Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 24 страница




Х.Досмұхамедов. 28 наурыз, 1934 жыл.

Мекенжайым: Воронеж қаласы, Ветеринарная көшесі, 13. Дәрігерлердің анықтамасы қоса тіркеліп отыр”,– деп баяндалған.

Әрине, өтініште көрсетілген тілектің орындалмағаны анық. Дәрігер болғандықтан да өзін іштен жеген қылқұрттың қаншалықты қатерлі екенін сезсе де жұқпалы дерттен баласын арашалай алмағанына қатты қорланғанын, Х.Досмұхамедовтің зағип боп қалған қызы Қарашаш апай қабырғасы сөгіліп отырып айтып еді. Кесімді мерзімі біткен соң да Қазақстаннан қайыр болмайтынын біліп еліне қайтпаған. Денсаулық сақтау мекемесінде амбулатория меңгерушісінің орынбасары болып қызмет істепті. Өжет мінезді қайсар қыздың қиналғанын көріп тұрып, одан әрі қинауға біздің де дәтіміз жетпеп еді. Сол кезде айтылған бір ауыз сөз өзегімді қазір де қарып тұрғандай көрінеді.

Семіп бара жатқан өмірдің сөніп бара жатқан күнін тыныш қарсы алуға да кеңестік қастаншықпағыр жүйе мүмкіндік бермеді. 1938 жылы 26 шілде күні тағы да тұтқынға алынып, әуелі Мәскеуге апарыпты, одан Алматыға алып келіпті.

Батыс «Алашорда» тарихын түбегейлеп зерттеген Дәметкен Сүлейменованың мағлұматына сүйенсек:

«1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. 1939 жылы 19 тамызда түрме ауруханасында өкпе туберкулезінен қайтыс болды – деген хабар келген. Бірақ бұл дерек толық анықталған жоқ».

«Бір жанға екі күймек әділет пе?»,– деп Абай айтқандай, Халел Досмұхамедұлы да ұлты үшін бір емес, екі рет күйінді болды.

Тура осындай тағдыр тауқыметі Жаһанша Досмұхамедовті де күтіп тұрды. Тергеу ісінің І томының 990-бетінде Воронеж облыстық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Булатов 1935 жылы 17-тамыз күні төмендегідей шешім шығарған. Онда:

«Мен, УВД УНКВД-нің І бөлімінің Воронеж облысы бойынша бастығы Булатов – жер аударылып келген, 1887 жылы туған, бай семьядан шыққан, Досмұхамедов Жаһаншаның үстінен қозғалған №3400 жеке істі қарап шықтым.

Ол: 1) 21-жылға дейін астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысқаны және ұйым бағдарламасын жасап, оған жаңа мүше тартқаны үшін;

2) Ұлтшыл ұйымның жетекшісі ретінде басмашылардың бастығымен байланыс жасағаны және 27-жылы Әділев басқарған бандыларға қолдау көрсеткені үшін;

3) 28-жылы Қазақстандағы жер саясатын бұрмалауға белсенді түрде қатысып, шаруашылығы тәргіге ұшыраған байларды қолдағаны үшін –

ПП ОГПУ-дің қаулысымен РСФСР-дің ҚК-нің 58-10-11, 53 баптары бойынша Қазақстанда 20.ІҮ. – 32 жылы түрмеге қамалған.

Көрсетілген қылмыстары бойынша 5 жылға концлагерге жер аударылған, 30-жылдың 31-қазанынан бастап есептелетін концлагердегі кесімді мерзімі аяқталды, бірақ та Қазақстанға қайтқысы келмейді. Мәскеуде жұмыс істейтін бауыры Макешевтің қасына орналасқысы келеді. Жаһанша Досмұхамедовтің жер аударылуға кесілген мерзімінің 35-жылы 31-қазанда аяқталатынын және осы уақыттың ішінде ешқандай қылмыстық әрекетінің байқалмағанын ескере отырып, мерзімі біткеннен кейін Жаһанша Досмұхамедовтің ссылкадан босатылатынын хабарлаймын»,– деп жазылыпты.

Воронеждік тергеушінің мәліметіне қарағанда алаш азаматтарының үстінен қозғалған қылмысты істің мазмұны мүлдем өзгеріп, Ж.Досмұхамедов „басмашылардың бастығымен байланыс жасап”, „бандының бастығы Әділевтің өзін” қолдаған болып шыға келген. Ал тергеу істерінде Ж.Досмұхамедовтің Д.Әділевке мүлдем қатысы жоқтығы көрсетілген.

Шарасыз зорлыққа қарсы тұрар шама да жоқ еді. Еріксіз мойынсал болды. Айдауда жүріп Воронеж қаласындағы оқу орындарының бірінде дәріс оқыды. Жаһаншаның өмірін зерттеуші ғалым Д.Сүлейменова:

«Досмұхамедовтің бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне қарама - қарсы келетін бірнеше ауызекі дерек бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 жылы қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір дерек бойынша, бет-әлпетін өзгертіп Қарақалпақстанда бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерінде ұсталды-мыс. Үшінші бір деректерде: өзінің үйінде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне әкетілгені айтылады. Осы деректің ішіндегі үшіншісі, яғни, өз пәтерінде сал боп жатқан жерінде тұтқындалғаны құжаттар негізінде анықталды»,– деп дәйектеме жасайды.

Бұған біздің де сәл ғана алып-қосарымыз бар. Ол – жоғарыда айтылған Қарашаш Халелқызы Досмұхамедованың әңгімесі. Елуінші-алпысыншы жылдардың өзінде алаш ардагерлерінің пікірлерін жадында сақтап, жатқа айтып жүретін, өзін солардың рухани мұрагері ретінде сезінген, ұзақ жылдар бойы Қарашаш Халелқызымен бірге істеген Сейітбек Нұрханов дегдар:

«Біз Қарашашпен қызметтес болдық. Адал да турашыл адам еді. Сол кісі бізге әкесі Халел мен нағашысы Жаһанша туралы мынадай естелік айтып еді»,–деп ол деректі бізге берді.

Қарашаш Халелқызы Досмұхамедова: «Жаһанша аға менің әкемді жезде деп есептеп, үнемі қалжыңдап жүретін. Өйткені менің шешем Сағираның сүйегі тана тайпасының ішіндегі қарақұнан бұтағынан еді. Ал біз беріш боламыз. Жаһаншаның әйелі Ольга Константиновна маған: біз осындай аласапыран күннің туатынын білдік. Сондықтан да тағдырдың тәлкегіне ұшырайтын баланы өмірге әкелуді керек деп таппадық. Ол ұсталатын күні демалыс паркіндегі қазақтарға қатысты әлдебір шараға барды. Мен қарсы болып едім, көнбеді. Келген соң: біреулердің қабағы маған ұнамады. Бір қатер жақын сияқты,– деді. Сол күні түнде ұстап әкетті,– дегені есімде».

Бұл да жоғарыдағы үш болжамның бірі ретінде өмір сүруге қақы бар дерек. Ал Жаһаншаның Зайыбы Ольга Константиновна Колоссовскаяның тағдырынан да бейхабармыз. Тек оның әпкесі Надежда Константиновна Колоссовская – Тұрар Рысқұловтың жамағаты болғандығы, кейін ажырасып кеткені ғана қаперімізде бар. Туған ағасы Ғаббас Досмұхамедов (1868-1930) те саяси жүйенің құрбаны болыпты. Досмұхамедтің тұқымынан тараған Жаһаншаның Унзила Нұғыманқызы, Бисенғали Қуанышәлиев атты белнемерелері бар екендігіне жұбаныш етеміз:

"Біздің мақсатымызел билеуді, халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты – елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз",– деп армандаған Алаштың ақиығының бірі – Жаһанша Досмұхамедовтің маңдайына осындай тағдыр бұйырыпты.

Жазмыштың бұйрығы солай болса, амал бар ма?!. Әттең! Әттең!!. Әттең, ағалар-ай! Сіздер ұйытқан тәуелсіздіктің тәтті дәмін, енді міне, біз татып отырмыз.

 

 

ТӨРТІНШІ ТАРАУ: «КӨТЕРІЛІП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ...»

(Әлімхан Ермеков)

 

1.

 

Алаш идеясын инсандық нысанадан нақты тәуелсіз тұлғаға айналдырып, оның рухани, саяси, территориялық, экономикалық, құрылымдық жүйесін анықтап, мемлекет ретінде тиянақтап берген тұлғаның бірі және «Алаш» партиясының, «Алашорда» халықтық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің атынан сол тұстағы Ресей империясында жарыса өмір сүрген үш үкіметпен: Уақытша құрылтай кеңесімен, Сібір уақытша үкіметімен, кеңес өкіметімен келісім жүргізген, осы үш үкімет те оның өкілеттігін таныған қайраткер – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков. Мұрағат құжаттары мен тергеу ісіндегі және ресми қызмет орындары берген мінездемелеріне, саяси әріптестері мен қарсыластарының бағасына, замандастары мен көзі көргендердің естеліктеріне жүгініп, ондағы сипаттамаларды қорыта тұжырымдасақ, Әлімхан Ермеков:

Ұлттық-мемлекеттік ойлау қабілеті алымды, мақсатқа жету жолындағы басқан қадамы нық әрі қарымды, мүддесін дәлелдеуге келгенде өжет, қорғауға келгенде азулы, күрделі шиеленістер тұсында мысын бастырмайтын бетті, саяси ұтысы мен ұтылысын ұмтылысына бағыттай білетін аңғарлы, мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддені тоғыстыра білетін мәмілегер, логикалық қисынға шебер оқымысты, мәдени ұстанымы жоғары, саясат тілін жетік меңгерген, ойын жеткізуге келгенде қара тілдің шешені, сөйлегенде «жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдап отыратын» (Ә.Бөкейхан) аса зейінді тұлға.

Сондықтан да, «ұстазы» (өз сөзі) Әлихан оның жастығына қарамастан ең күрделі, маңызды, шағымды, намысты – ұлттық, мемлекеттік саяси мәселелерді шешуге Әлімханды үнемі алғы шепке жұмсап отырған және өзінің «ту ұстары» ретінде тарих талқысына салып, ысылдырған.

Ал жоғарыдағы мінездемелерге Әлімханның қайраткерлік жолы толық жауап береді және ол қатысқан шағымды шаралардағы қабылданған қарарлар мен қаулылар да сипаттамаларға сай келеді. Сондықтан да, Алаш тарихындағы мұндай шешуші тұлғалардың тергеуге тартылмай, түрмеге қамалмай, еркіндікте жүруі мүмкін емес еді. Әлімхан Ермековтің қайраткерлігінің үш үкіметпен бірдей тамырласып кеткені сондай, оның «дұшпандық әрекеттерін» кеңес өкіметінің атқарылған шараларынан ажыратып алудың өзі тергеушілерге өте қиынға соққан. Алаш қайраткерлерінің алғашқы легінде тұтқындалмауының да бір себебі осында жатыр. Әйтпесе, «Алашорданың» іскерлік тұтқасы тұтқындалмаса, қиямет есігінің айқара ашылуы да мүмкін емес екенін олар түсінген. Бұған қоса Әлихан Бөкейхановты қақпанға түсіре алмауы, Ә.Ермековтің Халық комиссарлар кеңесінің мүшесі болуы да сақтана қимылдауға мәжбүр еткен.

Алдын-ала ескерте кетететініміз, Ә.Ермековтің өзі І томның 427-443 беттерінде қарындашпен жазылған, ал 444-448 беттері машинкаға басылған жауабында:

«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде ертеректе өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін»,– деп көрсеткеніндей, шындығында да елеулі оқиғалардың реті шашыраңқы баяндалыпты.

Оқиғаның ретін сақтау үшін және тарихи жағдайларды түсінікті әрі бір ізге түсіріп талдау үшін біз шежірелік жүйені таңдадық. Сондай-ақ Ә.Ермековтің тұтқынға алынған күні де әр деректе әр қалай. Іске тігілген түбіртек бойынша тергеу орындарының қаулысы 1930 жылы 22 қыркүйек күні шыққан. Ал көрсетінділерде: «6 және 10 қазан күндері жауапқа тартылуыма байланысты» – деп көрсетілген. Біз қаулыға жүгіндік және тұтқындалу мен сұрақ алудың арасында алшақтықтың болуы да заңды. Біздің ойымызша, Ә.Ермековпен бетпе-бет келген тергеуші оған айып тағу үшін ілгішек іздеген сияқты. Ол «ілгішек» табылды және жақыннан, дастарханның шетінен, дәм үстіндегі тілбасардан табылды.

Ақ дастарханды аттаған, Әлімхан Ермековті «халық жауы» ретінде әшкерелеген тері-терсек маманы, құдайы көршісі, «алаш дертінен ада» Фазыл-Ағзам Әлиханов болып шықты. Тергеушілер де алыстан арбаламай, «домалақ арызды» жақыннан дорбалаған. Оның көрсетіндісі тергеу ісінің ІІ томның 284- бетінен басталады.

Ф.-А. Әлиханов: «3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған Волохов. Ермековті мен 1924-жылдан білемін. Сол жылы ол Қарқаралыдан Семейдегі Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне қызметке ауысып келісімен өзінің ұлтшылдық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Губерниялық мекемелердің сеніміне кіріп, бедел жинаған соң, ол ең алдымен қазақ мәдени орталығы дегенді жоспарлап, құрылыс сала бастады. Бұл құрылыстар оның өзі туып-өскен Қарқаралыда салынатын болып шықты. Губерния қызметкерлеріне, оның ішінде Досовқа беделінің өтетінін біліп аппараттағы қазақтарға үнемі: «биік деңгейде болыңдар»,– деп ұран тастайтын. Ол биыл бірнеше қазақты Семейге шақырып, Ұранқаев, Спанов, Әбішев басқаратын ірі шаруашылықтарға орналастырды. Кеңес немесе шаруашылық мекемелеріндегі қызметкерлердің, тіпті, партиялық мәселелер жөнінде де өзара келіспей қалған істері Ермековтің алдында шешілетін, «бітістіру», «орналастыру» соның мойнында еді».

Бұл мәліметке Ә.Ермеков сол күні жауап берген. Алайда 6 және 10 қазан күні тағы да жауапқа тартылады. Үш көрсетіндінің де мазмұны қарайлас. Сондықтан да ойын жинақтап берген соңғы көрсетіндідегі жауапты келтіруді жөн көрдік.

Ә.Ермеков: «Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерінің арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгілі болатын. Әлихановтың көрсетіндісіндегі түсініспеушілікті ОГПУ-дің коллегиясына 1930 жылдың 3 қазан күні жолдаған мәлімдемемде көрсетіп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкінішке орай ол өтінішім қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлігі осынша сенімге ие болғандықтан да, Шомбалов пен Барлыбаевты куәлікке тартуды сұраймын.

Осы бір кездейсоқ тіршіліктің соңы осыншама ушығып кеткенінің өзі Әлихановтың көрсетіндісінің абсурд екендігіне дәлел. Әлиханов«Ет өткізу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкімет мекемелеріне сөзі өтетіндей оның аппаратта беделі жоқ. Әлиханов жеңілтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейін түсінбеймін. Таныстардың барлығы маған оның: тақыс, өзінше қулығы бар, өз кінәсін өзгеге көтертіп күн көретін адамекенін айтқан. Егерде менің көрсетіндім күдік тудырса, онда ОГПУ тергеушілері бұл инцидентті анықтап тергесін. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердім, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесін».

Жауапқа қарағанда Ә.Ермеков, шындығында да, өзінің тұтқындалуына уақытша түсініспестік ретінде қарағаны аңғарылады. Мұндай «ұсақ-түйек түйткіл» үшін тұзаққа түскеніне сенімсіздік танытады. Сес көрсету де байқалады. Бірақ бұл шырғалаңның басы ғана еді.

Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «1925-жылдың басында ғой деймін, Ермеков Мемлекеттік жоспарлау мекемесіндегі Тоқтабаевтің шақыруымен Қызылордаға кетті, ол сонда төрағаның орынбасарлығына тағайындалды. 1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековте болдым. Онда маған Ермеков: «Бөкейхановты Жер жөніндегі Халық комиссариатына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге асуға жақын. Қалыптасқан саяси жағдай қиын, сондықтан да тәжірибелі мамандардың барлығы Түркістанға кетті. Семейдегі Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек»,– деді. Профессор Швецов Ермековтің үйінде тұрды ғой деймін. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегі Ғаббасовты шұғыл түрде тәжірибелі маман есебінде Мемелекеттік жоспарлау бөліміне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтің өзі барлық қаражат жүйелері тоғысқан Қазақ ауыл шаруашылығы банкісіне ауысып, Қазақстанның банкі жүйесіне әсер етпек болды. Ермеков дегеніне жетіп, банкке белсенді ықпал жасады. Оны: Ақмоланың ауыл шаруашылығы банкісіне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскіге бару үшін жол ақысына 500 сом бөлдіруінен байқау қиын емес. Бұған Ақмола партия ұйымы қарсылық білдіріп, ойлары жүзеге аспай қалды».

Ә.Ермековтің өзі көрсеткеніндей, Ф.-А.Әлиханов, шынында да Ермековті жазғыруға ұмтылған. Ф.-А.Әлихановтың көрсетіндісіндегі әр адамға берілген мінездемесіне, олардың жүрген-тұрған жерін, іс-әрекетін, кіммен кімнің не деп сөйлескенін мәлімдеуіне және тұтқыннан өзгелерден бұрын босатылып жіберілуіне қарағанда, оның сынаша қағылған әрекетінен бір кілтипанның бар екенін болжауға болады.

Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «2). Қозыбағаров қаржыға байланысты істі жүргізді. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкісіне Жанғазинді ауыстырды. Жанғазин бай тұқымынан болса да, оған барынша қолдау көрсетті. Біраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шілдесінде Ермековті мен таба алмадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтің Ташкентке көшкенін жеткізді. Қызылордаға келгенде маған: қазақ жастарының сауатын ашу үшін түпкілікті орналасуға бекінгенінайтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға – ҚазГУ-ге ауысты. 1929 жылдың шілде айында мен де Алматыға ауыстым. Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдім. Қызымның ауырып жатқанын біліп, көңілін сұрауға келіпті. Содан кейін мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдім. Қарқаралы округінен шақыру келіпті. Онда тәркілеу басталыпты: «Бұл бейбастық. Тәркілеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемін. Тәркілеу – ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келісуге болмайды. Қаншама адам зардап шегеді»,– дегенді айтты. Содан кейін өлкелік сьезде … профессор …ковичтің (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады…”.

Ә.Ермеков (жалғасы): «УОО ПП ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруіне қарағанда, маған айып ретінде тағылған 57-бап пен 58-баптың 7-тармағы бойынша мен кеңес өкіметіне қарсы әрекетім үшін емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуімен кеңес саясатын теріс түсіндіруге тырысқандығым үшін жауапқа тартылған екенмін. Мен бұл жөнінде ОГПУ-дің өкіліне берген бірінші жауабымда айтқанмын (Бұл – ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі көрсетіндісі болуы мүмкін – Т.Ж.). Енді келіп соның көрсетіндісінің үзіндісін алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек.

Онда: Халық комиссарлар комиссариатының әлеуметтік мәдениет бөлімінің кеңесшісі Барлыбаевқа – ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын.

Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар? Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: «Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе? Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр»,деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін».

Жауаптың ыңғайына қарағанда Ф.-А.Әлиханов түрмеге қамалған соң Ә.Ермековпен бір камерада отырған. Тергеушілердің төселген әккі тәсілі бойынша Ф.-А.Әлиханов Ә.Ермековтен «сыр тартқан». Сондай-ақ Ә.Ермековтің: «Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр,– деп соңын қалжыңға айналдырды»,– деуіне қарағанда, бұл адам түрмеге белгілі бір тапсырманы орындау үшін кіргізілуі мүмкін. Оған мұның жалтақ та жеңілтек мінезі, сатушылық кәсібі ықпал еткен сияқты. Әдетте, құпия мекеме сондайларды шырғаға түсіруге епті келеді.

Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-дің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол: Жұманов (Шомбалов –? ) пен Әлібековке жолығамындеді. Жұманов (Шомбалов) – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол: қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім,– деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сияқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың. Ол Еуропа емес. ИсаевГолощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтің ең оңды ісі – Қазақстанда азық-түліктің сатылуын қамтамасыз етті,деген сияқты пікір білдірді.

Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәркіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевты Алматыға көшіп келіп, өзінің қарауында қызмет істеуге шақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі ағарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін».






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных