Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 45 страница




Сәбит Мұқановтың Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезов түрмеден қайтып оралғанда соларға жазған хатында да осы «сменовеховшылар» туралы ұзақ түсіндіреді. Шындығында да, М.Әуезов айтқандай, Голощекин келісімен Қазақстандағы дәуір де, уақыт өлшемі де, құндылық та, көзқарас та өзгерді. Мұны «ұсыныс жасаушылардың» өздері де кеш аңғарып, бармағын тістеп үлгере алмай қалды.

Әрине, зияткер қауым еріксіз қаламнан бас тартты. Соған қарамастан көркем өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.

Қауіпсіздік комитетіндегі хаттамаға сүйенсек, 1929 жылы 20-шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылыпты. Ал зиялы зерттеуші Шерияздан Елеукенов айналымға түсірген дерек бойынша Мағжан Жұмабаев 1929 жылы 6-шілде күні Қызылжар қаласында тұтқындалып, төмендегі ілеспе хат арқылы Алматыға жөнелтіледі:

«№ 6333 2 ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің КССР бойынша Алматы қаласындағы өкіліне. 1929 жыл, 6-шілде.

Үстіміздегі жылы 6-шілде күні тұтқынға алынған белгілі ұлтшыл қазақ ақыны Жұмабаев Мағжанды сіздерге жіберіп отырмыз. Пәтеріндегі тінту кезінде оның ішінара өмірбаяны жазылған қалың дәптерден басқа ештеңе табылмады... Байтасов Абдолла Петропавловскі қаласы аумағында көзге түспеді. Қалың дәптер «Қосымша» ретінде жіберіліп отыр. ОГПУ округтік бөлімі бастығының орынбасарыВ.Никеров. Ш/Б өкілінің көмекшісіГубайдуллин».

Көзі қарақты, ойы сергек, жадуалға қабілетті, алғашқы тергеулердің мазмұнымен таныс оқырман М.Жұмабаевті тұтқындауға шығарылған қаулының хаттамасын мысқылмен оқитыны анық. Онда М.Жұмабаевтің өміріне қатысы жоқ, тек Д.Әділевке тағылған айыптау қорытындысын көшіре салған. Оқыңыз (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):

«Қаулы: 1929 жыл, 20 шілде. Мен, Біріккен мемлекеттік саяси басқарманың Шығыс бөлімінің Қазақ АССР-і бойынша өкілетті өкілі бастығының көмекшісі Саенко №6 тергеу ісімен танысу барысында мынадай қылмысты істің ұйымдастырылғанын анықтадым:

1. Жұмабаев Мағжан кеңес өкіметіне қарсы күрескен және Орта Азиядағы басмашылар қозғалысымен байланысы бар астыртын ұйымның жұмысына белсене қатысқан;

2. Бұл астыртын ұйым Сырдария округіне қарасты Сарысу ауданының көлемінде қастандық әрекетпен айналысып жүрген ағайынды Әділевтердің бандысымен астыртын байланыста болған.

3. Астыртын ұйым біраз жылдан бері кеңес үкіметінің науқандық шараларына тұрақты түрде іріткі салып, мәдениет пен шаруашылық жұмыстарына кедергі жасады, сондықтан да Мағжан Жұмабаевті Қылмыстық кодекстің 58 бабының 7, 11 тармақтарына және 59 бабының 3 тармағына сәйкес айыпты деп тауып, соған орай 128, 142, 147 баптарды басшылыққа ала отырып:

1883 жылы туған, ірі бай тұқымынан шыққан, жартылай феодал, партияда жоқ, үйленген, бұрын істі болмаған, бұрынғы алашордашы, Петропавл кеңес-партия мектебінің оқытушысы М.Жұмабаевті жоғарыда аталған қылмысты істерін мойындату үшін тергеуге алуды, соған орай Петропавл кеңес-партия мектебіндегі қызметінен 29-жылдың 15-шілдесінен бастап қызметтен босатуды мақұл деп тауып, Қаулы қабылдадым.

Тергеу ісіне кедергі келтірудің алдын алу мақсатында Жұмабаев Қазақ АССР ОГПУ - нің комендатурасына қамаққа алынсын.

ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенко. Тергеушілер: Логачев, Альшанский (қолдары)».

Тергеу ісімен таныса отырып, айып қорытындысындағы жалғыз ғана жанама деректің растығына көзіміз жетті. Ол – Мағжан Жұмабаевтің Омбы қаласындағы гимназияда Дінше Әділевтен бір саты жоғары курста оқығаны ғана. Тергеу барысында өзге айғақтар қаперге де алынбады. Демек, бұл айыптаулар нақты айып емес, желеу күйінде қалған.

Әрине, «жаппай құрбандық шалу» науқанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi.

Ал, осы төртiншi «майдан мәдениет майданы» саласындағы, «Алашордашылардың» қылмыстары мынадай еді:

1. Жауапты орындарға кiрiп алып, кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттап, оны «Алқа» арқылы жүзеге асырды.

2. Жоғары оқу орындарының шәкiрттерiне оқулықтар жазып, арандатуға ұмтылған әрекеттерiн жандандырған.

3. Әдебиеттiң таптық мүддесiн мойындамады.

4. Ұлтшыл-буржуазиялық идеологияны көркем шығармалары арқылы насихаттаған. Сөйтiп, пролетариаттық мәдениеттi мансұқ етіп, хандар мен феодалдық еркiндiктi, еркiн замандағы қазақтың бостандығын мадақтаған.

Міне осындай «қылмыстық желеу» олардың тұтқындалуына себеп болған. Мұның барлығы оқырманға таныс байбаламдар. Сондықтан да мәселенi тергеу барысындағы қолға түскен, тәргiге алынған хаттар мен құжаттарға сүйенiп отырып баяндаймыз. Тергеу ісіндегі неше түрлі жала мен арыздардың, қолхаттардың, жасанды «доностардың», дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылды. Бұл – тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiнің айнаға терiс түскен бейнесі деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері – олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді.

Өкінішті. Бірақ шындық солай. Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.

 

2.

 

 

Анкеталық анықтама: Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (Бекмұхамед), 1893 жылы 25 маусымда Ақмола облысы Қызылжар уезі Сарыайғыр болысы Сасықкөл ауылында ауқатты жанұяда туған. Қызылжардағы Шалақазақ (1905-1910), Уфадағы Ғалия медреселерінде (1910-1911) оқи жүріп орыс тілінен қосымша дәріс алған (Міржақып Дулатов дайындаған), содан кейін Омбы мұғалімдер семинариясында (1914-1917) оқыған. 1918-1922 жылдары Петропавл уездік мұғалімдер курсында дәріс оқыған, сонымен қатар «Бостандық туы» газетінде қызмет істеген. 1922-1923 жылдары Ташкенттегі Қазақ оқу-ағарту институтында оқытушы болған. 1923-1927 жылдары Москвадағы әдебиет институтында оқыған, Шығыс баспасында әдеби қызметкер боп істеген. Әскер қатарында болмаған, жылжымайтын меншік мүлкі жоқ. «Алаш» партиясының оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайланған. 1927 жылдан ұсталғанға дейін Қызылжардағы Қазақ педагогикалық техникумі мен Кеңес-партия мектебінде орыс тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен дәріс берген.

Өмірлік шындықты жандүниесімен астасып жатқан көркем ойлау жүйесі арқылы қабылдайтын тума талант иесі тергеу сұрақтарына да ақындық көзқараспен жауап береді.

М.Жұмабаев, 1929 жыл, 14-шілде (Д.Досжанның жарияланымы бойынша): «Өзімнің ұстанымым бойынша, шамамен 1911 жылдан бастап Москваға келгенге дейін, дәлірек айтсам, 1924 жылға дейін ұлтшылдық көзқараста болғаным рас. Ұлтымның аянышты тағдырына жаным ауыратын. Москваға келгеннен кейін көзқарасым елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір коммунистік танымға бір табан жақындағаным рас, бірақ, ол ойымды дәлелдейтін нақты дәйегім жоқ. Қайталап айтамын, менің ұлтшылдық көзқарасым тек қана ұлтшыл сарындағы шығармаларымда ғана көрініс берді, яғни, менің ұлтшылдығым өлеңдерім мен мақалаларымнан байқалатын, бұл туындыларым басылымдарда жарияланып, халыққа кеңінен таралды, олардың көңілінен шықты. Мысалы, «Батыр Баян» атты поэмамда ұлтшылдық сарыны барынша айқын көрініс тапты...».

Қазақ әдебиетіндегі еуропалық үлгідегі лирикалық жинақтың алғашқы қарлығашы – Мағжанның 1912 жылы Қазан қаласында жарияланған «Шолпан» атты жыр жинағы. Бұл жинаққа дем салған, ұлтының көркем сөзінің ой ұйытқысы болуға баулыған адам – қазақ халқының жүрегін «Қазақ қызы» романы арқылы жылытқан татар әдебиетінің тұрлаулы тұлғасы Ғалымжан Ибрагимов. «Ұлтшылдық көзқарасым 1911 жылдан басталды»,– деп көрсетуі де Мағжанның Уфада Ғалымжанмен танысқан және одан кейін Міржақыптан орыс тілінен еркін дәріс алған тұсына дәл келеді. Демек, оның ұлтшылдық санасы зиялыларға тән көркем ойлау деңгейінде қалыптасқан.

Соған орай, Мағжан «Алқа» әдеби үйірмесінің мақсат-мүддесін, іс-әрекетін саясаттан қаншама саяқсыта сырттатып:

«Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан - жаққа тараттым»,–деп жауап бергенімен, тергеушілер одан саяси астар іздеген.

«Айыптау қорытындысында» бұған: «Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiлдi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты»,– деп баға берілген.

Осы ретте айта кетеріміз, 14 томдық тергеу ісін түгелдей көшіріп шығу мүмкін емес, оның қажеті де жоқ шығар. Дегенмен де маңызды-маңыздыларын ғана іріктеп алып ек. Сондай іріктеу сәтінде біздің назарымыздан тасада қалған Ж.Сәрсенбиннің 1929 жылы 5-мамыр күнгі жауабы алаш зерттеушісі Д.Қамзабекұлының көз қиығына ілігіпті. Онда Ж.Сәрсенбин:

«Кешікпей Мағжан екеуміз «Алқа» айқындамасының (бағдарламасының – Т.Ж.) 16 данасын жан-жаққа бөліп, Ташкентке – А.Байтұрсыновтың, Орынборға – Ж.Аймауытовтың, Қызылжарға – Ж.Тілеулиннің, Семейге – С.Дөнентаевтің, Ленинградқа – М.Әуезовтің (басылымда «ұлы» деп жазылған, біз тергеу тәртібіне орай алдық – Т.Ж.) атына салып жібердік. Сол жылы 19 - қаңтарда Өлкелік коммунистік партия комитетінің қарауына Орынбор қаласына шақырылдым. Мәскеуден жүрер алдында Ә.Бөкейханов пен М.Жұмабаев маған Орынбор мен Ташкенттегі азаматтармен байланыс жасап, «Алқа» айқындамасы туралы ойларын, оны қуаттайтын-қуаттамайтындығын біліп, пікірлерін Жұмабаевқа жіберуін қадағалауды тапсырды. Мұнымен қоса бара салысымен Смағұл Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны баспасөз жүзіне шығару керектігі айтылды. Орынборға келгеннен кейін «Еңбекші қазақтың» жауапты шығарушысы С.Сәдуақасовқа барып, бағдарламамен таныстырдым. Смағұл «Еңбекші қазаққа» басатынын, бірақ қазір оны А.Байтұрсыновқа, Е.Омаровқа, С.Қожановқа, Ж.Аймауытовқа көрсетуіміді өтінді... С.Қожановқа барғанымда, ол С.Сәдуақасов екеуі «Алқа» жөнінде Мәскеуге барғанда М.Жұмабаевтан естігенін айтты. Е.Омаров та, Ж.Аймауытов та бағдарламаны ұнатты. Е.Алдоңғаров С.Сәдуақасовпен хабарласып, бағдарламаны газетке емес, «Қызыл Қазақстан» журналына бастыру керектігі туралы ақылдасатынын білдірді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) жауап беріпті.

 

Соңғы Е.Алдоңғаровтың үйінде өткен пікір алысудың барысы Ж.Аймауытовтың жауабында баяндалған.

Тергеу ісінде «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының фотопленкаға түсірілген көшірмесі, оның негативі және орысша тәржімасы тіркелген. Бағдарламаны жазғандығын растаған қолтаңбасы бар (Біз сол негативтен көшірілген нұсқаны пайдаландық). Тергеуші Логачев «Алқа» әдеби үйірмесін қалайда ұлтшыл астыртын ұйым ретінде қарастырып, оны «Алаш» көсемдерімен байланыстырғысы келіп, әр бағытты қамтитын түрткі сұрақтар қойған. Соның ішінде «Алқаның» ұйымдастырылуына «Алашорда» көсемдерінің қатысы туралы сұраққа М.Жұмабаев (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):

«Алашорданың» құрамында қызмет істегемін жоқ, 1917 жылдың соңында Орынборда өткен Бүкілқазақтық бірінші құрылтайда, «Алашорда» үкіметі құрылғанда 5 адамнан тұратын, оның ішінде Омаров, Шонанов, мен және тағы басқа бір адам (Міржақып Дулатов – Т.Ж.) бар, оқу-ағарту комиссиясының мүшелігіне сайландым. Жеке басым «Алашты» қандай да бір құқылы партия ретінде қабылдағамын жоқ... 24-жылдың соңында, не 25-жылдың басында (нағында 1924-жылдың күзінде, қазан-қараша айларының өліарасында – Т.Ж.) Москвада өлкетанушылардың құрылтайы өтті. Қазақ өкілдері ретінде оған Байтұрсынов пен Бөкейханов Әлихан қатысты. Сонда ол кісілермен жолығып, әңгімелестім»,– деп жауап берді.

Иә, «жолығып, әңгімелескен», үйіне бармаған. Ал Ж.Сәрсенбин жоғарыдағы жауабында:

«... Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев (басылымда Бөкейхан, Жұмабайұлы деп жазылған – Т.Ж.) мен үшеуміз 1925 жылдың қаңтар айында оқытушылар сьезіне келген Ахмет Байтұрсынов орналасқан жатақханаға барып, ол кісіні жазылып, даярланып қойылған «Алқа» әдеби үйірмесінің бағдарламасымен таныстырдық: «Қазаққа шаруасы мен тұрмысының түріне қарай шапан пішу жарасса да, еуропалықтар оған еуропалық костюм кигізгісі келеді. Қазақтың түйесін отарбаға қосып сүйреуді қалайды. Бұлай ету – қазаққа тән емес, жат нәрсе. Қазақ әдебиеті ұлттық әдебиет болуға тиіс. Мынандай үйірмелер арқылы оны жасау мүмкіндігі де бар. Сондықтан да «Алқаны» құру туралы пікірлеріңді қостаймын»,– деді»,– деп (Д.Қамзабекұлы. «Алаштың рухани тұғыры. А.Ел-шежіре», 2008 301-302 бет) көрсеткен.

Сайып келгенде бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Өйткені мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Сондықтан да алғашқы сұрақтар соларға қойылған. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:

«...Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп талдаған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ.

Нақтысын айта алмаймын, бiрақ Жұмабаев пен Бөкейханов мен орналасқан жатақханаға (ол РСФСР-дiң Халық ағарту комиссариатының Мәскеудегi жатақханасы болатын, 1924 жылы күзде мен өлкетанушылардың өлкелiк құрылтайына қатысу үшiн барғанмын) келдi ме, әлде бәрiмiз де өлкетанушылардың құрылтайының мәжiлiсiнде кездестiк пе, әйтеуiр, бiр жүздескенiм рас.

Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсенбиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар. Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсенбин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соның өзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн. Жұмабаевтің әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпын»,– дейді.

Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады. Мысалы:

«Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтің да пәтерiнде болғаным жоқ…»,– деген пікірдің астарына үңілсеңіз, бәрін де жоққа шығарған сияқты.

Ал енді осыны: иә, Ахмет Байтұрсынов «Алқаның» бағдарламасын Бөкейхановпен бірге қатар отырып оқымаған, бірақ өзі оқыған. Мағжанды Әлиханның үйінен көрмеген, Мағжанның пәтерінде болмаған, бірақ кезіккені рас, – деп түсінуіңізге де болады. Солай да. Мұның барлығы әдейі: кіммен, қай жерде, қалай танысты, қандай пікір айтылды, соның ізін жасыру үшін сөйлемді әдейі «жоққа шығару» бағытында құрған.

Философия ғылымында «терiске шығаруды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен бопсаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасахана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген.

«Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтан да, М. Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің, Қ.Кемеңгеровтiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бір-бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн үзілді-кесілді мәлiмдейдi. Бiрақ та өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демек:

«Күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер»,– деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген.

Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтан да тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс-әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтің, Мұхамеджан Тынышбаев пен Халел Досмұхамедовтің, Әлімхан Ермеков пен Жаһанша Досмұхамедовтің, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абай айтқандай, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр - бiрiн сақтауға тырысты.

Алғашқы тергеудегі барлау мен арбау сұрақтарына берген (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):

«Бөкейхановпен кездескен кезімізде әңгімеміз әдебиет туралы пікірден әрі аспайтын»;

«Ақ жол» газетінің саяси бағыт-бағдары айқын болмады, онда ұлтшылдық көзқарасты ұстанған мақалалармен қатар коммунистік күресті насихаттайтын мақалалар да қатар жариялана беретін. Оның сол кездегі редакторы Сұлтанбек Қожанов болды. Ұлтшылдардың ішінен ол газетте Әуезов «Шолпан» журналымен сәйкестендіре істеді»;

«Заки Валидов туралы ешқандай мағлұматым жоқ. Шоқаев туралы газеттерден оқығамын, Бірімжановпен таныс емеспін»,– деген жауаптарынан бұл анық аңғарылады.

Сөйтіп, «терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды. Тіпті басты «куәгер» Дінше Әділев те:

«Қазақстандағы астыртын әдебиет үйірмесінің бар екендігі туралы мен ештеңе естігемін жоқ. Ұлтшыл көсемдердің жанама аттары маған белгісіз. Мен Ташкентте жүрген кезімде бір күні маған Байтасов па, әлде басқа біреу ме, ұмытып қалдым, маған Жұмабаевтің бағдарламасын көрсеткені есімде. Өзімнің әдеби үйірмеге тікелей қатысым болмағандықтан да, оған қатысқан жоқпын, ол жөнінде ештеңе айта алмаймын»,– деп бас тарта жауап беріпті.

Айыптау қорытындысында:» «Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн эпикалық сарында әспеттей суреттедi, оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде –байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды»,– деп жазылған.

Ал оған М.Тынышбаев: «Ал «Алқа» әдеби үйірмесі туралы ештеңе білмеймін. Әдеби үйірмелер Сібір үкіметі тұсында болған шығар, оған Мағжан Жұмабаев, Әуезов, Смағұл қатысқан шығар. Ал оның қалай аталғанын білмеймін. Олардың идеялық бағыты біздің алашорданың бағыты болуы тиіс. «Алқа» үйірмесі туралы Халел Досмұхамедов білуі мүмкін. Ол әдебиетке жақын әрі өзі де айналысады»,– деп жауап беріп, аттың басын теріс бұрып жібереді.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных