ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Дәріс. Тақырыбы: Ақын шығармашылығының толысқан, кемеліне келген кезеңіЖоспары: 1. 1885 жылдың өлеңі - «Жасымда ғылым бар деп ескермедім». 2. Өнімді еңбек еткен 1886 жыл туындылары. 3. 1886 жылғы жастарға арнап жазған өлеңдері. 4. 1886 жылғы көңіл-күй лирикасы.
Дәріс мақсаты: 1885-86 жылдары жазылған өлеңдерін тақырыптық-идеялық тұрғыдан таныстыру.
Дәріс мәтіні (қысқаша):1885 жылы туған «Жасымда ғылым бар деп» дейтін өлең Абайдың сол 1880 жылдардың бас кездерінде, ақындық еңбек жолында әр алуан түрде ізденіп жүргенін көрсетеді. Ізденуші Абай, ең алдымен, өзін жаңа үлгідегі ақын етуге жәрдемші болатын ғылымның жайын сөз етеді. Жасында оқыған оқуын, ғылым екен деп танымайды. Ең алдымен, «білім ал!» дегенде «орыс халқының шын зор өнерін үйрен» дейді. Сонымен танысып, өсіп бол да, «халқыңа пайдалы басшы боп қызмет ет!» деген ұлы жол тартады. Қызмет қылып шен алуды енді Абай қасиет емес мін санайды. Көлемі аз ғана өлең болса да, «Жасымда ғылым бар деп» - Абайдың бұл уақытқа шейін жазған өлеңдерінен мүлде бөлек. Енді өзі бірталай оқып, өсіп, бар өмірін қайта ойланып, қатты сынап, мінеп өткен ойшыл ақынды көреміз. Білген сайын жеткеніне місе қылмай азсынып, зор ғылымға ұмтылғанын байқаймыз. Өзінің арманымен іздеп тапқанын болашақ буыннан шығатын қазақ жасына ағалық өсиетпен ұғындырғысы келеді. Анық үлкен жолды іздеп табуда өз басының кешіккендік өкінішін айтып отырып, сол жастарды ойландырмақ.Тура жолға ерте күннен, жас шағынан түссе екен деп баулымақ болады. 1886 жылғы шығармалар енді халықтық, адамгершілік, ағартушылық жөнінде үлкен қияға қарай жол тартқан жаңа ақынның ашық бейнесін көрсете бастайды. Осы жылдарда Абай анық қалыптанған реалистік ақын болумен қатар, өзі суреттеп отырған ортада сан түрлі адамдардың ішкі сырын, мінез әрекеттерін де ірі шеберлікпен ашатын психолог ақын болады. Өз заманындағы әлеуметтік ауыртпалықтарға ем іздеуші қайраткер туады. Әсіресе халқының қалың көпшілігі болған, орта шаруаның жоқшысы, жаршысы бола бастайды. Сонымен, Абайдың ендігі еңбегі, әрбір өлеңі анық еңбекші халық үшін істелген қамқорлық, қайраткерлік, азаматтыққа ауысады. Әрбір көркем терең ойлы шығармасы әлеуметтік тартыстың үлкен бәр құралы тарихтық акт есебінде туып, қалыптанып отырады. 1886 жылдың бір шығармасы «Қалың елім, қазағым, қайран жұртымда» ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді. Жоғын жоқтап, мұңын мұндап отырғаны - «қалың елі, қазағы». Оны «қайран жұртым» деп, бар жанымен ынтыға сүйеді. 1886 жылдың сыншылдық, қоғамшылдық тақырыпқа арналған өлеңдерінің қатарында «Адасқанның алды жөн» деген бір өлең бар. Бұнда да өзі көрген кемшілікті, мінді мінездерді үлкен турашылықпен қатты сынап, шенеп айтатын ақын көрінеді. Тек бұл өлеңде сынайтыны, ащы мысқыл үлгісінде қатты мінеп сөйлейтіні алғашқы көп өлеңдердегі болыстар, атқамінерлер, қанаушылар тобы емес, ел ішіндегі еңбексіз өмір кешетін жалқаулар болады. Абай заманындағы қазақтың көшпелі ауылында болған жалқаулық, еңбексіздікті ең алғаш өлеңмен сөз қыла бастайды. 1886 жыл тудырған өлеңдердің тақырыбы әр алуан екенін көрсететін бір-екі өлең - аттың сыны мен жазға арналған өлеңдер. Бұл шығармаларында Абайдың суретші-реалист ақын есебіндегі шеберлігі көрінеді. Аттың сыны - жаратылыстың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең. «Аттың сыны» деген өлеңінде қолмен қойғандай, барлық сыны сырт сымбатымен көрінетін жайын Абай кекілі, құлағынан бастап түгел толық баяндап шығады. Бәйге аттың мүсінін сынап сануда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ. Қонымсыз романтика, тұманды теңеулер сияқты болмыстан сырт, жалған жамаулар жоқ. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма болады. Мазмұнында ат жайын аса білгірліпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де бір тегіс, тұтас келісімді танытады. Абайдың жаратылыс келісін, көркін суреттеген шебер жырының бірі - табиғат жайына арналған «Жаз». Жалпы алғанда, Абай жылдың төрт меззгілін бір жылда емес, бірнеше жыл бойында жазады. Сол өлеңдерінің алғашқысы осы - «Жаз». «Жаз» өлеңінде сахарадағы ауыл тіршілігін, көшіп-қонып жатқан көрінісін сипаттауда сол ауылдағы әралуан топтар арасындағы қайшылық, қарсылықтар көрінбейді деуге болады. Ақын және де нақтылы, анық шындық халдерді көп теріп, шығармасын өте жанды, мол әрекеттерге толтыра жазады. Және ешбір көрініс-қимылда болмыстан тыс көмескілік, тұманды тұспалшылдық жоқ. Ең әуелі жас шалғынды, бәйшешегі толықси өсіп тұрған соны қонысты алады. Сол араға жеткен малдың ішінде, әсіресе, қалың топ жылқының ен суға, мол шалғынға емін-еркін араласқан күйлі кезін көрсетеді. Әлі үйін тігіп, жайғасқан ауыл жоқ. Жанды-жансыз табиғат арасында шұбартқан суретті өз қимыл-қозғалыстарымен толықтыра түседі. Сәнін молайтқан адам тобының әр алуаны көрінеді. Үй тігіп жатқан қыз-келіншек, ат үстінде мал ішін аралап жүрген ауыл иесі үлкендер аталып өтеді. Содан жұмыс үстінде жүрген шешелерді жағалаған жас балалар, тынымсыз шабуылмен күнұзын салпылдап еңбек еткен жалшылар көрінеді; өзен бойында құс салып жүрген жас аңшы бозбалалар да ақынның көзіне түседі. Бай ауылына жағынышты,жалынышты тынымсыз көрші малай, қартаң ақсақал да өз әрекетімен аталып өтеді. Осылайша үлкен ретпенен көп өмір көрінісін аз өлеңнің ішіне тығыздап сиғыза білген ақын, негізінде реалистік пейзаж беріп отыр. Табиғаттың белгілі көрінісіне, мезгіліне адамның әрекетін мол араластыра біледі. Аз адам емес, ауылда тіршілік еткен кәрі-жастың, бай мен малайдың, қолы бос бозбаланың бәрін де тізіп өтеді. Өлеңнің ішінде жанды тіршілік, қайнаған қызу өмір мол болғандықтан түрі менен өлшеу ұйқастарында да аса жанды, қызулы жүрдектік бар. Абайдың бір топ өлеңі жастарға арналған «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дәурен кемді күнге» деген шығармаларының бәрі де - өсиетші, сыншы ұстаз ақынның жас буынға арнап айтқан сөздері. Солардың ішінде, әсіресе Абай шығармасына үлкен жаңалық қосатын өлең - «Интернатта оқып жүр». Бұл өлеңде сыншылдық та көп, қоғам үшін қамқорлық озғын ой да мол. Абай сол жастарға: «Сен арман еткен чиновник пен адвокаттарды Толстой, Салтыков-Щедриндер қандайлық масқаралап, әшкерелеп, сорақы кескіндерін әйгілеп бергенін ойлаңдар! Ойлана түсіп жиреніңдер, қашыңдар!»-дейді. Бұнда анық, айқын түрде «патшалық кеңсесінен қаш!»-дейді. «Ол арада өмір кешсең, залалды адамның бірі боласың. Елі-жұртыңнан лағынат аласың» деген ой байқалады. Бұның орнына ұсынатыны мынау:
Алыс та болса іздеп тап, Кореннойға кіруге...
Абайдың түсінігіндегі «коренной» адам - оның арман еткен азаматы. Жастарға арналған өсиет өлеңінің ой жағынан көрнекті біреуі - тағы осы жылда туған «Ғылым таппай мақтанба» Ел ішіндегі жас желеңге Абайдың әсіресе көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі осы деуге болады. Бұнда Абай адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы - ғылым дейді. Сол ғылымға талпыну жолында өзі үгіттеп, тәрбиелемек болған жастарды айналадағы көпшіліктің сорақы, бұзық мінездерінен жирентіп өсірмек. Кейінгі өсетін жас буынға сол мінездер «бес дұшпан» деп танылу керек. Ал, осыған қарсы ғылым тапқан жас болса, ірі адамгершілікке ие болсын, азамат деп айтарлық ар иесі болсын. Ол мағынадағы қасиетке жетуге талпыну керек. Сондықтан ойы жетіп, адамдығы өскен жас өзінің досы деп бес асылды таңдасын дейді. Гуманист Абай, ағартушы, әлеумет ағасы болған ақын сол бес нәрсені санағанда, ең алдымен талапты айтады. Сонан соң еңбек, терең ой, қанағат, рахым деген сияқты арлы адамгершіліктің сипаттарын санайды. Жас буынға осы жылда арналған сөздің бірі - «Жігіттер, ойын арзан» деген ұзақ өлеңі. Ішіне тіршілік шындығы, күндегі өмір куәліктері көп кірген ұзақ өлең болғанымен, бұл соңғы шығарма жастарға арналған жаңағы екі өлеңнен идея жағынан төменірек түседі. Онда қазақ жастарының сауығына, үй іші тіршілігіне, бір-бірімен кездескен мәжіліс ермектеріне көп көңіл бөле отырып, ақынның әсіресе мән беріп айтатын ойы - достық жайында. Бұндағы үгіттеп отырған оқушылары да бала жастар емес, жігіттікке, үй іші тіршілікке, кісілікке ілініп қалған өскелең жастар. Солардың арасында қиянатсыз досты айтумен өз ұғынуындағы адамгершілік, адалдық мінездерді жол етіп ұсынады. Алдыңғы ата, әке буындарының мінезіндегі боямалық, жалған татулық, қиянаткерлік атаулыдан сол аталардың нәсілдерін сақтандырмақ болады. Тақырып, сезім сарыны бөлегірек шығатын бірнеше өлең - Абайдың өзіндік көңіл-күйлері. Өз басының мұңшыл, сыншыл ойларына арналады. Бұл қатарға: «Көңілім қайтты», «Патша құдай», «Көкпайға»деген өлеңдер қосылады.Сыншыл ойдың иесі әлеуметтік пайдалы еңбектің өзінің ендігі тірлігіне мақсат, мұрат етіп алған ақын жұртына етіп жүрген еңбек қызметі туралы күдікті, мұңлы ойларды да ойлай жүреді. Әсіресе, өзінің күнделік өмірі мен тағдырын байланыстырған құнарсыз ортадан көрген опасыздық, қиянаткерлік жайларын жыр ете бастайды. Дұшпан ғана емес, доспын деген талайдан да сол күнделікті тірлігінде сан түрлі қиянат көреді. Етіп жүрген еңбегінен түңілмесе де жаңағы топтан түңіліп оқшаулана бастайды. Ойлы жалғыздың бітімсіз, сыншыл уайымы тәрізді сөздері шығады. Қорыта айтқанда, ендігі Абай көп қырлы, терең сырлы үлкен әлеуметтік идеяны жыр қылған ұстаз ақын болады. Шығармаларының бәрі де өзі өмір кешкен ортаның дәл сол тарихтық нақтылы дәуірдегі дәлме-дәл болмысымен, күнделікті шындығымен нық байланысты болады. Және қай жайды жырласа да сыншы шебер реалист боп жазады. Жаңа арманмен өзгеше ақындық үлгі көрсетіп, соны стильдің шебері болып қалыптана береді. 1887 жылдың үлкен өлеңі үшеу. Оның екеуі - «Сабырсыз, арсыз», «Көжекбайға» дегендер - ел ішінің содыр-сойқанды, бұзық тобына арналған. Өткен жылғы көп шығармаларының тақырыбы қайталап, өскелеңдеп кеп тағы жаңа шығармалар туғызады. Бұлардан бөлек, жаңа жылдың, ерекше жаңа, бұрынғы кезде Абайдың өзі де, өзге қазақ ақындары да айтып көрмеген тақырыптағы ең бір терең көркем шығармасы- «Өлең -сөздің патшасы» болады. Алғашқы аталған, бұрынғы, белгілі тақырыпты тың өлеңдерімен қайталаған шығарманың екеуі де ұзақ өлеңдер. Солар сияқты үшінші өлең де аса терең мағыналы болумен бірге, ұзақ жырдың бірі болып шыққан.
Сабырсыз, арсыз, еріншек Көрсе қызар жалмауыз. Сорлы қазақ сол үшін, Алты бақан ала ауыз,-
деп басталатын өлең елдің сорына біткен қу мен сұмның неше алуан жексұрын, жиренішті кескінін бейнелейді. Бұл өлеңде біз ел бүлдірушінің тағы да тың әрекетін көре түсеміз. Бұндағы атқамінер, Абайдың бұрынғы суреттеген қанаушы топ өкілдерінен, қосымша сорақы сипаттармен толыса түседі. Ызалана түскен ақынның ашу тілі ширығып, өткірлене береді. Тынымсыз бүліктің бір алуан портретін қапысыз түгел түсіреді. Және бір Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне туғызып, жинақы бейне жасайды. Бұл аталған екі өлең бұрынғы тақырыпты тың дәлелдермен, дерек, әрекеттермен байытады.Аты аталып, таңбаланып берілген әкімдер, атқамінерлерді қосады. Әлеуметтік дерттің иелерін бұрынғыдан да күшейе түскен ызалы сыншылдық, өткір сатирамен әйгілеп әшкерелейді. Өзінің үлкен тақырыбы - қоғамдық мінді айту болса, ақынның бұл жөнде кейін қайта басқанын көрмейміз. Жауыздық, жаманшылықпен алысуда бұрынғыдан да құлшына түсіп, үдей басқанын байқаймыз. Бақылау сұрақтары: 1. Абайдың білім алудағы мақсаты туралы. 2. М.Әуезовтың аттың сыны мен қыз көркі туралы өлеңдерге берген бағасы. 3. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің адамгершілік іліміне қатысы. 4. Ақынның жастарға айтқан ақыл-кеңесі.
Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|