Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 34 страница




Журналдың жабылуына байланысты мақаланың соңы басылмай қалды. Қолжазбасы сақталды ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Т.Жұртбайдың алғысөзімен 1986 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде, сондай-ақ “Абай”журналының 1993 жылғы № 6 санында жарияланды. Ал оның аудармалары мыналар: “Үлкен бақшашының өмірі” – А.П. Чеховтің әңгімесі. 1926 жылы Мәскеудегі Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан 3.000 данамен басылып шыққан. “Төрт күн” – орыс жазушысы В.М.Гаршиннің «Четыре дня» деген әңгімесінің аудармасы. 1926 жылы Мәскеудегі Қазақстан мемлекет баспасының Күншығыс бөлімі 3.000 данамен басып шығарған. Сонымен қатар Г.И.Серебрякованың «Маркстың жас шағы», поляк-орыс жазушысы Бруно Ясенскийдің “Терісін ауыстырған адам” (“Человек меняет кожу”) атты романдары 1935 жылы Д.Ысқақовтың тәржімасымен қазақша басылып шыққаны туралы «Әдеби өмір шежіресінде» («Қазақ Совет әдебиетінің тарихы». Бірінші кітап, 1967) атап көрсетілген. Бірақ бұл екі аударма кітап әзірше табылмай отыр. Д.Ысқақовтың бұл әдеби шығармалары Т.Жұртбайдың құрастыруымен шыққан «Алаш ақиықтары» атты жинақта барынша жинақталып басылды.

Абдолла Байтасовпен бірігіп «Көркем әдебиет туралы» мақала жазып, Сәбиттің, Әбдірахманның, Қошкенің пікірлеріне пікір қосады, Әбдірахманның сыңаржақ пікірлерін сынайды, әдебиеттің ұлттық сипатта болуын қостайды. Ескерте кететініміз, бұл мақала осы уақытқа дейін Ж.Аймауытов пен М.Әуезовтің атына телініп келді. “Көркем әдебиет туралы” мақаласы – «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы 8-9 тамыздағы сандарында “Екеу” деген бүркеншік атпен жарияланды. Кейін “Қазақ әдебиетінің” 1989 жылғы 3 қарашадағы санында басылды. Авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов деп, екі жазушының “Екеу” деген бүркеншік атпен қол қойған ертеректегі мақалаларына сүйеніп жаңылыс көрсетілген. Әдебиет зерттеушілері де осы уақытқа дейін соған сүйеніп, қате пайымдаулар жасап келеді. Нағында бұл – белгілі алаш мәдениетінің қайраткерлері, әдебиет сыншылары, аудармашы Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақовтың мақаласы. Осы мақаласы үшін екеуі де 1930 жылы тергеуге алынып, түрмеге қамалған.

Мақала авторы ретінде көрсетіліп отырған Ж.Аймауытовтың өзі түрме тергеушілеріне берген жауабында:

«Екеу» деген бүркеншiк атпен жазылған көркем әдебиет туралы мақаланы оқыдым. Оның иелерi – Байтасов Абдолла мен Ысқақов Даниал. Соңғы адам үйiрменiң бағдары талқыланған мәжiлiске қатысты ма, анық айта алмаймын, қатысқан болуы да мүмкiн. Мақаланы мен қолжазба түрiнде оқыдым, оны маған Ташкенттегi жоғары оқу орындарының не рабфактың бiрiнде оқып жүрген Шымкенттiк студенттердiң бiреуi әкеп бердi. Оған дейiн мен Ташкентке барғанмын, сонда А.Байтасовпен де, Ысқақовпен де кезiктiм, олар маған: «Еңбекшi қазақ» газетiнде көркем әдебиет туралы мақалалардың жариялануына байланысты бiз де мақала жазуды ойластырып жүрмiз,дедi. Қашан дайын болған кезде оны маған көрсетiңдер, мүмкiн мен кей жерiн түзетiп берермiн дедiм. Сол уағдаластықтың желеуiмен ол мақаланы әлгi студенттер арқылы Шымкентке берiп жiберiптi. Бұл – 1927 жылдың алғашқы жартысындағы қыс айларының бiрi болатын. Мақалаға аздаған өзгерiс енгiзiп, мұны баспа бетiнде жариялауға болады деген тiлекпен өздерiне қайыра жолдадым. Мақала газетке жарияланған соң ондағы пiкiрлердi толық қостайтынын бiлдiрген Әуезовтiң пiкiрiн өз құлағыммен естiдiм. Мақаланы мен өңдеп бергеннен кейiн оны өзге қазақ жазушылары, мысалы, Дулатов қарап шықты ма жоқ па, ол жағын бiлмеймiн. Ол мақаланы «Алқаның» бағдарын толықтай қостаған дүние деп мен есептемеймiн. Аймауытов (қолы қойылған)»,– деп анықтап тұрып көрсеткен.

Осы мақала үшін екеуіне 1937 жылы: “Алқа” жасырын контрреволюциялық ұйымына қатысты, кеңес өкіметінің мәдениет туралы саясатына қарсы шығып мақала жазып, газет бетінде ашық пікір білдірді”– деген жалған айып тағылып, ату жазасына бұйырылды. Шындықты қалпына келтіру мақсатында алаштың екі азаматының басын бәйгеге тіккен бұл мақала нағыз иелері – А.Байтасов пен Д.Ысқақовтың атынан тұңғыш рет «Алаш ақиықтары» атты жинақта жарияланды. Сонымен, тергеу ісіне оралайық.

1931 жылы 14 сәуір күні тергеуші Лафиулов Даниал Ысқақовтан жауап алған. Тергеудің негізгі бағыты «Сана» журналындағы ұлтшылдық идеологияның, яғни, көркем әдебиеттегі ұлттық сана мен ұлттық көркем шындықтың насихатталуын әшкерелеу тұрғысында жүргізілген:

«Комиссияның жоспары бойынша («Сана» журналының) екінші санын жарыққа шығару көзделген. Түркхалкомағарту мекемесінің мемлекеттік ғылыми кеңесіне қарасты ғылым комиссиясына қызметке келгенімше оның бірінші саны шығып үлгеріпті. Менің есімде сақталғаны, ол журналда мынадай мақалалар жарияланды:

1.ГУСОМ бекіткен, Байтасов қайта қарап шыққан 1-баспалдақтағы мектептерге арналған жалпыға ортақ оқу бағдарламасы.

2. М.Тынышбаевтің «Мырза Едіге батыр» (тарихи дастанның кейіпкері) атты мақаласы және қазақ тұрғындарының саны туралы кесте.

3. Жұмабаевтің қазақтың халық ақыны Ақан туралы мақаласы.

Ұлтаралық межелеуге байланысты комиссияның қаулысымен редакция алқасы құрылды, оның құрамына Х.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және мен кірдім. Осы алқа мүшелеріне материалдарды дайындау тапсырылды. Бұл кезде комиссияның қолында журналға арнап әр жерден жіберілген және жергілікті ташкендік авторлар жазған материалдар болды. Келіп түскен материалдардың барлығын комиссияның төрағасы ретінде Х.Досмұхамедов қарап шықты және басылуға тиісті материалдарды сол іріктеп алды.

Журнал ешқандай да кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізген жоқ және ондай әдеби міндетті алдына қойған да емес. Оның басты мақсаты – оқу-ағарту саласы болды, алайда ол кезде қазақ көркем әдебиетін бағалауда пікір қайшылықтары болатын, соған орай басылған Ғаббас Тоғжановтың рецензиясына бола журналды ұлтшыл мекеменің қатарына қосты, алайда онда кеңес өкіметіне қарсы бағытталған немесе таза ұлтшылдықты көздейтін ештеңе де жоқ болатын.

Ол кезде көркем шығарманы маркстік тұрғыдан бағалай алатын сын қазақ әдебиетінде мүлдем жоқ еді. Егерде «Сана» журналы нақты таптық бағыт ұстай алмаса, онда мұны сол кезде қазақ тілінде шыққан барлық басылымдарға кінә ретінде көрсетуге болады. Д.Ысқақов».

Ал Даниал Ысқақов өзінің 1931 жылы 31 сәуір күнгі тергеуде берген жауабында Халел Досмұхамедовпен ғылыми шаруашылық мәселелеріне қатысты жиі араласып тұрғандығын айтқан. Екеуінің сөздері бір арадан шыққан. Сол сияқты Дәурен Тұрғынбаевтің (сол кезде 45 жаста екен) 1931 жылы 11 мамыр күнгі жауабы да сол мазмұндас.

«1931 жылдың 17 қыркүйегі күнгі Даниял Ысқақовтан алынған жауаптың хаттамасы: Ташкентте 23-жылдан тұрамын. 26-жылы Қызылордада комиссияның жұмысымен бес күндей болдым. Байтасов саяси курсқа хат беріп жіберді. Онда бұрынғы алашордашылардан ешкімді кездестіргемін жоқ. 24-26-жылдардың арасында бұрынғы алашордашылардың ішінен ғылыми комиссияда жұмыс істейтін Халел Досмұхамедовпен қызмет барысында кездесіп жүрдім. Ал куәға тартылып отырған Тынышбаевпен, Қашқынбаевпен қоғамдық орындарда ғана өте сирек ұшырасып қалып жүрдім. Мен Ташкентте тұрғанда Ермековпен 2-3 рет қана жолықтым, одан көп емес. Сұраған мәселеге тік жауап беретін шыншыл адам, ал оның өкіметке қарсы пікір айтқаны есімде жоқ. Бұрынғы алашордашылардың Ташкентте ұйым құрғаны және олардың Заки Валидовпен байланысы туралы мүлдем хабарсызбын.

Енді мақаланың жайына келетін болсақ (көркем әдебиет туралы «Екеу» деген бүркеншік атпен Абдолла Байтасов екеуі бірігіп жазған сын мақаланы айтып отыр – Т.Ж.) мұнда бір түсініспестік бар. Қашан екенін білмеймін, Байтасов Абдолла маған Аймауытов екеуінің атынан мақала жазып әкелгендігін айтып, сол туралы пікір білдіруімді сұрады. Көркем әдебиетті маркстік тұрғыдан талдау тәжірибем бар болғандықтан да оқып шығып, өзімнің пікірімді білдірдім. Кей тұстарымен келіспейтінімді де айтып, түзетуді ұсындым. Жандосов Ораз да танысып шығып, біраз уақыт ұстады. Арада недәуір уақыт өткен соң мақаланы менің көзімше қайтадан көшіріп шығып, авторлыққа мені де қосып, «Екеуміздің» атымыздан шығарды. Мұның жөнін сұрағанымда Байтасов: «Мақаланы оқып шыққан Аймауытов: екеуіңнің атыңнан шығара беріңдер, пікір екеуіңдікі. Мен қосылмай-ақ қояйын – деп кеңес берді. Ішінде сенің түзеткендерің мен пікірлерің бар болғандықтан да сенің атыңды да қостым. Онда тұрған ештеңе жоқ», – деп жауап берді. Бұл мақала 26-жылы не 27-жылы жарық көрді.

«Алқа» әдеби үйірмесіне байланысты айтарым мынау: 26-жылдың қарсаңында Байтасов менің пәтеріме менің үйде жоқ кезімде «Алқаның» бағдарламасын тастап кетіпті. Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ. Жарғы біздің үйде біраз жатты. Мен оған ешқандай мән бергемін жоқ. Екеуміз бұрын да бірлесіп жұмыс істеп, кітаптар аударғамыз. Бір апта өткен соң ол менен «Алқа» әдеби үйірмесінің жарғысын менің оқыған, оқымағандығымды сұрады. Одан бізге келетін қандай пайда бар екенін сұрағанымда: Мәскеулік студенттер ұйымдастырыпты. Мәскеуде әдеби үйірмелердің бағытын негіз етіп алыпты – деді. Мен жарғыны оқып шығып, пікірімді айтуға келістім. Одан басқа ешқандай уәде бергемін жоқ. Жиырма күндей менің үйімде жатты. Қарап шығуға мұршам болмады. Ол тағы да мен жоқта үйге келіп, ендігі оқып бітірген шығар деген оймен жарғыны алып кетіпті. Мен жарғыны оқып үлгермегенімді айттым. Біраз уақыт өткен соң ол маған: үйірмені құруды ешкімде қолдаған жоқ – деген мағынада Жұмабаевқа хат жазып жібергенін айтты.

Әділевпен мен ғылыми комиссияда қызмет істеп жүргенде таныстым. Ол да сонда жұмыс істейтін. Бірде ол Халел Досмұхамедовтен демалыс сұрап, Ташкенттен кетіп қалды. Содан кейін мен онымен Қызылордада Қазақ театрының директоры болып жүрген кезінде бір рет қонақта болдым. Қонақта Байтасов, Кемеңгеров және...(аты-жөні танылмады) болды. Содан кейін кездесудің сәті түспеді (Қолы қойылған)».

Міне, Д.Ысқақовтың «қылмысы» да, жауабы да осы. Тек тергеудің мысын қайыру үшін өзінің «Көркем әдебиет туралы» мақалаға қатысын жеңілдетіп баяндап отыр. Ал ай бойы ұстаған «Алқа» бағдарламасын оқымадым дегені – жорта жауап. Сонша көлемді де емес және пікір білдіруге ниеттенген мақаланы оқымауы мүмкін емес. Қалай болған күннің өзінде Даниал Ысқақовтың айыбы толық дәлелденбейді. Осыған орай Мәскеу тергеушілері:

«ПП ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкіліне: Ермеков Әлімханды … Ысқақов Даниалды … жауапқа тартқан №2107 істі ОГПУ-дің коллегиясының 32 жылғы 3 наурыз күнгі қаулысына сәйкес қосымша тергеуге жіберіп отырмын»,– деген (ІІІ том, 205-бет) ілеспе хат жолдаған.

Қосымша тергеу де күткен нәтижені бермесе керек. Амалсыз кейбір айыпталушылардың үстінен жүргізілген тергеу ісін тоқтату туралы:

«… Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял түрмеден босатылсын. (Қолы) », – дегенҚаулы қабылдауға мәжбүр болады.

Құрығына түскенді құтқармайтын кәнігі тергеушілер Қаулының соңына: «Бақылауға алынсын»,– деген бұрыштама қойып, оған жеңіл ғана «қарғыбау тағып» қоя берген.

Құпия бақылау мекемесіне берілген бұл нұсқау, яғни «Бальзактың шегірен былғарысы» 1938 жылы тұзаққа айналды. Даниал Ысқақов Алматыда ұсталып, жазаға тартылды. Қосымша әфсаналық деректерге қарағанда Даниал Ысқақов атылмаған, 1945 жылы айдауда жүріп дүниеден қайтқан-мыс. Ұрпақтарының шежіресінде де солай көрсетілген. Оған өжет мінезді, өткір тілді, Кәкітайдың кіші әйелі Бибі азапты жылдары бауырына басып, «кекшіл, өкпешіл, қайдағы-жайдағы әңгімені құлағына құйып алатын, өкпе-назды кеудесіне ұялатқан», зайырлы ұстаз Мінәш Әрхамқызы Ысқақованың естелігіндегі Даниалды бауырына басқан Бибі апаға Мұхтар Әуезов айтқан бір сөздің астары негіз болған. Түрмеден босаған соң да Мұхтар мен Даниалдың арасы ажырамаған.

Мінәш Әрхамқызы: «1935 жылы анам Сақыпжамал қайтыс болып, әкем екеуміз Алматыдағы Дәку (Даниал) ағаның үйіне келдік. Сонда Мұхтар аға Дәку ағамен қазіргі Құрманғазы көшесінде қарсы есіктес көрші тұрды. Астанаға келген соң мен ондағы 12-ші мектепте оқыдым. Дәку ағалардың үйіне барғанда Мұхтар аға екеуінің қатар жүріп, қатар отырғанын жиі көргендіктен болар, мен ол кісілердің алдында еркін жүріп, еркін сөйлейтінмін. Дәку аға өте бауырмал, балажан адам еді. Мені "жетім" деп аялай ма, әйтеуір ерекше жақсы көруші еді.

Сол кезде Дәку ағаның үйі толған жетім балалар еді. Шағатай, Шыңғыстай, Саида, Зәкен, өзінің Динар, Роза, Марат атты балалары ұзын ас столында қаздай тізіліп отыратын едік. Әйелі Мүкарамма шешеміз біріміздің шекемізден шертпей тамақтандыратын. Қазан қаласының университетін бітірген, ұлты башқұр болуға тиіс, өзінің ұлт тілін сындырмай, ас ішкенде асықпай, сөйлемей, қасық, шанышқыны дұрыс ұстап отыруға көңіл бөліп: «Аш ішкәннә шашмағыз, бойығызға сіңім, қолығыңызды жуығыз», т.б. деп түсіндіріп, тәрбиелеген, көркіне санасы, мәдениеті жарасқан, өте сабырлы, иман жүзді, дауысын көтеріп сөйлемейтін, қоңыр үнді, ақылды ана еді. Ашық күнде жай түсіп, Дәку аға тұтқындалды, өзін тергеу орыны шақырып, жер аударды. Далада иесіз қалған үш баласын Ташкентте тұратын апасы Мәрзия азар жинап әкетіпті. Талай қорлық, зорлық көрсе де қажырлықпен үш баласына жоғары білім әперді. Динар, Роза Алматыда оқыды. Марат Москвадағы Ломоносов атындағы университетті бітірген. Математика ғылымының кандидаты. Қазір бәрі де зейнеткер, Алматыда тұрады. Мүкәрәмма, Мәрзия апайлар Ташкентте тұрып, ұзақ жасап қайтыс болды...

Содан... 1945 жылы Абай атамыздың 100 жылдық тойы халықтың бір қуанышты, бір қайғылы кезеңінде өтті. Себебі үйінен соғысқа аттанған 2-3 азаматының бірде-бірі тірі оралмай, жерге қарап қалған шаңырақтағылар да, майданнан жарымжан болса да тірі оралғанына тәубә еткен отбасылар да көп болатын. Соған қарамастан бүкіл ел Абайдай дана бабасының тойынан рухтанғандай, бойларына күш алып, қаяу көңілдері көтеріліп серпілгендей еді. Осы тойға әжем Бибі Павлодардан арнайы шақырылды. Ол кезде әкем Қасқабұлақта тұрғандықтан, үлкен апам аудан орталығындағы менің үйіме түсті. Атам Оразмағанбет пен енем Үмітай әжемді құшақ жая, жылап, көрісіп қарсы алды. Анық білетінім, біздің үй – мен келін боп түскен осы Байзақ би баба шаңырағымен бұрын да құдандалы, сыйлас адамдар екен. Әжем ескілік салтты өте қатаң сақтайтын, иманжүзді адам еді. Ол кісі өте жақын болмаса да кісі аттарын тергеп, Құнанды – күземе, Торғайды – шырылдауық, Топайды – асық атты деп күлкіге батыратын. Бұл жолы да сол салтын сақтап, төрге салынған көрпеге жетелеген енеме: "Би атамның төріне шығып, алжыды деп ойлайсыңдар ма?",деп ортадағы төсекке арқасын сүйеп отырды.

Өткен күндердегі қуаныш, өкініштерін айтысып, бірде жылап, бірде күлісіп жатқан мезетте үйге дауыстап сәлем беріп, Балташ аға (Балтақай Толғанбаев) мен әкем және Мұхтар аға кіріп келді. Мұхтар аға кірген бетте жіті басып, төсек жанында отырған әжемді: "Кіші апа!"деп құшақтай алды. Әжем сәл таңырқап: "Жаным-ау, Мұхтарсың ба?"деп маңдайынан сүйді де: "Мұхтар-ау, Дәкуім қайда, Дәкуім?",деп зарлап жылап қоя берді. Оқыс оқиғадан ұялып калған мен: "Әже, әже қойыңыз",– деп айырайын десем, Мұхтар ағаның да көзінен ыстық жас моншақтап тұр екен. Мен кері қарай серпілдім. Осы кезде әкем таяп келіп: "Жеңеше, сабыр етіңіз. Мұхтардың ортамызда тірі жүргеніне тәубе дейік. Абай атасының 100 жылдық тойын тойлатып, тоз-тоз боп кеткен ұрпақтарын жан-жақтан жинатып, бастарыңызды қосып жатқан, міне, осы Мұхтар. Басқаның қолынан бұл іс келмес еді",деді. "Мұхтардың тіршілігі",дегенде әжем дауысын көтеріп: "Мен Мұхтарға неге тірі жүрсің деп отырмын ба? Тел қозыдай қатар жүретін сыңарың Дәкуім қайда деп сұрап отырмын ғой",– деп алып: "Момыным-ау, ақкөңіл, ақботам, аңқауым Дәкуім-ау",деп тағы боздай жөнелді.

Сол сәтте Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар",деп әжемді қайта құшақтады. Әжем жылауын тез тиып: "Аузыңа май құлыным, қапаста қамыққан қарақтарым-ай, бейнеті ештеме етпес, құдай-ау тірі көрсете гөр...",деп Мұхтар ағаны құшағына алғанша, ол кісінің сағынышы мен жастық шақтағы ана көкірегін аңсағанынан ба, аузын толтыра: "Кіші апа-ау, Кіші апа",деп маңдайын әжемнің кеудесіне төсеп еркелегендей болғанда Балташ аға әзілдеп: "Мұхтар, бізге де бірдеңе қалдыр, Бибі әже біздің де анамыз ғой",– дегенде үйдегілер ду күліп, көңілсіздік серпіліп, көңіл орнығып қалып еді.

ӘжемКәкітай атамның екінші әйелі болған. Осыған орай ағайындарымыз ол кісіні "Кіші апа" атандырған. Дәку аға осы әжемнің бауырындағы меншігі екен. Семейге жиі қатынап, барлық қажеттерін өтеп, еркелетіп өзі тәрбиелепті. Әрине, әжемнің сол қамқорлығынан Мұхтар аға да құр қалмағаны анық»,– деп еске алады (сонда, 200-203беттер).

Ұрпақ арасындағы тылсым құпияларды тарқату әдепсіздік болар. Дегенмен де Мінәш апайдың: «Мұхтар ағаны, туған ағамыз екен деген әсер менің санамда 1942 жылға дейін өзгермеді» және «Мұхтар аға орындықтан қайта көтеріліп: "Кіші апа-ау, Дәку тірі ғой, тірі. Бір сәуле, бір үміт бар, аз күнгі бейнеті болар", – деген сөздердің астарында тағдырлы тұспал жатқанын ескерте кетеміз.

Кеңгірбай бидің батасымен Ырғызбайдың тұсында «шынжыр балақ, шұбар төстік» қонған, тағы да сол батаның жорымы бойынша: «Тоғыз ата болғанда, тоз-тозала болмақпыз», – деген Әубәкір Құнанбаевтың «Елімен қоштасуындағы» аян шындыққа айналды. Ырғызбайдың, Құнанбайдың, оның ішінде Абайдың тұқымдары тоғызыншы буында «тоз-тозала болды». Соның бірі – Даниал Кәкітайұлы Ысқақовтың алаш идеясы жолындағы кешкен тауқыметі осындай.

 

4.Қошке Кемеңгеров

Тергеуге тартылып, бірақ сұрақ астына аз алынған, көрсетінділері де шағын алаш азаматының бірі – Қошке Кемеңгеров. Мұның басты себебі: жалпы тергеу ісі аяқталып қалған, алдыңғы топтағылардың істері Мәскеуге жіберіліп қойған. Кейбір адамдардың қылмысты істері дәлелденбегендіктен де ол жақтан тергеу істері кері қайтарылып жатқан. Тергеу барысына осы жайт та әсер етсе керек.

Анкеталық анықтама: Қошке (Қошмұхамед) Кемеңгеров – 1896 жылы 15 шілде күні туған. Омбы ветеринарлық-фельдшерлік мектебінің екі класын бітірген, Омбы ауыл шаруашылығы училищесін тәмәмдаған, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыған, аспирантураға түскен. Қазақ тұрмысы туралы көркем шығармалардың, көсемсөздердің, тарихи зерттеулердің авторы. Тұңғыш қазақ драма театрының сахнасы 1926 жылы 11 қаңтарда Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» атты пьесасымен ашылған.

Әдебиеттің ұлттық сипаты мен таптық ұстанымы туралы баспасөзде Қ.Кемеңгеровтің «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926 жылғы 1 желтоқсан), «Сәбитпен айтысты доғардым» («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 30 қаңтар) атты мақалалары жарияланды. Ол Сәбит Мұқановтың «Көркем әдебиет туралы» («Еңбекші қазақ», 1926,14-15 қазан), «Көркем әдебиет туралы қорытынды пікірлерім» атты мақалаларына пікір қосу ретінде жазылып, «Қызыл Қазақстан» журналының 1927 жылғы №2 санында жарияланды. Содан кейін тұңғыш рет араб қарпінен крилл қарпіне қотарылып, Т.Жұртбай құрастырған «Алаш ақиықтары» атты жинақта басылым көрді.

Оған осы мақаласы үшін:

«Кеңес өкіметінің мәдениет майданындағы шараларына баспасөзде қарсы шықты, астыртын «Алқа» ұйымына қатысты»,– деген айып тағылды.

Қошке Кемеңгеров 1930 жылы 17 қыркүйекте М.Әуезовпен, М.Күдеринмен бір күні тұтқынға алынды.

«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң 1932 жылғы 20 көкек күнгі мәжiлiсiнiң № III/к мәжілісхатының көшірмесі:

Тыңдалды: № 2370-iс бойынша: … Кемеңгеров Қошмұхамедтi, Бұралқиев Мұстафаны ҚК 58/10, 11-статьялары бойынша жауапқа тартты».






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных