Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Поэтому в период такого исторического перелома, ожесточенной классовой борьбы являются особенно ответственными и роковыми политические ошибки каждого общественного работника. 47 страница




Жүсiпбек Аймауытов, хаттан үзiндi: «... Сiрә, бiздiң жас марксшiлер үлкен кiтаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келедi екен,– деп жалшының не мұжықтың көзiмен қазақты өлшейдi. Маркстi бiздiң жiгiттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт - саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болу мен тәрбиешiл болудың арасы алыс. Бiздiң Ғаббас (Тоғжанов – Т.Ж.) алдыңғысы болар деймiн. Әуелi қазақты оқу керек. Қазақты бiлемiн дегенiмiзбен, көбiмiз бiле бермеймiз, оны Бройданың кiтабынан оқып отырмын. Бiз анық бiле алмай, көмескi көрген нәрселердi ол анық айтып отыр. Қазақ ұйымсыз, қазақ берекесiз, (бiрақ) қазақ ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мiнезi де сондай жұрт. Бұл мәселе түбiрленбей тұрғанда бiздегi даудың шегi болмайды».

Мұхтар Әуезов, «Ашық хаттан» үзiндi: «Өзiмнiң сондай топтармен («Алашордамен»Т.Ж.) байланысқан артқы күнiмдi осылайша нақ тексерiп, қайта бағалап келгендегi ендiгi байламым: сол ескiлiгiмнен өз арамды бұдан былай бiр жола үзiп, жарып алу және сол ескiлiкпен менi байланыстырып, жақындастырған жайлардың барлығынан үзiлдi - кесiлдi арылып шығу. Осы сияқты жаңа түсiнiк, жаңа бағыт тұрғысынан алғанда ендi менiң жүрiп өткен әдеби және қазақ әдебиетiнiң тарихын қарастырғандағы зерттеушiлiк қызметiмдi шолып өткенде айтатыным: ол қызметтерiм Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол – бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отыр».

Алдыңғы екеуi теориялық тұрғыдан пiкiр қозғаса, Мұхтар Әуезов әдебиет тарихшысы ретiнде «өткендегісінен арылған». Әрине, «Ашық хатта» терiске балаған iсiн оң деп түсiнсек, мұның астарын тез аңғарамыз. Үш пiкiрдiң айтар түйiнi – қазақтың төл ұлттық әдебиетi мен мәдениетi, дербес көркем ойлау жүйесi қалыптасқан, тарихи танымдық сынақтан өткен және сол мәдени-рухани жәдігерлер ұлттық мүдденiң тұтастығын көздеген. Демек, таптық мүддеден көрі биiк мұратты нысанаға алған. Мұхтардың жазғанындай, бұл пiкiр «Қазақстандағы мәдени төңкерiстiң жол - бағытымен үйлескен жоқ. Қайта соған қайшы келiп отырды». Мағжан бұл ойын былай дамытты.

Мағжан Жұмабаев (жалғасы): «Әлi тiптi тексерiлмеген дәуiрдi қоя тұрып, соңғы дәуiрдi алсақ, кешегi Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақан серi сықылды ақындардың елдiң мұңын, зарын, ой-қиялын жырлай бiлген шын жыраулар екенi анық. Бұлар қазақ даласына бет алған Еуропаның, орыстың қарабоз отаршылығының қарасын көрiп, бiрiншi уланған ерлер. Қазақ әдебиетiнiң алыбы Абай қазақ даласына кеулеп кiрiп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа қазақтың қанды жас төгiп, ерiксiз шалған бiрiншi құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмiрден үмiт үзуге, тұңғыш тұңғиық ойға барып келген Абайдың өмiрiнiң ақындық трагедиясы да, тереңдiгi де осында. Абайдың алыптығықыл көпiрдiң үстiнде тұрғандығы. Екi қолмен, екi өмiрмен алысқандығы. Сондықтан да қазақ әдебиетiнiң ескi мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендiгi, әдебиетке жаңа түр кiргiзгендiгi. Абай жиын - тойдың ақыны болмағандықтан, әсiресе, баспасөздiң жоқтығынан Абайдың әдебиеттегi бағыты, әсiресе, түрi сол дәуiрде қазақ даласына тарай алмады. Сол дәуiрде қазақ даласына капитализм кеулеп кiре бердi. Ел езiле бердi. Әдебиет те, бағыт та, түр де қалмады. Әдебиет: «ғизатлы», «матурлы», «бисмилла деп башлиын сөздiң басын» сықылды балдыр - батпаққа айналды.

Бiрақ, Еуропа отаршылдығының «бiр қасиетi»«құлды қуып батыр қылды». Өлiмге бұйырылумен өмiрдi сүйгiздi, езiлген елдiң ұлттық сезiмiн оятты. Осы заң бойынша, 1905 жылғы төңкерiстен соң соққы жеп, сiресiп жатқан қазақ елi есiн жия бастады. Жаралы жанның есiн жия бастағандығы үнi – ыңырсу, күрсiну, күңiрену болмақ. 1905 жылдан соңғы әдебиетiмiз«Оян, қазақ», «Қырық мысал» сықылды «елiм - жұртым» деген әдебиет. Сол күңiренген жаралы жанның көзiне әлгiндей қылышынан қан тамып, майданда жүргенi елестеген.

Ояна бастаған ер – кешегi ел болған күнiн есiне түсiрдi. Әдебиетiмiз мынау «Оян!» деген зармен бiрге елдiң өткен күнiн есiне сала бастап едi. Өткен(дегі) тағы болып жүрген дәуiрдi қайта орнату үшiн емес, жасынан елдiң жанына үмiт салу үшiн өткендi жырлай бастап едi. Жырлап үлгерген жоқ едi, жырлай бастап едi. Әдебиет осы күйде тұрғанда бiз үстiмiздегi зор төңкерiске келiп кiрдiк».

Жүсiпбек Аймауытов (жалғасы): «Менiң тағы бiр қосылмайтын жерiм бар, мысалы: «Ақын таптың ғана ақыны болады. Бiрақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады»,– деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалады? Неге байшыл, неге дiншiл болуға мiндеттi? Отаршылдық зардапты бай, кедейұлт болып тартқан жоқ па едi? Жерiнен бай да, кедей де қуылған жоқ па едi? Малы жоғалсахохолдан бай да, кедей де таяқ жеп өлген жоқ па едi. Ұлт мұңы бұрын бiр емес пе едi? Бiр болғандықтан да Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Мiржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкiметiне қарсы болып келген жоқ па едi? Осы өткен ақындардың бәрiн түгелiмен байшыл, кедейшiл қылып алып, одан кейiн Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелi (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан – байшыл, Міржақып (?)байшыл, Бейiмбет – кедейшiл деген сөз бола ма? Төңкерiстен бұрын қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейiмбет те, бәрi де ұлтшыл болып жазып жүрсе, ендi кедейдi бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ма? Әдебиеттiң сұйылуы боялудан шығады деп бiлемiн. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емесетiкшi».

Мұхтар Әуезов: «Менiң өткендегi жазушылық қызметiмнiң айқын белгiлерi – «ЕңлiкКебек», «Қаракөз» сияқтылары едi. Бұлар бүгiнгi төңкерiс дәуiрiнен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерiнiң екшелiп алынған тақырыптары бойынша төңкерiс тематикасынан әдейi аулаққа жайылып кеткендiгi және ұлтшыл жазушылардың тобын бiлдiретiн нәрселер. Мен сол жазушылардың қатарына кiрiп, 1920 жыл мен 1928 жыл, аздап 1929 жылдың аяғында Қазақстандағы және Ташкенттегi баспасөзге әсер етiп, баурап алмақ боп әрекет еттiм. Сол жылда оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етiп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай iс жүргiзсек, жастар арасына (сондай – Т.Ж.) ұлтшылдық күйiн тараттық. Бұл әрекеттiң ортақшыл партиясы мен кеңес үкiметiнiң сол жастарды интернациональдық рухында баулимын деген мiндет бағытына негiзсiз қарсы жүрiп отыр. Мен қазiр де жаңағы сияқты шығармаларымның бүгiнгi күннен аулақ кетiп, бiр беткей тақырыптарды ғана екшеп алғандығын айып деп, кiнә деп қоймаймын. Сол тақырыптарды суреттеген, таратқан әдiсiн санашылдық-суреттеулiк ретiндегi қалыптасуын да терiс деп бiлемiн».

Үшеуiнiң мұндағы шүйiлiп отырған басты мәселесi – әдебиеттiң ұлттық сыпаты. Ұлттық сыпаттан айырылған көркем өнерде не қасиет қалады. Бұл – ұлттың тарихын, танымын, сенiмiн, салт - дәстүрiн, тiлiн, өзiндiк ерекшелiк сыпаттарын жоюмен пара-пар қылмыс. Ұлттың мұңы – оның ұлының да мұңы. Ал кеңестiк кесiр идеологиялық саясат ұлттық сананы өшірiп, оның орынына тексiз таптық, массондық будан ұрықты сепкiсi келдi. Мағжан да, Жүсiпбек те, Мұхтар да елдiң өткендегi тарихы мен тағдыр тәлкегiн суреттей отырып, ұлттық сананы оятпақ болды. Сол үшiн де олар «Батыр Баянды», «Қорқытты», «Қартқожаны», «Қилы заманды», «Хан Кененi» жазды. Ал кеңес бұларға мүлдем жат бағытты ұсынды. Бiрақ та көркемдiк ойлау жүйесi мен қалам қуаты әбден қалыптасқан үш арыс оған көндiге қоймады. Мойынсынбады. Олар тарихи шындықты, кеңес өкiметiнiң билiгiн жоққа шығарған жоқ. Алайда оның кесiрлi саясатына ерiп те кетпедi. Бәрiн де суық ақылмен қабылдап, өздерiнше қортынды жасады.

Мағжан Жұмабаев: «Үстiмiздегi зор төңкерiс – бiздiң өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкерiс емес, Еуропа тарихы тудырған жат төңкерiс едi. Осы себептен, бiздiң әдебиетiмiз бастапқы жылдарда төңкерiс туралы ешнәрсе жаза алған жоқ... Бiр жағынан, орыс отаршылығының зардабынан елге кiрген бүлiншiлiктi, бұзықты суреттеп, екiншi жақтан, елдiгiн ұмытып, жасып қалған елдiң өткенде өзiнше ел болғанын есiне салып, табиғи жолмен келе жатты... Осы жолда жаңа әдебиетiмiз бiрталай iлгерi аттап та қалды. Қияға қарғып шығамын деп мертiгiп қалмай, тұрмыстық тарихтың заңы бойынша табиғи жолмен жүрiп, күн санап өсiп келе жатқан кешегi, бүгiнгi әдебиетiмiздi қарғауға емес, алқауға мiндеттiмiз. Төңкерiс туралы тез үндей қоймады деп томпиып өкпелеуге емес, не себептi үндемегенiн ұғынуға мiндеттiмiз. Әдебиетiмiзге төңкерiстiң мәтiбiнiң түспеуiнiң, бiрен - саран түсiрем деген топас тәжiрбиелер де терiс жағынан түсушiлiктiң бiр себебiн (аңғартады). Төңкерiстiң өзiнiң қазақ даласына күнгей бетiнен емес, терiскей бетiнен, оңынан емес, солынан кiруi алақандағы нәрсе ғой. Оны бүркеп қоюға болмас... Зор төңкерiске пролетариат зеңбірек, пулемет, машинамен кiрсе, қазақ қамшы, сойыл, балпаң етiп малма тұмағымен жолдан қосылып отыр... Осы төңкерiстiң екпiнiнен қазақ сықылды құр қалған елдер өмiр үмiтi кiргенiн жырлай бiлсе, төңкерiсшiл әдебиет болғаны. Марксшыл зор ғалым белгiлi ақын Луначарский жазады: «Жаңа ұлт, жаңа тап бұрынғының бiтiрген жерiнен бастап кетпейдi... Жаңа тап, яки жаңа халық, бұрын өздерiн билегендерге қас болып, олардың мәдениетiн жек көретiн болып өсiп-өркендейдi»,дейдi (Основы позитивной эстетики. Москва. 1923. стр. 125.). Сондықтан да осы мiнез, осы құлық үстiнен қарап айтқанда, осы қияңқылық, осы ыстық қандылық қазақ әдебиетiнде де болуға мүмкiн, болғанда да өзiнше, қазақша, азияша болуға мүмкiн».

Жүсiпбек Аймауытов: «Рас, пiкiр жүре өзгередi. Орыс жазушыларының да кейбiрiнің төңкерiстен кейiн жарамсақтанғаны да бар, олардың жарамсақтықтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пiкiрi соншама күрттен өзгеретiндей жағдай болған жоқ, өйткенi төңкерiске көлденеңнен қосылдық. Ащысын, тұщысын, тауқыметiн басымыздан кешiргемiз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерiстiң маңызын, дәнiн тата алмай қалдық. Сол дүрмекпен әлi де келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзiмiз үйлеспей жатыр.

… Менiң миымдағы пернешұп - шұбар. Сыртқы әсерден қалған миымдағы iздер де бар. Ол iздермен жүрмесiме мүмкiн бе? Ғаббас қалай жүргiзбейдi екен? Құлағымнан, көзiмнен миға хабар жеткiзетiн жүйкелерiмдi (нерв) кесiп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемдi мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзiнше ойлатам деуқиянат...

Қағаз жүзi мен өмiр жүзiн айыру керек. Ғаббас, Әбдiрахмандар қағаз жүзiн алса, мен өмiр жүзiн алғым келедi. Мiне, менiң пiкiрiм осы».

Мұхтар Әуезов: «Менiң шығармамның көпшiлiгi сарыннамашылық бетiмен болуымен бiрге, өткен дәуiрдi төңкерiсшiл сарыншылдық жолымен сипаттаудан қашық болды. Қайта ескiлiктiң кейбiр залалды салттарын жарыққа шығарып, өсумен, ол салтты жақтаушыларды аз - аздап пiкiрi жолындағы құралсызданумен қатар, бәрiбiр, мен өз шығармаларымның көпшiлiгiмен, анығында бетi ашық ұлтшылдық күйiндегi жазушы боп шықтым... Қорытындысын айтқанда, менiң әдеби қызметiм, сол жастардың көңiлiндегi, салт - санасындағы ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналып кеттi. Қазiргi күнде мен өзiмнiң бұрынғы жазушылық жолымдағы бағытыма ғана емес, қазақ әдебиетiн тексерген тарихшы, зерттеушi есебiндегi қызметiме де терiс деп қараймын. Түгелдеп айтқанда, төңкерiс жолдарының қоғамдық заказы мен төңкерiсшiл жұртшылықтың тiлегiне бiржолата үйлеспейтiн сөздерiм болған. Бұл ретке қосылатын төңкерiс жолындағы жылдар iшiнде қазақ әдебиетiнiң жолы қандай болуы туралы «Шолпан» журналының бетiнде ертеректе айтқан пiкiр едi. Сол қаталарым кейбiр кейiнгi тексерулерiмнен де арылған жоқ. Мысалы, соған ұқсаған қаталар Абай шығармаларын тексеруiмде де бар».

Жә, үш арыстың әдебиет туралы пiкiр таласын осымен тоқтатамыз. Сұлу сөздiң насихаттық құрал емес екендiгi, өнердiң мiндеттерi туралы қилы-қилы қисындар бұрын да, бүгiн де, ертең де айтыла бермек. Үш түрлi жағдайда, үш түрлi көңiл күйде жазылған бұл үш пiкiрдiң түп қазығы – ұлттың рухани тәуелсiздiгi едi. Үш арыс бұл мүдденi азаматтық арымен қорғай бiлдi. Сол арқылы ұлттық сананы мәңгүрттенiп кетуден сақтап қалды. Мұхтар айтқандай, «ұлтшылдық күйiн жеңiлдетiп, сейiлдетуге арналмай, қайта соны нығайта түсуге арналды». Олардың басты мақсаты да сол болатын. Ең маңыздысы – кеңестiк жазалау саясатының диiрменiне өздерi жаншылса да ойларын жаншылдыртпады. Отаршылдық коммунистiк пиғылдың еркiнде кетпей, оны әшкерелей бiлдi.

Бұл олардың үлкен рухани ерлiгi едi. Талқыға түстi. Талқыланды. Бiрақ рухтары талқандалған жоқ. Осынау үш дерек – Мағжан мен Жүсiпбектiң соңғы сөздерi, Мұхтардың ең талмалы мәлiмдеуi болғандықтан да, олардың сол тұстағы жандүние тебiренiсiн сезiндiру үшiн аталған құжаттардағы олардың соңғы пiкiр – тiлектерiн оқырманға жеткiзудi парыз деп санадық. Бұл олардың бiзге жолдаған жүрек сәлемi едi.

Мағжан: «Домбырада бiрiқоңыр, бiрi – ащы үн беретiн екi шек бар. Екi шек екi түрлi үн шығарып тұрса да бiр - ақ күй тартылмақ. «Алқа» осы. Жөн iздеген жас болсаң, жол iздеген жолаушы болсаң, тез iздеген естi тентек болсаң, мынау «Алқа» сенiкi! «Алқаға» кiрейiк! Өзiңнiң сұмырай мақсұтыңа шындықты құрбан қылып шалып, қайқайып жүре беретiн соғылған болмасаң, балапан әдебиетiмiздiң шын әдебиет болып ержетуiн шын тiлейтiн болсаң, мынау «Алқа» сенiкi. «Алқаға» кiр. Шын әдебиетшiл, шын ақын болсаң, мынау «Алқа» Сенікi».

Жүсiпбек: «Мен осы пiкiрiмдi газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өрiс берер - бермесiн бiлмеймiн. Iшiмде қайнап жатқанша тым болмаса сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пiкiрiңдi жаз. Терiс, бұрысын көрсет! Бұл пiкiрiмдi Ғаббасқа да айт. Жөнi келсе, керек жерiн оқып жібер».

Мұхтар: «Тағы бiр сөз, ауыр қатам деп санайтыным – қазақ баспасөзiнiң жүзiндегi төңкерiсшiл марксшiлдiң сынына құлақ салмауымда. Дәлелсiз сыңаржақтықпен қарап, барлық сынды түгелiмен ұйымсыз жазушыларға арналған жаулықтың ғана сыны деп санап жүрдiм. Өз iшiмнен: ол сынның ролi де, мұраты да, ортақшыл емес. Жазушыны әдебиет жүзiнде соққыға жығудан басқа емесдеп, бiр жақты терiс баға берiп жүрдiм, сонымен сынның негiздi – ғылыми негiздi төңкерiсшiл басшы екенiн ескермедiм. Сынға осылайша терiс қараған көзқарасыммен соңғы жылдарға шейiн келдiм де, әдейi ұстаған көңiл құрылысы есебiнде, жұртшылық алдында өзiмнiң қаталарым туралы да үндемей, сөз көтермей келдiм. Бұл да қатамның бiрi едi. Ендi «Қазақстан правдасы» мен «Социалды Қазақстан» арқылы барлық Қазақстан жұртшылығының алдында өзiмнiң бұрынғы әдеби - саяси iстерiмдi осылайша айқын күйiнде айыптайтынымды ашық жарияламақ болдым. Сонымен бiрге, ендi бұрынғы қаталарымды төңкерiс iсiне барымша бой салып ұдайы, адал қызметпен түзетуге бекiнгенiмдi бiлдiрмекпiн. Ендi мәдениет, салт-сана майданының ең жауапты, ең тартысты кезеңдерiнде iс iстеуге өзiмдi өзiм мiндеттiмiн деп санаймын».

Мiне, талқы осылай аяқталды. Бiрi – «Алқаға» ақылдасуға шақырды, екiншiсi – өзiнiң өзгелерден бұрын атылып кететiнiн бiлгендей «Қош, сүйдiм. Жүсiпбегiң!», – деп бақұлдасып қалды, үшiншiсi – «ең жауапты, ең қызу тартысты кезеңдi» күтiп алуға бел буды. Бұл олардың ақ қағаз бетiндегi соңғы пiкiр бөлiсулерi болды. Үш тұлға. Үш тағдыр. Үш түрлi қаза. Ендi олардың басын қазақ ұлтының тәуелсiздiгi ғана мәңгi қосты. Олардың асыл бейнелерi қатар iлiнiп, есiмдерi де құрметпен қатар аталатын болды.

Әрине, мұны барлығы көңiл жұбанышы ғана. Үшеуi тiзе қосып өмiр сүрiп, қаламдарын қатарласа ұстап, көркем сөзбен еркiн айналысқанда, қазақ ұлтының рухани мұрасы мен көркем ой деңгейi сол тұстың өзiнде-ақ әлемдiк сатыға көтерiлер едi. Өкiнiшке орай, бұл салмақты Мұхтар Әуезовтiң жалғыз өзi көтердi және ұлтының рухани байлығы мен мәдениетiн дүниеге мойындатты. Бiз соған шүкiршiлiк жасаймыз. Әйтпесе, екi досымен бiрге одан да көз жазып қалуымыз әбден мүмкiн едi. Құдай оның бетiн аулақ қылды. Бұған да тәубә.

Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұнының бір желісі осындай.

СССР Халық Комиссарлары Кеңесiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4-көкектегi қаулысы бойынша:

– Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес – Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды».

 

4.

 

Әлихан Бөкейхановтың араласуымен Мағжан бір рет тұзақтан құтылды. Жары Зылиха Жұмабаеваның естелігіне жүгінсек: Әлихан Бөкейханов Мағжанның зайыбы Зылихаға арыз жазып беріп, оны М.Горькийге және оның әйелі, Қызыл крест қоғамының төрайымы, актриса Екатерина Павловна Пешковаға жолықтырған. Түрлі мекемелерге кіргізген. Қаржылай көмек көрсетіп, кешірім жасалуына дәнекерлік еткен. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова ол туралы:

«(түрмедегілер)... 1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды. Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Екатерина Павловна Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуы үшін Пешковаға жиі барып, көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арысымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам»,– деп жазды.

Бұған Ахмет Байтұрсыновтың:

«Қыр баласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін,– деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады»,– деген хаты да дәлел.

Мұндағы «жазушының қатыны» деп отырғаны М.Горькийдің әйелі Е.П.Пешкова болатын. Ол өзінің өтелін Карелиядағы Соловки мен Сивир (Сібір емес) лагерьлерінде өткізді. Ақынға тән сарыуайым жүрегінің басына сарысу боп ұйып, тіршіліктен түңілдірді. Ол отыз сегізінші жылғы соңғы тергеуде берген жауабында:

«Соловки мен Свир лагерлерінде өткізген жеті жылдың ішінде, шамамен 1931 жылдан бастап өзімнің өткеніме деген түңіліс бірте-бірте мүлде билеп алды»,– деп жазды.

Бұл, көңілінің зар күйі ме, жоқ, өткенімен толық есеп айырысқанын дәлелдеуге тырысқан ілдебай ма? Алайда кесімді уақыты бітіп, елге қайтқан адамнан беріп жіберіпті-мыс делінетін:

Жігер, шіркін, желінді,

Болат жеген қайрақтай.

Мешеу болды жүйрік ой,

Кететін орғып қарғытпай.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных