Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






АШАҒАН БӨЛТІРІК 4 страница




– Санатпай, есігінді аш! – деді. – Кигізге қанша орап таңса да көрініп тұр!.. Ей, Ақтай, далдалама терезені!.. Ей, шошқалар, қорқытпа оны! "Ырзалығыммен қашып келдім демесе қайтпек едің, түбінде ажалың менен болады!" дедің ғой, ә! Құтырған, әкеңді көзіңе көрсетіп, есігіңді жұлып аламын, өзің аш"!

– Ал, Жәке, айып Жанжүкен екеумізден, – деп Санатпай да саңғырлап шыға келгендей болды. Әкем қатты ақырып қалды оған:

– Бар, анау жерде тұр!.. Ей, Ақтай қорқытып болдың ба, шық бері! – деп бір тына қалды да, үні жұмсара шықты. – Жанжүкен, шырағым, өте қорқақ едің, есіңді жиып ал, мен сенің тілегіңнің бәрін орындаймын! Қазірше нәрселеріңді қалдырмай алып шық!

Аузым мен тамағым кеберсіл жұтына алмай тітіреп тұрған менің үрейім енді ғана орнына түскендей болды. Біздің үй жаққа жылап келе жатқан Жанжүкенді жолдан тосқан екі әйел демеп, қолтықтай аяңдады.

– Тесіктен көргенім рас болды ғой, апа! – деп қалдым мен қуанғанымнан. Шешем аузымды баса қойды:

– Сен ешкімге көрдім деуші болма!..

Қыстаудың барлық адамы сыртқа шығып қарап тұр екен. Жапырлап біздің үй жаққа жүгіріп еді, Жанжүкеннің арт жағында келе жатқан әкем:

– Кейін көресіңдер! – деп қайтарды.

– Жаңжүкен – Құйқаның қызы. Жіңішкелеу сұңғақ бойлы, ақсұр жүзді, сүйріктей сұлу, қыр мұрынды, қаракөз Жаңжүкен келіскен бар бітімімен, жібектей мінезімен біздің
ауылдағылардың бәрінен сүйкімді еді, бір адамның бетіне карамай басын төмен салып, үзілердей әрең сөйлейтін ұяң келіншек. Шешемнің айтуына қарағанда, бұл сұлулық оған "осы күйеуіне келіншек болып түскеннен кейін біткен" екен. Қыз күнінде борша-борша көйлекпен күйсіз тұрмыс бар мүсінін жасырып, оны қор етіп келген көрінеді. Әке-шешесі өлген соң тым жүдеп, барлық кейпінен жасқаншақтық көрініп тұратын болыпты.

Есік алдында менің қолымнан ұстап тұрған шешем, оның осы "қашып келуіне" қатты кейіп "кимегенін кигізіп, кедей болса да бар күшімен мәпелеп, адам кейпіне келтірген күйеуі не жазды екен бұл қызға" деп күбірледі.

Біздің үйге кірген соң Жанжүкеннен көз алмай қарап қалдым. Ет сүйектері шығып, өте арықтап кетіпті. Былтырғы сиқы мүлде жоқ.

– Мұнда қашан келгенсің? – деп алдымен әкем сөз қатты. Еңіреп отырған Жанжүкеннің аузы сөзге әрең келді:

– Өткен түні!

– Өзің ауырғанбысың?

– Жоқ.

– Енді не болған? Құр сүлдерің ғана қалыпты ғой?! – Жаңжүкен үнсіз егілді.

– Күйеуіңмен жанжалдасып па едің? – деп қалды шешем.

– Жоқ, не қылығына жанжалдасамын!..

– Енді не болған?! – деп әкем және жауап күтіп кідіріп
еді. Жанжүкен бөгеліп тырнағын шұқи берді: әкем жұмсарып
бәсең үнмен ұзақ сөйлеп кетті сонан соң: Бұл істе ешкімнен
үлкен деп ұялмауының, мықты деп қорықпауының керектігі,
келерлік қауіп-қатер болса ағалық міндетпен өзі көтеретіндігі жөнінде кепілдік беріп, серт айтып келді де.

– Алдымен осынша жүдеген жайынды сөйле! – деді.
Жанжүкен тұқырған бойы тоқтаусыз жылап отыр. Ернін
әрең-әрең жиып, үзіп-үзіп сөйлей бастады:

– Мен... Жарым айдай болды... Ұйықтай алмадым... Тамақ та іше алмадым... Қатты қиналдым!..

– Кім қинады?

– Бұлармен бірге... қашайын десем... екі балам мен күйеуімді қимаймын!.. Қашпайын десем... өлемін!..

– Кім өлтірмек?! Қайтып өлтірмек? – деп әкем айқайлап жіберді.

– Біздің үй екі-ақ үйміз: анау... жалғыз ғой, көбінесе үйде болмайды… аңға... отынға кетеді... өлтірем деген соң... өлтіреді ғой. Білем ғой бұлардың мінезін!.. Мылтығы да бар екен!

– Өзің қашып келдің ба, иә олар зорлап әкелді ме?

– Өзім келетін... Несіне қызығамын!.. Бірнеше күн
бұрын... Күйеуіңе айтпайсың деп... пышағын көрсетті...
айтпадым да... тамақ та ішпедім, одан соң... көзіме сол пышақ көрініп тұратын болды. Жылай бердім... әлгі көп сұрады... "Ауырып жүрмін"... дей салам... Бірақ... "қасымнан кетпе!" деп жалынамын... Ол үйден шықпаса күн көре аламыз ба!.. Алдыңғы күні... "Қақпан көріп... отын әкелемін" деп... күн шыққан соң кеткен... "ерте қайтып келемін" деп еді... Түнде де келмеді... Санатпай мен Ақтай келді.... Есіктің топсасын жұлып тастап... "Үніңді шығарма!" деді де... жетектеп, сүйреп жүре берді... Омыраудағы кішкенем шырылдап қалып еді! –
деп Жанжүкен өзі де шырылдағандай үн сала еңіреп ала
жөнелді.

Мен шешеме қарап едім, ол бұрыннан жылап отыр екен, мен де жыладым. Биғаділ көрсе "сен әйелмісің" ей, мылқау!" дейді екен деп, оған көрсетпей, екі тіземе басымды қойып алып жыладым. Үй іші бір шақ жым-жырт бола қалып еді.

– Е, бәсе солай! – деп қалды әкем. – Осы екі қаны сұйықтың өздерінің қаны тасып, төгілейін деп жүр! Екеуін осы қазір-ақ лақша бақыртып бауыздай салар едім. «Коммунист» дейтін жақсы аты бар. Өлтірсең коммунист партиясына қарсы көрініп, жексұрын қанішер болып қаласың, амал қанша!.. Сонда да өш алу шарасы бар. Анығында бұл үкімет – бұлардың үкіметі
емес, біздің үкімет, несіне қорқамыз. Жанжүкеннің осы сөзін үкіметке жеткізсек те бір жайы болар! – деп Жанжүкенге қарады.

– Ал, шырағым, жайыңды ұқтым, бұлар сенің соңыңа түсісімен-ақ Байжұрқа екеумізге келіп айтсаңдар, бұл істі болғызбайтын едік. Керегі жоқ, өтер іс өтіп болды. Өкінудің жолы жоқ. Енді бұларды сенің маңайыңды басқаны сол, тіпті мына қырдан аса алмайтын етемін! Оныма мықтап сен! Енді сені үйіңе өзіміз апарып саламыз, иә күйеуіңді шақыртып алып, жайыңды ұқтырып, қосып береміз. Бұған не айтасың? Жанжүкен тағы үн сала жылап кетті.

– Енді оны қай бетіммен... не абыройыммен көрермін!.. Тым болмаса бағана олар келгенде... пошаладан шықсам... немесе айқай салсам еді!.. Қасыма Санатпай отырып алды да, аузымды басып қорқытумен болды... Әлгінің балалар жылап қалды деп жалынғанын естігенімде аяйтын жаным қалмай... айқайлап жіберейін деп едім... тұншықтырып үнім шықпай қалды!..

– Ар-абыройың да, бетің де, тілеу-ниетің де әлі өзіңде екен, қалқам, күйеуің бұл жайды түсінетін жігіт!..

Байжұрқа бар сөзді есіктен тындап тұрыпты, екі бүктеліп кіріп келді.

– Ал Жаппар, – деді қолын артына қайырып тұра қалды. Төмен қарап отырған Жанжүкенге қарап бір сәт тұрды. –
Енді менің кешірерлік те, коммунистігіңнен қорқарлық та
еш жайым қалмады!.. Жасым жетті ғой, қан ішкен атақ
менімен ғана кетсін, сен қозғалма, сол екеуін қазір өлтіремін.

Байжұрқа шыға жөнелді. Жасы алпыстан әлдеқашан асып кеткен адам болса да, қайраты әлі мығым екен, алдын тосқандардың ешқайсысына бөгелер емес, кезіккенін итере салып жөнеле берді, әкем жүгірді артынан. Үрейлене жүгіріп мен де шықтым. "Кісі өлтірткен мен боламын-ау" енді деген өте суық сезім қалшылдатып әкетіп барады.

– Әне қашты! – деп айқайлады біреуі. Әкем суып тұрған атын міне салып, қуып берді.

"Олар екеу ғой, әкемді өлтіріп кетеді-ау!" деген қауіппен қалтырадым енді. Бірақ, оның артынан атты–жаяулы азаматтың бәрі ілесе қуды. Бір белеңнен Санатпайдың жан дауысы шықты:

– Ойбай-ай... Жәкетай, жанымды қи, жанымды қи,
Жәкетайым!.. Құлдығым бар, Жәкетай, құлдығым.
кұлдығым! – деп қылғына қалғандай болып үні шықты.

– Өлтірді-ау, – деді шешем!

– Енді бір мезетте әріректен Ақтайдың дауысы шырқырады: ол жалынышты сөзбен ағасынша шырқыраса да, оның дауысы оншалық өшпей жақындай берді, иә сойыл, иә қамшының үні естілмейді, ат үстінен қалай шырқыратып келе жатқанын түсінбедім. Санатпайды басқалап-итермелеп айдап әкеледі. Өз аяғымен келе жатқанына қарағанда өлмеген де, бірақ, үн жоқ. "Екі батыр" Байжұрқаның есік алдына апарылды, мен де қорықпай бардым. Биғаділ тіпті басынып, қос аюдың дәл алдына барып қақшиып тұр. Байжұрқаға әкем бірдеме деп сыбырлап еді, ол кісі жай–жапсарды жиылған жұртқа қысқаша болса да айқын айтып шықты.

– Ал, көпшілік, – деді сонан соң, – әділдігін сендер
айтындаршы, қайтейін бұл екеуін! Мұнша басынар ма, адамды
мұнша қорлар ма?!

Жаңа туып келе жатқан жарты айдың алакеуім сәулесі астында көпшілік қатты ыза білдірді. Әрбір жүректен қайнап тұрған кек, булыққан ашу буырқанып-тасып ала жөнелді. Көпшіліктен өлтіруден төменірек үкім шыға қоймады. Екі қанқұйлының шешесі де бажылдап, қарғап-сілеумен болып, екі ұлын бірнеше рет шапалақтап жіберді де, Байжұрқаның алдына барып бүк түсті. Мұнысы кешірім сұрағаны болса керек. Өлмелі кемпірдің өз ішінен шыққан шұбар жыландары үшін бас ұра жығылуына Байжұрқаның жүрегі шыдамағандай, бұрылып жүріп кетті де кемпірдің қасынан алысырақ барып тұрды.

Жекеленіп сөйлесе қалған бес-алты жігіттің біреуі өктем үнмен саңқылдап кеткенде ғана көпшіліктің абыр–сабыры саябырлай қалды.

– Әке, қартайдыңыз, – деді жігіт. – Енді қартайғанда бұл
иттердің арам қанын сіз арқаламыңыз! Жаспыз ғой, біз
көтерейік... Арам болса да біз ішейік! – деп «бадырақтарға»
төне кеп түсті. Бұл – баяғыда "қапқа түсіп" келетін Тәби
кемпірдің жалғыз ұлы Баянбай дейтін жігіт еді. Алып
тұлғалы, зор жүректі бұл жігіттің істеймін дегенін істемей
тынбайтынын білетін Ақтай–Санатпай Байжұрқа мен әкемнің
аяғын құшақтай келіп жығылды: бар дауысымен өкіріп
жалбарына ант-қасамын іше жығылды, бебеулеп-зарлап
кемпір жатыр. Байжұрқаның босаңқырап қалғанын байқаған
әкем, олардан аяғын серпіп босатып шыға берді де:

– Бұлардан негізгі кек алушы біз емеспіз, – деді. Өлтіруге хақылы талапкер әлі келген жоқ, күйеуді шақырып келіңдер біреуің! Солардың қолына байлап берелік, үкіметке апара ма, өз қолдарымен жазалай ма, өздері білсін!.. Ал, Байжүкең екеуміздің міндетіміз: бірінші, хақы иесіне тентегімізді қашырмай тапсыру. Екінші, өз ықтиярларымен қосылып, күн кешіп жүрген момын жандарға енді қайтып қас қылдырмау үшін екі бұзықтың да тілерсегін қиып тастау, бұл шараны ақы иесінің жазасы орындалғанда, тірі қалса мен орындаймын!

Көпшілік бұған толық қосылғандай қатал раймен құптасты да, жымиысып қойды, мұндай жаза – малға шапқан қасқырға қолданатын әкемнің жазасы екенін көпшілік біледі: нақ қылмыспен қуғынға түскен қасқырды өлтірмей, қара тұмсықтан ғана ұрып талдыратын да, тұмылдырықтап алып, ауылға тірі әкелетін. Сонан соң артқы екі аяғының тілерсек тарамысын қиып тастап, мал арасына қоя беретін. Бұл – жеңіл қылмысты қасқырдың жазасы еді. Егер ірі мал жеген ауыр қылмысты қасқырды қолға түсірген болса, терісін тірідей сыпырып алып қоя беретін. Тұмылдырық қасқырдың сойғанда ыржақтап "күліп" жататынын мен бұл қыста үш рет көрдім. Күн жылы болса қызыл жалаңаш күйінде де жуырда өлмей, бірсыпыра уақыт "бүрсеңдеп-ойнап" жүгіріп жүреді екен.

Ақтай–Санатпайдың қайталап қас қылмауы үшін әкем қолданбақ болған шараға бірнешеуі жасырын күліп алды.

– Мына жазаңыз – ең жеңіл жаза еді ғой, Жәке?! – деді біреуі. Енді біреуі оны тойтарды:

– Жоқ, бұл жазалар орындалып болғаннан кейінгі, қойға қайталап шаптырмау үшін қолданылатын шара, бұған қосыламыз. Тірі қалса тілерсегін ғана қиюымыз керек!

– Дұрыс, – деді тағы бірі, – бұлар бөктеріп алып келсе де, өлтіріп жей алмай қалған қасқырлар ғой.

– Өлтірмегенімен мал емес адамды өлім халіне жеткізді. Бір емес, бір үйлі жанды ойрандады. Кішкене балаларын шырылдатып тастап, шешесін бөктере қашу қандай ғашықтық! Бұл адамшылығынды с... дер, осы ауылдың да намысын таптады. Бұлар істемеген жауыздық қалды ма!.. Рақым жоқ бұларға! – деп айқалады біреуі.

– Ал, енді қалғанын таңертең көрейік, екеуін екі тошалаға апарып байландар!

– Қолдарын артына қайырып мықтап байлаңдар да,
діңгекті екі бұтының арасына келтіріп кісендеп тастаңдар, қашпасын, – деді әкем!

Арқанаты тауындағы Жанжүкеннің үйіне дереу адам жіберілді.

Әділетті "тергеушім", бұл оқиға түгелімен менің қылмысым. Мен болмасам "ғашық" Санатпайдың құшағында момын сұлу тып-тыныш жата бермей, бұл ауылдан мұншалық ұлар-шу, ұрып-соғу, зарлау мен қақсау туылар ма! Тілім шықпай тұрып-ақ әкеме тыңшы болып, өзіңіздей екі төңкерісшіні осылай жазалатқанмын. Бұл қылмысым үшін мені Жанжүкеннің сол екі баласына тепкілетіп өлтірсеңіз тіпті әділдік болар еді. Қылмыстыны қимасына сабату, әкесін баласына сабату – қастарды төңкерісшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы, адамзатта болатын қайырымдылық пен жанашырлық сипатты кері төңкерісшілдіктен адаланудың данышпандық назариясы емес пе еді.

 

VII

 

Ақтай қорқытып қуып жіберген екі жігіт ертеңіне түс ауа өгіз жеккен шанамен біздің үйге келіп түсті. Ауыл кәрілерінің бәрі біздікінде. Осы мәселені қалай шешу жайлы кеңесте еді. Екі жігіт күлім қағып бар ықыласымен сәлем беріп кірді. Күйеу – кешегі бізге құрт беріп, жөн сұраған жігіттің өзі екен. Кешегі суық-сүркей жүдеу шырай жоқ, қуанышпен құлпырып өңейе қалыпты. Барлық ибасы мен разылығы көзінде жайнап тұр. Адамгершілігі нұр атқандай, Жанжүкенге жаутақтай қарай берді. Сол жайнап тұрған көзінен Жанжүкеннің жүдегендігіне жаны ашығандай, іркілген тұп-тұнық жас та көрінді. Ол кіргенде Жанжүкен өзін тоқтата алмай солқылдап кетіп еді, жылауын әрең бөгеді.

– Балалар аман ба? – деді ақырын ғана.

– Аман, нағашы апам келіп бағып отыр. Еш нәрсе болған жоқ!

– Не болып қайта алмай қалдың?! – деп Жанжүкен тағы солқ–солқ ете түсті. Үй толы адам соларға қарасты.

– Арқандап қойған өгізім жоғалып, таңға жақын әрең таптым. Оны бір сарайға апарып байлап тастапты, біреудің ізі жатыр.

– Алдымен сені шырмаған екен ғой! – деп Байжұрқа саңқ ете түсті де әкеме қарады. – Ал, не отырыс бар!

Сөзді әкем бастады, кешеден бергі болған оқиғаны, өздерінің көрген шараларын күйеуге толық сөйлеп берді.

– Қылмыстыларың екі тошалада байлаулы жатыр, – деді ақырында, – оларды сол байлаулы күйінде-ақ қолдарыңа береміз. Зәбірленуші сендер ғой, сотқа бересіндер ме, осы жерде соттайсындар ма, билік сендерден!

– Құрметті ағекелер, – деді күйеудің қасындағы жігіт. – Сіздер тұрғанда біз билікті қайтеміз? "Соқырдың тілейтіні – екі көзі", біз саяқ қоныстанған әлсіз екі-ақ үйміз, бізге өз амандығымыз ғана керек. Ең қорқарымыз сіздердің қолда екен. Бұлар бізге енді тиіспесе болғаны. "Бадырақ көз, сен тимесең мен тимеймін" деп қайта береміз. Оларды өшіктіріп алмайық!

– Оларды айдап сонау Жүзағашқа апарарлық бізде көлік те жоқ, – деп күйеу қостады оны. – Қайтеміз, құдайдан күттік! Бұл закончиктермен үкімет алдында айтыса алатын да жайымыз жоқ, бұлар үкімет адамдары ғой, үкімет бізге "ие" дей салар да, қоя бере салар, сонан бұлар қайтып келерде бізге "ме" деп сыбағамызды қайта тартар. Біз кештік, тек олар енді бізге тиіспейтін болсын.

Әкем қолданбақ болған кеше түндегі шарасын тағы айтты!..

– Бұлар өшігіп, қорамызға қайта шабар дейтін күдіктен енді аулақ болыңдар! Сендер жаққа енді беттей алмайтын етемін. Менің қасқыр "асырап" жүрген аңшы екенімді білесіңдер, сендер жазалап болғаннан кейін тілерсектерін қиып тастаймын, мына белден асып көрсін сонан соң!

– Ағатай, мұны айта көрмеңіз! – деп жалынды өш алар күйеудің өзі, – балаларыңыз бар ғой, біздің кесіріміз сізге де тиіп жүрмесін!

– Үкімет тыя алмай қалған тентек болса, біз тыйсақ қайтер дейсің! Барлық қылмыс дәлелдері қолымызда ғой... Ал жүріңдер, Жанжүкен шығарым, сен де жүр!.. Сотқа апара алмасаңдар қорқыныштан құтылып қайт!.. Кейін үкімет сұрай қалатындай болса, олардың бар қылмысын тартынбай-жасырмай айтуды ұмытпа!..

Екі қылмысты Байжұрқаның есік алдына шығарылғанда ауыл адамдары түгел жиналды. Қос содыр сол бір түннің ішінде-ақ жазасын тартып болған көрінеді: ауыл жігіттері кәрілерден ұрлап–жұлмалап тамтығын қалдырмапты, сасыған өлекседей ісіп-кеуіп кеткен екен. Екеуі екі тошаладан сүйретіліп шырқырай шықты.

– Ағатайлар, шыбын жанды қиыңдар! – деп Санатпай тар маңдайын қатқан мұзға тақ-тұқ ұрды. – Бауырым, Жанжүкен, Мамырқан, сендер кешіре гөріңдер!..

Ақтайдың көнек болып кеткен ерні мен мұрны жалбарыну сөзін толық ұқтыра алмады, бүкіл бет-аузын қаптап алған қан–қан шаш жағы мен иегіне жабысып қалыпты.

– Қасықтай қанымды! – деп бірдемесін үздіксіз міңгірлеп, жерге жабыса сүйретіліп шықты.

Екеуінің де бірнеше қайталап айтқаны: «ешқайсыңызға қас қылмауға қасам ішейік, құран ұстайық!» деген жалынышы көпшілікке ой салғандай, қатал жүздерді біраз жұмсартқандай ашулы айқайлар саябырлай қалды. Мұншалық соққыға түскенін қариялар да, әкем де білмей қалыпты.

– Құран ұстатып, ант алсақ, осылар тыйылар ма еді? – деп күбірледі әкем Байжұрқаға, тың бір шара тапқандай ойлана қалды. Жібіп-босап қалған сияқты. Бір шетте тұрған Баянбай зекіре сөйлеп кетті осы кезде:

– Кеше ғана "құдайыңды", "құраныңды" деп жүр едіңдер ғой, әкеңнің! Енді көр аузында ғана естеріңе түсіпті!.. Маған беріңдер! – деді әкеме қарап. – Бұлар құранын о дүниеге барғанда бір-ақ ұстасын! Өйтпегенде алдайды да, желкемізге қайта мінеді!

– Міне жаным, міне иманым, – деп екеуі екі жерде жандарын жарыса беріп жатты. – Алдарыңыздан қия кесіп өтпейік!.. Не бұйырсаңыздар соны істейік!.. Жанжүкен, Мамырқан! Маңайыңды енді бассақ, қылша мойнымыз талша жұлынсын. Бір рет кешірдік деңіздерші! Жанжүкен, Мамырқан!.. Бір рет қана ұлтарақ-шұлғауларың болайық!..

– Үкімет кешір дегенде ғана кешіреді бұлар, – деді әкем. Қазір сотқа айдап апарамыз!.

Бұл сөзге келгенде Ақтай қызған қазанға түскен бидайша ыршыды:

– Жәкетай, енді... енді... Өлсек те өз қолдарыңызда... Өз қолдарыңызда өлейік!.. Өздеріңіз... Өздеріңіз не қылсаңыздар да!.. Өз ауылымызда өлейік!..

Кәрілерден бірнешеуі алдымен әкемді, сонан соң Байжұрқаны, екі жігіт пен Жанжүкенді жеке шығарып әкетіп бірдеме айтып жатты. Екі содырды екі қолымен желкеден сүйрей жөнелген Баянбайды әрең тоқтатқан Тәби шеше де сол жерге барды, кеңес соңында бір шал бүкшеңдеп барып кұран алып шықты үйінен.

– Ей, құдайсыздар, – деді ол Ақтай–Санатпайдың алдына келе зекіп, – сендер құдайды, кәлама молданы ұмытқалы қашан!.. Өлер шақтарыңда иманға келесіңдер ме, жоқ па!

Екі содыр бірін-бірі тоспай қоңқылдап ала жөнелді: "Құлдық! Құлдық!.. Осынша қылмысты құдайды ұмытқанымыздан істедік!.. Қойдық!.. Тәуба қылдық!.. Ант ішейік!.. Намаз оқиық!" дегендей әлденеше қайталаған кұлшылық сөздерімен қанды қолдарын тарбита жайды құранға... Ескірген сары тісті жалба-жұлба жуан кітапты қос қолдап алып соған қан соқталанған жалбыр-жұлбыр басын қойған Ақтай көнектей ерні мен мұрнын бір-ақ салды. Сүйіп жатыр ма, иіскеп жатыр ма айыру қиын еді. Көпшілік төне қарап тұр. Ақтайдан соң Санатпай да солай сүйді. Әлгі молда шал жайнамаз алдырып, құранды соның үстіне қойды да екеуін соған қаратып "беттері құбылада" жүгіндіріп отырғызды. Молданың бұйрығымен екеуінің оң қолдары құранның үстіне қойылды.

– "Алланың ісімен бастаймын" деңдер, екеуің бірдей айтыңдар! – деді молда. Екеуі қатарласа соны айтты. – "Магарики, мұнан кейін Аллаға қарсы күпірлік етсем, осы кәлам шәріптің қасиеті атсын!.." "Магарики, Мамырқан–Жанжүкен сияқты некелі әзиз жандарға үшбу қасамнан кейін қастандық-харам ниетте болсам... Магарики, осы тұрған күллі кедей-пақыр жандарға харам-қастандық ойласам... Алла алдында қара юз болайын! Өзіміз кәпір, қатындарымыз талақ болсын!"

– Үй молда, – деді Баянбай. – Бұл иттерде талақ боларлық қатын тұрмақ қаншық бар ма еді!

– Мұнан кейін, үшбуден кейін!.. – деді молда, ол нені айтса соны айтып жатқан екі содыр бұл сөзді де қатарласа айтты. – "Үшбуден кейін ұрлық қылсам, ғайбат айтсам, боржай деп қорқытсам, інсанға жәбір салсам, Алланың қаһары, кәламның киесі атсын!"

Осы сөздерін молда үш рет айтқызып шықты, асықпай, бірден анықтап айтқызды. Қалтыраған екі содырдың құран үстіндегі қолдары аяздан сіресіп, қыбырсыз жатыр. Өздері жуан етіктерінің үстінде жүгініп отыруға шыдамай мықшиып жатса да бар күшімен айтып жатты. Ант сөздері айтылып болысымен әкем қатты дауыстап тілдеп жіберді:






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных