Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 12 страница




Кешінде мектептің дауалынан секкіріп шығып барғанымда Күләннің айтқаны – осы құрдым сұм хабар. Нұрияш екеуміз бір-бірімізге жабыса отыратын қатарлас орындықтарда енді Күлән екеуміз үн-түнсіз сопидық. Мен өксіп-өксіп қалғанымда, Күлән солқ-солқ ете түсті. Екеуміз бірге солқылдастық сонан соң. Мен Күләннің алдына жығыла солқылдадым да, ол басымды екі алақанымен сипалай солқылдады. «Бауырым» деп те, «ағатайым» деп те аялай жылады ол. Екеуінің қайсысы екенімді ойлауға мұрсам жоқ, әйтеуір енемдей қамқор бейнеге келіп сөйлеп отырғанын ғана естідім.

– Жыламашы, сабыр етші ағатайым!...Тірі тұрғанында басқа ешкімге көне алмайды ол... Сені таппай тоқтамайды. Оның жүрегі солай бекіген, аса қуатты жүрек болатын бауырым!...

«Саяпыл» желі саябырлау соғып тұр. Шаңытты қараңғы іңірде мектепке қайта өрледім. Көшедегі электр бағаналарының шамы алакеуім ғана қызғылт сәуле шашады. Нанлиңның ұзын бойынан ешкім көрінбеп еді. Жел жақтан маған қарсы келе жатқан бір адамның байсалды қадам дыбысы естілді. Сұр киімді жуан біреу құлдап келеді екен. Электр шамы орнатылған бір бағана түбінен өте бергенімде таныды білем, қырық-елу метрдей жақындағанда бәсең дауыстап сөйледі.

– Тұсыңдағы қақпаға тез кіріп ал!

Жел жақтан анық естілген сөзінен мен де тани қойдым, Репқат екен. Қақпаға лып беріп кірдім де, қайрылып тұра қалдым.

– Тазды ертіп келе жатырмын,– деді Репқат жақындап келіп, артынан баспалап келе жатқан шпионды бері жүргізбей тоқтата тұру үшін болса керек, артына қайрылып тұра қалып, жел жаққа естілместей үнмен жалғастырды сөзін. – Бұл таз деректі бүгін тапты. Сол үшін өзім көрініп, қызықтырып ертіп келемін. Бұл бүгін менің тұрағымды таппақ. Сәті болса, үнін өшіріп, сендерді жей алмайтын етіп кетемін. Сәті келмесе, хабары жетеді. Белгілі болып қалғандарың қашып құтылып шығарсыңдар. Ал, қош! Енді арырақ барып жасырын.

Соңғы сөзін жүре айтты да, құлдай жөнелді. Мен қараңғы босағаға жабыса кеттім. Жиырма шақты секунттан соң аяғының ұшымен жүгіріп келген біреу қақпа алдындағы жуан үйеңкіні далдалап тұра қалды да, қақпадан үңіле қарап тағы ырши жөнелді. Баспалай қарасам, тағы бір теректің далдасына жеткен екен. Біраз алыстатып алып, мен де сол әдіспен ілесе бердім. «Сәті келген-келмегенін» біле қайтқым келді....

Артына қайтып қарамай, суық жүріске түскен Репқат Ырдашаузыдан батыс жақ сырт көшеге бұрыла тартқан сияқты. Көше күзетшілері мен сақшы бөлімшелерінен тазды алыстатып әкетуі керек қой; Ғұпыр сол көшенің мүйісінен қылтыңдап тұрды да ырши жөнелді.

Бірнеше қысқа көшеден осылай ыршып өткен таз үлкен төрт көшенің батыс жақ тармағына шыға келіп, түлкіден көз жазып қалған тазыша алақ-жұлақ қарады жан-жағына.

«Репқат сол жарық көшеден анық көріп тұрып атпақ болар, сол маңдағы бір далдаға тұра қалған шығар» деген оймен тоқтай қалдым. Көшенің екі басына кезек қарап, қалт тұрып қалған таз төрт көше жаққа жүгіре жөнеліп еді, шақ ете түсті жан құрал дауысы.

Мылтық шақ еткенде-ақ мықты шпион жалп ете түспесе, іле-шала тағы бір шақ ете түспей қояр ма?»

Қараңғы көшелер арқылы өзен бойына түсе зытып, Нанлиңның басынан бір-ақ шықтым да мектептің шығыс жақ іргесіне жоңышқалықпен жетіп, дәретқана дауалынан секірдім. Терден малмандай болған киімімді шешіп, жатақханада керме арқанға жайып жүргенімде, ұйқысыз аунақшып жатқан сабақтастар түгел қарады жүзіме. Абдығұпырды өзім атқандай-ақ сұрланып, тым суық көрінген сияқтымын. Көрпеге кіріп мен де аунақши түстім.

– Не болды?– деп қасымда жатқан Қуат қана сыбырлап сұрады. Жайшылықси қайтарған жауабыма қанағаттанбай, анықтап қайталады сұрауын, – тым қатерлі жол басып келген сияқтысың ғой?

– Жоқ, қатер жоқ, қамсыз ұйықта,– дей салып, жауабыма өзім де қанағаттанбай, ең жақын сырлас туысқанның көңілін тыныштандырғым келді. – Қатерлі жауың өлтірілді,– деп үстемелегеніме елең қақты Қуат.

– Таз ба?... Кім өлтірді?

– Басқа біреу өлтіріпті... қалғанын кейін естірсің, үндеме...

Ертеңіне таңертең Ынтықбайға да осыны айттым.

– Япыр-ай, жақсы болғаны-ай!– деп қуанды ол. – Тірі тұрса көбімізді қиратар еді ол шошқа!...

Сол күннің кешінде жеткен анық хабар біздің бұл қуанышымызды құлдыратып, тағы да күдікке салды:

Таз мүлде тілсіз кетпепті. Үлкен көшеге едәуір бұрын шыққан Репқат төрт көше жаққа сәл ойыса барып, қарсыдағы тағы бір қараңғы көшенің мүйісіне далдаланған екен, алақ-жұлақ жүгірген Ғұпыр тазды өзінің тұсынан өткізіңкіреп барып атыпты. Ту сыртынан жүрегін көздей атылған оқтан шалқалап барып құлапты жауы. Мылтық дауысын естіп, ысқырық тарта жүгірген үш-төрт сақшы іле-шала жетіпті. Бірнеше рет жұлқылап сұрағанда, «Репқат» деген бір ауыз жауап шыға қалмасы бар ма! «Ол қай жаққа кетті» деген сұрауларына тіл қата алмай үзіліпті, қолы қаймана ербең етіпті де, сылқ түсіпті.

Бұл хабар Репқаттың аман құтылуынан дерек бергендей үміттендіріп еді. Бұл үмітіміз тағы бұлдырып барып өшіп, өлім дерегіне айналды.

Күні бұрын дайындап қойған атына міне қашқан Репқат Оспанның Боғда теріскейінде жүрген бір тобына қарай жөнелген екен, таң ата Жемсарыдан ұсталыпты. «Әттегенені» екінші рет айттым мен.

Осы «әттегене» екінші күні таңертең тағы қайталанды: өткен кеште әскери мектептен екі ұйғыр жігіт тұтқындалған екен. Қасымыздағы Шинжяң Институтына ежелден таныс қара машина түн ортасында тағы келіп, Махмұт аттас екі оқушыны ала жөнеліпті.

Бұл «әттегенелер» үшінші күні таңертең тіпті үдей түсіп «қаш-қашты» ала жетті.

Жексенбінің таңертеңі еді, мектептегі барлық оқушыны «Шүймогу арасанына» апаратын болып, тамақты ерте берген. Сапқа тізілуге ысқырық тартылды. Жатақханадан шыға келгенімде, өткен күзде Әлменге жолықтырған тілші қолымнан ұстай алды. Аты Иысқан екен, кейінірек толық танысып алғанбыз. Алаңға қарай өтіп жатқан сабақтастардан оқшаулап шығарып, асыға сөйледі маған:

– Екі-үш күннен бергі ахуалды естіген шығарсың. Қара машина осы өткен кеште біздің заводтан үш жұмысшыны әкетті. Әскери мектептен тағы екі оқушыны, «Жаңа нұр» электр стансиясынан бір жұмысшыны әкетіпті. Алдағы кеште осы мектепке келмек екен. Аңдуға көбірек түсіп жүргендерің тезірек құтылып кетіңдер. Хайыр, қош!

Иысқан осыны айта сала жүріп кетті. Бет-жүздігі сияқты бір книшкасын қолына ұстай жөнелді. Сабақтастардың сапқа тұрып қалғанына «әттегенені» тағы бір айта жеттім мен. Тізіліп көшеге шықтық. Жяугуандар сөйлестірмей сақылдап келеді. Совет елшілігінің қақпасы мен қорғанын тұс-тұстан әскер аңди қалғанын көріп, «әттегенені» тағы айттым. «Шүймогуден келе сала соған кіріп, құтқаруын өтінсек, бір жөнін айтар еді ғой... Бірақ, қайткенде де.. Нұрияшым іздеусіз қалғаны ма енді?!... Қайран Нұрияш!... Нұрияшым! – деген зәрдей ащы өкініш азабынан қиналып маңдай терім бұрқ ете түсті. – Жоқ, тірі болса таппай қоймаспын!...»

Жүрегімді қатер мен қасіреттің құйынындай жұлқылаған бір жарым сағаттық жолды басып, бұрала толқыған мөлдір бұлақты сайға түстік. Ерке назды бұл сұлумен де, бүршік атқан қалың терегі бар жасыл пұлыстей жасаңмен де шаруамыз болған жоқ. Көктемнің сәскеге көтерілген жайма-шуақ күні жадыгөйше өтірік күліп, кеш батқанша осылай алдай тұрайық дейтін сияқты. Көңілімдегі алай-дүлей боран осылай сезіндірді.

Ынтықбай мен Қуатқа айтып, тұтқындалар деген бірнеше сабақтасты жоғары жақтағы оңаша бір қойнауға бір-бірден шақырып жиюға келістік. Юсуф Қасым да хабардар екен. Олар өз жағдайларымен санасып көрмек болды. Юсуф Қасымның өзінен басқасы тым көзге түсе қоймаған сияқты.

Қойнаудағы қалың тоғай арасына түске жақын жиырма шақтымыз жиылдық та, бар қатерді ортаға жиып салып, талқылауға кірістік. Қашып құтылмаса болмайтын айқын хауіптілер он ғана екенбіз. Бірге қашқан көп адамның көзге түсуі оңай ғой. Басқасын қозғалмай оқи беруге көндіріп, қош айтыстық. Ынтықбай өзінің қалада қалатын жантекей туыстарына Кәменді мықтап аңдып ұстауды тапсырды. «Ұрланған қыздың» туысқандығы жөнінен Кәменді олай тұсаудың ешқандай қорқыныш емес екенін, бас қылмыстың ізі соныкі екенін мен де дәлелдеп, толық түсіндірдім.

Қалатын сабақтастар жылай-жылай түсті сайға. Біз онымыз бірден-екіден бөлініп, қалаға қайта зыттық. Жатақханадан алатын киім-кешегіміз, ыңғайластыратын мүлкіміз бар ғой. Мен алдымен Күләнға қош айтып, шыға қалса Нұрияның мені алаңсыз күтуін тапсырып шықтым...

Екінді кезінде Ынтықбай екеуміз мектептің сыртындағы Бахулан сайын серуендеген бейнемен өрлей тарттық. Мақталы мешпет киіп алғанбыз. Сабақтастардың жастығы астынан екі-екіден алған төрт қана момыдан басқа жүгіміз жоқ. Олар да жан қалтада. Сонда да қала шетіндегі қарулы қарауылдардан өту қиын көрінді. Сайдың екі жағындағы екі төбеден екі потай төніп тұр. Қалың қара ағаштың далдасымен өтіп кетпекші едік, дәл сол тұсқа келгенде тоғай сирей қалады екен, алаңқыға шыға келдік.

– Қуып бер мені, шыбық жұлып ала қу! – деп кейін қайта қаштым. Солай ойнап жүрген бала болып, қалыңға қайта кірсек, бізге баспалай еріп Әмірқан келеді екен.

– Қалмаймын сендерден,– деп жылап жіберді ол. Ары айтып, бері айтып көндіре алмаған соң, қоса жыластық та, талабын қабыл алып, әрең уаттық.

– Жә, Ынтықбай, енді осы екеуміздің шапкымызды бұлаңдатып ала қаш, әлгі жерден өтеміз!– дей салып, екі шапкыны екі қолына ұстата қойдым. Бірімізді біріміз қуып жетіп, әлгі қатерлі алаңқыға қайта шықтық. Ынтықбайды қуып жетіп, әдейгідей алыса түстім. Ол жұлқынып шығып, тағы қаша жөнелді. Қос қарауыл арасынан солай өте шықтық та тағы бір қалыңға сүңги жүгіріп белден астық.

Басқа жолдастары күтетін уағдалы жеріміз «Тақыр көлдің» шығысындағы құрғақ тоған еді. Арттағыларымыз қарауыл бекіністерінен іңір қараңғысында өтіп, әрең тапты. Көнбей еріп шыққан тағы бір сабақтасымызбен он екі болып, қалай жүру туралы талқынды бастағанымызда тасыр-тұсыр ат дүбірі естілді. Ынтықбай жата қалып тыңдап, «бес атты қуғыншы» екенін айтты да, жанымыздағы құрғақ тоғанға құлай кетті. Бәріміз соған бүк түсіп жата қалдық.

Екі жағасына мықыр шегіршіндер өскен терең тоған еді. Қуғыншылар жаяулап түсіп тінтпесе, қараңғыда ешқайсынымыз көрінбейтіндігімізді біле жатсақ та, жүректеріміз сол аттардың тұяғымен бірге дүрсілдейді. Бес атты әскер дәл жанымыздан шапқылап өте шықты. Іле-шала екінші жағымыздан да сондай дүрсіл шығып, тағы бес атты әскер шауып өтті. Сабақтастар арасында күбір үдей түсті де, үшеуі тоғаннан шыға қашты.

– Із тастап шығыстағы қызыл бөктерге шығып алайық,– дейді біреуі. Жап-жазық тастақ тақырда бадырайып кем болғанда екі сағат жүрер едік оған дейін.

– Атты әскерлер бассалмай ма?– деп үшеуін өзіміз бассалдық та, тоғанға қайта түсіріп жатқыздық.

– Енді аттарынан түсіп, осы тоғанды тінте құлдилады, – деді Серәлі.

– Гоминдан әскерінде ондай жүрек болушы ма еді? – деп Шақан зықынады оған. – Онан да ірі-ірі тас жиып жатыңдар қастарыңа... Таяп келе қалса бастарына періп-періп жіберіп, мылтықтарын тартып алайық!

– Сөйлеме! – деді Ынтықбай оған зекіп. – Қайта құлдап келеді.

Мен Шақанның пікірін қуаттадым:

– Иә, сақтықта қорлық жоқ, тас жия жатыңдар... Біз акоптамыз ғой, олардың мылтығынан біздің тасымыз дәлірек тиеді. Бірақ, қоянба-қолтық келмей көрініп қоймаңдар!...

Бес-бестен шұбырған екі тізбек әскер екі жағымыздан тасырлатып қайта қайтты.

– Енді бұлар қайтады, «маңайдың бәрін тінтіп шықтық, бұл жақта ешкім жоқ» деп баяндайды шырақтар, деп Қуат орнынан тұрды, – оған бастықтары сене қоймайды. Қалғанын мына қызылға шығып алып сөйлеселік!

– Жат! – деді Ынтықбай оған. – Көл жақтан жаяу әскерлер өрлеп келеді.

Бәріміз тым-тырыс тыңдай қалдық. Батыс жақтағы тастақ арқылы жаяу адамдардың өрлеп келе жатқаны рас екен. Шығыс жағымыздан да екі адамның сөйлескен дыбыры естілді.

– Осы тоғаннан шықпай өрлеп кетейік,– деп алдыға түсе жөнелдім мен, – қоршауда қалатын сияқтымыз.

Бәріміз бұғына шұбай жөнелдік. Дыбырымызды білдірмей он минуттай жүгіріп, тоғанның бір бұрылысына жеткенде сұр киімді бір дәу шыға келді алдымнан. Қолымдағы таспен салып жіберуге оңтайланып, шоқшия қалдым. Арт жағымнан Шақан ыршып өтіп, дәудің алқымынан ала түсті.

– Үй-үй, – біз,– деп қазақша сөйлей қырылдады дәу. Оның артынан тағы бірі шыға келді.

– Үй, Шақанбысың?...

Үңілісе қарап күлістік. Әскери мектептен қашқан екі жігіт екен. Сұр киімді дәуі – Ақай, артындағы қара киімдісі – Мақай болып танысты. Отыра қалып, қалай қашарымызды енді ақылдаса бастағанымызда жоғары жағымыздан тағы бір күбірлер естілді. Көл жақтан шыққан «жаяу әскер» тобы осылар шығар десіп, үн-түнсіз тыңдадық. Олар алғашқы байқалған орнынан алыстамады да жақындамады. «Жанбағар шеріктің бір тобы шығар, отырып-отырып уақытты толғанда қайтар» деп топшыладық. Тоғаннан шыға жөнелсек, күрсілдетіп жіберер деген оймен ұзақ тыңдап едік, олар қозғала қоймады. Таң қылаңынан асығып, сыбдырсыз шықтық та, екіден-үштен ғана сытылып тауға қарай тарта жөнелдік...

Бізді қатты қауіптендіргендер қарусыз төрт-бес қана адам екен. Олар да сол тоғаннан шығып бізге еппен ілесе берді. Біздей қашқын екенін білсек те, таң ағарып, Қызыл таудың екі-үш қырқасынан асқан соң ғана тіл қатыстық, Шинжяң Институтының оқушылары, Мұса атты қазақ жігіт пен екі татар, екі ұйғыр жігіт екен. Олар да бізді біліп ілесіпті.

Отыра қалып бағдарымыз туралы сөйлестік. Санымыз оннан отызға бір-ақ шықты ғой, құралы да, көлігі де жоқ мұншалық көп адамның бірге жүруі апатты екенін айттым мен. Тамақ табу да, тіпті жасырынып жүру де қиынға түсетін сияқты. Менің өз ойым төрттен-бестен ғана бөлініп кету еді. Сонда ғана шағын топпен тау бөктеріндегі қазақтарға паналай жүріп Жемсары жаққа өтсем, жанашыр-жақын да, солар арқылы Нұрияш та табылатын сияқты сезіледі.

Бұлай бөлінуге жолдастар көне қоймады, жол бағыты жағынан екі түрлі пікір қойылса да, «мынадай әжептәуір қуатты топтың» бөлінбеуі жағына бәрі бір-ақ ауды. Енді жол бағытын белгілеу жөнінде кеңестік. Серәлі бас жеті-сегізі Еренқабырғаны бөктерлей барып, Манастан өтуді қуаттады.

– Ол жақ соғыс майданы,– деп қырма сақалды, сары Ақай гүж ете түсті, – ол жаққа қашып барып ұсталсақ, Гоминдан табында атып тастайды.

– Бірнеше күндік ұзақ жолға азық та табылмайды, – деп Қуат құптады оны, – ұрласаң-ақ қолға түсесің, мұны түсініп қойыңдар, шырақтар!

Осыны бәрі түсініп, «мына Боғдадан ғана асып түсе салуға» түгел разылық білдірді. Төтенше риза болғаны – Ақай мен Мақай. Боғданың теріскей бөктерінде Оспан партизандары көп екен. Мыналар Оспанның жақын туыстары болып шықты.

– Мұсылмандық әсіресе шашымызды жұлудан, «теріс оқыған» деп ұрудан, «көменес» деп құртудан қорғайсыңдар ғой, – деп қалжыңдасып, күлістік. Бұл күлкіге татар, ұйғыр жолдастар көп үлес қосып, ашыла түсті.

– Ол жағына мына Мұса да мықты кепіл, – деп Ынтықбай таныстыра сөйледі. – Алтайдың мықты «біреуінің» баласы екен. Бұл бізді осы жолда азықпен де қамдай алады. Осы тауда әкесінің тамыр-танысы көп көрінеді:

– Жолдастар, осы таудан асып түскенше ешкімге көрінбейік, – деп өтіндім мен. – Қазақтың «ұзын құлағы» телефоннан да жүйрік екенін білеміз ғой, бір тыңшының құлағына сүрінсек-ақ әскер сүйреп ала жөнеледі.

Бұл пікірімді танысы көп делінген Мұса да құптады.

– Бұл тау биыл қыстан жұтап шыққан. Көтеріп жүре алатын атты былай қойып, жілігі татитын ұсағы да жоқ... Күн бата аттанып, түн ортасына дейін Шолақтерекке жетсек, ертең сәскеде Сәнгесарыға жетіп тамақтанамыз. Сенімді ауылдар бар. Бірақ, Шолақтерекке жеткенше шөлге шыдаңдар,– деп көсіле сөйледі орта бойлы, жарау қара Мұса, – бұл Қызыл – құрғақ тау. Кейбір сайындағы кішкене бастауды қоршап ауылдар отырады. Оған түссек-ақ көрініп қаламыз.

Осылай келістік те, күн батқанша ұйықтап алу үшін, желкеміздегі биік жотаға қос-қостан кезектесіп қарауыл қойдық.

Ұйқы келер емес, көңілім ұйқы-тұйқы болды да жатты. Көзімді жұмсам-ақ қара киімді жендет Нұрияшты қылқындырып жатқандай, кейде жібек бұрымын қанды қолына орап алып, сүйретіп жүргендей әртүрлі елес пайда болады да басымды көтеріп аламын. «Нұрияш... жаным» деп айқайлап жібергім келеді. Тағы бір мезетте ақыл қайнарындай кең көгілдір көз жаспен мөлтілдеп, кірпік қақпай қадалады маған. Енді ашылып келе жатқан қызыл гүлдей ерні әлде бір ойын білдірмек болып айта алмай тұрғандай емеуірінмен бүріледі. Онысынан «сүйші» дегендей ерке наз сезіледі. «Кетейікші, тауға шыға тұрайықшы» деген сыбыр естілгендей болады. «Әттегене» деп отырған жерімдегі тасты да қойып жіберемін. – «Соның айтқан жеріне бара тұрсақ, мұндай дерексіз айрылу болмас еді ғой, дүние!... Құтылудың сәтті бір жолы сол жерден-ақ табылар еді ғой!...»

Өкінішпен ойран-ботқам шығып отырғанын қарсы тұсымда жатқан Мұса көріпті. Қасыма келіп отырып, темекі орап ұсынды. Тартпайтынымды айттым.

– Бір сорып көрші, сенде бір ауыр өкініш бар сияқты, – деп күрсінді, – тасты жұдырықтап отырсың?

Темекісін алып, шаққан шырпысына тұтаттым. Құсалығым ашылса да, құпиялығымды қазірше сақтағым келді. Нұрия жайын Жемсарыға жақындағанда бір жөнін тауып айтсам, көмегі тиетіндей, қабілетті өткір жігіт екенін байқадым. Менен жасы да үлкен, көргені көп азамат сияқты.

Неше күннен бері ұйықтамай, қатты шаршаған басқа жолдастарым түгел қорылдап жатыр. Атымның Биғабіл екенін бағана танысқанда естіген Мұса мені өткен күзден бері білетінін айтты. Өзін де қысқаша таныстырып, Шинжяң институтындағы жасырын ұйымның ұйтқысы екенін сездірді. Мұны мақтан үшін емес, менің ауырымды жеңілдету үшін айтты. Сөйлеген сайын көзінен от жанып, жүзі нұрлана түсіп, туған еліне арнаған кіршіксіз таза жүрегін жайып салып, тамсандыра үйіріп әкетті. Тархшы екен, қазақтың өткен, апатты ғасырын біраз сөз етті.

–...Біз дүниежүзі шиыршық атып шиеленіскен, азаттық пен апаттың ең ауыр, ең жауапкер күресі өршіген ғасырда туылыппыз,– деді сөзінің соңында. – Туған еліміздің өмір сүру болашағы біздің, біздей саналы, көзі бар ұрпақтарының осы күресіне ғана байланысты. Ең баянды бостандық марксизм мұратында болса, бізге ең үлкен апат Американ қаруландырған Гоминдан шовинизмінен төніп тұр. Біз осы күрес міндетін өз еркімізбен арқалаған жандармыз. Бұл – туған еліміздің артып отырған міндеті. Азамат саналатын адамға дәл қазір бұдан ұлы міндет жоқ. Бұл жолда өлсек өкініш те болмақ емес. Өмірдің өлімді жеңуі үшін қажымас қайрат керек....

Қаншалық сүйіне тыңдап отырсам да, мынау үгітке ішімнен намыстанғандай болдым. Өзімнің үйреншікті тұжырымым есіме түсе кетті.

– Дұрыс айтасыз, күрессіз күн жоқ,– деп изектеп, ширай қостадым оны. – Күн жоқ болатын себебі, ел жоқ!

– Міне, жарадың!– деп Мұса мұныма разы бола күлді. – Олай болса, осы жұдырықтарымызды тасқа ұрып қор етпей, жаудың басына ұралық!

Мен жеңілгенімді сезіп, іштен моий күлімсіредім.

– Өз тағдырым үшін ашуланып отырған жоқпын... Кейін түсінісерміз,– деп жеңіл көтерілдім орнымнан.

Күн батысымен Боғданың оңтүстік қойнауындағы Шолақтерекке қарай тартып бердік. Құрғақ Қызылдың қырқаларынан асып, жазыққа шыға жөнелгенімізде Мақай ілесе алмай, артта қала берді. Сүзектен тұрғанына екі-үш күн ғана болғанын Ақай енді айтты. Кезектесіп екі-екіден қолтықтай жүріп едік, шойдай қара жігіт тіпті ауырлай түсті. «Біраз дем алып, Үрімжіге қайтып кетейін, мен үшін бөгелмеңдер, жолдарың болсын» дей береді. Оның жалғыз қалуына Ақай көнер емес. Екеуін де қалдырайық десек «Оспанға апаратын бет-жүздігіміз» деп Ынтықбай бастатқан көпшілік ауылдастары көнер емес. Айтыса-айтыса түннің жарымын өткіздік.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных