Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Дәріс. Тақырыбы: Алғашқы Абайтанушылар.




Жоспары:

1. Ә. Бөкейханов мақаласы.

2. К. Ысқақов мақаласы.

3. «Қазақтың бас ақыны»

4. М.Дулатовтың мақаласы.

5. «Абайдың» өнері һәм қызметі.

6. «Абай» әдебиеттің басшысы.

 

Дәріс мақсаты: Ақын өмірбаяны туралы алғашқы мақалалармен таныстыру.

 

Дәріс мәтіні (қысқаша):Ә.Бөкейхановтың мақаласы - Семейде шығатын «Семипалатинский листок» газетінде жарияланған азанама. 1907 жылы мақала Орыс Географиялық қоғамының жазбаларында қайта жарық көреді. Мақала Абай өмірі туралы біршама жүйелі мәлімет беретін еңбек. Кейінгі еңбектерде айтылатын көп дерек тұңғыш рет осы мақалада жазылған. Абайдың әке жағы мен шеше жағы таратыла әңгімеленеді. Шеше жағынан сөзге бейімділік дарығаны айтылады. Білімге сусау, алғашқы, кейінгі үш-төрт жылдағы оқуы, ел ісіне араласуы, орыс достарымен кездесіп, шынайы білімге ұмтылғаны, ізденіс әрекеттері, рухани толысуы, ақындыққа бет қоюы, кейінгі қайғылы халі, қазасы - түгел сөз болады. М.Әуезов өмірбаянында осылар негіз ретінде алынып, толықтырыла жетілдіріледі. Ә.Бөкейханов мақаласындағы Абайға берілген баға мынадай: «Өлеңдерінен көрініп тұрғандай, Абай асқан поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы болды». Ә.Бөкейханов Абайдың табиғат туралы өлеңдерін жоғары бағалаған.

Екінші мақала Кәкітай Ысқақов тарапынан Абай жинағына арнап жазылған. Ә.Бөкейханов мақаласы мен бұл мақала арасында дерек ортақтығы көп. Олардың негізі бір екені анық байқалып тұрады. Сірә, осыны о баста Кәкітай жазған болу керек. Ол профессор Т.Кәкішев жазғандай, Абай жанында жүрген, ақын өмірінен көп хабардар болған. Кәкітай мақаласы Ә.Бөкейханов мақаласынан көлемдірек. Ә.Бөкейханов Абай өлімі туралы жаза келіп, ақынның табиғат туралы өлеңдерінің көркемдігін, жалпы Абайдың асқан поэтикалық қуаттың иесі екенін айтумен аяқтаса, Кәкітай мақаласы бұдан әрі жалғаса түседі. Кәкітай Т.Кәкішев жазғандай, Абай өмірімен етене таныстығын байқатады. Ақын өмірі мен ойынан белгі ретінде оның «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін келтіреді. Абайдың өлең жазудан өзге уақытта жастармен отырып, олармен қозғайтын әңгімелерінен хабардар етеді. Кәкітайдың осы сөзі Абай болмысының, оның танымын, поэзиясы мен қарасөзінің мазмұнын танытуда мәні зор: «...Жас жеткіншектер ортасында өзге ел сөзі, шаруа сөзі сөйленбей, өзінің білгенін, сезгенін айтып, адамның адамшылығы қандай мінезбенен түзеледі, қандай қылықпен бұзылады, ғылымды қайдан іздеу керек, өмірді қалай кешірсе жөн болады, бұрын қандай ғалымдарөткен, олардың артықша айтқан сөздері қандай, әйтеуір нетүрлі насихатпен болсын жастарға ғибрат болып, адамшылығын түзер деген сөзді айтып отырудан қанша уақыт болса да, еш жалықпай, ынталы көңілмен бек рахаттанып айтып, ұқтырып отырушы еді». Бұл Абайды артықша жақсы білетін Кәкітайдың сөзі. Оның Абайды етене жақсы біліп, ақын туралы мақаланы әуелі өзі жазғаны оның мына сөзінен де байқалады: «Бұл уақытта бір адам әншейін шаруа жайынан, ел жайынан сөз сөйлесе, бек ренжіп, ашуланып қалушы еді». Абайдың өмірдегі тірек етіп ұстанған басты қағидасын да айта кетеді: «Абайдың өміріндегі ең жақсы көретіні таза көңіл мен достық еді».

Бұл мақала «Қазақ» газетінің 1913 жылығы екі санында жарияланған. Мақала туралы М.Мырзахметұлы: «...тарихи мән-мағынасы зор, ұлы ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан танып білу және де Абай мұрасын халыққа насихаттау ісіне бастама болуымен де ерекшеленеді» деп баға береді. А.Байтұрсынов мақала басында-ақ Абайды «қазақтың бас ақыны» деп жазады.

Ол өз сөзін осындай жоғары бағалаумен бастайды. Сол кездегі А.Байтұрсынов мойындауы бүгін де өзгерген жоқ: «Онан асқан бұрыңғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ». А.Байтұрсынов Абайдың өз кезіндегі әйгілі, көпке мәлім ақын болғандығын жазады. Бұл көбіне ақын сөзі басылым көруіне байланысты делінеді. Абай көптің көңілінен орын алған ақын.

А.Байтұрсынов мақала басында осы жағын баса айтады. Ақын өлеңдерімен ол ең алғаш 1903 жылы танысқан. Сондағы әсері: «оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес, олардың сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, керең». Байқағанымыз - Абай болмысы бөлек ақын, әрі бөлектігі, даралығы соншалық елеулі. Бұл ақынның мейлінше жетіле өскенін байқатады.Абайда мазмұн, ой басым.

Ойында тереңдік көп. Әдетте үйреншікті нәрсе көңілге тез қона кетеді. Ал жаңалық, әсіресе өресі биік тосын ой тыңдаушыға жеңіл жете қоймайды. А.Байтұрсынов Абайға қатысты осындай ой өрбітеді. Абайды ұғудың қиындығын оқырман жүз жылдан кейін де сезініп жүр. Біз әлі де ақын Абайды біршама танысақ та, ойшыл Абайды жете білмей келеміз. А.Байтұрсынов мұны сол кезде-ақ жазып кеткен: «Кей сөздерін ойланып, дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынасында айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі». Осы орайдағы автор түйіні: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас». Автордың әр сөзі мәнді, керекті. Ол бұл ауырлық Абайдың айта алмауынан емес, оқушы өресінің төмендігінен екенін баса айтады.

Абайды танудың тағы бір тың қыры - оның өз ойын ақиқат деңгейіне жеткізе терең айтуында екен: «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады». Ал терең ой мен ақиқатты білу, тану әркімнің деңгейіне сай нәрсе емес. А.Байтұрсынов мұны да айтады. Абай сөзі оқушыларына сын екенін жазады. «Абай сөзі заманындағы ақындардың сөзінен үздік артық».

А.Байтұрсынов Абай туралы терең ойлы толғанысын осы арада үзе тұрып, оның өмірінен мәлімет беруге ауысады. Ұлы атасы Ырғызбай қолбасы, батыр, әрі ел ағасы, биі болыпты. Ол Түркістанда тұрған туыстарын Торғай өңірі арқылы Шыңғыс тауына бастап барады. Қонысқа кең, малға жайлы болуын ойлағаны айтылады. Кіші атасы Өскенбай ел ішінде әділ би атанған. Әкесі Құнанбай қарадан сұлтан болған «қазақтың бас адамдарының бірі» болған. Шеше жағының әзіл-қалжынға бейім, сөзге ұста болғаны аталады. Бұдан әрі нақты өмір деректерін келтіреді. Бүгінде біз білетін деректер жайы айтылады. Бірақ сол кез үшін бұл үлкен жаңалық болған. Абай нәр алған қазақтың рухани қазынасы сөз болады. Абай өз өмірінде атаның баласы емес, адамның баласы болғанын түйін етіп жазады. Абай шын қадірін білген кісіге өлеңнің қасиетті екенін ұққан, білген адам. Өлеңін де сондай биік деңгейде таныта алған. Абай өлеңге «төр түгіл, тақтан орын берген». А.Байтұрсынов Абайда өлеңге қажетті ой шеберлігі, сыншылық, білімнің - үшеуі де барлығын айтады. Абайдың үлгілі, жаңашыл ақын екендігі де айтылады.

«Абай» мақаласы көрнекті ақын, жазушы, қоғам қайраткері, айтулы журналист Міржақып Дулатов тарапынан Абайдың қайтыс болуына 10 жыл толуына байланысты жазылған. Мақала 1914 жылы «Қазақ» газетінің 23 маусымдағы 67-ші санында жарияланған.

М.Дулатов мақаласын «Бүгін атақты қазақ ақыны марқұм Абай Құнанбаевтың апатына 10 жыл толды» деп, жазылу себебін айта отырып бастайды. Мақала ерекше тебреніс, зор шабытпен жазылған. Автордың ақын туралы құрметі өте жоғары. Абайдың шығармалары жарияланып, мерей тойы аталып, көңілдегідей насихатталмай келгеніне өкініш білдіреді. Өзге ойдағыдай жұрттар мұндай ақыны болса, «төбесіне көтергендей болар еді» деген ойын байқатады. «Елі туғанына сүйсініп, өлгеніне тегіс күйінер еді». Абайға деген құрметі әр сөзінен байқалып тұрады. «Қазақ әдебиетінің атасы хакімінде тарихта аты алтынмен жазыларлық Абай» ақынның өмірден өз деңгейінде даңқы, атағы, шығармалары танылмай, елеусіз өтіп кеткеніне өкініш білдіреді. Қазақы қамсыздығымызға налығандай кейіп танытады. Ең басты мәселе Абайдай атақты ақынымызды қадіріне жетіп, тиісті деңгейде насихаттай алмағандық болады. Өзі Абай өлеңдерінің жазбасын ең алғаш 1904 жылы Омскіде А.Байтұрсыновтан көргенін жазады. Ол кезде А.Байтұрсынов та Абайды көрмеген, кездестірмеген. Күзде кездеспек болады, бірақ үлгермейді. М.Дулатов Абай туралы 1905 жылы және кейін де Ә.Бөкейханов тарапынан жазылғанын, 1909 жылы кітабы шыққанын мәлімет ретінде хабарлайды. Автор ақын туралы қайта-қайта тебіреніп, жоғары бағасын беріп отырады: «Абай секілді атымен қазақ халқы мақтанарлық ақынымыз...». Абай өзін насихаттауды қаламағанын осы мақаладағы А.Байтұрсынов сөзінен ұғамыз. М.Дулатов та «халқымыздың бұндай адамның қадірін білмеуін айтып қана өтеміз» деп, ақынның ел игілігіне, рухани жетілуіне жұмсалмай келгеніне реніш білдіреді: «Абай сынды ақынның қадірін білмеу қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды». Абай туралы айта отырып, ел, ұлт болып қалу қамын да жейді. Абайды білу, Абайды ұмытпау қазақ халқына ауадай қажет екендігін жазады. Нағыз әдебиеттің Абайдан басталатынын түйіп айтады: «Әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш Абай сөзі, Абай аты болуға керек, Абайға шейін қазақта қолына алып оқырлық шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді.

Абайдың бізге қымбаттылығы да сол...Ең жоғары ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз - Абай. М.Дулатов Абайды орыс әдебиетінің басы Ломоносовпен қатар қояды.

М.Дулатов Абайды еске алу, Абайды ұлықтау жолында Семейліктердің мұрағат дайындау ісін, ақын туралы әдеби кеш өткізгенін ризашылықпен еске алып жазады. Семейдегі осы жылы 26 қаңтарда сондағы оқыған жастар мен Орыс География қоғамы көмегімен өткен әдеби кеш, ондағы Назипа Құлжанованың ақынды насихаттаудағы ізгі әрекеті қуанышпен аталады.

Автор осындай мерекелі күнде Абайдай «қараңғы заманда шырақ жаққан басшының аты, терең мағыналы асыл сөзі мәңгілік жасауын тілейді. М.Дулатовтың мына сөзін қазіргі Абайтану қалпын танытқандай көреміз: «Зәрредей шүбә етпейміз, Абайдың өткен күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз». Шынында Абайдың өлгеніне 100 жыл өтсе де, ақын сыры бізге жете танылмай, ақын болмысын білуге деген тілегіміз артып келеді. Автор халық пен Абай қатынасын, Абай құрметінің шексіз өсетінін көріпкелдікпен болжағандай жазып кеткен: «Сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар... Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар».

«Абайдың өнері һәм қызметі» деген мақала «Абай» журналының 1918 жылғы екінші санында «Екеу» деген бүркеншік атпен басылым көрген. Зерттеушілер пікірі бойынша «Екеу» деп мақалаға қол қойғандар - Ж.Аймауытов пен М.Әуезов.

Мақала ә дегеннен-ақ терең білім, зор шабытпен жазылғанын байқатады. Өмірбаян дерегінен басталып, ақын туралы жүректен шыққан зор баға айтылады. «...Тұншықан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық - аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды». Мақала мазмұны шешендік оралымдармен көмкеріліп берілген. Авторлар ақын өмірбаянын жай баяндамай, көркем шығармадағыдай бейнелі, мәнді, дәмді етіп, суреттей жеткізеді. Ақынның жайсыз жағдай, ғылымсыз, тәрбиесіз ортада айналсоқтап, адымын жаза алмай келгенін баса айтады.

Авторлар Абай сөзіне баға беріп, былай дейді: «Абайдың ең бір артық, өзгешелігі заманының ыңғайына жүрмей, өзінің өздік бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билетіп, көз тұндырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі шарықтап жүріп, қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы...Абайдың қиялы шалымды, ойы терең, ақыл білімнің һәр тарауынан көкірегінде асыл қазынасы көп, сол көп қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипаты мен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен биязы қып шығаруы, әрі ақындығы, қыз тілді шешендігі». Авторлардың ақынды жете тануға талаптанғаны анық байқалады. Олар Абайды өзіндік болмысы бар, шыншыл, сыншыл ақын деп біледі.Абай парасатты һәм білімді ақын. Ол көп ақындардай барымен базарлатып жүрген ақын емес, ол ізденімпаз, ойшыл ақын. Екеу Абайдың әдеби тілді қалыптастыруда, тілдің көркемдік қызметін өсірудегі өлшеусіз еңбегін көре білген. Бұл мақалада ақын шығармалары жанрлық жағынан да анықталған. Екеу Абайдағы мораль, пәлсапа жөніндегі шығармаларын алдымен атайды. Көңіл күй лирикасы мен сатирасын да жіктеп көрсетеді. Абай ақындығының көркемдігі (суретшілдігі), сыншылдығын да назардан тыс қалдырмаған. Абайдың керемет аудармашылық қабілетін де таңырқай атайды. Бұл сипаттар Абайға ғана тиесілі екенін баса айтады. Екеу ары қарай аталған тақырып, жанр ішіндегі мәселелерді сөз етуге көшеді. Екеу Абай өлеңдері мен қарасөздеріндегі тереңдік пен пәлсапа туралы біршама тоқтаңқырайды: «Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі, неше түрлі хақиқаттар туралы жазылған сөздері Абайда пәлсапа қуаты барлығына үлкен дәлел». Екеу ақындағы қуатты көркем сезім, сыншылдық пен суретшілдік туралы түйіндеулерін нақты мысалдармен тамсана сөз етеді. Абайдың кейде анайы, дөрекі айтып жіберетінін А.Байтұрсынов жазып еді. Бұл мәселеге Екеу де назар аударыпты. Екеу жоғарыдағы жіктеулеріне жеке-жеке тоқталып қарастырады. Ақынның аудармашылығы туралы: «Кейбір орыс өлеңдерін қазақ тіліне аударғандарын өзінің тың өлеңдерінен артық деуге болады» дейді. Екеу қазақтың тілін кедей, дөкір дей отырып, сондай тілмен-ақ мағыналы, терең, тілге жеңіл аударма жасаған ақын ұсталығын өздері тамаша етіп мойындайды. Ақын аудармаларының ерекшелігі туралы айта келіп, тағы да ақын шеберліне айналып соға береді: «Кейбір переводын орыстың өз өлеңінен асырып, түрлеп жіберген». Екеудің ақын тіліне қатысты түйіндері де олардың ерекше ізденгенін байқатады. Өзіне дейінгі А.Байтұрсыновтың ақын өлеңдерін ұғудың қиындығы жөнінде айтқан пікірін қайталағандай болады. Бұл бір жағы қайталау да емес, ортақ ақиқатты айту: «Тілі ұғымды, қысқа, аз сөзге көп мағына сиғызғыш, өрнекті, дәлшіл, күйлі, таза һәм анық келеді, тілі терең мағыналы болғандықтан, жұрттың көбіне ұғымсыз ауыр жерлері де болады».

Абайдың қазақ әдебиеті мен тіліне сіңірген еңбегі айрықша зор. Осы орайда Екеу әуелі «қазақ тілін анық түрлеп, өрнектеп, керекке жаратып, түзеген - Абай» дейді. Екеу Абай шығармаларындағы жүйелі адамгершілік ілімнің барын сол кезде-ақ байқағанға ұқсайды. Олар Абайға дейін «мінезді суреттеп, мәнді айтып, адамшылдыққа жөн сілтеген ақындар болмағанын» жазады. Абайға дейін сөз қадірі төмен болғанын айтады. Екеу Абайды «білімді, дана ақын» деп бағалағандай болады. Абай арқылы ақындық әлеуметтік зор құралға айналғанын байқаймыз. Екеу Абай артықшылығын оның ақындығы күшті, әрі ақылы асық болып, өлеңді қадірлі өнер дәрежесіне көтергендігімен байланыстырады. Абай өзіне дейінгінің озығын алып дәстүр жасағанын, кейінгілердің Абай дәстүрімен жүріп келе жатқанын жазады: «Кейінгі жазушылардың бәрін Абай өзіне еліктетіп, соңынан ертіп, шәкірті қып әкетті». Абай дәстүрінің ұзаққа жетерін Екеу әбден болжаған: «...еліктеу бірталай заманға шейін бармақ».

Адамгершілік, толық адам танымы - Абай шығармаларының өзегі. Мұны М.Әуезовтер сол кезде-ақ байқап, ол туралы қайта айналып жаза береді: «Абайдың пайдасыз сөзі жоқ.

Ахлақ, адамшылық туралы айтқан терең мағыналы үлгілі сөздері көпшіліктің мінезін тәрбиелеп, ақыл көзінің ауданын кеңейтпек. Абай сөздері тыңдаушысын тереңдік пен әрнәрсенің өзегіне үңілдіретін сипатқа ие. Абай сөздері өзі ғана терең, сыршыл болып қоймай, оқырманын да биік болмысқа тәрбиелейді: «...сөздері адамның ақылын ішіне үңілтіп, жанымен сырластырып, ұғып оқып түсінгендердің сезімін тәрбиелемек». Сөйтіп Абай сөзі тыңдаушысына шексіз пайдалы. Екеу кейінгі кемелді кезеңде айтылар көп түйінді тұжырымды ертеде-ақ айтып қойыпты. Тыңдаушы танымы өскен сайын Абайдың да бағасы артарын, ақын сөзі тыңдаушысынан асып, ертерек айтылып қойғанын да Екеу жақсы байқапты. Олар Абай сөзінің зор игілікке айналарына сенімді: «Марқұм атамыз! Қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес белгі орнатты».

М.Әуезовтың «Абай - әдебиеттің басшысы» атты үзінді мақаласы оның Қоңыр деген бүркеншік атпен 1922 жылы «Шолпан» журналының 4-5 санында басылым көрген «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деген еңбегінен алынған. Ол еңбек негізі қазақ әдебиетінің тарихын тану мақсатында жазылған. Ал ол тарихта Абайдың алар орны өзгеше.

М.Әуезов «Абайды: «қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы» деп біледі, екіншіден, Абай өлеңдерінде тереңдік пен білім басым.М.Әуезов Абайдың тіл қасиеті мен көркем өнер жасаудағы еңбегін тағы да қадап айтады. Қазақ тілін кеміте, кішірейте отырып, қасиетін де көтере мадақтайды. Абай жаңа әдебиеттің басында тұрған тұлға. Ол туралы М.Әуезов: «...оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар» деп жазады. Абай өлеңдері өмірге жанасымды дәлдік, шыншылдығымен ерекшеленеді. Ақынның өзіндік беті, бағыты туралы М.Әуезов: «...Ол ашық тілек, айқын ұғымның, здоровый реализмнің сарыны» деп жазады. Мақала түйіні де осы.

Бақылау сұрақтары:

1. Екеудің Абай мұрасының жан-жақты сипаты туралы айтқаны.

2. М.Әуезов Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны туралы.

3. Ә.Бөкейханов Абайдың ақындығы туралы не айтады?

4. К.Ысқақов мақаласының ерекшелігі.

5. А.Байтұрсынов Абаймен кездескен бе?

6. М.Дулатов Абайды кіммен қатар қояды?






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных