Главная | Случайная
Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ХХ ғ. 20-40 жж. ғылыми мекемелерінің археографиялық қызметі




Сағат.

Дәріс мақсаты:ХХ ғ. 20-40 жж. ғылыми мекемелерінің археографиялық қызметін көрсету.

Тірек сөздер:Қазақстан зерттеу қоғамы, Партия тарихы, Орталық мемлекеттік мұрағат, ведомстволық мұрағат, рухани мұра.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1 Партия тарихының археографиялық қызметі.

2. Орталық мұрағаттың, Ғылым академиясының, Қазақстанды зерттеу қоғамының археографиялық қызметі.

 

Қазақ халқының рухани құндылықтары - мәдени тарихи мұраларын жинау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу, жариялау, оларды қалың көпшілікке таныту және халық игілігіне айналдыру қазіргі таңдағы өзекті және аса маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы орайда археография ғылымының алатын орны ерекше.

Үшінші мыңжылдықтың басталуы, бізді өмірдің барлық салаларына, соның ішінде мұрағат саласына қорытындылар жасауды талап етуде. Осы тұрғыда «өзгерістер заманында» археографиялық қызметінің тәжірибесін зерттеу маңызды болып отыр.

Археография ғылымы қазақ халқының тарихын ұлттық мүдде тұрғысында жазуда, Қазақстанның ұлттық идеологиясын қалыптастыру мен жастарды

Отан сүйгіштікке тәрбиелеуде маңызы зор.

Қазақстанда археография ғылымының бастауын 1887 жылы құрылған Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының қызметімен байланыстыруға болады. Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы “Губерниялық ғылыми мұрағат комиссиялары құрылу жөніндегі” 1884 жылғы 13 сәуір айындағы Ереже негізінде құрылды. 1896 жылдан бастап комиссияның қызметі жаңданып, 1889 жылдан бастап Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының “Еңбектері” (труды Оренбургской ученой архивной комиссии) жариялана бастады. Жалпы, комиссия “Еңбектерінің” 35 басылымы жарық көрді. Мұнда тек қазан төңкерісіне дейінгі құжаттар жарияланып тұрды [12].

1920 жылдың қазан айында Қазақ АКСР мен Халықағарту комиссариаты құрылып, ғылымға, әдебиет пен өнерге, мұражай мен мұрағатқа қатысты мәселелерді осы комиссариаттың ішінде құрылған Ғылыми бөлім басшылыққа алды. Осы жылы (1920 ж. — С.А.) Халық ағарту қызметкерлерінің съезі өткізіліп, Ахмет Байтұрсынов ағарту саласының нақты міндеттерін атап, оны іске асыру тетіктерін нактылап берді.

Ахмет Байтұрсынов 1921 жылы құрылған Академиялық орталықтың жанынан халық поэзиясының, музыкасының үлгілерін және этнографиялық мәліметтерді жинау жөнінде арнаулы комиссия кұрады. Комиссия құруда Қазақстанды зерттеу қоғамы да үлкен үлес қосты. Осы аталған істерге сол кездегі республикадағы белгілі тарихшылар, музыка мен фольклордың білгірлері — Ә. Диваев, А.П. Чулошников, А.В. Затаевич, А.Д. Кастальский, Н.Н. Миронов, А.Л. Мелков, Н.В. Мелкова, А.А. Четыркина сияқты т.б. оқыған зиялы қауым тартынды. Бұл комиссия жұмысымен қатар испарттар (партия тарихы) мен 20-жылдары ірі қалаларда, облыстар мен ұлттық республикаларда құрылған жергілікті испарт бюролары (партия тарихы бюролары) Коммунистік партия мен Қазан революциясы тарихын жинастыру және осы тақырыптағы ғылыми зерттеу мен материалдарды басып шығарумен айналысты

1921 жылдың желтоқсанынан испарт РКП(б) Орталық Комитетінің құрылымына бөлім ретіңде кіретін болды. Испарттың бөлімдері 1921-1923 жылдары бұкіл ел көлемінде барлық республика, облыстарда құрылды.

1920-жылдардың бірінші жартысыңдағы өлкенің ғылыми өміріңде басты рөл атқарған ерікті ғылыми қоғамдар еді. Қазақстанда Қазан революциясынан кейін құрылған ерікті қоғамдардың бірі: Ғылыми бөлімнен өзіндік жеке құрылым ретінде бөлініп шыққан "Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы" болды. Оны құруға тарихшы-өлкетанушы А.П. Чулошников, Орынбор өлкесінің байырғы зерттеушісі, бұрынғы Орынбор мұрағаты комиссиясының құрметті мүшесі А.П. Гра, тарихшы-этнограф Ә.Ә. Диваев, С.М. Петров, А.Л. Мелков, Й.В. Мелкова, А.А. Четыркина, И.М. Расторгуев, Н.А. Чулошникова, топырактанушы-биологтар Л.П. Лошкарев, М.И. Рожанец, К.К. Саковский, В.Е. Тележников және басқалар белсенділік танытты. Құрылтайшы мүшелерінің қатарында Қаз ОАК (КазЦИК) төрағасы С. Мендешев, Казвоенкомат штабының бастығы А.Н. Турский де бар еді.

Ғылыми комиссия Қоғам құрылмай тұрып, оған мүше болатындардың тізімін жасады. 1920 жылдың 23 қыркүйегінде Ғылыми комиссияның бұйрығы бойьшша қоғамға 35 адам лайықты деп шешіліп, оның құрамына ғылым және ағарту салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар енгізілді.

Қоғамның жарғысы бойынша үш ірі тарихи-археологиялық, этнографиялық және географиялық бөлімдер қүрылды. Тарихи-археологиялық бөлімге 24 адам, оның ішінде қазақ зиялыларынан Ә.Бөкейханов, Б.Каратаевтар мүше болса, этнографиялық бөлімге 30 адам, ал географиялық бөлімге 17 адам мүше болған [29,7б].

Қазақстандағы зерттеу қоғамының бастапқы он екі жылын орналасқан жеріне ғана емес, әрекет ету сипатына карай Орынборлық (1920-1925 жылдар), Қызылордалық (1925-1929 жылдар) және Алматылық (1929-1932 жылдар) деп үш кезеңге бөлуге болады.

Қазақ АКСР-нің 1921 жылы Бас мұрағатының кұрылуы, 1922 жылы Республиканың Орталық мұрағаты деп өзгертілуі мұрағат материалдарының ауқымды қорын жинақтауға, өңдеуге, орталықтандыру және жүйелеу жұмысына бастама беріп, өлкенің тарихын зерттеуде жергілікті өлкетанушылар мен ғылыми қызметкерлерге көмек болды. Қазақстанды зерттеу қоғамы өзінің жұмысын Бас мұрағат пен Бас мұражаймен тығыз байланыста жүргізді. Олар ғылыми бөлімнің, кейіннен Халық ағарту комиссариаты Академиялық орталығының басшылығында болды. Қоғамның төрағасы 1922 жылы Халық ағарту комиссариатының Академиялық орталығының коллегиясы мен орталық өлкетану мұражайы кеңесінің құрамына енді, ал мұражайдың меңгерушісі қоғам басқармасының құрамына кіргізілді. Мұрағат ісіне жоғарғы оқу орындарының студенттерді көмектесті.

1923 жылы Ақмола, Ақтөбе, Бөкейде, Қостанай мен Орал губернияларында облыстық мүрағаттар құрылды.

Республиканың территориясында 20-жылдары құрылған физика-медициналық, ғьлыми-педагогикалық, осы жылы өз қызметін жандандырған Орыс географиялық қоғамының Семей және Жетісу бөлімшелері және тағы басқалардың іс-әрекетімен салыстырғанда, республиканың білікті ғылыми күштері бас қосқан Қазакстанды зерттеу қоғамының кызметі аса жемісті болды.

Сонымен, 20 жылдардың басында Қырғыз (қазақ - С.А) өлкесін зерттеу қоғамы кұрылып, өзінің мақсаты мен негізгі міндеттерін анықтағаннан кейін, жер-жерлерде өз бөлімшелерін құрып, кітапхана және мұрағат орындарын ашуға атсалысты. Ғылыми зерттеу, ағартушылық мәдени және өлкетанушылық бағыттарда жұмыстар жүргізді. Алда жүзеге асатын игі шараларды талқылаулардан өткізді.

Қоғам 1923-1924 жылдар аралығында бірнеше игі шараларды жүзеге асырды. Атап айтсақ, біріншіден тұрақты түрде баспалармен айырбас жасау үшін мекемелер мен жеке тұлғалардың тізімін жасап, осы тізімдер бойы қоғамның "Еңбектерін" жіберді, екіншіден қазақ өлкесін зерттеу қоғамының Бөкей ордасы бөлімшесімен байланыс орнатты, үшіншіден, Қазақ КСР Орталық өлкелік ғылыми мұражайымен тығыз байланыста болу үшін мұражай меңгерушісі қоғам Басқармасы құрамына енгізілді, төртіншіден, ҚКСР Халық комиссариаты мен қоғамның қызметі арасындағы байланысты нығайту және ғалымдарды Қазақстанды зерттеу қоғамы айналасыңда топтастыру үшін нақты кадамдар жасалды, бесіншіден, Орынбор Губерниялық халықтық оқыту бөлімінің (ГубОНО) көрнекі құралдар мұражайымен тұрақты байланыс орнатты [29,9б].

Басқарманың келесі бір атқарған маңызды ісі — қоғамның "Еңбектерін" баспадан шығаруға қаржы іздестіру болды. Бұл салада мынадай нәтижелерге қол жеткізді: 1) Затаевич жинақтап жазып алған қазақтардың 1000 өлеңі енгізілген "Еңбектің" Г/-басылымының шығарылымына Қырғыз (қазақ) Халық ағарту комиссариатының өлкелік қорынан 6048 сом қаржыны толығымен Қоғамның қарамағына берілуіне күш салынды. 2) "Еңбектердің" VI шығарылымының баспа шығынын өтеуге Қырғыз (қазақ) Жер Халкомы (Кирнаркомзем) мен Мемлекеттік баспа (Госиздат) қатысты.

Баспа ісін дұрыс жолға қою үшін Басқарма қоғам мүшелері арасынан ерекше редакциялық комиссия құрды. Сол жылдары еңбек мектептерінің (трудовые школы) жаңа бағдарламаға көшуіне байланысты қоғам олардағы оқу ісін өлкетанушылықпен ұштастыру үшін бірқатар жұмыстар атқарды. Қазақстанды зерттеу қоғамы осы еңбек мектептерінде өлкетану бөлімін құру үшін құрамы 3 адамнан тұратын ерекше комиссия құрып, өлкетану материалдарын мектептің өлкетану бағдарламасымен сейкестендіріп, өлкетану ісіне мүғалімдер мен оқушыларды тартуды міндеттеді [29,10б].

1923-1924 жылдары қоғамның тарих жөне этнология бөлімі табысты еңбек етті. "Еңбектің" бірінші басылымында А.П. Чулошниковтың "Казақ-қырғыз халқының басқа да түркі тайпаларымен тағдырлас тарихы" деген еңбегі жарияланса, ал томның екінші басылымында И.М. Крашенниковтін "Қырғыз өлкесінің өсімдік қабаты (карталарымен және суреттерімен)", С.Е. Рожанец-Кучеровскаяның "Семей губерниясы өсімдіктері. 1 бөлім. Зерттелу тарихы", П.А. Воронцовскийдің "Асridodea биологиясына" және "Ұсақ хабарлары", А.Ф. Рязановтың "Хиуалықтардың 1818 жылғы қырғыз даласына шабуылы",Гр. Сербариновтың "Исатай Тайманов (1737-1738 жылдардағы Бекей ордасындағы халыққозғалысының очеркі)", Ал. Мелков "Қырғыз этнографиясы бойынша материалдар" мен Қырғыз өлкесін зерттеу коғамының 1923 жылға арналған есебі жарияланды.

М. Дулатов, Т. Шонанов және М.Д. Жолдыбаев сынды зиялылар Халық ағарту комиссариатының Ғылыми Кеңесінде жұмыс істей жүріп, бірнеше еңбектерін жариялады. Мәселен, М. Дулатов қазақ тілінде үш бөлімнен тұратын есеп кітабын құрастырып, "Қырғыз (қазақ - С.А) тарихын" жазып шықса, М.Д. Жолдыбаев қазақ тіліне Коваленконың "Полиграмотасын", К. Маркстің "Коммунистік манифесін", Л. Троцкийдің "Октябрь революциясы" және Бухариннің "Тарихи материализм теориясы" сияқты еңбектерін аударды. Ал Т. Шонанов казақ тілінде "Қырғыздардағы (қазақ) жер мәселесінің тарихы очеркі" атты кітабын жазды.

Геолог К.В.Поляков Ор уезіндегі Суандық пен Қумақу өзендері бойындағы алтынды аудандарды зерттеп, алтын кварцтың, диабаз, гранит және сланецтің қабаттарымен қатар жатқандығын анықтады және ол КСРО-ның тау-кен өндірісі мен пайдалы қазбалары жайында очерк жазды, КСРО-нің пайдалы қазбаларының картасын жасау ісін қолға алса, ал топырақтанушы М.И. Рожанец Е.М. Овсянныковамен біріге отырып, Ор уезінің Орал-Тобыл суайрығының аймағындағы топырақ құрамын зерттеді. Казақстанды зерттеу коғамының жұмысына белсенді атсалысқаңдардың бірі, Кеңестік Қазақстандағы мәдениет пен тарих ғылымында өзіндік орны бар Санжар Жафарүлы Асфендияров (1889-1937) болды. Ол Қазақстан тарихын дайындауға зор еңбек сіңірді [29,12б].

1921 жылдың қазан айынан бастап Қазақ-қырғыз Білім Комиссиясының төрағалығына Халел Досмүхамедов тағайындалады. Білім Комиссиясының басшысы ретінде Х.Досмүхамедов бірден қазақ-қырғыз мектептері мен жоғары оқу орындарында оқылатың пәндердің бағдарламасын жасауға, түрлі саладағы оқулық кітаптар жазуға, ғылыми терминалогияны қалыптастыру, халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, жүйелеу, бастыру жұмыстарына белсенді түрде ат салысты.

1921 жылдың өзінде Білім Комиссиясы А. Байтүрсыновтың "Әліппе", "Баяншы", "Тіл-құралы" (1 жөне 2 бөлімдерін), Міржақып Дулатұлының "Оқу қүралы", "Есеп құралы", Иса Токтыбайұлының "Жалпы жағырапия", "Түркістан жағырапиясы", Халел Досмүхамедұлының "Табиғат тану", "Жануарлар" (1 бөлім) атты кітаптарын баспаға тапсырды.

1921 жылдары Білім Комиссиясы баспаға дайындалған Әбубәкір Диваевтың "Бекет батыр ", "Мырза Едіге", "Алпамыс", "Нәрікұлы Шора", "Шора батыр", "Қобыланды", "Тарту" жинағын, Сұлтанбек Қожанұлының "Арифметика" (1 бөлім), К. Жәленұлының "Арифметика" (2 бөлім), X. Досмүхамедұлының "Жануарлар" (2 бөлім), "Адамның тән тірлігі", Табынбайұлының "Педагогика", "Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі", "Қыз Жібек", "Кенесары - Наурызбай", Ә. Бөкейхановтың "Сұлтан Кенесары тарихына қосымша материал" (орыс тілінде), "Абай өлендерінің таңдамалы жинағын" (Алғы сөз, түсініктемелерімен) жеке - жеке кітап қылып шығарды. Оның сыртында қазақтың халық әндерін нотаға түсіру, мектепте өтілетін пәндердің бағдарламасын, қазақ тіліндегі тұңғыш жағырапиялық карталар, күнтізбелер шығару, қазақша - орысша, орысша - қазақша екі тілдік сөздіктің түзілуі, ғылыми конференцияларда баяндама жасау, қысқасы, мәдени -рухани өмірдегі жаңалық біткеннің бәрінен Білім Комиссиясы мен Қазақстанды зерттеу қоғамы шет қалмайтын.

М. Тынышпаев қазақ даласында орын алған далалық өркениет пен қалалық тұрмыс-тіршіліктің, мал шаруашылығы мен егіншілік мәдениеттің арақатынасын зерттеу объектісі ете білді. Казақстанды зерттеу қоғамы сонымен қатар, мәдениеттің таралу ошағының бірі болды. Казақ халқының салт-дәстүрін және этнографиясын, мәдениеті мен тарихын зерттей отыра, қоғам мүшелері жергілікті жерлерде бұқаралық мәдени шаралар өткізді, дәрістер оқыды, баяндамалар жасады, кітапханалар, экспонаттар жинастырып мұражайлар ашты, көне ескерткіштер мен өнер туындыларын қалпына келтіріп, сақтауды жолға қойды.

Қазақстанды зерттеу қоғамы аясында қазақ зиялыларының топтасуы мен қалыптасуы орын алды. Ғылыми және мәдени-ағарту саласындағы маман кадрлардың қалыптасуына, окулықтар мен оқу құралдарының дайындалуына әсер етті. Оның қызметі Қазақстан республикасының қалыптасу кезеңіндегі қиыншылықтармен қатар жүрсе де, сол кез үшін зор маңызы бар істерді қоғам мүшелері мойымастан атқара білді [29,13б].

Қоғамның “Еңбектері” беттерінде жарияланған материалдар қазақ халқының тарихына қатысты мол құнды мәліметтер береді.

Кеңес өкіметі тұсында Орталық мемлекеттік мұрағаты, Партия тарихы институты, жоғары оқу орындары, ғылыми зертеу мекемелері археография саласында көп жұмыстар жүргізді. Қазақстанда құжаттық жинақтарды шығару 1940 жылдың аяғынан бастап жаңа белесте зерттеліп, жарық көріп, насихаттала бастады [33,17б].

XIX ғасырдың 20-30 жылдарында бұл іспен негізінен партиялық кеңес органдары, статистикалық басқармалар айналысқан. Басылым жариялымдары саяси және басқарма мақсаттағы мемлекеттік құжаттар басылымдары болды. Бұл Еңбек Кеңесі мен Қорғаныс есептері, экономикалық жиналыс есептері, аудандық және шаруашылық даму туралы құжаттары, Қазақстан 5,10,15 жыл жинақтары және тағы басқалар болып табылады. Бұл жұмыстардың атқарылуы 1933 жылы ғана басталады, Қазақстан Орталық мұрағат қызметкері Г.А. Тимченкомен дайындаған көлемі жағынан кішігірім басылымдар шығарылды [14].

Қазақстан мұрағаттары дербес археографиялық жұмысына Ұлы Отан соғысы жылдарында кіріседі. КСРО Ішкі Істер Министрлігінің мұрағат басқармасы Кеңес Одағында бірінші болып 1944 жылғы «Письма с фронта» атты жинақ басылымын шығарды. Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағат,жоғары оқу орындары және ғылыми зерттеу институттарымен бірге Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне қатысты 100-ден астам құжаттық жинақтар шығарды. Мысалы: «17-жыл Қазақстанда» атты жинақты редактор Жангельдин М.О. 1972 жылы шығарды [16,48б].

«Қазақстандық кеңес одағының батырлары» атты жинақ 1945жылы жарық көрді. «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты жинақтарының 1-2 томы, 1945,1967 жылдары жарық көрді. 1967 жылы «Қазақстанның ауыл шаруашылығын коллективтендіру 1926-41ж.» деген тақырыпта жинақ шықса, 1985 жылы «Қаазақстандағы кооперативтік колхоздық құрылыс 1917-27ж.», Алаш мирас (құжаттар жинағы) 1995 және 1997 жылдарда, т.б. жарық көрді. Тарихнамадағы елеулі оқиғалар тек Қазақстан үшін ғана емес бүкіл Одақ көлемінде құнды революцияға дейінгі мұрағат құжаттарын жариялау маңызды болды: «Материалы по казахскому обычному праву», «Материалы по истории политического строя Казахстана» және аса құндысы қазақстандық тарихшылармен дайындалған 2 томдық еңбек «Казахско-русские отношения в XVI-XIX веках». Бұл еңбек археография тұрғысынан теңдесі жоқ және ғылыми типтегі бірінші қазақстандық құжаттар мен материалдар жинағы болды.

Аталғандай қазақстандық тарихшы мен мұрағатшылардың бірлесуімен кеңестік серияға кірген дербес басылымдармен қатар, құжаттар жинақтары бар бай археографиялық фонд құрылды.

Құжаттық басылымдардың жоғары деңгейі мұрағатшылардың тарихшы- ғалымдармен, басқа республикалардағы әріптестерімен тығыз байланыс нәтижесінде, ұзақ уақыттық жоспар негізіндегі жұмыс ұйымдастырушылықпен, тек археографиялық қызметпен айналысатын мемлекеттік мұрағаттардағы қызметкерлердің бар болуымен байланысты және осының арқасы. Бұл істе аса көңілді жұмыстың ғылыми- методологиялық қамтылуына арналды, яғни ол тақырып таңдаудағы ғылыми негізділіктен басталды, ғылыми кеңестердің тематикалық жоспар-көрсеткіштердің құрылуы мен қарастыруымен, түрлі жинақтардың ерекшелігін көрсететін жекелеген методикалық құралдың жазылуымен, құжаттарды іздеу, мәтін жарияланудың әдісі, ҒАА құруына арналды. Нәтижесінде тәжірибе жинақталып, өзіндік методика қалыптасты. Айтылғанның барлығы Қазақстанда қолданбалы археография мектебінің болғанына дәлел.

Бұған қарамастан бұл кезеңде археографтың жұмысы тек белгілі идеологиялық сызық бойынша қызмет атқарды. Демек, археографтардың деректерге деген өзіндік көзқарастары мен жеке көркемдік жұмысқа талпынысы қолдау таппады [16,50б].

Қазақстанның тәуелсіздік алу мен қоғамның демократиялануынан кейін бұндай кедергілер мен бөгеттер жойылды, тарихи оқиғаларды ғылыми және әрқилы сыннан өткізуге және оларды көпшілік бұқараға жеткізуге жол ашылды. Елдегі қоғамдық өзгерістер өткенді біліп, тануға байланысты қызығушылықтан туындады. Мұрағаттар мен мұрағаттық құжаттар көпшілік назардың көңілінде болды.

Тәуелсіздікке қол жеткізумен халқымыздың мәдени мұраларын жинақтап, зерттеудің оңтайлы мүмкіндігіне ие болып отырғанымыз шындық.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы тарихи жәдігерлеріміз бен өткен тарихымызды жаңғыртуға ерекше серпін берді. Осы бағытта біздің халқымыздың тарихи – мәдени құндылықтарын дамыту мен сақтау жөнінде шаралар әзірлеуге ірі қадамдар жасалды [20].

Сондай – ақ “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы”[18] заңның қабылдануы археография ғылымына да жаңа серпіліс алып келді. Заңның 5-ші тарауының 3 – бөлімінде “Тарихи және мәдени құнды құжаттарды сақтау, қорғау және пайдалануды ұйымдастыру республиканың басқарушы органдарына жүктеледі” – делінсе, осы тараудың 4-ші бөлімінде “Шет елдердегі Қазақстан Республикасының тарихына қатысты құжаттарды анықтау және қайтару міңдеттін” белгілеу арқылы археографияның негізгі функцияларының бірі эвристиканы жетілдіру мәселесі көтеріледі.

Сондай – ақ осы бағдарлама аясында Франция астанасы Париждегі “Жаңа Сорбонна” университетінен Мұстафа Шоқайдың құжаттық мұраларын іздеп тауып, жинақтау іске асты. 2001 жылы сегіз мың парақтан тұратын М. Шоқай мұралары Қазақстанға алындырылды. Қазіргі кезде “СD” дисклеріне түсірілген құжаттар көшірмесі Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік қорында сақталған.

Мұрағат қорларындағы игерілмей жатқан тың материалдармен және құжаттардан жинақталған жинақтардың зерттеушілер арасында алар орны ерекше. Қазақстан Республикасының мемлекеттік мұрағат мекемелерінің дайындауымен 1998-2005 жылдар аралығында 79 құжаттық жарияланым, 42 мұрағаттық анықтамалықтар, жөнсілтемелер жарық көрді. Осы жылдары археографиялық талаптарға сай дайындалған “1937-1938 жж. Қазақстандағы саяси қуғын - сүргіндер”[23] (1998 ж.), “1931-1933 жж. қазақ халқының ұлы қасіреті тарихынан” (2005 ж.), “1931-1933 жж. Қазақстандағы күштеп қоныс аудару және аштық”[24] (1998 ж.), “1932-1933 жж. қазақ халқының ұлы қасіреті тарихынан (2005 ж.)” құжаттар жинақтары республикамыздың әкімшіл - әміршіл жүйе кезіндегі әлеуметтік – экономикалық және саяси ахуалы, байларды тәркілеу, ұжымдастыру, халықтың босқыншлыққа ұшырауы, ашаршылық туралы құнды құжаттар ғылыми айналымға енді және көпшілік назарына ұсынылды [30].

ХІХ ғ. бірінші жартысында Еділ мен Жайық аралығын мекендеген қазақтардың этносаяси бірігуінің тарихы бойынша “Бөкей хандығының тарихы (1801-1852 жж.)” (2002 ж.) құжаттар жинағы жарық көрді [25].

Демек, бүгінгі таңда археография ғылымы қоғамның сұранысына ие болып отырғанын байқаймыз.

“2001-2005 мұрағат ісін жетілдіру бағдаламасына”[19] сай археография ғылымын дамытуға бағытталған біршама мәселелер көтеріледі. Яғни әр жылдың желтоқсан айына дейін Қазақстан Республикасының тарихына және мәдениетіне қатысты құнды құжаттарды шетелдердің мұрағатынан іздестіру және жинақтау шараларын іске асыру көзделген. Бірақ, археография тек эвристикамен ғана шектелмейді, деректерді басылымдарда жариялауға әзірлеуде, археография ғылымының әдіс – тәсілдерін, деректерді іздестіру мен іріктеп алу принциптерін, басылымдардағы дерек материалдарды жүйелеу, мәтінтану принциптерін игеру, яғни құжаттарды міндетті түрде археографиялық өңдеуден өткізумен айналысады. Бұл тұста археография ғылымының қызметін бір жүйеге салатын әдістемелік нұсқаулар қажет. Осындай әдістемелік нұсқаудың жоқтығына байланысты, қазіргі кезеңде ғылыми мекемелер құжаттарды жариялауда 1990 жылы Мәскеуден шыққан “Правила издания исторических документов в СССР” [38] негізге алып отыр.

Сонымен көріп отырғанымыздай, Қазақстанда археография ғылымы әлі де болса арнайы зерттеуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанда археография ғылымының алдында мынандай мәселелерді шешу қажет:

-Қазақстан археография ғылымын қалыптастыруда ең алдымен оның негізін құрайтын теориялық-методологиялық базасы даярлануы тиіс.

-Қазақстанда тарихи құжаттарды жариялау принциптеріне арналған ғылыми дәйектелген әдістемелік нұсқаулар шығару керек.

-Қазақ халқының тарихына қатысты деректік қорын кеңейту мақсатында археографиялық экспедицияларды ұйымдастыру қажет.

Бақылау сұрақтары:

1. Партия тарихы институтының тарихи деректерді жариялаудағы қызметіне баға беріңіз?

2. Қазақстанды зерттеу қоғамының тарихи деректерді жариялаудағы қызметіне баға беріңіз?

3. Мұрағат мекемелерінің археографиялық қызметіне баға беріңіз?

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992.

2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989.

3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996.

ДӘРІС -5-6

vikidalka.ru - 2015-2018 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных