ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
АДАЛАНҒАН АЛБАСТЫЛАР 5 страницаӘлімжан қожа сол күннен бастап өзінің «халайығына» көрінбейтін болып кетті. Нұрғазы оның өз әдісі бойынша үйіне «тыңшы» да кіргізіп жүрді. Сыртқы есігіне күндіз де күршек салатын болыпты. Сырттан біреу келе қалса, ол есік ашылғанша қожекең ауыз үйдің түп жағындағы қараңғы кілетіне кіріп жоғалады екен де, бәйбішесі құлыптап тастайды екен. «Қайда?» деп сұрағанда, жолаушылап кетіп еді, білмедік мұнша не ғып жоғалғанын» деп қана қоятын болыпты. Өзі қазған сол түрмесінен өзін сол қыста шығармау үшін «хұңқузы» оны зеріккен сайын бір іздеп шығып жүрді. Елубасы мырзаның өзі де «орынбасар онбасысын» екі рет іздеп келіп таба алмай кетті. Таба алмай кететіні, «ұлық» келе жатқанда оны «қарсы алып», Нұрғазы немесе басқа хұңқузы «тыңшылары» бірге жүретін болды. Түнде «хұңқузы» іздеп, күндіз «бірлесіп іздеуіне» қожаның тапқан шарасы «іннің» түбін «тырмалап» тереңдете беру ғана болған көрінеді. Әкемнің Бигелдіні суық қолдылықтан тыюға қасам бергені сияқты шешем мені «тіл өтетін» оқудан сақтауға тырысты. Айналып үйіріліп қабырғамды суықтан, «тіл-көзден» қорғаумен болды. Бір айда сауығып тұрсам да, Бекболсын алдына қайтып бара алмадым. Сол бір айлық оқу мен бір айлық ауру қосылып, мені қатты титықтатып тастады. Биғаділдің күндізгі асыр салып ойнақтауына да, Биғазының буаз қаншықты қоянға қоса жүріп ши оруына да, Бигелдінің қалаға апарып ши сатуына да қатынаса алмай, үй бағумен болдым. Былтыр күздегі жиып алған талқандары таусылғанша, Ергейтінің кедейлері біраз сауықшыл да болып жүрді. Оның дуы – Нұрғазы мен күлкіші келіншек еді. Ол екеуі бірігіп алып, бір күлкі тудырмай қоймайды. Іңірде ол күлкіге маңайдың бәрі жиналады. Өйтетіні, еш ермек таба алмай қалғанда ол екеуі айтыса кетіп, өлеңмен мүйіздесе жөнеледі. Мұнысын өздері «жын шақыру» деп атайды. Жынның бәрі жиналып болған соң, біреуге хиса, біреуге ертек айтқызады. Бұл қыстың ең көңілді шағы мен үшін осы іңірлер ғана болды. «Жын шақырудың» дақпырты төменгі қоржалар мен Емілге жетіпті. Сол жақтағы бір кәрі ақынның «Ергейті жігіттері» деген тақырыптағы ұзақ өлеңінен үзінді келіп тұратын болды. Тегі біздің Нұрғазы сияқты «жындар» да бірдеме құрап шығарып, ол жақты өршелендіріп қоятын көрінеді. Ол ұсақ өлең байып, біздің қоржаны көбірек айналдырды. «... Бекбосын – сол ауылдың молдасындай, Смайыл – қайыршының дорбасындай. Әлімжан – семген бидай масағындай, Смазы – тай айғырдың тасағындай» – дегендей, әркімнің басына дәл теңеумен бір соғып келеді де, кедей еңбекшілердің аянышты халіне түседі. «... Құлыстайдың [10] қазағы арылмай жүр азабы» Бұл тақырыпты бүкіл Құлыстай ретінде көрсетсе де, Ергейті жігіттерін оның ерекше өкілі ретінде суреттейді. Оған он домбай шиін ашақайлап байлап, бітшанаға қауқита басатынын, қалаға үш апарып сатқанда бір көз шайдың әрең келетінін, қайтып үйіне келгенде жейтін тамағына дейін жыр етеді. «... Аузында құрғақ талқаны, шошаңдайды сақалы...» Ауыр тұрмыс пен азапты кәсіптің Ергейтідегі қай түрін айтқанда да жыр соңына ыңғай сол кәсіпшінің аяғын суреттеумен тоқтатады: «... Шикі тері шақайы, көрініп тұр бақайы!» Не істесе де, басын тауға ұрса да, тасқа ұрса да бұлардың халі осы деп ашына күлгені болса керек. Сауықшылар өздеріне арналған осы әзілдерді де бір уақыт айтып, күлісе тарап жүрді. Мұндай жиын әредік-әредік біздің үйде де болды. Бірақ, біздің үйден көбінше жыласып тарасады: Еміл жақтан біздің үйге Харифолла дейтін рулас, туыс келіп тұратын. Ол шебер әнші, өлеңші жігіт екен. Өз елі мен туған жеріне арналған сағыныш өлеңін өзі шығарған әнмен айтқанда тыңдаушы кәрі-жастың жыламағаны жоқ, біздің үйге келгенде, қалаға асығып кетіп бара жатқанына қарамай, қоржадағы таныс, бейтаныстың бәрі жабылып, оны қондырудың амалын табысып жүрді. Ол келгенде Нұрғазы мен келіншегі: «Бүгін тағы бір жыласып алатын болдық!» деп қуанады. Өксу мен өкінішін ішіне тартып алған оның өр дауысымен, өр нақышымен ышқына көтерілгенде-ақ, жан пердесін дәл басқандай тыңдаушы біткен тым-тырыс тына қалысады. Қайырмасына келгенде оқыс кеңк–кеңк етісіп алып, үнсіз егіледі. Шын шай іштім ем айлап, Сағындым елді көп ойлап. Қиыр жайлап, шет қондым, Қосылар ма екем дәм айдап! Жәмила-ай, мекенің қалды-ау, дариға-ай. – Ой, Дариға-ай! – деп күрсінеді кәрілер. Іші босағандай демдерін кең-кең алысады. Шемендей ұйып қатқан қасіреттері осы әннің жалынымен түгел еріп кеткендей, ол көз жасына айналып, молынан ақтарылып жатқандай сезіледі маған. Жастың да, кәрінің де – бәрінің де бетінен төгіліп жатқанын көремін. Біздің сауықшылар түгел осылай екен. Әрбір күлкінің астында көлдей лықсып жатқан қасірет бар да, соны бәсейтетін дәрі таба алмай, көз жасынан ғана дәрмен табатын сияқты. «Бүгін жыласып алатын болдық!» деп қуанысатыны сол екен. Бәрінен көп күлетін келіншектің, бәрінен көп жылағанын көрдім. Біздің күліп ап жылап, жылап ап күлетін осы сауығымыз ұзаққа бармады. Жаз шыға тары-талқан таусыла бастады, бұл қоржадан жалданба кәсіп табылмады да, Смайылдың жеріне дербес бірдеме егіп алуға күш-көлік, тағы басқа мүмкіндік болмады. Оның үстіне әкемнің де Әлімжан қырсықтан аулағырақ кеткісі келіп, тыншымай жүргенінде, Еміл жақтан қуанышты бір сыбыс жетті: «Илхам байдың зәйімкесінде көтере алып құюға беретін мол көң бар екен. Оны айдайтын Өгізбайдан, ағызып әкеліп құятын су – құдайдан – Емілдің дәл жағасы. Бір түмен кесек қиды құюға төрт ағаш бидай, бір шәй, оның үстіне ақшасы да, көйлек-көншігі де бар!» дейді. – Әке-шешеміз құлшына түсті. «Бір түменін он күнде-ақ құйып, бес ағаш бидайын қағып алмаймыз ба!» деп Бигелді дүрілдеді. Үйдің екі көрпесі мен ескі киізін өзі арқалап, қалғанын әкеме теңдеді, ендігі қалғаны өгіз бола алмаса да, «тайынша» болған басқаларға, менің жүгім ешкіге артылды, көше жөнелдік. «Тергеушім», талай қылмыстыны қаза тексеріп, «қарасат майданына» айдатқан тәжірибелі кісісіз. Қылмыстының қылмыс таба алмағанда қысылып қалатынын да, қылмыс тапқан сайын құйрығы қоныс таппай қопақтай беретініне де жетік кісісіз. Біз бұл рет боқ іздеп көштік десек те, жоқ іздеп көштік десек те сізге бәрібір. Қылмыстан қысылып, тағы да қылмыс іздеп көшкеніміз көз алдыңызда тұр. Бұл – сіздің алдыңыздан өткен көп қылмыстыға ортақ қасиет. Ал, бірақ бұл көшудегі біздің одан басқа ерекше қылмысымызға қарай маған өшіге түсуге толық қақылысыз. Менен басқа қай күнәһарыңыздың аурудан тұра сап жүк артып, ешкіні езгені бар?! Мұны қазіргі қылмыстар делосы түгіл, жауыздық тарихынан да оқып көрмеген боларсыз. Менің қылмысым басқаны қойып, жүгімді ешкіге артуға да жетті. Сол жылғы көп көшуден мүйізі қарағайдай кәрі бөрте жауыр болды. Сол ешкінің аруағын шақырып алып, айғақ етсеңіз, мүйізі көзімді ағызар еді.
V Қоқыр-соқырын көтеріп, арып-шаршай жеткен көп жалданбаға ол қи бұлдана қалды, қи емес-ау, бай бұлданды. Бәріміз түп қотарыла бір-ақ шұбырмай, біреуіміз ғана келіп келіскен болсақ, бәлденбей, өзі белгілеген ақыны толық беретін де сияқты. Аяғына келген Айсұлуды тегін күң деп тебетін бай табаны тесіліп жеткен аш жалшыларды аяй ма? Жариялаған ақысын жарымына бір-ақ түсірді. Еңкейіп келгенімізді көрді де, шалқақтап қайта алмайтынымызды білді. Қидың қасындағы жер тамға жаңбырдан паналай қалғанымызды көріп, тіпті білді. Әкем екі күн сөйлесіп жарым ағаш бидайды әрең қосқызды да, он мың кесек қиды екі жарым ағаш бидай жеп қана құятын болдық. Бес жүз сиыр мен екі жүз жылқынын қыс бойы үйілген көңі – Бақтының тауындай көрінді маған. – Отыз мың кесектен асады! – деді Бигелді. – Асса және сол бағада ақысын аласың! – деп бай мол қолсынды. Бірақ, оның мол қолдылығы құятын қалыбының үлкендігіне толық сенгендіктен айтылған екен. Бір қалыбының өзін жөбішеңкі адам көтере алмайтындай етіп жасатыпты. «Мен де құямын» деп құлшынған Биғазы қалыпты көтере алмай жайына қалып, Бигелді мен әкеміз ғана құюға кірісті. Біз әрине, Емілден құрт-балық аулауға ғана жарадық. Бірнеше күн өткенде екі ағаш бидайдың жарым түменді құюға да әрең жететінін білдік, жайшылықтағыдан үш есе үлкен қалып қиды сан жағынан маңдытпай қойды. Мықты әкеміз тұзаққа түскен торғайша тыпырлады. Мойнына түскен «қыл тұзақты» ақылды торғай сыпырып кетеді. Бірақ, бұл тұзақты сыпырып кетуге біздің ақылымыз жетпеді, олай болғаны бидайы желініп қалды ғой! Көңшілер жан алқымға түсті, азық азайған сайын тыпырлай күшейе түсті де қыл мойындағы тұзақ қылғындыра берді. Негізгі кәсіп – біздің «балықшылық» кәсібіміз болды. Өзеннің ағыны бәсең ернеуінен өрге қарай шұбаған құртбалық біздің сүзген дастарқанымзға да ысыра көсіп көтерген шелегімізге де быжынап түсіп жатты. Олар тірі күйінде кішкене қазанымызда ойнайтын болды. Су ысыған сайын жақсы ойнайды. Дүниеде өлімге мойынсал болып, «қуанышпен» өлетін жәндік – осы құртбалық екен. Дәл өлер кезінде «асыр салады». «Бой жылынғандығынан» су қайнасымен мыж-мыж болып, тегіс ұйқыға кетеді. Бұл кезде тіпті біз жеп жатқанымызды да білмейді. Біз қап-қара борбайымыздың жарылуына қарамай сол «қуанышты» құрттарды ғана көретін болдық, түсте де, кеште де соны жеп рахаттанып жүрдік. «Өлмегенге өлі балық жолығады», таудай тезектің жарымы ғана құйылып, бидай таусылған кезде құртбалық үрдіс желініп, сыпыра май тышқаққа айнала бастаған кезімізде, бізге өлі балық жолықты: Су құюға дайындап жайған көңнің арасынан кішкене былғары қалтаға салынған бір кесек апиын ескі көздей күле шықты. Әкем де күліп жіберді. Тірсектегі көңді дереу жуып, үлкен жолға қарай жөнелді. – Бұл апиыншыларға алтын есепті қымбат! – деп Бигелді қуанды, арзанға сатып қойма! Бір ағаш зығыр мен екі ағаш бидай сол күні іздеп тапты бізді. Апиыны таусылғандықтан сырқаттанып жүрген бір қара сұры қазақ байы ере жетті. Жергілікті ауқатты қазақтардың да кейбірі апиыншы болып алған екен. Бидай мен зығыр арбадан домалай түсісімен қожайын да домалай түсіп, жер үйіміздің табалдырығына отыра қалды. Әкем оның неге олай отыра қалғанан білген екен. Түйенің құмалағындай қара–қоңыр «алтынын» қолына ұстата қойып еді, байекең иіскеп–иіскеп жіберіп, бір күрсінді де, бидайдайын үзіп алып аузына сала қойды. Әкем үңіле қарады оған. – Сіз жеуші ме едіңіз? – Тартушы едім, қорқорым үйде қалды. Маңдайынан бұрқ ете түскен терін алақанымен сүрте салып жөнеле берді ол. Зығыр мен бидайды шешем қуырып, қосып, келіде жашыды да, алдымызға қойды. Біздің де маңдайымыздан тер бұрқ ете түсті. Үй ішімізбен батып қалған сол бәле қидан осы «өлі балықтың» күшімен бір айда әрең құтылып, дереу көше жөнелдік. Мойнына оқыс келіп қалған тұзақтан қатты шошып қалған торғай енді бұл маңайға тоқтасын ба, Шәуешек жолындағы көп жұмысшы жалдайтын мойкеге қарай тарттық. Екі ешкіден басқамызда күй де қалмапты. Алыптай Бигелді мен әкеміздің мойындары сол тұзақтан қылдырықтай болса да үзілмей әрең шықты. Ал шешеміздің халі бұлардан да мүшкіл еді. Бұл көште ең күшті нарымыз сол екі ешкі болды. Жүктің көбін сол екеуіне арттық та, «боталарын» қосып айдай жөнелдік. Ерекше бір күлкілі дүниеден шығып келе жатқандай, «керуеніміз» маңырай шұбады. Жол-жөнекей кезіккендер, біздің біраз ұялғанымыз болмаса, жүрісімізде пәлендей оғаштық жоқ сияқты. Кәдімгідей зор тізбекті керуен болдық. Бізде де түйе керуенінің қоңырауы сияқты даңғырлайтын леген бар. Біздің де «жүк ауып барады, бас!», «Көтер!» деп саңғырлайтын ақсақалымыз бар. Ең кемі-ақ «бұрау сал!» деген сөз шықпайды. Ешкі, сірә жүк көтеруге көнсе де бұрауға көнбейтін тәрізді. Сол райларын бағып, бұрау салмасақ та лақтарымен үздіксіз маңырасумен болды. Біздей қылмыстыларға ешкі болуларына тойған сияқты. «Балам, менің не болғанымды көріп келесің ғой, қылмыстыларға түйе болудан кемелектен өлудің өзі жақсы!» деп лағына үздіксіз өсиет айтып келе жатқан сыңайлары бар. Көтерген жүгін мойкеге күн еңкейе әрең жеткізген екі ешкі, кәдімгі түйеше шөгіп дем алды. Сүт шықпай қара шай іштік. Қабағымызды теріс салып қайғыра іштік: Өйткеніміз – мойкенің жүн жуу жұмысы тоқтап қалыпты, енді кәсіпсіз шиқылдайтын болдық деп қайғырдық. Бізден бұрын келіп шиқылдап жатқандар тіпті көп екен. Иін тіреседі. Шақырайған тымырсық ыстықта алан–ашық жатқан аш-жалаңаш жұмыссыздар бық-бық етеді. Бекер бықылдап та жатқан жоқ. Биыл бар жерге төнген ашаршылық апатты айтып, «қырылудың» ащы түтінін морлатып жатыр. Бұл қылмысқа қалай шыдарсың! Таңертең екі ешкіні қомдап жіберіп тағы көштік. «Қала ішінде үкіметтің тасжол жұмысы бар» екен деген бір жылы сөз жылжытып ала жөнеліп еді. Бигелді мен әкеміз бастатқан «төрт түйе» ыстық топырақты бұрқылдата «бота-тайлақтарын» шұбата отырып Шәуешекке күн еңкейгенде әрең жеткізді. Жасалып жатқан тас жол жамбылдың шығыс жақ сыртында екен. Біз жол бойында ағаштың бұтақтарынан балалардың ойын үшін жасаған күркесіндей кішкене-кішкене үйшіктерге бастарын ғана тығып жатқан қалың жұмысшыларды көктей өтіп, жоғары жағындағы жарға қарай тарттық. Әдетіміз бойынша соның бір үңгірін тауып кіріп алмақ едік. Сыртымыздан таныған біреулер айқай салды. Бақсақ көпшілігі біздің елдің адамдары екен. Біз кірмекші жардың бүгін ғана екі үйлі жанды басып қалғанын, олардың сүйегін де ала алмағандықтарын айтты. Жамбыл қабырғасының былтыр «хұйзулар» ойған үңгірлеріне паналаған жұмысшылардан қаза болғандар да көп екен. Шешемнің төркін жұртынан бірнешеуін сол үңгірлер басып қалыпты. Аман қалғандардың әдісімен біз де түнделетіп жүріп, ағаш бұтағынан үйшік жасап алдық. «Тергеушім», есіңізде шығар, былтыр біз Шәуешекке алғаш өткенде Қайысбектің кішкене үйіне сыймағандығымыздан қала шетіндегі зар-мұңға толы бір мал қораға түнегенбіз ғой. Сонда бізге танысқан Омар атты мысқылшыл шал бізге шәугімін беріп, шай қайнатып ішуімізге көмектесіп еді. Бұл жолы тағы соның үйшігінің іргесіне келіп қоныстаныппыз. Түнделетіп бізге үйшік жасасуға Омар тағы көмектесті. Қыдырған әйелдердің «өсек таппаса» өксіп жылап қайтатындығы жайлы мысқылдаудың орнына өзі өксіп, көрген қорлығын, туған жерінен ауған өкінішін айта жүріп көмектесті. – Мені босқын етіп осы халге түсірген коммунистер емес, көрге кіргір немерелес інім – Бекеш!.. Қыр соңымызға түсіп бүкіл туысымызды қирата түрмелетті! Сібірге айдалудан қашып аман құтылғаны мен едім, енді осы құлдықта құритын сияқтымын!... Әттең соны! – деп қалшылдап кетті Омар. – Ол – Бикеш не орында еді? – деп әкем ширай сұрады. – «Ақ жүрек-белсенді» деген «мансабы» бар, шынында нағыз қара жүрек еді ол, коммунист париясына кіріп алу үшін бізді қырып беруге салынды, іздегені – пәле-жала! – Ақтай, Санатпайдың туысы деші!.. Біздің күрке Омар мен әкемнің осылай ширығуымен тез қалқиды, ашулы-кекті қолдар ағаш бұтағын аштығына қарамай жұла беріпті. Тасжол жұмысының ақысы – әр жұмысшы күніне үш уақыт жейтін екі жүз елу грамдық үш тоқаш еді. Жұмыс істемеген күні ол да жоқ. Байдың қыл тозағынан қашып келдгенімізде, үкіметтің бұл тозағына басымызды тұрмыс еріксіз сұғындырды. Байдың қиынан мұның артықшылығы – әутеуір айдап жүріп істететін мылтықты шеріктерінің барлығы болды. Бұрын өзімізді-өзіміз айдап әурелендік қой, мұнысына да қанағат етпей болмады. Біздің үйден дағдылы үш адам жұмысқа орналасып, зәмбілмен тас тасуға шыққан күні мен қалтырап безгек аурумен жығылдым. Төрт «түйеміз» көтеріп келген жүктің бәрін жапқанда да лыпа құрлы көрмей селкілдедім. Менің ауруыма шешем қалып қараса, жеті адамның жейтіні екі-ақ тоқаш болып қалмай ма? Биғаділ қалса, барлық ауырымызды көтеріп жүрген ешкіні кім бағады, оны біреу сойып жей салмай ма! Зәмбіл көтеруге жарамайтын Биғазы қараса, оның да өзіне лайық бір жұмыс іздеуі керек қой. Жеті ауызды үш тоқаш желімдеуге жете ме! – Апатай, менің қасымда Биғайша отырса болғаны, бара бер! – деп жалындым мен, өз алдыма дербес дірдектей бергім келді. Қалшылдап-қалшылдап алып, қатты терлеуге кірісемін. Көз ашқаннан уайымдап үйренген, бала болып ойнауды білмейтін Биғайша тыпыр етпей менің қасымда болады, тер ағып жатқанда мен суға тоймаймын. Ол тәлтіректей барып су әкелгенше мен тағы шөлдеп жатамын. Әрине, ол бір шыныдан артық су көтере алмайды, оның үстіне тәлтіректеп жүріп жарымын жеткенше төгіп болады. Безгектің безілдетуі сөйтіп Биғайша шаршағанда ғана тоқтайды да, мұнан соң екеуміз де біраз тыныштық тауып, қарсымыздағы тас жолда өтіп жатқан жұмысшыларға қараумен боламыз. Бірақ, бұл қараудың өзі де ауруша қинайды. Жұмысшылар алыстан көтеріп келе жатқан құмды тастарын жерге қойып дем ала алмай майысып-қайысып, бүрісіп-тырысып, терлерін сорғалата өтеді. Бұлардың тізбегінен біздің әке-шешеміз де көзімізге оттай басылып өтеді. Әлсіз нәзік шешеміздің қап-қара болып түтіккен шырайына, ауыр зәмбілді алыстан көтергендіктен білегінің қарымы жетпей, мойнына асып алған ала жібімен көтеріп бара жатқанына, зәмбілдегі тастың үйме болып басылғанына... бар кейпіне ауыр мұңмен қараймыз. Шешеміз сол ауруымызды жеңілдеткісі келгендей, біздің тұсымыздан ширақы, жеңіл өтуге тырысады, бізге қаммен қарап қояды. Менің халімді біле кеткісі келіп, алды-артына жалтақтайды, бірақ, арттарында шерік бар ғой, кідіре алмайды, шіркін шеше!.. Маған жол бойындағы мылтықты шеріктерден басқасының барлығы аянышты, барлығы қылмысты, сорлы көрінеді. Сұп-сұры болып тынып тұрған аспанда, тіпті бүкіл дүниенің өзі тұтас аянышты, тұла бойымен сорлы қылмысты сияқты елестейді. Соның ішіндегі ең сорлысы – мына көп күрке. Күндіз ыстыққа саялылығы, түнде суыққа паналығы жоқ, қайта мойнын созып бір қырсықты өзі шақырып тұрғандай көрінеді. Үш тоқаш жетуімізге жетіспеді. Емілдің құрт балығы, боқ-жыны аршылмай пысқан ащылығымен шиқылдатып еді, бұл тоқаш көпе-көрнеу өзінің тәттілігімен шиқылдатты. Биғазы күнде қаңғып жұмыс таба алмай, қасапшылардан қойдың қанын әрең тауып әкеліп жүрді. Әрең табатыны, қан алушылар биыл тіпті молайып кеткен екен. Таласа-тармаса күші жеткені, иә, жылпысы ғана ала алатын болыпты. Сөйтіп, тасжолшылардың көбінің күркесінің алдында қан қайнап, қан қуырылып, қан бауырша қатып, пысып жатты. Біз де оны қиялай кесіп соғатын болдық. Бүкіл қауым болып тегіс қанқұмарға, қанды шелек, қанды қол, қанды ауызға айналдық, бұдан үлкен қылмыс бола ма! Біз сияқты «айырым кәсіпші» бар, «қолы ұзын» семьялар ұнның кебегін де тауып әкеліп жүрді. Биғазы оны «туысқаншылап» жүріп табады. Ұнның кебегін қанмен илеп, қалашқа айналдырып пісіретін өнер біздің үйден тасжол бойына таралды да, бүкіл қала кедейіне жалпыласты. Бұл қанды қызыл нан – біздің талантты шешеміздің тағам ғылымына қосқан «жаңа үлесі» болып жайылды. Қыр соңымыздан қалмай жүрген ашаршылық атты қырсық біздің бұл далбасамызға алданғысы келмей, аузын ең мықтымызға ашты, бір түні Бигелдіні алып ұрды. Бір түннің ішінде-ақ тұлыптай болып ісіп–кеуіп алған Бигелді таңертеңгі жұмыс уақытында орнынан тұра алмай қалды. «Жығылған үстіне жұдырық», бұл жұдырық талмау жерімізден дәл тигендей әкем мелшиіп отырып қалды. – Дәрмен болатын бірдеме тауып бере алмасақ, екі күннен қалмай үзіледі! – деп күбірледі. Шешеміз Бигелдіге көрсетпей жылап отыр, әкемізге бірдеме айтты да жұмысқа жалғыз өзі кете барды. – Алдымен Ақанға барасың ғой! – деп жүре жалғастырған сөзін ғана естідім, – қайтып келіп соярсың! Бүгін менің безгегім де ұстайтын күн еді, құрыштап дірілдете бастады. Бірақ, қайғы үстіне қайғы жамағым келмеді, тісімді тісіме басып отырып алдым. Биғазы көшеге қарай жүгіре жөнелді де, Биғаділ ешкісін айдап кетті. Төменгі жақтағы Ақанның үйіне қарай әкем жөнелді. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|