Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Кесте: Әйел мен еркекке байланысты қоғамда қалыптасқан таптаурындар (стереотиптер) кестесі. 1 страница




1.3.2 "Қазақ әйелі" концептісінің бейвербалды амалдар арқылы берілуі. Көркем мәтінде көрініс тапқан ұлттық сипаттағы кинемалардың мән-мазмұнын саралай келе, тілімізде жиі кездесетін бейвербалды элементтерді қолдану басымдылығына орай ер кісілерге, әйелдерге тән және ортақ кинемалар деп бөлуге болады. Мысалы, ер адамдар қарым-қатынасында "малдас құрып отыру", "төс қағыстыру", "қамшы тастау", "мұртынан күлу", "сақалын шошайту", "сақал­мұртын сипау" т.б. ишараттары жиі көрініс берсе, ал "бетін шымшу", "шашын жаю", "шашын жұлу", "орамалын бұлғау", "қос бүйірін таяну", "ернін сылп еткізу" т.б. әйелдерге тән кинемалар болып есептеледі. Ал "қол бұлғап шақыру", "жағасын ұстау", "басын изеу", "мұрнын шүйіру" сияқты ым-ишарат түрлері ортақ болып келетіні анық.

Ері, баласы, жақыны, туысы қайтыс болған әйелдің қара жамылып, жоқтау айтуы - халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Қайғы-қасіреті мен шерлі көңілін жақынын жоғалтқан әйел бетін жырту, бетін тырнау, шашын жаю, шашын жұлу, қос бүйірін таяну сияқты паралингвистикалық амалдар арқылы білдіріп, қайтыс болған ерінің, баласының, туысының жақсы, асыл қасиеттерін жоқтау жырына арқау еткен. Ертеде көптеген халықта қатты қайғырғанда, бетін тырнап, айғыздаумен бірге шашын жұлып немесе тақырлап алып тастайтын дәстүр болған. Кейбір тайпаларда ері қайтыс болған әйел бұрымын кесіп, күйеуіне деген адалдық белгісі ретінде оны күйеуімен бірге жерлеген. Аталған бейвербалды амалдың қазақтың жоқтау жырларын айтқандa қолданылуы сол кезден қалған болуы керек: Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді (М.Әуезов. Абай жолы).

"Қазақ әйелі" концептісіне қатысты бейвербалды амалдардың ең көп тарағаны - "ернін сылп еткізу", "аузын сылп еткізу" сияқты тұрақты сөз тіркестеріне сай келетін ым-ишараттар. Олар көркем шығармадағы кейіпкерлердің таңырқау, жақтырмау сияқты эмоционалдық жай-күйлерін білдіру үшін қолданылады. Мысалы, Ұзатылып бармай жатып, айналасы бір-ақ қыстың ішінде Есеней сияқты адамның арыстанын илеп-билеп алған қызына Несібелінің таңданбасқа шарасы жоқ еді. Бірақ таңданғанын білдірмейін деп аузын бір сылп еткізді де қойды (Ғ. Мүсірепов Ұлпан). Сонымен қатар көркем шығармада жиі қолданылатын "ернін жымқырды", "ернін қымқырды" ишараттары "жақтырмау", "құптамау" мағынасын, "ернін шүйірді" менсінбеуді білдіреді, ал "ернін тістеді" кинемасы бір жағдайда "сөйлеме" деген мағынаны білдірсе, енді бірде аталған мимиканы әйелдер қиналғанын білдірмеу үшін қолданады. Айша астыңғы ернін тістелеп, басын шайқады. Айша басын тектен-текке шайқамайды (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша). Сондай­ ақ "жаулықтарымен көзін сүрту", "етегінен сүю", "ақ орамалын желпілдетіп қоштасу" сияқты бейвербалды компоненттер де қазақ әйелдеріне қатысты. Қазақ әйелдеріне ғана тән "бет шымшу" ишараты қазақтың ұлттық мәдениетінде ұялудың нышаны, ерсі қылықтан шошыну белгісі болып табылады. - Ой-бүй! - деді жеңге, бетін шымшып. - Ата-бабаң істемеген кәсіптің керегі не? (Т.Әлімқұлов. Сырлы наз). Қазақ әйелдері өздерінің қатты таңқалғанын "сұқ саусағымен бетін бір сызу" ишаратымен де білдіреді: Әкеме адырая қарап аз тұрған Қазина, бетін оң жақ қолының саусағымен бір сызып, үлкендеу көзін кеңірек ашты да, ернін бір сылп еткізіп:

- Бетім-ау, мына Kесір болмағай да! - деді (С.Мұқанов. Мөлдір махаббат).

Қазақ әйелінің көңіл-күйі, сезім әлемі, ішкі дүниесі нәзік болуымен бірге шытырманға толы, аса күрделі. Әйелдерде бейвербалды белгілерді олардың ұсақ-түйегіне дейін бірден байқап, тез арада айтылмақ ой мен емеурін, ишараны шешетін туабітті қабілет ерекше дамығанын жоғарыдағы деректер де растайды. 1.3.3 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты антропонимдердің гендерлік сипаты. Қазақ халқының дүниетанымы мен ұлттық болмысынан хабарсыз, қажетті мәдени-танымдық ақпарат "аялық білім" көлеміне енбеген өзге мәдениет өкіліне мал шаруашылығына қатысты есімдер түсініксіз, кей жағдайда қисынсыз, күлкілі көрінуі мүмкін.

- ...Мен сені бұдан былай Ақнарым дермін!

- Түйеге теңегенің бе?

- Аузыма құдай салған шығар... қазақтың нардан қасиетті, нардан күшті, нардан сұлу, нардан қадірлі несі бар? (Ғ.Мүсірепов.Ұлпан).

Төрт түлікті киелі санаған қазақ халқы олардың әрқайсысының иесі, желеп-жебеушісі, қамқоршысы бар деп сенген, сондықтан да төрт түлік пірлеріне сыйынып отырған.

Әйелдердің гендерлік сипатына, әйел адамдардың ассоциативті ойлау жүйесіне көбінесе адамгершілік, ізгілік, жылылық, күнделікті күйбең тіршілік жақын да, ер адамдардың асссоциативті ойлау жүйесіне ерлік жасау, батырлық көрсету, кәсіппен шұғылдану т.б. жақын болатыны белгілі.

Тарихи шығармаларда кездесетін кейбір кісі есімдері феодалдық қоғамда үстемдік еткен әлеуметтік жіктеліске негізделген. Күніұзын мал соңынан салпақтап, тезек теріп, мал сауып, іркіт пісіп, кісі есігінде жүретін адамның пешенесіне қой санаудан өзге ештеңе жазылмаса, жоғары тап өкілінің тағдыры биіктегі қолжетпес алтындай жарқыраған күнмен байланыстырылған. Құндылықтар өзгерген бүгінгі таңда мұндай кереғар есімдердің кездесуі екіталай: - Ал Қияқтың кімі бар? Әлі де сол күң қалпындағы кәрі шешесі - Қойсана ғана. Тәуекел мен Қияқ талайының кереғар тағдыр өзі күні бұрын шешкендей, бірінің анасының аты Күнсана, екіншісінің шешесінің аты Қойсана дегізуін қарашы! Мұнда да жазмыштың бір ұйғарғаны бар тәрізді (І.Есенберлин. Көшпенділер).

Өмірде адамдардың азан шақырып қойған есімдерімен бірге оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, сыртқы кескін-келбетіне, істейтін кәсібіне байланысты жалған атаумен ат қою көп халықта бар. Ономаст ғалымдар лақап аттардың алғашқы қоғамның өзінде-ақ адамдардың дене бітімі мен сыртқы тұлғасына сай таңдалып қолданылғанын айта келіп, мәдениет пен қоғамның дамып, жазудың пайда болып, қалыптасуынан кейін, әсіресе фамилиялардың шығуынан соң олардың сирегенін айтады. Мысалы, Сақау шешемнің Айымқыз деген әдемі аты бар екенін бұл кезде өзінен басқа ешкім де білмейді. Жарықтық, келбеті келісті-ақ (Ш.Мұртаза.Ай мен Айша). Қолда бар материалдардан байқағанымыз, жағымсыз мағынадағы, әсіресе дене кемістігіне орай қойылатын лақап аттар ерлерге байланысты жиі ұшырасады. Қыздар мен әйелдерге қатысты ондай аттардың сирек қолданылуы қазақ халқының қызды "қонақ", ал әйелді "ана" деп ерекше қадірлегенінің айғағы болса керек. 1.3.4 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты киім атауларының лингвомәдени мәні. Біз аталған тараушада тек "қазақ әйелі" концептісінің аясына кіретін кейбір киім үлгілеріне ғана қысқаша тоқталуды мақсат тұттық. Мысалы, қазақ қыздары мен тұрмысқа шыққан әйелдерінің бас киімдері мен шаш үлгілері қатты ерекшеленген. Этнографиялық деректерге қарағанда, әйелдер шашын қос өрім етіп өреді де, ол екеуінің ұштарын біріктіру үшін шашбау тағады. Шашты олай өру - әйелдіктің белгісі, бұл - бүтіннің жартысы болғанды білдіреді. Ал қыздар шаштарын бір өрім етіп, ұшына шолпы тағады.

Киім кию үлгісі мен қимыл арқылы қазақ әйелінің киім кию ерекшелігі ғана емес, кейде қажетсіз жерде жайбасарлық пен созылыңқылық танытатын қазақтың бейғамдық болмысын, ұлттық психологиялық ерекшелігін де астарлап бейнелеуге болатыны байқалады. Мысалы, Үйден үстіне малынтып шұбалаң көйлек киіп, басына малынтып шұбалаң орамал тартқан әйел созалаңдап шығып, қалқи басып, ат үстіндегі күйеуіне бірдеңе апарып берді (Ә.Кекілбаев.Үркер).

Бойжеткен қыз бен тұрмысқа жаңа шыққан жас әйелді, дүниеге сәби әкелген ананы, өмірден көргені мен түйгені мол салиқалы бәйбішені ата-бабаларымыз,ең алдымен олардың бас киімінен ажыратқан. Қыздар бастарына үкілі тақия, кәмшат бөрік киген: Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен... Басында жап-жаңа кәмшат бөрік (М.Әуезов. Абай жолы). Қазақ әйелдерінің баскиімдері практикалық қызметінен өзге әйелдердің отбасылық жағдайының көрсеткіші болып табылған. Олар тұңғыш баласы, кейде екінші баласын туғанға дейін желек киген. - Ауылдағы енелер мен абысындарға қосылып Ділдә келініне кимешек-шаршы, қалың жібек желек кигізіп жіберіпті (М.Әуезов. Абай жолы). Қазақ әйелдері тұңғыш баласын туған соң оның басынан желегі алынып, кимешек кигізіледі. Оның шылауышына төбелдірік, маңдайына бергек, түйреуіштер қадайды. Бірнеше балаға ана болған орта жастағы әйелдер көзге түсерліктей әшекейі жоқ шалаң кестелі кимешек киіп, ақ жаулық (шылауыш) тартады: Ақ шаршы, кестелі кимешектерін әсем ғып салған күлкіші келіншектер де көп (М.Әуезов.Абай жолы).

Қоғам алға жылжып, заман өзгеріп, материалдық және рухани құндылықтар өзгерген сайын қазақ әйелдерінің киім үлгілері де ауысып, соған сәйкес киім киюге деген көзқарас та өзгеріп отырғаны даусыз: Мұғалім Арайдың басындағы күндікке қарап біраз тұрды. Кемпірдің ақ матаны қаттап басына орай бергені ерсі, ал мұғалім әйелдің жұқа көгілдір орамалмен бір тарта салғаны Арайға ерсі (Ш.Мұртаза. Мылтықсыз майдан). Қазіргі таңдағы әйелдердің киім кию үлгісінен оларға тән әлеуметтік, жасына байланысты ерекшеліктерді ажыратуға болмайды. Әйтсе де, әсіресе оңтүстік өңірлерде, көбінесе ауылдық жерлердегі жиын-тойларда тұрмысқа шықпаған әйел затының орамалсыз, жалаңбас жүруі, ал келіндердің орамал тартуы, жасы келген әйелдердің жаулық тартып, кейде кимешек киюі қалыпты жағдай болып есептеледі. Осыған байланысты ұлттық-мәдени стереотиптерді де кездестіруге болады. Мысалы: Өзге жақты көріппіз бе, біздің ауылда қыздар тек қып-қызыл орамал тартып жүретін. Кей қыздар әлдебір әуестікпен сәл ақшылтым, ақ гүлі басымдау орамал тартса, үлкендер қатты сөгіп тастайды. Ақ орамал мен қызыл орамалдың аралығы айқын, шекарасы берік. Күйеуге ұзатылған қызды "басына ақ орамал салды", "ақ орамал жарасады екен", тағысын-тағылар дейтін (М.Байғұт. Ақ орамалды қыз). 1.3.5 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты қолөнер, тамақ атауларын білдіретін лингвомәдени бірліктер. Күн көрісі төрт түлік мал болған соң, оның етін де, сүтін де, терісін де, жүнін де ысырап етпеген қазақтар оларды қалай тиімді пайдаланудың жолдарын білген. Қазақ әйелдерінің қолөнер туындыларының ішінде ең кең тарағаны, технологиялық жағынан жетілгені - киіз басу. Күнделікті қажетіне жарап, киіз үйдің туырлығына, түңлігіне, үзігіне жабуға және жерге төсеуге арналған киіз басу өнері туралы жазылған этнографиялық сипаттағы еңбектер көп. Қазақ әйелдері барды ұқсатып, тұрмысқа қажеттінің бәрін өздері дайындап алатын болған. Мысалы, кір жуатын сабынды да өздері жасай білген. Сабын жасау үшін оңаша, жылылығы бірқалыпты сақталатын үйде сақарды майға қосып қайнатады да, сабын шығарады. Мұның тәсілін, тетігін білетін әйелдер басшылық етеді. Білігі жетпейтіндер сабынды ірітіп, бұзып алады. Ал енді осы сабын қайнату ісінің тілдік дәйегі Б.Майлин шығармасында кездеседі: Алба-жұлба қараша үйдің сырт жағынан қарасаң, іші өртеніп жатыр ма дейтінсің, булыққан түтін бұрқырап шығып жатыр. Үйдің ортасында үлкен қара қазан. Астында лаулап жанған от; қазанның ішінде бір үйіріліп, бір бұзылып қайнап жатқан сабын. Төменгі жаулықпен басын тұмшалап орап алып, маңдай терісі тыржиып, терлеп-тепшіп, Айнабайдың Зейнебі сапты қалақпен сабын былғап жатыр.

... От басын қоршалай отырған төрт-бес қатын; бәрінің көзі қазанда... Сабын иілсе, бұзаушық алып үйді-үйіне тарайтын ойлары бар, бірақ, сабын болмай амалдары құрып, ащы түтіннің азабын көріп отыр (Б. Майлин. Раушан- коммунист).

"Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипатын ұлттық тағам атаулары да танытады. Себебі, күн көрісі төрт түлікпен тығыз байланысты болғандықтан, аналарымыз оның сүтінен неше түрлі дәмі аузыңнан кетпес тағамдар жасаған. Мысалы, уыз көже, құрт, ірімшік, ежігей, құрғақ сүт, көпіршік, ақ лақ, жент, талқан сияқты тағам түрлері қазақ әйелінің қолынан шыққан, қазақтың тұрмыс­тіршілігінен, өмір сүру салтынан, ұлттық болмысынан хабар береді. 1.4 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты зергерлік бұйымдардың сакральды мәні. Зергерлік лексиканың этномәдени мәні зерттеуші Р.Н.Шойбековтің еңбектерінде арнайы, жан-жақты қарастырылғандықтан [5], тек "қазақ әйелі" концептісіне қатысты зергерлік атаулардың сакральды мәнін ашуды ғана мақсат еттік.

Соның бірі ретінде қазақ қыздары мен әйелдері бұрынғы кезде шолпы мен шашбауды бұрымы тарқатылып кетпеу үшін таққан және ол этномәдени мәнді лингвокультурема. Халық ұғымында "адам жанының бір ұшы шашында" деген түсінік бар. Соған байланысты "тарағанда түсетін шашты кез-келген жерге тастауға болмайды, оны адам баспайтын жерге көміп тастау керек" деген ырым-тыйымның бар екені белгілі. Ал енді осы халық санасындағы кодталған ақпараттың кілтін ашу үшін белгілі бір білім аясы керек. Біз оның кілтін төмендегі прецедентті мәтін арқылы ашуға тырыстық: "Әйел баласы шашын беталды тастамас болар, -деді Айша. - Тарақтан түскен шаш әлдеқалай отқа күйсе, о дүниеде балалары шырылдайды дейді. Анасының шашының отқа күйген исін танып қояды екен де:"Анамыз тозақ отына түсіп кетті- ау!" деп шыр айналып, шырылдайды екен. Тозақ отынан анасын құтқарып алмақ болып, өздері де сол тамұқ өртіне түсіп кете жаздайды екен (Ш. Мұртаза. Ай мен Айша). Осы түсінікке байланысты аналарымыз шаштарын әр жерге тастамай, түскенінің әрбір талын жинап, мұқият орап, адам баспайтын жерге көміп отырған және аталған ырым-тыйымның мән-мағынасын қыздары мен келіндерінің құлағына жалаң, құрғақ сөзбен емес, ұлттық ұғымға жақын осындай аңыз-әңгімелермен құйып отырған.

Барлық халықтарда сырға әшекейлік зат болуымен бірге оның иесінің қоғамдағы орнының көрсеткіші, магиялық қорғаушы зат ретінде қолданылады. Сондай-ақ сырғаға қатысты түрлі көзқарас пен бір­біріне кереғар наным­сенімдер де кездесетінін жоққа шығаруға болмайды. Ежелгі Римде бір құлақтағы сырға құлдық белгісі саналған. Одан бұрынырақта бойжеткен қыздар мен әйелдердің, сондай­ақ қарақшылардың сырғасында айтарлықтай айырмашылық болған. Сырғаны бәле­жаладан, ауру­сырқаудан сақтандырушы зат ретінде бағалап, оны көздің көру қабілетін арттырады, теңізшіні суға кетуден сақтайды деген сеніммен таққан. Ал Бирмада тақтан дәмелі король ұрпақтарының құлағы міндетті түрде тесіліп, сырға салынатын болған [6]. Қазіргі кезде сырға өзінің мифтік маңызынан айрылып, тек әшекей зат, әсемдіктің құрамдас бөлігі болып қалғаны белгілі. Ежелден дененің ашық жерлерін - аяқ-қол, саусақ, мойын, құлақ, мұрын сияқты дене мүшелерін қатты заттардың көмегімен қорғау қалыптасқан. Бұл жүзік, балдақ, сырға, білезік, моншақ, алқаның пайда болуына апарып соққан. Олар сыртқы зұлым күштермен күресте жәрдемдесетін магиялық қорған болып есептелген. Қазақ зергерлері әрбір тастың өзіне тән қасиеті, ерекшелігі, кереметі бар екенін білген. Олардың біреуі адамға құт әкелсе, енді бірі тіл-көзден сақтайды, ал кейбірінің тіпті құрғақшылықта жаңбыр шақыратын, т.б. қасиеттері бар екен. Орта ғасырларда емші, дәрігерлер алтын, нефрит, маржан тастарын жұту өмірге қауіп төндірмейді, қайта оны ұзартуға септігін тигізеді деп есептеген. Сонымен бірге әлгі тастарды жұтқан адамның өлгеннен кейін денесі іріп­ шірімейді деген сенім болған. Қазіргі таңда мойындалып, сәнге айналған астрология ғылымында да "әрбір жұлдыз иесі өзіне сай келетін тасы бар әшекей тағу керек, қасиеті белгісіз тастан тағылған әшекей адамға бақытсыздық әкеледі, денсаулығына зиян келтіреді" деген түсінік қалыптасқан 1.5 "Қазақ әйелі" концептісіне қатысты онимдердің этномәдени сипаты. Қазақтың еншісіне тиген байтақ даламызды қай бұрышын алсақ та, әйел-анаға арнап тұрғызылған ғажайып кесене, әсем мұнара, өшпес ескерткіштер, тіпті тұтас қаланың аты да бар. Ғалым А. Сейдімбек: "Сырдария бойындағы Көккесене, Бикем мұнара, Сырлытам, Сарысу бойындағы Белең-ана, Болған-ана, Жұбан-ана, Арал түбіндегі Бегім ана күмбездері, мұнаралары, мазарлары ғажайып сырлы сымбатымен күні бүгінге дейін қайран қалдырады. Жеке ескерткіштер былай тұрсын, жұмыр жердің орта ғасырлық талғам-түсінігінде тұтас бір қаланың әйел атымен аталғаны дүние жүзінде сирек кездесетін құбылыс. Бұл ретте қазақ даласында Қатын дала, Қырыққыз қала, Баршынкент сияқты қалалардың болғаны таң қалдырады. Мұндағы Баршын сұлу әйгілі Алпамыстың жұбайы, Қаршымбайдың қызы, Оғыз еліне сөзі жүрген жеті арудың бірі болған" деп жазады [7, 402]. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қыз балаға, әйел-анаға қатысты қойылған сандаған топонимдерді кездестіруге болады: Домалақ ана, Қарашаш ана, Сыланды ана кесенелері, Қатынқамал, Қырық қыз, Қызсиген, Қамырлы әулие, Келіншектау т.б. Облыс орталығы Шымкент қаласына қарасты "Қатынкөпір" елді мекені бар. Оның аталуы туралы ел аузында мынадай әңгіме айтылады: "Көнекөз қариялардың айтуынша, 1928 жылы құрылған "Тельман" колхозында бала-шағасы жоқ, жалғыз басты Тәті деген әйел тұрыпты. Ол кездері осындағы Қошқар ата өзенінің арнасынан тасып жататын кезі екен. Суының молдығы сонша, ауыл тұсындағы жалғыз аяқ өткел-көпірді әрдайым ағызып кете беретін көрінеді. Жұртты әбіржітіп, әуреге салған осы жайтқа ашуланған Тәті бір күні білегін сыбанып шығады да, үлкен ағаштарды кесіп, ат арба өте алатындай көпір салып, үстіне шым төсейді.Тәтінің ісіне риза болған жұрт кейін бұл көпірді "Қатын көпір" деп атап кетеді". Тәтінің әрекетіне сүйсінген елдің көпірді оның өз атымен атауына да болар еді. Біздіңше, әлдеқайда күш-қуаты, қайраты мол еркектің ойына келіп, қолына алмаған сауапты іске заты нәзік болғанымен, намысы күшті әйелдің қиындықтан тайсалмай баруы ел-жұртты ерекше таңқалдырғаны анық. Сол себепті кез-келген қиын-қыстау кезеңде жол таба білетін әйелдерге деген айрықша құрметін халық осылайша білдірген тәрізді. Ертеректе халқымыз ел билеген ерлерге лайықты өмірлік серік бола білген ақылы мен сұлулығы үндескен әйелдерді "хатун-қатын" деп атағаны белгілі, оған көне түркі жазба ескерткіштеріндегі мысалдар куә. Осы сипаттағы прецедентті мәтінді А.Сейдімбек еңбегінен де кездестіруге болады. 1.6 Әйел ~ ана тілі және әйел ~ ана қарым--қатынасының этномәдени мәні. "Қазақ әйелі" концептісінің өзегін әйел ~ ана тілі және әйел ~ ана қарым-қатынасының этномәдени мәні құрайды. Тіл туралы Заңда айдан анық айқындалғанымен, қазақ тілі мемлекеттік басқару тіліне де, заң шығару тіліне де айнала алмай келеді. Біздіңше, соның бір ұшы ұлт мәдениетінде, өзінің отаналық, отбасының берекесі мен құтын ұйытушы, сақтаушы, ана сүтімен, қазақы мінез бен ана тілін үйрететін, бесік жырымен ұрпағын тәрбиелейтін қазақ әйелінің әлеуметтік қызметінің әлсіреуімен, өзгеруімен байланысты сияқты. Жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлы ана тілі мен әйел­ана қарым-қатынасын осылайша сабақтастырады: "Есесі кетіп келген тілімізді мұратына жеткізу үшін, бәрінен бұрын, қай-қайсымыздың да қолымыздан келуге тиісті дұрыс ана (астын сызған - біз), дұрыс ата, дұрыс ұстаз, дұрыс азамат бола білуге көбірек көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты". Әбіш Кекілбайұлы дұрыс ана бола білуді алдымен атап, бірінші жазып отырса, бұл, әрине, тегіннен-тегін емес. Ана тіліміздің тағдыр-талайында аналардың атқарар рөлі айрықша екендігі аян. Әуелгі "әлдиді" айтатын да, бесік жыры арқылы ұлттық тілдің уызын сіңіретін де - ана.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных