Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Маскүнемдік психоздар




 

Маскүнемдіктің 2-ші және 3-ші кезеңдерінде дамиды. Елесті ауру (белая горячка, делирий) көп мезгіл салынып ішуден кейін бірнеше сағаттан соң немесе 1-2 күннен соң дамиды. Психикалық бұзылу делириозды сананың бұзылуы ретінде білінеді.

Қорқынышты көру елестеушілігі болады. Ауру адам қайда екенін, уақыттың қанша болғанын, айналадағылардың кім екенін білмейді.

Есту және жанасу елестеушіліктері де кездеседі. Олар қияли түрде жануарларды, шыбын-шіркейді, тышқан, жылан, шайтандарды көріп, естіп, өздеріне қауіп туғызатын адамдардан, аңдардан қашып жүріп айналадағы адамдарға, өздеріне қарсы әрекеттер жасайды. Айқын психомоторлы қозу, жекеленген сандырақ ойлар келіп, жүріс-тұрысы ауруына сай болады.

Делирий 1-2 сағат немесе 1-2 аптаға дейін созылуы мүмкін.

Психоздан кейін болған жағдайлар жартылай есінде қалады. Соматикалық бұзылулар жүрек, қан тамырлары өзгерісіне, тахикардияға, қан қысымының өзгерісі, бауыр аурулары, дене қызуы көтерілуі арқылы байқалады.

Егер елесті ауруда көбіне көру емес, есту елестеушілігі басым болса онда ол жағдайды – г аллюцино з деп атайды. Аурудың санасы бұзылмайды, өзін ұрсатын, сынайтын немесе бұйыратын дауыстар естіп, оладан құтыла алмай қиналады. Кейде осы дауыстарға үйреніп, сөйлесіп отыратын да кездер болады.

Маскүнемдік параноид екі түрде кездеседі:

Біріншісі – ізге түсу, улау сияқты әсер ету сандырақтары аурудың үрейленуі, қашуы, тығылуы арқылы білінеді.

Екіншісі – қызғану сандырағы ретінде қалыптасады, яғни ауру әйелін (күйеуін) жөнсіз көршілерінен, тумаларынан, кездейсоқ танымайтын адамдардан қызғана бастайды. Қызғанып, адам өлтіруге дейін баруы мүмкін.

Корсаков психозы ауруды алғашқы жазған дәрігердің атымен аталған бұл ауру ішімдікті салынып ішетін 50 жастан асқан адамдарда кездеседі.

Есі қатты бұзылғандықтан ауруда фиксациялық амнезия дамиды, яғни ол қазіргі болып жатқан оқиғаларды есінде сақтамай, бұрынғы өткен оқиғаларды қазіргідей қылып айтады. Мысалы, ауруханада жатып, «мен кеше самолетпен Мәскеуге бардым, халықаралық көрмеде болдым» деп өмірінде бұдан 20-30 жыл бұрын болған жағдайды айтады. Ауру ұзаққа созылады, жазылмайды.

Емдеу.

Әуелі усыздандыру емдері қолданылады, тамырға глюкоза, физиологиялық ерітінді, гемодез жасалады.

Жүрек, қан тамырларына әсер еткіш дәрілер мен нейролептиктерден тәулігіне 5-15 мг галоперидол 2-3 рет немесе тизерцин 50-75 мг жіберіледі., 0,5% седуксен ерітіндісін 2-6 мл тамырға жіберген дұрыс.

Елесті аурудың қай түрінде де аурулар тек ауруханада емделуі қажет. Маскүнемдік психоз жағдайында қоғамға қарсы қауіпті әрекет жасаған ауру адамдар қабілетсіз болып саналады (невменяемый).

 

 

Нашақорлық

 

Нашақорлық дегеніміз - есірткінің кесірінен тұлғаның (адамның) жан дүниесінің, ағзасының түгелдей ыдырауы, бұзылуы.

Оқушыларғаарға түсініктілеу болуы үшін көпшілік медициналық терминдерді қолданбай, күнделікті айтылып жүрген бәріміз білетін сөздерді қолданып, тұлға дегеніміз не соны біліп алайық.

ТҰЛҒА – туа біткен темпераменттің, адам баласында ғана болатын ұят сезімнің, ләззаттың, ғашық сезімнің, тек адамға ғана тән ақылдың жиынтығы.

Бірінші: темпераментке тоқтала кетсек, ол адам баласы шыр етіп дүниеге келгенде бірге келетін туа біткен, ұрпақтан ұрпаққа қанменен берілетін қасиет.

Біздің эраға дейінгі VI – V ғасырда өмір сүрген Гиппократ темпераментті сангвиникалық (күшті, ұстамды, жігерлі); флегматикалық (күшті, ұстамды, жігерсіз); холерикалық (күшті, ұстамсыз, ұшқалақ) және меланхоликалық (әлсіз, ұстамсыз, жігерсіз) деп төртке бөлген.

Нашақорлықтың қасіреті - осы туа біткен, әкеден балаға берілетін, өмір бойы өзгермейтін темпераментті де бұзады.

Екінші: «Өлімнен ұят күшті» деп келе жатқан халықпыз. Жер шарындағы бүкіл тіршіліктің тірегі ұят десек қателеспейміз. Біреуге қатты ренжігенде, ашуланғанда «ұятсыз екенсің» деп тілдейміз. Ал нашақорларда бұл сезім түгелімен жоғалады. Алдау, арбау арқылы наша табу үшін ата–анасынан, жолдас-жораларынан айырылады.

Үшінші: ләззат – жан-жануарларда, адамдарда болатын ортақ қасиет. Ауа жұту да, тамақ ішу де, ойнау да, жар сүю де, бала сүю де, аң аулау да т.с.с барлық тіршілік иелеріне берілген ортақ дүние. Нашақорлар осы ләззат сезімді өздерінің өмірінен де жоғары қояды.

Төртінші: Тұлғаға біткен тағы бір сезім ол ғашықтық сезімі. Осы ұлы сезімді біздің нашақорлар тек уға қор қылады.Таңның атысы, күннің батысы ойларынан тек наша кетпейтін сорлылар бар қалған өмірін, жалғыз өздерінің ғана емес, ата-ана, тума-туыс, дос-жарандарының өмірін де тас талқан қылады.

Ғашық бола білмеген, жүрегі жоқ адамдардан қандай ұрпақ қалмақ?Ұрым бұтағымен құру деген осы!

Бесінші: ақыл туралы не айтуға болады.

Жер шарын меңгеріп, космосқа жол ашып, бүгінгі күннің бар жетістігіне алып келіп отырған – ақыл.

Басынан ауырып, ақылынан алжасып, бар өмірін ауруханада өткізіп жүрген адамдарды білеміз.

Оларды көрсек аяймыз, тіпті қорқамыз. «Тағдырдың ісіне не шара бар, құдай сақтасын» деп кеткенше асығамыз. Өз ақылын өзі құртып, маскүнемдікке шалдыққандарға көзіміздің үйренгені сондай, тіпті солай болу керек сияқты. «Ішіп алған ғой, неғыласың» деп жанашырлық танытатындар да бар.

Жоғарыда біз тұлғаны - АДАМ дедік. Ал адам биологиялық дене – ағзалардан (дене мүшелері) және жан дүниеден тұрады (психика). Нашақорлық айналдырған 2-3 жыл ішінде адамның дене мүшелерін істен шығарады, ойлау қабілетін жойып, жүрек, жүйке, өкпе, ішкі ағза ауруларына ұшыратады.

Есірткі адам миының жауы. Ақылды, әдемі, әдепті бала (қыз) 1-2 айдың ішінде дөрекі, өзін-өзі күтпейтін, ата-ананың айтқанын тыңдамайтын, үй көрмейтін ақылсыз тентекке айналады.

«Нашақор, нашақорлық» деген ұғым біздің өмірімізде осы өткен ХХ – ғасырдың соңында пайда болды. Есірткіні емшілер, дәрігерлер ертеде адамның әртүрлі ауруларын емдеу үшін қолданып келген. ХІХ ғасырда гашиш пен опиумды Европада кеңінен қолдана отырып, оның ауру екенін білмеген. Анда-санда кездесіп қалған нашақорлықтың әсерін жүйке ауруы немесе улану деп түсініп, көп мән бермеген.

Кеңес одағы ыдыраған 1990 жылдары біздің қазақ жерінде де нашақорлық кеңінен етек ала бастады. Әсіресе, өкініштісі бұл дертке ұшырағандар ішінде сазгерлер, ақындар, суретшілер де көп кездеседі. Мафия үшін нашақорлық таптырмас табыс көзі! Ақшаға арын сатқан азғындар өздерінің балаларын да аямастан наркомафияның құлдығына салып қойды. Оқымыстылардың есептеуінше, адамзат тарихында болған бүкіл соғыста, зіл залада, неше түрлі табиғи апаттарда құрбан болғандар саны есірткіден уланып өлгендерге жетпейді екен!

Әсіресе мектеп жасына жеткен ұл-қыздарымыз жанұясында дұрыс тәрбие алмаса, мектепте ненің не екенін біліп, сақтанбаса, есірткі сатып, байығандардың қанды шеңгеліне ілігуі әбден мүмкін.

Әр нашақордың қасында кемінде 4-5 жасөспірім жүретінін ескеру керек. Шығыс елдерінен, әсіресе Ауғанстан мен Пәкістаннан келіп жатқан тонналаған героин балаларымыздың күнделікті қолданатын үйреншікті затына айнала бастады, ағайын. Бұндай жағдай бола қалса, еліміз түгел құрып, ауруларға айналарымыз анық. Құдай адамды жаратқатқанда оған бүкіл аурулардан қорғайтын қасиет - иммунитет сыйлаған. Дұрыс салауатты өмір сүрген адамдар осы иммунитет арқасында оқу оқып, жұмыс жасап, ғашық болып, қуанышты өмір сүреді.

Нашақорда иммунитет болмайды, сондықтан олар ЖҚТБ (СПИД) мен ауратын адамдармен бірдей десе де болады. Адам өмірін: балалық шақ, жасөспірім шақ, жігіттілік, есейген шақ деп бөлсек, нашақорда ондай кезеңдер болмайды, олар үшін есірткі алғанға дейінгі және одан кейінгі деген ұғым ғана бар. Көп мөлшерде алып қойып немесе сол есірткіге жете алмай өзін-өзі өлтіріп жатқандары қаншама?!

 

Нашақорлық қайдан келген?

 

Кейбір деректер бойынша ерте заманда көсемдер мен шамандар қарамағындағы адамдарды қорқытып, әрі тыныш ұстап тұру үшін әр түрлі улы өсімдіктердің аз мөлшерде қолданғанда адамды есіртетін қасиетін пайдаланған сияқты. Ауырған, немесе жарақат алған адамға бір қасық ішірткі беріп тыныштандыру, әртүрлі діни мейрамдарда халыққа құдай суы деп берген дәм арқылы өздерінің құдайдың адамдары екенін дәлелдеу сол ерте кезге тән болған.

Бізге келместен бұрын есірткі Африка мен Оңтүстік Америкадан Европаға жеткен, әуелгі кезде өте бай адамдардың ғана ермегі болған жаман әдет бара бара теңізшілердің, жиһанкездердің, жеңіл жүрісті әйелдердің арасында кеңінен тарай бастаған. АҚШ-та студенттер қауымы нашақорлықты өрттей қаулатып жіберді.

І-ІІ-ші дүниежүзілік соғыс кезендерінде есірткіні уайым-қайғыдан арылу тәсілі деп қолданса, соғыстан кейін жастар соғыста опат болғандардың қайғысынан арыламыз деп қолданды. Біздің елімізге әртүрлі есірткілер бұрынғы Кеңес үкіметі тарқағаннан кейін таралды. Қазір Қазақстанда нашақорлардың қанша екенін айтпай-ақ қояйын, себебі ол күн сайын өзгеріп отыратын мәлімет, тек біздің есепте тұрған аурулар саны есірткіні қолданып жүргендердің 4 – ақ пайызы екенін ескертемін!

 

Есірткі заттардың қандай топтары бар?

 

Есірткі дегеніміз - адамның көңіл күйін (эйфория) көтеретін, физикалық немесе психикалық тәуелділігін туғызатын, ел арасына жылдам тарап, қолданушылардың миын улап, (ойлау қабілетін жою) ағзаларының жұмысын қайта емделметіндей қылып бұзатын заттар. Медициналық монографияларда олардың 3 түрі көрсетіледі:

1. Тыныштандырғыштар, бұл топқа опиумдар және ұйқтататын барбитураттар жатады.

2. Қоздырғыштар, немесе кокаин, фенамин,первитин, эфедрон, «экстази», кофеин.

3. Адамның ой-санасын өзгертетін немесе галлюцинацияны тудыратын заттар – гашиш, марихуана, ЛСД, бензин, ацетон, әртүрлі желімдер.

Жоғарыда есірткіні адамның көңіл күйін көтеретін зат деп айтып өттім,медицинада бұл жағдайды эйфория деп атайды немесе нашақорлардың өздерінің атауынша – «кайф».

Өзге дүниені ұмытып, өмірде кездесетін кейбір қолайсыз кезеңдерден қашу, уақытша рахат сезімге бөлену жаңа ғана дамып, өсіп келе жатқан бүлдіршіндерді өз құшағына алып үлгереді. Осы сезім неғұрлым күшті болса, есірткіге тәуелділік соғұрлым тез дамиды. Опиум қолданған адамдар басқалардан бөлектеніп, тыныш жерде жалғыз қалуға тырысады, жаны рахатқа батып, өзіне ойлау қабілеті өскендей болып көрінеді.

«Бұндай бақытты мен бұрын неге білмегенмін» деп өзінің «данышпандығына» таң қалады. ЛСД, гашиш қолданғандар кенеттен өздерінің интеллекттері көтеріліп, бұрын сонда байқамаған, бұл өмірде жоқ, тек ертегілерден білетін ғажайыптарға таңданады. Қабылдау (көру, есіту, сезу, байқау) қабілеттері шексіз жоғарылап, бұл өмірден уақытша алшақтайды. Өз дене мүшелерінің ұлғайып немесе кішірейіп адам сенгісіз формаларға айналғанын байқайды.

Галлюцинация кезінде дауыстар, тіпті иістер физикалық заттарға айналып нашақорлармен қарым-қатынасқа түскендей болады. Адамның тәртібі,жан дүниесі бұндай кездерде еш нәрсеге бағынбайды, өз ісін өзі дұрыс қадағалай алмайды. Бұл қолдан жасалған «бақыт» көп ұзаққа бармайды.

Адам ағзасы өзіндегі удан арылуға барын салып бағады. 3-4 сағатқа созылған «кайфтан» кейін шалқып-тасып отырған батырымыз амалсыз сорлыға айнала бастайды. Қалыптасқан күнделікті өмір тозаққа айналып, миллиондаған жылдар бойы өзінің ең күрделі өсу жолын тапқан адам ағзалары, жасушаларға дейін сырттан әкелінген удың әсерінен «адаса» бастайды. Бұл адам миы үшін үлкен апат!

Аз ғана минуттық «жұмақ» үшін бүкіл қалған өмірін «тозақ» отына күйдіру деген осы. «Тозақтан» құтылудың бірден бір жолы ол қайта есірткі іздеу, басқа амал жоқ. Әуелгіде құрығына түсіру үшін әншейін беріп жарылқаған «достар» енді бұл байғұсты маңына да жолатпайды. Иә, ләззат алу үшін ақша төлеу керек! Жолда жатқан ақша жоқ. Ұрлық, зорлық, алдау-арбау осыдан басталады. Адамды нашақорлыққа әкелетін психикалық және физикалық тәуелділік.

 

Психикалық тәуелділік

 

Ретін тауып есірткіні бірнеше рет қолданған адам бара-бара оның мөлшерін өзгертуге (көбейтуге) мәжбүр болады, ағзалар жаңадан келіп қосылған затқа бейімделіп, енді өздері талап ете бастайды. 2-3 жеті есірткі қолданғандар психикалық тәуелділікке душар бола бастайды. Адамның қорғау күші әлсіреп, алғашында болатын лоқсу, құсу, бас айналу, салқын тер, қышынуы жоғалады.

Керісінше енді есірткі болмаса қатты аурудың күнін кешеді. Ең өкініштісі, бір рет пайда болған психикалық тәуелділік адамда өмір бойына қалады. Жан дүниесі құлазып, бірдеме жетпей тұрғандай сезім жүйкесін құртады, өзі сияқты жандардың арасында болуға тырысып, әртүрлі сылтаулар ойлап табады. Үйден қашып, әке-шешесінің басына қайғы әкеледі.

Қабылдап жүрген есірткісінің түріне қарай кейде үйге келіп тамаққа бас қояды, жаңғыз өзі бір таба нанды жеп, бір қазан ас ішсе де тоймайды. Тәртібі күрт өзгеріп, мен-меншіл (эгоист), дөрекі болып алады. Оқуына көңіл бөлмей, көбіне өтірік айтуды шығарады. Қалтасында белгісіз дәрі-дәрмектердің қалдығы, шприцтер жүруі мүмкін. Кім іштен шыққан баласын жамандыққа қияды? Ата – ана алғашқыда өз ұрпағын қорғап бағады.

1990 жылы болған бір оқиға есімде қалыпты. Жұмысқа тұрар алдында өтетін медициналық сұрыптаудан өтуге бір жас қыздың келгені бар. Күннің ыстығына қарамай, үстіне ұзын жең кофта киіп алған, көзінде қара көзілдірік. Өзі 9 сыныпты тауыспай тастап кетіпті, «быстрее подпишите, я тороплюсь» деп дызылдап тұр. Әрине, бұл жағдай тәжірибелі дәрігерге күдікті. Көзілдірігін шешпей, жеңін түріп көрсетпей «бюрократы несчастные» деп кетіп қалды. Екінші күні тас-талқан болып ренжіп, қыздың анасы келді. «Қағазға қол қоймасаң шағымданам, қызымды неге шешіндіріп қараймын дейсің» деп байбалам салады.

- Қызыңыз соңғы кезде өзгерген жоқ па, мүмкін сабағы төмендеген шығар, неге оқуын тастап кетті, достары қандай - деген сұрақтарым жауапсыз қалды...

Күзге қарай милиция қызметкерлері жаңағы қызды қасында өзінен бір бас жоғары жігітпен қоса есепке қоюға алып келді. Әп-әдемі, жап-жас қыз адам танымастай өзгерген, удай арық.

Қолындағы көк тамырының бойы қотыр-қотыр жара, шанышқан иненің іздері сайрап жатыр. Қасындағы «жігіті» екеуі ұрлық үстінде ұсталыпты. Сөйтсек, қыз бұрында сотталып келген нашақормен достасып осы қалге жетіпті. Анасының - кінә өзімнен болды, кеш байқадым-деп зар жылағаннан не пайда, болары болды. 18-ге толар толмас шағында шамадан тыс мөлшерде есірткі салған қыз, ауруханада көз жұмды. Бұл болған оқиға.

Аурудың алдын ал дейді халық, егер ауру асқынбай тұрып ем қолданса, психикалық тәуелділік басталмай тұрып, тіпті жаңа бастала бастағанда жас адамды өзі қызығып істейтін іске баулап, психолог, психотерапевт және нарколог дәрігерлерге көрсетсе бұлай болмас еді.

Алғашында рахатқа бөлену үшін есірткі алатын адам бір жыл толмай-ақ тек азаптан құтылу үшін есірткі іздеп қор болады. Сау басына сақина тілеу деген осы. Маңдайын тасқа соқпай, тоқтамайтын жастар өз бастарына түскенде ғана:

– Сіздің айтқаныңыз дұрыс екен - деп мойындайды,

сондықтан ересектер, ата – ана, мұғалімдер біздер жауаптымыз балаларымыз сүрінсе!

 

Физикалық тәуелділік

(ағзалардың тәуелділігі)

 

Жоғарыда бір рет пайда болған психикалық (жан дүниенің тәуелділігі) тәуелділік бәсеңдегенменен жоғалмайды деген едім, енді адам ағзаларының тәуелділігіне көшейік.

Миллиардтаған адам жасушалары улы дәрілерге үйреніп алып есірткісіз өз функциясын атқармайды. Неге екенін қазір оқымысты ғалымдардың өздері дұрыс дәлелдей алмайды.

Болжамдар көп, бірақ бізге одан не пайда? Әңгіме есірткісіз қор болған байғұстың сүйектері қақсап, аузы кеуіп, дірілдеп-қалтырап, көз жанары үлкейіп, ұйқтамай азаптануында. Бұны тіпті өз басынан өтпеген адамға түсіндіру де қиын.

Профессор М.Х. Гонопольский «егер сені шөл далаға ассыз, сусыз бір айға апарып тастаса, бір тамшы суға зар болып жатып көрген қорлығың нашақордың көрген қорлығынан он есе аз» деуші еді. Енді ойланып көріңіз. Өзін-өзі өлтіруге дейін алып баратын ағзалар тәуелділігі - деген осы!

Физикалық тәуелділіктен құтылудың ең оңай жолы, тағы есірткі қолдану, бірақ оны керегінде таба алсаң.

Бізде, мамандандырылған емдеу профилактикалық мекемеде еріксіз, соттың шешімімен емделіп жатқан аурулар баршылық. Ретін тауып қашып кетіп, есіркіні көп мөлшерде тамырына қолданып, далада өлген екі жасөспірімді қала халқы естіген шығар. Бұны ашығып келіп, көп тамақ ішіп өлгендермен салыстыруға болады.

Есірткісіз нашақор психикалық және физикалық тәуелділігін жеңе алмай ауруы асқына түседі. Медицина терминінде бұл жағдайды абстиненция, ал нашақорлар «ломка» дейді. Қан тамырына героин немесе ұйқтататын дәрі салатындар үшін «ломка» - тозақтың қорлығы!

Емдеу тек арнайы ауруханаларда өткізілуі керек. Физикалық тәуелділікті дәрінің көмегімен емдеуге болады. Дәрігер десе аты тонын ала қашатын нашақорлар көбіне арзан, қолдан жасалған, құрамында марганец, тальк, хлорсутегі қышқылы т.с.с химиялық элементтер бар «таза емес» есірткілерге тап болады.

Есірткіні жаңадан қолданып жүрген жасөспірімдер кейде біреулерге еріп өздеріне тәжірибе (эксперимент) жасап уланады, нашақор болмаса да, айықпас бауыр, бөтеке т.с.с ауруларына ұшырайды. Инфаркт, миға қан құйылу, жүйке аурулары жастарға қайдан келеді деп, таң қалудың керегі жоқ, себебі осы жағдайларда, қартайғанда емес. Соқыр болып қалып жатқандар қаншама!

Бұл қанға жіберілген кокаин, амфетаминнің «сыйы». Героин қолданып, «мен кім, сен кім» деп даңдайсып жүргендер ертең-ақ жүрегі немесе демалысы тоқтап о дүниелік болатынын білсе керек.

Опиум, (Қазақстанда апиын дейді), медицина тілінде опий – қызыл және ақ гүлдері бар өсімдік (мак), дала өсімдіктерінен сәл үлкендеу келеді, «опион» деген грек сөзінен шыққан, аудармасы - мак шырыны. Климаты жылы елдерде, яғни Оңтүстік-Шығыс Азия, Қытай, Ауғаныстан, Тайланд, Пәкістан, Индия сияқты елдерде көп тараған.

Ауғанстаннан заңсыз, Тәжікстан арқылы өтіп Россияға келген тонналаған есірткі, кейбір есептеулерге қарағанда, бір елдің жастарын құртып жіберуге жарайды екен! Ауғанда 1 кг 8-10 мың доллар тұратын героин, Россияда 30-40 мың долларға жетеді екен. Есірткі сатып күнін көрген алаяқтардың жылдық табысы 5-7 миллиард долларға жетеді!

Бұдан 5 мың жылдай бұрын емшілер опиумды Грецияда, Аравияда, Египетте ем ретінде қолдана бастағаны тарихтан мәлім. Дәрігерлер оның тыныштандырғыш, ауруды басқыш және ұйқтататын қасиеттерін пайдаланған. 1832 жылы кодеин, 1848 жылы –папаверин дәрілері алынып, күнделікті қолдануға берілді.

1853 жылы ойланып шығарылған ине және инемен егу адам баласына пайдасымен бірге залалын да ала келеді. Шығыста, Қытайда опиумды темекіше шегумен шектелсе, европалықтар қанға тарату арқылы алып, естерінен ауыса бастады. ХХ ғасырдың аяғында ғана алынған героин опиумның ішіндегі ең қауіптісі! Қалған есірткілерден 20-30 рет күшті у, бір қолданғаннан кейін-ақ өзінің құрбандығын уысынан шығармай аз уақытта құртып тынады.

 

 

Тыныштандырғыш заттар

Героин

 

Бұл морфиннен алынған күшті есірткі. Гематоэнцефалдық кедергіні жойып тікелей ми клеткаларына жиналып, оның жұмысын бұзады. Адамның сезімі, түйсігі жойылып қорқу, ашығу, тону, ойлану дегенді ұмытады. 2-3 инеден кейін ауру героиннің құлы болып шыға келеді.

Адам ағзасын қорғайтын иммунитет түгелімен жойылып, нашақорды ЖҚТБ (СПИД) ауруымен ауыратындар қатарына алып келеді.

Бірінші ине шанышқаннан кейін адам қолдан жасалынған «рахатқа» батады. Айналада болып жатқан тіршіліктен бөлектеніп, осы жағдайын жалғастыра беруге тырысады. Бірақ 1 айға дейін адам ағзасында қайтаруға болмайтындай өзгерістер бола қоймайды. Осы кезде баласынан өзгеріс байқаған ата-ана жоғарыда айтқандай ұялып немесе баласын аяп жасырмай дәрігерге ақылдасуға барса, әлі де ұрпағын сақтап қалуға мүмкіншілік бар. Бұл кезең медицина тілінде:

«І-ші» стадия деп аталады. Әлі физикалық тәуелділік (ағзалар тәуелділігі) дамымаған кез.

ІІ-ші стадияда (кезең) аурудың ағзалары бұзылып, өздеріне көп мөлшерде героин талап ете бастайды (орта есеппен бұрынғысынан 200-300 есе көп). Бұл осыншама көп ақша керек деген сөз. Ақша тапқанның өзінде ауру бірінші кездегідей «кайф» ұстай алмай, қор болады. Героин мөлшерін одан әрі көбейтсе, өліп кетерін сезіп, нашақор «өз еркімен» емделуге көнеді, өздерінше бұл жағдайды «жасару» (омолодиться) деп атайды. 10-15 күн емделгеннен кейін, есірткінің мөлшері (доза) біріншідегідей болмағанымен, едәуір азаяды.

Есірткіден түгел құтылу ойында жоқ ауру өзінің «рахатын» қайта бастайды. Оңаша, қараңғы, тыныш жерге тығылып жылы төсекте ләззатын көбірек ұстауға тырысады, қызыл арақтан ұрттап қойып жылы ваннада сағаттап отырып алады.

Табиғатта әншейін ештеңе жоқ. Орыстардың «за удовольствие надо платить» деген сөзі тегін айтылмаса керек. Дені дұрыс адам ине шанышқанға дейін сергек болып, ал кейін ұйқысы келіп, тынышталса, рахаттанса, нашақор керісінше инеден кейін сергектене бастайды.

Ине алғаннан кейін ғана аздап жұмыс істегендей болады, бірақ, егер ұмытпасаңдар кітабымыздың басыңда психикалық тәуелділік бір пайда болғаннан кейін жоғалмайды деген едік, сол «ғашықтық» сезім және физикалық тәуелділік ауруды қайтадан есірткі мөлшерін 300 есеге дейін көбейтуге мәжбүр қылады. Өліммен «ойын» қайтадан басталады!

Нашақорлардан ең қорқатын кезеңі – «ломка». Атынан –ақ көрініп тұрғандай орыстың «ломать» деген сөзінен шыққан бұл жағдай, ауру үшін – тозақ. Өзін қоярға жер таба алмаған байғұсқа асқазанын пышақпен тілгілеп жатқандай ауру қосылады, қатты терлейді. Мұрнынан су ағып, ұйқыдан мүлдем айырылады. Бұл тек «сынудың» басы ғана. Кешікпей біресе тоңып, біресе ысып, қаратерге малынып, терілері жиырылып, көз қарашықтары үлкейіп, бұлшық еттері қарысқанға бітпейтін түшкіру қосылады. Өмірден түңілген аурудың (депрессия) енді іші өте бастайды... Осындай сұмдықты 10-15 күн бастан кешкендерің бар ма? Қан тамырлары адам төзгісіз қышып, өзін өзі тістелеп жатқан ауруды бір жағынан аяйсың, бір жағынан ол осының бәрін біле тұра істеді ғой.

«Ағатай көмектес, жаным шығып бара жатыр» деп жалынғанда, сай сүйегіңді сырқыратады. Жан азабына шыдамай 3-ші қабаттан секіріп мүгедек болып қалған жас қыз «неге істедің» деген сұраққа «сүйегім сынғаннан кейін наркотик салады ғой деп ойлаймын» деп жауап берген. Не деуге болады? Ұмытпасаңдар бұл ІІ – стадия. Ұзақтығы 5-10 жыл болуы мүмкін.

ІІІ-ші стадияға жеткен аурулардың көпшілігі көлденең қазадан, аурудан немесе түрмеде қаза болады. Аз-кем тірі қалғандары өлместің күнін көріп, есірткі таба алмағасын өзінің қан тамырына қарапайым су жіберіп, жан сақтауға тырысады.

1 ай жарымға дейін созылған «сынудан» (ломка) кейін ауру төсектен тұра алмайтын жағдайға жетеді. Қарамаға қарт болып көрінген 20-30-дың айналысындағы жастардың шаштары, тістері түсіп, түрлері сарғайып кетеді. Қан тамыр бойларында ине шаншар жер қалмай ақыры нашақор жүрек, бауыр, өкпе ауруларының бірінен қайтыс болады.

Ата-аналардан «бұл сұмдықты қандай белгілерінен білуге болады» деген сұрақ тууы мүмкін. Олар:

F баланың көңіл-күйі, тәртібі себепсіз көп өзгеріп

F отыруы.

F ұйқысының өзгеруі.

F көз қарашығының өте кішірейіп көрінуі.

F оңаша қалуға тырысуы.

F ұзын жеңді киім киіп, қолының қан тамырына ине

F шанышқан жерлерін көрсетпеуге тырысуы.

 

Дәрі – дәрмекке әуестік

 

Бұл топқа жататын заттар негізінде есірткілер тобына жатпайды. Жүйкесі ауырған, әсіресе қарт адамдар қолданатын ұйқтататын, тыныштандыратын дәрілер әрбір үйден табыла береді. Көптеген жасөспірімдер білмегенінін себебінен, кім болса соның айтқанына еріп, өздері айтқандай «кайф» алуға кұмар болады. Әрі казіргі өмірдің тезіне ілесу де әркімнің қолынан келе бермейді. Шаршаған адам тыныштық іздейді, дем алатын жер іздейді.

Мына у - шу қайнаған өмірде, бұрынғы кездегiдей құстары сайраған тыныш жерді қайдан табарсың?

Седуксен, элениум дегендер іздеген адамға табылады. Емге ғана, 5-6 күнге адам жүйкесі қалпына келгенше қолданылатын дәрiні жасөспірімдер үлкендерден жасырып бақылаусыз, тоқтаусыз таса жерлерде қолданып, 1-2 айдан кейін нашақор болып шыға келеді.

Алғашында адамды тыныштандырып, тіпті ұйқтатып тастайтын дәрі бара—бара, көптеп қолданғанда, енді оның көңілін көтеретін затқа айналады. Шамамен 2 сағаттай есірген бала тағы бұрынғысынан да көп дәрі іздей бастайды. Таппаса анаша, гашиш, героин т.с.с біз білетін бәлелерге ұрынуы әбден мүмкін. Біреуін де таба алмаса ызаланып, көңіл күйі түсіп, әйтеуір бір пәлеге ұрынары сөзсіз. Оқушылар сабағын қояды, студенттер дәріхананы жағалап, соның «күзетшілеріне» айналады.

Ұйқысыздыққа қарсы немесе тыныштандыру үшін ем қолданғанда дәрігер он күннен кейiн дәрінің түрін өзгертiп отырмаса, адамда дәріге деген тәуелдiлік пайда бола бастайды. Ертеректе, бір кемпірдің жөтелдiң дәрісі кодеинге үйреніп алып, дәрігерлерге тыным бермегені бар. Бір кезде колхозда маңдай алды сауыншы болған, әрі бір маманның анасы баласына да, бiздерге де тыным бермей әбден өлгенінше қор болған.

Қазiргi кезде таблеткаға әбден үйренген адам өзінің жағдайын жақсарту үшін ертеден кешке дейін нашақорлардың өздерінің жаргонында «колесо» деп атайтын дәрі іздеумен болады.

Адамның қорғау рефлекстері: лоқсу, құсу, терлеу, бас айналу дегендер жоғалады. Мастығы басылған кезде көпшілік болған жағдайды ұмытып калады, заттарын қайда қойғанын, оқыған кітаптарын айтып бере алмайды. Ойын бір нәрсеге жинақтай алмайды, көңілсіз, үлкен қайғыға ұшыраған адам сияқты қиналады.

Машина жүргiзу, т.с.с қозғалатын механизмдердi басқару қабілетiнен айрылады. Өмірден тыс қалып, орнын өзі айтатын «колесомен» толтырмақ болады...

Қысқаша айтқанда ең қажетті: ми, жүрек, өкпе, жүйке, бауыр, бүйрек секiлдi ағзаларынан айрылып, мүгедек болып немесе адам төзгiсіз азаптардан кейін өзін өзі өлтiруге дейін барады. Мысалы 1970 жылы ұйқы таблеткаларынан өзiн өлiмге қиған жасөспірiмдер саны барлық өлгендердің 50 пайызын құраған. Бұл Англияда болған жағдай.

Ұйқы таблеткаларын қолданушыларды беттерінің бозғыл, жер түстігінен, ісіңкілігiнен, үстіне түскен әр түрлі іріндi жаралардың жазылмауынан, мiнездерінің өзгергенінен, асқа деген тәбетінiң нашарлауынан, аузынан шыққан жаман иістен байқауға болады.

 

 

Қоздырғыш заттар

(стимуляторы)

 

Адам бір қатты қажыған кезінде күш жинау үшін қою шай ішіп, кофе қайнатып, кока жапырақтарын шайнайтынын бәріміз білеміз. Медицинада кофеин қан қысымы төмендегенде, жүрегі қысылғанда қолданылады. ХIХ ғасырдың аяқ кезінен бастап таза күйінде кокаин мен эфедрин алынды.

Бұл дәрілердің медицинада пайдасы өте зор. Новокаин, дикаин, лидокаин, совкаиндерді кім білмейді? Бәрі де керек —ақ. Соғыс кездерінде әскерлердің әл—күшін көбейту үшін, ұйқысын ашу үшін, әсіресе ұшқыштар мен танкисттерге амфетаминдер берілді.Соғыс біткесін бұл дәрі жасөспірімдердің назарына ілікті. Неге?

 

Амфетамин деген не?

 

1880 жылы Германияда өте күштi синтетикалық қоздырыш амфетамин алынды. Асқа деген тәбетті басып, адамның күш—қуатын көбейтетiн қасиетi әуелі медицинада, сосын армияда қолданыла бастады. ІІ—ші дүниежүзілік соғыстан кейiн оның тәбетті басатын қасиетіне салмағы жоғары әйел адамдар қызығып, көптеп таблетка түрінде қолдануды шығарды. Студенттер экзамен кезінде түнiмен ұйқтамай даярлануға көмектесетiнiн байқап, iздей бастады. Тапты да, дүние жүзінде мың—миллиондаған жастар енді амфетаминнің құлына айналды. Қай жерде де оңай ақша табудың шеберлері бар. Олар есірткiге кофеин, қант, сода, глюкоза т.с.с заттар қосып сатып, немесе стрихнин, кіржуғыш порошок қосып, талай өмiрді кұртты!

Егер амфетеминді тамырға салса, нашақор сол сәтте—ақ кенет өзіне күш біткенін байқағандай болады. Байқағандай болады деп отырғаным оған ешқайдан, яғни жоқтан күш келмейдi, тек өзінің қанында бар қанттың жылдам пайдаланылуынан, тосыннан күш пайда болғандай болады. Есірмен (нашақорды кейде осылай деп те атайды) бірнеше күн дем алмастан «қыдырады», эстрада да таңға дейiн шаршамай би билеп,өлең айтады. Сырттай қарағанда өте шыдамды, еңбекқор адам болып көрінеді. Жұмыста да ондай адамдар тез танылады, бiрақ артынан, есiрткінiң күшi бiткесін, олар шырынын сорып алған жемiстей болып, әлсіреп қалады. Кешегi жойқын күш жоғалып, есірмен ендi қайта есiрткі іздеп зар еңiрейді. Таппаса көңіл күйі түсіп (депрессия) еш нәрсеге зауқы соқпай жатып алады, жан дүниесі (психикасы) бұзылады. Қолдан жасаған жындылық осы!

Жұртқа еріп осындай есірткі қолданған кейбір жүрегінде ақауы бар жастар, жедел жәрдеммен ауруханаға түсіп қалып жатады, себебі амфетамин қан қысымын және температураны көтереді. Көп қолданған адамдар түбі психикалық ауруларға тап болып, жындыханаларда емделедi. Айналасындағы адамдар қастық жасайтындай көрiнiп, кейбiреулерi қорғанамын деп өзі күтпеген жерден бейтаныс адамдарға бас салуы мүмкiн. Оқу, жұмыс, сүйген адамдарының далада қалатындығын айтпай-ақ қояйын.

 

Экстази

 

Германияда 1910 жылы тәбеттi басатын «керім» бiр дәрі табылды. Салмағын азайтқысы келген көпшiлiк алғашқыда бас салғанымен соңынан оның да психиканы бұзатын жаман қасиеті белгілі болды. Өткен ғасырдың 80—90 жылдары Англияда тағы да сол сазгер - әншілер (Марк Алмонд) өздері қолданған «тамаша» таблеткаларды өздеріне құдайдай сенген фанаттарға таратып жiберді.

Британдық ди—джейлер «жаңа есірткi — жаңа музыка» деп әлемге жар салды. Жаман әдет жата ма, жастар балға жиналған арадай, түнгi клубтарға бас қойды. Кафелерге, түнгi клубтарға ақша судай кұйылды. Аузынан сөзi түскен жуас балалар экстази таблеткасын ішсімен—ақ «күшейіп», би бiлмейтiндерi таң атқанша билеп, өзіне көптеген таныстар тауып үлгереді.

Жоғарыда айтып кеткендей, ақша жүрген жерде алдау бiрге жүреді

Экстази деп неше түрлі гормондар, сырлар, тіпті иттің құртын түсіретін таблеткалар сатыла береді. Бұл жедел жәрдем бекетiнiң жұмысын көбейтеді.

3—4 сағат уақыт бойы тыным таппай билеген экстази қолданушы қандай әсер алады екен, соны бақылап көрелік. 30-40 минуттан кейін есірмен өзінің адам айтқысыз «бақытты» екенін сезгендей болады. Айналдырасындағы заттар, адамдар өте көркем көрініп, бұрын оларды қалай байқамағанына таң қалады, тез достасып кетедi. Ұят деген сезім далада қалады (осы жері араққа да келіңкірейді).

Таң атқанша талмастан би билейді. Қарны ашпайды, шөлдемейді. Шөлдемейді демекші, ағзасындағы суы термен ағып, қанындағы суы азайып ауруханаға жетпей, өліп кеткендері де болады.

 

Кокаин (крэк)

 

Оңтүстік Америка, Колумбия, Боливия және Перуде көптен кездесетін кока дейтін өсімдікте кокаин І пайыздың шамасында кездеседі. Қазіргі Перу тұрғындары әлі күнге дейін қолданып келе жатқан кока өсімдігінің жапырағы жағымды иіc шығарады. Алтын мен күмістен кем бағаланбайтын бұл «қасиетті» шөппен бұрынғы ауқатты адамдар индустардың еңбек ақысын төлеген. Жапырақты шайнап, сөгін жұтқан адамдар кешке дейін шаршамай, тамақ ішпей жұмыс істей берген. Себебі шөптің құрамындағы І пайыз кокаин адамның шаршағанын білдірмейді, ауырғанда басатын қасиеті де бар.

1859 жылы австриялық химик А.Ниман өсімдік құрамынан таза кокаин бөліп алды. Бұл дәрігерлер үшін үлкен жаңалық еді. Кокаин, дикаин, новокаин, совкаин, лидокаин сияқты ауруды басатын дәрілер медицинада кеңінен қолданыла бастады. Шынында да бұл оташылар үшін (хирургия) таптырмайтын дәрі еді.

Бұрын өсімдіктің жапырағын шайнап, сөгін жұтып, немесе ұсақталынған жапырақты мұрнына иіскеп, «кайф» алып жүрген кокаиншыларға (кокаинизм) жаңадан алынған таза есірткі үлкен қуаныш әкелді. Американы жайлаған кокаинизм енді дүние жүзін жайлай бастады. Өздері «крэк» деп ат қойып алған есірткіні нашақорлар шарапқа, әртүрлі сусындарға қосып қолдана бастады.

Таза кокаин бірнеше секундтан кейін-ақ қолданушының көңіл күйін көтеріп, шаршағанын білдірмей, «рахатқа» батырады. Аузына келгенін айтып, тіпті танымайтын адамдарға өзінің жан сырын ақтаруға дейін барады. Денесіндегі дүлей күшті қайда жіберерін білмей, бейтаныс әйелдермен жыныстық қатынасқа түсіп, неше түрлі жыныстық ауруларға душар болады.

1-2 сағаттан кейін қолдан жасалынған бақыт сезім, «рахат», «кайф» таусылып есірмен әлсіздене бастайды. Көңіл күйі төмендеп, өзі оңаша қалуға тырысады. Қорқыныш сезім пайда болып, басы аурады, ұйқыдан қалады. Қан қысымы көтеріліп, бүкіл денесінде діріл пайда болады. Сөйтіп нашақор 1-2 сағат алған «рахаты» үшін бірнеше күн нағыз аурудың күнін кешеді. Құдайдың бергеніне риза болмай, өзін есірткінің күшімен «жаңадан жасамақ» болған адамның көрер күні осы. Ойлан!

 

Адамның ой-санасын өзгертетін немесе галлюцинация тудыратын заттар

Кендір және оның түрлері.

(Конопля)

 

Оңтүстік Қазақстан жерінде, Жамбыл облысында көп кездесетін жабайы өсімдік. Америкада, Индияда көптеп өндіріліп дүние жүзіне тараған. Көбіне темекі ұқсатып тартып, пайдаланады. Құрамындағы тетрагидроканнабиолдың адамның жан дүниесін өзгертетін (психика) қасиеті бар. Лақап аттары: гашиш, марихуана, анаша, план, хеш. Европада гашиш деп атаса, Америкада марихуана дейді. Кендірдің жапырағынан алынады. Кейбір деректерге сүйенсек, мұсылман елдерінің еркектерінің 60 пайызы темекіге гашиш қосып тартады. Себебі мұсылман елдерінде спирттік ішімдік ішуге тыйым салынған. Дүние жүзінде гашиш қолдану (гашишизм) маскүнемдіктен кейін екінші орын алады.

Алғашында кемеге керекті арқан ретінде қолданылып келген, қытайда мата тоқуға да пайдаланылған тұрмыста өте қажетті өсімдік. Егер спирттік ішімдік ішкен адам айқай шуға, төбелеске даяр болса, гашиш қолданған адам тыныштыққа, ақкөңілділікке бейім болады. Ертеде жиналып алып рахат сезімге беріліп, көңілді әңгіме дүкен құрып, кальянды кезектесіп тартып отырып, ұйқыға кететін арнайы орындар болған. Бертін келе гашиштің ауру тудыратын қасиетін біліп, Египетте, Персия мен Түркияда кендір өсетін жерлерді өртеп, шауып құртуға тырысқан. Бірақ тыйым салу қашанда кері әсер етеді, одан нашақорлардың қатары көбеймесе, азайған жоқ. Өте ерте заманда скифтер киіз үйдің ішінде қатты қызған тастардың үстіне кендір өсімдігінің тұқымын шашып, одан шыққан түтін мен будан рахат тапқаны туралы Геродот жазып кеткен. Дін иелері гашиш арқылы қара халыққа жұмақтың қандай болатынын уағыздаған. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары батыстағы жастар қозғалыстары, әнші, сазгерлер (Битлз тобы, Мирилин Монро, Элвис Пресли, Михаил Булгаков т.с.с) гашиш, марихуананы ашықтан ашық тек өздері ғана қолданбай жастар арасында тарауына көп ықпал жасады.

Ақын Шарль Бодлердің айтуы бойынша гашишті жаңа тарта бастаған адам алғашында «маған әсер етпейді» деп сеніңкіремейді. Кешікпей жаңағы сенбей отырған адам өзінен өзі көңілденіп, себепсізден себепсіз күліп, мәз бола бастайды. Қасындағы сау адамдардың таң қалып отырған кейпі оларды одан сайын күлкіге батырады. Гашишшілер өздерін ыммен ғана ұғып, өмірде бастарынан өткізбеген «бақытқа» кенеледі. Дыбыстар бояуланып, бояулар дыбыс шығара бастайды. Ауыздан, мұрынан шыққан түтінмен бірге өзі шығып аспанға ұша жөнеледі. Жардағы қарапайым суреттер ғажайып ертегідегі бейнелерге айналып, нашақордың қалаған нәрсесіне айналғандай болады. Уақыт тоқтап, бір сағат ішінде бірнеше адамның өмірін сүріп үлгереді. Тұлға жоғалады... Бұл наша шегіп көрген ақынның басына кешкен 1-2 сағат өмірі. Өмірде мәңгілік ештеңе жоқ.Рахат сезім көзден ғайып болғасын орнына әлсіздік, орны толмас өкініш келеді...

Әрине, әр адам гашишті өзінше қабылдайды. Кейде тартып отырған адам темекісінде гашиш бар екенін білмесе, ол ешқандай әсер алмауы да мүмкін. Соңынан естігенде ғана «әй, бәсе, біртүрлі болып кетіп едім - ау» дейді. Ал, кейбір жасөспірімдер 4-5 минуттан кейін 5-10 минут себепсіз қорқады. Жан жақтарына алақтап, тек қасындағы «достарының» арқасында қашпай отыра береді. Бұл І-ші фаза. Шамамен 20 минуттан кейін ІІ-ші фаза басталады. Қабылдау, ойлау, сезіну қабілеттері өзгеріп, әр гашиш қабылдаушы өзінше есіреді. Көздеріне қос көрініп, өзінің қолдан жасап алған «жұмағының» қызығына батады. Ақылынан ауысқан адамдарды емдейтін ауруханада болып көрдіңіз бе? Сонда емделетін аурулардың көбінде ІІІ-ші фазаның белгісі – тұлғаның түгелдей жойылуы бар. Қасындағы көршісі күлсе күліп, жыласа қосыла жылап, жануарға айналады.

 

 

Гашиш қолданушыларды қалай

анықтауға болады?

 

Біріншіден, беттері, көздерінің ағы қызарады, көз жанарлары үлкейген, қарағанда көздерінде бір ұшқын пайда болғандай болады, ауыздары кеуіп, қайта-қайта тамсана береді. Әбден шөлдейді. Қан тамырының соғысы минутына 100 дейін жетіп, қан қысымы көтеріледі.Ұйқысы келгендей болып есінеп керіле береді. Дір-дір етіп, басы айналып, көз алды қарауытады. Аузына не түссе соны айтып, мылжыңдай бастайды. Гашиш әсері азая келе аурудың тәбеті ашылып, тамақты өте көп ішеді, көбіне тәтті су ішуге тырысады.

Гашишке деген құмарлық героинге қарағанда кештеу пайда болады, үйрену 2-3 жылға созылады. Бірінші жылы жетісіне 1-2 рет тартып, болмаса іздеп кетпей, арақ ішіп, темекі тартып жүре беруі де мүмкін. Бірақ тарту мөлшері (доза) ұлғая береді. Басқаша айтқанда психакалық тәуелділік пайда болады. Ауру арақтан гөрі гашишті жақсы көреді, бұрынғыда 1-2 темекі шегіп тоқтайтын болса, енді 3-4 дана да аз болады. Рахатқа бөленгісі келіп, «достарын» іздегіш болады.

Бұл І-ші кезең (стадия) 2-5 жылға созылады.

ІІ-кезеңде нашақор гашиш тартқаннан кейін ғана көңілденіп, әңгімелесіп, жұмыс істей алады, бірақ ол 1-2 сағаттан аспаған себепті тағы да есірткі қабылдауға мәжбүр. Қалтасында бола қойса жақсы, болмаса бар ынтасын салып гашиш іздеуге кіріседі. Ызақор, кекшіл. Ақша табу үшін ұрлық жасауға да әзір. Көз қарашықтары үлкейіп, қалтырап тоңады. Асқа деген тәрбеті жойылып, ұйқыдан айрылады. Бұлшық еттері қарысып, дене дірілін тоқтата алмайды. Қан қысымы жоғарылап, тамыр соғысы жиілейді. 3-5 есірткісіз өткен күннен кейін жүрек қысылуы басталады. Басы көтертпей ауырып, өзін қоярға жер таба алмай жыламсырап, өзін аяуды өтіне бастайды. Әр түрлі сылтаулар ойлап тауып, қалайда есірткіге ұмтылады. Осындай қорлықты 1 ай бойы өз басымнан өткізсем деген ойдың өзі қандай қорқынышты! Кейбіреулердің «гашиш, марихуананы дәріханаларда сатуға рұқсат етілсін, себебі олар жеңіл, денсаулыққа онша зиянды емес» деп лаққандары түсініксіз. Жеңіл түрі деп гашиштен бастаған нашақор бара-бара «ауыр»героиннен бір шығатынын білмей ме? Ал героинның не екенін жоғарыда айттым. Марихуананы ашықтан ашық қолдануға рұқсат берген Голландия қазір наркотуризмнің орталығы болып алды емес пе?

Бүкіл дүние жүзі нашақорлары ол елді жұмақ деп есептейді, сонда шұбырады. Бұндай жағдай Қазақстанға керек пе?

 

Уқұмарлық (токсикомания)

 

Адам өзін өзі ауру қылу, мүгедек қылу үшiн нені ойлап шығармайды дейсiң? Дені сау адам аты тонын ала қашатын: эфир, бензин, лак, клей, ацетон, толуол т.с.с улы заттарды да қолданатын адамдар, адамдар болғанда жасы 7-8 дегі уыздай жастар, тіптi көтеріңкiреп айтсақ Отанымыздың болашақ құрлысшылары болады екен! Бұл есірткiге елеңдеушілердің ең сорлылары. Химиялық белсенді улы заттар ең әуелі жасөспiрiмдердiң миын кұртады. Ойлау қабілетін, ақылын, түйсiгін жояды. Кешегі ерке болса да ата - анасының етегіне оратылып, қолтығынан шықпайтын бала үйге тұрмайтын, айықпас ауруға ұшыраған «проблема» болып шыға келеді. Әлі есімде, 9 жастағы бір бала қолындағы бензині бар пакетімді тартып алды деп анасының өтекпен соғып, басын жарғаны. Байғұс ана өзi қиналып жатса да күйеуіне:

- Тиме оған, бала ғой, ертең өскесін түсiнеді—деп зар илеген. Қайдағы түсіну?!

- 1—2 айдан кейін өзін өзі жынды қылған байғұсты ауруханаға алып кетті. Қазірде тірі деп есітем...

Бірақ бүйтіп тірі жүргені құрсын...

Талай ананың: «құдай-ай, бұлай қор қылғанша алып тындағы» деп жалынғанының куәсі болғанмын.

Жасы он беске толса да, беті-аузы кір қожалақ, үстінен күлімсі жаман иіс сасып тұрған баладан, тексеру үшін: «бізде қазір президент кім» деп сұрағанымда «Брежнев-Сталин» дегені бар! Көшеде салаңдап бос жүрген 6-12 жастардың аралығындағы балалар оңаша, адам көзіне көп түспейтін (подвал, қираған ескі үйлер, сарай) жерлерге жиылып алып, қолындағы целофан пакеттегі уды кезектесіп құшырлана ескейді. Бұл жағдайда мөлшерлеу деген жоқ, қанша рет терең дем алғанына байланысты улану басталады. Әуелі бастары ауырып, құсқысы келеді. 4 - 5 минуттан соң арақ ішкендегідей әсер ала бастайды, көңілденіп, бір жайбарақат күйге енгендей болады. Бара-бара тойда отырғандай әсер алып, өлеңдетіп, билей бастайды. Өздері ұшып жүргендей әсер алып, жоқ нәрсеге қуанады.

Айналдырасындағы жатқан жаман матрастар, кір қоқыстар хан сарайындағыдай көрініп, құлағына әсем әуендер келеді. Жүрейін десе қайта-қайта құлап, соған өздері мәз болып «рахатқа» батады. Уды одан әрі иіскеулерін қоймаса көз алдарына кинодағы сияқты бейнелер елестейді. Сондықтан олар кейде бір бірін шақырғанда: «кеттік мультик көруге» деп алып кетеді. Есіту галлюцинациясы мен көру галлюцинациясы қатар келіп, өздерін өздері біресе сырттарынан, біресе іштерінен көріп, басқа бір белгісіз әлемге ұшып барғандай әсер алады. Тұлға түгелімен ыдырайды, не бары екі сағат уақыт өтсе де ауруға бірнеше күн өткендей болып көрінеді. Қасында біреу болып улануды тоқтатпаса, кейде арты сол целофанды басына қаптауымен отырып, өлуге апарады. Күнде теледидардан, газеттерден адам айтқысыз аюандықпен кісі өлтірген, қыз зорлаған, ұрлық қылған жасөспірімдер туралы естіп жатамыз. Оларды ортамызға аспаннан біреу әкеліп тастаған жоқ, өз балаларымыз! Қазақта - миына қиқым түскен дейді мұндайларды, немесе - жынданғандар!

Оларды үйде зорлықпен ұстап қашанғы отырасың?

Шығысымен алмаған уының орнын толтырады. Толтырмаса көз жанары үлкейіп, бүкіл денесі, аяқ қолы дірілдеп, жылап еңіреп, әлі жеткендерге қол жұмсап, ақыры өзін-өзі өлтірумен тынады.

Егер балалардың мінезі күрт өзгере бастаса, үйге үсті басы кір—кір болып келетін болса, үстiнен бензин, толуол, желім т.с.с иістер шыға бастағанын байқасаңдар, мысық, ит т.с.с үй жануарларын қорлап мәз болғанын көрсеңіз, дереу дәрігермен ақылдасыңыз. Тек алдын алған жағдайда ғана ауруды тоқтатуға болады. Жас балаларға тән: «байқап көрейінші» деген қызығушылық оны уқұмарлыққа (токсикомания) ұшыратып, басыңызға қайғы әкелмеуіне тырысыңыз.

Нашақорлықты емдеу: инемен құдық қазғандай өте бір өнбейтін іс. Көп уақытты, шыдамдылықты талап етеді. Жылдап емдеуге тура келеді. «Маған келіңіз, фотосына қарап-ақ жаза саламын, бір-екі күнде адам қылып жіберем» деген азғындар ақша үшін неше түрлі алдауға барады. Ең соңында «балаң (қызың) жаман екен, ауруы асқынған екен» деп тайып тұрады. Қазақстанда, Павлодар қаласында нашақорларды, уқұмарларды емдейтін орталық бар. Жанжақты емдеуге барлық жағдай жасалған. Аурудың жазылып шығамын деген ниеті, оған әке-шеше немесе басқа туыстарының ынтасы қосылса, ақылды, тәжірибелі дәрігер түбінде ауруды жеңері сөзсіз.

 

Есiрткіні не себептен қолданады?

 

Казіргі ғалымдар есiртіге тәуелділіктің үш бағытын белгілеп отыр.

Біріншісі: ә леуметтік жағдай — қоғам және жанұяның әсері.

Екінші: биологиялы қ — тұлғаның ауруға бейімдігі (предрасположение).

Үшіншісі: психикалық — тұлғаның жан дүниесіндегі

ауытқушылық.

Көбіне жасөспірiмдерге тән: «байқап көрсем қайтер екен» деген - қызығушылық. «Бір-екі рет тағы көрейін, сосын өзім-ақ коярмын» деген өзiнiң күшіне сенімділік. Емделуде жүрген нашақорлардың 99 пайызы: «хотел попробовать как подействует» деп шынын айтады.

Еңбектеген кiшкентай балаға дейін еңбектеп жүріп, қолына не түссе де ауызға баспай ма? Бермедiң деп еңіреп жылап отырған нәрестені есіңізге түсiріп көріңдерші. Өсе келе керемет тәрбиелі үйдің баласы (қызы) өзінен үлкен әрі бір себептермен өзі сыйлап, өнеге тұтатын адамға елiктеуі мүмкін. Тіпті ол адамды сүйіп қалуы да ғажап емес. Жоғарыда есірткіге өнер адамдары, ақын сазгерлер жақын деген едік, олардың да әсері болуы мүмкін. Тағы бір қауіп есірткі сатып, пайда тауып жүрген алып— сатар адамдарда. Олар өздеріне сатып алушы (клиент) іздейді. Бай, ауқатты адамдардың балаларын есірткіге баулайды.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных