Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Жетілмеген бәсекенің формалары: монополия, монополистік бәсеке, олигополия, т.б.




Жетілген бәсекенің жоғарыда аталған шарттарының ең болмағанда біреуі ғана бұзылатын болса, онда нарықта жетілмеген бәсекенің формалары орын алады.

Жетілмеген бәсеке жағдайында фирмалардың саны шектеулі болып табылады. Мұндай нарықтық құрылымдар жетілген бәсеке нарығына қарағанда экономикалық жағынан тиімділігі төмен нарықтар ретінде саналады. Себебі, жетілмеген бәсеке жағдайларында фирма нарыктағы бағаны бақылай алады, оның нарықтагы белгілі бір үстемдігі орын алады және өнім көлемін жетілген бәсекеге қарағанда салыстырмалы түрде аз өндіреді.

Жетілмеген бәсекенің негізгі формаларын қарастырғанда кейбір жағдайларда сатушылар да және сатып алушылар да нарықтық билікке ұмтылып бағаға ықпал жасай алуы мүмкін.

Жетілмеген бәсекенің негізгі формалары:

1. Монополия - нарықта бір ғана фирма сатушы ретінде жұмыс істейтін бәсекелестіктің ең шеткі түрі.

Қарастырып отырған тауарды өндіретін тек бір ғана жеке фирма бар және осы ауыстыратын басқа тауарлар жоқ деп есептесек, онда мұндай нарық - монополия, ал фирма - монополист деп аталады. Монополист өзінің ерекше жағдайын пайдалана отырып, тауардың бағасын бәсекелес фирманың бағасынан әлдеқайда жоғары деңгейде белгілейді және бәсекелес фирмаға қарағанда тауарды аз мөлшерде ұсынады.

Монополияға тән сипатты белгілер немесе оның шарттары:

1. «Фирма» және «сала» түсініктері түйіседі;

2. Сатып алушылардатауарды таңдауда мүмкіндіктері болмайды;

3. Таза монополист өнім шығарудың барлық көлемін бақылай отырып, бағаны кез келген бағытта өзгертеді және басқара алады;

4. Монополист берілген тауарды өндіретін жалғыз фирма болғандықтан, оның өніміне деген сұраныс қисығы бір мезгілде нарықтың да сұраныс қисығы болып табылады және ұсынылған тауардың бағасын анықтайды;

5. Таза монополия бәсекелестіктен биік кедергілермен (тосқауылдармен) қорғалады.

Салаға кіруге қойылатын тосқауылдар - бұл салаға кіргісі келетін жаңа фирмалардың кіру жолдарына қойылатын кедергілер. Егер салаға кіру тосқауылдары неғұрлым жоғары болса, онда монополиялық пайда соғұрлым тұрақты сипатта болады. Монополия жағдайында барлық кедергілер былайша екіге бөлінеді:

1. Табиғи (экономикалық) тосқауылдар – бұлар экономикалық себептерден туындайды (өндіріс масштабының тиімділігі, басты ресурстарды бақылау).

2. Жасанды (заңды немесе құқықтық) тосқауылдар -институционалдық жолмен құрылатын, мысалы, үкімет іс- әрекеттерінің салдарынан (патенттер, лицензиялар немесе монополисттің әділетсіз іс-әрекеттері) туындайды.

Таза монополия - бұл жетілген бәсекеге қарама-қарсы болып табылатын нарықтық құрылымның ең шеткі түрі.

Тағы бір айта кететін жайт, монополист-фирмалар өз өнімінің бағасына бақылау жүргізе алғандықтан, оларды «баға іздеушілер» немесе «жетілмеген бәсекелес фирма» деп те атайды. Яғни монополист жетілген бәсекелес фирмаға («баға қабылдаушыларға») қарағанда өз пайдасын максималды дәрежеге жеткізе алатын тиімді баға деңгейін іздейді және соны саналы түрде тағайындайды.

Нарықты монополиялаудың негізгі себептеріне байланысты монополияның мынадай түрлері болады:

1. Жабық (жасанды) монополия - бәсекелестіктен заңды шектеулер көмегімен қорғалған монополияның бір түрі.

2. Табиғи (мемлекеттік) монополия - белгілі бір өнімнің көлемін бір фирманың өндіруі және оны екі немесе одан да көп фирмаларда өндіргеннен гөрі арзанға түсетін өндіріс саласы.

3. Ашық (кездейсоқ) монополия - берілген тауарды өндіретін тек қана бір фирма болып және оның бәсекелестіктен ешқандай арнайы (заңдық шектеулер көмегімен) қорғанышы жоқ болатын жағдай.

Таза монополияның тауарына деген сұраныс қисығы теріс көлбеулі болады, сондықтан фирма өнім шығару көлемін бақылай отырып, бағаға ықпалын тигізе алады. Егер сатушы өз тауарының өндіріс көлемін өзгерту арқылы нарықтық бағаға әсерін тигізе алса, онда ол монополиялық билікке ие болады деп айта аламыз.

Кейбір жағдайларда таза монополия бағалық дискриминация саясатын жүргізе алады, яғни сатып алушылардың әртүрлі тобына сапасы да, шығындар деңгейі де бірдей тауарларды әртүрлі бағамен сата алады.

Бағалық дискриминация - монополист-фирманың сапалары бірдей болып табылатын берілген тауар немесе қызмет бірлігінің көлемін берілген шығындар деңгейінде әртүрлі бағалар бойынша әртүрлі тұтынушыларға сатуын немесе сата алуын сипаттайтын монополиялық тәжірибе.

Бағалық дискриминацияны іске асырудыц шарттары:

1. Тұтынушының монополиядан сатып алған тауарын қайтадан сатып жіберуге мүмкіндігінің болмауы.

2. Қарастырып отырған тауарды тұтынатын сатып алушыларды сатып алу қабілетіне қарай түрлі топтарға бөлу мүмкіндігінің болуы.

Монополиялық билік - бұл фирманың нарықта сатылатын тауарының санын өзгерту арқылы өзінің тауарының бағасына ықпал ету қабілеті.

Таза монополия шын (толық) монополиялық билікке ие бола алады.

Егер нарықта ұқсас тауарларды өндіретін бір емес бірнеше өндірушілер болса, онда монополиялық биліктің деңгейі өте салыстырмалы болады.

Монополиялық биліктің қажетті алғышарты - фирма тауарының сұраныс қисығы төмен қарай көлбеулі болуы керек.

Монополиялық биліктің сандық түрдегі сипаттамасын анықтау үшін төмендегі көрсеткіштер қолданылады:

1. Лернер индексі (Іь) - монополиялық биліктің сандық мәнін анықтайтын негізгі көрсеткіш. Кезінде 1934 жылы ағылшын экономисі Абба Лернер алғаш рет монополиялық билікті анықтаудың осындай әдісін ұсынғандықтан, аталған көрсеткіш сол экономистің атымен аталады. Ол мына формуламен анықталады:

IL =(Рm -МС)/Рm = 1 /Еdp

мұндағы, Рm - монополиялық баға, МС - шекті шығын, Еdр - сұраныстың бағалық икемділігі.

Жетілген бәсеке жағдайында баға шекті шығындар шамасына тең және осы жағдайда Лернер индексі 0-ге тең болады. Баға шекті шығындардан асып кеткен жағдайда индекс нөл мен бірдің аралығында (0 < L < 1) орналасқан оң мәнге ие болады. Индекс 1-ге жақындаған сайын фирма монополиялық биліктің үлкен көлеміне жақындайды.

2. Херфиндаль-Хиршман индексі (Інн)- нарықтағы фирмалардың шоғырлану (концентрация) деңгейін анықтайтын және нарықтың барлық қатысушылары арасында нарықтық билікті бөлуді сипаттайтын көрсеткіш. Индексті есептеу үшін әрбір фирманың нарықтағы жеке үлестері бөлшек ретінде шаршының алынуы керек және мына формауламен анықталып, осы шаршылардың қосындысы арқылы алынады:

IHH=S21+ S22+…+S2n,

мұндағы, Інн - шоғырлану (концентрация) көрсеткіші, S21 - ең ірі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S22 - көлемі бойынша келесі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2n - ең кіші фирманың үлес салмағы. Інн -дің ең жоғарғы шамасы - 10000, яғни оның мәні салада тек бір фирма болғанда 10000-ға тең болады, өйткені S21 - 100%. Егер салада 100 бірдей фирма болса, онда S21 = 1 %-ке, ал Інн 100-ге тең болады.

2. Монополистік бәсеке - бұл салада өзіндік ерекшеліктері бар тауарларды өндіретін және өзара бәсекеге түсетін көптеген фирмалар болатын, сонымен қатар олардың ешқайсысының нарықтық бағаны бақылауға толық билігі болмайтын нарықтық құрылымның бір түрі. Монополиялық бәсеке «таза монополия» жағдайына, сонымен қатар «жетілген бәсекеге» де ұқсайды.

Монополиялық бәсеке жағдайында фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған, кемімелі, икемді болады. Сұраныс икемділігінің факторлары - бәсекелестер саны, өнімнің ерекшелену (дифференциациялану) деңгейі.

Тауарды ерекшелендіру (дифференциациялау) дегеніміз - фирманың нарықтағы өз билігін күшейту мақсатында тұтынушының көз алдында тауарын өзіне ұқсас тауарлардан қандай да бір белгімен айрықша көрсету әдістерін сипаттайтын нарықтағы мінез-құлықтық элементі, яғни ондай айрықша белгілерге: сапа, жарнама, сауда белгісі, сату шарттары, буып-түю және т.б жатады.

Монополиялық бәсеке нарығы моделінің ерекшеліктерін екі негізгі сипаты бойынша қарастыруға болады:

1. Монополиялық сипаттары бойынша:

- кемімелі сұраныс қисығы;

- бағаға әсер ете алу мүмкіндігі.

2. Бәсекелестік сипаттары бойынша:

- нарықты басқа ұсақ фирмалардың көпшілігімен бөлісу;

- іс-әрекеттері басқа фирмаларға тәуелді емес;

- өнім көлемін шектеу мақсатында келісімге келу мүмкіндігі жоқ.

Тауарды өзгешелендірумен байланысты шығарылатын қосымша шығындар осы салаға жаңа фирмалардың кіруіне кедергі болуы мүмкін.

Монополистік бәсеке нарығының монополия сияқты қоғам үшін экономикалық тиімсіздікке алып келетін әлеуметтік-экономикалық салдарлары бар. Біріншіден, тауарлар өндірісі үшін ресурстар толық қолданыла алмайды, яғни жоғарыда атап өткеніміздей, артық өндіріс қуаты пайда болады. Екіншіден, тұтынушылар тауарларды төменгі бағамен сатып ала алмайды, яғни оларға қажетті тауарлар тиісті деңгейінде өндірілмейді. Үшіншіден, тауарға тұтынушылық сұранысты бейімдеу үшін сол тауарға үнемі ерекшелік беріп жетілдіріп отыру қажет. Төртіншіден, тауарға тұтынушылық сұранысты бейімдеу үшін сол тауарға жарнама жасап отыруды қажет етеді.

3. Олигополия - шешім қабылдау кезінде өздерінің бәсекелестерінің мүмкін болатын іс-қимылдарын есепке алатын, бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынаста әрекет етегін фирмалардың саны шектеулі және санаулы болып табылатын жетілмеген бәсеке жағдайындағы нарықтық құрылымның бір типі.

Олигополия нарығы моделінің түрлері:

1. Табиғи олигополия - ұзақ мерзімдік ең төменгі орташа шығындармен барлық нарыққа өнімнің белгілі бір түрін бірнеше фирмалардың сатуымен ерекшеленетін олигополияның бір түрі.

2. Таза (стандартталған) олигополия - біртекті (стандартты) өнімді (мысалы, металл, шикі мұнай, т.б.) өндіруді жоспарлаған бірнеше ірі фирмалардың нарықта әрекет етуін сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.

3. Ерекшеленген (дифференциацияланған) олигополия -нарыққа әртүрлі (ерекшеленген) өнімдерді (мысалы, автомобиль, тұрмыстық техника, т.б.) бірнеше ірі фирмалардың шығарып сатуын сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.

Олигополия нарыгыныц негізгі ерекшеліктері:

1. Нарықта басым фирмалар болады, олардың саны көп емес;

2. Олигополиялық фирмалардың нарықтық үлестері көп болады, сондықтан бағаға монополиялық билік жүргізе алады;

3. Осындай әрбір фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған болады;

4. Олигополиялық нарықтың басты сипаты - фирмалар бір-бірімен тығыз байланыста және өзара тәуелділікте болады. Баға мен өнім көлемін анықтағанда әрбір фирма өзінің бәсекелестерінің ықтимал реакциясын ескеруге мәжбүр болады;

5. Салаға жаңа фирмалардың кіруіне айтарлықтай кедергілер қойылады.

Жалпы өзара байланыстың салдары:

1) сұранысты бағалау қиындығы;

2) шекті түсімді анықтауға болмайды;

3) тепе-теңдік баға (Р*) мен тепе-теңдік сату көлемін (Q*) анықтау мүмкіндігі жоқ.

Нарық іс-әрекетінің осындай белгісіздігінен олигополия үлгісінің көптігі туындайды, олар кооперативтік және кооперативтік емес іс-әрекет модельдеріне бөлінеді.

Кооперативтік емес іс-әрекет - бұл әрбір жеке олигополист-фирмалардың бәсекелестерінің ықтимал шешімдері мен реакцияларын ескере отырып, баға мен өнім көлемі туралы мәселелерді өз бетінше дербес шешуін сипаттайтын бірікпеген қимылдары.

Кооперативтік іс-әрекет - бұл саладағы олигополист-фирмалардың біртұтас монополия құру мақсатымен баға, өнім көлемі және ықтимал пайда туралы мәселелерді өзара бірігіп шешуін сипаттайтын қимылдары.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных