ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Мағжан - суреткер ақын.Халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдыз, әдебиетіміздің алып тұлғасы, Абай поэзиясынан - “ақындықтың әбілхаят суын” (М.Әуезов) қана ішіп, қазақ поэзиясына жарқын да нәзік, сыршыл да сұлу әуезе әкелген сезімтал да сыршыл ақын - М.Жұмабаевтың бар туындысы халқына арналған. Алдыңғы толқын ағалар - Ахмет, Міржақып секілді Мағжанға да замана желі жайлы тимеді. Сол кездегі озбыр саясаттың тақпаған кінәсі болмады. Бірақ, мұның бәрі ақынның елім, жерім, қазағым деп соққан жүрегіне, асау арманына тұсау бола алмады. Жүрегін жалын атқызған әрбір құбылысқа, селт еткізген нәзік сезімге Мағжан сұлу да сырлы сөздерін арнады. Мағжанның асыл қазынасын, рухани байлығын танып білу, оны талдай отырып, келешек ұрпаққа сол қалпы нәзіктігімен, сыршылдығымен жеткізу біздің міндетіміз. Өмірдің қанша теперішін басынан өткеріп, сан қилы соқпағына түссе де бар білгенін, бар түсінгенін сол жолдың қилы кезеңін ақырғы досы - жырымен өрнектеген суреткер. Бұған ақын шығармашылығымен тереңірек танысқан сайын көз жеткізіп, ақындық талантын еріксіз мойындайсың. Оның өмір ағыны, заман қабағы, халық тағдыры жайлы сан алуан ойлары, толғанысы мен тебіреністері жырларының өне бойынан айқын көрінеді. Ақынның нағыз өзіндік бағыт – бағдары мен айырым қырлары поэзиясынан көрініс береді. “Поэзия дегеніміз негізінен алғанда - өмір, өмірдің мәні, өмірдің мөп –мөлдір сәулесі, шып – шымыр құймасы, қоп - қою тұнбасы...” – дейді Белинский. осы пікірге Мағжан поэзиясы қалай жауап қайырады. Бұл үшін Мағжан өлеңдеріне кезек берейік. “ Қысқы жолда ” өлеңінде: ...Ызғарлы жел долданып, Екі иінінен дем алып. Іштен тартып осқырып, Кейде қатты ысқырып. Аңдай ұлып бір мезгіл Біресе сақ - сақ күледі...- дейді. Табиғат бүкіл әлем құбылысы ақынның жан- дүниесімен үндесіп, сырлы сұлу, кейде тіпті ақылға сыймас қиял ғажайып ертегілерінде суреттелген ерекше бейнелер санаңда тіріліп, еріксіз көз алдыңа келеді. Аяздың ызғарлы болуы да, желдің аңдай ұлып, біресе ішін тартып осқырып, ысқыруы да Мағжан жаңалығы емес, бұрыннан бар нәрсе. Ал, оған жоғарыдағыдай мінездеме беріп кейіптеу, тірі жандай етіп, бүкіл әлемді жандандыра суреттеу, міне сол арқылы табиғаттың жұмбақ сырын көз алдына келтіру ақынның суреткерлік шеберлігінің дәлелі. Ақын талантының құдіретті шабытымен кестеленген өлең жолдарының мағынасы сурет болып, санаңа еніп, сезіміңді еркіңе қоймай билеп алып, сүттей сапырып, айрандай ұйытады.
... Дала, дала. Сар дала! Жапан түзде бір қара... Шілде.Оттай ыстық күн Дала-өлік. Жоқ бір үн. Жер де жатыр тұншығып. (“Жазғы жолда”,153-б.) Ақынның бұл өлеңінде де табиғат адам жанымен ұштасып жатыр. Табиғат аясында жалғыз қалған жолаушының жан-дүниесі астаң-кестең. Белгісіз бір сергелдеңге түскен, тек қана: ...Аңсап есін жия алмай, Көзіңнің жасын тия алмай, Өлсем екен тұншығып!...- деп, өлім іздейді. Адам баласы өмірдің қызығына тойып болдым деп, өлімді аңсаушы ма еді? Әрине, жоқ. Ал, Мағжан өлеңінің кейіпкері өлімді аңсайды. Себебі: тек біреу ғана, ол өмірді бар теперішін басынан өткізеді, торығуды өткізді, жалғыздықтан жалықты. Мұндай адамға “ көк күл болып”, “ жем жемірілсе де” әсер етпейді. Ал, осындай әбден торыққан адам бейнесін берудегі Мағжан суреткерлігін қараңыз! Ол өз кейіпкерінің өмір жолын теріп, істеген әрбір ісі мен көрген азап - қорлығын тізбелеп жатпайды. Тек “ сақ - сақ неге күлмейді?”- дей келіп, “ өлсем екен тұншығып!”- деген сөздерді өз аузынан айтқызып, азап пен қорлыққа түскен адам бейнесін береді. Бұл кездегі табиғат көрінісі қандай? Лүп еткен жел де жоқ, аспанда іліп алар бұлт та жоқ, тек оттай ыстық қана күн ғана бар әлемді күйдіріп бара жатыр. Жер де, адам да тұншығады. Қарапайым ғана көріністер мол сырға ие болып, жол, дала, аспан, бұлт бәрі – бәріне жан бітіп, адам жанымен тілдескендей әсер қалдырады. Адам мен табиғат арасы ақын өлеңінде ажырамас бірлікте, тоғысқан күйде, яғни, айнала өмір, ол осы өмірді ақынның қабылдауы сырлы сөз күшімен әсерлі сурет береді. Ақын елдің елдігін, дарқан даланың кеңдігін жырласын, ақша қардың ақтығын, махаббаттың пәктігін жырласын, ең бірінші өз дүние түсінігі, ішкі жан күйі тұрады, сонысымен әлемді, бүкіл дүниені толғандырып, бірге тебірентеді. Мағжан өлеңдеріне тереңнен көз жіберсек, оның аса қалап, сүйіп жырлаған тақырыбы адам, адамның ойы, ішкі көңіл – күйі, арпалысқан сезімдері екенін білеміз. Мағжан махаббат лирикасын жан – тәнімен беріле жырлады. Өз көңіліндегі қас - қағым сәтті қағып алып, өлең жолдарына бөлейді. Өлең тек сырт оқиғаны шертуге құрылмай, ішкі дүние әлемінің тылсым қайнауларын паш еткен: ...Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да! Жылы, тәтті у тарады қаныма. Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін, Патша тағы бүкіл дүние малына... Бұл өлең - лирикалық қаһарманның жан дауысы. Қос ғашықтың жан мен сезім сұлулығының ғажайып бір үйлесім тапқан сәтін қимаудағы ақтарылып айтқан ақтық сөзі, ішкі назы, күйдіріп, жандырған махаббатының сазы. Лирикалық қаһарман сүйген жанының таң нұрындай мөлдір, таза сұлулығын тамсана тамашалайды да, өз жүрегінің тереңінен: ...Шашың - қара, денең - ақ бұлт, жүзің - Ай, Тісің - меруерт, көзің сәулем құралай,- деген жыр жолдарын төгеді. Қол жетпес асыл арманын сүйгендегі ләззат, бақыт сезімдеріне тіл бітіреді. Дүниенің бар байлығын жарымен өткізген уақытының әр сәтіне айырбас жасамайтын тұрақтылығына сендіре, махаббаттың биік қасиеттерін келістіре жырлайды. Бірақ, бәрінен кереметі – сүйгенінің жан сұлулығы мен жан тазалығын суреттей отырып, өз жүрегінің дүрсілімен үн қатуы. Лирикалық қаһарманның осындай алапат сезімді сәтін беруде М.Жұмабаев керемет бейне, көркем сурет жасай білген. “Лирикалық шығармадан оқырман бірауық өз басының жай – күйін көреді. Оның қайғысымен қайғырып, қуанышымен, шаттығымен, үмітімен тыныстайды, оның көзімен көріп, құлағымен естіп, тілімен сөйлейді”,- деп В.Белинский айтқандай, сыршыл Мағжан өзінің терең ойын, сезімтал жанын жалпы жұртқа бұрын беймәлім түкпірін кенет жарқырата ашып, бір түрлі бір нәзік дірілмен, назды сырға, сырды жырға айналдырады да, өзінің осы күйіне оқырманды ортақтастырады. Ақынның осы күйі кең даланы тербетіп, әсем үнге бөлейді. Ақын өлеңіндегі отты сезім, жалын атқан көңіл оқырманның өне бойына қан жүгіртіп, жүрегін тербейді. Оқырман енді ақынға айналады. Туысы бөлек екі адам сезім тілімен туысады, екі адам бір адамға айналады. “ Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады”,- деп ақиық ақын – Мұқағали айтпақшы, Мағжан поэзиясында махаббат лирикасының құдіреттілігін халық мойындап, тілге тиек етіп жүр. Лириканың жан біткенді тұтқындап әкетер сезім күші осындай. Мысалы үшін: ...Келші, көзім, күн бетіңді көрейін, Сүйші сәулем, тұншығып мен өлейін. Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей Жұлдыз – жүзік, айды- алқа ғып берейін... Өлеңнен өз сүйгеніне заңғар көктегі жұлдызға дейін, айға дейін әперуге даяр адамның, мөлдір махаббат иесінің аңқылдаған кіршіксіз таза көңілінің самалы еседі. Ақын жырлауындағы шын махаббатт - азап жолы. Оның қайғысы мен қуанышы да бірге жүреді. “ ” ...Махаббат – бір тікенек Жүрекке барып қадалар. Бақытсыз ғой бұл жүрек, Тамшылап одан қан ағар. Махаббат – бір тәтті у Ішер жүрек, төгер жас. Махаббат – адам сезімінің тереңнен көз тастар ең биік шыңы. Егер осы ең ұлы сезім “махаббат пен ғадауат майдандасқан”(Абай) жұдырықтай ғана жүрекке тікенек боп қадалса не болмақ? Ақын поэтикалық өрнек, ерекше бейне жасауда үнемі ізденіс үстінде. Ол үнемі өз көргені мен сезгенін жырлауда образбен ойлайды. Айнала, күллі дүние суретке айналып кетеді. Мағжан бір-бірін шынайы сүйген жүректердің сағыныш жасын махаббаттың тәтті уына теңейді. Бұл образ Мағжанға дейін ешбір ақынның туындысында кездеспеген, қазақ әдебиетіндегі соны, тың бейнелеу, тың образ. Ал, у дегеннің өзі денеге тисе, өртеп жан дүниеңді аласұртып, адам өмірін қас - қағым сәтте қиятын, өліммен табыстыратын ажалдың от қамшысы емес пе? Ал, ақын осы уға да соны мағына, соны көзқарас береді. Бұл қолданыста ол бізге бұрынғыдай соншалық қорқынышты, үрейлі емес, бір түрлі жағымды естілетіндей. Мағжан өлеңдерінде теңеуді болсын, айқындауларды болсын әйтеуір өлең көркі болсын деп, оңды – солды қолданбайды. Оның алдына қойған мақсаты – “тілге жеңіл, жүрекке жылы”(Абай), нысанаға дөп тиетін, көркем де бейнелі қолдану. Ал, таланты кем, өресі қысқа “шала шекспир”,“танылмаған толстойлар” (М.Әуезов) үшін бұндай сөздерді қолдану үйілген мая арасынан сынған инені іздегендей қиындық әкеледі. Мағжанды осы қасиетіне, ерекшелігіне қарап ізденіс ақыны десек те, оның тапқырлығы да жетіп жатыр. Жігер, шіркін, желінді, Болат жеген қайрақтай. Мешеу болды жүйрік ой Кететін орғып айдатпай...- деген жолдардан көз алдыңа сол мезетте- ақ, арып-ашқан, құр сүлдері қалған тұтқын бейнесі келеді. Адамды әдейі қинап, жан дүниесін азаптап, ит өліммен өлтіруге арналған сол кездегі зобалаңнан шын кейпін беру үшін, бұдан артық қандай сурет керек? Сол кездегі жайдақ ақыл, жалаң үгіт, көпірме сөз, жалғандық иелері ақыннның талантын тұсап, қанатын қайырмақ болды. “ Жеңе алмас бірақ еш пенде Асау еркін көңілді”,- деп Сәкен айтпақшы, Мағжанның сырлы да сұлу поэзиясы заман желөкпелерінің құрығына тұтылып, талқыға түсіп, елден жырақтатылғанымен біржола жоғалып та кетпеді. “ Орнын тапқан екі сөз қатар тұрса, біріне – бірінің сәулесі түседі. Сөз сәулесі түскен жерде сурет пайда болады. Ал, сөз суретке айналған жерден образ басталады...” деген М.Әуезов пікірі дәл Мағжан поэзиясының көркемдігіне байланысты айтылған. Себебі, М.Әуезов өзінің Мағжан туралы бір пікірінде «...Мен қазақ ақындарының ішінде әуелі Абайды сүйемін, сонан соң Мағжанды сүйемін, жарқырауығы, әшекейі үшін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін»- деген еді. Ақынның ақындық талантының дәл осындай суреткерлік қырын айқындайтын өлеңі – “Шолпы”. “Шолпы” биік махаббат сезімінің мөлдір тамшысы екені анық. Шолпы сылдыры өмірдің тәтті шарабына мас қылғандай. Күннің жібектей үлбіреген сәулесі астында тоқылған осы жыр жолдарында қандай сыр бүгулі? Өзегіңді өртейтін неткен сиқыр? Ол, әрине, ақын жанының сыршылдығы, осы сұлу жырдағы ақын тілінің шеберлігі. ...Сылдыр, сылдыр, сылдыр Қанымды қайнатты құрғыр, Шық - шық жүрекке тиеді Күлпара талқан боп сынғыр... Сылдырдан құралған осы бір сөздерге ән жазудың керегі жоқ. Өзі ән. Сылдырдан басқа осы бір сөздерде басы артық бірде – бір сөз жоқ. Бәрі орнында. Өлең жолындағы әрбір сөз бір – біріне нәзік, сұлу сәулесін түсіріп, таңғажайып сурет тудырып тұр. Сиқырлы саздың шалқи айналып, бірте – бірте бәсеңдеп, талып естіліп, ақыры үзілуі салдарынан құр сүлдері қалған ғашық кейпін бес шумақтың таңғажайып күшімен жеткізеді. Сиқырлы саз шалқи толқындап, сылдыр үні қою қараңғыға сіңіп, жүректі аласұртады. Қыз образы керемет құпия сыршылдықпен жасалып тұр. Бұны неге ақындық құпия, ақындық сыр демеске? Бес шумақтың күшімен асық жүректің ынтызарлығын, одан қалса ару қыздың сұлулығын, шолпы сылдырымен-ақ келістіре жырлаған ақынның лирикалық қаһарманы тылсым бір әуенге елітіп, мас болғандай белгісіз күйге түскен. “Абай жолында”: “Сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тіліменен, Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді”,- делінген. Мұхтар Абайдың жүрек қуанышы, бұл дүниедегі жоқ махаббат сазы етіп, осы саздың құлақ күйі етіп осы шолпы сылдырын алады. Сонымен қатар, Мағжан өлеңдерінде қазақ өмірінің қоңырқай күйін ажарлауға ұмтылды. Осы ұмтылыстан да Мағжанның ерекшелігін, сөз тапқыштығын, ізденімпаздығын көреміз. “Сұр құлын” өлеңінен: Жазды күні сұр құлын Сұлу еді сүліктей. Құрық көрсе құлдырап, Зытушы еді еліктей...- деген жолдарды кездестіреміз. Ақын қоңырқай қыр тұрмысын кішкене ғана болса да, ажарландыра көрсеткісі келіп, құлдыраған жылқы баласын өз баласындай еркелете суреттейді. Қайтадан көз жүгіртіп қарасақ, жаңа сөз етілген “Сүй, жан сәулем” өлеңіндегі “жылы тәтті у” қандай? “Қысқы жолда” өзін - өзі жұлып жеген, ерегіскен жынды желдің бейнесі ше? Не болмаса, соншама азап пен қанаудан шыққан тұтқын бейнесі қандай аянышты! Міне, Мағжан ақындық қуатының күштілігі. Мағжан әр – алуан тақырыптағы өлеңдерімен қатар көлемді де көркем поэмаларын мол мұра, асыл қазына етіп қалдырды. Поэмалардың ішіндегі күрделісі, көркемдік тұтастығы жағы да сұлулық жағынан да ерекшесі - “Батыр Баян” поэмасы. Бұл поэма Мағжанның ақындық талантының құдіретін оқырманға танытады. ...Наркескен, өрттей ескен, қайтпас болат, Баянсыз қанатымды қалай жаям?! Би Қанай! Аттанбайды хан Абылай, Келмесе қандыбалақ батыр Баян!... “өрттей ескен” деген теңеу орнына ақын “күшті“ сөзін алмай, ер Баянды жалын, отқа теңейді. Сонымен қатар Мағжан поэма барысында “әдемі ертегідей”, “жауған қардай”, “шөккен нардай”, күңіреніп жолбарыстай,”бұғаудағы арыстандай”, “сұңқардай бабындағы”, “атқан таңдай”, “тәтті балдай”, “алғыр құстай”, “дауылдай талмай”, “қара бұлттай” деген теңеулерді бірінен соң бірін жаудыртады. Біз осы туындыны оқып отырғанда ақын сол оқиғаны көзімен көріп пе екен деген сауал көкірегімізде туындайды? Менің ойымша, бұл сауалдың туындағаны заңды сықылды. Себебі Мағжан сол оқиғаны көргендей, бізге әр кейіпкердің бейнесін көркем теңеулерді орынды және бейнелі етіп қолданып сомдап береді. Мағжан поэманы жазу барысында тек қана теңеулермен шектелмеген. Ол эпитеттерді дұрыс орналастыра білген. Мысалы “сұм өмір” деген тіркестің орнына “қу өмір“, я болмаса “қатал өмір“ деген тіркесті қолданбаған. “Терең ой" деп қана қоймай, оның алдына “тұңғиық” деген асыл сөзді “терең ойдың” алдына қояды. Поэмадағы эпитет осы “сұм өмір”, “ тұңғиық терең ой”сөздерімен шектеліп қоймайды. Сондай-ақ поэмада “ сұм сұлу”, “қайтпас болат”, “тілің шаян”, “асау жүрек”, “қайнаған қан”, “қызыл жалын”, “жас жүрек”, “торғын бет”, “боз үй”,“ашулы арыстан” деген эпитеттер өз орнын табады. ...Ойды улаған ақыл кезеп, ...Ашудан бұғып қалған қорқақ ақыл... деп ақын, батырдың ашуға бой алдыртқанын шағын түсінікті жеткізеді. Баянның ұлы Абай айтқан “ашу- дұшпан, ақыл- дос, ақылыңа ақыл қос” деген ұлағатты сөзін есінен шығарғанын аса шеберлікпен суреттейді... ...Қомағай қара топырақ бүлкіл қағып, Асығып екі жастың қанын ішті... Осындай кейіптеу Мағжанға дейін еш ақынның қаламынан қағаз бетіне жол тартпаған. Мағжанның осылай қара жерді жалмауыз қанішер бейнесінде сомдауы, оның ақындық талантының бірден – бір дәлелі. Ақын жоғарыда жерді қанішер бейнесінде сомдаса, желді құшағы кең алып ретінде сомдап, желге жан бітіреді. ...Құшақтап ақ селеуді жел жылады... Желге жан бітіре отырып, желді сәбиінен айырылған анаша жылатады. Желдің қайғылы анаша жылауы, шындыққа бейтаныс құбылыс. Ал Мағжан үшін табиғаттың әр құбылысы жаны бар адамнан кем емес. ...Жеңіліп қараңғылық жылжып қашты... Табиғаттың бұрынан қалыптасқан, қанша заман өтсе де айнымас құбылысын Мағжан таң атты демей, оларға жан бітіреді. Мейлің қарағылықты дәлірек айтқанда түнді қанша алтындап қойып, жалынып, жалбарынсаң да түн асығып жүгіріп, алды – артына қарамастан төрт аяқтап қашпайды. Ақын осы қағиданы есінен шығармайды. ...Ордаға батыр, билер келді аяңдап, Жиылды өңшең ноян... деп, хан Абылайдың айтқанын жерге тастап, аяққа баспай бұйрығын екі етпей келген қазақтың халқының бетке ұстар азаматтары жайлы сөз қозғайды. Оқиғаның басында хан Абылайдың Баян келмесе жорыққа шықпаймын деген сөзі оқырманға мәлім. Ендеше, Мағжан сол жиылған алыптардың Баянды күткендерін былай суреттейді: ...Батырлар десті жалғыз “ Баян бала-ай! “ Көкшенің бауырында өңшең көкжал Күңіреніп күтіп жатты күндер талай. Сұм сұлу жас Ноянды өзімен қашуға үгіттеген кезінде айтқан сөзін ақын былай дейді: ...Өткізген балаусадай бөбек күнім, Барқыттай белес-белес белім жатыр. Айбынды арыстандай құмды кезген, ...Күңіреніп қалың қалмақ елім жатыр... Әділеттсіз ашудан жалғыз бауырына өлім құштырған Баянның жан тебіренісін суреттеуде ақын Баянға: ...Жейтұғын өз күшігін болдым бөрі...,-деген сөздерді айтқызады. Жайшылықта еш адам өзін жануарлардың қан ішері бөріге теңемейді. Бірақ Мағжан Баянға метафоралық әдіспен туындаған өлеңнің жолын айтқыза отырып, қасіретті шағының бейнесін, көңіл – күйін оқырманға сезіндіре жеткізді. Мағжан поэзиясында ассонанс пен аллитерация тең орын алады. ...Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас. Алдияр, ел ағасы, ханым дана, Алашқа ауыр күнде болған пана. Жоғарыдағы поэмадан алынған өлең жолдары ассонанс. Ал енді аллитерацияға келсек, ...Көкшеде өңшең көкжал аялдаған, Қырандар қанаттарын жая алмаған. Кешігіп, күнәлі боп, енді алдыңа Келді ерің іші жалын, жаны жара. Өз еңбегімді қорытындылай келе, Мағжан поэзиясы қалай айтсақ та, қай қырынан алсақ та қайталанбайтын құбылыс. Қара қордалы қазақ ауылында туып-өскен халқымыздың қасиетті қара шалы -ұлы Абайдың қуатты поэзиясынан кейінгі кестесі келіскен көркем жыр, нәзік сырдың, көркем бейнелі, тың образдардың шалқар көліндей,асқар беліндей болған поэзия- Мағжан поэзиясы. Елдік қасиетіміздің,ана тіліміздің қиспасыз мол байлығын келістіре жырлаған халқымыздың талай ұл-қыздарының алдыңғы сапында болған Мағжанға бүгінгі қазақ халқы, қазақ әдебиеті мәңгі қарыздар. Жүрегінен жалындай шыққан жырларымен өз өмірінің ыстық - суығын бірге бөлісті. ” Бір сәт найзағай отына суырылған болат қанжардай жарқылдады. Тағы бірде, ешкімді танып болмайтын ақ түнек, дүлей боранға тап болып, жан ұшырды, күңіренді. Әлде бір уақытта тұп – тұнық мөлдір сезімге бөленді. Енді бір кез ел, жер тағдырын ойлап қиналды, жаңа бір әуен іздеді. Мағжан! Бұл есім аталғанда, құлағыңа сырлы сазды, сиқырлы сөзді, өшпес сезімі, қанбас құмары, айықпас азабы бар махаббат жырлары қалықтай жөнеледі.” Сөз өнерінің кең қарымды, мол қуатты әлемінде Мағжан сынды ақынның поэзиясынан ана тіліміздің қайталанбас сұлулығы мен икемді әрі бейнелі қасиетін 11 сыныптың әдебиетінен сезіндік. Өзінің нәзік сыршылдық қасиетімен кеудесінде жүрек аттты кішкентай қасиеті бар қазақ атаулының мақтанышы боларлықтай талантты ақын Мағжан поэзиясы елдігіміздің,ана тіліміздің қасиетті мұрасындай. Өзімізді дүниеге келтірген халқымыздың алдындағы перзенттік парызымызды орындауда қандай да болсын қиындықтардан қаймықпай, ыстығына күйіп, суығына тоңа білуде тұлпарлық мінез танытуға баулитын өлеңін көптеп оқып жүрміз. Арыстанмын айбатыма кім шыдар?! Жолбарыспын қайратыма кім тұрар?! Көкте – күнмін, жерде – желмін гулеген Жер еркесі желдің жөнін кім сұрар?! Ел алдындағы тарихтың асуы қиын, қиындығы көп кезеңдерден өтерде барлық ұрпақтың арыстан қайрат, жолбарыс мінез танытуға міндетті. Болашаққа жол тартқан ел көшін бастар өрттей ұйтқыған алғыр топтың жолбасшы, көсемі деп ақын өзін санайды. Шындықты жырлап, әлсізге сүйеніш, нашарға қолдау, амалы асқан оспадарға, айласы асқан ”сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар жалмауызға” (Абай) сес көрсетіп тәубесіне келтірерде ақын осындай тосын мінез, өжет қайрат танытуы әбеден мүмкін. Мұнда да ақын Мағжан суреткерлік қалпынан танбайды. Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін! Жаратылыстың ерекше мақұлықтарының бойындағы ірі қасиеттерін термелей отырып, тілек айтқан ақын келер ұрпаққа –біздерге сөзін арнайды. Осы өлеңі арқылы бізге деген үлкен сенімін жеткізеді. Мағжан қазақ поэзиясын сыршылдыққа бұрды. Адамның ішкі жан әсерлерін қызықтады. Жан әлеміндегі сиқырлы көріністерді, өзгерістерді, мың сан қылт еткен құбылыстарды суреттеу үшін, жүрекке жетер оралымды, бейнелі тіл таба білді. Өзінің шығармашылықпен өрілген азаматтық, ақындық жолында ақын құдіретті шындық жолынан, халқына деген кіршіксіз махаббатынан айнымады. Осындай адалдығы үшін де, азаматтығы үшін де халқы оны ғасыр жаласы- ”халық жауы” деген қасиетсіз атақтан ақтап алды. Ұрпағына өнеге қылып оқытуда әрі Мағжандай жыр сұңқарларының ғажайып өрнегі сурекерлік шеберлігі арқылы өз ұрпағының саналы, көзі ашық, сөз қадірін түсінерліктей болып өсуіне қамқорлық жасап келеді. Ана тіліміздің қасиетті құндылығын, икемділігі мен нақыштылығын, сөздік қорының қисапсыз байлығы туралы білгісі келген жанға Мағжан поэзиясы таптырмас мектеп, адастырмас бағдаршамдай.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1.Мағжан Жұмабаев шығармалары 1-2-3 том. “Білім” 1995. 2.Ж.Аймауытов “Мағжанның ақындығы туралы” мақаласы. 3.Шериаздан Елеукенов “Мағжан”, “Санат” 1995 4.Абай Құнанбаев Өлеңдер жинағы. 5.З.Қабдолов “Сөз өнері”
Алматы облыстық академик Ш.Смағұлов атындғы мектеп – интернаты.
М.Жұмабаев поэзиясының көркемдік ерекшеліктері
Бақытнұрқызы Ә 11 сынып оқушысы
Алматы 2004 Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|