Главная | Случайная
Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Басылымдарды жіктеу. 1- сағат.




Дәріс мақсаты:Басылымдарды жіктеудің теориялық – методологиялық негіздерін ашып көрсету.

Тірек сөздер:Басылымдарды жіктеу, басылымның тұрпаты, басылымдардың типологиясы, ғылыми басылымдар, академиялық басылымдар, ғылыми-көпшілік басылымдар, оқулық басылымдары, тақырыптық басылымдар.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1. Басылымдарды жіктеу. Басылымдарды жіктеу белгілері.

2. “Басылымның тұрпаты” түсінігі. Басылымдардың типологиясы.

3. Ғылыми басылымдар. Ғылыми басылымдардың мақсаты.

4. Академиялық басылымдар.

5. Ғылыми-көпшілік басылымдар.

6. Оқулық басылымдары. Басылымдарды басқа белгілері бойынша ажырату.

7. Тақырыптық басылымдар.

8. Басылым көлемі. Толық және толық емес басылымдар.

Өткен дәрістерде ХІХ – ХХ ғасырлар бойында «не», «қайда», «қашан» және «қайда» жарияланғаны туралы сұрақтарға жауап беруге тырыстық. Практик-мұрағатшылар үшін «Қалай жариялау керек?» деген сұраққа жауап іздеудің де маңызы зор. Курсымыздың екінші бөліміндегі дәрістер мазмұны негізінен осы мәселеге арналмақ. Мұнда біз құжаттық басылымдарды жіктеу; құжаттарды табу және іріктеу; мәтіндерді таңдап алу және ұсына білу; жариялануға даярланған дереккөздерді археографиялық рәсімдеу; ғылыми-анықтамалық аппаратты құру, т.б. мәселелермен танысамыз.

Нормативтік-әдістемелік ұсыныстарда, ережелерде, нұсқауларда, жаднамаларда, сондай-ақ нақты құжаттық басылымдарды жариялау кезінде қолданылатын жарияланым жұмыстарының әдістері мен тәсілдеріне талдау жасаудың көпжылдық эдициялық қызмет процесінде жинақталған тәжірибе құжаттарды тарихи дереккөз ретінде жариялау әдістемесіне байланысты бірқатар бақылаулар жайында сөз етіп, қорытынды жасауға негіз береді. Оларды есепке алу және практикалық археология саласында пайдалану мүмкіндігі құжаттық өнімдерді келешек пайдаланушыларға (ғалымдарға, студенттерге, мектеп оқушыларына, т.б.) жарияланған құжаттар жайлы ақпарат қана емес (мұның өзі зерттеушіге маңызды болғанымен, жеткіліксіз), сонымен бірге алғы сөз, түсініктемелер, көрсеткіштер, т.б. түріндегі ғылыми-анықтамалық аппаратпен байытылған олардың образын ұсына алады. Ал бұлар, жоғарыда айтып өткеніміздей, зерттеушіге мұндай құжаттармен жұмыс істеуге, олардың сақталатын жеріне іздеп бармай-ақ толыққанды тарихи дереккөз ретінде қабылдануына мүмкіндік береді, бұл соңғыларының аман-сау сақталуын қамтамасыз ететін болады.

Құжаттық басылымдардың мақсатты пайдаланылуын есепке ала отырып, олардың үш типі болатынын айтуға болады. Бұлар – ғылыми (академиялық), көпшілік және оқулық. Олардың әрқайсысының тек өздеріне ғана тән құжаттар таңдап алу, мәтіндер ұсыну тәсілдері, ғылыми-анықтамалық аппараттар құрамы, т.б. ерекшеліктері болады.

Негізінен ғылыми зерттеулерге арналған ғылыми типтес басылымдар ең алдымен ғалымдарға арналады. Олардың мақсаты пайдаланушыға негізінен түпнұсқамен бірдей түпнұсқа құжаттарды ұсынумен қатар, бұл құжаттардың шығу тегін баяндайтын, олардың сыртқы ерекшеліктеріне сипаттама беретін «ілеспе» құжаттармен қамтамасыз ету болып табылады. Басылымды ғылыми типке жатқызудың негізгі критерийлеріне жарияланатын құжаттардың корпусы мен мәтіндерінің толық болуымен қатар, ғылыми-анықтамалық аппараттар құрамы да жатады. Алғашқысы қордағы барлық құжаттардың бірін қалдырмастан (немесе оның бір бөлігін) қор басылымдарында барлық белгілі тізімдерімен немесе негізгі және басқа тізімдердің қолда бар әртүрлі оқылымдарымен бірге жариялануын көздесе; екіншісі – ғылыми-анықтамалық аппараты құрамының барынша толық болуын көздейді. Жарияланатын құжаттар корпусының белгілі түсініктемелерімен бірге толық болуы басқа да жарияланым түрлері үшін міндетті болып саналады.

Жалпылама тип әдетте тарихи білімдерді құжаттар арқылы жалпы оқырмандарға таратуға арналған басылымдардан тұрады. Олардың мақсаты құжат мәтіндерін арнайы кәсіби (тарихи, лингвистикалық, т.б.) даярлығы жоқ оқырмандардың қабылдауы мен түсінігіне лайықтап жеткізу болып табылады. Бұл басылымдарға мемлекеттік және жеке мұрағаттарда, кітапханалар мен мұражайлардың қолжазба бөлімдерінде сақталатын, күнделікті тұрмыста қолданылатын түпнұсқа құжаттар мен материалдар, сондай-ақ бұған дейін ғылыми және көпшілік басылымдарда жарияланған деректер жатады.

Жалпылама тип құжаттарын жариялау өз құрамында дереккөздердің толық корпусы болуын көздемейді; мұнда жарияланатын құжаттардың барлық мәтіндері мен редакцияларының тізімін келтіру де талап етілмейді (археография тек ондайлардың бар екенін мәлімдеумен шектеледі). Олардағы ғылыми-анықтамалық аппарат әдетте ең қажетті элементтермен: алғы сөз, түсініктеме, көрсеткіштермен шектеледі. Бұл басылым типіне бұған дейін республикада жарық көрген жекелеген құжаттар жинақтары жатады.

Оқулық типіндегі басылымдар оқу бағдарламасын неғұрлым тереңірек меңгеруге арналған. Олар отандық немесе жалпы тарихтан негізгі немесе арнаулы курстарға оқу құралдары ретінде, сондай-ақ археографияда, дереккөзтануда, өлкетануда, т.б. пәндерде пайдаланылуы мүмкін. Олардың мақсаты курстың жекелеген бөлімдерін құжаттармен толықтыру, ал қажет болып жатса, иллюстрациялау, студенттерде өз бетімен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу дағдыларын қалыптастыруға көмектесу болып есептеледі. Бұл басылымдар үшін, олардың мақсаттарын есепке ала отырып, неғұрлым сипатты әрі әдетте бұрын басылған, отандық тарихтағы атақты және маңызды оқиғалар жайлы мәліметтер беретін (отандық тарих бойынша хрестоматияға арналған), тарихи дереккөздің шығу тегі, құрылымы, мазмұнын зерттеуге мүмкіндік беретін (дереккөзтану, дипломатика бойынша хрестоматияға арналған), эдициялық қызмет дағдыларын меңгеруге көмектесетін (археография бойынша хрестоматияға арналған) және т.б. дереккөздер таңдап алынады.

Осы үш негізгі типтерге құжаттардың құрамы мен мазмұны туралы әртүрлі деңгейдегі екінші дәрежелі ақпараттардан – жарияланым объектілерінен (мұрағаттар бойынша жолкөрсеткіштер, қорлар бойынша анықтамалықтар, қорларға шолу, іс тізімдемелері, құжаттар тізімдері, деректер базасы, және т.б.) тұратын анықтамалық басылымдарды да жақын деп есептеуге болады. Байланыстың ғаламдық компьютерлік құралдары (Internet) пайда болған қазіргі заман жағдайында нақ осы басылымдардың ерекше өзектілігі артып отыр.

Егер құжатты басылымдардың мақсатты міндетін олардың типі анықтайтын болса, жарияланатын дереккөздер құрамы олардың түрін көрсетеді. Осы жағдайды ескерсек, басылымдар қорлар бойынша немесе тақырыптық болуы мүмкін; бір типті тұлғалар құжаттарынан немесе бір тұлғаның құжаттарынан тұруы мүмкін. Алғашқыларына бір қор құжаттары немесе олардың бөліктері жатады. Алайда бұл басқа қорларда, тіпті мұрағатта жатқан құжаттарды тарту мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әдетте қорлар бойынша басылымдар үнемі немесе тұрақты деуге болады, ғылыми типтегі басылымдарға жатады, өйткені басылым сипатының өзі жарияланатын дереккөздердің қаңқасы толық болуын көздейді. Қорлар бойыншадан өзгешелігі тақырыптық басылымдар әртүрлі мұрағаттық қорлар мен жинақтамаларда жатуы мүмкін дереккөздерден тұрады. Оларды басылымға енгізгенде жарияланымдар тақырыбына жататындығы басты назарда болады. Құжаттарды дайындалып жатқан жарияланымға енгізу керек пе, жоқ па деген мәселе туындағанда, құрастырушылардың субъективизмі мен ғылымға жатпайтындығы тақырыптық басылымдардың барынша осал жақтары екендігі байқалады. Дегенмен де, жоғарыда аталып өткеніндей, басылымның нақ осы түрі кез келген археографияда басым болып келеді және оларды бас тартуға негіз жоқ деп білеміз. Тақырыптық басылымдар пайдасына айтылатын таза экономикалық сипаттағы себептерден басқа, оларға тән болып келетін тағы бір маңызы кем емес ерекшелігі туралы айта кету керек. Мәселе мынада, «мекенжайлық» тақырыптық басылымдарды даярлау («көппрофильді» қорлар бойыншадан өзгешелігі) көбіне тақырып бойынша жұмыс істейтін, сондықтан да тақырып бойынша бұл дереккөздердің сақталатын орындарын жақсы білетін тарихшылар зерттеулеріне ұқсас болып келеді. Сөйтіп, археографтар мен дереккөзтанушы тарихшылар мүдделерінің сәйкес келуі, әсіресе дереккөздерді таңдап алу кезеңінде жариялаушылар алдынан кезігуі мүмкін қиындықтар мен қауіптерге қарамастан, нақ осы тақырыптық басылымдарды даярлау қажет екендігіне көзімізді жеткізе түседі. Республика аумағында жарық көрген тұңғыш дереккөздер жинағынан бастап қазіргі уақытқа дейінгілерді есепке алғанда тақырыптық басылымдар спектрі шексіз кең.

Құжаттар түрі (бірінші жағдайда) және құжаттары жарияланып отырған тұлға (екінші жағдайда) біріктіру бастауы болып табылатын бір типті тұлғалар құжаттары немесе бір тұлға құжаттарының басылымдары неғұрлым азырақ таралған басылымдар. Бір типті құжаттарға, мысалы, шектеулі рамкадағы –«Еңбекшілердің В.И. Ленинге хаттары», хронологиялық рамкадағы – «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Украина партизандарының халыққа арнаған листовкалар жинағы», уақытша және аумақтық рамкалардағы шығармаларды келтіруге болады.

Басылым формасы жағынан тарихи құжаттар корпус (күмбез), серия, жинақ, монобасылым, альбом, буклет, плакат, мерзімдік және әлі де шығып жатқан, ғылыми-зерттеу немесе танымал жұмыстарға қосымша болуы мүмкін. Корпустық басылымдар құрамына әдетте азғана көлемде сақталған бірегей құжаттар жатады, сондықтан олардың қайткенде де жариялануы қажет.

Сериялық басылымдарға жарық көріп жатқан көптомдықтар жатады. Сериялық басылымдардың белгілері бірнеше томдардың болуы ғана емес, даярлаған кездегі эдициялық тәсілдер бірлігінің соңғыларында да сақталуы, бірегей ғылыми-анықтамалық аппарат, бірдей полиграфиялық безендірудің болуы. Бұлардың тым болмаса біреуінің бұзылуы басылымды сериялық разрядтан шығарып тастайды.

Жеке бір құжаттың шеңберіндегі басылым болып табылатын монобасылым салыстырмалы түрде жаңа форма (оның пайда болу мерзімі жағынан емес, нормативтік-әдістемелік құжаттарда есепке алынуы бойынша) болып есептеледі. Бұл жерде оның көлемі маңызды емес. Монобасылым объектілері болып әдетте ерекше құнды, жазба ескерткіш ретінде ғылыми және мәдениеттік мәні болатын (заңдық, актілік, нормативтік сипаттағы) құжаттар саналады. Құжатты монобасылым түрінде жариялау оның жеке жинақ, ғылыми, көпшілік жұмыстарға қосымша, т.б. ретінде қайта жарық көруіне болмайды деген сөз емес. Бұған мысал ретінде Баркулабов жылнамасының көп қайтара, оның ішінде монобасылым ретінде де жарық көргенін айтуымызға болады.

Альбом – көп таралған фотоқұжаттар жарияланымының түрі болып табылады. Оған аңдатпалық құжаттардың, алғы сөздің, түсініктемелердің, көрсеткіштердің қосылуы басылымға ғылыми сипат береді. Өкінішке орай, қалыптасқан әдет бойынша фотоқұжаттарды «екінші сортты тарихи дереккөз» ретінде қарастыру (жазба құжаттармен салыстырғанда) кесірінен жариялаушылар, альбомды көпшілікке ұсынуға даярлау кезінде оларға жоғарыда аталған ғылыми-анықтамалық аппарат элементтерін қосуды ойламайды. «КСРО-да тарихи құжаттарды басып шығару Ережесінің» (М., 1990) екінші редакциясының құрастырушылары осындай қалыптасқан үрдісті өзгертуге тырысып көрді, онда жарияланым объектісін жазба дереккөздермен шектемей, «Ережеге» фотоқұжаттарды, сондай-ақ кино және фонодеректерді басылымға әзірлеу әдістері мен тәсілдерін реттейтін бөлімдер енгізілді.

Құжаттарды плакаттар, буклеттер, мерзімдік және әлі де шығып жатқан басылымдар түрінде жариялау бұрыннан бері, қазір де «шағын жарияланым түрлері» деп аталады. Оларда бір жағынан даярлаудың жеделдігі мен үнемділігі, екінші жағынан – көпшілікке қол жетімділігі үйлесіп келеді. Мерзімдік және әлі де шығып келе жатқан басылымдар сипаты (арнаулы тарихилық, мұрағаттанушылық, археографиялық; әдеби-көркемдік; қоғамдық-саясилығы), сондай-ақ жариялаушының біліктілігі (бір жағынан тарихшы, мұрағатшы, археограф, әдебиеттанушы, филолог; екінші жағынан – өлкетанушы, дилетант, көне мұраларды қастерлеуші, т.б.) құжаттық жарияланымдардың даярлану деңгейіне өз әсерін тигізбей қоймайды. Әрине, мерзімдік және әлі де жарияланып келе жатқан басылымдардың жоғары ғылыми деңгейі жариялаушының кәсібилігімен үйлесімді болып келгені өте жақсы болмақ. Мұндай үйлесімнің болмауы айтарлықтай кемшіліктерге жеткізуі мүмкін: журнал бетін үнемдеймін деп редакция өздеріне айырықша мәні жоқ болып көрінген мәтін бөлігін, түсініктемелерді, т.б. алып тастауға құрастырушыны мәжбүр ету арқылы жарияланымды бөлшектеуге итермелейді.

Дегенмен де құжаттарды мерзімдік және әлі де шығарылып келе жатқан басылымдарда жариялау бұрын да, қазір де кеңінен қолданылып келе жатқанын тарихшылар, құқық тарихшылары, филологтар, әдебиетшілер, сондай-ақ археографтар мен мәтіншілер назарда ұстағандары дұрыс болады. Мерзімдік және әлі де шығарылып келе жатқан басылымдарда құжаттар жариялауды қазіргі заманғы ресейлік тарихшылар «Журналдық археография» деп атайды, ол «кітаптық археографиямен» қатарлас өмір сүретін, археографиялық базаны кеңейтуге бағытталған практикалық қызмет деп қабылдануы тиіс. Саны көп әртүрлі журналдар, альманахтар, жылнамаларда тарыдай шашырап жүрген аса көп тарихи дереккөздердің зерттеушілер көзіне түсе бермейтінін ескерсек, мұны жасау өте маңызды іс болмақ.

Дегенмен «журналдық археография» ұғымының өзі Россия ҒА Археографиялық комиссиясының қазіргі төрағасы, РҒА корреспондент-мүшесі С. М. Каштанов тарапынан әділ сынға ұшыраған болатын. Актілік археографияны «актілер археографиясына» ауыстыруды ұсынған В. Ю. Афианимен айтысқа түсе отырып, Каштанов, арасында былай деп жазады: «Журналдық археография» сияқты анықтамаларда екіншілік (басылым түрі) біріншілікті (басылым объектісі) көлегейлеп қалады... Егер автор актілік археографияны актілер археографиясына ауыстыруды ұсынған болса, онда неге журналдық археография деудің орнына журналдардағы тарихи дереккөздерді басып шығару принциптері жайын ғана сөз етпеске?» (Каштанов С. М. Актовая археография. М., 1998).

Құжаттарды ғылыми немесе көпшілік жұмыстарға түсініктеме түрінде жариялау осы жұмыс авторлары жасаған қорытындыны, ұсынылған ережелерді, құрастырылған сызбаларды, тұжырымдарды, т.б. құжатпен растауға мүмкіндік береді. Өзіндік бір кеңейтілген алғысөз және мазмұнына түсініктеме рөлін атқаратын талдауыштық бөлімнің болуы, мұндай жұмыстардың құрастырушы-авторларын жарияланымға құжатқа қосымшада жеке ғылыми-анықтамалық аппарат беру мүмкіндігінен айырады. Мысалы, осы курстың авторы осылай жасады, кітаптың мұрағат рестуцияларының проблемалары туралы құжаттық қосымшасына алғысөз жазуды «Төменде жарияланатын құжаттар кітаптың бірінші бөлімінің мазмұнын түсіндіреді, ал кейбір жағдайларда толықтырады. Өйткені олардың әрбірі жайлы ескертпелер осы жұмыстың талдауыштық бөлімінде кездесетіндіктен, олардың мазмұнына түсініктеме берілген жоқ» деген қысқаша ескертумен шектелді. ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі ұлтттық қозғалыс тарихы туралы белгілі жұмыстарға қосымша ретіндегі құжаттар осылайша немесе осылай дерлік жарияланған.

Тарихи құжаттар баспаханалық немесе баспаханалық емес әдістермен шығарылуы мүмкін. Біріншісіне теру (қаріптік), фотомеханикалық; екіншісіне – кинематографиялық, дыбыстық, электрондық әдістер жатады. Құжаттар факсимиле әдісімен шығарылғанда мәтіндерді дәл беру мүмкіндігі арта түседі. Осы себепті факсимилелік басылым құжат түпнұсқасын оның мәтінінен терілген туындымен салыстыра оқу болашақ тарихшыларға, археографтарға, мұрағатшыларға, тілшілерге палеография, неография, археография негіздерін меңгеруге көмектесетіндігі маңызды саналатын білім беру мақсатында қолданылады.

Факсимиле тәсілімен жекелеген құжатты да, бірнеше құжаттарды да (тұтастай немесе үзінділерін) басып шығаруға болады. Жоғары дәрежелі факсимильділік (немесе оларды кейде «тегінде факсимилелі» деп атайды) және биік немесе орта дәрежелі факсимильділік (немесе «факсимиле типтес» басылым) түрлері болады. Біріншілеріне түпнұсқадан оның көлемін өзгеріссіз сақтау арқылы көшірмесін алу, жазба материалының сыртқы ерекшеліктерін сақтау (қағазының, пергаменттің, қайың қабығының, т.б.), оның ішінде олардың пайдаланылған іздерін (механикалық зақымданулары, кіршең тартқан жерлері, т.б.) тән болады. Бұл кезде құжаттың факсимилелік басылымына мәтіннің қаріптік көшірмесі қоса беріледі.

ХV ғ. аяғындағы жазу мен өнердің бірегей ескерткіші – Радзивиллов (Кенигсберг) жылнамасы осылайша жарық көрген. Бірінші томда жылнама мәтінінің факсимилелік көшірмесі болса, екінші томда – мәтіннің транслитерациясы, зерттеу, миниатюралар сипаттамасы, көрсеткіштер (атаулы, географиялық, этникалық атаулар) берілген.

Жоғары және орта дәрежелі факсимильділік басылымдары да түпнұсқа мәтінін жоғары дәлдікпен көшірмелей алады, бірақ сыртқы безендірілуінде тегінде факсимилеліден бірқатар өзгешеліктері болады. Мұнда ішінара 1:1 көлем сақталмайды, құжаттың сыртындағы материал ерекшелігінің сақталуы міндетті емес, т.б. 3/5-ке кішірейтілген факсимилелік көшірме мәтінмен бірге параллель берілуі бұл басылымға ғылымилықпен қатар жоғарыда айтқанымыздай білімдік сипат береді.

Кинофотофоноқұжаттар басылымын одан әрі жіктеуге тоқталмай, тек қана олардың жазба дерекөздер сияқты типтерге, түрлер мен формаларға бөлінетінін ғана айта кеткен орынды.

Құжаттарды басып шығару жарияланатын деректердің мақсатты бағытымен, міндеттерімен, сипатымен, соған сәйкес археографиялық және полиграфиялық дайындық әдістерімен ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктер басылымдарды типіне, түріне және нысанына қарай бөлуге, сонымен бірге құжаттарды басып шығарудың тәсілдерін таңдауға негіз болады.
Құжаттық басылымдардың типтері олардың мақсатты бағытымен айқындалады: ғылыми, ғылыми-көпшілік және оқу.

Ғылыми типті басылымдар ғылыми зерттеулер үшін арналған. Олардың мақсаты – зерттеушіге құжаттардың толық мәтінін беру, олардың тарихын айқындау, сыртқы ерекшеліктерін, басқа тарихи деректердің арасынан жарияланған құжаттардың орнын анықтау. Ғылыми басылым – жарияланған құжаттардың кешенді зерттеулерінің (деректанулық, палеографиялық, текстологиялық, археографиялық) нәтижесі, бұл зерттеулердің барлық қырларын бейнелейтін ғылыми-анықтамалық аппаратты қоса қамтиды.
Ғылыми-көпшілік типті басылымдар тарихи білімдерді тарату және тарихи құжаттарды оқырман қауым арасында насихаттау үшін арналған. Мұндай басылымдардың ғылыми-анықтамалық аппараты кіріспеден, ескертулерден, көрсеткіштерден тұрады.
Оқу типіндегі басылымдар оқушылардың оқу бағдарламаларын неғұрлым терең меңгеруі үшін арналған және тарихи пәндердің жалпы және арнайы курстарына құрал ретінде қызмет етеді. Оқу типіндегі басылым ерекше ғылыми-анықтамалық аппаратпен: бөлімдер мен тақырыптарға, құжаттар тобына немесе жекелеген деректерге кіріспе түсіндірме мәтіндермен және оқу-әдістемелік ұсынымдармен қамтамасыз етіледі.

Басылым түрлерi жарияланған құжаттардың құрамымен анықталады. Басылымдар бiр мұрағаттық қордан және тақырыптық болады. Бiр мұрағаттық қордан әзiрленген басылымдар ғылыми мақсатта дайындалады, құжаттардың тақырыптық басылымдары ғылыми, ғылыми-танымдық және оқулық типте ұсынылады.
Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Бір мұрағаттық қор басылымдары бір ғана қордың (коллекцияның) немесе құрылымдық бөлімнің құжаттарын қамтиды. Басқа қорлардың және басқа қор құрушылардың құжаттары бір мұрағаттық қор басылымында нашар сақталған немесе құжаттар толық болмаған жағдайда ғана қамтылуы мүмкін.
Тақырыптық басылымдар олардың қандай қор қатарына жататындығына қарамастан алуан түрлі құжаттарды қамтиды.

Құжаттардың бір түрінің басылымы олардың қандай қор қатарына жататындығына қарамастан құжаттардың бір түрін қамтиды.

Бір тұлғаның құжаттарын басып шығару жарияланған құжаттардың қандай қор қатарына жататындығына қарамастан, оның өмірі мен қызметін айғақтайтын еңбектерді, құжаттар мен мәліметтерді қамтиды.

Құжаттарды басып шығару нысан бойынша (нақты құрылымы): корпус (заңдар жинағы), сериялар, жинақтар, монобасылым (бір жазба ескерткіштің немесе деректің басылымы), альбомдар, буклеттер, плакаттар, мерзімді басылымдардағы және басылымдарда жалғасатын жарияланымдар, ғылыми-зерттеу немесе ғылыми-көпшілік еңбектердің қосымшалары және олардың мәтіндері болуы мүмкін.
Құжаттар типографиялық, типографиялық емес және аралас тәсілдермен шығарылады. Типографиялық тәсілге жататындар: әріп теру арқылы (шрифті) және факсимилды (фотомеханикалық көшірме арқылы).
Құжаттардың типографиялық емес басылымының екі түрі болады: киноматографиялық (фильмдер, киножурналдар, кино-телесюжеттер, бейнефильмдер, диафильмдер) және дыбыстық (грампластинкалар, магниттік фильмдер, фонохрестоматиялар). Типографиялық емес басылымдар тарихи құжаттың түпнұсқасындағы ақпарат қайда болса, сондай тасығышта құрылады.
Аралас тәсіл бір құжаттық басылымда типографиялық және типографиялық емес басылым тәсілдерін (дыбыстық кітап, дыбыстық журнал) үйлестіруді болжайды.
Түпнұсқаны дәлме-дәл жаңғырту дәрежесі бойынша аса жоғары дәрежедегі факсимилдік («шын мәнінде факсимилдік») басылым және жоғары және орта дәрежедегі факсимилдік (басылымның «факсимилдік типі») басылым ерекшеленеді.
Аса жоғары дәрежедегі факсимилдік басылым оның дәл мөлшерін, қағаздың және мұқабаның сыртқы түрі мен өзгешілігін, мәтіннің көзге көрінетін барлық ерекшелігін, безендірілуін, уақыт ізін, пайдаланылуын және тағы сол сияқтыларды қоса ең жоғарғы деңгейдегі ұқсас түпнұсқа көшірмесін жаңғыртады. Ертедегі жазба мұраларды факсимилдік басып шығару, сол қолжазбаның шрифтік (әріп теру) қайта жаңғыртылған тұтас мәтінін сөздерге бөліп, сондай-ақ ғылыми-анықтамалық аппаратпен қосып беріледі.
Жоғары және орта дәрежедегі факсимилдік басылым түпқұжаттың мәтінін үлкен дәлдікпен көшіреді, бірақ одан ресімдеудің сыртқы элементтерімен ерекшеленеді: қағаздың және сол сияқтылардың сыртқы түрін және көлемін көшірмейді. Егер жарияланатын мәтіннің көлемі кішірек болса, құрылымы бойынша осындай басылымдар мәтіннің түпнұсқасының факсимилесінен және ғылыми-анықтамалық аппараттан тұрады. Үлкен мәтін немесе деректердің жиынтығы жарияланған кезде, ғылыми-анықтамалық аппарат басылымның соңғы жеке томында орналастырылады.

Дәрісіміздің соңында айтарымыз, құжаттық басылымдарды жіктеу тар аялы мақсат емес. Археографиялық жарияланымдардың оларды басқа құжаттар жарияланымынан ерекшелейтін бірқатар белгілері бар. Осы белгілерді топтастырған археографтың ісі ғылыми еңбек болып табылады, өйткені заттар, ұғымдар, анықтамалар, т.б. жіктеу кез келген ғылымның дамуы мен жетілдірілуі болып есептеледі. Практикалық көзқарас тұрғысынан да құжаттық басылымдарды жіктеудің айтарлықтай жағымды мәні болады, өйткені ол үлкен археографиялық басылымдар топтарына қатысты қандай да бір тұрақты белгілер ортақтығы біріктірген бірыңғай жұмыс әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Бақылау сұрақтары:

1. Басылымдарды жіктеудегі белгілер қандай принциптер негізінде жүргізіледі?

2. Басылымдардың типологиясына анықтама беріңіз?.

3. Басылымдардың түрлерін көрсетіңіз?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992.

2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989.

3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996.

ДӘРІС 10.

vikidalka.ru - 2015-2018 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных