Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Б.Соқпақаев шығармаларының ерекшеліктері




Мақсаты: Аталған қаламгерлердің шығармашылық әлемін таныстыру.

Сұрақтар:

1. Образ жасаудағы Ә.Нұршайықовтың өзіндік ерекшелігі.

2. Т.Ақтанов романдарындағы психологиялық талдау көріністері.

3. Дәуір картинасын жасаудағы Ә.Нүрпейісов шеберлігі.

4.С.Шәймерденовтың образ жасау шеберлігі.

5. Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді»

Дәріс мәтіні (тезис)

Шынында да солай, әрине, бұл ақындық қиялдан туған үлкен мұрат. Ерлік дастаны - өмірлік дастан, ол ұрпақтан ұрпаққа кете бермек, жаңғыра бермек, жаңара бермек.

Әзілхан Нұршайықов осы бір жайды терең барлап, өз шығармасын “Ақиқат пен аңыз” деп дұрыс атаған. Бауыржан Момышұлы жөнінде тараған аңыз-әңгімелердің түпкі түйіні өмір шындығында, сол шындықтың куәсі болған бас геройдың характерінде жатқандығы анық та ақиқат.

Бауыржанның даңқын алғаш кең таратып жіберген Александр Бектің “Волоколам тас жолы” атты романы болатын. Романның алғашқы бетін ашқанда-ақ, майдан картасын алдына жайып салып офицерлерге бұйрық беріп отырған Бауыржан бірден алдыңнан шығатын. Соғыс тағдырын, соғыс құпиясын жете түсініп, жүрекпен сезінбей тұрып шығарма жазам деушілік әурешілік деп, бірден тік кететін Бауыржан Момышұлы оқырмандарға сол бір мінезімен ұнаған-ды.

“Ақиқат пен аңызда” Бауыржанның осы мінезі әр қырынан көрініп, соғыс майданында, жауынгерлер алдында үлкен істерді батылдықпен шешуге көмектеседі. Тапқыр да алғыр, сезімтал да секемшіл, қажырлы да қайратты офицердің характері осы бір белгілерімен дараланған.

Майдан шебінде абырой, атаққа ие болған геройдың характерін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара жігін ашады. “Ұшқан ұя” мен “Москва үшін шайқаста” әңгімеленетін оқиға тізбегінен жазушы жаңа жол тауып, роман-диалогта геройдың психологиялық толғаныстары мен дүние танымына айрықша зер салған.

Бұл салада жазушы ілгерінді-кейінді баспа беттерінде жарық көрген көптеген өлең-жырлар мен очерк, мақалаларды, ел арасына кең тарап кеткен аңыз, әңгімелерді молынан пайдаланады да, орталық қаһарманның өзіне сөз береді. Сол арқылы негізгі геройдың жан дүниесіне үңіліп, оның бір беткей мінезіндегі терең сырды ашады. “Сізді біреулер теріс азу, тентек атағысы келген бе, қалай өзі, Бауке?” – деп сұрақ қоюдың өзінде де көп мән бар. Табиғатында шындықты сүйетін жазушы осы бір оқыс сұрақтарды қоя отырып өз геройының бойындағы шытқыл, тік мінезділіктің төркінін танытпақ болған.

Әр түрлі ұлттар өкілдерін сапқа тұрғызып, жеңіске үндеген командирдің берген бұйрығы, қойған талабы қатал да айқын. Герой характеріндегі осындай өзгешелікті әрбір іс, әрбір эпизодта мегзеп отыратын автор шығарманың бояуын қалыңдатып жібермей, шынайы суреттеген. Осыған орай жазушы Бауыржан Момышұлының жастық шағына барлау жасап, тік мінез, бір беткейліктің алғашқы ұшқынын сол бір балалық кезден іздейді. Үлкендердің алдына шығып, бетіне тік келгеніне қатты өкініп, өз қатесін мойнына ала білген өр мінезді жастың турашылдығы табиғи болып келеді де, осы бір өр мінезділік соғыс кезінде өрелі, пайдалы істерді батыл шешуге тікелей көмектескен.

Жауынгерлер алдында әділетті принциптілігімен танылатын Бауыржан соғыс кезінде батальон, полк командирінен дивизияны басқаруға дейін көтерілген. “Нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, бес рет өлімнің құрсауында қалған, екі рет өлімші болып жараланған” Момышұлының ерлік істері ауыз толтыра айтарлықтай.

Роман-диалогтың осы тәрізді ұтымды жақтарымен бірге қайсыбір жағдайда оқиға ізімен кетіп, бояуы қуқыл тартып, публицистикалық өң алып кететін кездері де бар. Осыған орай бас геройдың өзіне тән ерекшелікті тым көтере, әсірелеп көрсетушіліктен де роман құр емес.

Ол өзара диалог үстінде де аңғарылып қалады. Жазушы сұрақ қоярдың алдында Бауыржанның қас-қабағына көбірек қарап, шырт етпе мінезіне кездесіп қалмауды көздейді. Соның өзінде герой тарапынан тік мінез, өктем сөздер елес беріп отыратындық та бар, ол отырған жерде төрге шыққандарға зекіре сөйлеп, өктем мінездер көрсетуі де басы артық дүниелер.

Герой характеріндегі осындай өзгеше белгілерді жазушы романда бүкпей, жасырмай, жаба сіркелемей ашқан. Ата-ана, туған-туысқандары жөнінде көбірек әңгімелейтін Бауыржан Момышұлының өз шығармаларындағы эпизодтарға жазушының ден қойып отыратындығы да осыдан.

“Ақиқат пен аңызда” Бауыржан әр қырынан көрінген. Бүкіл дивизияны басқарып, жауға аттанған командирдің тапқырлығы мен алғырлығы үлкен шайқас, кескілескен ұрыстардың үстінде айқын көрінеді. “Дүние тарс-тұрс, гүрс-гүрс болды да кетті. Біз алғашқыда кейін серпілген жігіттерді қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма бір арғымақтай офицер жетіп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім, офицер жұлындай ұшып түсті”.

Міне мұнда Қиыр Шығыс, Сибирьде жүргенде жатығып үйренген соғыс өнері тікелей көмектескен. Сонау, Суворов, Кутузов кездерінен бастап нелер сыннан өткен соғыс тәсілінің бір түрі осы тұста бір кәдеге асқан, бетпе-бет айқаста командирі өзі күшін, өз өнерін танытқан.

Генерал Панфиловты сүйе де, құрметтей де білетін Бауыржан оның қолбасшылығындағы әскери өнерді қадағалап, ұқыптылықпен өз тәжірибесінде пайдаланды. Бұл тұста жазушы Әзілхан Нұршайықов бас қаһарманның күрес тәсіліне, ұстаздық, қамқорлық, тапқырлығына көбірек сүйеніп майдан кезіндегі жауынгерлердің ерлік қимылына айрықша назар аударып, бүкіл халықтық күрестің сәулесін түсірген.

“Алға! Қырандарым!” деп, тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім. Қырандарым таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай ағытылып жатты”.

Тоғызыншы гвардиялық дивизияның командирі Момышұлының осы тәрізді кескілескен шайқаста жеңіске жетуінің негізгі тетігі әскери өнерге жетіп, нағыз ұстаз жетекші екендігі шығармада осылай дәлелденген. “Ерліктің негізі – сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп, саналы түрде ерлік жасайды”.

“Ақиқат пен аңыздың” көркемдік шешімі де, алға тартары да, эстетикалық ұғым, талғамы да, философиялық түйіні де, міне, осында. Командирінің Отан алдындағы міндетін бүкіл армия болып қабылдауында.

Романда осы бір жай ашық бояуын тапқан да, тарихи тұлғаның характері Армияның қажымас ерлігін, қаһармандық күресін суреттеу үстінде айқындала, даралана түсіп, бас геройдың қатысуымен бүкіл майдан өмірін танытуға жазушы мол мүмкіндік алған.

Романда және бір көзге түсетін жаңалық – күні кеше Шымкентте тентектікке бой ұрып жүрген өжет жас, сол қайсарлық, сол өткірлігімен қиындықтың барлығына да қарсы тұрып, әскери өнерді қызыға қалап, еркін меңгеріп алған.

“Ақиқат пен аңыздың” және бір өзгешелігі – Бауыржан Момышұлының бейбітшілік өмірде қарудың орнына қолына қаламын алып идеология майданында жазушылық өнерімен танылуы.

Бұл салада жазушы Әзілхан Нұршайықов өзі көріп, өзі де араласқан үлкен өмірді көркемдік шындыққа көтере суреттеп, Бауыржан Момышұлының характерін айқын танытқан.

Сонымен бұл романда Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлік пен батылдық, алғырлық пен тапқырлық, жауға деген ыза-кек қат-қабат суреттеліп, патриотизм үлкен жеңістің рухани күшіне айналған. Отан соғысы кезінде небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірген тарихи тұлғаның айқын көрінісін Бауыржан характерінен тапқан. Соғыс эпизодтарын, майдан өмірін жалпылама шолудан бойын аулақ салған жазушы характерді ашу үстінде деректі материалдарға көбірек жүгінеді де, сол арқылы Ұлы Отан соғысындағы қаһармандық, ерлік күресті әр алуан жақтарынан ашып, шығарманың халықтық сипатын көтерген.

Т.Ахтановтың Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған көлемді көркем шығармаларының бірі “Қаһарлы күндер” романы. Ол қазақ прозасындағы Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған алғашқы романдардың бірі. Романда Москва түбінде болған шайқас, сол үлкен ұрыс кезіндегі генерал Панферов басқарған дивизияның Отан қорғау жолындағы жанқиярлық ерлігі реалистікпен баяндалған.

Төрт тараудан тұратын үлкен романның негізгі идеясы сыртқы жаудан Отанды қорғау. Осы идея романдағы барлық кейіпкерлерді қимылға келтіріп, соғысқа араластырып отырады. Романның бірінші тарауында белгілі дайындықтан кейін Панферов дивизиясының майдан шебіне аттануы, екінші тарауда жау күшінің басым келіп соғыс күшінің кейін шегінуі, үшінші тарауда жау қоршауында қалып қойған Мұрат батальонының қоршауды бұзып шығуы, төртінші тарауда Москва түбінде болған шешуіші айқас, сол айқас кезіндегі Ержан взводының ерлігі баяндалады. Осы арқылы жазушы Ұлы Отан соғысы жылдары Отанын сыртқы жаудан қорғап қалған жауынгерлерінің өлмес образын жасайды.

Романның алғашқы беттерін ашқанда-ақ туған жерді қимай Алматымен қоштасып соғысқа аттанып бара жатқан бір топ жауынгерлерін көреміз. Олардың ішінде әр түрлі адамдар бар. Өткен жылы ғана күнелтіс қуалап Алматыға келген Добрушкин мен Талғар МТС-інің атақты тракторисі Кәкібай, қарапайым да қатал мінезді Қартбай мен адал жүректі, алып денелі Бондаренко, жиырмадан жаңа ғана асқан взвод командирі Ержанмен бұрынғы военкомат қызметкері Мұрат, күні кешегі орта мектеп оқушысы Раушанмен жоғары мектеп оқытушысы Уәли, әскери атақ қуалап, өзін өзгелерден жоғары ұстап жүретін майор Купциановтар бар. Олардың алдында бір-ақ тілек тұр. Ол – қасиетті Отанды сыртқы жаудан қорғау тілегі.

Жазушы осы адамдар образы арқылы Ұлы Отан соғысының алғашқы бір жылы ішіндегі дәуір тынысынан хабар берген. Романда жазушының айрықша мән беріп, шеберлікпен мүсіндеген жауынгерлердің бірі – Көжек Шежебаев образы.

Ол бұрынғы шопан, жөнді сауаты да жоқ. Былайша көзге көрінгенмен адамгершілігі мол, адал жауынгер. Ол армияға кетер алдында семьясымен қоштасып тұрып, поездан қалып қояды. Жазушы осы тұстағы Көжек басындағы қиналысты: “Адам деген қызық қой. Жаңа ғана Көжек баласы мен әйелінің қасынан кеткісі келмей, солардың қасында бір минут артық тұра тұруға барын берер еді, енді өз бөлімін қуып, осы арадан тезірек кетуге мал-жанын берердей халге түсті”, - деп береді.

Өз бөлімінің соңынан қуып жеткен Көжек жігіттер қанша қалжыңдап жатса да қиналмайды. Өзімен бірге болған, армияға бірге аттанып келе жатқан жолдастарын көргенде қатты қуанып кетеді. Әсіресе, қатты сыйлайтын Ержан алдында өзін кінәлі санайды. Батальон командирі Мұратпен, дивизия командирі генерал Панферовпен кездескенде де осы ісі үшін қатты қысылып жүреді.

Осындай момын, қарапайым адам жауға дегенде мейірімсіз де қатал. Ержан взводы қоршауда қалған кезде Қартбай екеуі жау күшін тоқтатып, үлкен ерлік көрсетеді. Жау машинасын мініп қашып, батальонға келіп қосылады. Әсіресе, Көжек ерлігі шешуші айқас кезінде айрықша көзге түседі. Оны жазушы Ержан мен Көжек арасындағы диалог арқылы береді.

Романдағы бұрынғы Талғар МТС-ының атақты тракторисі, әнші жігіт Кәкібай образы өте сәтті шыққан. Романның алғашқы беттерінде өзінің өткен өмірі туралы взвод командирі Ержанға әңгімелеп тұрған қапсағай ірі жігіт Кәкібайды көреміз. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам баласы. Оның үстіне әсем әнге берілген сезімтал жан. Онда да қуаныш пен қайғы қатар келіп, қабаттасып жататын сәттер жиі кездесіп отырады. Оның да күйрек сезімге беріліп, егіліп кететін кездері болады. Жазушы ақын жанды, ақкөңіл Кәкібай басындағы осы бір жайларды романның өн бойына шеберлікпен суреттей отырып, шешуші айқас кезіндегі Кәкібай образын романтикалық дәрежеге дейін көтеріп бейнелеген. Ол өзінің шешуші айқас кезінде оң иықтан жараланып, қансырап қалғанына қатты өкінеді. Қалайда жау танкісін өткізбей тосқауыл болғысы келеді. Оған жауға деген қарсылық манағыдай емес, әлсіреп, сөніп бара жатқан сияқты болып көрінеді. Кәкібай жан-жағына қарады. Маңында ешкім көрінбеді. Енді ол осыны өзі ғана тоқтатуға тиіс екенін, өзінің бар міндеті де сол екенін сезді. Өйтпесе бүгінгі төгілген мол қан, бар қайрат босқа кетеді. Танк өтпеуге тиіс. Кәкібай сол қолына ұстап тұрған гранатын окоптың ернеуіне қойды. Еріксіз қимылмен шұқырдағы бума гранатын алып шандыған жіптің шетінен тістеді. Окоптың ернеуіндегі гранатын қайтадан сол қолына ұстады. Енді бері қарай тура бет түзеген танкке қадала қарады. Бір сәт қап-қара шыңырау құздың дәл ернеуіне келіп қалғандай, шалқалай беріп, арқасы окопқа тірелді. Туған жер, жақын достар, Марияш, күллі қызық өмір күн шұғыласына малынып көз алдына келіп тұрып алды. Қап-қараңғы түпсіз түнек пен жайнаған жарық дүниенің ортасында тұр. Кәкібай жауырынымен окоптың артқы қабырғасын ойып жіберердей шегіне шіреніп, ыңыранып қалды. Танк бері қарай тұп-тура келе жатыр. “Өте алмайсың, сұмырай” Кәкібай дене мен жүректегі ең соңғы күшін сығып алып қап-қараңғы шыңырауға қарай атылды. Ең соңғы рет арттағы айдын өмір бар шұғыласымен бір жарқ етті”. Осылайша бейнеленген Кәкібай образы көп жағынан Қ.Аманжоловтың “Ақын туралы аңыз” поэмасындағы Абдолла бейнесін еске түсіреді.

Романда тек жауынгерлерінің ғана емес, сонымен қатар оларды тәрбиелеп өсірген, белгілі дайындықтан өткізген командирлерінің де бейнесі жасалған. Олардың ішінде алдымен көзге түсетіні взвод командирі Ержан бейнесі. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіттің өмір тәжірибесі өте аз. Сонда да ел басына түскен ауыр жағдай оны тез есейтіп жібереді. Ол қарауындағы жауынгерлерге өз білгенін үйретуден жалықпайды. Жауынгерлердің көңіл-күйін көтеріп, үнемі олармен бірге болады. Поездан Көжек Шөжебаев қалып қойғанда жас командир қатты сасады. Ашу үстінде қыңыр мінезді бөлімше бастығы Добрушкинге де қатты айтып тастайды. Әсіресе, оған өзімен жөнді сөйлеспей қойған Мұрат қорлығы қатты батады. Неде болса кімнің кім екенін соғыс үстінде көрерміз деп ойлайды.

Жас жігіттің Раушанмен қарым-қатынасында да кемшілік көп. Ол Раушанмен күнде сөйлесіп, қыдырып жүрсе де өз көңілінің түбінде жатқан асыл ойын айтуға асықпайды. Таныспай жатып ой айтып, күйдім-сүйдім деп жатуды артық көреді. Өзінің бұл ісінің дұрыс еместігін Раушаннан айрылып қалғанда бір-ақ түсінеді. Соғысқа алғаш қатынасқан кезде Ержанды да қорқыныш сезімі билейді. Ол осы бір сезімін басқа біреулер біліп қалған жоқ па екен деп қуыстанып та жүреді. Жас жігіт соғыс үстінде есейіп, бірте-бірте жетіле түседі. Ержан взводын шабуылға шығарып арзан абырой-атаққа ие болғысы келген Уәлиге қарсы шығып, өз намысын қорғап қалады.

Әсіресе, Ержанның есейіп қалғаны взвод қоршауда қалған кезде айқынырақ көрінеді. Ол өз қарауындағы әрбір адам үшін жауаптымын деп есептейді. Оның әрқайсысының үйде қалған анасы мен баласы, сүйікті жары алдында өзін борышты санайды. Сондықтан да оларды жау қоршауынан аман алып шығу менің басты міндетім деп ойлайды. Ержан взводы Москва түбіндегі шешуші айқас кезінде де асқан ерлік көрсетеді. Жау әскерінің төрт рет жіберген танк шабуылына тойтарыс беріп, бекіністен өткізбей, тосқауыл жасайды.

Романдағы политрук Василий Кусков бейнесі барлық жауынгерлерге де үлгі, өнеге іспетті. Ол әр адаммен тіл тауып сөйлесе білетін шебер ұйымдастырушы. Оны Ержан мен Уәли арасындағы болған реніш те, Кәкібай мен Добрушкинде болған күйректік те қатты қинайды. Бір сөзбен түйіп айтқанда жауынгерлер арасында ол араласпайтын жұмыс жоқ. Жазушы Василий Кусков образы арқылы шабуылға шыққанда алда, тыныш кезде жауынгерлер арасындағы саяси басшы, взводтың ұйтқысы болған қызметкерінің бейнесін жасаған. Оның: “Шегінер жер жоқ! Артымызда Москва!” – деген жалынды сөзі әрбір жауынгерге күш-қуат беріп, күреске шақырып тұрғандай болады. Бұлардан басқа романда өзінің жаралы халін ұмытып, майдан шебінен кеткісі келмей жау танкісіне қарсы соғысты соза берген қарапайым жауынгер Земцов, взвод командирінің көмекшісі аға сержант Зеленин, взвод командирінің байланысшысы Бөрібай Еспаев пен батальон командирлері: Қонысбаев, Волошиннің, полк командирлері Егоров, Карпов, Купцианов, Арыстановтардың образдары жасалған. Осылардың ішінде біріне-бірі қарама-қарсы мүсіндерген екі образ айрықша көзге түседі. Оның бірі Мұрат Арыстанов та, екіншісі майор Купцианов бейнесі.

Мұрат Арыстанов – батальон командирі де, Купцианов полктың штаб бастығы. Екеуі де бұрын соғысқа қатынасып көрмегенмен әскери өмірмен жақсы таныс, тәжірибелі адамдар. Алайда осы екі адамның өмірге деген көзқарасы екі түрлі: бірі Отан басына төнген хауіпті жағдайды жан-тәнімен ұғып, жау бетін тез қайтарғысы келсе, екіншісі осы жағдайды пайдаланып өзінің абырой-атағының өсуін аңсайды. Бірақ өмір өз дегенін істейді. Батыл да жігерлі капитан Мұрат Арыстанов полк командирі дәрежесіне дейін көтеріліп, самарқау, сақ, есепқор майор Купцианов полк командирі дәрежесінен әрі аса алмайды. Романда екі полк командирінің өсу жолы, алған тәрбиесі, адамдармен қарым-қатынасы, ішкі психологиясы шеберлікпен берілген.

Романда сәтті шыққан образдардың бірі – генерал Панферов бейнесі. Ол бірнеше соғысты басынан кешірген тәжірибелі қолбасшы. Асығып саспайтын, әрбір ісін байыппен ойланып істейтін сабырлы адам. Өзінің абыройы мен даңқының буына пісіп әр нәрсеге қол соза беретін ұрыншақ та емес. Соғыста оның ең алдымен ойлайтыны жауынгердің көңіл-күйі.

Романда кейіпкер психологиясын тереңнен толғап, тебіренте түсетін ширығу сәттері аз емес.

Б.Соқпақбаевтың “Өлгендер қайтып келмейді” романы. Кітап үш бөлімнен тұрады: автор әрқайсысын бірінші дәптер, екінші дәптер, үшінші дәптер деп саралаған. Шығарманың композициясы жинақты, жұмыр. Әр дәптер өз ішінен шағын-шағын көріністерге бөлінген. Жалпы Б.Соқпақбаев стиліне тән ықшамдылық, жинақылық сипаттарын бұл туындыдан да айқын аңғаруға болады.

Романда кейіпкерлер саны көп емес. Қат-қабат қалың тартыс оқиғалар жүйесі де жоқ. Автор бір ауыл адамдарының тіршілігі, оның ішінде бір үйдің, тіпті бір адамның тағдыры арқылы ауыр кезеңдегі өмір шындығын танытуды мақсат еткен.

Дәстүр бойынша келер болсақ, шығарманың негізгі, басты қаһарманы – Еркін Мамырбаев дер едік. Онымен бірінші дәптерде 15-16 жасында танысамыз да, үшінші дәптердің соңында отызға шыққан кезінде қоштасамыз. Барлық оқиған Еркін атынан баяндалады. Жақсылық, жамандық атаулыға Еркін көзімен баға беріледі. Дәлірек айтқанда, роман өзегі – Еркіннің бастан кешкендері, қалыптасып жетілу жолдары. “Өлгендер қайтып келмейді” – жастық дәурені соғыс жылдарымен қабаттас болған ұрпақтың өмірі, тағдыры жайлы роман.

Алғашқы бөлімдегі Еркін – қазақтың көп қара домалақ ұлдарының бірі. Еті тірі, намысқой, пысық: шеше бауырында, аға аясында өсіп келе жатқан. Осы кезде соғыс оты лап етіп, ер-азаматты майданға ала бастайды. Еркіннің ағасы Сәрсебек енді ғана қосылған келіншегінің көзін жаудыратып, әскерге аттанды. Сол күннен бастап үй-ішінің ауыртпалығы, жеңгесін жат көзден, пәле-жаладан сақтау Еркін мойнына түскен салмақ.

Соғыс деген майдан шебіндегі қиян-кескі, ұрыс. өлім, өлтіру, окоп, мылтық, батырлық, жауыздық қана емес, бүкіл елдегі көп қарым-қатынастарды өзгерткен, неше түрлі қиыншылық, ауыртпалық тудырған алапат. Таршылық, тұрмыстағы жетіспеушілік үстіне сан алуан психологиялық проблемалар, моральдық қиын түйіндер пайда болған.

Өмірдегі осындай күрделі процестер Еркін секілді бала, жас өспірімнің жас тірлігіне ай-шайға қаратпастан, аяқ астынан килігеді. Бұл ұйпап-тұйпап келген соғыс жылдарының қаһарлы дауылы Жазушы Қазақстан жағдайында жиі кездескен келеңсіз көріністің біразын Нұралы бейнесі арқылы шенейді. Жас жігіттер, ортан қолдай азаматтардың майданға кеткенін пайдаланып, жетім-жесірлерге көз алартқан, оп-оңай төсек жаңғыртып, дәулет жинаған, тіпті байып алғандар болғаны бекер емес. Романшы өмірлік материалды сұрыптай отырып, қызықты көркем бейне жасаған. Нұралының дегеніне көніп, айдауына жүрмейтін, бетінен алып, беделін түсіретін Еркін секілді жігітті елден кетіріп, ФЗО-ға жіберуі – кейін осы екеуінің арасында ұзақ жылдарға созылған тартыстың басы.

Бұрын ауыл ішінен алысқа шығып көрмеген Еркін үшін енді ауыр, шырғалаңды жолдар басталады. Табиғатынан адал, ақ, шыншыл жігіттің әр түрлі қиын жағдайларға тап болуы соғыс кесірінен, ауыр кезең зардабынан екендігін жазушы сенімді бейнелейді. Соғыс кезеңіндегі ауыл тұрмысының көптеген қою суреттері Еркіннің көзімен беріледі. Майдан үшін күн-түн демей, жан аямай еңбек еткен жандардың ішінде Еркін де жүр.

Тағы да Нұралымен арадағы тартыс салдарынан Еркін жұмыстан шығып қалады.

Екінші дәптерде Еркін басынан бірқыдыру оқиғалар өтеді. Денсаулығына байланысты майданға жөнелтуге жарамаған Еркін енді шалғайдағы Сарыбел ауылына барып мұғалім болады. Бұл жерде де тіршіліктің, соғыс кезіндегі ауыр өмірдің бірталай тәлімін алған.

Жас көңіл, балалық тазалықпен сүйген қызы Ғалиямен арадағы қатынас үзілгендей кезде, Еркін – Алтын қарым-қатынастары пайда болады. Кейбір сипаттары жөнінен қоймашы Сегізбай колхоз бастығы Нұралымен ұқсас. Екеуі ауыр уақытта қара бастарының қамын ойлаған адамдар. Екеуі де ретін, есебін тауып, төсек жаңғыртқандар. Сегізбайда айла, есеп молырақ. Еркін – Сегізбай – Алтын араларындағы қатынаста реалистік дәлдік, психологиялық сенімділік жақсы ескерілген.

Дәмді тамақ, тәуір киім, жақсы тұрмыс үшін шалға тие салған жас, сұлу, қызулы келіншек пен басы бос бойдақ, сезімі бастықпаған жігіт драмасы – соғыс жылдарының драмасы болып суреттеледі.

“Өлгендер қайта келмейді” романының сюжеті, негізінен, Еркін Мамырбаевтың өмір жолының ізімен өрбіп отырады. Барлық әрекет Еркін төңірегінде жүріп жатады. Бұл жайлар шығармаға тізбектеме - өмірбаяндық сипат берген.

Үнемі осылай болу кейбір кемшіліктерді тудырып, роман композициясында бірсарындылық пайда болған.

Студент Еркіннің өмірі – соғыстан кейінгі ауыр жылдардағы студенттер өмірі. Оқуға қабылдауда, оқытуда, тұрмыс-тіршілікте күлкілі жайлар мол. Адамды ойлантатын, еріксіз күрсіндіретін халдерді жазушы көз алдыңызға әкеледі.

Жазушы пародия, гротеск, иронияны шебер пайдаланады. Астар, емеурін мол.

Елуінші жылдардағы мектеп тұрмысы романның үшінші дәптерінде жан-жақты суреттелген. Институт бітірген маман Еркін мен оның әйелі Зағипа Қазақстанның орталықтан шалғай аудандарының біріне мұғалімдік жұмысқа келген. Олар әр түрлі жағдайларға тап болады.

Автор негізгі оқиғаға қатысы жоқ жанама кейіпкерлердің бейнесін қызықты жасаған. Басқа жақтан келгендерді жақтырмайтын, поезда кездескен кемпір, ру сұрайтын мектеп директоры, ленинградтық Маша мен Саша – бұларды ұмытуыңыз қиын.

Аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің, оқу бөлімінің меңгерушілері Еркін мен Зағипаға барғаннан көмектессе, Жақыбаев, Ілиясовтар ертең білімді мамандар орнымызға тұрып алады деп қарсы болады.

Еркін мен Зағипаның ерлі-зайыпты өмірлерінің алғашқы қуаныш-күйініштері бар.

Тірліктен көп таяқ жеп, ерте есейген, өткен-кеткенге, ақ пен қараға ойлана қарайтын, өзінше таразыға салып баға беретін қабілетті, табиғатынан әңгімеге өлеңге құштар Еркіннің жазушылық өнерге ден қоюы – оқырман үшін сенімді нәрсе.

Үшінші бөлімнің бірталай беттері Еркіннің шығармашылық барлау кезеңіне, әдеби ортадағы алғашқы қадамдарына арналған. Редакцияның күнделікті жұмысына, киностудия қызметіне байланысты дәл табылған детальдар, қызықты суреттер, сәтті персонаждар бар.

Көркемдік заңдарын ескеріп жазған романда автор кейбір өмірде болған адамдардың аттарын өз қалпында алмай, өзгертіп бергені дұрыс болатын еді. Еркіннің жазушылар ортасында түскен соң ішуі, бос жүруі тым көбейіп кетеді.

Жазушы қиындық, ауыртпалықтарды жеңіп, тіршіліктің кең жолына түскен жағымды қаһарман бейнесін жасаған.

Қызықты бейнелері бар, тілі шебер, стилі ширақ роман жазушының қабырғалы қаламгер екендігін көрсетіп отыр: оның қаламынан туған көп қырлы, мол сырлы “Өлгендер қайтып келмейді” – қазақ прозасының елеулі туындысы.

Кітап стиліне зер салыңыз: ақ қағазға қара қарындашпен сызып түсірген суреттей айқын бейнелер көз алдыңызға келеді. Мағына тереңдігі, мазмұн тереңдігі бар. Шымыр тұжыру, нысананы дөп ату разы етеді. Соқпақбаев шындықтың қасықтай бояуын бір шелек суға тастап жіберіп, оқырманды алдарқататын жасандылықтан іргені аулақ салған. Кітаптағы негізгі қаһармандар – Еркін, Нұралы, Қайша, Ғалия, Дүйсен - әрқайсысы өз қалпында – біреуі тайша тулаған асау жүрегімен, біреуі өлімді жерде семірген қара жүрегімен, біреуі ерінен айрылған азалы жүрегімен, біреуі парықсыз жүрегімен, біреуі абзал жүрегімен сыр шертіп тұр. Ықшамдылық, төселген шеберлік бар.

Құрғақ фактілер дәлдігін, сырт сурет, жадағай көрініс сәйкестігін құнттайтын натурализм мен құбылыстың диалектикалық күрделілігін ашатын реализмді шатастырмау керек. Реализм – қат-қабат өмір қайшылықтарын көрсетуді, даму бағдарын айқындауды талап етеді. Жазушы осы биіктен табылуға күш салған. Еркіннің лагерьдегі өмірінің шолақ қайырылуы, Еркін мен Нұралы арасындағы тартыстың асқынып барып, жеңіл шешілуі – кітап кемшіліктері. Тұтастай алғанда, қазақ қырының соғыс кезіндегі қайғылы аспанын, азалы жерін, күрсінген адамдарын сенімді бейнелеген “Өлгендер қайтып келмейді” хикаятының арқалаған әлеуметтік салмағы, көркемдік-эстетикалық күші бұл шығарманың әдебиетіміздің соңғы жылдардағы бір олжасы екенін айғақтайды.

11-дәріс. Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Ә.Кекілбаев,






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных