Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 46 страница




Әйтпесе, баспасөзде даңғазалықпен желпілдетіп жатқан әдеби айтыстан хабардар болғаны айдан анық. Еш күмән туғызбайды. Халел Досмұхамедов бірнеше рет:

«Тағы да қайталаймын: 1. «Алаштықтармен» 24-жылдың қыркүйегінен бастап барлық байланысымды үздім және олардың Қазақстандағы қылмысты әрекеттеріне ешқандай да қатысым жоқ. 2. „Алқа” үйірмесіне қатысқамын жоқ. Ол туралы білгендерімді бұрын айтқанмын»,– деп жазып берген.

Ал бұрынғы айтқандары Қазақ ғылым комиссиясындағы атқарылған жұмыстар, шығарылған кітаптар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспары туралы болатын. Сол жауаптардың барлығының басы қосылып, қорытылып «Айыптау қорытындысында»:

«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм» (Досмұхамедов Х., № 2370-iс, 1 т., 221-парақ)»,– деп«толықтырылып», шындықтың астары өзгертіліп берілді.

«Терісті теріске шығару» тәсiлін жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:

«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi,– деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер,– деп емес, насихатшы құрал,– деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...

Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.

Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды»,– деп көрсеттi.

 

Әрине, мұндағы Бөкейханов пен Байтұрсыновтың көзқарасының Мағжанның көзқарасымен үйлеспеуiнiң шынайы мәнiсiн, саяси астарын жоғарыда ескерткен жайды еске ала отырып түсiнген абзал. Әйтпесе, ұлтын ояту үшiн Мiржақып пен Мағжанның тартынып қалған жерi жоқ. Ахмет Байтұрсыновтың:

«Мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық бағыттардың қайсысы басымдық танытса да бәрiбiр»,– деп немқұрайлы қарамағаны анық.

Бұл тергеушiнi iзден жаңылыстырудың ғана амалы. Рас, Бөкейханов пен Байтұрсыновтың ұлт алдындағы жауапкершiлiгi аса үлкен, тек көзқараспен шектелiп қалмайды. Олардың басты мақсаты – барлық мүмкiндiктi пайдаланып, ұлттың рухани мәдениетiн көтерiп, жаңа танымдық сатыға көтеру едi. Көркем әдебиет саласындағы белдi таланттардың өзiн, Мағжан мен Жүсiпбектi, Мұхтарды, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан мен Елдестi, Даниал мен Қошкенi оқу-ағарту саласына тартып, ғылымның барлық саласынан ұлтына мағлұмат берудi көздедi. Бұл идея олардың өзара жазысқан хаттарында да басты тақырыптың бiрi болды.

Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды.

Оған Ә.Байділдиннің: «Тағы да: «Алқаның» бар екенін мен жақсы білдім. Алғаш рет шамамен 1925 жылдары білдім. «Алқа» ұлтшыл Жұмабаевтің бастауымен Москвада ұйымдастырылған. Бұл әдеби үйірмені бүркемелеген астыртын ұйым болатын... Семейден рабфакқа оқуға келген Ыдырыс Мұстамбаевтің туысы Смағұл Нұрпейісовтен ұйым туралы сұрадым. Ол көпке дейін жасырып айтпады... Ақыры Смағұл: өзінің Аймауытовпен, Байтасовпен, Кемеңгеровпен байланысы бар екенін, оларда астыртын қоғамның платформасы бар екенін, ол қоғамға мұны да тартқанын айтты. Оның бастаушысы Жұмабаев екенін білдім. 1927 жылдары Аймауытовтың, Кемеңгеровтің, Әуезовтің, Байтасовтың арасында хат арқылы пікір алысулар болыпты. Жұмабаев Москвада, қалғандары Шымкент пен Ташкентте тұратын»,– деген көрсетіндісі негіз қалады.

Араларында пікір алысудың тәжірибесі болғандықтан да және сол тұстағы маңдай алды жазушының қатарына көтерілген сөз қайраткері ретінде «Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:

«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.

Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда Сәрсенбинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдоңғаровтың – Т.Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсенбин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады»,дедi. Сөйтсем Алдоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен. Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсенбин, Алдоңғаров, Сегiзбаев, мен аты-жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсенбин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында: «Мұны Жұмабаевтің қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған»,деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар-жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсенбин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсенбин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн, өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да, бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтің өзiне тiкелей жазып жiберемiн, дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.

Қатысқандар Сәрсенбиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма?»,деп сұрады. Оларға Сәрсенбин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар»,– дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсенбин: «Кiмде-кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсенбинге хабарлассын»,дедi.

Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып, Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi.

Орынборда үйiрме жұмысы ұйымдастырылмады. Мүмкiн менсiз өтуi де мүмкiн, өйткенi, мен iле Ташкентке кеттiм. Онда барған соң әлгi бағдарлама тағы да алдымнан шықты, оның бiр данасы Мәскеуден Қошмұхамед Кемеңгеровтiң атына жiберiлiптi. Бiр күнi мен, Кемеңгеров пен Байтасов және маған белгiсiз тағы екi студентпен бiрге Кемеңгеровтiң үйiнде отырып, тағы да сол бағдарды талқыладық, «Алқа» үйiрмесiн ұйымдастыра аламыз ба, оған кiм қатысуға келiседi, кiмдер қарсы болады – соны талқыладық.

Негiзiнен алғанда қатысқандардың бәрi де үйiрменi ұйымдастыруды қолдады, ал жекелеген тармақтарымен келiспеген нәрселерiн Мәскеудегi Жұмабаевқа жазып жiберуге уағдаластық. Олардың барлығыда: үйiрме мүшелерi бағдарламада көрсетiлген талаптардың негiзiнде көркем шығарма жазуы тиiс, қазақ әдебиетi жас әрi жұтаң болғандықтан да, әдеби мәселелердi талқылау үшiн құрылтай шақыру керек дегенге келiстi.

Қорыта айтқанда, үйiрменiң негiзгi мiндетi – қазақ әдебиетiн дамытуға үлес қосу болатын.

Құрылтайды шақыру жөнiндегi барлық жауапкершiлiктi мәскеулiк студенттер өз мойындарына алсын дестi жиналғандар. Кейiн менiң өзiм Жұмабаевқа хат жазып, құрылтайдың қай жерде өткенi оңтайлы деп сұрадым. Мәскеуде ме, Орынборда ма, Ташкентте ме? Олардың көпшiлiгi Ташкент қаласында жиналуға тiлек бiлдiрдi. «Алқа» үйiрмесi сол күйi ұйымдастырылмай қалды, себебi айтылған мәжiлiстен кейiн бiз бiрде-бiр рет бас қосқамыз жоқ, Жұмабаевтің бағдары өзiне қайтарылып берiлдi. Ол бағдарға мен қол қойдым ба, жоқ па, есiмде қалмапты, сондай - ақ өзгелердiң де қол қойған-қоймағанын бiлмеймiн.

Осы бағдардың негiзiнде жазылған шығарма жарық көрдi ме, оны да айта алмаймын. Жеке басым ол бағдарды негiзге алып ешқандайда туынды жазғамын жоқ. Кемеңгеров пен Байтасов бағдардың көшiрмелерiн өздерiнде қалдырды ма оны да бiлмеймiн. Ал менiң өзiмде оның ешқандай көшiрмесi қалған емес. Кейiннен мен бұл бағдар туралы Жұмабаевпен, Әуезовпен пiкiр алысып, хат жаздым».

Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт-бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне: пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды – деп қауiптенбегендерi байқалады.

Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығыда кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi. «Алқа» әдеби үйiрмесiн алдыға тарта отырып тергеушi Поповтың Мұхтар Әуезовке қойған сұрақтарына алған жауабы мынадай:

«Ал «Алқа» үйiрмесiне байланысты айтарым мынау: 1925 жылдың басында «Табалдырық» әдеби тобының декларациясы қосып салынған Жұмабаевтің хаты маған почта арқылы келдi. Ол партияда бар және партияда жоқ 6-7 адамнан тұратын топ жария түрде «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрғандығын, бұл туралы менiң пiкiр бiлдiруiмдi, егерде бұл үйiрменi қостайтын болсам, онда соның құрамына кiруiмдi өтiнiп, тiлек бiлдiрiптi. Мен ол кезде Семейде болатынмын. Мен «Табалдырықтың» декларациясын губерниялық комитеттiң үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi Тоқжiгiтов жолдасқа көрсеттiм, бiрақ та ол мұны бiр айдай ұстады да, қайтарып бердi, алайда нақты ештеңенi ашып айтқан жоқ.

Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы тиіс көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт-бағдарынан байқалып тұрғанындай, М.Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та: әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе, «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм.

Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды.

Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де.

Күдеринмен арадағы қарым-қатынасым туралы Ташкентте берген жауабымда айтқан болатынмын».

Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Сонымен қатар, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовке қойылған тергеушiлердiң сұрақтарының астары да өзгеше. Екi сұрақ-жауаптың арасын бiр жыл төрт ай уақыт бөлiп тұр. Осы мерзiмнiң iшiнде Жүсiпбек пен Мағжанның тергеу iсi аяқталып, сотқа берiлген болатын. Олардың iзi суымай жатып ұлтшылдардың екiншi тобын әшкерелеу қолға алынды.

Тергеу iсi жаңа басталғандықтан да, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.

Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде М.Әуезов:

«Байділдиннің «Алқа» туралы берген көрсетіндісі дұрыс, әдеби үйірмені принципті түрде қолдағанымды бұрынғы түсінігімде жазған болатынмын. Мен Жұмабаевқа бір-ақ рет хат жаздым, астыртын ұйым туралы ештеңе естігемін жоқ»,–деп оған барынша елеусiз етiп жауап берген.

Сөйтіп, Ә.Байділдиннің көрсетіндісіне жүгіне отырып «Алқаны» астыртын идеологиялық-контрреволюциялық ұйым ретінде бағалаған тергеушілер түрмедегі әр адамға сұрақ қойып, жауап алып отырған. Олардың мазмұны жоғарыда келтірілген мәтіндерден алшақ кетпейді. Сондықтан да «Алқаның» ұйымдық бағыт-бағдары қақындағы көрсетінділерді осымен шектеп, қорытынды тұжырымды ұсынамыз.

Жоғарғы соттың анықтамасынан: «...Жұмабаев, Омаров, Байтасов және Жәленов “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М.Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».

Бірақ, “Алқа” алқадан тұзаққа айналды.

 

3.

 

Мiне, «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң құрылу қарсаңында қазақ көсемдерiнiң iшiнде осындай қоғамдық саяси-рухани жаңғырулар жүрiп жатқан болатын. Тарихи дерекке сүйiнсек, сол кезде оқулық жазуға араласпаған бiрде-бiр зиялы жоқ. Тiптi Мұхтар Әуезовтiң өзi де «Құрылыс туралы», «Жердiң жаратылысы туралы» оқулықтарды аударуға қатысыпты. Қаражат та қажет болған шығар, бiрақ, түпкi мақсат – қазақ елiн ғылымның әр саласымен жан-жақты суару, ғылыми ұғымдар мен тiлдi, жаңаша ойлау жүйесiн қалыптастыру болатын. Ұлт iшiндегi рухани түлеудiң осындай толқынды тұсында көркем әдебиет туралы пiкiрдiң қозғалмай қалуы мүмкiн емес-тiн. Мұның өзi өмiрлiк қажеттiлiк әрi көркем ойдың дамуының өзектi мақсатын өгей қалдыруды ойларына да алмады. Көркемдiк iзденiстiң өзi – өмiрлiк шешiмнiң көрінiсi едi. Арпалысып тұрған заманды бейнелей отырып, көркем тұжырым жасау болатын. Әсiресе, Мағжан, Жүсiпбек, Мұхтар сияқты насихаттық әдебиеттен көркем әдебиеттi екшеп, тiл-жағын айырып алу – өздерiнiң өмiрлiк мақсатын таңдап алумен бiрдей талқы едi. Мұндай пiкiр алысулар екеуара жүрiп жатты. Ұлттық даму бағытын мұрат еткен жазушылар барған сайын қоғамдық өмiрден шеттетiлiп, әрбiр қадамы аңду мен арандатуға ұшыраған тұста олар жан сырын бiр-бiрiне ашты. Өзара пiкiр бiлдiру арқылы болашақ «Алқа» әдеби үйiрмесiн құрудың алғы шарттарын жасады.

Өзара пiкiр алысуларда осыншама тереңдеп барған зиялылардың көзқарасы қалайда жарыққа шығып, талқыға түсуi қажет едi.

Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18-і күнi берген жауабында:

«Менiң әдеби шығармаларымның iшiнен самодержавие тұсында басылып шыққандары: Крыловтың мысалдарының аудармасы және «Маса» деген атпен шыққан өзiмнiң өлеңдерiм мен аудармаларым. Кеңес өкiметi тұсында мен әдеби iспен айналысқамын жоқ. Көркем шығарма туралы мәселеге келетiн болсақ, мен көркем дүниенiң құндылығын оның қандай идеяны негiзге алғандығымен емес, адамның жандүниесiне, сезiмiне қалай әсер етуiне байланысты бағалануы керек – деген көзқарастарды жақтаймын. Қазақстандағы әдеби ағымдармен таныспын, бiрақ та олардың ешқайсысына iш тартпаймын, себебi мен үшiн әдеби бағыттардың – пролетарлық немесе ұлтшылдық сарынның қайсысы басымдық танытса да, бәрiбiр. Оқу орындарындағы жастарды тәрбиелеу жолындағы ұстаздық қызметiмді және әдебиет жөнiндегi дәрiстерiмдi жоғарыдағы айтқан пiкiрiмнiң негiзiнде жүргiземiн... »,– дейдi.

Иә, «Алқа» үйiрмесi мен «Табалдырық» атты бағдарламада ешқандай «жасырынбақтың» жоғы анық едi. Алайда, тергеушiлердiң қаламының күшiмен ол «контрреволюциялық ұлтшыл астыртын ұйым» болып шыға келдi. Оған таңданатындай ештеңе жоқ едi. Бұл кезде Ресейдiң өзiндегi әдеби ағымдардың жетекшiлерi бiрiнен кейiн бірі жазаға тартылып, қудалауға ұшыраған болатын. Есенин өзiнiң күретамырын қиып жiбердi, Маяковский атылып өлдi. Тарихтың бiр тәлкегiн ретi келгенде айта кетейiк: Маяковский Есениннiң қазасына арналған сөзiнде оны кiнәлай сөйлеген болатын, iле-шала өзi де соның таңдаған өлiм жолын өзiне мұрат етiп алды. Маяковскийдiң басында тұрып сөйлеген Фадеев те кейiннен өзiн-өзi атып өлтiрдi. Тура бiр қарғыстың қамыты сияқты қаралы нышан.

Мәскеудiң данышпандарының өзi осылай «құрбандыққа шалынып жатқанда», Ахаң – Ахмет Байтұрсынов айтқан «бiздiң 96 – пробалы коммунистер» бұл науқанды одан әрi өршiтiп жiбердi. Оның кесiрi Жүсiпбек сияқты адал да абзал азаматқа тидi. Мұхтардың да, Жүсiпбектiң де, Мағжанның да «терiстеудi терiске шығарған» тәсiлi iске аспады. Бiрақ олар айтарын ашық айтып барып қанатынан қайырылды.

Бұл ретте әдебиет туралы Жүсiпбек пен Мағжанның пiкiрi барынша айқын көрiндi. Тергеушiлердiң қолына түскен Жүсiпбектiң хаты мен «Алқаның» бағдарламасы дербес талдауды қажет етедi. Мұнда саяси көзқараспен қатар Мағжанның iшкi ақындық әлемiнiң де жаңғырығы қылаң бередi. Бiз олардың әр пiкiрiн жiк-жiкке бөлмей, ойлары орайласқан тұстарды ғана қысқаша үзiндiмен салыстырып өтемiз. Мағжанның пiкiрi – «Алқа» үйiрмесiнiң ресми бағдары. Ал Жүсiпбектiң пiкiрi сол «Табалдырықты» оқып шыққаннан кейiн жазылған хат. Хаттың бас жағын әдейi кiрiстiргенiмiз жоқ.

Ал үшiншi сөз – Мұхтардың «Ашық хатының» iшiндегi пiкiр. Үш пiкiр үш түрлi жағдайда жазылғанына қарамастан ұзын сарыны ортақ желi тартады. Әңгiме – әдебиеттiң ұлттық, таптық, көркемдiк сыпаты қақында өрбидi. Соның iшiнде маркстiк iлiмнiң қағидаларын талдайды. Алғашқы кезектi Мағжан ақынға беремiз. Ол бiрден Маркстi аузына ала ой сабақтайды:

Мағжан Жұмабаев, «Алқаның» бағдарламасынан: «Әдебиеттiң өзiнше дәуiрлеуi – техника мен әдебиеттің өзiнше дәуiрлеуіне бағынбайды». (К. Маркс. Введение к критике политической экономии. Изд. «Московский рабочий», 1922 г.). Маркс осы пiкiрiн бекiту үшiн грек тарихының Гомер заманы мен Еуропа тарихының Шекспир заманын көрсетедi. Шынында да Гомер заманындағыгректiң, Шекспир заманындағыЕуропаның техника мәдениетiнiң бала болғаны рас. Алайда сол дәуiрде грек пен Еуропа мәдениетi құлашты аспанға сермеген. Неге бұлай болғандығын тексеру әдебиет тарихының мiндетi. Бiздiң бұл жерде айтатынымыз: Маркстiң мынау пiкiрiн қазақ өмiрiне қабыстырсақ, қазақтың техника мәдениетi тiптi төмен болған. Сондықтан да, әдебиетi де «жоқтың жанында болған» деген пiкiрдiң тууы қате. Шындығында да қазақтың өзiнше терең әдебиетi болған. Һам бiр қазақ әдебиетiнiң түрлi өзгерiсi, өрiқыры, қайғысықуанышы, ойықиялы әдебиетiне түсiп отырған».






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных