Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Ылыми – анықтамалық аппарат және оның маңызы. 1-сағат




Дәріс мақсаты: Ғылыми-анықтамалық аппарат және оның археографияда алатын маңызын ашып көрсету.

Тірек сөздер: Ғылыми-анықтамалық аппарат, алғы сөз, ескертпелер, түсініктемелер, көрсеткіштер, хроника, терминологиялық сөздік, қысқартылған тізім, библиография, қосымшалар, кестелер.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1. Ғылыми-анықтамалық аппараттың құрамы.

2. Алғы сөз, оның міңдеттері және әр басылымның қажеттілігі.

3. Ескертпелер және түсініктемелер. Олардың құрамы, негізгі тәсілдері және құрастыру әдістері.

4. Мәтіндік және құжаттардың мазмұны бойынша түсініктемелер.

5. Көрсеткіштер. Олардың міңдеттері және түрлері.

Өткен дәрістерде құжаттық басылымдарға ғылыми-анықтамалық аппарат (ҒАА) міндеттері туралы сөз болды. Ол ең алдымен пайдаланушыға жарияланатын және анықталған дереккөздер туралы барынша мол мәліметтер беру туралы сөз қозғады. Жақсы жасалған ҒАА жарияланатын құжаттар мәтіндерін айтарлықтай байытады, пайдаланушыға ол онымен түпнұсқамен жұмыс жасап отырғандай сезінуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды.

ҒАА типтері, түрлері, формаларына байланысты оның құрамы да анықталады. Негізінен сериялар және жеке жинақтар формасында жарық көретін ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда, жинақтардың құрамына әдетте алғысөз, мәтін мен мазмұнына түсініктеме, көрсеткіштер, хроникалар, қысқартылған сөздер тізімі, терминологиялық сөздік (қажет болған жағдайда), библиографиялар, жарияланатын құжаттар тізімдері, тақырыптары (мазмұны) кіреді. Мерзімдік және шығуы жалғасып келе жатқан басылымдарда жариялау үшін ҒАА алғысөз және түсініктемемен шектеледі.

Әртүрлі тілдегі құжаттар кіретін басылымдарда ҒАА басылым түрі мен типіне қарай бір не бірнеше тілдерде жасалуы мүмкін. Мысалы, «1863 rok na Minszczuznie» жинағында алғысөз бен түсініктемелер поляк тілінде, ал атаулы және географиялық көрсеткіштер, жинаққа енгізілген құжаттар сипатын ескере отырып (орыс және поляк тілдерінде шығатынын), – орыс және поляк тілдерінде, «Мастацтва Савецкай Беларусі» екі томдығында – тек беларус тілінде, «Знешняя палытіка Беларусі» сериялық басылымында – белорус және орыс тілдерінде орындалған.

Сонымен, біз бұған дейін атап өткеніміздей, кез келген басылым өзінің типіне, түрлері мен формаларына қарамастан, алғысөзбен ашылады. Ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда алғысөз тарихи және археографиялық бөлімдерден тұрады. Құжаттардың мерзімдік басылымдарда жариялануына, сондай-ақ оқулық типіндегі басылымдарға әдетте жарияланатын құжаттарға арналатын тақырып мазмұнын баяндайтын қысқаша жалпы алғысөз жасалады, олардың сақталатын орыны көрсетіледі.

Ғылыми типтегі басылымдар алғысөзінің тарихи бөлігінде басылым мақсаттары мен міндеттерін анықтау, оның тақырыбын негіздеу (тақырыптық басылымдар үшін), мұның алдындағы құжаттық жарияланымдар мен тақырып бойынша зерттеулерге талдау жасау, дереккөздік база сипаттамасы, жарияланатын құжаттардың дереккөзтанушылық және историографиялық бағалануы, жарияланатын құжаттардың авторы және тарихы туралы мәліметтер (мемуарлық және эпистолярлық дереккөздер үшін), және т.б. болады.

Жарияланым сипатын ескерумен қатар алғысөздің тарихи бөлігінің дайындалу ерекшеліктері де анықталады. Мысалы, қор бойынша басылымдарда қор құраушылар тарихы да (мекемелер, ұйымдар, жеке адамдар) қарастырылады, оның қызметіне сипаттама беріледі. Бір түрдегі құжаттар басылымында осы түр дереккөздерінің ғылыми маңыздылығы ашылады, қажет болса басылымға басқа түрдегі дереккөздер енгізудің тиімділігіне түсінік беріледі. Жеке адам құжаттарының басылымында алғысөздің тарихи бөлігі жарияланатын құжаттар тарихын баяндаумен қоса құжаттар авторының өмірбаяндық очеркі болып табылады.

Ғылыми типтегі құжаттар алғысөзінің археографиялық бөлігінде құжаттардың құрамы, басылым құрылымы және жарияланым тәсілдері жайлы мәліметтер болады. Онда пайдаланылған қорларға, коллекцияларға, баспа өнімдеріне сипаттама беріледі; құжаттарды анықтау және таңдап алу бойынша жұмыстар көлемінің сипаттамасы келтіріледі; басылымды даярлау ерекшеліктері ескертіледі; ҒАА сипаттамасы көрсетіледі; құжаттарды анықтау және археографиялық өңдеуге, ҒАА жасауға қатысқан барлық мекемелер мен адамдардың аттары аталады.

Сериялық басылымдарда алғысөз тұтас серияға және әрбір томға жазылады. Ортақ алғысөзде серияның мақсаттары мен міндеттері анықталады, тақырыптар негізделеді, құжаттары басылымға енгізілген мұрағаттар тізімі беріледі; серия құру жоспары, оны дайындаудың ерекшеліктері баяндалады, ҒАА сипаттамасы, басылымды дайындауға қатысқан мекемелер құрамы, т.б. беріледі.

Көпшілікке арналған басылымдардың алғысөздері біршама жеңілдетілген түрде жасалады. Оның тарихи бөлігінде басылым тақырыбының мәні анықталады, бұдан бұрынғы жарияланымдарына қысқаша баға беріледі (әрине, егер ондайлары болса). Археографиялық бөлігінде құжаттарды анықтаудың дереккөздері көрсетіледі, оларға берілген баға келтіріледі, құжаттарды таңдап алуға, олардың мәтіндерін беруге, археографиялық безендірілуіне түсіндірме беріледі, ҒАА, басылым құрастырушылары, әлеуетті пайдаланушылар шеңбері (басылым кімдерге арналғаны жайлы) туралы мәліметтер айтылады.

Оқулық басылымдарының алғысөзінде оның міндеттері анықталады, басылымның құрылымы мен ҒАА туралы деректер келтіріледі, сондай-ақ ол арналып отырған пайдаланушылар ортасы көрсетіледі.

Көпшілікке арналған және оқулық басылымдарда алғысөздерден басқа бөлімдерге, мысалы, Беларусь тарихы бойынша хрестоматияларға жасалғандай кіріспе түсініктеме жазбалар жасалуы мүмкін. Олардың міндеті пайдаланушыларға, әдетте жұмысты жаңа бастаған зерттеушілерге, айтарлықтай ақпарат ағынында тезірек бағдарлана білуге көместесу болып табылады.

Түсініктемелер маңызды ақпараттық-ағымдық және терең ғылыми рөл атқарады. Олардың міндеті жарияланатын құжаттар мәтінінің құрамына, мазмұнына (мазмұны бойынша түсініктемеде) және мәтіндік ерекшеліктеріне (мәтінге түсініктеме) байланысты сұрақтарды түсіндіріп беру. Түсініктемелер құжаттарды тереңірек зерттеуге қажетті қосымша мәліметтерді хабарлайды.

Мәтінге түсініктемелер құжат мәтініне сыни көзқарас нәтижелерін білдіреді. Олар мәтінді таңдап алуды негіздейді, әртүрліліктерді келтіреді; дереккөздің авторын, адресатын, жасалған күнін, орнын анықтауды негіздейді; ондағы кемшіліктерді (сөздер қалып қою, оқылмайтын жерлер, зақымдалулар) және ерекшеліктерін (сызылған, өшірілген, қосып жазылған, үстінен жазылған, жазуының өзгергендігі, т.б.) түсіндіреді; қойылған қолдардың болмау себебін, түсініксіз қолдарды, олардың санын, сандық деректердің қателігін білдіреді; шетел тіліндегі сөздер мен сөйлемдерді аударып береді, мәтінде кездесетін жекелеген қысқарған сөздерді ашып жазады; келтірілген үзінділердің қайдан алынғандығын көрсетеді, археограф купюраларын түсіндіреді, құжат тақырыптарының сақталуы туралы хабарлайды, құжаттың өзінің түсініктемелерін келтіреді, т.б.

Ғылыми типтегі басылымдардағы мәтінге түсініктемелерде мәтіннің жасалу тарихы, оның ерекшеліктері мен кемшіліктері жайлы, сондай-ақ мәтінде айтылатын құжат дереккөздері туралы толық ақпарат болуы тиіс.

Шетел тіліндегі дереккөздер мен аудармалары бір басылымда бірге жарияланатын жағдайда, түсініктемелер екі тілде: шет тіліндегі мәтінге түпнұсқа тілінде, ал аудармасына – басылымның археографиялық ресімделуі тілінде берілуі тиіс.

Көпшілікке арналған басылымдардың мәтінге түсініктемесінде егжей-тегжейлі сипаттамалар аз болады, тек құжат мәтіні дұрыс оқылуы және түсінікті болуы үшін қажет болған жағдайларда ғана беріледі. Оларда мәтіндегі қателер мен ерекшеліктерге (бұрмалаулар, қалып қойған сөздер, зақымданған орындар, т.б.) түсінік беріледі, даталануына негіздеме жасалады, терминдер мен аз қолданылатын сөздерге, археограф купюрасына түсінік беріледі, шет тіліндегі сөздер аударылады, осы басылымдағы басқа құжаттарға сілтеме жасалады.

Ғылыми типтегі басылымдардағы мәтінге түсініктемеде мәтіннің дұрыс оқылуы мен түсінілуін жеңілдететін түсіндірулер барынша мол болады. Оларда шет тіліндегі және ескірген сөздердің аудармасы келтіріледі, арнайы терминдерге, түсіп қалған сөздерге түсінік беріледі, құжаттың жасалуы жайлы мәліметтер келтіріледі. Мұнда үзінділерге негіздеме беру, және мәтіннің алынып тасталған бөлігінің мазмұнын баяндау берілмейді.

Мәтінге түсініктемелер сілтемеге қойылатын белгілермен (сан, жұлдызша, әріптер) белгіленеді. Мәтінді қабылдауға кедергі келтірмес үшін оларды сол беттің аяқ жағына орналастырады. Ал оларды құжаттың, тіпті кітаптың аяқ жағына орналастырған жағдайда, пайдаланушы мәтін мазмұнынан жаңылып қалуы мүмкін.

Мазмұны бойынша түсініктемелер пайдаланушыға басылымға енгізілген құжаттардың мазмұнын дұрыс түсіне және бағалай алуына көмектесуге арналған. Ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда олар өздерінің құрастырылуына негіз болған мұрағаттағы және жарияланған дереккөздерге сілтеме жасап отырады.

Ғылыми басылымдардағы мазмұны бойынша түсініктемелердің мақсаты қандай да бір құбылыстың нақты жағдайы туралы дұрыс емес көрсеткіштерді түзету; жарияланып отырған дереккөз баяндайтын мәліметтердің анықтығына баға беру; құжатта айтылатын фактілер, оқиғалар, құбылыстар, партиялар, ұйымдар, жеке тұлғалардың мәнін түсіндіру; оқиғалар, тұлғалар, нәрселер туралы түсініксіз немесе басқа тілде айтылған сөздердің мағынасын ашу; құжатта сөз болатын фактілер, тұлғалар, мекемелер жайлы қосымша мәліметтер беру; құжатта сөз болатын тұлғалардың өммірбаяндық деректерін хабарлау (түсініктемелік атаулы көрсеткіштер болмаған жағдайда); жарияланған дереккөз мәтінінде аталатын құжаттар мазмұнын ашу; құжатта сөз болған оқиғаның алдында болған оқиғаларға немесе олардың одан әрі қалай дамығандығы туралы қосымша мәліметтер беру.

Анықталған, бірақ жарияланымға енгізілмеген құжаттарға негізделген мазмұны бойынша түсініктеме, сондай-ақ көпшілікке арналып жарияланған дереккөздер кейбір жағдайда жарияланатын дереккөз мазмұнына қатысты кейбір мәселелері бойынша ғылыми зерттеу болып шығатыны бар.

Көпшілікке арналған басылымдарда мазмұны бойынша түсініктеме жинақ құжаттарындағы тарихи фактілерге, оқиғаларға ғылыми баға беріп, олардың арасындағы байланыстарды ашуы тиіс. Жалпы оқырманға арналғандықтан олар барынша қысқа болғаны дұрыс. Оқулық типіндегі басылымдардағы осындай түсініктемелер жайлы да осыны айтуға болады.

Түсініктеме мазмұны жағынан құжаттың жекелеген бөлігіне, тұтас құжатқа немесе шығу тегі, тақырыбы, түрі, т.б. жағынан байланысты құжаттар тобына арналуы мүмкін. Түсініктемелер көлемі айтарлықтай болуы мүмкін ғылыми және көпшілікке арналған басылымдарда әдетте олар араб сандарымен нөмірленеді де, кітаптың соңына жалпы тәртіппен орналастырылады. Түсініктемелерді бұлай орналастыру тәртібі соңғы жылдар басылымына тән нәрсе; оның үстіне, ол таза техникалық (полиграфиялық) жағынан да қолайлы. Алайда бұл түсініктемелерді әрбір құжаттың соңына (дербес нөмірленуімен) да, тіпті әр беттің соңына да (бірақ бұл кезде мәтінге сілтемелерден бөлектенеді) орналастырылуы мүмкіндігін теріске шығармайды.

Қажет болған жағдайда барлық типтегі құжаттық басылымдарға хроникалар: тарихи, өмірбаяндық, т.б. берілуі мүмкін. Хрониканың әрбір бабы оның негізінде факті қалыптастырылатын фактіні, оқиғаны және дереккөзді белгілейтін датадан тұрады. Олар да құжаттардың өзі сияқты, яғни хронологиялық кезеңділікпен жүйеленеді. Егер оқиға қандай да бір уақыт ішінде өткен болса, ол хроникада бастапқы дата ретінде орналастырылады.

ҒАА жүйесінде басылымнан қажетті мәліметтерді тауып алуды жеңілдетуге арналған көрсеткіштер маңызды орынға ие.

Көрсеткіштердің үш негізгі түрі: атаулы, географиялық және заттық (әр түрлерімен) болады.Атаулы көрсеткіштің түрлеріне, мысалы, бүркеншік ат, корреспонденттер көрсеткіштері; географиялыққа – топографиялық, қандай да бір объектінің орналасқан орнының көрсеткіші; заттық көрсеткішке – фабрикалар, зауыттар, колхоздар, әскери құрамалар, партизан отрядтары мен бригадаларының, арнаулы топтардың көрсеткіштері, т.б. жатады.

Көрсеткіштер формасына қарай тұйық және толық болуы мүмкін. Біріншісіне объектілер белгілері мен сілтеме деректері жатса, екіншісінде бұлармен қоса түсіндірмесі де болады. Көрсеткіштер басылым құжаттарының типіне, сондай-ақ мақсаттары мен мазмұнына байланысты таңдап алынады. Оқулық басылымдарда әдетте көрсеткіштер жасалмайды.

Барлық көрсеткіштерде ұғымдарды белгілеу тек атау септікте беріледі.Ұғымдарды белгілеу оның басылымда қандай сапада тұрғанын анықтайды және одан үтірмен бөлінеді:

Даугяла Дзмітрый Іванавіч (1868 – 1942), беларускі гісторык, архівіст, археограф, кыніцазнавец 6, 137, 138, 218, 467 – 469, 539.

 

(Мікалай Улашчык. Выбранае. Мн., 2001. С. 569)

 

Гродно, Гроднен губ. қ. 34, 245, 350.

«Луч», өндірістік аяқ киім бірлестігі, Минск қ. 26, 48, 397

 

Ғылыми типтегі сериялық және көп томдық басылымдарға барлық басылымдағы көрсеткіштер басын біріктіретін арнаулы анықтамалық том құрастырылуы мүмкін.

Атаулы көрсеткіш фамилиялар, есімдер, лақап аттар немесе басқа да басылымда, оның ішінде сілтеме деректерінде кездесетін тұлғалар атауларының әліпбилік тізімдерінен тұрады. Өмірбаяндық анықтама берілген бетке сілтеме басқа қаріппен беріледі.

Көрсеткіштегі тұлға фамилиясы, есімі және әкесінің атымен немесе инициалдарымен белгіленеді. Егер мәтінде бірнеше бірдей фамилиялар инициалдарымен немесе инициалдарынсыз кездесетін болса, көрсеткіште аты-жөндері толық жазылады. Егер мәтінде тұлғаның аты-жөні толық берілмей (тек аты немесе лақап атымен ғана аталса), кім екені толық анықталмаса, көрсеткіште ол құжаттағыдай жазылады. Құжатта фамилиялары да, инициалдары да бірдей әртүрлі адамдар болса, бұл адамдардың аты-жөні толық жазылады. Ал есімдері бірдей болып, әкелерінің атын анықтау мүмкін болмаған жағдайда, бұл тұлғаларға қатысты қысқаша түсінік беріледі:

Петров И. П. 2, 7, 10

Петров 6, 123, 234

Пушкин Александр Сергеевич 12, 45, 67

Пушкин Андрей Степанович 17, 57, 96

Хведченя Иван, шаруа Дмитровичи д. Брест у. 24, 85, 321

Хведченя Иван, шаруа Дудзинка қ. Борисовский у. 35, 47, 84

Егер бір адам құжат мәтінінде бірнеше атпен аталып жүрсе, ол туралы мәліметтің барлығы және сілтеме деректері оның жалпыға белгілі негізгі атауына жинақталады. Бұл тұлғаның басқа атаулары негізгі атауынан кейін дөңгелек жақша ішінде көрсетіледі, сондай-ақ көрсеткіштің тиісті жерінде әліпби бойынша негізгі атауына сілтеме жасай беріледі:

Казинец И. П. (Славка, Победит) 35, 67, 88

Победит см. Казинец И. П.

Славка см. Казинец И. П.

Егер құжат мәтінінде бір фамилия немесе есімдер әртүрлі жазылып жүрген болса, бұл адамның дұрыс атауынынң соңынан дөңгелек жақша ішінде барлық түрліше атаулар келтіріліп, содан кейін түсінік пен сілтеме деректері беріледі. Түрлі атаулар әліпби бойынша көрсеткіштің тиісті жерінде дұрыс атауына сілтеме жасай беріледі.

Көрсеткіште фамилиялар, есімдер, әкесінің аттары қазіргі фонетика бойынша беріледі, егер құжат мәтінінде ескірген түрлер кездесетін болса, олар негізгі атаудан кейін дөңгелек жақша ішінде беріледі. Оның үстіне көрсеткіштің тиісті жерінде әліпби бойынша негізгі формасына сілтеме жасалады:

Служка (Служчыч) Иван Григорьевич, господар дворяны 124, 170, 175

Служчыч см. Служка

Шетелдік есімдер көрсеткіште құжаттар жинағы басылатын тілдің транскрипциясында беріледі. Шетелдік фамилияларда кездесетін демеулік шылаулар (фон, дер, ван, ле, де, әл, ди, т.б.) фамилия мен инициалдарынан кейін келтіріледі. Шетелдік жазылуы қасына жақша ішінде беріледі:

Мабильон (Mabillion) Жан (1632 – 1707), франц. медиевші, палеограф 229, 267, 293

Фодлан-Ибн (Федлан) (Х ғ.), араб, жазушы және саяхатшы 218, 223

Гольц, фон дер (Fon der Goltz) 154, 189, 220

Басылым типіне байланысты атаулы көрсеткіш тұйық немесе толық болуы мүмкін. Ғылыми басылымдарда әдетте толық, ал көпшілікке арналған және оқулық басылымдарда – тұйық көрсеткіштер қолданылады:

Жылуновіч З. Х. 120, 170, 189

Доунар-Запольскі М. В. 24, 45, 68

Карскі Яухім Федаравіч (1861 – 1931), беларускі філолаг-славіст 6, 155, 161, 174, 319, 331, 389, 542

Ғылыми типтегі басылымдарда кейде қамтылатын тақырып шеңберінен де шығып кететін егжей-тегжейлі өмірбаяндық мәліметтер берілетін аңдатпалы атаулы көрсеткіш қолданылуы мүмкін:

Ходош Шепшель Шепшелевич (1896–1951), большевиктер партиясының 1917 ж. наурыздан бергі мүшесі, Белоруссиядағы Қазан революциясына белсене қатысушы, көп жылдар бойы кәсіподақ басшылық жұмыстарында болды 410

Атаулы көрсеткіш пен түсініктемелер мәліметтері мазмұны жағынан бірін-бірі қайталау болмауы керек.

Географиялық көрсеткіш басылымда кездесетін, түсініктемелері мен сілтеме деректері бар географиялық және топографиялық атаулардың әліпбилік тізімдерінен тұрады. Атаулар құжат мәтінінде қалай жазылса, сол қалпында беріледі. Негізгі етіп құжат мәтінінде тарихи жағынан соңғы болып саналатын атау алынады. Одан кейін дөңгелек жақша ішінде бұл атаудың барлық әртүрлі оқылымдары мен қазіргі кездегі атауы беріледі. Сонымен қоса әртүрліліктер кездескен бетіндегі көрсеткіште әліпби бойынша негізгі атауына сілтеме жасай беріледі:

Каспий (Хвалын) теңізі 128, 140, 189

Хвалын теңізі – қара Каспий теңізі

Күрделі географиялық атаулар көрсеткіште бірінші тұрған сөзінен басталады:

Давыдово Село, веска Віцебскага пав. 108

Девичье Село 132

Мудреный Луг, Лотыголь ауласындағы ориан 45, 46

Острая Лука, сеножать Віцебскага пав. 52

 

(Беларускі архіу. Мн., 1928. Т. 2. С. 301, 304)

 

Құжатта аталатын қандай да бір географиялық тұтастықтың бөліктері (қала немесе облыстың ішіндегі аудан, губерниядағы уездер, воеводалық ішіндегі повет) көрсеткішке өз атауларымен енгізіледі, ал түсініктемеде аталған бөліктің қандай географиялық тұтастыққа жататындығы көрсетіледі. Құжат мәтінінде географиялық тұтастық та және оның құрама бөліктері де аталатын жағдайда, соңғылары географиялық тұтастықтың ішінде әліпбилік ретпен жүйеленеді:

Минск

– Ленин ауд. 23, 34, 56

– Партизан ауд. 35, 46, 78

– Фрунзе ауд. 45, 78, 96

Петровичи, д. Смиловичск вол. Игуменск у. 24, 45, 67

Пинск, Минск губ. қала 23, 45, 68

Туровль, Полоцк у. Витебск губ. м. 47, 85, 99

Уза, Либаво-Роменск т.ж. стн. 47, 65, 78

Атаулы көрсеткіштен ерекшелігі – географиялық көрсеткіш тек қана толық бола алады. Оның түсіндірмелерінің егжей-тегжейлік дәрежесі жарияланым мазмұны мен географиялық атаулар сипатына байланысты болады. Тек қана көрсеткішке кеңейтілген түсіндірме құжатта өзінің бұрынғы мән-маңызынан айырылған немесе жойылып кеткен мекендер сөз болғанда ғана берілгені жөн екенін айтқымыз келеді:

Малая Обрынь, дер. Турецк гмины Столбцовск пов. 3, 5, 7

Ленин пр-ті (қазір Франциск Скорин пр-ті) 2, 8, 12

Заттық көрсеткіш құжат мәтінінде айтылатын, басылым беттеріне сілтеме жасалатын ұғымдар мен заттардың әліпбилік тізімі болып есептеледі. Көрсеткіш барлық заттық белгілеулерді қамтитын жалпы немесе бір немесе бірнеше біртектес заттар белгілерін қамтитын арнаулы болуы мүмкін. Көп аспектілі құжаттарды қамтитын ғылыми типтегі басылымдарда, сондай-ақ құжаттар хронологиялық ретпен орналасқан басылымдарда заттық-тақырыптық көрсеткіш жасалады. Олардың айдары (рубрика) зат, ұғым, ал айдаршасы (подрубрика) – тақырып немесе тақырыптың бөлімі болады:

Беларускі архіу. Т. 2. (Заттық көрсеткіш: 323–341 бб.)

Белоруссия в эпоху капитализма. Мн., 1983. Т. 1. (Заттық-тақырыптық көрсеткіш: 256–259 бб.)

Всенородное партизанское движение в Белоруссии в годы Великой Отечественной войны. Мн., 1978. Т. 2. Кн. 2. (Партизандық құрамалар көрсеткіші: 797–814 бб.)

Жалпы заттық көрсеткіш негізгі ұғымды білдіретін заттық белгілеулер-айдарлардан; осы ұғымдардың қасиеттерін, ерекшеліктерін нақтылайтын айдаршалардан; сілтеме деректерінен тұрады.

Айдарлар жиі кездесетін ұғымды білдіретін қарапайым, және айдаршаларды құрайтын жекелерге бөлінетін тұтас ұғымдардан тұратын күрделі болып бөлінеді:

Санын білдіретін статистикалық мәліметтер

– жер 86, 87, 93, 94, 156, 158–162

– егістік, егін жинау 88, 89, 132–134, 152, 153

– қыстық бидай 88

– жаздың егістер 88, 89

 

(Белоруссия в эпоху капитализма. Т. 1. С. 258)

 

Заттық көрсеткіштегі күрделі айдар шегіндегі айдарлар мен айдаршалар әліпби бойынша орналастырылады. Айдарлар бір сөзден тұруы немесе көп сөзді болуы мүмкін. Көп сөзді айдарларда зат есім мен сын есімдер үйлесіп келгенде біртектес ұғымдарды жақындастыру үшін және бірдей сөздерді қайталамау үшін инверсияға жол беріледі. Мысалы:

Беларусь Республикасының Ұлттық мұрағаты 56, 78, 89

Беларусь тарихи Ұлттық мұрағаты 123, 245, 324

Әбден қалыптасқан сөздер үйлесімі анықтамасында, мысалы, халық депутаты (депутат халықтық деуге болмайды), еңбек сіңірген әртіс (әртіс еңбек сіңірген деуге болмайды), т.б. инверсияға жол берілмейді.

Жалпы заттық көрсеткіш тек қана тұйық болады. Арнайы заттық көрсеткіштер тұйық және толық бола алады:

Имениелер

– қазыналық 23, 45, 67

– помещиктік 45, 68, 89

– қарызы үшін сатылған 123, 321, 342

Сонымен қатар мерзімдік басылымдар, әскери құрамалар тізімінде аңдатпа сияқты қысқаша анықтамалар беріледі.

ҒАА құрамына сондай-ақ қажет жағдайда жасалуы мүмкін терминологиялық сөздік те кіреді. Ол ескірген терминдерге, аз қолданылатын сөздерге, полонизмдерге, германизмдерге, белорусизмдерге (орыс тіліндегі деректік басылымдар үшін), русизмдерге (белорус тіліндегі басылымдар үшін) түсінік береді. Олардағы терминдер әліпби бойынша олардың мәні ашылып орналастырылады:

Полонизм сөздігінен, көнерген сөздер мен сөйлемдер

Абвадовы – учаскелік полицейский

«Зубры» – Батыс Белоруссияда ірі жер иеленуші магнаттарды осылай атаған

Інтэрпеляцыя – сейм депутаттарының үкіметке сұрау салуы

 

(Борьба трудящихся Западной Белоруссии за социальное и национальное освобождение и воссоединение с БССР. Документы и материалы в двух томах. Мн., 1972. Т. 2. С. 533–534)

 

Терминологиялық сөздіктен

Армата – зеңбірек

Валка – ұрыс

Вепр – қабан

Врадник (врядник, урядник) – лауазымды тұлға

Инстигатор – Реч Посполитадағы сотта істі баяндайтын, айыптаушы қызметін атқаратын сот шенеунігі

Капитул – епископтың қасындағы діни кеңес.

 

(Социально-политическая борьба народных масс Белоруссии. Конец ХІV в. – 1648 г. Мн., 1988. Т. 1. С. 279–293)

 

Қысқарған сөздер тізімі басылымда кездесетін қысқартылып жазылған сөздердің әліпбилік тізімі болып табылады. Оған құжат мәтінінде кездесетін қысқарған сөздермен қатар археограф енгізген сөздер енгізіледі. Тізім қысқарған сөздердің толық атауымен қоса беріледі. Бір рет қана кездесетін қысқартулар бет астындағы түсініктемелерде ашылып, тізімге енгізілмеуі мүмкін. Қысқартылған сөздердің екіұшты түсінігі болмауы тиіс:

ВКЛ – Великое княжество Литовское (Ұлы Литва князьдігі)

ВНУ – Вышэйшая навучальная установа

м. – местечко

оп. – опись

фольв. – фольварк

Арнайы түсіндіруді талап етпейтін жалпыға ортақ қабылданған: т.т., т.б., т.с.с., обл., г., кг. және басқалар сияқты салмақ, ұзындық, уақыт өлшемдерін белгілейтін екіұшты түсінік тудырмайтын сөздер, сондай-ақ ауызша және жазбаша түрде әбден сіңісті болып кеткен райком, нархоз, т.б. сияқты сөз тіркестері қысқартылған сөздер тізіміне енгізілмейді. Белорус археографтарының тәжірибесінде жарияланатын құжаттар мәтіндерінде нақ осы екі тілдің басым екендігін ескеріп, белорус және орыс тілдерінде қысқарған сөздер тізімін жасау дәстүрге айналған.

Ғылми және көпшілікке арналған басылымдарда жарияланатын құжаттар тізімі болуы керек. Олар не «ХVІІ ғ. екінші жартысындағы орыс-белорус байланыстары (1667 – 1686 жж.)» жинағындағы сияқты кіріспеге енгізілуі, немесе дербес берілуі тиіс (мысалы, «Белоруссиядағы Ұлы Октябрь социалистік революциясы» екі томдығындағы сияқты). Тізімдегі мақала элементтері мына тәртіппен орналастырылуы тиіс: реттік нөмірі, датасы, құжат тақырыбы, құжат орналасқан басылым беттері. Тізімде құжаттар басылым құрылымына сәйкес (бөлім бойынша) немесе хронологиялық ретпен орналастырылуы мүмкін. Екінші принцип ғылыми типтегі басылымдарға тән, мысалы, ішіндегі құжаттар қатаң хронологиялық тәртіпте жүйеленбеген кітап толық басылып шыққан жағдайда. «Беларуский архів»-тің 2-томының құрамындағы Литва метрикасы жазбаларының 16-кітабын (онда құжаттардың хронологиялық реттілігі сақталынбаған) басылымға даярлау кезінде Д. И. Довгялло осылай еткен. Ол негізді түрде бірінші орынға құжаттың датасын шығарған, ал құжаттың басылым ішінде белгіленетін нөмірін соңына, тақырыптан кейін орналастырды.

Ғылыми басылымдарда анықталған, бірақ басылымға енгізілмеген құжаттар тізімі де берілуі мүмкін. Бұл басылымның ақпараттылығын арттыра түседі. Мұндай тізімдер мақалаларының сипаттамалық құрылымы мынандай: датасы, тақырыбы және құжаттың іздеу деректері:

20 ақпан 1939 ж. Гомель облпланының үшінші бесжылдықта облыс энергетикасын даыту перспективалары туралы анықтамасы.

ГА Гомель обл. Қ. 1071. Оп. 1. Іс 30. Б. 21–26. Көшірме.

 

(Индустриализация Белорусской ССР (1926 – 1941 гг.) Мн., 1975. С. 461)

 

Зерттеушілерге ғылыми айналымға енгізілген ғылыми типтегі басылымдардағы дереккөздер туралы ақпарат беру мақсатында бұрын жарияланған құжаттар тізімі жасалуы мүмкін. Оларда датасы, құжаттың тақырыбы және ол бұрын жарияланған басылым атауы келтіріледі:

БССР МАБ (мемлекеттік мұрағаттық басқармасы) басқа мекемелермен бірлесіп бұрын жариялаған құжаттар тізімі

 

(Народное образование в БССР. Сб. документов и материалов. Т. 1. 1917 – 1928. Мн., 1979)

 

Егер басылым үшін дереккөздер саны көп тартылған болса, мұрағаттық және жарияланған пайдаланылған дереккөздер тізімін жасаған тиімді болмақ. Ғылыми типтегі басылымдар үшін ол міндетті. Мұндай тізім болмаған жағдайда, анықталған құжаттар дереккөздері жайлы мәліметтер басылымның алғысөзінде келтіріледі.

Құжаттары жарияланған басылым тізімінде мұрағаттық қорлар мұрағат бойынша топтастырылады. Қорлар нөмірлерінің өсуі ретімен тізімделеді:

Пайдаланылған дереккөздер тізімі

Мұрағат қорлары

ЦГАДА

Қ. 389 – Литва метрикасы

ЦГИАСССР

Қ. 823 – Ресейдегі грек-униат шіркеулері митрополитінің кеңсесі

ЦГИАБССР Минск қ.

Қ. 694 – Радзвилл князьдері

Қ. 1705 – Брест қалалық соты

Қ. 1727 – Минск қалалық соты

ЦГИА Литва ССР-і

Қ. 1177 – Огинский графтары

Қ. 1280 – Радзвилл князьдері

Жарық көрген басылымдар

Вилен археографиялық комиссиясы жасаған актілер

Журналдар

Тарихи мұрағат. М., 1956. № 2...

 

(Социально-политическая борьба народных масс Белоруссии. Конец ХІV в. – 1648 г. Мн., 1988. Т. 1. С. 302)

 

Шетелдік мұрағаттар отандық мұрағаттардан кейін әліпбилік ретпен беріледі.

Мұрағат қорларының тізімінен кейін жарияланған құжаттар алынған мерзімдік басылымдар тізімі келтіріледі. Бұл кезде ол басылымдардың кімнің органы екендігін көрсеткен дұрыс. Түпнұсқа тіліндегі шетелдік мерзімдік басылым атаулары жеке тізіммен берілуі немесе жалпы тізімге енгізілуі мүмкін. Ғылыми басылымдарда пайдаланылған дереккөздер тізіміне тақырып бойынша әдебиеттер де енгізіледі.

Мазмұнында ҒАА мен қосымшаларды қоса барлық басылым құрамы түгел қамтылуы тиіс. Қосымшалар құжаттарда берілетін мәліметтерді толықтыру мақсатында барлық типтегі басылымдарда жариялануы мүмкін. Олардың құрамында марапатталғандар тізімі, атауы өзгертілген көшелер, алаңдар, елдімекендер тізімі, археографтар кестеге енгізген кәсіпорындар, ұйымдар, статистикалық деректер бойынша анықтамалар, т.б. енгізілуі мүмкін.

Бақылау сұрақтары:

1. Ғылыми-анықтамалық аппараттың құрамын анықтау.

2. Алғы сөз, оның міңдеттері және әр басылымның қажеттілігін көрсету.

3. Ескертпелер және түсініктемелердың ерекшеліктерін көрсеу.

4. Мәтіндік және құжаттардың мазмұны бойынша түсініктемелерге сипаттама беру.

5. Көрсеткіштер. Олардың міңдеттері және түрлерін анықтау.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Валк С.Н. Советская археография. Москва.,1948. 243с.

2. Добрушкин Е.М. Основы археографии, Москва., 1992. І раздел. С. 7-26.

3. Козлов В.П. Русская археография конца ХVІІІ-первой четверти ХІХ века //

Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора историчес-

ких наук. С. 3-48.

5. Эпштейн Д.М. История археографии в дореволюционной России.

Москва., 1977.

6. Королев Г.И. Археография. Москва., 1996. 256с.

ДӘРІС-22






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных