Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Тақырып 6. Ұйымның міндеттемелерінің есебі 1 страница




 

Сабақтың мақсаты: міндеттемелер түсінігін ашу және міндеттемелердің түрлері бойынша есебін меңгеру.

 

Дәріс сұрақтары:

1. Міндеттемелер туралы түсінік, олардың бағалануы және жіктелуі.

2. Кредиторлық борыштар есебі: жабдықтаушылар мен мердігерлерге; еншілес (қауымдасқан, бірлескен) үйымдарға; филиалдар мен құрылымдық бөлімшелерге; жал бойынша; төленуге тиісті сыйақылар бойынша

3. Салықтар бойынша міндеттемелер есебі

4.Еңбекақы бойынша қысқамерзімді кредиторлық борыштар есебі.

4. Зайымдар бойынша шығындарды тану. 23 ҚЕХС.

5. Бағаланушы міндеттемелер есебі

6. Басқа да міндеттемелер есебі

Негізгі түсініктер: төленуге тиісті шоттар, ұзақ мерзімді міндеттемелер, қысқа мерзімді міндеттемелер, кредиторлық борыш, төлем вексельдері, төленуге тиісті дивидендтер, банк несиесі, алдағы кезең табыстары.

 

Дәрістің мазмұны:

Міндеттемелер дегеніміз – ұйымның өткен оқиғалардан туындаған, реттелуі болашақта экономикалық тиімділігі бар ресурстардың шығуына әкеп соқтыратын қарызы. Яғни бұл белгілі бір тұлғаның (борышкердің) басқа бір тұлғаның, яғни қарызгердің (кредитордың) пайдасына белгілі бір іс-әрекет жасау міндеттемесі: мәселен мүлікті беруі, жұмыс атқаруы, ақша төлеуі және басқалар, не болмаса белгілі бір іс-әрекеттен бас тарта тұруы.

Міндеттемелер кәсіпорында жасалынған әр түрлі келісімдердің нәтижесінде туындайды және алынған тауарлы-материалдық құндылықтар немесе пайдаланылған қызметтер үшін келешекте жасалынатын төлемдердің заңды негізі болып табылады.

Міндеттемелер төмендегі үш белгісі бойынша анықталады:

кәсіпорында міндеттемені туындатушы оқиға орын алуға тиісті;

міндеттеме тек активті немесе қызметтерді басқа кәсіпорынға аудару жолымен реттеледі;

міндеттеме даусыз (анық) болуға тиісті.

Міндеттемелер –төлеу мерзіміне байланысты екі түрге бөлінеді:

Ұзақ мерзімді міндеттемелер

Ағымдағы міндеттемелер

Қысқа мерзімді міндеттемелер есепті кезең (бір жыл) ішінде немесе белгілі бір операциялық цикл ішінде қайтарылады деп күтілетін ағымдағы міндеттемелер болып табылады. Оларға мыналар жатады:

Қысқа мерзімді несиелер және овердрафт;

Ұзақ мерзімді несиелердің ағымдағы бөлігі;

Кредиторлық борыштар:

төленуге тиісті шоттар мен вексельдер;

сатып алушылар мен тапсырыс берушілерден алынған аванстар;

салық міндеттемелері;

төленуге тиісті дивидендтер;

негізгі шаруашылық серіктестігі мен оның еншілес серіктестіктері арасындағы борыштар;

акционерлік қоғамның лауазымды тұлғаларына борыштары;

өзге де кредиторлық борыштар;

Төленуге тиісті есептелінген шығыстар;

Алдағы кезең табыстары;

Күтпеген жағдайлар бойынша есептелінген төлемдер.

Ұзақ мерзімді міндеттемелер – есеп беру мерзімінен кейінгі жыл ішінде немесе белгілі бір операциялық цикл ішінде қайтарылуы (өтелуі) жоспарланбайтын кәсіпорынның міндеттемелері.

Ұзақ мерзімді міндеттемелерге: ұзақ мерзімді банк несиесі, банктен тыс мекемелердің несиелері (кепілдік беру), басқадай несиелер (облигацияларды сатып өткізу жолымен қаржыларды тарту және т.б.), еншілес серіктестіктердің ұзақ мерзімді қарыздары, ұзақ мерзімді жалдық міндеттемелер, кейінге қалдырылған табыс салығы жатады.

Төленуге тиісті шоттар тауарды жөнелтушіге, қызмет көрсетушіге кәсіпорынның қысқа мерзімді міндеттемелері болып табылады. Олардың сомасы, әдетте, аналитикалық есеп регистрлерінде тіркелген төленуге тиісті шоттармен дәлелденеді.

Жабдықтаушылар және мердігерлермен есеп айырысу есебі 3310 «Жабдықтаушылар мен мердігерлерге қысқа мерзімді кредиторлық борыш» және 4110 «Жабдықтаушылар мен мердігерлерге ұзақ мерзімді кредиторлық борыш» шоты қарастырылған.

Кейбір жағдайларда кредиторлық борышты қамтамасыз ету мақсатында кредиторға вексель берілуі мүмкін. Қысқа мерзімді төленуге тиісті вексельдер деп заңнамалық нысанда бекітілген бір тараптың (эмитент, вексель берушінің) екінші тарапқа (вексельді ұстаушыға) берген шартсыз жазбаша борыштық ақшалай міндеттемесі. Төленуге тиісті вексель пайыздық және пайыздық емес болуы мүмкін. Пайыздық вексельде пайыздық ставка көрсетіледі. Бұл ставка бекітілген пайыздық ставка деп аталады. Пайызсыз вексельдерде нақты пайыз көрсетілмейді, оның орнына жанама түрде шынайы пайыздық ставка немесе пайыздық кіріс деп аталатын пайыз нормасы көрсетіледі.

Ұйымдар «Салық және бюджетке төленетін басқадай төлемдер» туралы Қазақстан Республикасының Кодексімен реттелетін салықтардың және алымдардың түрлерін төлеу мақсатында бюджетпен есеп айырысу операцияларын жүзеге асырады.

Салық міндеттемелері есептелген немесе жиналған, бірақ әлі бюджетке аударылмаған салықтар бойынша туындайды.

Салықтар тікелей және жанама болып бөлінеді.

Тікелей салықтарға: корпорациялық табыс салығы, жеке тұлғаларға салынатын табыс салығы, әлеуметтік салық, жер асты байлықтарын пайдаланушыларға салынатын салық, жер салығы, көлік құралдарына салық, мүлік салығы жатады.

Жанама салықтарға қосылған құнға салынатын салық және акциздер жатады.

Кәсіпорынның бюджетпен есеп айырысу операцияларының есебін жүргізу үшін Бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарында 3100 «Салықтар бойынша міндеттемелер» бөлімшесінің тиісті шоттары және өзге де міндетті және ерікті төлемдер бойынша міндеттемелерді есепке алу үшін 3200 бөлімше шоттары қаралған.

Дивиденд бойынша борыштар. Дивидендтер кәсіпорынның бөліп таратылатын таза табысының (пайдасының) бір бөлігі. Дивиденд төлеу туралы шешім акционерлердің жалпы жиналысында (директорлар кеңесінде) қабылданады. Директорлар Кеңесінде жарияланғаннан кейін, егер де дивидендтерді, ағымдық жыл немесе бір операциялық айналым ішінде төлеу қажет болса, онда бұл дивидендтер ағымдық міндеттеме ретінде танылуы тиіс. Өйткені, дивидендтің хабарланған мерзімі мен оны заңды төлеу мерзімінің арасында біраз уақыт өтеді. Сондықтан дивидендтер жарияланғанда келесі бухгалтерлік өткізбе құрылады:

Дебет «Есепті жылдың пайдасы (шығыны)»

Кредит «Қатысушылардың дивидендтері мен кірістері бойынша

қысқа мерзімді кредиторлық берешек»

Алдағы кезең табыстар деп – тапсырыс берушілер мен сатып алушылардан алған аванстардың есебінен жүзеге асырылуға тиісті кәсіпорынның тауарларды жөнелту, жұмыстарды орындау, қызмет көрсету бойынша міндеттемелерін айтады. Алдағы кезең табыстары 3520 «Алдағы кезең кірістері» шотында есепке алынады.

Банк несиесі мерзімдік, қайтарымдылық, төлену шарттарымен коммерциялық және келісім-шарт негізінде беріледі Несиелердің есебін жүргізу үшін Бухгалтерлік есеп шоттарының жұмыс жоспарында 3000 «Қысқа мерзімді қаржылық міндеттемелер» және 4000 «Ұзақ мерзімді қаржылық міндеттемелер» бөлімшелерінінің тиісті шоттары қаралған.

Қысқа мерзімді несиелер ең көп дегенде әдетте 12 айға беріледі. Жекелеген жағдайларда өндірістік айналым спецификасына байланысты ұзағырақ мерзімге, бірақ екі жылдан аспайтын мерзімге берілуі мүкін.

Ұзақ мерзімді несиелер - кәсіпорынға 1 жылдан артық мерзімге құрылыс, қайта қалпына келтіру және өнеркәсіптік, әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы объектілерді техникамен қайта жабдықтау, ғимараттар салуға және басқа күрделі салымдарды жүзеге асыруға беріледі.

Өзге де кредиторлық борыштар. Бұл топқа жал міндеттемелерін жатқызуға болады. Жал міндеттемелері жалға алушының жалға берушінің алдындағы кредиторлық борышы. Оның есебі 3360 «Жал бойынша қысқа мерзімді қарыз» және 4150 «Жал бойынша қысқа мерзімді қарыз» шоттарында есепке алынады. Сонымен бірге төлем пайыздарының есебін де аталмыш топқа жатқызуға болады. Төлем пайыздары деп несиені, басқа да ресурсты пайдаланғаны үшін ұйымның басқа тұлғаға негізгі борыш үстінен төлейтін төлемін айтуға болады.Оның есебі 3380 «Төленетін сыйақы» шотында жүргізіледі. Пайыздардың барлық түрі (банк несиесі, займ шарттары, құнды қағаздар және т.б. бойынша) есептелгенде 7310 «Пайыздар бойынша шығыстар» шоты дебеттеліп, 3380 «Төленетін сыйақы» шоты кредиттеледі.

Ұзақ мерзімді міндеттемелер деп төлеу мерзімі баланстағы нақты күннен бастап бір жылдан астам уақытты алатын міндеттемелерді айтамыз. Ұзақ мерзімді міндеттемелердің туындау себептері өте көп. Мәселен, жаңадан құрылған фирма үшін, акционерлік капиталға қарағанда сырттан акционерлік капитал алған жеңілдірек.

Ұзақ мерзімді қарыздық міндеттемелерді шығару туралы шешімді қабылдау кезінде акциямен салыстырғанда ұзақ мерзімді қарыз міндеттемелердің артықшылықтары қарастырылады.

акционерлердің бақылауы.Облигация иелерінің дауыс құқығы жоқ болғандықтан акционерлер компанияның үстінен өз бақылауын жоғалтпайды.

салықтық тиімділік. Көптеген елдерде қарыздық міндеттемелер бойынша пайыздар пайдаға салынатын салықты есептеу кезінде рұқсат етілетін шегерімге жатқызылады. Ал дивиденттер бойынша мұндай жеңілдік берілмейді

Қаржылық леверидж. Бұл меншікті капиталдың қарыздық құжаттарды тарту есебінен көбейту. Егер компания өзінің активтерін пайдалана отырып, пайыздық міндеттемелерге қарағанда көбірек ақша тапса, екі ортадағы айырма капиталды немесе акционерлік табысты көбейтеді.

Дегенмен міндеттемелерді көбейту компания үшін қауіпті. Ұзақ мерзімді міндеттемелерді бағалау және өлшеу қағидалары негізінен үшке бөлінеді:

Ұзақ мерзімді міндеттемелер қарызға алынған тауарлар мен қызметтердің әділ нарықтық құнымен тіркеледі.

Пайыздарды кезең сайын төлеп отыру қарыздың берілген күніндегі нарықтық пайыздық ставкаға негізделген. Нарықтық пайыздық ставка – бұл операциялардағы нақты келісетін ставка және ол талап етілетін болашақтағы төлемдердің нақты құнының қатынасына тең.

Баланстың күніне ұзақ мерзімді қарыздың қалдық құны, бұл барлық қалған төлемдердің нақты құны.

Пайыздық ставка- қарыз толық төленгенге дейін өзгермейді.

Осы аталған үш қағида ұзақ мерзімді қарыздарды және пайыздарды төлеу бойынша шығындарды бағалауға негіз болады. Ұзақ мерзімді міндеттемелердің кең таралғаны – облигация.

Облигация - ұзақ мерзімді негізде капиталдың үлкен сомасын қорғау үшін компаниялармен және мемлекеттік ұйымдармен шығарылатын қарыздық куәлік.

Әдетте облигациялар бизнесті кеңейту және дамыту мақсатында қаражаттарды тарту үшін шығарылады. Облигациялар – фирма эмитентпен қарыздың негізгі сомасын және пайызын инвесторларға төлеу жөнінде берген формальді уәдесі болып табылады.

Облигациялық келісімдер – облигацияның мерзімін, эмитент пен облигацияны иемденушінің құқықтары мен міндеттемелерін, қарыздың атаулы сомасын, пайыздық ставкамен пайыздарды төлеу мерзімі, өтеу мерзімін қамтиды.

Облигацияларды төлеудің кепілшісі қажетті тіркеуді жүргізетін және міндеттеме мен пайыздарды төлейтін қаржылық мекеме болып табылады. Инвесторлар эмитент пен инвестордың арасындағы келісімдік міндеттемелерді білдіретін облигациялық сертификатты иемденеді.

Облигацияларға қойылатын баға атаулы құннан пайыз түрінде белгіленеді.

Егер облигация 103 ½ бойынша белгіленсе, атаулы құны 1000 ш.б. облигация үшін 1035 ш.б. (100*1,035) төлейді дегенді білдіреді, яғни үстінен сыйақы төлейді.

Егер облигация 87,62 бойынша белгіленсе, онда ол шегеріммен сатылады. Атаулы құны 1000 ш.б. облигация үшін 876,2 ш.б. ғана төлейді.

Бағалы қағаздар нарығының дамуымен бірге облигация әр-түрлі сипатқа ие болуда. Мәселен, облигациялар қамтамасыз етілген болуы мүмкін, яғни компанияның нақты бір активтері түрінде кепілмен қамтамасыз етіледі, ал қамтамасыз етілмеген облигациялар тек компанияның абырой беделіне сәйкес шығарылған.

Облигациялар сериялық деп аталады. Олар бір рет шығарылғаннан кейін бірнеше өтеу мерзіміне ие болады. Тіркелген облигациялар бір рет шығарылғаннан кейін бір мезгілде өтеледі.

Тіркелген облигацияның аты-жөні және мекен-жайы осы облигацияларды шығарған компаниямен есепке алынады.

Купондық облигацияның иегері тіркеуге алынбайды. Бірақ мұндай облигацияның арнайы үзінді купондары әрбір купонда жинақталған пайыз сомасы және оларды төлеу мерзімі жайлы ақпараттарды қамтиды.

Облигациялар әдетте төмен құнмен шығарылады. Мұндай облигациялар инвесторларға өз капиталын әр-түрлі құнды қағаздарға салуға мүмкіндік беріп, инвесторлық тәуекелдікті азайтады.

Инвесторлар әр-түрлі инвесторлық мақсатқа саясат туралы ақпараттармен жеке таныс болып келеді. Нәтижесінде, облигацияның көптеген түрлері шығарылады. Облигациялар бойынша қарыздар, сондай-ақ өтелмеген шегерімдер мен үстеме ақылар баланста ұзақ мерзімді міндеттеме түрінде көрсетіледі.

Облигацияларды шығару және сату әдетте апталарға немесе айларға созылады.

Облигацияның шартын анықтау және шығару, нарықтық жағдайын зерттеу аралығындағы уақытта компания эмитенттің қаржылық жағдайы және нарықтағы жағдайы өзгеріп кетуі мүмкін. Мұндай өзгерістер облигацияның өтімділігі мен оларды өткізу бағасына ықпал етеді. Егер нарықтық пайыздық ставка тең болса, онда облигация атаулы құнымен сатылады. Бұл жағдайда пайыздарды төлеу инвесторға табыс әкеледі.

Атаулы құны бойынша шығарылған облигация.

Мысалы, «Транс» корпорациясы 1 қаңтар күні 9% облигацияны 1 млн ш.б. сомасына 5 жылға шығарды. 1 шілдеде төлеуі тиіс. Облигациялар атаулы құнымен шығарылған. Облигацияны шығару кезінде төмендегідей жазу жазылады:

Дт Ақша қаражаттары 1 000 000

Кт Төленуге тиісті 1 000 000

Пайыздардың сомасы – 1 000 000 * 9%*1/2=45000

Дт Пайыз бойынша шығын 45 000

Кт төленуге тиісті пайыз 45 000

Дт Төленген пайыз 45 000

Кт Ақша 45 000

Көбіне нарықтық ставкамен белгіленген ставка бір-біріне сәйкес келе бермейді. Нарықтық ставкамен эмиссия бағасындағы өзгерістер бір-біріне байланысты. Егер нарықтық ставка (12%) белгіленген ставкадан (10%) жоғары болса, облигацияны шығару бағасы атаулы құннан артық болмауы керек. Өйткені, облигация инвесторға нарықтық ставкаға тең табыс әкелуі керек. Себебі инвесторлар 10% пайда әкелетін облигацияға атаулы құны 10 000 ш.б. төлеуге келіспейді. Егер дәл осындай бәсекелес облигация 12 % табыс әкелетін болса.

Егер нарықтық пайыздық ставка белгіленген ставкадан жоғары болса, облигациялар шегеріммен бағада өткізіледі.

Егер жылына 2 рет төленетін болса, онда кезеңді көбейтіп, пайызды азайтамыз. Мысалы, 5 жыл 10% алынса және жылына 2 рет төленетін болса, онда 10 кезең 5 % деп аламыз.

Мысал: Компания 5 жылдық облигацияны 1 млн ш.б. 9% жылдық. Бірақ инвестор өзінің салған қаражатынан 10% табыс алғысы келеді. Облигацияның айналым мерзімінің ішінде, ол әрбір жарты жыл сайын 45 000 ш.б., яғни 10 кезеңге 45 000 алып тұрады. Сондай-ақ 5 жылдан кейін 1 млн ш.б. қайтарып алады. Облигацияның өткізу бағасын табу үшін нарықтық ставка бойынша дисконттық төлемдерді анықтаймыз.

Облигацияның өткізу бағасын анықтау: Ағымдағы құны 10%, 5 кезең

(1 млн * 0,6209) =620900

Анықталған ағымдағы құны 5%, 10 кезең

(45 000*7,7217) =347476

Облигацияның өткізу құны: 620900+347476=968376

Дт Төленуге тиісті облигация бойынша шегерім 31624

Дт Ақша 968376

Кт Төленуге тиісті облигация 1000 000

Облигацияны шығарғаннан кейін балансқа төмендегідей жазба енгізіледі.

Дт Төленуге тиісті облигация 1000 000

Дт Төленуге тиісті облигация бойынша шегерім 31624

Кт Ұзақ мерзімді міндеттеме жиынтығы 968376

Төленуге тиісті облигация бойынша шегерім шоты төленуге тиісті облигация шотына контрпассив болып табылады.

Егер нарықтық пайыздық ставка белгіленген ставкадан төмен болса, облигация сыйақымен сатылады.

Облигациялар бойынша төленетін пайыздар бойынша шығындар жыл сайын көрсетілетіндіктен, облигация жеңілдіктер мен сыйақылар облигация шығарылатын жылдар аралығына бөлінуі тиіс. Жеңілдіктерді былайша бөлу облигацияның жеңілдігіне есептен шығару деп аталады. Есептен шығарудың екі әдісі бар:

тура сызықты әдіс;

тиімді пайыздық ставка әдісі.

Тура сызықты әдіс:

төлеудің жалпы мерзімі анықталады. Жылына төлеу саны * облигация мерзімі

әрбір пайыздық соманы төлеген сайын шегерілетін облигация жеңілдігінің сомасы= Облигациялық жеңілдік/ төлеудің жалпы санына

төленетін пайыздық сомасы=номиналдық құн * номиналдық пайыздық ставка * мерзімі

пайыздың төленетін күніне пайыздық шығындардың жалпы сомасы= төленетін пайыздық сомасы+облигациялық жеңілдік сомасы

Сонымен, 1 шілде күні берілетін бухгалтерлік жазу

Дт Пайыз бойынша шығын 48162,4

Кт Жеңілдік 3162,4

Кт Ақша 45000

Тиімді пайыздық ставка әдісі – бұл әдіс келесі формула бойынша анықталынады:

пайыздар бойынша шығын – төленуге тиісті пайыздар = амортизация сомасы

Бұл әдіс кезінде облигацияның бүкіл мерзіміне тұрақты пайыз деңгейі көрсетіледі.

Егер облигацияның нарықтық құны атаулы пайыздық ставкадан төмен болса, облигация атаулы құнынан жоғары сатылады.

Мысал: корпорация 9 % облигацияны 5 жылға, атаулы құны- 1 млн ш.б. шығарды. Облигацияның нарықтық пайыздық ставкасы 8 %. Облигацияның өткізу бағасын анықтаймыз.

Ағымдағы құны 8%/5 = (1000 000*0,68066) =680660

Анықталған ағымдағы құны =(45 000*8,1109) =364990, 680660+364990=1 045 650

Дт Ақша қаражаттары 1 045 650

Кт Төленуге тиісті облигация 1 000 000

Кт Облигация бойынша сыйақы 45 650

Сыйақы облигацияның мерзімі ішінде пайыздық табыс шотынан көшіріліп отырады. Облигацияларды айналыстан алу үшін сол сәттегі облигацияның баланстық құны атаулы құнына тең болу керек. Облигацияны айналыстан шығару кезінде төмендегідей жазба беріледі:

Дт Төленуге тиісті облигация 1 000 000

Кт Ақша қаражаттары 1 000 000

Кей жағдайда компаниялар өздерінің облигацияларын уақытша сатып алады. Сатып алынған меншікті облигациялар атаулы құнымен төленуге тиісті, облигациялар шотына қарсы шотта есепке алынады. Егер содан кейін осы облигациялар сатылса, қарсы шот жабылып, төленуге тиісті облигация шоты азайтылады.

Егер компания өзінің қарыздық міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтегісі келсе, сол өтеу сәтіне облигацияның баланстық құнын анықтау тиіс. Яғни сыйақыны немесе жеңілдікті амортизациялау қажет.

Төленген сома мен баланстық құнның арасындағы айырмашылық баланста қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу нәтижелерінің туындауы пайда немесе залал ретінде көрсетілуі қажет.

Облигациялар компанияның басқа бағалы қағаздарына айналдыруға жарайтын болса, мұндай облигацияларды айналымды облиациялар деп атайды. Мұндай айырбас облигация ұстаушының шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. Облигацияны акцияға айналдыру шарты облигациялық келісім шартта сатушы үшін облигацияны тартымды ету үшін жасалынады.

Облигацияны жәй акцияға айналдыру кезінде акциялар облигацияның ағымдағы құнымен есепке алынады. Ал облигация мен оған берілген жеңілдік және сыйақы ешқандай пайда немесе залал көрсетілмесе, есептен шығарылады.

Мысал: Компания 1 шілдеде облигацияны сатып алды, сыйақы- 14470. Акционердің шешімі бойынша барлық облигациялар құны – 80 ш.б., жәй акцияға ауыстыру құны- 10 000 ш.б. 1 облигация 40 жәй акцияға тең. 100 облигация ауыстырылды.

Дт Облигация 1 000 000

Дт Сыйақы 14470

Кт Жәй акция 320 000

Кт Номиналдан артық төленген капитал 694 470

 

Қорытынды:

1 «Қаржылық есептілікті ұсыну» ҚЕХС-на сәйкес, міндеттеме өткен кезеңдерде болған операциялар мен оқиғалар нәтижесінде туындайды. Оларды активтерді беру немесе пайдалану арқылы, қызмет көрсету арқылы немесе болашақтағы экономикалық тиімділіктерді шығару арқылы реттеуге болады. Сонымен міндеттеменің үш негізгі белгісі бар:

кәсіпорында міндеттемені туындатушы оқиға орын алуға тиісті;

міндеттеме тек активті немесе қызметтерді басқа кәсіпорынға аудару жолымен реттеледі;

міндеттеме даусыз (анық) болуға тиісті.

 

Әдістемелік нұсқау:

Берілген дәрістік материал және ұсынылған әдебиет негізінде

1. Маңыздылық деңгейіне қарай құрылымдық жоспар әзірлеңіз.

2. Тақырыптың соңында келтірілген сұрақтарға жауап беріңіз.

3. СОӨЖ және СӨЖ тапсырмаларын орындаңыз.

 

Негізгі әдебиет:

1. ҚР 28 ақпан 2007 жылғы № 234-ІІІ «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңы.

2. Международные стандарты финансовой отчетности. Перевод полного официального текста МСФО, действующих в ЕС по состоянию на 1января 2005 года М.: Аскери, 2006 г.

3. Ф.С. Сейдахметова «Қазіргі заманғы бухгалтерлік есеп» Алматы 2008ж.

4. Тулешова Г.К. Учет и отчетность по международным стандартам. Алматы, 2005 г.

5. Акимова Б.Ж. Финансовый учет II/ Учебное пособие - Астана: 2010 - 180 с.

Қосымша әдебиет:

1. Гершун А.М. и др. Учет по Международным стандартам: учеб. пособие. – 3 изд.. М.: - Фонд развития бухгалтерского учета, 2006 г.

2. Терехова В.А. Международные и национальные стандарты учета и финансовой отчетности. – Москва: «Питер», 2003 г.

3.Нидлз Б., Андерсон X. и др. Принципы бухгалтерского учета. М., 1996.

4. Энтони Р., Рис Д. Ж. Учет: ситуации и примеры. М., 1996.

Kieso D.E., Weygandt I. I. Inter-mediate Accounting 7-th ed. 1992

5. Д. Александер, А. Бриттон, Э. Йориссен Международные стандарты финансовой отчетности. – Москва, «Вершина», 2005 г.

 

Тақырып 7. Кірістер мен шығыстар есебі (18 ХҚБС)

 

Сабақтың мақсаты: Кәсіпорынның табысы мен шығысын тану қағидалары, олардың өлшемін, табысты тану оқиғаларын зерттеп, табыс пен шығыс есебін меңгеру.

 

Дәріс сұрақтары:

1. Табысты тану қағидалары

2. Тауарларды сатудан, қызмет керсетуден, пайыздар, лицензиялық төлемдер, дивидендтер туріндегі түсімді тану.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных