ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР 3 страница– Үй іші аман ба? – Бәрі аман... байып алдық! Әне... отын-шөпті көрдің бе, бәрі біздікі! Астында тезек тіпті көп! Үш қап талқан, үш қап бормиымыз бар! Бір киіз, екі көрпеміз бар! Және үлкен бір сиыр сойып алғанбыз, майы бір қап! Әкем жаман етігін киіп үлгергенше, мен осы байлығымызды толық баяндап үлгердім. «Тергеушім», мен сол күзде меншікті жерім болмағандықтан, помещик қатарына толық қосыла алмасам да, бай шаруаның жуан ортасынан орын алған едім. Мұншалық өзімшілдік пен бас пайдаға өлермендік мені буржуазия қатарына қоспай қойсын ба. Шынжаңдағы Шың Сысай сынды «данышпан» өз жауларының бәрін жайпап таққа шығарда, әйелдің іш киімінің балағын ту етіп көтеріп, әжуалай шыққан «кертартпа» топтың бір мүшесі болған менің аз күн ішінде-ақ мұншалық асқындап, байып кетуім неден болды? Әрине, қылмыс, қылмыс, тағы да қылмыс.
ІІІ
Қапалақтап қар жауып тұрды. Аяз соңында артын күтіп тұрған сияқты еді. Қарны жуан сары қазақ біздің қоржаға енді білегіне қызыл шүберек киіп келді бір күні. – Елубасы келді, ой, халайық, елубасы мырзаның өзі келді! – деп Әлімжан қожа кәукелектей жүгіріп алдынан шықты. Сары қазақ оған бір қарап қойып, тоқтамай жорғалата өтті де, Смайыл қорасының қатарындағы аласалау ақ тамды үйге барып түсті. Сонда да Әлімжан қаршығадай ілді барып, сарыны қолтығынан демеп түсіріп, атын байлады. Кеңкілдеп күле амандасты да, өзіне бөгде үйдің есігін ашты. – Бір көруге зар болып жүр едім. Алла нәсіп айлап, мырзаның өзі келді-ау! Үйге, үйге, кіріңіз! Тереземізге екі көзді әйнек салып, сылап тұрған әкем Әлімжанның қимыл-әрекетіне тұнжырай қарап қалды. Шешем күрсіне сөйледі: – Япырмай, елубасылыққа мына қансұйықты тапқан болса, «жүз басы», «мың басы» болып қандай немелер сайланады екен?! – Бигелді! – деді әкем терезеге үңіліп, – әлгі сиырыңды мына Әлімжан біле мен? – Ақырын сөйле! – деп қалды шешем, – өзің жар салғаның не! Өзінің аңқаулық еткеніне әкем күлімсірей түсті де, онысын ақтай салды: – Е, құдай көріп тұрған ұрлықты ақырын айттың не, қатты айттың не! – Әлімжан сізден екі күн бұрын қашып, үш күн бұрын қайтпады ма, – деді Бигелді, – сиырды оның жындары да көрген жоқ! – Болды онда!... Қалғанын сыбырлап сөйлесерміз, мына шешең ұрысып тұр маған!... Жел қуған ебелектей елпілдеп шыға келген Әлімжан есік ашып тұрып жуан сарыны шығарды. Елпек қағып атын әкелді де, қолтығынан көтерді. «Ұлықтың» үзенгісі мен тізесіне екі қолдап жабысып ере жүрді. Иіле алмайтындай қақшиып алған сарыға жалбарынышты күймен шалқалай қарап, жабысып алған кішкене қожа шоқтай ғана иек сақалын шошаңдатып, бүлкілдеп сөйлеп өтіп бара жатыр. Әр есіктің алдында қар күреп жүргендер түгел қарап қалыпты. Ол екеуі Смазының дуалынан айналып, арт жақтағы Бекбосын молданың үйіне беттеді. Шығыс жағымыздағы іргелес жер үй алдынан Нұрғазы атты жігіт бірдеме деп қалып еді, келіншегі сыңғырлай күліп ала жөнелді. Сол күлген сөзден бу алған болса керек: – Біздің қожа күшікше еркелеуге де шебер екен-ау! – деп ар жағындағы жирен сақалды шал сыңғырлағанда, күлкі Батыс жағымызда қожаның жер үйінен кемпірі мен келіні шығып тұрғанын енді көрді білем, сөйлеген шал оларға үңіле қарап қойып, үйіне кіріп кетті. Көптің күлкісіне шыдамаған бейнемен түйіліп, қожаның жуан кемпірі де ғайып болды, енесінен екі еседей денелі, қара келіні әркімге бір қарап, тамағын кенеп-кенеп жіберді. Дауысын жас әйелше сыпайы шығаруға ашуы бағынбаған сияқты, шарқ–шұрқ ете түсті. – Адам мен адам сөйлеседі, сақалды басымен не деп шатып тұр! – Мына қаншығы қабаған екен! – деп қалды Нұрғазы күрегін қоя салып, үйіне кіріп кетті. Оның күлкішіл келіншегі тағы күлді. Қоржа күлкісі тағы өрлей көтерілгенде, қожа келіні үйіне кіре жөнеліп еді. Бірақ, қалған сөзі бар сияқты, ақ жаулықты басы есіктен қайта көрінді. – Боқ сақалдың бақылдауына күйлей қалған ба, анау ешкі! – деп шаңғырлап тастап жоғалды. Келіншегі тағы күлгенде ері үйіне шақырып алды. Биғазы мен Биғаділдің күлкісі әлі қана қоймаған еді, әкем ақырып қалып үйге қуып тықты. Бірақ, көп өтпей қайта шықты. Үйіне елубасы түсіп аттанған ақсақалды қария әкеммен сөйлесіп тұр еді: – «Үркіншілікте бір қора сиырым жоғалды!» дейді ұлық, «егер із-түзін білетін біреу шығып, маған айтатын болса, сиырларымды өндіріп алысымен бір сиыр сүйінші беремін!» деді. – Қария елубасының осы бұйымтайын міндет ретінде көтеріңкі үнмен хабарлады. – Оған сіз не айттыңыз? – деп сұрады әкем. Қария үні енді бәсеңдей шықты: – Мен ол пәлеге не айтады дейсің, түйені жел ұшырса, ешкіні аспаннан ізде деген, сіздер үріккенде бізде не жан қалды дейсің, қоржамызда адам қалмаған, білмейміз дедім... – Ұлығыңыздың басқа не сөзі бар екен? – Ұлықтың өз сиырынан басқа ойы көрінбейді. – Әлімжан қожа жұлығын жалап, әурелей берген соң, сиырларының ізін байқай жүруді сол екеумізге мықтап тапсырып аттанды. – Қожа он басылық «мансап» сұрады одан, – деп мырс ете түсті қария! – Атақты Әлімжан қожаң – мен. Смазының үйін ашсақ мешіт те, медресе де болады. Имам боламын, бала да оқытамын. Алла тағала тілеуімді қабыл етіп, сіз ұлық болдыңыз, енді қарап жатамын ба, сіз үшін, халқыңыз үшін қызмет етемін! – деп жабысты. – Бұдан шайтандық үйренуге береміз бе баламызды, Бекбосын оқытса болар! Әлімжан қожа елубасының аяғына жабысқан қолын енді артына қайырып, кісіліктене қайтқанын көрген қария, шығыс жақтағы үйлерге қарап кете барды. Қожа жол-жөнекей бес үйге кіріп, алтыншыда өз үйіне кірді. Қожекеңнің орынбасары «онбасы» болып сайланғаны гу ете түсті қоржаға, күлкімен қосылып гуледі. Апанынан жирен шал да, қушыкеш Нұрғазы да қайта шықты: – Қожекең орынбасарлыққа ғана жетсе, одан асып онбасы болған қай дәу екен?! – Одан сұмпайырақ біреу табылыпты да, «онбасы» сайланыпты. – Әттеген-ай!–деді жирен шал қайтадан, – есіл Қожекеңнің сұмдығы жетсе де сұмпайылығы жетіңкіремей қалған екен -ау! Сайлауда маңайлап жүрген бір жігіт анық жауабын ар жағындағы жер үй алдынан қайтарды: – Жоқ, Қожекеңнің онысы да жетеді әлі! Ұлықтың жоғын іздесу үшін орынбасралыққа сайланды. Сиырларын тапса, нақтылы дәу онбасының өзі болып сайланбақ. Бұл шартты Қожекемнің құлағына ұлық нығарлап тұрып қойды! – Қожекелеріңе осы мансап та жетер, – деді ақсақалды қария, – «бала да оқытамын, имам да боламын» деп елубасыдан рұқсат алып шықты. – Е, онда кішкене басына үш үлкен мансап жетер-ақ! – деді жирен шал, – сол кісі тіпті басқасын қойып, бақсы ғана болса деймін ғой, осы қоржада жыннан көп нәрсе жоқ, алақ-жұлақ қағып қуаласын да жүрсін сонысын! – Қыстай қууға мына келіндеріңіздің жыны-ақ жетеді! – деп тиянақтандырды Нұрғазы. Келіншегі сыңғырлап тағы күлді: – Дәу келіні дәуперім бақсы екен, мана арс ете түсіп, менің үлкен жынымды қауып алды. Содан бері жөндеп күле алмай қойдым. Бұл сөзге ешкісін қамап жүрген шешем де күліп еді. – Осы күлкіге араласпа, – деп тойтарды әкем, – бұдан бір шатақ шықпай қоймайды, қожаның бағанағы сиқынан қорықтым мен, дүниедегі бар пәле осындай адамнан туады. Мұндай арсыздың жаны сірі, оны ешкім жеңе алмайды, әлі көресің... Бигелді қалаға апарып отын сату үшін, ортаққа бір өгіз шана тауып әкеліп еді. Ертең алдымен бір шана қиды өзіміз үшін апарып сатпақ та, бүрсікүні өгіз шана иесіне бір шана ши апарып бермек. Ерте аттану үшін шанаға күн бата тезек тиеп жатты. Әлімжан қожаның есігінен қарайған басы қылтыңдап, біз жаққа бір-екі рет үңілді де, іле-шала «орынбасар-онбасының» өзі шықты. Шағын денесін дүрдитіп, таудай адамша кісіліктене жетті. – Ой, апақ-сапақта шанаға басып жатқандарың немене бұл? Ұлықси келуіне қарап әкем де, Бигелді де үн қатпады. Келіп жәрдемдесіп жүрген Нұрғазы ғана жауап қайырды: – Бәсе, ұлық болған кісінің алдымен көзі кетеді, сізге көзәйнек керек енді! Тұңғыш тергеуіңіз ғой, бір жәрдемдесіп қояйыншы, – деп, бір таптаманың үстіндегі қоқырын төкпей апарды да, лып еткізіп қожаның мұрнына тигізе қойды! Қожа шегініп барып әкеме тығылған соң ғана құтылып еді, сол тығылған панасын тықсырып тергей жөнелді бір сәтте: – Жәке, осы сіз қайда барып келдіңіз, соны айтыңызшы?! Бала-шағасын «шекарадан өтіп кетті» деп естіп, Мұқаншыға дейін барып келгенін айтты әкем. – Ал, сонда қоржадан қай күні кеттіңіз? – Қоржадан... ел үркіген соң екі күннен кейін кеттім. – Не үшін қалдыңыз мұнда? – Совет әскері келіп, соғысқа орыстар араласқан соң қырғын тоқтар деген оймен қалып едім. Бала-шаға тоқтамай, Емілге кетіп қалған соң мен де тұра алмадым. – Сақабайдың сиырлары жоғалған күні кеттім деңізші? Мына сұрақтың қатерінен әкем қысылыңқырап қалғандай болды. Бигелді де жерге қараған бойы бүгежектей берді. – Ол кезде Сақабай қайда, сиыры қайда еді, қайдан білейін. Мен жалғыз таяқпен ғана кетіп бара жатқанымды көп адам көрді ғой. – Емілден мен де көргенмін! – деді Нұрғазы. Ол кезде өзі Бигелдімен бірге қоржада болса да, Емілден көрдім деп әдейі айтты, – сонан соң екі мықынын тірей, «тергеушінің» алдына келді. – Жы... а...а, сол сиыр туралы мен өз білгенімді айтайын, тексеріп көріңіздер! Қожеке, сіз сол «іслам лашкеріне» немене апарып бердіңіз? Соны айтыңызшы! – Астағыпыралла, ол қанқорлармен менің не байланысым бар еді! Ондай адамға өкімат құрметтеп бәдал бере ме, кіммен ойнап тұрсың өзің! – Ей, қожа, аузыңнан иман, қолыңнан құран түспейді, Алладан қорықсаң ақ сөз айт! «Ислам хукуматына бәрімізді бағышылайық» деп шапқылап едің ғой, сонда «жамағаттан» не жиып бердің? – Қарағым, соған жәрдем деп бергендеріңді айт онда маған! – Сенің жиып бермек болғаның рас та, біздің бергеніміз рас... Рас қой? – «орынбасар онбасы» басын еріксіз изеді. Нұрғазы төне түсті. – Олай болса, халықтан еш нәрсе жиып бере алмай, өзіңіз айтқан «хазыраты әли Шахимарданнның» рухына, «оқ дарытпайтын» «хазыраты» Ма Сылиң «Шахимарданға» Сақабайдың сиырын айдап апарып бергенің де рас! Дүнген лашкерінің жеп жатақанының барлығы сиыр еті екені де рас емес пе еді! «Орынбасар онбасы» алғашында не дерін білмей қалды да, әкемнің қолтығына кіре түсті: – Ой, Жаппар, ой Жәке, мына пәле не тауқымет артып тұр маған?! Хақ тағаланың халал құлына бұ қадар нақақ пәле арта ма екен, бірдеме десеңші мынауыңа! Әкемнің өзі пәлеге қалғандай есі шығып тұр еді. «Сиырлардың жоғалған күні кеткендігінен қорқып отырғанда, пәленің нақ өзі-ақ пәледен қайтіп құтқармақ. – Әй, қожа, – деді есін әрең жиып, – өзің пәле іздеп, мені тықсырып тұрсың, өзің маған пәле боп төніп тұрып, пәледен құтқар деп жалынасың. Сол сөздерді маған да айтып едің ғой, қайтіп құтқарармын мен сені?! Құран ұстаған адамсың, өтірік байбалам салмай айтқаныңды айттым десеңші! – По-по-по! Алла сақтасын, Алла сақтасын! Қойдым енді, қойдым, пәледен машайық қашқан! – Жоқ, хақ-алал дауды енді біз қоя алмаймыз! Алланың алал құлы сен емес, міне, мына кісі еді, өзі не тауқымет артып тұрсың бұған! – Қойдым, шырағым, қойдым енді!... Бейуақыт қой, қойдым деп қасам етейін!... Жүр, Жәке, үйіңізге кіріп ақшам оқып алайық! Әкем сыпайылық үшін бе, қорқынышынан ба белгісіз, үйге қожамен бірге кірді. Жайнамаз жоқ екенін айтып, шапанын жайды. – Ал өзің оқып ал, қожа! – Сіз де намаз оқитын едіңіз ғой, кел бірге оқиық, ұйып оқыған намаздың сауабы он хиса артық болады! – Жоқ, мен сізге ұйымаймын, оқи беріңіз, – деп әкем басқа бір шапан жайды да дербес оқыды. Құбылаға қарап әкем бесінші деп жығылып болғанда, қожа үшінші рет әрең жығылды. Оның әлі екі рәкағаты бастаусыз еді. Әкем өз «жайнамазын» жиып алып, далаға шығып кетті. Қалған екі жығылуын асықпай өтеп болған қожа енді ұзақ сонар батаға түсіп, кейде күбірлеп, кейде әндете жөнелді. Әдемі мақамның ол жер, бұл жерін тыңдауға менен басқа үйде ешкім қалмады. Қожа ақырғы «Аллаһуакпарын» айтқан соң кірді шешем. – Алла тағала ғұмыр-хаят берсін, мына балаң өте салмақты бала екен! – деп «жайнамаз» жиған қожа енді малдасын құрып, орынға отырды. – Осы қыс мен бала жиып оқытамын. Осы балам маған шәкірт болсыншы, Алла қосса үлкен молда болып шығады! Шешемнің не жауап қайтарарын тоспай-ақ ұшып тұрып, мен жөнелдім. «Сенен оқып не оңармын» дей шықтым ішімнен. – Әлі оқып отыр ма? – деп Бигелді менен сыбырлап сұрады. Оқып болса да орнығып отырғанын Нұрғазы менен еңкейіп тыңдады. – Мынау сиырдың етін енді иіскелеп таппақшы болып отырғаны, көже ішіп, турамыш етін жеп көрмек қой! Мен қуалап шығарайын! – деді ол. Бигелді оны тоса қалды: – Алдымен әкем кіріп, қасына отырсын, асықпа, әйтпесе содан көреді! Бигелді бірдеме айтып әкемді үйге кіргізді, мен де кіріп әкемді жанасалай отырдым. – Жәке мен медресе ашпақшымын, кел отыршы. Әңгімелесейік! – деп қарсы алды қожа, – балаларың оқысын, «тілашар мен «Жұмалықты» бұл балалардан сұрамаймын! Кімки берсін-бермесін өз ықтиарыңда, халайықтың шама шарқына қарай! – Жоқ, сенен оқудан құдай сақтасын! – деп бір-ақ тойтарды әкем, –жаңағы намазда саған надан әкесі де ұйымады ғой, балалары Алланың сөзін сеннен үйренсе тозаққа кететіні хақ. – Астағыппыралла! – деп кеңк-кеңк күлді қожа, – бұ қадар менен неге нәпратләндыңыз, соны айтыңызшы!... Бала оқытсам... Нұрғазы кіріп келді де, қожа сөзі шорт үзілді. Оның көкшіл көзі мен тотыққан қоңырша жүзі ерекше суынып, сұрланып алыпты. – Е, бала оқыту дәмесінде ме едіңіз әлі, оған мұрсаңыз жете қояр ма екен, Ма Сылиңге тартқан сиырыңыз азғантай сиыр ма еді!... Жүріңіз, Бекбосын молданың құраны алдында мойындатамын!... Жәке, сіз де жүріңіз, «Орынбасар онбасының» сол кездегі айтқанын сіз де әшкерелейсіз! Айтпасаңыз, өзіңіз бірге айдаласыз! Мұның сол сөзін естіген адам көп, жүріңіздер! – Ей, қарағым, бәріміз бір мұсылманбыз ғой. – Енді айтпа мұсылмандығыңызды, жүр былжырамай, мәселені құңқузы шешеді: – Қарағым, ата-бабаларыңа құран бағыштап тұрайын, өмірімде ұмытпайын, осы сөзіңді қойшы енді! Ал, ал, ал, жүрейін! – Қожаны дедектетіп ала жөнелді Нұрғазы. – Япырмай, япырмай, япырмай! – деп алып, әкем Бигелдіні сыбай жөнелді, – енді қартайғанда ұры еттің-ау божбиған әкеңнің аузын! Мына қожа бір тықырға таямай тоқтамайды! – Өй, не болды саған сонша, – деп шешем ұрысты оған, – Нұрғазы болмаса өзің-ақ мойындай саласың ғой мына қалпыңда! – Құдай көргенді адам мойындамай құтыла ма, бәйбіше!... – Көп ұзамай қайтып кірді Нұрғазы. – Бар иманын бір-ақ сыпырдым! – деп күлді ол, – енді қымырлай алмайды, жолда жалынып, жылап отырып алды да, қасам ішті! Басқаларымыздан еш нәрсе таба алмайды бұл! Сіздердің момындық-аңқаулықтарымызды пайдаланып кетер ме екен деп қауіптеніп жүр едім, бүгін мен барда келгені жақсы болды! Аға, сіз қорқа бермеңіз бұдан, қабаққа қарап басатын албастының өзі осы! – Нұрғазы, шырағым, дәл осы ұрлықтарың болмаса мен дипаңгуңнен[9] де қорықпаймын! Өзі ұры болған соң адамның арты қылпылдап кетеді екен, осы істі бекер-ақ істепсіңдер, рас аман құтыламыз ба, жоқ, ашылып қала ма? – Бұл сөзге Нұрғазы ішегі қатқанша күлді. – Құтылғаныңыз осы, аға! – деді артынан Аллаға сенсеңіз, құтылдым деп қорғанбай жүре беріңіз, қасамын ұмытайын дегенде құңқузы болып бас салып, бұтына жібертемін! – Олай болса құтқарушым болдың!.. Осы алақұйрық шайтан медресе ашып балаларымызды жынды етер ме екен деп те қорқып едім, енді бұл қауіптен де құтыламын, ертең-ақ аластаймын! Ертеңіне әкем ақсақалды қартпен сөйлесті де, үш-төрт шал бірлесіп, арт жақтағы Бекбосынның үйіне барды. Бекбосын ешкімге зиян салмаған, «ақ-хақ» деп алдамайтын едәуір сауатты молда еді. Соны бала оқытуға көндіріп шығыпты. «Молда сабақ ұқпаған шәкіртті тілін созып дүрелейді, шәкірттің еті молданікі, сүйегі ғана әке-шешенікі» деген сөздерді естіп жүретінбіз. «Оқымаймын, молда болмай-ақ қояйын!» деп Биғаділ азар да безер болды. Оны оқуға зорлап берген күннің өзінде қағаз-қарындаш сатып алу, әр жұма сайын беріліп тұратын «жұмалық», «тілашар» сияқты шығындарды әке-шешемнің әл-ауқаты көтере алмайтын болды. Ал Биғазының Бигелдіге көмектесуі, ши оруы тұрмысымыз үшін өте зәру. Үйіміз ақылдасып, биылша мені ғана оқытуға келісті. Сұңғыла Биғаділдің азар да безер болуынан маған тілім жұлынып, қамшы тиіп, арқам ашып бара жатқандай сезіліп еді. – Жақсы оқыса, тәртіпті болса молда ұрмайды, – деп сендірді шешем, – ешкім оқытпай-ақ латынша жазуды үйреніп алып едің ғой, ал қазір ондағыдан үлкейдің, оның үстіне молда үйретеді. Сөйтсе де, құранның «быжықы–тыжықы» жазуы елестеп көз алдым шұбарта берді. Қалаға отын сата кеткен Бигелді екі дәптер, бір қарындаш әкеліп бергенде, жүрегім тіпті алай–дүлей борандатып әкетті. Сол түні ұйықтай алмай шықтым. Бұл оқудың ең қиын көрінгені Әлімжан қожаша әндетіп оқу еді. «Үнім қалай шығар екен... Жалғыз жерде өзім ғана айқайласам онда болар еді, молда бақырайып отырып алады ғой. Қорыққаннан үнім шықпай қалса қайттым!» – Ел шайын ішіп болғанда әкем мені жетектей жөнелді. – Әке, мен үндемей оқысам жақсы ұғамын. Молдаға айт, дауысым жаман, «үндемей оқысын» деп айтшы! – деп жеткенше жалындым. Бекбосын молданың үйі кең, үш бөлмелі әрі кірпіштен қаланған биік еді. Іші таза ақталған екен. Жасаулы үйінің дәл төріне қабат-қабат көрпе салып отырып алыпты. Ең жақсысы, маңайынан қамшы, иә, таяқ көрінбейді, шағындап қана тегістелген әдемі қара мұрты бар, ұзын бойлы ақсұр өңді адам еді. Бұрын бұл қалада тұрған деп естігенмін. Үй іші де, киімі де өте таза екен. Он шақты бала – босағадан төрге дейін созыла терезе жақ қабырға іргесінде қатар отыр. Астына үш жерден кірпіш қойған екі тақтай, парта болып бәріне жетіпті. «Шәкірт жүгініп отырады деп» еститінмін. Сол тақтай «партаның» артына отырғыш етіп дөңбек қойылыпты. Жалғыз-ақ қорқынышты жері – молдамыздың екі әйелі де сол үйде жүр. «Ойпырмай, мыналардың көзінше әндету – алдарында тырдай жалаңаш болып шешінуден де қиын ғой!. Осылардың алдында құйрықты түріп қойып дүреленгенде әндетсем не оңдым!» деп ойладым мен. Бұл қорқынышымды молдаға әкем айтып жатты: – Сізге ең үміткер баламды әкелдім. Бірақ, өзі өте ұялшақ, «әндетпей ішімнен оқимын, сонда жақсы оқимын, молдекеңе айтшы!» деп жеткенше жалынды маған. «Дауысым жаман» дейді. Молда жымиып қана күле қарады маған. Бұл кісінің үн шығарып күлгенін қоржада ешкім естімегенін айтатын. Осы жымиюы маған жетерлік сияқты болды. – Олай болса, сен маған жақынырақ, мына жерге отыр! – деп бірнеше оқушыны төменірек ығыстырды да, мені өз тұсына, ортаға отырғызды. Әкем өзінің төтесінен бір-ақ қоя салатын әдетімен рақметін айтып шықты. – Алғашқы ұстазы шайтан болып қалар ма екен деп қорқып едім, баламның бақыты бар екен, сізді кезіктірген Аллаға ырзамын!.. «Әліп», «би», «ти» – деп бастадық біз алғашқы оқуды. Молда әрбіреуіміздің дәптерімізге арабша алпауитінің тәртібімен алты әріп жазып, әрбір әріпті бір-бірден көрсетіп үйретіп шықты. – Енді өздерің дауыстап оқи беріңдер, – деп маған бір қарап қойды да, көрпесіне барып отырды. Балалар дуылдап ала жөнелді. Олар оқығанда мен аузымды ғана жыбырлатып, әрбір әріпке анықтап қараумен болдым. Нағашы ата мен шешемнен бұрын құлағыма сіңгені бойынша бұл алтауының атын да біліп алдым. Жазу да оңай сияқты. Бірақ молда бізге жаз деген жоқ. «Басқалары жазса мен де жаза аламын» деп ойлап әрқайсысына көзімнің қиығымен қарасам, сабақтастарымның жазғаны сол, тіпті қағаздарына қарамай зулатып отыр. Кейбірі үңіліп отырған болып, көздерін тарс жұмып алыпты. Бәрінің дауысы әдемі. Ал молдамыз олардан да қуырақ сияқты. Үндерін ғана тыңдап отырғандай болса да, көз астымен білдірмей көріп отыр екен. Ол «сиқырлығын» біле қойдым да, қағазымнан көз алмай, сыбырлап оқи бердім. «Мұндай сиқырдың қамшысы өзінің көзі сияқты ұрланып көрпенің астында тұрған болар, шарт ете түскенін білмей қалмайын!» Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|