ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Сот шешімдерін орындау.Аудандық және оған теңестiрiлген сот, облыстық және соған теңестiрiлген сот шығарған бiрiншi сатыдағы сот үкiмдерi, егер оған шағымданбаса немесе наразылық келтiрiлмесе, апелляциялық шағымдану немесе наразылық келтіру мерзiмі өткен соң заңды күшіне енеді және орындалуға тиiс. Апелляциялық шағым жасалған немесе наразылық келтiрiлген жағдайда, аудандық немесе облыстық сот үкiмiнiң күшi жойылмаса, апелляциялық қаулы шығарылған күнi күшiне енедi. Егер апелляциялық шағым, наразылық апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейiн қайтарып алынса, үкiм шағымды, наразылықты қайтарып алуға байланысты апелляциялық iс жүргiзудiң тоқтатылғаны туралы апелляциялық сатының қаулысы шығарылған күнi заңды күшiне енедi. Үкiм заңды күшiне енген немесе iс кассациялық сатыдағы соттан қайтарылған күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрмей бiрiншi сатыдағы сот үкiмдi орындауға кiрiседi. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам, егер айыптау үкiмi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабымен белгiленген мерзiмде орындалмаса, жазаны өтеуден босатылады. Егер сот ақтау үкiмiн қабылдаса не сотталушы жаза тағайындалмай сотталса немесе жазадан босатылса не бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға кесiлсе, ал үкiм қабылданғанға дейiн ол қамауда ұсталса, мұндай шешiм шығарған сот оны дереу қамаудан босатады. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағымдану немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жеке шағым жасалған немесе наразылық бiлдiрiлген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындалады. Соттың шағымдануға немесе наразылық бiлдiруге жатпайтын қаулысы ол шыққаннан кейiн дереу күшiне енедi және орындалады. Iстi қысқарту туралы сот қаулысы сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде немесе сот отырысында оның айыпталушыны немесе сотталушыны қамаудан босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады. Апелляциялық сатының қаулысы ол жарияланған кезден бастап заңды күшіне енеді. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы ҚІЖК-нің 445-бабында көзделген тәртiпте орындалады. Жеке қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуы және нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануы тиiс. Заңды күшiне енген соттың үкiмi мен қаулысы мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында сөзсiз орындалуға жатады. Соттың үкiмiн, қаулысын орындамау қылмыстық жауапкершiлiк жүктейдi. Үкiм мен қаулыны орындауға кiрiсу бiрiншi саты бойынша iстi қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес үкiмдi орындау мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа қамауда ұсталған адамдарға қатысты iстi апелляциялық тұрғыда қараудың нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгерген жағдайда үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс. Егер үкiмде сотталушыны Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталушыны мемлекеттiк наградасынан,көрсетiлген атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсынысты, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енуi туралы анықтаманы жолдайды. Үкiмдi орындаушы органдар оның орындалғаны жайында үкiмдi шығарған сотқа дереу хабарлайды. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi үкiм шығарған сотқа сотталушының жазасын өтеу орны туралы хабарлауы тиiс. Қамауда ұсталған сотталушы қамауға немесе бас бостандығынан айыруға кесiлген үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталушының отбасын жазаны өтеу үшiн оның қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi. Азаматтық талап қанағаттандырылған жағдайда сот атқарушысы азаматтық талапкердi үкiмнiң орындалғаны туралы хабардар етедi. Үкiм орындалғанға дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушының ерiне /зайыбына/, жақын туыстарына олардың өтiнiшi бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, бас бостандығын шектеуге, қамауға немесе бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде: 1) жазаны өтеуге кедергi келтiретiн сотталушының ауыр сырқаты болса, - ол сауығып кеткенге дейiн; 2) сотталған әйелдiң жүктi болуы немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса - Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабында көзделген тәртiпте; 3) өрт немесе кездейсоқ апат, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдаяттардың салдарынан, сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болса, сот белгiлеген алты айдан артық емес мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты - үш айдан артық емес мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн. Айыппұл төлеу, егер оны дереу төлеу сотталушы үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе бөлiп өтелуi мүмкiн. Үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы мәселенi сотталушының оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшi бойынша не прокурордың ұсынуы бойынша немесе өз бастамашылығымен сот шешедi. Соттың жүргiзуiне үкiмдi орындауға байланысты мынадай мәселелердi қарау жатады: 1) жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда айыппұл төлеу түрiндегi жазаны қоғамдық жұмысқа тартумен, түзеу жұмыстарына жiберумен немесе қамауға алумен /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабы/, қоғамдық жұмыстарға тартуды бас бостандығын шектеумен немесе қамауға алумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы/, түзеу жұмыстарын бас бостандығын шектеумен, қамауға алумен немесе бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы/, бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен, /Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 45-бабы/ ауыстыру туралы; 2) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынған және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау мен бұлтартпау шарасын таңдау туралы; 3) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамға шығарылған үкiм бойынша тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы; 4) жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабы), жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 71-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын шартты түрде босатуды жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабының жетiншi бөлiгi) туралы; 5) науқастануына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75бабы) туралы; 6) шартты түрде соттауды жою немесе сынақ мерзiмiн ұзарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы) туралы; 7) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшін бұрын белгіленген міндеттердің толық немесе ішінара күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 44-бабы); 8) соттың айыптау үкiмiнiң ескiру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазаны өтеуден босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабы) туралы; 9) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыт бойынша соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы) туралы; 10) қамауда ұсталған мерзiмiн, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 94, 95-баптары) туралы; 11) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 91-96баптары) туралы; 12) керi күшi бар қылмыстық заңның, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы себептi жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 5-бабы) туралы; 13) қылмыстық-атқару заңдарына сәйкес түзеу жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету туралы; 14) үкiмдi орындау кезiнде туындаған қандай да болсын күмән мен түсiнiксiздiктi ұғындыру туралы; 15) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi қысқарту туралы. ҚІЖК-нің 475-бабына сәйкес үкiмдi орындауды кейiнге қалдыру туралы, жазаның бiр түрiн екiншiсiне ауыстыру туралы, айыптау үкiмiнiң ескiру мерзiмiнiң өтiп кетуiне байланысты жазадан босату туралы, басқа да атқарылмаған үкiмдер болған кезде үкiмдi атқару жұмыстарына сотталушының жалақысынан ұстау мөлшерiн төмендету туралы мәселелердi, сондай-ақ үкiмнiң орындалу кезiнде туындаған күмән мен түсiнбеушiлiктi үкiмдi шығарған сот шешедi. Егер үкiм үкiмдi шығарған соттың қызмет ету ауданынан тыс жерде орындалған болса, бұл мәселелердi атаулас сот, үкiмнiң орындалу ауданында атаулас сот болмаған жағдайда жоғары тұрған сот шешедi. Бұл жағдайда сот қаулысының көшiрмесi үкiм шығарған сотқа жiберiледi. Бас бостандығынан айыруға сотталған адамға тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы, жазадан мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстыру ҚІЖК 453-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда жазаны өтеуден босату кезiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды үш судья құрамындағы сот шешедi. Жазаны орындаумен байланысты барлық басқа мәселелердi сот отырысында судья жеке дара шешедi. Үкiмдi орындаумен байланысты мәселелердi жазаны орындайтын органның ұсынуы бойынша бір айлық мерзімде сот қарайды, не кәмелетке толмаған адамның түзелуiн қамтамасыз етушi мамандандырылған мемлекеттiк органның ұсынуы бойынша сот шешедi. Сот отырысына өздерiнiң ұсынуы бойынша iс қаралатын органдар мен ұйымдардың өкiлдерi шақырылады. ҚІЖК 452-бабында, 453-бабының 4, 6, 7, 10, 11 және 12-тармақтарында көрсетiлген жағдайларда, соттың мәселенi қарауына сотталушының өтiнiшi негiз болуы мүмкiн. ҚІЖК 453-бабының 1, 2, 3, 5, 6, 7, 10 және 11-тармақтарында көзделген жағдайларда сот отырысына өзiне қатысты iс қаралатын сотталушының қатысуы мiндеттi. Сотталушы сотқа ұсынылған материалдармен танысуға, оларды қарауға қатысуға, өтiнiшiн мәлiмдеуге немесе бас тартуға, түсiнiктер беруге, дәлелдемелер ұсынуға құқылы. Сотталушы өзiнiң құқықтарын қорғаушының көмегiмен жүзеге асыра алады. Сот кәмелетке толмағандарға қатысты, сондай-ақ өздерiнiң құқығын қорғауды өз бетiнше жүзеге асыру мүмкiндiгiнен айыратын дене және психикалық кемiстiктерден зардап шегушiлерге, сонымен бiрге iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамдарға да үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi сот қараған кезде қорғаушының қатысуы мiндеттi. Науқастануына байланысты сотталушыны босату туралы не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлер комиссиясы өкiлiнiң қатысуы мiндеттi. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарау кезінде жәбірленушінің не оның өкілінің пікірі ескеріледі. Сот алда тұрған сот отырысы туралы жәбірленушіні не оның өкілін почта арқылы тапсырыс хатпен хабардар етеді. Жәбірленушінің не оның өкілінің сотқа жеке өздерінің қатысуы мүмкін болмаған жағдайда сотта жазбаша арыздар мен өтінішхаттар қаралуы мүмкін. Жәбірленуші не оның өкілі тиісінше хабардар етілген және оның тарапынан қандай да бір жазбаша арыздар мен өтінішхаттар болмаған жағдайда, сондай-ақ мемлекет мүдделеріне залал келтірілген жағдайда жәбірленушінің немесе мемлекеттің құқықтарын сақтау туралы мәселе бойынша міндетті түрде прокурордың қорытындысы талап етіледі.Егер мәселе үкiмдi орындаудың азаматтық талап бөлiгiне қатысты болса, сот отырысына сондай-ақ азаматтық талапкер немесе оның өкiлi шақырылады. Аталған адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. Сот мәжiлiсiне прокурор қатысып отырады. Істi қарау ұсынуы бойынша iс қаралып отырған органның өкiлiнiң баяндамасымен не өтiнiш иесiнiң түсiнiк беруiмен басталады. Бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, бұдан соң судья қаулы шығарады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 79-бабына сәйкес соттылығын алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшi бойынша тұрғылықты жерiндегi сот шешедi. Сот отырысына өзiне қатысты соттылықты алып тастау туралы өтiнiшi қаралатын адамның қатысуы мiндеттi. Қарау өтiнiш бiлдiрген адамның түсiнiгiн тыңдаумен басталады, бұдан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдардың сөзi тыңдалады. Соттылықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiш беру бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғалмайды.
Аға оқытушы Мағзамов Д.А.
Модуль- 10. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|