Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 55 страница




Барлық жолдастары, оның ішінде Елдестің өзі де Эльзаның НКВД-ның тыңшысы болып істейтінін, адал адам емес екенін білетін, алайда ұлына деген әкелік махаббаты үшін оның ұсынысын қабыл алды, екеуі бірге тұрды.

ҚазГУ-дегі Шонановты тұтқындаған соң, оның сабағын өткізуді Елдеске тапсырыпты. Ол аудиториямен танысып шыққаннан кейін, студенттерден: олардың не өткенін, қай жерден дәрісті бастау керек екендігін сұрапты. Студенттердің жауабы Елдесті таңқалдырады, олар: алдағы уақытта не өтетінін білеміз, өткенді ұмытып қаламыз, еске алмаймыз – деп екіұшты жауап беріпті. Елдес ойланыңқырап барып: – Бұл қалай? Шонанов жақсы тәлімгер еді ғой!, – депті. Содан дәріс аяқталмай жатып Елдесті жұмысшылар комитетіне шақырады. Кәсіподақ пен партия ұйымының біріккен мәжілісі шұғыл түрде шақырылып, оған: халық жауы Шонановты қорғады – деген айып тағылып, ҚазГУ-ден босатады.

Елдесті қызметтен босатқаннан кейін Мағжан екеуі (демек, 1937 жылдың ақпан айынан бастап) «қызмет іздейді». Ақыр аяғы екеуі де бостан босқа «табалдырық тоздырудан» жалығады да, екеуі прокурорға барып, өздерінің сандалыстарын айтады. Ол бірден бұларға: сендерге ешқайда барудың қажеті жоқ, өйткені қала бойынша таратылдған құпия тізім бойынша, оларға қаладан ешкім жұмыс бермейді – депті де, қаланың сыртында жер қазушылық жұмысты ұсыныпты. Бұдан кейін екі дос бірге НКВД-ға барып, өздерін тұтқындауды өтініпті. Олар бұл ұсыныстан бас тартыпты. Мағжанның әйелі киім тіге алатын. Сол арқылы әйтеуір күнкөріс қамын жасаған. Ал Эльза болса өмірді алшысынан басып жүруді ұнататын да күйеуін сорып күн көретін. Соған шыдамаған Елдос кетіп қалды. Бұған ашуланған Эльза, «тиісті шара қолданса» керек, екі дос та тұтқынға алынды. Бұл тура Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Л.И.Мирзоян мен оның әйелі ұсталған кез болса керек»,– деп ашық жазады.

Егерде, осы тергеу барысындағы Ғазиз Мұрзинмен оның әйелі Алиса Власованың және осы Эльзаның (тергеуде Аза деп те жазылған, зады бүркеншік есімі болуға тиісті) көрсетінділері алаш азаматтарының тағдырын арандатып, тамырын кеспегенде, олардың есімдерін келтіруге дәрткем етпес едік. Әйтпесе, «Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі» – дегенді есте ұстарлықтай дәт сөзі біздің де қаперімізде бар еді. Сондай –ақ, осы естелікте Т.Г.Күдерина-Насонова күйеуінің хабарын білу үшін НКВД-ның министріне сұрау салып, іздеу хат жолдайды. Бір айдан кейін арнайы терезе арқылы оған:Күйеуің өлген. Өлім туралы анықтаманы алуыңа болады – деп жауап береді. Анықтамада: «Күдерин Жұмахан Маусымбайұлы 1943 жылы 13 қараша күні 51 жасында асқазан жарасынан қайтыс болды», – деп жазылыпты. Ал 1957 жылғы қарашадағы СССР Жоғары сотының үкімі бойынша – 1937 жылы 19 шілдеде, 1964 жылғы Алматы қаласының Фрунзе аудандық азаматтық құжаттарды тіркеу бөлімі берген мәліметте – 1938 жылы 7 наурыз күні, үкім шығарылған күні атылды – деп анықтама берген. Мұндай, екіұшты жауаптар мен анықтамалар, жекелеген естеліктер, алыпқашпа сөздер орынсыз үміт отын жағуға себепші болған. Мағжан туралы тарауда айтылған лақап аңыздар соның бір дәлелі. Әрине, нақты шындық бір аллаға ғана аян.

Жүсіпбек Аймауытов өзінің көрсетіндісінде шығармашылығы арқылы көркем көзқарасын жеткізуге ұмтылған. Бір өкініштісі, өзінің соңғы романы жаңа экономикалық саясатты бейнелейтінін, ондағы кейіпкер – капитализмнің тілін білетін, жаңа экономикалық саясат тұсында капитал жиған қазақтың байы,– деп көрсетеді. Сол қолжазбаны 1934 жылы Евгения Аймауытова Ғабит Мүсіреповке аманат етіп тапсырыпты. Ал ол қаламгердің тура сол тақырыптағы атақты шығармасынан Ж.Аймауытовтың жазу мәнері бірден байқалады. Өзі: «Менің ұстазым – Жүсіпбек. Ана романды соған еліктеп жаздым»,– деп бізге де, басқаларға да, баспа жүзінде де айтып қалғаны бар. Күмәннан құдай сақтасын. Әйтеуір Аймауытовтың сол романы жоғалып кетті. Енді табыла қоюы неғайбыл. Ж.Аймауытовтың сол жылы атылып кетуіне «ежелгі ерегесі бар «Ежовтың» кесірі тиді ме. Әйтеуір Бекдуллаев деген шәкіртінің: «Шымкентте көтеріліске шақырып жазған үндеу Аймауытовтың қолтаңбасына қатты ұқсайды»,– деген сөзі себепкер болғаны анық. Қауіпсіздік комитетінің адамдары ол үндеуді Д.А.Қонаевқа, С.Мұқановқа, Ғ.Мүсіреповке көрсетіпті. Жүсіпбектің қолтаңбасымен таныс екі жазушы да бұл хатты Ж.Аймауытовтың жазғанына күдікпен қараған. Ал ол үкім шығардан сәл бұрын түрмеде асқынған өкпе ауыруынан қайтты деген қауесет бар. Халел мен Жүсіпбек жұмбақ тылсымының енді ашылуы екіталай. Өйткені, бұл тергеушілер үшін де үлкен айып болғандықтан да, олардың соңында үкімнің орындалғаны туралы актіден басқа із қалдыруы екіталай.

Мағжан Жұмабаев өзін түрмеде де ақын ретінде ұстаған. Оның көрсетінділеріндегі сөздерінен көркем ойдың табы шарпылып тұрады. «Алқа» әдеби үйірмесінің «Табалдырық» атты бағдарламасының суретке түсірілген қара қағазы (негативі) сақталған. Біз оны көшіріп алып жария еттік. Оның өз қолымен жазғанын өзіне қимайтындай өзеуреудің еш қисыны жоқ. Өйткені бағдарламаны көшіріскен Жәкен Сәрсембиннің әдеби аясы мен жазу мәнері (біз оның осы тақырыптағы бір мақаласындағы ой өрісін, баяндау мәнерін, сөйлем құрылымын, сөздік қорын текстологиялық талаптарға сай салыстырып қарадық) мүлдем қабыспайды.

Кәрім Жәленовтің жауабы нақтылығымен және дәлелімен назар аударады. Батыс «Алашорданың» ұйытқы тұлғаларының бірі бола тұра жауаптары тек қосымша мәселелерді қамтумен шектелген. Бұл кісінің жамағаты да орыс екен. Мүмкін, тергеуші «балдыздары» жезделеріне жұмсақтық танытты ма, кім білсін. Ол кезде өзге ұлттың қызын алу – «интернационалдық борышты» өтеу сияқты болып бағаланатын.

Ғазымбек Бірімжанов – Ташкенттегі қазақ зиялыларының шешімімен «Аштыққа ұшырағандарға көмек» қаржы жинау үшін Бұқараға барған. З.Валидовпен Бұқарада және Берлинде кездескен. Алайда осы екі оқиғаны елеусіз ғып баяндағаны сондай, нақты мағлұмат алудың өзі қиынға соғады. Оның есесіне Ғ.Бірімжановтың «түрікмен ұлтшылдарымен байланысы анықталып», айдауда жүрген жерінен Ашғабатқа жөнелтіліпті.

Хайреддин Болғанбаев өзінің тікелей З.Валидовпен жолығу үшін Бұқараға барған сапарына: «Оқулықтармен қамтамасыз етудің жайын қарастыру үшін жібергенін» айтады.«Алашорданың» атынан жолдаған құпия хатты Валидовке тапсырғаны, тапсырмағаны туралы А.Байтұрсыновпен беттесу кезіндегі қисындары тым бұлдыр. Алдыңғы пікірін дәлелдемеген, не оны жоққа да шығармаған. Соның нәтижесінде, «Алашорда» көсемдері мен З.Валидовтің арасындағы құпия байланыс ашылмай қалыпты. Алаш ұранды жауынгер қаламгердің қалам қайраты тергеудгі жауаптардан байқалмайды.

Ахмет-Сафа Юсупов – тергеу үкіміне қарағанда: «төтенше комиссияның алашордашылардың ішіне енгізілген тыңшылық қызметін атқармағаны үшін» ату жазасына кесілген. Соған орай жауаптары да қысқа. Тұрмыстық жайдан басқа мәлімет бермеген. «Маған айтқан жоқ», «білмеймін», «сәлемдестім, бірақ әңгімелескемін жоқ» деген сыңайда жауап қайырған. Сонда да мұндай екіұшты мағлұмат бұл адам туралы қандай да бір қоғамдық пікірді қалыптастыруға тәуекел жасатпайды.

Мұхамеджан Тынышбаевтің жауаптары ұзақ әрі шашыраңқы, аңғал баяндалған, ойының етек-жеңі жиналмаған. Сөзі де, жазуы да созылмалы, немкеттілік басым. Оның саясаткерлігіне түрмелестерінің ешқайсысы баға бермейді. Алғашқы көрсетінділерінде өзіне тағылған барлық айыптарды мойындайды. Бірақ та кейінгі жауаптарында одан бас тартып: «Менің ол жолы денсаулығым нашарлап тұр еді. Не айтқанымды, неге қол қойғанымды түсінбедім. Енді бәрі есіме түсіп отыр»,– деген уәж білдірген. Ол: Жетісу өңіріндегі төңкеріске дейінгі оқиғаларға шолу жасап, Шкапскиймен бірігіп 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті жазалауға шыққан әскердің зардабын жоюға қатысқанын, атаман Анненковпен үш рет кездескенін, оған қызмет көрсетуден бас тартқанын баяндайды. Ташкенттегі астыртын ұйымға: астыртын ұйым емес, пікірлестер мәжілісі – деп қарайды және Валидовпен кездескенін мойындайды. Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен бетпе-бет кездескеннен кейін алдыңғы көрсетінділерінен бас тартқан. Жандосов пен Рысқұловты туған бауыры есебінде санаған. Оларға шәкірт кезінде қамқорлық көрсеткен. 1914 жылы Тұрардың оқуын жалғастыруы үшін қомақты сома беріпті.

Ең көп сұрақ-жауап алынғандар М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов және Ә.Ермеков. Олардың бұл жауаптары кейін айыптау үкімінде үзінді-үзінді ретінде пайдаланылған.

Жазба жауаптарына қарағанда: Х.Досмұхамедов – іскер, сөзге ұтымды, жазуы анық. Бірінші жауабында өзінің астыртын ұйымға қатысын мойындап, болашақ қазақ республикасының мемлекеттік құрылымына дейін баяндап бергенімен, келесі сұрақтан бастап оның барлығын жоққа шығарған. Мағлұматтық тұрғыдан алғанда деректер мол.

Жаһанша Досмұхамедов – өткір, орынды сөйлеп, мақал, мәтел қосып, тура кесіп айтады. Заңға жетік. Жазуы да анық, баяндауы да ширақ, нақты. Алғашқы тергеуден бастап бірбеткей мазұнда жауап берген. Басы артық көрсетулер жоқ. Бұл адамның өмір дәмінің таусылуы туралы түрлі болжамдар бар. Біз Қарашаш Халелқызы Досмұхамедованың ләміне сеніммен қараймыз.

Әлімхан Ермеков – қызба, күйіп-пісіп сөйлейді, күйіп-пісіп жазады. Өткір. Тергеушілерден жасқанбаған. Пафоспен сөйлеуге бейім. Өзінің Ленинмен кездесуін, Ежовпен таныстығын сөз арасына сыналап кіріктірген. Кеңес өкіметінің саясатын қолдай жауап қайырып отырған. Оның кейін газетте жарияланған ашық хатының екі нұсқасы тергеу ісінде сақталған.

Иса Қашқынбаев – еркін сөйлеп, еркін формулировка жасайды. Жауаптарының барлығы да алдын-ала жөнделіп, өңделген сияқты әсер қалдырады.

Мұрзин Мұхтар – нағыз ер мінезді, тік сөйлеп, келте қайырады. Жауаптарының барлығы: мен тыңшы емеспін. Өсек жинамаймын Сондықтан да ештеңені есімде ұстамаймын,– дегенге саяды.

Мұхтар Әуезов басында өзін сыпайы ұстаған. Тергеу соңында «жіби бастағаны» сезіледі.

Жақып Ақбаевтың көрсетінділері тергеушілердің сұранысын қанағаттандырмаса керек. Бір-екі сараң да қысқа өмірбаяндық шолумен тәмамдаған. Бұдан әрі қазбалауға денсаулығы да мүмкіндік бермесе керек. Көбінесе санитарлық бөлімде жатқан.

Әбдірахман Байділдин – Ғалым Ахмедов дегдардың айтуы бойынша: ұшқалақ, жаңғалақ, шамшыл адам болған көрінеді. Сол рас сияқты. Әр көрсетіндісі машинкамен есептегенде 30–40 параққа жетіп жығылады. Қағазшыл, әсіре әсершіл, жанталасқан жан сияқты. Қалайда «өзіне аяулы бір жанды» әңгімесіне прототип етіп алды-мыс – деген желеудің жетегінде кетіп, М.Әуезов пен С.Сәдуақасовты жек көрінішті етуге тырысып, әшкерелеп баққан. Ол да жанына сая таптырмаған. Тергеушілер оған «Қалам» деп кекесінді ат қойған. Армансыз пайдаланған соң ату жазасына кесілген және үкім орындалған. Ол партия тазалауы жүрген кезде: «Мен бір кезде Колчактың қарсы барлауында істегемін»,– деп мақтанып қалса керек. Сол сөзі өзінің түбіне жеткен. Ұлы кезінде обкомның хатшысы болған. Әкесінің «халық жауы» болғандығын жасырғаны үшін орынынан алыныпты. Немере, шөберелерінің бұл «сапырылысқа» қатысы жоқ екені аян.

Өкінішке орай, арасына үзіліс салып үш рет пәрменді дәрмен алып, ұзын-ырғасы екі жылға тарта архив мұрағаттарын қаншалықты мұқият қарап, тиянақты таныстық дегенмен де, «Алашорданың» астыртын ұйымына қатысты тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған жетпіс бір адамның жауабын және оларға қатысты анкеталық деректерді толықтай көшіріп ала алмадық. Бізге ес қатқан және соның арқасында таспаға түсіріп алған алақандай үнтартқыштан басқа (кейін оны қағазға Р.Досымбекова, Ә.Итемірова, А.Болсымбаева түсірді)) ол кезде қазіргідей жансебілдік жасайтын техникалық мүмкіндік те жоқ еді және оған рұқсат та бермейтін. Қысымды тәртіп пен шағымды шектеудің қыспағында тергеудің негізгі желісі мен шырмалған шындықтың қылын суырып, ең басты түйіншекті ретке келтіріп алудың өзі де көп уақытты алды. Сондықтан да көрсетінділердің дені басты мәселеге – оларға тағылған басты айыптың әлібін ашатын оқиғалар мен алаштың басты тұлғаларының тағдырына орайластырыла жинақталды. Шағымды көрсетінділері дәті мен дәлеліне сай пайдалынылды. Ұлт мүддесі үшін күйінді болған сүйінді арыстардың алдында тағзым ете отырып, арнайы тоқталмағын сол азаматтардың есімін жаңғырта кетуді орынды санадық.

«Алашорда» тарихындағы тамырлы тұлғаның бірі Сейдазым Қадырбаев. Торғай өлкесінің Қызбел ауылындағы Қоңыраулы өзенінің жағасында туған. Торғайдағы орыс-қазақ мектебін бітірген. Төңкеріске дейін де, одан кейін де заң саласында істеген. «Алашорданың» Торғайдағы жасағының әскери кеңесінің мүшесі болғандықтан да, негізінен сол тұстағы Аманкелдінің қазасына байланысты оқиғаларға қатысты айғақтарда және Міржақып Дулатовқа бағытталған тергеу сұрақтарында аты жиі аталады, тіпті тікелей жетекшілік етіпті-міс деген де қауесет бар.Ұзақ мерзім заң мекемелерінде іс қағаздарымен айналысқан тәжірибесіне сүйенсе керек, оның көрсетінділері барынша ұстамды, тергеушілерге шиі шығатындай ұшық ұстатпаған. Бұған Гүлнар Міржақыпқызының:

«Аға – адвокат еді, қайда оқығанын білмеймін (арнайы білім алмаған – Т.Ж.). Орта бойлыдан жоғарырақ, маңдайы кере қарыс, жалтыр қасқа бас, көбіне тақия киіп жүретін, мінезі тұйықтау, көп сөйлемейтін», – деп берген мінезі де ықпал жасаса керек.

«Воронежге жер аударылған кесімді уақыты аяқталған соң елге қайтқан. 1937 жылы 52 жасында атылған. Заң туралы аударма еңбектері арқылы осы саладағы атаулардың қалыптасуына еңбек сіңірген.

«Алашорда» әскерінің майдан қимылдарына тікелей араласқан, «Алаш қозғалысы» атты энциклопедиялық анықтамада аты аталмай қалған тағдырлы тұлғалардыңың бірі – Алмас Омаров пен Мәжит Күдерин. Бұл екі сардар туралы көрсетінділер мен анкеталық деректерді біз де назардан тыс қалдырыппыз. Екеуінің де артында қалған ұрпақтары кеңес тұсының өзінде әкелерінің есімдерін тірілтуге батыл ұмтылған. Алмас Омаров «Алашорданың» әскери кеңесінің мүшесі әрі ертауылының сардары болыпты. «Алашорда» мен Аманкелді жасақтарының қосылуы туралы кеңеске, Таранның отрядын қарусыздандыруға, Торғайдағы бұлғаққа қатысқан. Бұл «қанды оқиғаның» соңы кек қуысуға ұласқан. Алаш заматы Сейтбек Нұрханұлы: «Әбдіғфардың інісі Төкіш Әбдісадықовтан Аманкелді мен Әбдіғафардың арасындағы шындықты айтып беруді өтіндім. Сонда: «Әбіғафарды өлтірген Әліби Жангелдинге ерген қызылдар. Атқан кезде Әбдіғафар шала жансар қалған. Содан кейін Аманкелдінің туыстары кеп бауыздап өлтірген. Бұл дерекМарат Мырзағалиұлының «Торғай қазақтарының көтерілісі» атты жинағында жазылған»,– деген мағлұмат берді.Сондай - ақ сол соғысқа қатысқан адамның бірінің: «Өлсең де тірі қойма Алмасовты»,– деген ант мезгіліндегі аманаты бойынша Ахмет Байтұрсыновтың туған ауылы Сарытүбекте кеңес өкіметінен бой тасалап жүрген Омар Алмасовты Сейдахмет Байсейітұлы деген «халық кекшілі» аңдып барып атып өлтірген екен. Марқұмға қабір – Ақтас пен Байтұрсынның қорымынан бұйырыпты. Омардың қызы, атақты әнші Жамал Омарова 1960 жылы ағайындарын жасырын ертіп барып әкесінің басына шикі кірпіштен зират тұрғызыпты. 2009 жылы біз де барып тағзым еттік. Зират жермен жексен жентектеліп, ақ сортаңданып, жайылма топырақ болып қалыпты.

Ал Мәжит Күдериннің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді. Ең көп санды және ашық майданда жан алып, жан беріскен «Алашорданың» Жетісудағы қарулы әскерінің сардар жауынгері, атақты қанқұйлы «қызыл партизандардың» қызыл қырғынына тосқауыл қойған майдангер Мәжит Күдеринді үржарлық-мақаншылық жерлестері де ұмытқан.

Әрине, отыз жетінің опатынан аман қалмады. «Жапон шпионы» ретінде ОразЖандосовтың тобымен бірге атылып кетті. Ал белгілі ағартушы тұлға, өзімізге тағдыры жақсы таныс, 1930 жылы 30 - қыркүйек күні тұтқындалған Біләл Сүлеевтің біз көшіріп алған екі-үш беттік жауабы сол тұста «бір күнге» сұрап алған марқұм бір ағамыздың сөресінде қалды. Тергеушілер тағатын айып та таба алмаған. М.Тынышбаевтің өзі қолдан толтырмаған көрсетіндісіндегі:

«Мен Алматыдан – Сүлеевті, Шымкенттен – Кенесаринді ұйымға тарту керек деп ұсыныс жасадым. Өзге аталғандардың аты-жөні есімде жоқ», – деген сілтемесі ғана.

Сол күйінше дәлелденбей қалған бұл бопса «Айыптау қорытындысында»:

Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),– деген үкімге ұласып, ақыры ауыр жазаға бұйырылған.

Ал 1930 жылы 17-қыркүйек күні Алматы қаласында ұсталған оқытушы Мұстафа Бұралқиев тек қана Міржақып Дулатовтың қарындасы Ботакөз Асқарқызы Дулатоваға үйленгені үшін ғана қолға алынған сияқты. Тергеу ісіндегі:

«Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә.Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан – қазақтар үшiн ғана!»,– деген ұранды заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай-ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР-дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды (№ 541784-iс, 1 т., 10-парақ)», – деген айыптау қорытындысындағы сілтемеден басқа орынды уәж кездеспейді.

Түрмеде Мұхтар Әуезовпен бірге жатқан. Ботакөз Асқарқызы Дулатова ол туралы:

«Бір күні Мұстафаға тамақ алып барғанымда түрменің есігінен Мұхтар Әуезовті көріп қалдым. Анадайдан жымиып басын изеп амандасты, өңі боп-боз болып жүдеген. Маған: «Тұра тұр, Бота, мен қазір Мұстафаны ертіп келейін»,– деп аяғын асыға басып ішке кіріп кетті. Бірақ Мұстафа жалғыз өзі келіп сөйлесті. Бұл – 1930 жыл болатын. Келесі жылы түтқындарды жабық сотпен соттады. Бәріне 58- статьямен бес жыл жер аудару үкімі шықты. Отырған екі жылын есептеп, үш жыл мерзіммен Ресейге жер аударды. Бір жақсысы – семьяларымен бірге тұруға рұқсат берілді. Тұрмыс жағдайы көтергендердің семьялары біртіндеп күйеулерінің соңынан барып қосылып жатты... Рас, өзгелерден көрі Мұстафа екеуміздің тамағымыз тоқ болды. Ахмет Байтұрсынов ағамызға, Әшірге, Жұмаханға, Қошкеге сәлем-сауқытқа сухари, май, қант салып көмектесіп тұрдық. … Сол азаматтарымыз азаптан құтылып, естерін енді ғана жия бастағанда, 1937 жылы қайтадан ұсталды»,– деп сіңілісі Гүлнар Міржақып қызына естелік айтып кетіпті.

Аудармамен айналысқан, бертінге дейін өмір сүрген Мұстафа Бұралқиевтің өмірі туралы толық мағлұмат жоқ. Кезінде екі тілде бірдей жазатын қаламгер немере інісінен оның өмірбаянын бір ыңғайға келтіріп беруді өтініп едік, ол өтініш те өмір толқынының иірімінде бүктеліп кетті. Өкінішті. Өзге адамдар туралы мағлұматтар әфсана барысында ретіне қарай ықшамдала пайдаланылды.

Әрине, түрмедегі тұтқындардың жанын жалдап берген айғақтарының шындығына толық сенудің қисыны жоқ. Дегенмен де жиырма-отыз адамның пікірінің орайлас келуіне қарап, С.Қожанов пен Т.Рысқұловтың, С.Сәдуақасовтың арасындағы шиеленістің себебі: Қазақстан мен Түркістанның қосылуы турасында екеніне көз жеткізуге болады. Тергеу ісіндегі сұрақтар мен көрсетінділердің бестен бірі осы үш қайраткер туралы. Алашордашылар бұл үш азаматты да бағалаған. Іш тартқан. А.Байтұрсынов оларды татуластырған. Бірақ кейіннен араларына Сталиннің өзі сына қақты. Голощекин өзінің республикадағы беделін нығайту үшін осы үш азаматты бір-біріне қарсы қойған сияқты. Т.Рысқұлов – ортақ Түркістан республикасын құруды, ал С.Қожанов – солтүстіктің халқын оңтүстікке қоныстандырып, Ташкентті астана етіп, тәуелсіз Қазақстан республикасын құруды, С.Сәдуақасов – оңтүстік пен солтүстікті қосып Ресейдің құрамындағы дербес Қазақстан автономиясын құруды ұсынған.

Орыс «коммунист-колонизаторлары» С.Қожановтың ұсынысын қолдап: солтүстік облыстарға референдум жүргізу арқылы жер межесін жүргізіп, санақ өткізіп, жергілікті ұлтты оңтүстікке ысырып, Сарыарқаны Ресейдің құрамында алып қалуды мақсат етті. Сол мақсатпен Ежов Мәскеуден арнайы келіп, комиссия құрды. Бұл шараға комиссия мүшесі С.Сәдуақасов пен Ә.Ермеков тойтарыс беріп, қазіргі Қазақстан территориясын сақтап қалды. С.Сәдуақасов Т.Рысқұловқа:






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных