ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Дәріс. Тақырыбы: Жетінші қарасөздегі жан туралы таным және оның адам тәрбиесіндегі қызметіЖоспары: 1. Жан сыры, оның адамдағы ерекшелігі. 2. Жан құмары - жетілу басы.
Дәріс мақсаты: Жетінші сөз мазмұнының жан сырымен қатысын таныту.
Дәріс мәтіні (қысқаша):Абайда адам жаратылысы, жан сыры туралы жүйелі де жемісті таным бар. Абай Аристотельден басталатын, Әл-Фараби, Ибн-Синаларда кеңінен сөз болатын өсімдік, жануар, адам секілді жан түрлерімен таныс. Біз мұны ақынның 7-сөзінен байқаймыз. Абай «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады» деу арқылы адамның жан мен тәннен тұратынын, олардың өздеріне тән тілектері болатынын біледі. Бұрынғы ойшылдар анықтаған ақиқат - ойлау қабілеті адам жанына тән. Ал ең төменгі сатыдағы өсімдік жанында қоректену, өсу, көбею, келесі сатыдағы жануар жанында алдыңғыларға қоса сезім мүшелерінің түйсінулері тән. Ибн-Сина жануар жанына тән күштерді егжей-тегжейлі айта келіп, қиялдау күшіне жеткенде, бұл адам жанында ойлау күші деп те аталады деп жазады. Абай жан сыры туралы осы дәстүрлі ойлармен таныс болғанға ұқсайды. Платон, Плотин, Проклдар жан қасиеті мен артықшылығын асыра дәріптесе де, Аристотель тәнсіз жан өз әрекетін жасай алмайтынын жазады. Ең болмағанда, тәннің қоректеніп, өсіп, көбеюін былай қойғанда, тәндегі сезім мүшелерінсіз жанның ойлау күші азықсыз қалады, сыртқы әлеммен байланысы үзіледі. Аристотель танымы Абайда жалғасатынын байқаймыз: «Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды» (103). Жанның білсем деген құмары «өзі өсіп, қуат тапқан» тәнді баспана етіп, сол тәнді құрал етіп қана жалғаса алады. Абай осы 7-сөзінде жанның «білсем екен» деген құмары тәндегі бес сезім арқылы басталатынын да байқатып өтеді: «Не көрсе соған талпынып,.. аузына салып, дәмін татып,.. тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, даусына ұмтылып…». Абай ең әуелгі таным осы бес сезімнен басталатынын кейінгі әңгімесін «онан ержетіңкірегенде…» деп жалғастыруымен сездіреді. Демек Абай таным тек қана бес сезім мәліметімен шектелмейтінін біліп отыр. Бес сезім мәліметі жандағы жалпы сезімге жеткенде, одан әрі елестету, қиялдау күштері арқылы баланың ойлау, яғни жан құмары арта бастайды: «...көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді». Міне бала осылай ойлау арқылы адам бола бастайды. Яғни бала жан құмары жетегінде жүріп жетіледі екен. Абай өз шығармасын зиялы қауым, таңдаулы топқа емес, қалың көпке арнап отырған соң, ғылыми категориялар мен терминдерді Әл-Фараби, Ибн-Сина секілді қолданып жатпайды. Есесіне қазақтың қарапайым сөздерін терминдік, категориялық деңгейге көтеруге ат салысады. Мәселен мына сөйлеміндегі «денелей» сөзі материялық, материалды дегенді анық танытып, сезімдік таным туралы айтып тұрғанын көрсетеді: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелей білмесе, адамдықтың орны болмайды». «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырлары» – сезімдік және логикалық танымдарға азық болар объектілер. Ең болмағанда бес сезімнің мәліметін жинақтап, сақтап, ойлауға қосып жібермесе, ол жан адам жаны болмайтынын Абай біліп отыр: «Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады». Жалпы жанның өсімдікке, жануарға, адамға тән үш түрі болады. Бұл ақиқатты Аристотельден бастап Плотин, Прокл, Әл-Фараби, Ибн-Синалардың бәрі айтып, жазып, әбден бекітіп кеткен. Жануар жаны өсімдік жанынан сезім мүшелері, ал адам жаны жануар жанынан ойлау қабілеті арқылы артық. Сондықтан да Абай «Әуелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан» деп жазады. Сірә «...адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқанының» астарында адам жанының ойлау күші мен оның ақылды бөлігі болатынын білетін таным жатыр. Абай айтатын «қуаты жетпеген, ми толмаған ессіз балада» жанның ойлау күші өз әрекетіне әлі кірісе қоймаған. Тек сезім мүшелері жеткізген сыртқы дүние мәліметін білсем деген зор талабы бар. Ессіз баланың талабын зор деуіміз оның «бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есінен шығып кететін құмарына» байланысты. Адамның о бастағы алғашқы жибили жан құмары осылай екпінді басталады да, өкінішке орай, көп адамда өзінің оң, дұрыс арнасына түспей, солып, семіп қалады. Ал Абай қалауы мен арманы бала кездегі жан құмары өзінің ақылды бөлігі, одан Парасатпен жалғасып жетіле берсе ғой деген тілек…» ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз?» Өкінішке орай, өмірде Ақыл-Парасатпен тіпті де ісі болмай, жанның да ақылды бөлігін тұтынбай, жанның ең төменгі қоректену, өсу, көбею, түйсіну, ең арысы қиялдау күшімен ғана күнін өткізіп жүретін кісілер баршылық. Абай осыған күйінеді: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай қарқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық?» Бұрынғы ойшылдарда тәндегі сезім мүшесі ретіндегі көзден ақыл, ой, көңіл көзін ажыратып, бөлекше тану бар. Екеуінің айырмасын кейде оларды сезімдік, логикалық танымдармен байланыстыру арқылы тануға болады. Абай сезімдік таным деңгейінде қалғандарға көңілі толмай, қынжылатыны бар: «Жанды тәнге бас ұрғыздық, еш нәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық…» Тәндегі кәдімгі көз әр нәрсенің де мәнін ажыратуға қауқарсыз, ол өзге төрт сезім мүшесі секілді сыртқы дүние мәліметін жандағы жалпы сезімге, қабылдауға жеткізуші ғана. Ал адамға тән жанның адами әрекеті оның ойлау күшінен басталады. Ойлау күшіне дейінгі жан әрекеті хайуан жанынан ерекшеленбейді. Сондықтан да Абай білсем деген жан құмарын жетілдірудің аса қажеттігін айтады: «Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді». Ал бес сезім мүшесінің әрекеті адам үшін әлі де жан құмары деуге келмейді. Олар жан құмарын бастап кетуге көмек беретін алғашқы баспалдақ қана. Абай ойынша, адам болудың белгісі мен басы – «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген жан құмары» екен. Жетінші сөздің түйінді ойы – осы. Абай адамның сәби кезінде рухани қоры жұпыны болса да, білсем деген жан құмары зор болатынын жазады: «Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз». Сөйтіп Абай жетінші қарасөзінде жан сырын сөз еткен. Мұнда жалпы алғанда жанның о баста үш түрі болатынын, оларға төменнен жоғарыға қарай әртүрлі қабілет, күштер тән екенін, адам болу жанның құмары ретіндегі ойлау күшінен басталатынын жазады. Жан сырын ең алғаш жүйелі түрде сөз ету Аристотельден басталып, кейінгі Плотин, Прокл, Әл-Фараби, Ибн-Сина еңбектерінде дәстүрлі тақырып ретінде одан әрі жалғаса түскен. Мұндай күретамыр тақырыпқа Абай ақын да әжептеуір ат салысқан. Бақылау сұрақтары: 1. Жан түрлері туралы. 2. Адамдағы тән құмары дегеніміз не?
Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|