тарихы көрсеткендей, құжаттық басылым дегеніміз – машықтанған мамандар әзірлеген, барлық талаптарға сай келетін басылым, осы мақалада қарастырылған мәселе айтарлықтай қызығушылықты оятады, нәтижесінде зерттеу жұмыстары жанданады. Жоғарыда айтылғандардың бәрі бізге дереккөз саласы бойынша арнайы тарихи пәндердің арасында археографияның өз орнын анықтап беруге көмектеседі.

Ең алдымен археография мен деректанудың өзара әсерін атап өту керек. Соңғысы археография үшін аса маңызды болып есептеледі, екі ғылыми пәннің өзара жақындығы, ұқсастығынан ғана емес, археографияның көздеген мақсатына да және зерттеудің ортақ әдістеріне де байланысты.

Өзінің тарихи тұжырымдамасының негізін жасамас бұрын тарихшы-зерттеушінің құжаттарды дереккөз ретінде қолдану үшін талдау жасауда қолданған әдістерін құжаттарды жариялауды әзірлеу барысында археограф та қолданады. Екінші жағынан: жұмыс барысында археография дереккөзбен жұмыс істеуде жаңа әдістерді ойлап тауып, сол арқылы деректемені байытады.

Деректану мен археографияның тарихи дамуының ұқсастығы оларды өзара жақындастырады. Дәрістің басында атап көрсетілгендей, археографияның пайда болуы – тарих ғылымымен байланысты және оның қарқынды дамуы тарихшылар мен тарихи құжаттарды жариялаушылармен арасын ашып айқындап береді, жалпықұжаттық материалдарға көпшіліктің қолының жетуін тездетті. Бірақ тарихшылардың сұраныстарын қанағаттандыру үшін арнайы білім мен біліктілік қажет болды, ол уақытта тарих ғылымының негізінде қалыптасқан деректану ол талаптардың барлығын меңгерген болатын.

Археография мен деректанудың өзара байланысы құжаттық басылымдардың ғылыми түрін әзірлеген кезде айқын көрінеді, өйткені олар күрделі қолжазбаларды зерттеу негізінде, оларға тарихи және филологиялық шолу жасай отырып әзірленеді. Бұл жерде мәтінтанулық археографиялық жұмыстар дереккөздерді зерттеумен тікелей түйіседі. Ғылыми басылымдардағы бір ғана мәтінге талдау жұмысының өзі және ескертпе, кіріспе, көрсеткі және басқа да ғылыми-ақпарат – археографияның дереккөз тануға қаншалықты бағынышты екендігін көрсетеді. Мысалы, 1930-1940 жж. «Русская правда» басылымын әзірлеу кезінде осы ескерткіштің бізге белгілі 103 тізімінің қысқа нұсқасы да, кеңейтілген редакциясы да қамтылды. Ескерткіштің мәтініне шолудың өзі барлық басылымның жартысын алды. Осыған шамалас шолудың келесі бірін А. Л. Хорошкевич әзірлеген «Полоцкие грамоты ХІІІ – ХVІ вв.» басылымынан көреміз. Аса көлемді емес, бірнеше ондаған беттен тұратын Баркулабовск жылнамасына мәтінтанушы А. Ф. Коршунов 500 ескерту жасады.

Дереккөзтанудың басқа пәндеріне қарағанда археография палеографиямен, хронологиямен, геральдикамен, сфрагистикамен және басқаларымен өзара байланысқа түседі. Белгілі бір дәрежеде бұл пәндер археография үшін қызмет ете отырып өздері де қалыптасып, дамыды. Сонымен бірге, аталған пәндердің әрқайсысының әдіс-тәсілін меңгермейінше құжаттарды жариялау мүмкін болмас еді.

Тарихи пәнге жататын археографияға филологиялық «мәтінтану» пәні өте жақын. Екі пәннің арасындағы айырмашылық жарияланатын материалдың сипатына байланысты, мәтінтанушылар көбіне әдеби шығармалармен жұмыс істейді, (әдеби, публицистикалық, ғылыми), ал археографтар – заңнамалық, іскерлік, тұрмыс-тіршілік сипаттағы құжаттармен айналысады. Археографиялық-мәтінтанулық тәжірибе көрсеткендей, бұл айырмашылық та барынша шартты, яғни жариялау объектісінің тарихи дереккөзге немесе әдебиетке жатуына байланысты. Бұған айқын мысал: жылнамалар, хроникалар, агиографиялық әдебиеттер және басқалары. Естеріңізге сала кетейік, бұрынырақта оларды әзірлеумен археографтар айналысқан, 1841 жылы басталған, бүгінгі күнге дейін шығарылуы жалғасып келе жатқан «Полное собрание русских летописей» сериясын Петербургтің археографиялық комиссиясы әзірлеп келген, бұл басылымды әзірлеуде ресейлік ірі ғалым-филологтар да қатысты. Киев археографиялық комиссиясы 1840 – 1980 жылдардағы украин жылнамасының біразын баспаға әзірледі.

Екінші жағынан, беларус филологтары ХІХ – ХХ ғасырлардағы беларус әдебиетінің тарихына қатысы бар, бірақ құрамына дәстүрлі «археографиялық» құжаттар енгізілген бірқатар жинақтар шығарды. Бұл жағдай, Н. Н. Улашикке аталған басылымды өзінің монографиясының екінші бөлімінде Беларус тарихының археографиясы және деректемесі бойынша қарастыруға негіз болғанын айта кету керек.

Археографтар мен мәтінтанушылардың дайындаған жарияланымдары бір-біріне ұқсас болып келеді. Олар мәтінтанушылардың бекіткен нақты мәтініне жақындастырылады, негізгі мәтінді археограф таңдайды. Мәтінтану мен археографияның мәтінге шолу жасау міндеттері бірдей болады. Қазіргі ғалым – археографтар өзара жақын осы екі пәннің кейін біртұтас болып бірігуі мүмкіндігін айтады, бұл пәннің шартты атауы «ретроэдиторика» болуы мүмкін.

Археографияның мұрағаттанумен, мұрағат ісімен ұқсастықтары өте көп. Кейінгі кезге дейін археография мұрағаттанудың аясында болып, кейін одан бөлініп шыққан деп есептеледі. Археографияның мұрағаттануға тәуелділігін Бүкілресейлік құжаттану мен мұрағат ісі ғылыми-зерттеу интитутының археография секторы осы институттың мұрағаттану бөліміне қарайтындығынан да байқалады.

Дегенмен, археография мен мұрағаттанудың ұқсастығы, сол сияқты мұрағатшы мен археограф мамандықтарының да ұқсастығы бір адамның бірнеше мамандықты қатар меңгеріп, алып жүретіндігі – археографтар мұрағатшыларға бағынышты деген сөз емес. Құжаттарға сипаттама беру де, жариялау да – мемлекеттік мұрағаттар жұмысының бір түріне жатады, ал археография болса көп жағдайда мұрағаттық фактілерді пайдаланады, және мұрағат принциптері мен әдістерін пайдаланады. Екінші жағынан, мұрағатшылар археографияның әдіс-тәсілдерін пайдаланады. Мұрағаттану мен археографияның өзара әсерін археографиялық зерттеулер мұрағаттың өзінің тарихында көрсетіп береді.

Археографияны мұрағаттанумен бірге қарастыруға әрекеттену, 1960 – 1980 жылдары археографияның іс жүзінде дамуына мұрағаттық мекемелердің әсерін тигізді, бұған материалдық базаның байлығы мен маманданған мұрағатшы-археографтардың жеткілікті болуы да ықпал еткен болуы керек. Екінші жағынан, республикада ғылыми және мұрағаттық мекемелердің жұмысына ғылыми-әдістемелік бағыт-бағдар беріп отыратын, өзі ғылыми-әдістемелік жұмысты жүргізетін арнайы археографиялық орталықтың болмауы да әсер етті.

Революцияға дейінгі Ресейдегі (беларус және литва губернияларын қоса алғанда) мұрағаттың және археографиялық жұмыстардың ұйымдастырылу тарихына назар салсақ, тарихи мұрағаттардағы қызметкерлердің міндетінен археографиялық комиссиялар міндеттерінің арасындағы айырмашылықтар айқын көрініп, бөлініп тұрғанмен, іс жүзінде, жоғарыда айтып кеткеніміздей, бір адам мұрағатшылық пен археограф қызметін қатар атқарып жүре берген. Витебскідегі ежелгі дүние актілер мұрағатының қызметкерлері бұл мәселені әлденеше рет көтеріп, Виленск археографиялық комиссиясы сияқты өз алдына бөлек археографиялық мекеме құру қажеттігін айтты. Сонда ғана Ғылым акдемиясының ғалымдары, университеттердің, тарихи, археологиялық қоғамдардың шенеуніктері орталық тарихи мұрағаттың кейбір қызметкерлерінің археографиялық қызметті аса қарқынды жүргізуіне сыни пікір айтып, бұл қызмет мұрағат ісіне кері әсер етуі мүмкін деген ойларын жасырмады.

«Біздің шеткері аймақтағы (Киевтегі, Виленскідегі, Витебскідегі) –, деп жазды –, Киев университетінің профессоры В. С. Иконников,- мұрағаттық тізімдемені жасап, жариялауға үлкен мән беріп, сол материалдардың өзін жариялауға көңіл бөлмейді, өздерінің көп уақытын жергілікті археографиялық комиссияның жариялауына ұсыныс жасаумен, хат алмасулармен, құжаттарды іздестірумен өткізеді». Москва мұрағатының директоры Н. В. Калачов те мұрағатшының негізгі жұмысы – құжаттарды жариялау емес, құжаттар тізбесін жасау болу керек – , деп нақты айтты.

Калачовтан кейінгі мұрағат директоры Д. Я. Самоквасов 1893 жылы 10 тамызда Вильнодағы ІХ Археологиялық сьезінде жасаған өзінің «Батыс губерниялардағы ежелгі актілер мұрағаттарындағы қызметті ұйымдастыру» атты баяндамасында мұрағат қызметін қандай да бір басқа саланың қызметімен қатар жүргізуге жол берілмеу керектігін айтады. Съезге қатысушылар бұл пікірге қолдау көрсетті, Виленск мұрағатының мұрағатшысы И. Я. Спрогис «мұрағаттардың міндеті – жариялау емес, құжаттарды сипаттау, жариялаумен айналысу ісі – археографиялық комиссияның міндеті», – дейді.

Бұдан отыз жыл бұрын, Виленскідегі ежелгі дүние актілер кітабы мұрағатын Вильнода енді ғана ашылған Археографиялық комиссиямен біріктіру жөнінде ұсыныс пайда болды. Оның ойынша мұрағатшылар көбіне құжаттарды сақтаумен, сипаттаумен, істен көшірме, анықтама берумен, ғылыммен байланысы жоқ жұмыспен айналысуы керек, ал Виленск археографиялық комиссиясы ғылыми жұмыспен айналысуы керек. Мұрағат жұмысы мен комиссия жұмысының арасындағы айырмашылықтарды виленскілік генерал-губернатор Э. Т. Баранов та қарастырды. Оның ойынша, «...алғашқысы актілер кітабының сыртқы көрінісіне, екіншісі оның ішкі мазмұнына үңіледі, соның ішінен ғылым үшін қажеттісін ғана алады». Біз археография мен мұрағаттанудың арасындағы байланысқа барынша толығырақ тоқталдық, өйткені бүгінде бұл екі мамандықты бірге қарастыруға тағы та талпыныстар жасалуда (В. П. Козлов, И. В. Поздеева). Екінші жағынан, осы екі ғылыми мамандықты, олардың ықпал ету аймағын анықтау – мүмкін, республикадағы археографиялық қызметтің дамуына әсер ететін болар.

Археография тарихнамаға мүлде қарама – қарсы пікірде болды. Тарихнама құжаттарды тарихи дерек ретінде жариялау жұмысының қалыптасып, дамуына ықпал етіп қана қоймай, мұрағаттану мен дереккөзтану сияқты жарияланымның тақырыбын, зерттейтін объектісін анықтауға көмектесті. Тарих ғылымындағы дағдарыс кезеңінде тарихи тақырыптардың талдауыштық зерттелмеген тұстарындағы олқылығын толтырып, археографиялық шығармалар алдыңғы қатарға шығуға әрекет етті.

1920 жылы дәл осылай болды, ресейлік тарихшы А. Л. Поповтың айтуынша, «алғашқы жетістіктермен қанаттанған археографтар ең алдымен тарихшыларға көмектескісі келді, бұл көмекті олардың орнына өздерін қою деп түсінді». Археографтар тарихи зерттеулер жүргізу мен тарихи құжаттарды жариялаудың арасындағы айырмашылықты жою қажеттілігін айта бастады. Кедергіден өтудің мұндай түрінен кейін көптеген құжаттар жинақтары шығарылды, бұлар көбіне бірін-бірі қайталап, тарихи процестің терең зерттелуіне жетелемеді. Осымен шамалас жағдайлар тарих ғылымында бүгін де кездеседі. Егер 1920 жылдары тарих ғылымының негізгі тұжырымдамасы бұзылса, еліміздің, қоғамдағы, әсіресе кеңестік кезеңдегі дамуымыздың тарихындағы айтарлықтай мәселелері бойынша бұл күндері қалыптасқан жағдайдың аз да болса өзгеріске түсу процесі байқалады. Ертеректе тыйым салынған, немесе тарихшылардың үнсіз келісімімен пайдалануға шектеу қойылған режимдегі мәселелердің өзектілігі артты. Аталған мәселелерді тарихшылар енді ғана ойластырып отырған жағдайда, оларды зерттеудің белгілі бір тұжырымдамасының болмауы да, археографтарға тарихнамалық дәстүрді сақтамаған құжаттық жарияланымдар әзірлеу жайлы ой келуі мүмкін. Аталған жағдай Беларуссияда орын алғандығын, республикадағы 1930 – 1950 жылдардағы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы коллаборационизм, 1920–1950 жылдардағы ұлттық – мемлекеттік құрылыс, сыртқы саяси қызметтерге байланысты мәселелер жайлы көптеген құжаттық жарияланымдар арқылы білеміз. Сонымен, 1997 жылы жарыққа шыққан «Знешняя палітыка Беларусі» атты көптомдық құжаттар басылымының бірінші томының кіріспе бөлімінде құрастырушылар мен редакторлар былай деп ашық жазған: «...у беларускай гістарыгрфіі гэтага часу няма спецыяльнага выдання, у якім бы сістэматызавана разглядался знешнепалітычная дзейнасць нашай дзяржавы. Гэты прагал заклікана запоуніць шматтомнае выданне документау і матэрыялау «Знешяя палітыка Беларусі», першая кніга якога у вашых руках»

Соның ішінде, біздің ойымызша, қазіргі заманғы ресейлік тарихшы және археограф Б. Г. Литвак «жариялау – «зерттеу» тарихнамалық дәстүр бойынша қажет және орынды; одан әрі оның тарихнамалық процесте қатысуы қарапайым ғана құжаттық көрініс түрінде емес, құжаттық мұраның құпия болып келген тұстарын айқындауға, ғылыми айналысқа түсіруге атсалысу», – деп нақты әрі тура айтып кетті.

Тарихи құрылымға материал беретін, бірақ тарих ғылымының даму деңгейін, бағытын өзі анықтайтын археография оның жағдайын да көрсетуге мәжбүр. Дегенмен, жаңа материалды археографиялық тұрғыдан меңгеру ісі құбылыстардың жекелеген процестерін, бұған дейін тарих ғылымының назарына ілікпеген мәліметтерді зерттеумен байланысты болуы керек. Археографияның алға ұмтылысы тарих ғылымының дамуын тежеуге алып келуі мүмкін, жариялауға қажетті материалдарды іріктеуге өз пікірлері тұрғысынан ғана қарау (субъективизм) – құжаттардың біржақты, тар мағынада бұрмалануына алып келуі мүмкін.

Екінші жағынан, археографияның тарихнамадан кенже қалуы – құжаттық жарияланымдарды әзірлеуде бұрын қалыптасқан тәртіптен айнымай, тарихнамалық талаптар аясынан шықпау – мәселенің терең зерттелмеуіне әкеліп соғуы мүмкін. Бұл жерде жасалатын қорытынды өзінен-өзі түсінікті: археография мен тарихнама өздерінің даму жолдарында өзара қоян-қолтық жұмыс атқаруы екі жаққа да тиімді.

Археография мен тарихнаманың арасындағы өзара бір біріне әсері бүгінгі күннің тарихшыларына өз зерттеулерінде тарих ғылымының дамуы туралы, қандай да бір тақырыпқа, мәселелерге байланысты әртүрлі кезеңдерде жарияланған материалдарды көрсетуге арналған тараулардың қосылуына негіз болады. (мыс: қараңыз, Н. Л . Рубенштейннің «Русская историография» атты оқулығының (М., 1941), бірнеше тарауларында және бөлімдерінде археографиялық мәнде: «Развертывание научной работы. Журналы. Архивы. Публикации», «Издание исторических памятников», «Археография», «Археографическое направление», «Собрание и публикация памятников русской истории. Изучение источников». Археографические сюжеты так же присутствуют в историографических исследованиях и беларусских историков Э. Г. Иоффе, Д. В. Карева, В. Н. Михнюка, П. Т. Петрикова, В.В. Чепко и др.). Археографиялық көріністер жалпытарихи, дереккөздік мәндегі жұмыстарда да кездеседі. (мыс. қараңыз: «Научное изучение Беларуссии с 60-х гг.» атты бөлімі, «Национальное направление подготовки возрождения» М. В. Давнар – Запольского «История Беларуссии», представляющие собой по существу источникоковедчески-археографический обзор изданий по истории Беларуси и в то же время очерк по истории организации архивно- археографической деятельности в Литве и Беларуси во второй половине ХІХ начале ХХ в.; российские и беларусские учебники по историческому источниковедению и др.) Тарих ғылымына археографияның қатысын анықтау – тұтастай алғанда, басқа тарихи пәндердің ішінде алатын орнын айқындау – археографияның басқа ғылымдарға ықпалын, жетекшілік рөлі туралы сөз етуге негіз болады (гуманитарлық профильде ғана емес). Археографияның ғылыми пән ретіндегі жетекшілік рөлі, іс жүзіндегі ықпалы – бұл: құжаттарды ғылыми дерек ретінде жариялаудың териясы мен әдісін көрсетіп беруінде, осы дереккөздерге жариялылық пен қол жеткізуге мүмкіндік ашып беруінде, осылайша кез келген ғылымның дамуына барынша пайдалы және өте қажет болуында. Академик Д. С. Лихачев: бір қарағанда археографияның ауқымы тар көрінеді деп дұрыс атап өтті. «Ал шындығында, – деп жазды ол, – бұл ғылымнан кең ғылым жоқ және басқа ғылымдармен байланысы да жан-жақты».

Археографияның жұмысы бұл ең алдымен тарихшының, деректанушының және филологтың еңбектерімен байланысты жүреді. Археография - архив ісі және мұрағаттану, мемлекеттік мекемелердің және қоғамдык, ұйымдардың тарихи, палеография, текстология және хронология пәндерімен тығыз байланысты. Кейінгі кездері да мұражайтану қосылды [14].

Мұрағат ісі - мұрағаттағы құжаттардың ұйымдастырылуы мен мұрағат мекемелерінің жұмысын қамтамасыз ететін саланы зерттейтін ғылым. Мұрағат мекемесінің мақсаты оның құрылымдық бөлімдерінде қүжаттарды талдау, сұрыптау, іріктеу, жіктеу, жүйелеу арқылы қор құрылып, сақталып мекемелерге, халыққа қызмет етеді. Мұрағаттану - мұрағат ісі тарихының ұйымдастырылуы, оның теориясы мен практикасы, әдісі мен тәсілі жөнінде зерттейтін ғылыми пән. Міндетті түрде археографияның мұрағаттану және мұрағат ісімен байланысы жайлы айту қажет. Көпке дейін археография мұрағаттану шеңберінде ғана болған және кейін бөлінген деген жалған пікір болды. Археография және мұрағаттану өздерінің ортақ зерттеу обьектісіне байланысты қосарланған пәндер. Археография мұрағаттану мен мұрағат ісінің фактілік мәліметтерін пайдаланып қана қоймай, олардың принциптері мен әдістерін де қарастырады. Сонымен қатар мұрағат құжаттарын ғылыми қолданысқа енгізу ретінде құжаттарды жариялау мұрағат жұмысының бөлінбес функциясы болып табылады. Бұндай жұмыста мұрағатшылар археографиялық әдістерді қолданылады. Басқа ғылымдарға сияқты археография мұрағаттану мен мұрағат ісіне және олардың тарихына қатысты мәліметтерді дайындайды

Палеография - жазба деректердің ішкі белгілерін, олардың дамуын, жазудың тарихи әдістерін, әсіресе графикалык жазу, бейнелеу жөніндегі зерттейтін пән .

Ал текстологияның қызметі - тақырыптың тарихын оқытуды зерттейді.

Мұражай ісі - мұражай ісін жан-жақты қорғау, оқыту, пайдалану және оның мәдениет саласындағы ерекшелігін зерттейді. Мұражайтану - мұражайлардың шығуы және дамуы, олардың әлеуметтік және мәдени салаларын, музей ісінің теориясы мен әдісі тарихын зерттейтін ғылыми пән.

Археографияның басқа ғылымдармен байланысы сауалына қорытындылар жасап бұлардың кең шеңберін айту жөн. Бұл ғылымдарға сүйеніп археография өзінің жеке теория мәселелеріне, құжаттарды жариялау методикасын мен әдіс-тәсілдеріне қатысты сауалдарын шешіп отырады. Және оларда археография ғылымының көмегімен өз жұмыстарын атқарады.

Бақылау сұрақтары:

1. “Археография” ұғымы қандай мағынаны білдіреді?

2. Археографияның тарихи таным процесіндегі орның анықтау.

3. Археографияның басқа пәндер арасындағы ерекшеліктерін көрсету.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992.

2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989.

3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996.

ДӘРІС -2

vikidalka.ru - 2015-2018 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных