Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






уатты да табысты мемлекет 3 страница




Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды.

Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек.

2050 жыл - жай бейнелі дата емес.

Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім.

БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді.

2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады.

Қазір елдердің дені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды.

Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.

Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты.

Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.

Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды.

Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.

Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.

Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.

Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс.

"Қазақстан-2050" Стратегиясы – "Қазақстан-2030" Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін.

Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.

***

2. Біз қайда бара жатырмыз?

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.

Дамушы елдер арасында осы клубтағы орынға бәсекелестік қатал болмақ. Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс. Біз бірінші дәрежедегі мынадай мақсаттарымызды назардан шығармастан, нысаналы әрі шабытты жұмыс істеуіміз керек:

· Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.

· Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.

· Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.

· Жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру.

· Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.

· Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.

· Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.

Бүгін, сонымен қатар, мен 2050 жаңа саяси бағыттың табысты басталуын қамтамасыз ететін 2013 жылғы бірінші кезектегі міндеттерді атағалы отырмын.

Осы міндеттерге сәйкес Үкімет шұғыл түрде 2013 жылғы жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын әзірлеуі тиіс.

Осынау аса маңызды құжат нақты тапсырмаларды қамтуы және биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтары басшыларының дербес жауапкершілігін көздеуі тиіс. Президент Әкімшілігі оны дайындау және кейіннен іске асыру барысын ерекше бақылауға алуға тиіс.

Енді мен "Қазақстан 2050" Стратегиясының негізгі бағыттары туралы өз пайымдауымды алға тартқым келеді.

 

1. Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм

 

1. ТҮГЕЛ ҚАМТИТЫН ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПРАГМАТИЗМ

Жаңа бағыт экономикалық саясатының мәні – түгел қамтитын экономикалық прагматизм, шын мәнінде бұл біздің бүгінгі көзқарастарымыз бен ұстанымдарымызды түбегейлі өзгерту.

Бұл нені білдіреді?

Бірінші. Экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау.

Екінші. Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық тауашаларды айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру.

Үшінші. Экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кірістілік пен қайтарым.

Төртінші. Экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту. Экспортты мемлекеттік ынталандыру.

Жаңа кадр саясаты

Жаңа экономикалық саясат табыстылығының басты шарты кадрлар арқылы нығайтылуға тиіс. Бұл үшін біз:

· Басқарушылық ресурсын жетілдіруге тиіспіз әрі бұл үшін бізде резервтер бар.

Менеждменттің жаңа құралдарын және мемлекеттік сектордағы корпоративтік басқарудың қағидаларын енгізу қажет.

· Мұнымен бір мезгілде халықаралық еңбек бөлінісінен пайдалы жағын алуымыз, атап айтқанда, біздің жаңа бағытымыздың бірқатар міндеттерін іске асыру үшін аутсорсинг бағдарламалары арқылы сыртқы кадр ресурстарын тартуымыз керек. Біз сонымен қатар ашық нарықтағы ең үздік шетел мамандарын тартуға және оларды елімізге жұмысқа шақыруға тиіспіз.

Кең көлемді халықаралық тәжірибесі бар әрі білімді басқару кадрларды пайдалану екі бірдей нәтиже береді: біз өндірісіміздің менеджментін жаңғыртумен қатар, өзіміздің отандық кадрларымызды үйретеміз. Бұл - біз үшін жаңа тәжірибе.

 

2050 жылға дейін кезең-кезеңмен мынадай міндеттерді шешу принципті маңызды:

Біріншіден, мемлекеттің макроэкономикалық саясаты жаңғыртылуы тиіс.

Бюджет саясаты

· Біз бюджет саясатының жаңа принциптерімен қарулануға - өз мүмкіндіктеріміз шегінде ғана шығындануға және тапшылықты барынша мүмкіндікте қысқартуға тиіспіз. Ұзақ мерзімде олардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, «қиын-қыстау» күнге резервтер жинау қажет.

· Бюджеттік-қаржылық процеске деген көзқарас жекелей салымдарға көзқарас секілді ұқыпты да ойластырылған болуға тиіс. Басқаша айтқанда, бірде-бір бюджеттік теңге ысырап болмауға тиіс.

· Мемлекет бюджеті ұзақ мерзімді перспектива тұрғысынан қарағанда өнімді, мәселен, экономиканы әртараптандыру және инфрақұрылымды дамыту секілді жалпыұлттық жобаларға бағытталуы тиіс.

Инвестициялар үшін объектілерді олардың мақсаттылығы және қайтарымдылығы тұрғысынан қатаң іріктеу қажет. Ең заманауи объектілердің өзі оларды ұстап тұру үшін шығыстарды талап етіп, бірақ кірістер әкелмейтін болса және ел азаматтарының проблемаларын шешпейтін болса, бюджетке масыл боларын есте сақтаған жөн.

Салық саясаты

· Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық режімін енгізу қажет. Қазір бұл жұмыс басталды. Оны жетілдіру мақсатын қоямын. Барлық қолданыстағы салық жеңілдіктеріне ревизия жүргізіп, оларды мейілінше тиімді ету керек.

· Біз салық әкімшілігін ырықтандыру және кеден әкімшілігін жүйелендіру саясатын жалғастыруға тиіспіз. Салық есептілігін жеңілдетіп әрі мейлінше азайту қажет.

Біз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын іздеуге емес, бәсекелестікке ынталандыруымыз қажет.

· Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектілерінің салық қызметімен диалогын азайтуға тиіс. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режіміне көшуіміз керек.

· 2020 жылдан бастап біз салықтық несиелендіру практикасын енгізуіміз керек. Басты міндет – кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру.

· Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет.

Осылайша, бизнес деңгейіндегі болашақ салық саясаты ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс.

Ақша-кредит саясаты

· Әлемдік экономикадағы қолайсыз ахуалды ескере отырып, біз инфляциядан әрбір қазақстандықтың кірістерін қорғауды қамтамасыз ететін және экономикалық өсім үшін лайықты деңгейін ұстап тұратын боламыз. Бұл жай ғана макроэкономикалық мәселе емес, бұл елдің әлеуметтік қауіпсіздігінің мәселесі. Және де бұл – 2013 жылдың өзінен бастап Ұлттық Банк пен Үкімет жұмысының басты мәселесі.

· Қазақстандық банктер өз кезегінде өзінің мақсатын орындауға және нақты экономика секторының кредиттік ресурстарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл ретте қаржылық жүйеге бақылауды әлсіретуге болмайды, банктерді проблемалық кредиттерден тазарту және қорландыру мәселелерімен тығыз айналысу қажет.

Бұл үшін Ұлттық Банк пен Үкіметке Президент Әкімшілігінің үйлестіруімен экономиканы қажетті ақша ресурстарымен қамтамасыз етуге бағытталған түбегейлі ақша-кредит саясатының жаңа жүйесін әзірлеу қажет болады.

Мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты

· Біз елдің мемлекеттік қарызының деңгейін тұрақты бақылауда ұстауға тиіспіз.

· ІЖӨ-ге қатысты бюджет тапшылығын 2013 жылғы 2,1 %-дан 2015 жылы 1,5 %-ға дейін төмендету керек.

Мемлекеттік қарыз аз мөлшерлі деңгейде қалуға тиіс. Бұл қағидатты міндет, өйткені, біз әлемдік тұрақсыздық жағдайында бюджетіміздің тұрақтылығын және ұлттық қауіпсіздігімізді тек осылай ғана қамтамасыз ете аламыз.

· Экономиканың квазимемлекеттік секторы борышының деңгейін қатаң бақылау қажет.

Екіншіден, біздің инфрақұрылымды дамытуға деген қағидатты түрде жаңа көзқарасымыз болуға тиіс.

Инфрақұрылым экономикалық өсімнің мүмкіндіктерін кеңейтуге тиіс.

Инфрақұрылымды екі бағытта дамыту: ұлттық экономиканы жаһандық ортаға кіріктіру, сонымен қатар, ел ішінде өңірлерге қарай қадам жасау қажет.

· Өз пайдамызды мұқият есептей отырып, Қазақстанның шегінен тыс өндірістік көліктік-логистикалық объектілер құру үшін, елден сыртқа шығуға назар тіктеудің маңызы зор. Біз қазіргі түсініктерімізден арылып, өңірде және барша әлемде – Еуропада, Азияда, Америкада, мысалы, теңізге тікелей шыға алатын елдердің порттары, әлемнің тораптық транзиттік нүктелеріндегі және тағы басқа, көліктік-логистикалық хабтар секілді қазіргі заманғы кәсіпорындар құруға тиіспіз. Осы мақсатта «Жаһандық инфрақұрылымдық интеграция» арнайы бағдарламасын әзірлеу қажет болады.

· Біз өз транзиттік әлеуетімізді дамытуға тиіспіз. Бүгінде нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдау екі есеге ұлғаюы тиіс болатын бірқатар ірі жалпыұлттық инфрақұрылымдық жобалар іске асуда. 2050 жылға қарай – бұл цифр он есе ұлғаюға тиіс.

· Осының бәрі басты мақсатқа – экспортымызды тек біздің өніміміз бен қызметтерімізге деген ұзақ мерзімді сұраныс болатын әлемдік нарықтарға қарай жылжытуға бағынуға тиіс.

· Инфрақұрылым жасау, сонымен қатар, табыстылық заңына бағынуға тиіс. Жаңа бизнестерді дамытуға және жұмыс орындарын ашуға бастайтын жерде ғана құрылыс жүргізу қажет.

· Шалғай өңірлерді немесе тұрғындарының тығыздылығы жеткілікті емес өңірлерді өмірлік маңызды және экономикалық қажет инфрақұрылым объектілерімен қамту үшін біз «инфрақұрылымдық орталықтар» құруға тиіспіз. Бұл үшін көлік жүйесінің озыңқы инфрақұрылымын құруды қамтамасыз ету қажет.

· Үкіметке 2013 жылы Инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірлеп, қабылдауды тапсырамын.

Үшіншіден, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту.

Қазақстан - әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика. Сондықтан оны өте тиімді басқару қажет. Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет оның өзегі болуға тиіс.

Корпоративтік ойдың қуаты барлық процестердің біртұтас алып қаралуында жатыр. Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарушылар осындай бизнес-пайымға үйренуге тиіс.

Қайталап айтамын: елдің бюджетін жай бөліп қана қоймай, ойлы да салмақты инвестициялау қажет.

Тиімділіктің басты өлшемі – біздің салымдарымыздан түсетін қайтарым деңгейі. Елдің өндірістік әлеуетін қаншалықты еселей алсақ, Қазақстан халықаралық нарықта қосалқы емес, солғұрлым тезірек әлеуетті ойыншыға айналады.

· Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудің «локомотиві» болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражатын бірінші кезекте ұзақ мерзімдік стратегиялық жобаларға бағыттау керек. 2013 жылы Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасуы тиіс, бірақ бұл қаражатты мейілінше тиімді де ойластырып пайдалану керек.

· Мемлекет Үшінші индустриалдық революция нәтижесінде пайда болатын секторларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы тиіс. Ұлттық индустрия біз өз елімізде өндіруге тиіс ең жаңа композиттік материалдарды тұтынуы керек.

· Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ынталандыруы тиіс. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы біз әлемдік ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3%-ын өткізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай бұл цифр кем дегенде екі еселенуге тиіс.

· Сонымен қатар, жеке компаниялардың өз қаражатын зерттеулер мен инновацияларға салуын ынталандыру керек. Мына нәрсені баса айтқым келеді: инновацияларды енгізудің маңызы зор, бірақ бұл басты нысана емес. Біздің жаңа технологиялар сұранысқа ие болғанда, олар нарықта қажет болғанда ғана ел нақты пайда алатын болады. Олай болмаған күнде инновация – ақшаны босқа шығындау деген сөз.

· Жекелеген компаниялар мен салаларды іріктеп қолдау тәжірибесін тоқтату керек. Біз әлеуметтік-маңызды стратегиялық функцияларды атқаратын және өзінің тиімділігін дәлелдейтін салаларды ғана қолдауға тиіспіз.

Төртіншіден, табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізу қажет.

Біз ресурстарды экономикалық өсуді, ауқымды сыртқы саяси және сыртқы экономикалық уағдаластықтарды қамтамасыз ету үшін Қазақстанның маңызды стратегиялық артықшылығы ретінде пайдалануға тиіспіз.

· Қазірдің өзінде шикізаттың жаңа қаржылық күйреу жағдайында тұрақсыздандыруға ұшырайтын халықаралық нарықтарға шығуын барынша жеделдету қажет. Біздің негізгі импорттаушыларымыз шикізат сатып алуды елеулі қысқартуы, ал баға күрт төмендеуі мүмкін. Ал біздің озыңқы стратегиямыз кейіннен елге ықтимал жаһандық дағдарыс кезеңінен аман өтуге көмектесетін қаражатты нарықтардың тұрақсыздануы басталғанға дейін өте тез жинақтауға мүмкіндік береді.

· Технологиялық революция шикізат тұтыну құрылымын өзгертеді. Мысалы, композиттер технологиясын және бетонның жаңа түрлерін енгізу темір кені мен көмірдің қорларын құнсыздандырады.

Бұл – қазіргі жоғары әлемдік сұранысты елдің мүддесіне пайдалану үшін табиғи ресурстарды өндіру мен әлемдік нарыққа жеткізу қарқынын арттырудың тағы бір факторы.

· Көмірсутегі шикізатының нарығында ірі ойыншы болып қала отырып, біз энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге тиіспіз. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар. 2050 жылға қарай елде энергияның баламалы және жаңғыртылатын түрлерін қоса алғандағы барлық энергия тұтынудың кем дегенде тең жартысы келуге тиіс.

***

Егер ұлтымыз шикізат ресурстарынан түсетін кірістерді 35 жылдан кейін пайдаланғысы келсе, бұған бүгіннен бастап дайындалу керек. Бізге арнайы стратегия әзірлеу – барлық ірі корпорациялар мен концерндер тәжірибесіндей алда тұрған барлық жылдарға барша жұмысты бөліп жоспарлау үшін басымдықтарды, серіктестерді айқындап алу қажет.

Бұл – біздің төл тарихымыздың басты сабағы: Қашаған бойынша келіссөздер мен дайындықты біз осыдан 20 жыл бұрын дерлік бастадық, ал нәтижесін тек қазір ғана алуға кірістік.

Стратегияны әзірлеудің негізгі бағыттары:

· Өңірлер инвестициялар тартуға мүдделі болуы үшін жер қойнауын пайдалануға мораторийді жою қажет.

· Біз жай ғана шикізат беруден энергия ресурстарын қайта өңдеу мен аса жаңа технологиялармен алмасу саласындағы ынтымақтастыққа көшуге тиіспіз. 2025 жылға қарай біз өз нарығымызды жаңа экологиялылық стандарттарына сай жанар-жағармай материалдармен толықтай қамтамасыз етуге тиіспіз.

· Біз инвесторларды елімізге ең заманауи өндіру және қайта өңдеу технологияларын беру шартымен ғана тартуға тиіспіз. Біз инвесторларға еліміздің аумағында ең жаңа өндірістер құратын болса ғана шикізаттарымызды өндіру мен пайдалануға рұқсат беруге тиіспіз.

· Қазақстан инвестиция үшін өңірлік тартылыс күші болуы тиіс. Біздің еліміз инвестиция үшін және технологиялар трансферті үшін Еуразиядағы ең тартымды болуға тиіс. Мұның принципті маңызы бар. Біз инвесторларға қолда бар артықшылықтарымызды көрсетуге тиіспіз.

· Барлық өндіруші кәсіпорындар тек экологиялық зиянсыз өндірісті енгізуге тиіс.

Құрметті отандастар!

Ұлт болашағы мен мемлекет қауіпсіздігі мүддесінде көмірсутегі шикізатының стратегиялық «резервін» құру керек. Стратегиялық резерв ел энергетикалық қауіпсіздігінің іргетасы болады. Осылайша біз ықтимал экономикалық сілкіністер жағдайына тағы бір қорғаныс шебін құрамыз.

***

Бесіншіден, бізге индустрияландырудың келесі фазасының жоспары қажет.

Екі жылдан кейін үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың бірінші бесжылдығы аяқталады.

Үкімет индустрияландыру бағдарламасының келесі фазасының егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуі тиіс. Перспективалық технологиялық бағыттарды дамытудың сценарийі қажет.

Нәтижесінде, экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғаюы тиіс.

Бұл үшін не істеу қажет?

· 2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс.

Бәсекеге ең қабілетті салаларда біз отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтық тауашалар қалыптастыру стратегиясын белсенді әзірлеуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, ДСҰ-ға кіру перспективаларын ескере отырып, кері индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерін болдырмауға мүмкіндік береді.

Отандық тауарлар бәсекеге қабілетті болуы тиіс. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталды.

Жиынтық ІЖӨ-сі 2 трлн. АҚШ доллары болатын, 170 млн. тұтынушыны біріктіретін осынау ауқымды нарық біздің бизнесті бәсекеге қабілеттілікке үйретуі тиіс. Бұл ретте осынау экономикалық-интеграциялық үдерісте Қазақстан өз егемендігінің бір мысқалын да жоғалтпайды.

· Біз экспортқа бағытталған шикізаттық емес секторды кеңейтуге негізделген жаңа өндірісті дамытуға тиіспіз.

· Біз Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын өнеркәсіптік қуаттарды импорттауға және технологиялар алмасуға бағыттауға тиіспіз. Бұл үшін бізге бірлескен халықаралық компаниялар мен ел үшін пайдалы серіктестіктер құру мен дамытудың кіші бағдарламасы қажет.

· 2030 жылға қарай Қазақстан ғарыш қызметтерінің әлемдік нарығындағы өз тауашасын кеңейтіп, басталған бірқатар жобаларды қисынды аяқтауға дейін жеткізуге тиіс. Мен Астанадағы ғарыштық аппараттар құрастыру-сынақтан өткізу кешенін, қашықтан зондтау ғарыштық жүйесін, ғарыштық мониторинг пен жердегі инфрақұрылымның ұлттық жүйесін және жоғары дәлдіктегі спутниктік навигация жүйесін айтып отырмын.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных