Главная | Случайная
Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Когнитивті лингвистика– жеке ғылым саласы

Лингвистика ғылымының қазіргі кезеңдегі дамуы антропоцентристік бағытпен сипатталатын семантикалық зерттеулердің тереңдігімен ерекшеленеді. Антропоцентристік бағыттағы лингвистиканың алға қойған мақсаты – тілдік субъектінің дүниетаным ерекшеліктерінің тілдің барлық деңгейлерінде көрініс табуын зерттеу болып табылады. Сондықтан қазіргі таңдағы тіл ғылымының басты мақсаты – тілдік құбылыстардың сырын тану жолында күрделі де кешенді үрдісті дамыту. Осымен байланысты тіл білімінің тылсым құпиялары басқа да ғылым салаларымен психология, философия, логика, мифология, этнография т.б-мен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде танылып, ашылып отыр. Өйткені ұлттық мәдениет, болмыс, таным, дін сиқты ұғымдарды тоғыстыратын ұлттық тілдің табиғатын тілдің өзінің ішкі заңдылықтары негізінде ғана танып білу жеткіліксіз. Бүкіл рухани қазынаны жинақтап, сақтайтын ұлттық тілді халықтың тарихымен, мәдениетімен, ой танымымен, жан ілімімен бірлікте қарау мәселесі тіл білімінде өзіндік өріс алып келе жатқан этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, лингвоелтану ғылымдарының пайда болуына негіз болды. Бұл ғылымдардың тығыз қарым-қатынаста болуы тілдің құрылымдық, функционалдық жүйесінің кешенді үлгілерін айқындауды мақсат етеді. Мысалы, когнитивтік лингвистикада тіл мен таным бірлікте қаралады. Яғни тіл мен таным сабақтастығы адамға қатысты біртұтастықта қаралады. Адамға тұтастық деп қарау бірнеше ғылым саласының зерттеу әдістері мен құралдарының бір мәселе үстінде тоғысуына әкеледі.

Қазіргі тіл білімінде осы бағыттағы зерттеулер кешенді сипатта антропоцентристік бағытта және когнитивтік лингвистиканың «ғаламның тілдік бейнесі» теориясының негізінде жүргізілуде. Өйткені тілді зерттеудің когнитивтік жүйесі «дүниені тіл әлемінде тану» қағидасына сай бағытта жүргізілуі - тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі.

Тіл мен таным процестерінің ара қатынасын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Когнитивтік деген сөз «білім» деген ағылшын сөзінен алынған. Психикалық процестердің өтуін басқаратын білімдер жүйесінің құрылымы когнитивтік құрылым делінеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының өмірінде құндылықтар қаншалықты роль атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен танымның арақатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі. Аталған құрылымды жіктеп, бөлшектеп ұсыну өте қиын./ 1 /

Когнитивті лингвистиканы танымдық тіл білімі немесе немесе тілдің танымдық сипатын зерттеуші антропоцентрлік бағыттағы тіл білімінің үлкен бір саласы деуге болады. Танымдық тіл білімінің негізгі зерттеу нысандары – таным мен ақыл, ой мен сана, тіл мен таным, тіл мен ой.

Когнитивтік ғылым ақпараттарды өңдеу мен мағлұматтар жайлы түсініктер жүйесін және ойлау процесін басқарудың жалпы принциптерін айқындайды. Адамның физиологиялық, психологиялық, психофизиологиялық ерекшеліктерін ғана есепке алмай, оны қоршаған дүние жайлы мағұлматтарды жүйелеу, сарапқа салу қажеттілігі туады. Когнитивтік лингвистикалық зерттеулерде түрлі ұлттарда дүниенің тілдік бейнесі түрліше қалыптасқаны айқындалып отыр./1/

Когнитивті лингвистика саласындағы негізгі бағыт тіл мен адам санасын, тіл мен танымды біртұтас жүйеде қарастыру. Айнала қоршаған ортаның адам санасында бейнеленіп, тілде көрініс табуы, тілдің танымдық сипаты когнитивті лингвистикада тереңнен қарастырылады.

Қазіргі лингвистикалық теорияның маңызды ерекшелігі-когнитивтік лингвистикада ойлау, тіл және танымның біртұтас бүтін, біртұтас когнитивтік тілдік кешен болып айқын көрінуінде. Біртұтас когнитивтік тілдік кешен XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы лингвистикада тілді түсіну аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бастапқыда танымдық процестерді қазіргі заманның есептеуіш техника негізінде белгілі бір құрылымдар ретінде түсіндіру орын алады. Алайда бұндай пікірге қарсы пікірлер де аз емес: «Когнитивтік ғылым адам танымының құрылымын қазіргі заманғы есептеуіш техника көмегімен үлгілеу жолдары арқылы зерттеу әрине өзекті, ең бастысы-іс жүзінде қолданбалы. Дей тұрғанмен, адамның танымдық құрылымдарын механикалық құрылымдарға пара-пар етуге болмайды. Бұл адамның ойлау қабілетін немесе когнициясын зерттеу ақпаратты символдық өңдеудің бағдарламасын зерттеумен бірдей дегенге әкелер еді. Онда адамның ми қыртысын нерв жүйелерінің өзара қарым-қатынасы ретінде де, оның ментальды жағдайын танымдық ғылым аясында зерттеудің ешқандай да қажеті болмас еді» (36,43). Осы пікірді қуаттай келе В.З.Демьянков бұл «адамдар мағыналық нәрселермен ойлағандықтан адамның іс-әрекетінің интенционалдығын зерттемей, тек қана символдармен ғана түсіндіруге әкеліп соғады» дейді (37,48).

Когнитивті лингвистика ғылымына қатысты Р.Шепард бұндай сипаттама жеткіліксіз дей келе, өз тарапынан адам ми қыртысындағы ментальды процестерді белгілі бір жүйеге келтіріп, басқарып отыратын жалпы қағидалар туралы ғылым деген анықтама береді. Ал бұл принциптердің пайда болуы мен олардың қызмет атқаруын ғалым жалпы дүниенің белгілі бір заңдылықтарға сүйенетіндігімен ұштастырып, ойлау" заңдылықтары мен механика заңдылықтары арасында ұқсастықтар табады (35).

Танымдық ғылымның аясының кеңдігі мен күрделілігі, оның зерттеу нысаны болып табылатын білім мен танымның табиғатын, білімнің шығу көздерін, оларды жүйелеу, білімнің дамуын, бұның бәрі психология, антропология, философия, нейрология, тіл және де жасанды интелектіні үлгілеу т.б. ғылымдардың өзара карым-қатынасы негізінде жан-жақты зерттеуді талап ететіндігі сөзсіз.

Когнитивті лингвистика ғылымының осындай ерекшеліктеріне қатысты ғалымдардың пікірлері де кей жағдайда бір біріне қарама-қарсы келіп қалатын кездері де болады. Бұл туралы А. Исламның пайымдауынша: «Біздің ойымызша қоршаған ортаны танып білудегі ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерінен ескермеу сананы таза структуризациялауға әкеліп соғары сөзсіз. Таным өзінің күрделілігімен сипатталатыны хақ» деген ой айтады (34,72).

Танымдық ғылымның күрделі инфраструктурасындағы тіл білімінің алар орнына тоқтала кетсек. Танымдық үлгі жүйесінде тіл білімі тілдік категориялар мен бірліктердің қоршаған дүниені қабылдаумен арақатынасып, оны танып білуді қалай көрсететіндігін зерттейді. Г.Харманның пікірінше, «Тіл танымдық ғылымдардың ішіндегі ең маңыздысы. Бұл тілдің ойды жеткізудегі басты құрал болып табылуымен байланысты. ... Тіл танымға өзінің әсерін беруі де мүмкін» (8,43).

Ақпараттың ішкі өңдеуге түсуі басқаша айтқанда адамның менталды табиғаты, оның ішкі ойлау механизімдері қазіргі заманғы когнитивтік ғылымның нысаны болып табылады. Ал осыдан өрбитін қоршаған ортаның ойлауда, оның тілде қалай көрініс табатыны сияқты мәселелер белгілі ғалымдар В.Гумбольдт, А.А.Потебня, Н.Хомский, Н.Я.Марр, Г.Гадамер т.б. қарастырған. Олардың концепциялары философия, психология, мәдениет пен тілді тоғыстыра зерттеуде негізделгендігі белгілі.

 

№2) Когнитивті лингвистиканың қалыптасу, даму тарихы.

Бүгінгі таңдағы танымдық (когнитивтік) ғылым өзінің бастауын ежелгі дәуірден алатындығы белгілі, себебі танымдық ғылымның нысаны болып саналатын таным мен ақыл, олардың өзара қатынасы сонау ерте заманалардан пікірталас тудырып келген түсініктер. Бұл дегеніміз танымдық ғылымның ең маңызды да, басты мәселесі классикалық мәселе - тіл мен ойлау екендігін анықтай түседі.

Поэтикалық мәтіндегі тіл мен ойлаудың өзара қатынасы ертеде философтарды бірден-бір ойландырған мәселе болса да, бүгінгі таңда осы мәселе де күн тәртібінде тұрғандығын көруге болады. Бұның айғағы Платонның «Кратилі» - тілдің танымдық құрал екендігі жөнінде сөз қозғалған ең алғашқы философиялық талдауы. Тіл жөніндегі Платонның тәржімелеуінің негізі-атаулардың қоршаған ортаны танып білуде абсалюттік дәлме-дәл еместігінде. Платонның пікірі бойынша атаулар көмегімен қоршаған ортаны танып білу танымдық құрылымның төменгі сатысын ғана құрайды, ал бұл процестің ең жоғарғы сатысы байқап бағдарлап, мән-мағынасын түсіне танып білу болып саналады (7). Платонның тілдің танымдық қызметін бүндай шеңберде шектеуі сол дәуірдегі тілді символдық белгі ретінде қарастырмай, табиғи белгі тұрғысынан қарастыру көзқарасының қалыптасуынан деп тұжырым жасауға болады

Ал үндітанушы ғалымдардың пікірлері бойынша, үнді философы Анандавардханидың (IX б.э.) іліміндегі семантикалық өзгерістердің сипаты, ойлау мен тіл арақатынасы (ойдың пайда болуы мен сөзбен жеткізу арақатынасы) мәселелері бойынша айтқан ойлары қазіргі кезде де өз құндылығын жоймаған (4).

Қытайдың конфуциандық ілімін қарастырсақ, бір заттың мағынасын түсіну үшін оның алғашқы идеялық болмысына, «идеалдық» мағынасына, «дұрыс» атауларына оралу ғана сол заттың белгілі болуына жол ашады деп түсіндіреді. Ежелгі қытайлық «И Чинг» («Өзгерістер кітабы») концепциясында адамның ойлау, таным процесі бір-біріне қарама қарсы «Ян» (позитивті) және «Ин» (негативті) екі полюстік өлшем арқылы сипатталатындығын мәдениеттану мен философия ғылымдарының негізінде көруімізге болады (31). Дж. Лакоффтың пікірі бойынша қазіргі заманның когнитолог зерттеушілер Ч.Осгуд пен М.Ричардста дәл осыған ұқсас ұстанымды байқауға болады (32).

Мұсылмандық қайта өрлеу кезеңі болып саналатын X ғасырда Абу Хайан тілдің кез келген болмасын элементінің маңыздылығы айта келе, тілсіз ешқандай да ойлаудың болмайтындығы нагізінде тіл мен ойлаудың өзара тығыз арақатынасы туралы айтқан ойларын орта ғасырлық шығармаларды зерттеген ғалымдардың еңбектерінен көруге болады (33).

Уақыт өте келе тіл мен ойлау мәселесі Лейбництің (форманың мағынаны берудегі ролі), И.Кант пен Г.Фреге еңбектерінде де сөз болады. Соңғысының мағына теориясы жоғарыда атап өтілген Анандавардханидің семантикалық іліміне ұласады.

Демек, сонау Платон ой тоқтатқан тіл мен ойлау, танымдық процесіндегі тілдің алатын өзіндік ролі мәселелері әлі күнге қазіргі заман ғылымдары болып табылатын таным ғылымының нысаны болып саналады.

Әрине, бұл мәселенің ізденіс шеңбері кеңейіп, таным, интенционал, тіл логикасы т.б. ұғымдарымен толықтырылып жаңа концепсиялар, бағыттар негізінде зерттелуде. Қазіргі кезде әсіресе, шет елдік ғалымдарының өзіндік зерттеу нысанына байланысты танымдық бағыттағы көптеген ғылыми ізденістері жарық көрді.

Лингвистика ғылымындағы «когнитивті лингвистика» деген термин 80-ші жылдары М.Бирвиштің еңбегінде сөз болған. Әйтсе де тілдік құбылысты когнитивтік тұрғыдан зерттеудің жалпы үрдісі 60-70-жылдары амеркандық Хомский, Лакофф, Коок т.б. ғалымдардың еңбектерінде айтылған болатын. Негізіне бұл бағыт өз бастауын В. фон Гумбольдттың лингвистикалық философияға қатысты зерттеулерінен алады деген тұжырым бүгінгі күнгі лингвистика ғылымындағы ғылыми айналымда кең көлемде қолданылады.

Когнитивтік лингвистика ғылымы алғашқыда нейролингвистика ғылымы (жасанды интеллект және компьютерлік ғылымдар) аясында зерттелінді.

Зерттеу барысында ғалымдар оның адамзат баласының дүниетанымын, парасат-пайымын, ойлау деңгейін, тілдік бейнесін де қарастыратындығына көз жеткізген болса, кейін келе адамның танымын, білімін, ойлау құбылыстарының сан қырын ашу бұл ғылымның маңызды аспектілеріне айналады. Когнитивтік ғылымның негізгі ерекшеліктеріне, зерттеу нысанына, бағыттары мен ұғымдарына алғаш рет көңіл бөлген шетелдік ғалымдар болатын. Дж. Миллер когнитивті ғылымды «XX ғасырдың 50 жылдарында дүниеге келген ақпраттар теориясының сипозиумы» деп бағаласа, 1960 жылы Гарвард университетінде американдық профессор Дж. Бруннер Дж. Миллермен бірге когнитивтік зерттеу орталығын ашады. Аталған орталық когнитивтік лингвистика ғылымының негізін қалауға айтарлықтай үлес қосады.

XX ғасырдаң ортасында когнитивтік лингвистика қазіргі антропоцентристік парадигмадағы базалық ілім деңгейінде қарастырылады. Осы бағытта көптеген зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Осының нәтижесінде Еуропада XX ғасырдың соңына қарай когнитивтік ғылымның теориялық бағыттары жетіліп, тамырын тереңнен тартып, терең зерттеліп қанатын кеңге жая түсті. Осы тұста Дж.Лакофф, Р.Лангакер, Т.Ван Дейк, Дж.Хэйман, Х.И.Шмидт, М.Джонсон, М.Виттенштейн, Г.Н.Сент сияқты шетелдік ғалымдардың когнитология саласына қатысты зерттеу еңбектері жарық көреді. Зерттеушілер танымдық ғылымдар аясында тілдің «әлемнің тілдік бейнесін» сипаттаудағы қызметіне айрықша назар аударады. 1975ж. Дж.Лакофф пен Г.Томпсонның «Когнитивті грамматиканы ұсынамыз» атты мақалалары, 1985ж. Ж.Фоконьенің «Ментальды кеңістік» атты еңбегі 1987ж. Р.Лангакердің «Когнитивті грамматика негіздері» атты зерттеуінің 1-томы, ал 1991ж. 2-томы жарық көрді. Танымдық мәселелерге өзіндік тұжырммен келген зерттеулер қатарында ғалымдар Дж.Лакоффтың «Әйел, от және қауіпті заттары» мен М.Джонсонның «Тән ойлау үстінде» атты кітаптарын да атап өтеді. 80-жылдардың аяқ шенінде «Бенджаминс» баспасынан Б.Рудзки-Остынның басқаруымен дайындалған «Когнитивті лингвистика мәселелері» атты көлемді мақалалар топтамасы да шығарылды. Осындай ғылыми зерттеулердің қайсысы болмасын тілдің танымдық ерекшелігін эр қырынан сипаттай отырып, когнитивті лингвистиканың теориялық үстанымдары мен бірліктерін айқындауға, танымдық элементтердің адам санасында жүзеге асу, қызмет ету өзгешеліктерін зерттеуге айтарлықтай үлес қосқандығы мәлім. Сол секілді когнитология саласындағы Чейф программасы жады қызметін ұйымдастыру теориясы деп аталып, жадының түрлері мен ерекшеліктерін белгілі бір жағдайларға қатысты зерттеуге бағытталды. Осыған орай, ғалым жадының үш түрлі сипатына анықтама берді: атүсті, қысқа мерзімді және ұзақ уақытты жады деген түрлерінің жіктеліп шыққандығын көруге болады. Р.Шенк пен оның шәкірттері адамның ойлау, әрекеттерін сұрыптайтын кешенді теория мен концептуалды байланыстар тілін ойлап шығарды, оның негізінде ауысудың екі түрі жатты: P-Trans-физикалық ауысу; M-Trans-интеллектуалды ауысу болып табылады. Тіл мен танымның арақатысын толық қабылдай қоймаған бұл ілімнің нақты танымдық үлгілерді құрастыруда, түсіну процесіндегі танымдық күтудің маңызын сипаттауда өзіндік қол жеткізген жетістіктері де болды. Ғалым зерттеуіне қызығушылық, түсіндіру, жады, күту секілді категорияларды арқау етіп, алғашқы когнитивті теориялық бірліктердің тізбегін, когнитивті операцияларды немесе концептуалды нәтижелер заңдылықтарын ұсынғандығын көруге болады. Дж.Лакофф бағдарламасына когнитивті модельдер, семантика, лингвистикалық гештальт, семантикалық прототип теориясы, метафора теориясы сол секілді санаға тәуелсіз шығармашылық деңгейде жүзеге асатын танымдық процестер сияқты мәселелердің де енгендігін көруге болады. Н.Хомский негізін қалаған фразалар мен сөйлемдерді құрастырудағы морфемаларды тіркестірудің жалпы ережелері тіл біліміне маңызды өзгерістер әкелген құнды тұжырымдар қатарында бағаланып, универсалды, кейде генеративті грамматика деп аталды. Ғалымның зерттеулері көптеген осы бағытты зерттеушілерге бағдаршам болды десек те болады. Ж.Фоконьенің ментальды кеңістігі танымдық бағытты дәстүрлі логика-прагматикалық мәселелерімен байланыстырудан туындаған.

1990 жылдарға дейін когнитивті тіл білімі бір-бірімен тоғыса қоймаған жеке зерттеу бағдармаларын, ғылыми көзқарастар жиынтығын құрады. Оған жоғарыда аталған еңбектерге қоса, тілшілер маңызды танымдық қорытындылар жасаған Т.ван Дейктің, Дж.Хэйманның, Т.Гивонның ғылыми көзқарастарын да жатқызды. Когнитивистер тек 1980-1990 жылдардан бастап дүниеге келген жұмыстар ғана жаңа сипаттағы, тың үлгідегі когнитивті зерттеулердің бастамасын құрды деп есептелінді (26).

Халықтың болмыс, тіршілігінің, мәдениетінің, таным-түсінігінің құпия сырлары ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын – тіл арқылы көрініс табады. Тілді танымдық тұрғыда зерттеу бүгінгі таңда дамып келе жатқан жаңа бағыттардың бірі. Адамзат өзін қоршаған дүниелегі әлем бейнесін қалай таниды, ұлттың дүниеге деген көзқарасы негізінде менталитеттік танымдар қалай пайда болады деген сауалдар осы когнитивтік лингвистикада қарастырылады. Жалпы когнитивтік лингвистиканың алғашқы идеялары Гумбольдт, Уорф, Сепир сияқты ғалымдар еңбегінен бастау алып, қазақ тіл білімінде Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.М.Копыленко, Ж.Манкеева, Н.Уәлиев, Қ.Жаманбаева, Б.Ақбердиева, Б.Дина, Г.Снасаповалардың еңбектерінде қарастырылады. Орыс тіл білімінде когнитивті лингвистикаға қатысты зерттеу жүргізген ғалымдар – Н.Д.Арутюнова, В.Н.Телия, Н.Н.Болдырев.Ю.Н.Караулов, В.А.Маслова т.б.

Когнитивті лингвистика ХХ ғасырдың ортасына қарай қарқынды дами бастады. Осы бағытта көптеген ғылыми зерттеу еңбектері жарық көрді. Зерттеушілер тілдің «ғаламның тілдік бейнесін» түзу қызметіне ерекше назар аударды. Аталмыш жаңа лингвистикалық теорияның шын мәніндегі концептуалдық қағидаларының негізделуі соңғы жылдары қарқынды зерттелу үстінде.

 

 

№3) Когнитивті лингвистиканың басқа ғылымдармен байланысы.

 

<== предыдущая лекция | следующая лекция ==>
The notion of frame for conceptual analysis. Frames and their types. | 

Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2019 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных