Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Леуметтік білім құрылымдалуы




 

Әлеуметтану ғылым ретінде тек XIX ғасырда пайда болған деп есептелінеді.

Огюст Конт (1798-1857) әлеуметтанудың негізін қалаушы болып табылады. Оның «Позитивтік философия курсы» атты еңбегі бар.

Конттың пікірінше әлеуметтану әлеуметтік статиканы және әлеуметтік динамиканы зерттеуі тиіс.

Әлеуметтік статика - қоғамдағы өмір сүріп тұрған құрылымдар. Әлеуметтік динамика - әлеуметтік өзгерістер үрдісі. О.Конттың пікірінше әлеуметтану қоғамды эволюциялық жолмен өзгертетін ғылым болуы тиіс.

Қоғамның нақты құрылымын зерттеуде Конт оның негізгі элементі ретінде отбасын алады. Адам отбасында жаратылыстық жағдайда болады. Осы жағдай барлық қоғамдық қатынастардың жаратылыстық негізі болып табылады.

Әлеуметтану қоғамды эволюциялық жолмен өзгертуде адам ақылына (интеллектуальдық эволюция) сүйенеді. Адам ақылы өз дамуында үш сатыдан өтті; 1) теологиялық, қоғамдағы өзгерістер қасиетті күштер әсерінен деп түсіндіріледі; 2) метафизикалық қоғамдағы өзгерістер абстрактылы-философиялық ұстанымдар көмегімен түсіндіріледі; 3) позитивті-ғылыми, бұл кезеңде адам ақылы реалды-шыншыл фактілерді зерттеуге тоқталады. Осылайша адам ақылының үш кезеңді дамуы туралы О.Конт заңы жалпы әлеуметтік даму теориясы болып табылады.

 

1. XX ғ. басындағы классикалық әлеуметтану

Классикалық әлеуметтану екі еуропалық социологтар М.Вебер және Э.Дюркгейм есімдерімен байланысты. Олар әлеуметтану ғылымының осы кезеңге дейінгі дамуының алдын анықтап берді.

Макс Вебер (1864-1920) неміс социологы. Еңбектері: «Протестанттық этика және капитализм рухы»; «Негізгі әлеуметтік түсініктер»; «Әлеуметтік-ғылыми және әлеуметтік-саяси танымдардың объективтілігі». Вебердің пікірінше барлық қоғамдық институттар, құрылымдар, мінез-құлық нысандары оларға адамдар берген мән-мағына нәтижесінде реттеліп отырады. Адамның субъективті мәні жалпыға айналып үлгілі түр (идеальный тип) пайда болады. Әлеуметтану дегеніміз адамдардың әлеуметтік әрекетін реттеп отыратын осы үлгілі түрлер туралы ғылым. Әлеуметтік әрекет кезінде даралық өз «Мен» дегенін іске асырады. Міне осы жерде әлеуметтану жаңағы «Мен» деген тұрғыдағы әлеуметтік әрекеттің қоғамдық үлгіге сәйкес болуын қамтамасыз етеді.

Эмиль Дюркгейм (1859-1917) француз ойшылы. Оның ілімінің негізінде «социологизм» тұжырымдамасы жатыр. Э.Дюркгейм пікірінше қоғам негізінде ерекше бір «ақиқат» бар. Ол адамдарды біртұтас етіп біріктіріп, олардың арасында байланыс орнатады. Сондықтан ол «ақиқаттың» өз жалпы және дара заңдары бар. Міне осы заңдар әлеуметтанудың зерттеу пәні. Себебі бұл заңдар бар қоғамдық көріністердің мінезі мен мәнін ашады. Бұл «ақиқат» қоғамның жеке мүшесіне өз байламдарын «күтініс», «талап», ұстаным, мораль және т.б. түрлерде тоқтады. Міне осы жекеден шығатын (себебі «ақиқат» мәнін жеке адамдар әрекеті толықтырады) жалпы байланысты Э.Дюркгейм «әлеуметтік факт» деп атады. Әлеуметтану әлеуметтік фактілер жөніндегі ғылым ретінде ерекше ақиқатты қарастыра отырып жеке адамды да нақты тұлға ретінде көрсетеді. Дюркгеймше айтқанда біздің барлығымыз да қоғам үшін белгілі бір мәнге иеміз. Әлеуметтану бізге осы жалпы ақиқатқа біздің әрқайсысымыздың кірігуімізге, әрқайсысымыздың өз шындығымызды әкеліп қосуымызға көмектеседі. Мысалы, Э.Дюркгейм үлкен статистикалық материал мен әлеуметтану әдістердің үлкен жиынтығын қолдана отырып зерттеген өзіне-өзі қол салушылар (суицид) мінез-құлқы және қоғамдық мінез-құлықтың аномия құбылысын ашуға көмектесті.

 

2. Қазіргі әлеуметтік теориялар

Қазіргі әлеуметтану бірнеше мектептер мен бағыттарға бөлінеді. Олардың көпшілігі бірін-бірі толықтырып, дамытып отыр. XX ғасыр әлеуметтануында үш бағыт біріктіріледі: функционализм, конфликтологиялық (дау-жанжал) әлеуметтану және символикалық интеракционизм.

 

 

Функционализм Конфликтологиялық әлеуметтану
Жалпы қоғам бір-бірімен тығыз байланысқан компоненттерден тұрады; олар бір-бірімен тығыз өзара әрекетке түседі және осы арқылы бүкіл жүйенің өмір сүруін қамтамасыз етеді. Әлеуметтік топтар арасындағы дау-жанжалдар қоғамның жаратылыстық жағдайы болып табылады, әлеуметтік өмір дегеніміз билік үшін күреске негізделген тоқталмайтын үрдіс.
Қоғам сыртқы ортаға бейімделген өз институттарын дамытады. Осы арқылы бүкіл жүйенің өмір сүру қабілетін арттырады. Әрбір қоғамда материалдық құралдар мен қорлар бөлінгенде теңсіздік орын алады.
Барлық әлеуметтік көріністер мен фактілер олардың қорытындысы тұрғысынан қарастырылуы тиіс. Әлеуметтік құрылымдар бір әлеуметтік топтардың басқаларға қатысты артықшылығын бекітеді. Жоғарыда тұрған топтар қоғамды өз үстемдігін бекіту үшін сәйкестендіріп ұйымдастырады.
Мінез-құлықтың тұрақсыз (дисфункция) нысандары мен институттар қоғамның өзін-өзі дамытуына қауіп төндіреді. Осындай мінез-құлық нысандары мен институттар бақылауда болуы және жойылуы тиіс. Әрбір әлеуметтік әрекет бір қоғамдық элементтерге пайда әкеліп, екіншілеріне зиян тигізеді.
Символикалық интеракционизм
Жеке тұлғалар әлеуметтік өзара әрекет мәнін түсінуге ұмтылады. Әлеуметтік әрекет мәні алдын-ала белгіленген мәнге ие болмайды. Әлеуметтік мәндер әрқашан өзгеріп, тербеліп тұрады. Әлеуметтік актіні (мінез-құлық көрінісі) түсіндіру үшін, осы актіні іске асырушылар мінез-құлқының мәнін түсіну қажет.

 

Таблицада көрсетілген өте кең жалпыланған бөлініс екенін ұмытпау қажет. Сондықтан қазіргі әлеуметтанудың кейбір теориялары көрсетілген бағыттардың бірде-біріне сыймайды. Осылай бола тұрса да бұл үш парадигма қазіргі әлеуметтану алдында тұрған проблемаларды көруге көмектеседі.

 

а) Чикаго мектебі

Әлеуметтануды тек қана теориялық емес, сол сияқты тәжірибелік мәні де бар ғылымға айналдыруға Чикаго мектебінің социологтары көп еңбек сіңірді.

Роберт Парк (1864-1944) - әлеуметтік-экологиялық теорияның негізін қалаушы. Парк адамдардың ұжымдық мінез-құлқын олар өздері құрған ортамен тығыз байланыстыра отырып зерттеді. Бұл ортаны Парк «биотикалық орта» (биологиялық емес) деп атады. Биотикалық ортаның биологиялықтан айырмашылығы, ол өзіне әлеуметтік-психологиялық және мәдени факторларды қосады. Даралықтар белгілі бір кеңістікті («зона») басып алып, сонда орналасады. Экономикалық, саяси, мәдени сияқты таза әлеуметтік көріністер популяция мен ортаның өзара әрекетінің экологиялық негізінде өсіп шығады.

Осы мағынада қазіргі мегаполистер мен қала шоғырлары қатал биотикалық және экологиялық заңдарға бағынады. Бұл қала жобаларында көрініс табады. Парк қаланы зоналарға бөлудің социо-мәдени моделін ұсынады. Бұл бойынша әртүрлі қоғамдастықтар қала аумағында концентрациялық шеңберлер түрінде орналасады. Әрбір «зона» өз функциясына, әлеуметтік құрамына және кәсіби бағдарына ие болады.

Парктің экологиялық социологиясы қоғам құрылымындағы қатал детерминирланған заңдылықтарды (өз құрамында биологиялық және әлеуметтік факторларды ұштастыратын) көруге мүмкіндік берді.

б) Функционалистік әлеуметтану

Р.Мертон (1912 ж. туған). Қоғам түгелімен және оның жеке бөліктері олардың қызметтері (функция) арқылы бекітілген тығыз өзара байланысқа ие. Функционалистер қоғамды көптеген бөліктерден тұратын организм ретінде қарастырады. Әрбір бөлік өз қызметін атқарады, әрі олардың арасында айырмашылық көп болған сайын бір бөліктің екіншісін ауыстыруы қиындай түседі.

Г.Спенсер функционализм негізін қалады, ал Э.Дюркгейм оны әрі қарай дамытты.

Қазіргі функционалистер Т.Парсонс, Р.Мертон, К.Дэвис осылардың ізбасарлары. Олардың негізгі еңбегі қоғам бөліктерін анықтау, қоғамдық қызметтердің керекті және керексіздерін бөліп көрсету, қоғамның органикалық біртұтас болып табылатын ұйымдасу ретін анықтауда. Қазіргі функционализмнің теоретикалық шеңберін анықтайтын бас пункт: 1) Қоғам-бұл біртұтас болып біріктірілген бөліктер жүйесі. 2) Қоғамдық жүйелер өз тұрақтылығын құқық қорғау органдары мен сот сияқты ішкі бақылау механизмдерінің арқасында сақтайды. 3) Қоғамға тұрақсыздық әкелетін қызметтер (дисфункция) болады, бірақ олар өз-өздерін жояды және ақыр соңында қоғамнан кетеді. Мыс. 60 ж. американ қоғамына радикалдар мен хиппи көп жаңалық әкелді: қоршаған орта проблемасына жаңа көзқарас, жоғары билікке сенімсіздік, ерлер мен әйелдердің анағұрлым ашық киім стилі және т.б., бірақ бүгінде оларды истеблишмент жұтып қойды. 4) Өзгерістер әдетте революциялық емес бірте-бірте жаңару мінезінде болады. 5) Әлеуметтік ынтымақтастық (интеграция) немесе қоғамның берік екендігін сезіну елдің көптеген азаматтарының құндылықтардың біртұтас жүйесіне табынуы негізінде құрылады. Бұл біртұтас құндылықтар жүйесі қоғамдық жүйе үшін тіреу болып табылады.

в) Конфликтология (дау-жанжал) теориясы

Конфликтология теориясы, таптық жанжал қоғам өзегінің өзінде деп есептеген К.Маркс еңбектерінің негізінде пайда болды. Таптық жанжал себебі мынада, адамдар экономикалық жүйедегі жағдайына байланысты әртүрлі топтарға бөлінген.

К.Маркс пікірінше таптық күрес көптеген саяси жанжалдар көзі болып табылады. К.Маркс теориясына сәйкес таптық жанжал тарихтың қозғаушы күші болып табылады.

Қазіргі уақытта конфликт теорияларының әртүрлі варианттары ұсынылды. Қазіргі теориялар ішіндегі ең мәндісі неміс социолог-ғалымы Р.Дарендорф теориясы. Ол К.Маркстің «қоғамдағы негізгі жанжалдасушы таптар – экономикалық белгісіне байланысты ұйымдасқан таптар»,- деген пікірін жоққа шығарады. Р.Дарендорфтың ойынша әлеуметтік жанжалдың ең басты себебі бір адамдардың басқалар үстінен билікке ие болуы. Негізгі жанжал билік иелері мен одан тыс қалғандар, бірақ билік иеленуге әбден мүмкіндігі барлар арасында пайда болады.

Р.Дарендорф конфликт теориясының мына негізгі мәндерін құрамдады:

1) Кез келген қоғамның басты бейнесі үстемдік, жанжал және жаныштау болып табылады.

2) Қоғамдық құрылым адамдардың бір тобының екінші топ үстінен билігіне негізделген. Мыс.: бизнесмендер жұмысшылар үстінен, офицерлер солдаттар үстінен, оқытушылар студенттер үстінен билікке ие.

3) Осындай әрбір топтың, ол оны түсінсе де, түсінбесе де жалпы мүддесі бар. Әртүрлі топ мүшелерінің мүдделері әртүрлі және қарама-қайшылықта. Мыс.: өз кірісін көбейтуге мүдделі іскер адамдар мен қоршаған ортаны қорғау қозғалысының белсенділері арасында әрқашан да жанжал туып отырады.

4) Адамдар өз жалпы мүдделерін түсінгенде олар қоғамдық топ құра алады. Мыс.: кәсіподақ қозғалысы нысанында.

5) Қоғамдағы жанжал мынадай жағдайларда өте күшейеді: а) барлық билік түгелімен тек аздаған адамдар қолында ғана шоғырланған, ал қалғандар одан толығынан қол үзген; б) биліктен қол үзгендер оны алудың өзге мүмкіндігіне ие болмаған жағдайда; в) адамдар ерікті түрде саяси топтар құра алмаған жағдайда.

г) Символикалық интеракционизм

Символикалық интеракционизм XX ғ. 20-шы жылдарында пайда болып, көптеген әлеуметтік мектептердің өмірге келуіне әсер етті. Бұл бағыттың аталуын теоретикалық әлеуметтануда былай деп түсіндіреді.

Символикалық деген термин бұл әлеуметтік мектептің «мән» түсінігіне акцент қоятынын білдіреді, ал әрекетке түсуші тұлғалардың осы мәнге сәйкес өзара әрекеттерін «интеракция» термині білдіреді.

Символикалық интеракционизмнің негізін қалаушы американдық социолог Герберт Мид (1863-1931). Бұл теорияның үш негізгі тірегі бар.

1) Кез-келген әрекет пен мінез-құлық актісі әрекет етуші субъекті өз әрекетіне берген мән негізінде пайда болады. Қысқаша айтқанда, біздің мінез-құлқымыз біз оны кей уақыттарда сезінбесек те мәнге ие. Бұл мән де жалпы әлеуметтік символдарға ие. Мыс.: әскери әрекетке қатыспау жалпы символикаға сай қорқақтықты білдіреді. Ал басқа бір жеке адам үшін бұл саналы түрдегі пацифизм (зорлыққа қарсылық) болуы мүмкін, яғни тіптен өзге символ. Ал бұл да жалпы қоғамдық символика болып табылады. Яғни бірінші де, екінші де жағдайларда мінез-құлық актісінің артында қоғамдық символдар тұр.

2) Қоғам соған тұрақтайтын символдар адамдардың өзара қарым-қатынасы әсерінен туады. Адам әрқашан да басқа адамдардың өзі туралы пікірінің әсерін сезінеді және соған тәуелді.

3) Адамдар іс-әрекет үрдісінде символдар мәнін түсінеді немесе түсіндіреді, сол сияқты оны өзіне өлшеп көреді. Осы үрдіс адамның даралықтылығын құрамдайды және өзара әрекет негізі қызметін атқарады.

Мінез-құлық актісінде адам өзіне «мәнді символ» табады. «Мәнді символды» адам өз санасының ішінде анықтайды, ал өз кезегінде адам санасы сыртқы дүниеден келген мәндермен толықтырылады.

Г.Мид мынадай даралық формуласын ұсынды: SELF = I + MESELF – даралық; I – бұл адамның қоғамнан жасырып ұстайтын жеке санасы, оның өзі де біле бермейтін интуициясы, инстинктісі; ME – адамның қоғамдық мәнмен байланысқа түсетін санасы.

д) Айырбас теориясы.

Д. Хоманс (1910 ж. туған). Бұл теория өкілдерінің пікірінше қоғамдағы адамдар мінез-құлқы дегеніміз құндылықтармен үздіксіз айырбас жасау. Адамдар оларды қарым-қатынас жасауға мәжбүр ететін белгілі бір мүддеден шыға отырып қана қарым-қатынасқа түседі.

Әлеуметтік мәні бар нәрселердің барлығы да айырбас пәні болып табылады. Қоғамда «айырбасқа» жататын құндылықтар шкаласы пайда болады және адамдар мінез-құлқы осыған қатал бағытталады. Мыс.: адамның сыртқы сұлулығы жақсы өмірге; интеллектуалды күш-қуаты (потенциал) – материалдық жағдайға айырбасталады.

Осылайша әрбір жеке адамның құндылығы оның айырбас жасайтын сапаларына орай бағаланады. Шын өмірде ешқашан да тең айырбас болмайды. Айырбас кезінде бір жақ (партнер) екіншісіне қарағанда ұтып отырады. Осыдан келіп әртүрлі мінездегі әлеуметтік теңсіздік шығады.

Жоғары әлеуметтік құндылыққа ие тұлға өзінен төмен құндылыққа ие тұлғадан айырбас үстіне «ақы» алады. Мыс.: адам қабылдау бөлмесінде бастықты күтіп отыр. Ол біріншіден бастыққа өз аяғымен келіп отыр, екіншіден өзінің бос уақытын беріп отыр. Сөйтіп екі құндылық шкаласы есебінде «ақы» төлейді.

Хоманс пен Блоудың пікірінше барлық әлеуметтік өзара қатынас түрлері (жеке аралықтан мемлекет аралыққа дейінгі) құндылықтық-эквиваленттік айырбас ұстанымына тәуелді.

е) Этнометодология.

Этнометодология терминін аударғанда «адамдардың күнделікті өмірде қолданатын тәсілдері» дегенді білдіреді. Бұл әлеуметтік теория негізін қалаушы американдық социолог Г.Гарфинкель. Бұл теория өкілдерінің пікірінше күнделікті қарапайым қарым-қатынас нысандарының астарында қоғамды ұстап тұрған жалпы құрылымдар жасырынып тұр. Оны жәй көзбен байқау мүмкін емес. Этнометодологтар міндеті таспа (аудио) және бейне (видео) жазбаларды пайдалана отырып күнделікті диалог алмасудан жалпы қоғамға тән мінез-құлық құрылымын табу. Адамдардың күнделікті бір-екі фраза алмасуы, яғни сөйлесуі белгілі бір фондық өзара түсіністік шеңберінде болады. Мыс.: әртүрлі қоғам өкілдерінің бір-бірінің тілін еркін біліп тұрса да дұрыс өзара түсінісе алмайтындығы олардың әртүрлі фондық өзара түсіністік шеңберіне жататындығын көрсетеді. Этнометодологтар пікірінше осы шеңберде сол қоғамда қалыптасқан әлеуметтік құрылым әрекет жасайды.

ж) 1990 жылдар социологиясы

80-90 жылдардағы батыс әлеуметінің дамуы тағы да бір рет әмбебап әлеуметтік теорияның болуы мүмкін еместігін дәлелдеді.

Э.Тирикьян (1929 ж. туған) американдық социолог. Әлеуметтануда Э.Дюркгейм дәстүрін еуропалық экзистенциализм дәстүрімен жалғастырушы. Соңғы кездерде модернизация теориясына көп көңіл бөлген. Модернизация теориясы дамушы елдер әлеуметтік құрылымының қазіргі технологиялар таралуымен контексте дамуын қарастырады және осы үрдістің ұлттық мәдениетке тигізетін әсерін зерттеумен шұғылданады.

Д.Александер (1945 ж. туған). Дәстүрлі функционализмді сын тұрғысынан қайта қарап, өзгертумен айналысады. Оның көпқырлы социологиясы өз шеңберінде социологиялық сұрыптаудың микро және макро деңгейлерін біріктіреді. Оның теориясы қоғамды бағалаудың даралықтың мүмкіндігі (перспектива) мен ұжымдық мүмкіндікті қолданушы әлеуметтануды тұтастандыруға жасалынған қадам болды.

Никлас Луман (1921 ж. туған) неміс социологі. Ол «жүйе - қоршаған орта» қарым-қатынасын қарастырады. Мұндай жағдайда әрбір жүйе сыртқы ортадан өзін комплекстер көмегімен шектейді. Комплекстер адам өзінің қоршаған ортамен қарым-қатынасында санасыз түрде туғызып отыратын проблемалар.

Н.Смелзер. Американдық социолог. Дүние жүзіне түгел таралған социологиялық оқу құралдарының төлиесі. Н.Смелзердің пікірінше социологтар қоғамды екі деңгейде зерттейді: микро және макро деңгейлерде. Микросоциология – адамдардың күнделікті өмірдегі қарым-қатынастарын, өзара әрекеттерін зерттейді. Әлеуметтік көріністі тек адамдар сол көрініске өзара қарым-қатынас нәтижесінде берген мәнде сұрыптау арқылы ғана тануға болады. Микросоциологиялық зерттеудің басты тақырыбы – даралықтар мінез-құлқы, мәні, мағынасы, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас. Бұлардың бәрі өз кезегінде қоғамның тұрақты болуына не онда өзгерістер болуына шешуші әсер етеді.

Макросоциология кез-келген қоғам мазмұнын танып-білуге көмектесетін мінез-құлық моделдеріне көңіл бөледі. Қоғам құрылымы деп аталатын бұл моделдер өзіне мынадай қоғамдық институттарды қосады: жанұя, білім, дін, саяси және экономикалық құрылым. Дүниеге келгеннен бастап әлеуметтік құрылымның осы жүйесіне тартылған адамдар бұл моделдерден өте терең әсер алады. Макросоциологиялық зерттеудің басты тақырыбы - қоғамның әртүрлі бөліктерінің арасындағы байланыс және осы өзара байланыстың қалай өзгеріске ұшырайтындығы.

з) Тәуелділік теориясы

Тәуелділік теориясы бойынша дамыған өнеркәсіпті державалар өз экономикалық үстемдігімен дамушы елдердің дамуын тежеп отыр деп көрсетеді. Бұл теория түбірімен саяси-әлеуметтік тұжырымдамаға негізделген.

Бұл теория негізін салушылардың бірі Андре Франк (1966ж). Ол қоғам дамуында әлі күнге үстемдік құрып келе жатқан «экономикалық даму әртүрлі кезеңдерден тұрады, ал дамушы елдер тарихтың бастапқы дамыған елдер өтіп кеткен кезеңінде және олардың артта қалуының себебі осы»,- деген көзқарасты жоққа шығарды. Оның ойынша дамыған елдер метрополия, ол басқалары өз істерін өздері басқаруға қабілетсіз сателлиттер. А.Франктың ойынша барлық әлемді зор іскер орталық (Еуропа, АҚШ) билейді. Осы орталық дамушы елдерді бақылап, олардан артық капитал, тұтыныс тағамы мен шикізатты әкетіп отырады. Мұндай саясат ол елдердегі ұлттық өнеркәсіптің дамуын жоққа шығарады.

Тәуелділік теориясын әрі қарай Фернандо Кардозо мен Энцо Фаллето дамытты. Мұндай қоғамдық бөліністің себебін бұл теория өкілдері бұлайша түсіндіреді. Көптеген себептерге сай жергілікті меншік иелері, өз капиталдарын өз елінде көбейте алмайды. Сондықтан олар халықаралық банктар мен корпорациялардан көмек сұрайды және олар қуана көмектеседі. Сөйтіп өнеркәсіп және басқа қажеттіліктерге арналған қаржы көздері сырттың бақылауында болып қалады. Тіпті жеңілдік несиенің өзі пайыз есебімен берілетінін ескерсек және халықаралық корпорациялардың несие алған елдер өнімінің жүріп-тұруын толық бақылап отыруларына мүмкіндік барын ескерсек мұндай тәуелділіктен құтылу мүмкін еместігін көреміз. Әрине жергілікті кәсіпкерлер мен саясатшылар қолында бірқатар мәселелер төңірегінде шешім қабылдау құқығы болады. Оған негізінен мыналар жатады: салық салу саясаты, қорғанысқа қажетті шығын, жұмыссыздық деңгейін бақылау. Бірақ бұлардың өзі шетелдік инвесторлар мүмкіндігінен шыға отырып шешіледі.

 

О ғ а м

Ең әуелі бір-біріне ұқсас үш түсінікті ажыратып алу қажет «ел», «мемлекет» және «қоғам». Ел - өз шекарасы бар және саяси егемендікті пайдаланатын әлемнің не белгілі бір территорияның бір бөлігі. Мемлекет – сол елдің саяси ұйымдастырылуы, өзіне белгілі бір билік режимін (монархия, республика) және басқару органдары мен құрылымын (Үкімет, Парламент) қосады. Қоғам – сол елдің әлеуметтік ұйымдастырылуы, оның негізі әлеуметтік құрылым болып табылады. Елді – жағырафия, мемлекетті – саясаттану, қоғамды – социология зерттейді.

1. Анықталуы.

Әлеуметтанудағы негізгі түсінік - қоғам. Адамзат қоғамы әрқашан өзгеріс үстінде. Қоғам – тек елдің емес, сол сияқты - ұлттың, ұлыстың, тайпаның да әлеуметтік ұйымдастырылуы. Себебі бір елді екінші елден нақты мемлекеттің шекара арқылы бөліп тұрмаған кездері де болды, тіпті біздің қазіргі түсінігіміздегі ел де болған жоқ. Осындай жағдайда жер бетінде емін-еркін жүрген ұлыстар мен тайпалардың да өз қоғамдары болды. Қоғам түсінігін кез-келген тарихи кезеңде, кез-келген адамдар бірлестігіне қатысты қолдануға болды. Ол үшін ол бірлестік мынадай негіздерге сай болуы қажет:

1. Бірлестік басқа бір өзінен ірі жүйенің (қоғамның) бөлігі болып табылмаса.

2. Неке негізінен осы бірлестік өкілдері арасында жасалады.

3. Ол негізінен өз өкілдері болып табылатын адамдардың балалары есебінен толығып отырады.

4. Өз меншігінде территориясы бар.

5. Оның өз тарихы, өз аты бар.

6. Оның өз басқару жүйесі бар.

7. Оны мәдениет деп аталатын жалпы құндылықтар жүйесі біріктіреді.

Американдық социолог Шилз қоғамның негізгі белгілері осылар деп анықтайды. Мұндай критерийлерге жүздеген миллион азаматы бар қазіргі державалар да, жүздеген ғана мүшесі бар тайпалар да сәйкес келіп тұрғанын көруге болады.

 

2. Қоғамдар жіктелісі (типология).

Социологтар барлық өмір сүріп тұрған және өмір сүрген қоғамдарды түрлерге бөледі. Сәйкес белгілері не негіздері арқылы біріктірілген түрлер – типологияны құрайды. Әлеуметтануда бірнеше типология бөлінген.

Егер басты негіз ретінде жазу мәдениеті алынса, онда қоғамдар жазуға дейінгі және жазу мәдениеті бар қоғамдар деп бөлінеді. Жазуға дейінгі – сөз мәдениеті бар, бірақ жаза алмайтын қоғамдар. Жазба қоғамдар – алфавиті бар және дыбысты материалдық құралдарға (пергамент, кітап, газет, компьютер) тіркейтін қоғамдар. Жазба мәдениет 10 мың жыл бұрын пайда болса да, американдық социолог М.Мид зерттеулері көрсеткендей Джунгли мен Аравия құмдарында әлі күнге жазудан хабары жоқ тайпалар бар.

Басқа типология қоғамдарды жәй және күрделі деп бөледі. Бұл жерде критерий басқару деңгейі мен әлеуметтік теңсіздік деңгейі болып табылады. Жәй қоғамда бір не екі басқару деңгейі және сол шамалас әлеуметтік теңсіздік деңгейі болады.

Күрделі қоғамдарда мемлекеттік-бюрократиялық аппаратқа сүйенген бірнеше басқару деңгейі және кіріс шамаларының орналасуына қарай бірнеше әлеуметтік айырма деңгейі болады. Кезінде стихиялы пайда болған әлеуметтік теңсіздік енді заңдық, экономикалық, діни және саяси тұрғыдан бекітіледі.

Үшінші типология негізінде өмір сүру қажеттілігін табу тәсілдері жатыр. Ең ерте тәсілдер – аң аулау және терімшілдік, яғни осыған сәйкес ерте дүние қоғамы бөлінеді. Ол қоғам шағын туыс топтардан (трибтер) тұрды және бұл трибтерді бір-бірінен зор кеңістік бөлді. Бұл қоғам жүз мыңдаған жылдар өмір сүрді. Бұл қоғамның орнына басқа тәсілдерге, яғни мал шаруашылығы мен жер шаруашылығына негізделген қоғам келді. Мал шаруашылығы – жабайы аңдарды қолға үйретуге негізделген, өмір сүру қажеттілігін табу тәсілі. Адамдар аңды аулағаннан гөрі, оны қолға үйрету тиімділігін түсінгеннен кейін аң аулау қоғамынан мал шаруашылығы қоғамы өсіп шықты. Ал терімшілдіктен жер шаруашылығы қоғамы өсіп шықты. Жер шаруашылығымен айналысқан қоғамдар отырықшы өмірге көшті. Мемлекет, қалалар, жазба мәдениеті, яғни өркениеттің негізгі белгілері пайда болды.

Жер шаруашылығын 2 ғасырдан артық уақыт бұрын өнеркәсіп алмастырды. Өнеркәсіпті қоғам дәуірі туды. Бұл қоғам белгілері: зауыт трубалары, уланған қала кварталдары, зор көмір бассейндері және т.б. Көптеген мамандар пікірінше XX ғ. 80-ші жылдары өнеркәсіпті қоғамды постөнеркәсіпті қоғам алмастырды. Бұл барлық жерде емес, тек белгілі бір елдерде, мысалы, АҚШ, Еуропа елдерінде және Жапонияда ғана. Постөнеркәсіптік қоғамда басты орынға ақпарат алу мен тарату және қызмет көрсету аймағы шығады. Постөнеркәсіптік қоғам белгілері: роботталған өнеркәсіп, зор супермаркеттер, космос станциялары.

Қазіргі әлеуметтану берілген типологиялардың барлығын да қолданады. Тек әлеуметтану оларды синтетикалық моделге біріктірген. Оның төлиесі американдық социолог Д.Белл. Ол әлем тарихын үш кезеңге бөлді: өнеркәсіпке дейінгі, өнеркәсіпті және ақпараттық қоғам. Бір кезеңнен екіншіге өткен кезде технология, өнеркәсіп тәсілі, меншік нысаны, әлеуметтік институттар, саяси режим, мәдениет, өмір үлгісі, тұрғындар саны, қоғамның әлеуметтік құрылымы өзгеріске ұшырайды.

Өнеркәсіпке дейінгі немесе дәстүрлі қоғамда дамудың шешуші факторы – ауыл шаруашылығы, ал негізгі институттар әскер мен діни институттар болды.

Өнеркәсіпті қоғамда - өнеркәсіп, ал негізгі институттар корпорациялар мен фирмалар.

Ақпараттық қоғамда – теоретикалық білім мен ақпарат, ал негізгі институттар осы білім өнеркәсібі болып табылатын университеттер мен зерттеу институттары және бұқаралық ақпарат құралдары болып табылады.

Өнеркәсіпті қоғамнан ақпаратты қоғамға өткен кезде тауар өндіруші экономика қызмет көрсетуші экономикаға айналады. Әлеуметтік құрылым да өзгереді, топтық бөлініс кәсіпкерлік бөлініске айналады. Меншік – теңсіздік критериі ретінде өз маңызын жоғалтады, теңсіздіктің шешуші факторына білім мен ғылым деңгейі айналады.

 

3. Қоғам эволюциясы

Социологтар адамзат өркениеті өткен кезеңдерді салыстыра отырып нақты бір заңдылықты тапты. Оны қоғам дамуының заңы деп атады. Ол заң бойынша қоғамның кейінгі даму кезеңіне оның алдындағымен салыстырғанда 3-4 есе аз уақыт кетеді. Мыс: дәстүрлі қоғам өнеркәсіпті қоғамға қарағанда анағұрлым ұзақ дамыды.

Қазбалар негізінде адамзат эволюциясын зерттеген археологтар да осындай пікірге келді. Адамзат эволюциясын олар тарихи дәуірлер деп атады. Мыс.: палеолит (тас дәуірі) металл дәуірінен ұзақ, ал ол өз кезегінде мезолиттен ұзақ. Қазіргі дәуірге жақындаған сайын тарихи уақыт тығыздалып келеді, қоғам тез, динамикалық дами бастады.

Кейінгі зерттеулерге сай социологтар бұл заңға қоғам эволюциясының екінші бір заңын қосты. Ол заң бойынша халықтар мен ұлттар біркелкі жылдамдықпен дамымайды. Қазіргі дәуірдің социологиялық картасы айқын көрсетіп отырғандай өнеркәсіпті дамыған аудандармен көршілес дәстүрлі қоғам жағдайындағы халықтар да бар.

 

4. Әлеуметтік прогресс.

Адамзат қоғамының жабайылық жағдайынан өркениет шыңына шығу жолындағы ғаламдық үрдіс - әлеуметтік прогресс деп аталады. Бұл өте кең түсінік. Ол өзіне құрамдас бөлік ретінде экономикалық, техникалық және мәдени прогрестерді қосады. Әлеуметтік прогресс фундаменті – техникалық прогресс болып табылады.

Прогреске қарама-қарсы үрдіс регресс деп аталады. Ол қоғамның өз жетістіктерінен бас тартуын, жеткен деңгейінен кейін қайтуын білдіреді. Прогресс пен регресс масштабтарында үлкен айырмашылық бар. Егер прогресс адамзат қоғамының барлық тарихи кезең дәуіріндегі қозғалысын білдіретін ғаламдық үрдіс болса, ал регресс жеке бір қоғамды, аз ғана тарихи уақытта қамтитын шағын үрдіс. Жалпы адамзат қоғамы әлі регреске ұшыраған жоқ.

 

5. Прогресс нысандары.

Әлеуметтік прогрестің негізінен екі түрі бөлінеді – реформалық және революциялық. Реформа - өмірдің белгілі бір аймақтарын бөліктеп дамыту, өмір сүріп тұрған әлеуметтік құрылыстың негізіне тиіспей-ақ бірқатар өзгерістер енгізу. Революция - қоғамдық өмірдің барлық не көптеген жақтарын толығынан немесе комплексті өзгерту. Өмір сүріп тұрған әлеуметтік құрылыс негіздеріне тиіседі.

Егер реформалар қоғамдық өмірдің адамдарға тікелей қатысты, олардың өмір сүру деңгейіне, денсаулығына әлеуметтік артықшылықтарға ие болуына әсер етуші жақтарына арналса, онда бұлар әлеуметтік реформалар деп аталады.

Әлеуметтік реформалармен қатар экономикалық және саяси реформалар да бөлінеді. Экономиканың нарықтық бағаларға көшуі, жекешелендіру, өнеркәсіп орындарының банкроттығы туралы заң, жаңа салық жүйесі – экономикалық реформалар, ал конституцияны өзгерту, сайлауда дауыс беру нысанын өзгерту, азаматтық бостандықтарды кеңейту, басқарудың бір түрінен екінші түріне өту – саяси реформалар болып табылады. Қоғамдағы адамдардың күнделікті мінез-құлқын реттеуге арналған кодекстерді өзгерту – заң шығару реформалары деп аталады. Сөйтіп реформалардың төрт түрі бар: әлеуметтік, экономикалық, саяси, заң шығару реформалары.

Реформа – барлық қоғамды емес, оның тек жеке бөліктерін, аймақтары мен институттарын қамтитын өзгерістер. Реформалар прогрессивті немесе регрессивті болуы мүмкін. Белгілі бір реформалар көптеген елдерді емес тек бір ғана елді қамтиды, себебі ол әр мемлекеттік ішкі ісі және әр мемлекеттің өзіне тән реформалары болады, яғни қоғамдық өмірдің қай аймағын реформалау қажет деп табады, сол аймағын реформалайды. Реформаларды әрқашан да жоғары жақтан үкімет жүргізеді.

Егер қоғам мінезін түгелдей өзгертуге қажеттілік туса, белгілі бір партия немесе адамдар бірлестігі революцияны жүзеге асырады.

Революция – бір мезгілде жүргізілетін реформалар комплексі. Революция іске асу үшін ең алдымен қарулы саяси төңкеріс жасалынады, содан соң жаңа билік құрылымдарына сүйене отырып, қоғамдық құрылымды түпкілікті өзгертуге бағытталған реформалар комплексі бір мезгілде жүзеге асырылады.

Бір елде басталған революция басқа елдерге де ауысуы мүмкін. Егер олар революциялық үрдіске стихиялы түрде араласып кетсе, ал үрдістің өзі тізбектік реакция түрінде болса онда ол күштеусіз, қысқа мерзімді революция болып табылады. Мыс: 1848 жылғы буржуазиялық-демократиялық революция Еуропаның әртүрлі елдерін қамтыды.

Әлеуметтану ғылымында адамзат қоғамын жалпы алғанда түбірлі өзгеріске ұшыратқан кейбір үрдістерді де революциялар деп атайды. Негізінен бір қоғамға қатысты революциядан оның ерекшелігі, олар тарихи кезеңдерге бөлініп қарастырылады.

Неолитикалық революция жаратылыстық революция болып табылады. Соның арқасында өркениет иемденуші шаруашылықтан (аңшылық, терімшілдік) өндіруші шаруашылыққа (мал шаруашылығы, жер шаруашылығы) көшті. Ол таптарды қалаларды, мемлекеттерді тудырды. Неолитикалық революция 10 мыңдай жыл бұрын басталып, 3 мың жылға созылды. Осы кезеңде дамыған отырықшы-қалалық өркениеттер Месопотамияда, Египетте, Үнді, Грек елдері мен Таяу Шығыста пайда болды.

Екінші ғаламдық үрдіс XVIII-XIX ғ.ғ. өнеркәсіптік революция. Ол бір экономикалық құрылыстың (феодализм) орнына екіншісін (капитализм) әкелді, бір техникалық жетістікті (мануфактура) екіншісімен (машиналық өнеркәсіп) өзгертті. Өнеркәсіптік революция арқасында көптеген елдердің саяси бейнесі мен әлеуметтік құрылымы түпкілікті өзгеріске ұшырады. Саяси өмірде буржуазиялық демократия пайда болды, әлеуметтік өмірде мұрагерлік артықшылықтар мен сословиялық шектеулер жойылды, жалпыға бірдей азаматтық құқықтар шақырылды.

Ғаламдық революциялар түріне, сол сияқты маңызы жоғарыда аталғандардан төмен кейбір үрдістер де жатқызылады. XX ғасырдың ортасында дамыған елдерде менеджерлік революция іске асырылды. Капиталист-меншіктенушілер тобы шешуші позициялардан кәсіпкер менеджерлер тобымен ысырылды. Ал менеджерлер меншік иелері емес, жолдамалы қызметкерлер болып табылады.

XX ғ. 70 жылдары ғылыми айналымға «үнсіз революция» термині енгізілді. Бұл батыстық жастардың еңбек құндылығынан демалу (досуг) құндылығына кеткенін бейнелейді.

Ғаламдық революциялар қоғамның барлық аймағымен қатар көптеген елдерді қамтиды, сондықтан ол ұзақ уақыт бойына жүреді. Олардың барлығы да қоғамның сапалық өзгерісіне әкеледі.

 

6. Модернизация.

XX ғасырда көптеген елдерде әлеуметтік прогресс реформалық та емес, революциялық та емес мүлде жаңа түрге ие болды. Социологтар бұл түрді модернизация терминімен белгіледі. Модернизация – уақыт аралығына созылған реформалар комплексі жолымен іске асырылады. Ол қоғамның барлық аймағын қамтып әлеуметтік институттар мен адамдардың өмір үлгісіне өзгерістер әкеледі. Оның негізі «модернити» мәдениетінің таралуы мен дамуы. «Модернити» мәдениеті: нарықтық қатынас, рационалды құндылықтар, бизнес, ақша жетістігіне бағытталушылық. Басқаша айтқанда модернизация – сол елді капитализм мәдениетіне, технологиясына, ғылыми жетістігіне сәйкестендіру.

Модернизация сөзі ағылшын тілінен келген және қоғамның ескі формалардан бас тартып, жаңа талаптарға сәйкес жаңаруы дегенді білдіреді.

Модернизацияның екі түрі бар: органикалық және органикалық емес.

Органикалық модернизация елдің жеке өз даму кезеңі болып табылады және осыған дейінгі эволюция арқылы әзірленеді. Мыс.: XX ғ. фордизм енгізілу қорытындысындағы американ өнеркәсібінің қайта құрылуы. Мұндай модернизация экономикадан емес мәдениеттен, қоғамдық сананың өзгеруінен басталады.

Органикалық емес модернизация дамыған елдер тарапынан тасталынған сыртқы әсерге жауап болып табылады. Ол «қуу» арқылы даму тәсілі болып табылады. Органикалық емес модернизацияны артта қалушылық пен дамыған шетелдік мемлекеттерге тәуелділігінен құтылу үшін үкімет жүзеге асырады.

Органикалық емес модернизация шетелдік құралдар мен патенттерді сатып алу, өзге технологияны пайдалану (кейде экономикалық шпионаж әдісімен), шетелдік мамандарды шақыру, өз мамандарын шет елдерде оқыту, шет елдік инвестициялар көмегімен іске асырылады. Саяси және әлеуметтік аймақтар да сәйкесті өзгерістерге ұшырайды: басқару жүйесі тез өзгереді, жаңа билік құрылымдары пайда болады, ел конституциясы шетелдік аналогтарға сәйкестендіріледі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония, сәл кейінірек Шығыстың кейбір елдері, ал бүгінгі таңда ТМД елдері әлеуметтік прогресстің осы түрімен даму үстінде.

Жапонияға өзі технология мен қаржы алған АҚШ-ты қуып жетіп, одан озуға 20 жылдай уақыт жетті. Қысқа мерзім ішінде органикалық емес модернизация органикалықпен ауыстырылды. Қазір Жапония өз негізінде даму үстінде және басқа елдерге үлгі болып табылады.

Органикалық емес модернизацияның органикалықтан айырмашылығы ол мәдениет пен қоғамдық сана өзгерісінен емес, экономика мен саясаттағы өзгерістерден басталады. Басқаша айтқанда органикалық модернизация «төменнен», ал органикалық емес модернизация «жоғарыдан» жүреді. Органикалық емес модернизация кезінде «модернити» ұстанымдары тұрғындардың көпшілігін қамтып үлгермейді және тығыз әлеуметтік қолдау ала алмайды. Ол тек қоғамның анағұрлым дайындалған бөлігінің ғана сапалы қолдауына ие болады.

 

7. Гемайншафт және Гезельшафт

Бұл терминдерді әлеуметтану ғылымына неміс социологі Ф.Теннис енгізген. Оның мәні мынада, қазіргі қоғамдарда әрбір қоғамның ішінде бір-бірінен ерекшеленетін екі қоғам өмір сүреді. Гемайншафт термині ауыл қоғамын білдіреді, ал Гезельшафт өнеркәсіпті қала қоғамын білдіреді. Олардың ерекшелігі неде?

1. Гемайншафт қоғамы адамдардың бірлесіп өмір сүру сәйкестігіне негізделеді. Мыс: шаруа отбасылары дақыл жинау науқаны кезінде бір-біріне әншейін көмектеседі. Гезельшафт рационалды мүддеге негізделген. Даралықтар іскер жағдайда қатынас жасайды, яғни көрсеткен қызметі үшін ақы талап етеді.

2. Әлеуметтік бақылау аймағында Гемайншафт дәстүрге, сенімге сүйенсе, Гезельшафт формалды құқыққа негізделеді.

3. Еңбек бөлінісу аймағында Гемайншафт туыстық қатынастарға бейімделеді. Гезельшафт кәсіпқойлық қатынастарға бейімделеді.

4. Гемайншафтта мәдениет дәстүр мен діни сенім негізінде құрылады, ол Гезельшафтта мәдениет зиялылық негізінде құрылады.

5. Гемайншафтта ең негізгі әлеуметтік институттар отбасы, көршілер және қоғамдастық, ала Гезельшафтта – ірі бірлестіктер мен ассоциациялар (іскер топтар, саяси партиялар, ерікті ассоциациялар).

 

8. Қоғам өмір сүруінің қажетті алғышарттары

Американдық социолог Д.Ленски қоғам өмір сүруі үшін қажетті алты элементті бөліп шығарды: а) оның мүшелері арасындағы қатынас;

б) тауар шығару мен қызмет көрсету;

в) материалдық құндылықтарды бөлу;

г) қоғам мүшелерін қорғау;

д) кеткен қоғам мүшелерінің орнын алмастыру;

е) қоғам мүшелерінің мінез-құлқын бақылау.

Қазіргі қоғам өмір сүруінің негізгі кепілі оның үздіксіз тауар шығаруы болып табылады. Тауар өнеркәсібі үшін қоғамдық қорлардың төрт түрі қажет: жер, еңбек, капитал және ұйым не бірлестік. Әлеуметтік институттар тек қана адамдардың осы қоғамдық қорларды пайдаланудағы бірлескен іс-әрекеттерінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

 

Мәдениет

Мәдениет әлеуметтану үшін маңызы қоғамнан кем емес түсінік. Егер қоғам – адамдар жиынтығы болса, мәдениет – олардың іс-әрекеті қорытындысының жиынтығы.

 

1. Анықталуы.

XVIII ғ. еуропалықтар үшін мәдениет рухани, ақсүйектік (аристократия) белгіге ие болды. Бұл сөз адам сапасының жетілуін көрсетті. Мәдениетті деп оқыған, мінез-құлқы инабатты адамды атады. Осы дәуірдің өзінде-ақ мәдениетті біз сөз сөйлей білумен, картина галереясымен, опера театрымен, жақсы тәрбиемен байланыстырамыз.

XX ғ. жабайы халықтарды зерттеген антропологтар бұл түсінікке жаңа мән берді. Мыс: австралия аборигендерінде опера театры не картина галереясы жоқ, бірақ оларды біріктіріп тұрған құндылықтар жүйесі бар. Бұл құндылық жүйесі тіл, ән, би, дәстүр, мінез-құлық түрі арқылы бейнеленеді. Өз жиынтығында ол сол қоғамның өмір сүру үлгісін көрсетеді. Ал мұндай белгілер өркениетті халықтарға да тән. Сөйтіп мәдениет түсінігі қоғамның рухани және материалдық жетістіктерін бейнелейтін жаңа мазмұнға ие болды.

 

2. Мәдениет құрамы

Әлеуметтанушылық көзқарас тұрғысынан мәдениетте оның негізгі екі бөлігі бөлінеді: мәдени статика және мәдени динамика. Мәдени статикаға мәдениеттің ішкі құрылымын, яғни оның элементтерін және мәдениет нысандарын жатқызады.

Мәдени динамикаға мәдениет өзгеруін сипаттайтын механизмдер мен үрдістерді жатқызады.

 

3. Мәдени статика

Мәдениет элементтері екі түрге бөлінеді: рухани және материалдық. Бірінші элементтер жиынтығы рухани мәдениетті құрайды: нормалар, ережелер, үлгілер, эталондар, мінез-құлық моделдері, заңдар, құндылықтар, символдар, ритуалдар, аңыздар, білім, идея, дәстүр, салт, тіл. Олар адам іс-әрекетінің қорытындысы, тек олар сана мен сезім арқылы істелінген. Рухани мәдениет объектілері біздің санамызда өмір сүреді.

Екінші элементтер жиынтығы материалдық мәдениетті құрайды: кітап, храм, еңбек құрамы, тұрғын үй, галстук, сәндік бұйымдар және т.б. Бұлар адам қолымен жасалынған объектілер. Материалдық мәдениет элементтерін артефакталар деп атайды. Артефакталар белгілі бір символикалық мәнге ие, нақты бір қызмет атқарады және қоғам немесе белгілі бір адамдар тобы үшін айрықша құндылыққа ие.

Мәдени статика элементтері кеңістік арқылы шектелген. Басты бейнелері сәйкес бірнеше мәдениет шоғырланған географиялық аудан - мәдени ареал деп аталады. Мәдени ареал шекарасы мемлекет шекарасымен немесе бір қоғам шеңберімен шектелмейді. Мыс: славян мәдениеті – орыс, украин, белорус, болгар және т.б. ұлттық мәдениеттерді қосады.

Мәдени мұра - өткен ұрпақ қалдырған, келесі ұрпаққа құнды, қасиетті нәрсе ретіндегі өткен рухани немесе материалдық мәдениеттің бір бөлігі. Адам қолымен немесе санасымен жасалынған мәдениет элементтерінің бәрі бірдей мәдени мұра бола бермейді. Мыс: ұлттық киім – мәдени мұра, ал күнделікті ауысып жатқан мода – ол мәдени мұра емес. Мәдени мұра әрқашан да ерекше беделмен қорғалады, қасиетті ореалға ие. Сөйтіп мәдени мұра ұлт бірлігінің факторы болып табылады.

Бүкіл адамзат масштабында, барлығына бірдей мәдениет элементтерін мәдени универсалдар деп атайды. Олардың болу себебі барлық адамдар дене құрылысы жағынан бірдей, яғни бірдей биологиялық тұтынысқа ие, сол сияқты қоршаған орта жалпы адамзатқа бірдей проблемалар қояды.

1959 жылы Дж.Мердок 70-тен аса универсал бөліп шығарды: спорт, сәндік бұйымдар, фольклор, этикет, күнтізбе (календарь), еңбек бөлінісі, медицина, магия, неке, музыка, сан, жазалау шаралары, үкімет, жеке есім, полиция, меншік құқығы, қонаққа бару, ауа райын бақылау, жерлеу ритуалдары, декоративті өнер және т.б.

а) Өмір үлгісі

Мәдениеттің қазіргі өмірге қатысты жағын даралықтың, топтың, қоғамның өмір үлгісі мінездейді. Өмір үлгісі сол қоғамды басқалардан ерекшелендіретін мәдени қатынастар жүйесі. Өмір үлгісіне жататын бірнеше элементтер мыналар:

Әдет. Өмір үлгісі негізінен адамдардың күнделікті әрекеттерінен тұрады. Олар өте көп және санасыз, автоматты түрде сақталады. Әдеттердің топтық, ұжымдық түрлері бар. Мыс: жатып ұйықтау, сынатын заттарды ақырын қою. Сол сияқты даралыққа тән әдеттер де өте көп. Мыс.: ерте тұру, гимнастикамен айналысу, жылы киіну және т.б. Әдеттер тәжірибе негізінде пайда болады және күнделікті қайталау қорытындысында бекітіледі. Көптеген әдеттер сырттан не қолдау не ұялту таппайды. Бірақ даралық бойында кейбір жаман әдеттер де болады. Мыс.: қатты сөйлеу, тамақ үстінде оқу, тырнағын шайнау, мұрнын шұқу және т.б. Мұндай әдеттер көпшілік алдында көрінсе, әрине, сырттан қолдау таппайды.

Мәнер. Қоршаған адамдардың не оң, не теріс бағасына ие болатын адам мінез-құлқының сыртқы нысаны. Мәнер ақсүйекті қарапайым адамнан, тәрбиеліні тәрбиесізден айырып тұрады. Егер жаман мәнер стихиялы түрде пайда болатын болса, жақсы мәнерді тәрбиелеу қажет. Мәнердің зиялы қауым мәнері және күнделікті мәнер сияқты түрлері бар. Мыс.: әйел адамның қолын сүю не бас киімді алып амандасу зиялы қауым мәнеріне жатады.

Этикет. Жақсы мәнерлер, әдеттер этикет деп аталатын мәдени комплексті құрайды. Этикет – ерекше бір әлеуметтік шеңберде қабылданған мінез-құлық ережелерінің жүйесі. Король сарайларында, зайырлылар салонында ерекше этикет болды. Кезінде ол қоғамның жоғарғы топтарына тән болды және элитарлы мәдениетті құрады. Бүгінде ол тәрбиелі адамға тән мінез-құлық ерекшелігі. Этикет – адамдарға деген ішкі көзқарастың сыртқы көрінісі болып табылады.

Салт. Мәнерге қарағанда салт адамдардың ширек тобына тән. Салт-дәстүрлі қалыптасқан мінез-құлық тәртібі, ол ұжымдық, топтық әдет болып табылады. Мыс.: қонақжайлық салты, жаңа жылды қарсы алу салты, үлкендерді сыйлау – ұжымдық құндылық болып табылады. Салт - қоғам мақұлдаған, орындалуға міндеттелетін іс-әрекет үлгісі. Бұзғандарға неформалды жазалау шаралары (санкция) қолданылады. Мыс.: сөз қылу, ол адамнан аулақ жүру және т.б.

Церемония және ритуал рәсімі. Олар тек қана діни аймақта өмір сүрмейді. Символикалық әрекет адамзат мәдениетінің барлық аймақтарын қамтиды.

Церемония – белгілі бір оқиғаны, адамдарды не датаны атқаруға арналған символикалық мазмұндағы әрекет. Оның қызметі – атқарылып жатқан оқиғаның қоғам немесе белгілі бір әлеуметтік топ үшін аса құндылығын баса көрсету. Мыс.: Президент инаугурациясы - қоғам үшін маңызды церемония.

Ритуал. – осы үшін әдейі таңдап алынған және әзірленген тұлғалар арқылы орындалатын, мықтап жоспарланған сөздер мен қимыл-әрекеттер жиынтығы. Ритуал символикалық мазмұнға ие. Ол сол оқиғаны драмалауға, көрушілер көңіліне қорқыныш пен сенім ұялатуға арналған.

Ритуал діни, саяси (халықаралық шарттарға қол қою) және тұрмыстық аймақтарда да кең таралған.

Құлық. Моралдық мазмұнға ие салт. Бұл категория астына, сол қоғамда бар және адамгершілік бағаға ие мінез-құлық нысандары жатады. Мыс.: көптеген қоғамдарда көшеде жалаңаш жүру құлыққа жат болып саналады, ал кейбір қоғамдарда (негізінен Африка континентінде) ол құлыққа жат болып саналмайды. Сондықтан нені құлыққа жат деп санау - сол қоғам мәдениетіне байланысты болады. Бірақ мүгедек адамға күлу, әлсізді қорлау сияқты жалпы адамзат құлқына жат көріністер де болады.

Құлықтың ерекше нысаны – табу. Табу – белгілі бір әрекетке, сөзге, затқа салынатын абсолютті






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных