Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 36 страница




Оның негізгі ғылыми еңбектері мынадай:

Әліппе (1919, мектепте қолжазба түрінде оқылған),

Халық әдебиетінің үлгілері (1921-1930 жылдары аралығында қайталанып басылып отырған),

Орта Азиядағы жылан тұқымдарының түрлері, Қызылорда, 1925,

Майлы өсімдіктердің түрлері, 1926

Итсигек – улы өсімдік, 1926-1927, Қызылорда.

Көкпек – жылқы үшін улы өсімдік, 1926,

Тары, жүгері тағы да басқа қуаңшылыққа шыдамды өсімдіктер, 1926, Қызылорда.

Кендір – техникалық дақыл, 1926, Қызылорда,

Татыран – жемдік дақыл және оны қызылшамен будандастырудың нәтижесі, 1927, Қызылорда.

Он оқулық (ауыл шаруашылығының 10 саласына туралы балаларға арналған оқулық, 1928),

Халық әдебиетінің құрастырмасы (хрестоматия). 5-жылдық оқушыларға арналған (1929),

Құмыршық (жұмыршық –?) – Батыс Қазақстандағы азықтіқ өсімдік, 1929,

Қаратұт – табиғи жібек талшығын беретін ағаш (Алматы, газетте басылған),

Н.И.Баранский. Экономикалық жағырафия, І бөлім, аударма, (1927), ІІ бөлім, аударма (1929, қолжазба күйінде қалған),

Ботаника (Өсімдік) оқулығы (Мәскеу, 1927),

Қазақстанның физикалық географиясы (1929, қолжазба күйінде қалған),

П.Ф.Лезгаф. Физикалық география, аударма(1929, қолжазба күйінде қалған),

Өсімдіктер тіршілігі, 1930,

Қой және оның жүні, Қазбаспа,1930

Кенеп,1930, Қызылорда.

1930,

Қазақстан малшаруашылығы, қолжазба күйінде қалған, 1930,

Техникалық дақылдар энциклопедиясы, қолжазба күйінде қалған, 1930,

Кендір, аударма, Мәскеу, 1931

Жамбасбұршақ (соя) – жан-жақты азықтық дәнді дақыл, аударма, басылым көрмеген, 1932.

Жұмахан Күдериннің өмірі мен ғылыми еңбектері арнайы зерттеуді қажет етеді.

 

1.

 

Осындай өнімді ғылыми жұмыспен айналысқан Жұмахан Күдерин Мұхамеджан Тынышбаевтің ісіне байланысты 1930 жылы 17-қыркүйекте (Күдерин Жұмақан – 17/IХ –30 ж.) Ташкентте ұсталып, жауапқа тартылды. Алдыңғы толқыннан кейiнгi алаштың ең көрнекті де үмiттi тобының бір өкілі ретінде ұсталған. Өйткені Ж.Күдеринге нақты айып тағылып, қылмысы көрсетілмеген. Тек «алашордашылардың контрреволюциялық ұйымының көсемдері ұлтшыл топтан тыс»:

« Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылорда да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт-бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап) керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды»,– деген жалпылама айыпты ұстанған сияқты.

Яғни, белсенді ғылыми қызметі қылмыс ретінде қарастырылған. Сондықтан да болар Жұмахан Күдериннің түрмедегі көрсетінділері тіпті елеусіз.

30-жылы 6 қыркүйекте тергеуші М.Тынышбаевқа:

”Сіз Ташкенттегі астыртын ұйымға тартылған Күдерин Жұмақаннан, Әуезов Мұхтардан, Қожамқұлов Насырдан, Көшкімбаевтан басқа, тағы кімдердің қатысқанын білесіз? Түркістандағы көтеріліс туралы Күдериннен хат алыпсыз ғой. Оспанов Әлімхан садыр мен матайлардың, Алакөл ауданы тұрғындарының Қытайға босып жатқанын Сізге хабарлапты ғой” – деп жорта сұрақ қойған.

М.Тынышбаев бопсаға түспес үшін:

„Ташкентте астыртын ұйымның жұмыс істегенін, оған Күдерин Жұмақанның, Әуезов Мұхтардың, Қожамқұлов Насырдың, Көшкімбаевтің, тағы басқа кімдердің қатысқанын білмеймін. Күдерин Ташкентке 24-жылы кетті. 20-21 жылдары студенттік ұйым құрылмаса керек. Оған ұйым жайын мен айтқан шығармын. Өйткені ол маған ру жағынан ең жақын адамның бірі. Әрбір мәселе жөнінде менімен ақылдасып отыратын. Орташалардың ұйымын құратындығы туралы маған ештеңе айтпады. Күдеринмен мен өткен жылы Алматыда кездестім. Шымкенттегі оқиғалар жөнінде құлағдар еткенімді бұрынғы көрсетіндімде көрсеткемін. Ташкентте тұрған кезімде Қазақстандағы жағдайлар туралы Күдеринге айтқан да шығармын. Қазақтарды жазалау, әсіресе, 1916 жылғы көтеріліс аса қатыгездікпен жүргізілді деп. Мұны айтпау мүмкін емес. Одан басқасы нақты есімде жоқ. Алматыдағы кездескен адамдармен арадағы әңгімемді бұрынғы жауабымда көрсеткенмін. Тілеулинді танымаймын да, білмеймін де. Ол туралы осы абақтыда отырғанда естідім»,– дегенжауап айғақ бола алады.

Ал бұр көрсетіндіні тергеушілер «Айыптау қорытындысында:

«Қазақстанның аштыққа ұшыраған тұрғындарына көмек көрсету үшiн 1922 жылы құрылған „Аштарға көмек көрсету” комиссиясын астыртын ұйымға жаңа мүшелер тартуға пайдаланды, айыпқа тартылған Әуезов Мұхтар мен А.Байтұрсыновтың ұсынысы бойынша Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолданды, Орынбор қаласында тұрған аштарға көмек көрсету комиссиясының құрамындағы астыртын ұйымның мүшелерi ұйымға адам тартумен айналысты, мысалы, айыпкер Досмұхамедов Жаhанша бұрынғы Жетiсу облысындағы аштарға көмек көрсету комиссиясының өкiлi, Алматы қаласының тұрғыны айыпкер Сүлеев Бiләлдi ұйымға тартты, оған ұйымның бағдарламасының бiр данасын тапсырды. Бағдарламаның бiр данасы аштарға көмек комиссиясының Жетiсу облысындағы Лепсi ауданындағы өкiлi Күдерин Жұмаханның қолына тиген (№ 541784-iс, 1т., 403 және 404-парақтар, № 2370-iс, 1 т., 177, 178 және 179-парақтар),– д еп түсірді.

М.Тынышбаев өзінің «Алашорда» үкіметінің Шығыс бөлімінің тең төрағасы кезінде Алаш жасағын қаруландыру үшін жасақталған әскери тоғанақты – Жетісудағы және қытайға босып кеткен аш қазақтарға көмек үшін жиналған азық-түлік, киім-кешек еді – деп үйлестіре баяндаған (мұны айтпасқа болмайтын, өйткені тергеушілердің қолында нақты деректер бар еді) жауабындағы:

«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік. Ол өзін қазақтардың жақсы қабылдап жатқанын айтты. Сол кезде қызылдардың келе жатқаны туралы суыт хабар келді де, біз аттанып кеттік», – деген сөзі ғана назар аударады.

Өйткені, Жұмахан Күдериннің өміріндегі бізге беймәлім тұс та осы 1918-1922 жылдардың арасы. Т.Г.Күдерина – Насонованың естелігі мен қызы Л.Ж.Күдеринаның мағлұматы бойынша, Жұмахан Күдерин 1918-1920 жылдардың аралығында қызыл партизандардың құрамында Черкаскі қорғанысына қатысқан, БКП(б) қатарына өткен. Тіпті, Қауіпсіздік комитетінің анықтамасының өзінде партияның қатарынан ешқандай себепсіз (механический) шығып қалыпты. Ал Л.Күдерина мұны Ж.Күдериннің ОГПУ қызметкерлері тарапынан жасалған қысым мен зорлыққа қарсылық ретінде партбилетін өткізген – деп түсіндіреді. «Алашорда» үкіметі кеңес жағына шығып, Ахмет Байтұрсынов Қазақ өлкелік ревкомының мүшелігіне өткеннен кейін, алашордашылардың екінші толқынының дені партия қатарына кіріп, «ел қызметіне» араласқанын ескерсек, Ж.Күдериннің де большевиктер партиясының мүшелігінде болуы әбден түсінікті. Чекистеррдің арандатуы мен жауыздығына көрсетілген саяси қарсылық ретінде саптан шығуы да сендіреді. Алайда, «қызыл партизандардың», оның ішінде М.Тынышбаевтың үздіксіз ашына әшкерелеумен болған «Жетісудың қазақтарын қан қақсатқан, малы мен астығын тонаған, оның өзінің ауылында (Черкаскі қорғанында) әкесінен бастап естияр балаға дейін қырып салған «ағайынды баскесерлер Мамонтовтың» партизандарының құрамында болуы қисынға келмейді. Бұл – қызыл партизандар мен қызыл әскерге қарсы соғысқан алашорда жасағына қарсылық, М.Тынышбаевқа қарсылық, оның әкесінің қазасына қатысы бар – деген ой тудырады. Ал, шындық оған мүлдем қарама-қарсы. Өзгесін былай қойғанда, М.Тынышбаевтің жоғарыдағы:

«1919 жылы қаңтарда Мырзахан Төлебаев, Жұмақан Күдерин, мен үшеуміз Үшаралдағы Анненковқа келіп, таныстық. Бір сағаттай әңгімелестік», – деген мәліметін қалай түсінеміз.

«Алашорданың» Шығыс бөлімінің тең төрағасы, қызылдармен екі жылға жуық ашық майданда соғысқан алаш жасағының саяси жетекшісі Семейден армияға қару-жарақ, киім-кешек, ат-арба, қаражат әкеліп, ақ гвардишылар мен атаманға тапсырған, С.Аманжолов басқарға алаш әскерінің жай-күйін Ә.Бөкейхановқа хабарлап отырған М.Тынышбаевпен бірге Ж.Күдерин неге атаман Анненковқа жолығуға келеді? Демек, Ж.Күдерин Тынышбай ақсақалды оққа байлаған «қызыл партизандардың» құрамында болмағаны.

Бұдан кейін де осы мәселелер сан қайтара тәптіштеліп сұралған. М.Тынышбаев та: «Маған туыстық жағынан ең жақын адам еді»,– дегеннен асып ешқандай артық мағлұмат бермеген. Осы орайда табанды ізденуші, мұрахаттардың шын жаны күйері Болат Нәсеновтің жинағындағы Ораз Жандосовтың тергеуге берген жауабында Жұмақан Күдерин туралы:

«... Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы...»,– деп(Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 75-бет) мағлұмат береді.

Бұл көрсетіндінің тергеуші тарапынан қосылған әшкерелеуші саяси сөздерін ескермесек, негізгі деректері ашынған азаматтың жан қысылғандағы жалған сөзіне жатпайды. Бірінші, «Күдерин Анненковтың бандысының құрамында қайрат көрсеткен белсенді алашордашының бірі. Қаракерей руының көсемі, Тынышбаевтің оң қолы, атаман Анненковтың құрамындағы алашордашылардың төрағасы», – дегенде нақты ақиқатты айтып отыр.

Өйткені М.Тынышбаевтің өзі де Ж.Күдерин «туыстық жағынан маған ең жақын адам» деп ашық көрсетіп отыр. Екіншіден, Т.Тынышбаевпен бірге Үшарал қаласында атаман Анненковпен кездескені де анық. Үшінші, 1920 жылы О.Жандосов Сарқанға келіп, М.Тынышбаев екеуі алаш жасағын ресми түрде таратып, оларды қызыл әскер қатарына алып, жасақталып жатқан қазақтың тұңғыш атты полкінің құрамына қосылу үшін Әулие – Ата қаласына өз қолдарымен аттандырған. Оған «Лепсі уезінің жер жөніндегі бөлімінің меңгерушісі (комиссар) Ж.Күдерин» де қатысқан. Төртінші, Жетісу – 1920-1922 жылы жүргізілген жер реформасының нәтижесінде қазақтардан қоныстанушылар тартып алған жер өз иелеріне толық қайтарылып берілген бірден бір губерния болып табылады. Осы тұста М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың тапсырмасымен Ж.Күдерин және басқа да ел азаматтары қытайға босып кеткен 6 000 түтінді, яғни, отыз мыңға жуық адамды отанына қайырып әкеліп, ата жұртына қоныстандырғаны тарихи деректерде санына дейін көрсетіліп жазылған. О.Жандосовтың алаш жасағын бейбіт таратып, соның негізінде атты қазақ әскер полкін құрғанын жасырып, бір жыл уақытты кейіндетіп көрсетіп: «Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым», – деп отырғанында осындай астар бар. Ал 1922-жылғы партиялық тазалау кезінде бой тасалаған. О.Жандосовтың жылдарды ауыстырып:

«Анненковтың бандысы талқандалғаннан кейін: «Қытайға өтіп кетсем бе, жоқ, кеңес өкіметінен кешірім өтінейін бе?»,– деп екіойлы болған Күдерин ауылда ұзақ жасырынып жүрді. Ақыры соңғы шешімге келіп, араға кісі салып, менімен байланысты. Мен оны 1921 жылы жер реформасы тұсында ұлттық іске тарттым. 1922 жылы Күдерин Ташкентке кетті», – деп көрсетуінде де бір кілтипан бар.

Өйткені, Жұмахан Күдериннің Ташкентке 1924 жылы барғанын Қазақ оқу ағарту институтына математика пәнінен дәріс беруге қабылданған бұйрық растайды. Ал бұл екі ортада ол Райымжан Марсековпен бірге сырт асып, шетте жасырынып өмір сүрген деп жорамалдауға толық негіз бар. Оның себептерін отбасының кейінгі тағдыры да дәйектей алады.

Тергеудің айыптау қорытындысындағы жалпыға ортақ:

«Қазақ буржуазиялық-ұлтшыл интелигенциясы Ақпан төңкеріснен кейін ұлтшыл «Алаш» партиясының қатарына кіріп, «Алашорда» үкіметінің құрамында, ақгвардияшыл казактар мен генерал Колчактің контрреволюциялық армиясымен бірігіп, кеңес өкіметіне қарсы ашық күреске шықты, содан кейін, контрреволюциялық армия мен («Алашорда») Үкіметі талқандалған соңғы кешірімге жатқызылғаннан кейін де контрреволюциялық пиғылдағы топтар өзінің кеңес өкіметіне қарсы әрекеттерін одан әрі жалғастырды»,– деген тұжырымнан ғана Ж.Күдеринге қатысты айыптың мазмұны аңғарылады.

Демек, ашық дерек келтірілмесе де, Жұмахан Күдеринді – ең көп санды және ашық майданда жан алып, жан беріскен «Алашорданың» Жетісудағы қарулы әскерінің сардар жауынгері, атақты қанқұйлы «қызыл партизандардың» қызыл қырғынына тосқауыл қойған майдангер – деуге толық негіз бар. Оның өміріндегі көптеген жұмбақтың бірі де осы алаш жасағының сардары – немесе «қызыл армияның комиссары» болуына тікелей байланысты деген тұжырымға келеміз. Оны кейіннен құралған отбасы біле де бермеуі мүмкін. Біліп те қажеті жоқ еді.

Сонымен қатар санадағы азаматтық соғыстың таты Жұмахан Күдериннің де тағдырына кесірін тигіген. Л.Ж.Күдеринаның ата әулеті туралы табанды іздестірулерінің нәтижесінде Ж.Күдериннің «себепсіз тұтқындалуына» Халел Ғаббасов пен Жақып Ақбаевқа, Шәкәрім Құдайбердіұлына тағылған «Ауыл шаруашылық майданындағы қылмыстар» туралы қорытындыдағы:

«Туысқандарын колективизацияға, тәргілеуге қарсы көтеріліске шығуға үгіттеген, қасақана мал шығынына жол берген, қарулы банды ұйымдастырып, шет елге өтіп кетуге шақырған, кеңес өкіметінің алым-салығын төлеуден бас тартып, оның ауыл шаруашылығын бүлдіруге кеңес берген», – деген айып желеу болған.

Сөйтіп, тағдыр тауқыметі «атадан туған алтауға», яғни, Маусымбайдың өзіне, бәйбішесі Айсадан туған – Жүніс, Жұмахан, Төлеубектің, тоқалы Аядан (Ай, Айқыз –?) туған – Хасен, Қуандық (Қуаш), Мариямның талайына бұйырды. Тәргілеу мен мойынсерік науқаны олардың тұқымын тұздай құртты. Егіншілікпен айналыспайтын 6 түтінге тиесілі 3 сауын сиыр, 2 бұзау, 4 тайынша, 21 жылқы, 3 түйе,101 қойы тәргіленген отбасына тағы да, алғашында – 40 пұт, кейіннен – 200 пұт астық салығын салған. Сөйтіп, жалпы құны 385 сом мөлшерінде салық төлеуден бас тартты деген айыппен бұрыннан келе жатқан «жер мен жесір дауының қарсылас топтағы қайраткерлері» ауылнай Ерғалиевтің, белсенділер Назарбек Қожахметов пен Әшірбек Қарамұрзиннің көрсетуі бойынша бұрынғы болыс, би, 1875 жылы туған, 55 жастағы Маусымбай Күдерин 1930 жылы 10 ақпан күні «байларға салынған азық-түлік салығын төлеуден бас тартқан» зиянкес бай ретінде тұтқындалып, ОГПУ-дің үштігінің шешімімен 3 наурыз күні 58-баптың 10 тармағы бойынша 5 жылға еңбек түзету лагеріне жіберіліп, жер аударылыпты. Күн көріс көзінен айырылған отбасының шаңырағын ортаға түсірген ауылнай Ерғалиев ОГПУ-дің республикалық саяси басқармасы тергеушілерінің сұратқан анықтамасына:

«Аягөз ауданы Айғын ауылдық кеңесі берген бұл анықтама, азамат Жұмахан Күдериннің осы ауылдық кеңестің тұрғыны, әлеуметтік тегі – бай отбасынан шыққанын растайды. Оның әкесі – Маусымбай азық-түлік салығын төлемеген зиянкес бай ретінде – 30-жылы сотталып, жер аударылды. Ағасы Жүніс және туыстары – Ағыбай мен Бұғыбай бандылық қозғалыстың белсенді мүшелері есебінде Қытайға қашып кетті, қазір сол жақта тұрады»;

«... Маусымбаев Төлеубек 31-жылы тұтқындалып, жер аударылған. 31-жылы бандылық топ ұйымдастырып, Қытайға қашып кетті», – деп жауап берген.

Тура осындай анықтамалар Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жақып Ақбаевтің, Мұхамеджан Тынышбаевтің, Халел Ғаббасовтың ауылдық кеңесінен тергеуге түсіп жатқан болатын. Әрине, ондағы адам аттары басқа болғанымен де мазмұндары бірдей еді. Сондай ауылдық белсенділердің анықтамаларындағы әшкерелеуші «деректерді жинақтап отырған» тергеу басқармасының сұрақтары да сол бағытқа құрылды. Бұл анықтамалар тергеудің қосымша томына жинақталған. Айғын ауылындағы бұл бақастықтың түп тамырын Ж.Күдериннің қосағы Т.Г.Күдерина-Насонова:

«Ауылда – басқаның қалыңдығын алып қашып әкету дәстүрі болған. Төлеубек ержеткен соң өзінің серіктестерімен бірігіп басқа бір рудың жігітіне айттырылып, қалыңмалы баяғыда төленіп қойылған Батым қызды алып қашады. Сөйтіп, іргелес екі рудың арасында дұшпандық басталады. Коллективтендіру науқаны басталғанда қарсы ру күшейіп, олардың елдестері аудандық мекемелердегі жауапты қызметке орналасып, билікті қолға алады. Сөйтіп, кек қайтару мен қудалаудың барлық мүмкіндігі іске қосылады»,– деп (Т.Г.Күдерина-Насонова, Л.Ж.Күдерина. Өткен өмір. Москва. «Феникс» қоры, 1994) түсіндіреді.

Иә, мұндай қазақы күрес тәсілдері Х.Ғаббасовтың тергеу ісіне қатысты «Бәйбіше – тоқал трагедиясы» атты тарауда барынша толық қамтылған еді. Енді, міне, кәнігі жер мен жесір дауының кәрі тамыры социализмнің топырағына шөгірлене кіріп, жаңаша түрленіп, таптық күрестің бүрлеген тікенді бүріне айналды. Әрине, Жұмахан Күдерин өзінің әулетінің басындағы жесір дауынсыз да жазаға тартылатын еді. Алайда, отыз жетінші жылға дейін зерттеумен айналысып, белгілі бір дәрежеде ғылыми жетістікке жетуге мүмкіндік ашылар ма еді, кім білсін. Әрине, бұл жақсы тілектегі жай болжал ғана.

Осыған орай қойылған сұрақтарға берілген М.Тынышбаевтің:

«… Күдерин маған 30-жылдың ақпан айының басында Алматыға хат жазып, Түркістан ауданындағы көтеріліске қазақтардың, орыстардың, кавказдықтардың қатысқаны туралы хабарлапты. Мен матай мен садырлар тыныш (М.Тынышбаевтің өз ауылы – Т.Ж.) дедім, ал Оспанов Әлімхан Алакөл мен Үржар ауданының тұрғындары Қытайға ауып жатқанын немесе ауып кеткенін айтты” (М.Тынышбаев)»,– деген бір-екі сөйлемнен тұратын жауабының осындай жанама астарлық маңызы бар деп есептейміз.

Қалай дегенмен де, ауылнайлардың белсенділігі мен ағайынның бас араздығы Жұмахан Күдериннің қыркүйек айында тұтқындалуына алып келгені және тергеушілерге «дәлелді себеп» тауып бергені анық. Төніп келе жатқан ашаршылықтың зардабын ерте сезген ел арасында шетке қарай босуға бет алғаны кеңес өкіметіне де, оның ішінде Голщекинге де мәлім болатын. Мұның астарын түсінген М.Тынышбаев өзінің келесі көрсетіндісінде:

«Айтайын дегенім, мен 22-жылдан кейін ешқандай да ұйымға мүше болған емеспін. Бұл нақты шындық. Тек кеңес өкіметі мен партияның кейбір шараларына наразылығын білдірген бұрынғы алашордашылардың пікірлес адамдарының тобы ғана болды. Сын пікірлер айттық. Мысалы, Халел Досмұхамедов 28-жылғы байларды тәркілеу науқаны туралы: «Бұл дұрыс, кеңес өкіметі бұл науқанды орынды жүргізіп отыр», – деді. Сондықтан да мен ешқандай да ұйымға қатысқан да, сөйлеген де емеспін. Оларға қатысым да жоқ. Мені бандитизммен айыптау тым ұшқарылық. Өйткені мен ешқашанда бандиттікпен айналысқан жоқпын. Ал Үлкен Алматы округіндегі матайлар мен қаракерейлердің қозғалысына келсек, бұл әйтеуір рулас екен деп жорта айтқандық. Олардың қозғалысы мен шекара асып кетуіне менің қатысым жоқ. Мұны қалай түсінесіз, оны өзіңіз біліңіз», – деп үзілді-кесілді бас тарта жауап береді.

Жалпы, алаш қайраткерлеріне қарсы жүргізілген тергеу ісіндегі көрсетінділер мен айғақтардың саяси қабыршағын аршып тастаса, онда мұндағы айыптауларды, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Ә.Ермеков және басқалар дәл тауып қолданғанындай, «пікірлес дамдардың әр түрлі саяси шараға қатысты білдірген пікірлері» ғана. Ал оны ширықтырып, өршітіп, қастандық әрекет дәрежесіне көтеру – жазалау саясатын жүзеге асырудың амалы. Оған «Айыптау қорытындысындағы» жоғарыдағы М.Тынышбаевтің көрсетіндісін:

«Бiз, ұйым мүшелерi, байлардың жер аударылуына және олардың мал-мүлкiнiң тәркiленуiне қарсы шара қолданып, оларға алдын-ала ескертiп отырдық, сөйтiп науқанның жүргiзiлуiне бөгет жасадық. Соның iшiнде, менiң өзiм бiреулер арқылы Тұрысбековтерге, Тәңiрбергеновтерге және Есенқұлға тағы басқаларға, сонымен қатар Лепсi уезiндегi өзiм шыққан «найман» руының байларына хабар бердiм (Тынышбаевтiң жауабынан, № 2370-iс, 1 т., 125-парақ және Х. Досмұхамедовтiң жауабынан, 207-парақ)»,– деген мазмұнда «өңделіп» жазылғаны мысал бола алады.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных