ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АШАҒАН БӨЛТІРІК 14 страница– «Егер иесіз екен деп Балбикеге қастық ететін болсаң, қашанда қаныңды төкпей қоймаймын!» – деп үйіне кіріп бетпе-бет ескертіп кетті. Балбике содан соң ғана далаға шығатын болды. Жуас малай – жөндеуге оңай, Құдай берген өлік қазына ғой, Смазы ұрмақшы, жармақшы болған екі ботасын ерте қашқан әкем сол қылығымен оларды сүйіндірген көрінеді. Қоржадан қуғаны сол, Смазы шақырып алып әйелінің ауруын қаратты. Сөйтіп, біздің үйдегі жеті жанның Биғайшадан басқасына түгел жұмыс табылды. Жалақы табылмаса да, жалшылықтың табылуына қуанды. Тым болмағанда осы қоржаның тізімінде бар екендігімізді көрсетеді ғой. Бигелдіден басқамыз кандидат малай болып істей бердік. Тіпті жұмысы ең көп Биғазының да бір сәті түскені болмаса қожайын үйінен тамақтану тоқтамы жоқ. Егінге келген малды «қуа салатын», қарғаны «үркіте» салатын ермек ретінде жай ғана қолғабыс сипатында қалды. Ал, шешем сиырларын сауып бере салады, оның «боғын таптап» бере салады. Сонан соң ыңғай өз үйінің жұмысын істейді. Өз үйіне терген боқты таптайды. Сондықтан, ол ақы мен тамақ талап ете алмайды. Биғаділ екеуміз кезеген лақ-қозы, бұзауларды қайыра саламыз. Көк майсаға «түсіре салып», кешке дейін «қайыра салып» жүреміз де, ыңғай мия жұлып кәсіп қыламыз. Сондықтан, кішкентай бізге де ақы мен тамақ талап ету «ұят» еді. Рақымы бар, кең мінезді қожайынның желкемізге мінуі де осындай епті болды. Жаңа үйреткен тайларын қалай болса солай қарғып міне сала қамшылап, шошытпай мойнынан, құлағының түбінен сонан соң шоқтығынан, арқасынан қаси келіп, аяғын ақырын ғана артып үстіне қона қоятын әдіс қолданды. Жақындық байланысты пайдаланып қанау әдісі осындай өте сұм болатын. «Пәлен ете сал», «сүйте сал», «бүйте салдың» ауызға жеңіл, қолға ауыр жұмысы таусылмайды. Ал, тамақтандыруға, ақысын өтеуге келгенде көрмеске, білмеске салынып, қақасқа қалдыра береді. Бәріміз соның жұмысын істеп жүргенімізде де үйімізге бір табақ талқан жібертіп беруді білмей-ақ қойды ол. Тамаққа сол жарымаған күйімізде жүре бердік. «Қайыра сал» әдісін қолданып, құлағымыздың түбін қаси келе шоқтығымызға қона түскенін Биғаділ екеуміз білмей де қалдық: егін пыса мал қаптауы көбейіп кетіп, егіннің ол шеті мен бұл шетіне жүгіріп жүретін Биғазы ада-күде таусылып қайтты бір кеште. Ақсаңдай келіп, қақпа алдында Смайылға сыбырлап тұрды. Үні бітіп қалған екен. Смайыл біздің есіктің алдына әкемнің қасына келіп, Биғаділ екеумізге кезек қарады. Сиыр бағып жүрген шалды Биғазыға қосып бермесе, үлгіре алмағандығын айтып мені нұсқады. – Орнықты көрінеді, мынаны жуас өгізге мінгізіп сиырға қосайық, қайтар уақытта айдап қайтып тұрсын! – деді, – лақ пен бұзауға Биғаділің бапандай. – Ондай бапандайлықтары болса барсын, – деп қуанды әкем. – Биғаділ екеуміз мия көлеңкесі туралы арманымыздың орындалмай қалатынына да қынжылсақ та қыңқ етпей көне кеттік. Ертеңіне таңертең мен сиыршы болып аттандым да, Биғаділ бұзаушы, қозы-лақшы болып қала берді. Жуан тарғыл өгіздің жалпақ сауырына мені қондыра салған әкем, сиырмен қосып айдап шығарып жіберді. Өгізге мінуім қуаныш болғанымен, қалың шидің арасында қасқыр қорқынышы бар еді. Сиырға қасқыр тиісе алмайтынын айтты да, осы өгізден түсіп қалмасаң болғаны, қорықпа!» деп қала берді. Қасқырдың «тілі» тұрмақ, «ойын» білетін әкеме бас изей салдым. Жаңа кәсіппен бірге жаңа ой түскендей тарғыл өгіз екеуміз де теңселумен болдық. Өгіз әр түп шиеге асықпай «бойлана» келіп бір тоқтайды. Оның қияқты жұлған жұлысына мен сүйсінемін. Ол күрт-күрт шайнағанда мен тамсанамын да, ол жұтқанда мен жұтынамын. «Мен де осындай шөп жейтін болып туылсамшы, түсе салып мен де жайылар едім-ау!» деп қоямын. «Бұлардікі рақат қой, ауыздары қалай толады, қарындарын қарашы! Осы тоқтығы ғой, үстінде адам отырғанын да сезбейді Бала деп менсінбей ме, иә сезбей ме! Мен тебініп көрдім, ол жүріп кетті. «Тыр... ыр» дедім, тоқтай қалды. «Біледі екен! Тіпті бағынады екен!» Кісі болған деген осы, екі мықынымды тіретіп, масайрай қалдым. «Бұл бір ақылды өгіз екен, еркімен жайыла берсін, тиіспейінші!» деп ләм тіл қатпай отыра бердім, тіпті салмағымды қатты түсірмеуге, құйымшақ сүйегімді арқасына батырмауға тырысып, көтеріле отырдым! «Мен тамақ жегенде үстіме біреу отырып алса жақсы ма» дегендей жаным ашиды. Бірақ лаж жоқ, түссем қайта міне алмаймын, қасқыр жейді, иә, жылан шағады. Ашық күннің ыстық аңызағы етімді қарып, қанша кептіргенімен алғашқы күндері сергек қайтып жүрдім. Ергейтінің бізден төменгі жағасы шалғынды-қияқты екен. Кейбір кексе сиырдың егін жаққа тұмсығын көтеріп қоятыны болмаса, қашу ниеті жоқ сияқты. Қызыл көзді жуан қоңыр бұқасы болмаса, қабақ шытқан біреуі де жоқ. Менің қаупімді білетіндей өгізім де «мені қорғап» оған жақын апармайды. Әйтпесе, бұқа иттің қабағынан қан жауып жүр, бір ашылмайды, несін алғанымды білмеймін, Смазының бұқасы дейді өзін. «Ит иесіне тартады ғой», сондықтан ол қарағанда мен де қараймын. Бұл жайымызды біліп, өгізім екінші шетке әкетеді мені. «Тегі қасқыр келсе де осылай қорғамақ қой, алтын жүректі айналайыным!» Кіші дәреттен қысылғанда да қабырғасына жібере саласың. Жақтырмағанын білдіріп пыс етеді де қояды. «Қысылып кеттім» дейсің ақырын ғана кешірім сұрап. Ол райын бұзбайды, «біреудің қарғадай баласы ғой, қайтсін енді» деп кешіретін сияқты. Сөйтіп бір-екі күн мен тарғыл өгізге толық сеніп разы болып қайтып жүрдім де, Балбике мен әке-шешем маған сеніп, разы болып жүрді. Асығым алшысынан түскендей, абыройға ие болып қалдым, Балбике кейде менің бешпетімнің жан қалтасына талқан, кейде тіпті нан да салып жіберетін болды. «Зеріккенде же, ұйықтап қалма!» дейді. «Қарның ашқанда» деп бір де айтпайды. Мен бар күшімді ұйықтап қалмауға салып жүрдім. Қалғысам – таудай өгізден құлап өлетіндей көремін. Алғашқы күні өгізге мінгеніме қуансам, енді зәрезеп болып әрең мінетін болдым. «Жаяу бағайын дегеніме ешқайсысы көнбеді. Өгіздің үстінде кешке дейін қақшиып отырудан қасқыр да қорқынышсыз сияқты сезілді. Түнде ұйқыдан ояна қалғанда тарғыл өгіздің арқасы есіме түсе қалса, өне бойым сырқырайды. Бұл қайғыны алдымен басым емес, жүрегім емес, құйрығым «ойлайды» да, таң атқан соң тарғыл өгіздің арқасында азап бар екенін бүкіл денеме хабарлап, зар қағады. Сонан соң белімнен бастап бебеулейді. Бесінші күні түстен кейін әбден қалжырадым. Еңкейіп отыру, сонан соң шалқайып отырып, бел талғанша қайта еңкейіп екі қолға тіреніп отыру, өгіздің қабырғасына тірене, омыртқасына тірену, жеңілдік медет бере алмады. Қалғып кетіп, неше рет ауып түсе жаздадым. Қаншалық уқалағаныммен көзім ашылар емес. «Ұйықтағанда ауып түсіп өлгенше ұйықтамай түсіп алайын!» дедім де, бір дөңге таман қақпалап әкеліп, сырғанап түстім. Онан кейін не істегенімді білмей қалдым. Көзімді ашып алсам, орнында күн жоқ, сонау батысқа «жетіп», ұясына «кіріп» барады екен. Сиырлары да жоқ! Тыжырынып қалып, қыңқ ете түстім де тұра жөнелдім. Әр дөңеске шығып бір қараймын. Безек қағып қоржаның шығыс жағындағы диірмен тоғанның көпіріне шыға келсем, сиырларды сол көпірден айдап өткізіп, Биғазы қуып барады екен. Қоржаның шетіне ілініпті. «Егінге түспесе Биғазы қуып келер ме!», жан алқым жүгіріп, сиырдың артына жете бергенімде, Балбике шыға келді. Егінге түсіріп алғанымды білген екен, ұрыса жөнелді маған. Әпкем айтқан «көк түйнектің» қайсысын тізе берейін, әйтеуір оның Бигелдіден басқаңның бәрін боқташақ, боқ қапсырыңдар!» дегені ғана есіме қатты орнапты. Мен тұқырған бойы үйіме қайта бердім. «Боқ қабыл болатындай менің оның үйіне күнде барып ығыр еткен жоқ едім ғой!» Талқанынан бір-екі рет жан қалтама салып берген өзі, қарным ашатынын айтқаным да, талқан сұрағаным да жоқ!» деп булықсам да бүлк етпей, қараңғы бұрышқа барып отырып алдым. Ырғаққа қондырған құсша төрт-бес күн қиналып тапқан абыройымнан әп-сәтте-ақ айырылып қайтқаныма өкіне де қойғаным жоқ, мені жерге тартып бара жатқан «боқ қабы» аталуым болды. – Сиырын енді бақпаймын! – дедім жалғыз-ақ. Шешем мақұлдай салды: – Бәріміз малай болғанда бергені белгілі, баққың келмесе бармай-ақ қой! «Жұдырықтай бала қоралы сиырды қайтып бағады» деп мен де талай айтқанмын. – Өгізден құлап түстің бе, өзің түстің бе? – деп әкем бетіме үңіле қарады. – Өзім... қиналып кеттім! – Ие, ендеше жігіт болғаның осы, боқ қабы емессің! Өгіздің үстінде ұйықтап, қапша ауып түссең, сонда боқ қабына сәл ұқсайтын едің... Мен азаптан енді құтылдым да, Биғаділден жұлынған мия жайын сұрадым. Биғаділ тезек теру, таптама жию тақырыбында сөйлеп кетті. Мия қурап басылған соң көлеңке түсірмей, кішкентай болып қалады екен. Ол таптаманы қалай тізіп, үлкен көлеңке жасау жоспарын жақсы ұқтырды. «Күзде көлеңкесінде отырып талқан жесек, қыста қалаға апарып сатқызып, көки, тоқаш алдырып жейміз, киіз де аламыз, міне, бұл – табылған ақыл!» Балбике тәтемізге «боқ қабы деген міне!» дегендей-ақ таңертеңінде екеуміз екі жаман қапты арқаға сала шықтық та, қозы-лақтары мен бұзауларын боқ қабымен үркітіп, айдай жөнелдік. Біз боқ талғамаймыз, адамдікі мен иттікінен басқасының бәрі – құрғағы болсын, жасы болсын – біздің қабымызға түсе береді. Жерден ойылған «қазан қырманымыз» толған соң, су тасып құйып, түсе қаламыз да аяқпен айдап еземіз. Шешеміз тапалай береді. Күннен де ыстық арман күнге күйгеніңді білдіре ме, ұйқыдан басқа уақыттың бәрін осыған арнадық. Шешеміз бізді аяп, таңертең ерте оятпайды да, өзі кетеді. Смайылдың сиырларын қашан сауып, қай уақытта кетіп қалатынын білмейміз де, әйтеуір біз оянып далаға шықсақ, үйіліп қалған боқты көреміз. Шешеміз сонда да, көбінесе, Ергейті суының ар жағынан көрінеді. Оның арманы біздің арманымыздан әлдеқайда зор сияқты. Борми дән алғанын естіген соң біз шешемізге жете істеуге тырысып көрдік. Ерте оянуға кірістік. Елең-алаңда өзен суын кешпесек те, бері жақтан термек болдық, төменгі түбекте бір бай хұйзудың биебауы бар еді. Сондағы жылқы тезегінен шайға дейін бір-екі рет әкеліп жүрдік. Биғаділ мені оятпай кетіп қалыпты, бір күні. Тұра салып боқ қабымды көтере жеүгірдім... Күн шықпапты, шешем ар жақтан өтіп келеді екен. – Биғаділ қайда?! – Мен тұрғанда жоқ еді, әлі келмеген бе?! – деп сұрады. Мен биебауға қарай тарттым. Шешем қабын бергі жағаға қоя салып, менімен бірге жүгірді. Қауіптене қалған екен. Біз түбектің қабағына келіп қарасақ, Биғаділ көрінбейді. Боқ қабы желі басында жатыр. Аң-таң болып тұрғанымызда, еңіреген бір үн естілгендей болды. – А...па...ау! – деді бір кезде Биғаділдің үні! Шешем қосқа қарай жөнелді. Мен де жүгірдім. Қостың босағасындағы қазықта қол-аяғы бірдей таңылып Биғаділ жатыр. Қостағы екі жылқышы ұйқыда, бастарын бүркеп алыпты. Биғаділдің екі қолын артына қайырып байлап, аяғын қазыққа шаншып тастапты. Біз келген соң тулап, зарлай жөнелді. Қос иелері шешем оятқанда бастарын әрең көтерісті. – Қарақтарым, мына бала не қылмыс өткізді? Байлаушылар асықпай сөйлеп, қылмысын жариялап болғанша, шешем ұлын шешіп алып, талаурап кеткен қол-аяғын уқалай берді. Биғаділ бұл қосқа түн ортасы ауа келген екен. Қымыз сабасының аузын шешіп, тегешке құя бергенде биешілер шап беріп ұстай алыпты да, байлап тастапты. – Басқа нәрселеріңе тиісіп пе? – деп сұрады шешем, –қымыздарыңнан қанша ішіпті? Қос иелері байлауын қатты байлағанымен басқа қылмыс таға алмай, өздері ұялыңқырап қалды. Биғаділ құйып алған қымызынан да бір ұрттай алмаған екен. Шешем ұрлыққа кірген ұлын кінәлап, ұрыса жетектеп қайтты. Бірақ, былай шыға бере көзінен де жас сорғалап үйге жеткенше жылаумен болды. Бұрын өз үйінің тамағына да рұқсатсыз қол сұқпайтын кішкентай ұлының енді ашыққан соң қорықпай түн ішінде жортуылға аттанып келіп, жат қоста бір шыны қымыз үшін байланып, қол-аяғын жия алмай қалуына қатты налыды. Биғаділ екеуміз де бірі-бірімізге қарасып қойып, жылай ердік. Оның жіңішкеріп қылдай болған мойны мен бет сүйегі арса-арса арық жүзіне адам баласының жаны ашығандай еді. Жұбына жетіп тұрған сол әлсіз кішкене дене қарулы тоқ қолдарымен тым рақымсыз байланыпты! Аштықтан басқа бір-бірімізге тағар кінәміз жоқ сияқты. Биғаділ менің де арықтаған аш жүзіме жаутақтай қарап, шағынады. «Аштыққа сен сияқты мен неге шыдамадым?» дегендей, басын шайқап қойып жылады. Мен оның танымайтын жерде бас болып байланып жатқандағы «а..па...ау» деп шағынған мұңлы үнін қайта-қайта естігендей болып жылаймын, құлағымнан кетпейді ғой сол үн! (Тергеушім, қазір соған қырық неше жыл өтсе де, сол үн менің құлағыма әлі естіліп тұрады). Ашаршылықтың тағы да шегімізге жетіп қалғанын Биғаділдің осы ұрлығын естіген Биғазы шешесіне бірдеме айтып мақұлдатып жатыр бір күні. – Әкеме айтпай тұра тұрайық! – дегенін ғана естідім. Сонан соң Биғаділ екеуміздің қасымызға келіп отыра қалды. – Сендер ұрлық қылмаңдар, таяқ жеп қаласыңдар! Мұнан кейін... Ертеңнен бастап мен тойғызамын сендерді. Ұрлық қылмай-ақ өз еңбегіммен тойғызамын. Борми (жүгері) дәнденді. Көк борми тәтті болады екен? Биғаділ екеуміз сол күннен бастап боқ қапты қуана көтердік. Бірақ шешеміз бізді ерте тұрып кетуден шектеп қойған. Таңертеңгі шайды ішкен соң ғана шығып, тезекті екінші рет көтеріп келгенімізде, түп үйімізде «той болып» жатқанын көрдік. Қазан толтырып қайнатқан көкбас борми екіден-үштен үлестіріліп жатыр екен, қарық бола қалдық. Ең тәттіні «талқан» деп қана түсініп қалған екеуміздің аузымызға «тәттінің тәттісінің ішіндегі ең тәттісі» енді түскендей болды. «Құдай біледі, жәннатта да бұдан тәтті жеміс бола қоймас!» Мұның қалай келген жайын сұрауға әкеміздің мұршасы жеп болған соң әрең жетті: – Жә, бұл қайдан келді? – деді Биғазыға қарап, – өз бормиымыз ба? – Байдың бормиы пісіп қалды... содан әкелдім. – Ұрлап әкелдің бе? Көздерінше алдың ба? – Көздерінше алса бере ме? – Ұрлап әкелдім деші. – Жоқ, ұрлық емес!... Ақы тұрмақ маған тамақ та бермейді ғой!... Табан ақы, маңдай терімді осылай қайтармасам бола ма! – Амал жоқ! – деп мырс-мырс күлді әкем. Ішінен мұны ұрлыққа санамауды құптағаны байқалды. – Қалай әкелдің? – Бір қабат қабығын ғана қалдырып, беліме белдікпен оқша тізіп алдым. Бешпетімді жамылып аламын: – Сөйтіп бұл «кәсіптен» көрінісі ұрлық, мазмұны ақы, – деген қорытынды шыққандай болды. Осылай етіп күніне екі рет тойып жүрдік. Он бір жастағы ағамыз Биғазы тілмар да, қу да болып өсіп қалып еді. Ұсталып қалса да жауабын ұялмай, толық қайтара алатынына әкемізді сендірді. Бір күні «ұсталып қала жаздадым» деп күліп келді. Түс уақытында қайтып келе жатса Смайыл атпен егіні жаққа кетіп барады екен. Биғазы одан алысырақ өтпек болып қиыстай берсе, Смайыл атының басын солай қарай бұрыпты. Белді сірестіре тізілген боқ емес, жуан-жуан бас борми, қымырласа сықырлап, икемге келтірмей келеді екен. Енді қашқалақтаса сезіліп қалатынын біліп, қарсы жүріпті. Сүйтсе де оқтау жұтқандай кердиіп өте бергенінде: «тоқташы, ей!» деп Смайыл атынан түсуге ыңғайланыпты. Биғазы шеңгелдің арасымен екінші жағына өтіп алыпты. Смайыл артынан қарғып түсіп, жаяу қумақшы болған екен, Биғазы қақшиған бойы ыршып барып, тағы бір топ шеңгелге өтіп алыпты. Смайыл атына қайта міне қуып, ұстай алмаған соң, шеңгелді айнала жүріп тергепті: – Сен менен сонша неге қашасың? – Мені «балдыз» деп мыжғылап ойнамақсың! – Смайыл қарқылдап күліпті. – Құдай біледі, тиіспеймін, тұра тұршы! – Онда нең бар менде?! – Беліңдегіңнің немене екенін көрейін! – Қытықтамақсың ғой! – деп қаша беріпті Биғазы. – Мен қуларды көп-ақ көріп едім, әй, сенен асқан қу шыға қоймас! Смайыл күлгенде, Биғазы да күліп тұра қалыпты: – Мен қу қожайынды да, зорекер қожайынды да көріп жүр едім, күліп тұрып жұмыртқаның түгін қырып жейтін сендей қу қожайынды көрмеппін! Смайыл сілесі қатқанша күліпті де, атын борбайға бір салып, шауып ала жөнеліпті... Содан кейін ол Биғазыны көргенде, тінтемін деп тоспай, күлімсіреп қана өте шығатын болыпты. Біз талқан көксемей-ақ көк бормиға мейлімізше тоятын болдық, тоя келе Биғаділ екеуміздің көлеңке жөніндегі үлкен арманымыз аш адамға арман сияқты сезілгенімен, тоқ адамның күлкісін келтіретін, жай ғана балалық алданыш екенін білдік. Сол күлкілі мардымсыз арманның өзі-ақ бізді көп еңбектендіріп, көп жеміс бергенін тау болып үйілген таптама отынынан көрдік. «Тергеушім», сіздер мені қанша қылмысты десеңіздер де, ұры деп жариялай алмағансыздар. Сүйекке сіңіп, жуғанға кетпейтін ең өткір күйе міне енді табылды. 1933 жылдың жаз аяғынан күз ақырына дейін біздің үй ұрланған көк бормимен күн көрген. Бұл ұрлық өзінің қап-қара шырынымен сүйегімізге кемік, жүрегімізге май бітірген. «Әке-шешесінен бастап, үй ішімен ұры болған» деп жарияласаңыздар, менің бетімнен мәңгілікке кетпейтін күйе осы.
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|