ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
Бесінші бөлім 1 страницаТАЛАСТА І
Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Біз Дөрбілжінге 1934 жылы сегізінші айдың ішінде келдік. Үрімжіде Жин Шурынның ойрандалған тағының орнына былтыр орнаған Шың Сысайдың жаңа үкіметі биыл төртінші айдың 12 күні жарияланыпты. Шың Сысайдың тегі де мәнжуриялық "құңқузы" деп естідік. Бірақ, жұрт: "бұл бұрынғы құңқузыға ұқсамайды, Совет Одағында тәрбиеленген жаңа құңқузы, жаңа саясат жүргізеді!" десіп жүріпті. "Былтырғы дүнгендердің де, Шынжаң патшалығынан дәмелі болып, шетел жиянгерлерінен қару алған талай-талай кертартпа сылиң-жияңжүндердің де бел омыртқасын үзіп, Шынжаңға тыныштық орнатқан осы батыр екен" дейді. Ол шоңқиғандардың арасында англияшыл, америкашыл, гомендаңшыл талай шойтабан сауыттылар болса керек. Бірақ, солардың арасында ислам ұранымен шыққан, жергілікті мұсылман үкіметін құруды ту етіп ұстаған сауыттылар жұртты біраз елеңдеткен көрінеді. Соның бәрін шоңқитқан мына батырға ешкім дау айта алмай қалған екен. Дау айтудың үстіне, тіпті дәу күрзілер көтеріп те шығар еді-ау, бірақ бұл батырдың тегі, Совет Одағы болғандықтан, еңбекші халық үндемей қалыпты. Сол сауыты ғана болмаса, шоңқиятындарға қарағанда мұның күші мардымды емес сияқты. Мұның соңынан 1931 жылы жапон фашизмі Манжурияның бір бөлігін басып алғанда Совет Одағына қашып өткен біраз манжуриялықтар қана ерген екен. Өзі сол топтағының біреуі болса керек. Егер өзінің дербес күрзісі болып, онысы рас жуан болса, жау қолында қалған Манжурияға қайта ұмтылмас па еді. Жоқ, ол пәлендей күрзілі мықты емес, тек Совет Одағына достық уағдасын беріп, соның күрзісінің күшімен ғана билік басына шығыпты. Былтырғы дүнген соғысында қырғыннан бізді аман алып қалған орыстар – мықты күрзінің дәл өзі болса керек. Оны көрген жергілікті халық, әсіресе, еңбекшілер қауымы оған қалай қарсылық көрсетсін! Шың Сысайдың жайы бізге Дөрбілжін тұрғындарынан осылай жетті. Ел "Совет Одағының досы еңбекші күйін жақсартар, әділдік орнатар" деген үмітте жүрді. Ал оның не саясат жүргізгенінен де, не істеп жатқанынан да ол кезде қарапайым халықтың хабары жоқ еді. Біздің хабарымыз, әрине, тіпті болмады. "Май ақысыз паналайтын қуыс қайда бар екен, кімге жалшы керек екен!" Құлағымыз соның хабарына ғана түрілді. Дөрбілжінге келгелі "Ағылық" көшесіндегі бір сарттың екі ауыз үйін майлап отыратын Дүйсенбай дейтін туыстас ағайынның үйіне сыйысып отыр едік. Иін тіресе келе үйге сыйысып отырғанымызбен, қора иесінің дәретханасына сыйысу қиын болып, Биғаділ екеуміз тергеуге тартыла бердік. Бигелді Саңлибай дейтін бай "жаңгүдейге" айына бір ағаш арпаға жалданып кетті де, әкеміз баспана іздеп қаңғумен болды. Қожайын ханымы Биғаділ екеумізді дәретхана алдына қатар тұрғызып қойып тергеп тұрған бір кезде әкемнің Жанас дейтін жиені келді. Үйге Тоқтыханның шаңқылын ести кірген ол бөгелмей қайта шығып, дәретхана тазалауға берілген үкімінен құтқарып ала жөнелгенде ғана тыныс тапқандай болдық. Жанас біреудің көтек арбасымен отын сата келген екен, сол арбаға дүниемізді басып, қоржадағы өз үйіне қарай бізді шұбата жөнелді. Бір қасапшыға жалға орналастыру үшін әкем Биғазыны алып қалды да, арба соңынан шұбаған төртеуміз ғана. Қаланың батыс жағындағы Әлихун дейтін күйреген дүнген помещиктің тозған қоржасына көштік. Жанастың үйі Әлихунның үлкен бір ауызды тамында екен. – Екі қатын мен кішкене Сәлихаға даладай үңіреюші еді, енді бұл тамды қанағаттандыратын болдым! – деп күлді де, Жанас алдымыздан амандаса шыққан кіші әйеліне бүйырды. – Жәмила, шай қайната бер барып, Мадиянның басы ауырып келді, Нәсихан әлі ыңыранып жатыр ма? Оған Жаппардың сәлемін айт, аяғын жиыңқырап жатсын! Ауруы тұрмақ жынын да қағып аламын, – деп келе жатыр. Нәсихан Жанастың жеңге алған үлкен әйелі еді. Ағасы – Қапас өлген соң әмеңгерлік жолымен, өзінен әлдеқайда үлкен жеңгесіне жанасты әкелері жастай қосақтаған екен. Адуын Нәсихан бала таппағандығынан ақсап, кейінірек Жәмиланы алуға әрең жол беріпті. Жол берілсе де, момын Жәмиланың жолы болмай күңге айланып жүргенін, қатты езгіден түсік тастап, бір қыздан басқа бала көрмей жүргенін еститінбіз. Шешем Нәсиханның сонысынан ғана қауіптенеді. – Жәмиланың көрген теперішіне Жәкең шыдамай Нәсиханмен ұрысып қалмаса игі еді! – деді Жанасқа. – Арс ете түскенімен артында жоқ қатын ғой, Жәкең екеуміз бір Нәсихандық болармыз. – Жанас тым денелі болғанымен өте пысық, сезімтал, ойлы, ұшқыр, шешен еді. Теп-тегіс қырқатын сұлу мұрты мен сұрша жүзін қушыкеш сөзімен бірге ойнатып, күле де, күлдіре де отыратын көңілді адам болатын. Сампылдаған ор ауыз, қара Нәсиханнан секем алса да, шешеміз Жанастың ұятты білерлік осы сыр мінезділігіне сенеді. Мәңгілік "сау-ауру" Нәсихан басын күрсіне көтеріп, шешеммен амандасты. Лезде жыласып та, күлісіп те алды. Жәмиладан басқаға қытымыр тие бермейтін "алдында" бар, "артында" жоқ, аңқылдаған мінезімен ақтарыла қарсы алды. Қытығына тимегенге қырсығы жоқ, жақындықты білетін көнекөз жиен абысынына келіп шешеміздің көңілі ашылды да, Тоқтыханның шаңқылы естілмейтін кең жерге келіп Биғаділ екеуміздің көңіліміз ашылды. Үйінің алды да, арты да шилі-жусанды иен дала екен. Биғаділ екеуміз қайда барып отырсақ та, ерікті болғанымызға қуандық. Бір қадақ ет келіп, өзі ішетін тас шайы болған күні Нәсихан сауыға қалады екен. Базарға бір арба жусан апарып сатып, шерік шай мен бір қойдың бас-сирағын әкелген Жанас Насиханды сол күні кеште сау бәйбіше сияқты тік отырғызды. Өзі күйді әсем шертетін домбырашы болатын. Тозғын-босқын тұрмыста жүргенімен домбырасын тастай қоймапты. Әдемі қоңыр даусымен ән де салды. Соншалық көңілді жүретін қунақы адам ыңғай мұңлы ән мен өмірден түңілген шерлі өлең айтатын болыпты:
"Әрине, қолдың кірі жуса кетер, Неге айтқан бұрынғылар болса бекер. Қырсығып қылған ісің оңға айналмай, Дариға, сөйтіп жүріп күнің өтер!"
Көңілдің кірін көз жасымен жуып кетіруге құмар әйелдер, әрине, іңір бойына жыласумен көңіл ашты. Отырып жылауға уақыттан жұрдай Жәмила бас-сирақты үйітіп, ішек-қарынды тазалай жүріп, су әкеліп, от жаға жүріп, зыр жүгіре жүріп жылады. – Осы күңнің соншалық жылайтындай не мұңы бар екен! – деп оған ұрыса отырып Нәсихан жылады. Оның жылауын да күндегендей, өзі одан көбірек жылап отырып, Жәмилаға тыйым айтады. Жәмила біздің естігенімізден де ауыр қылмысты екен. "Әр күні оның мойнына мінген қылмыс менің мойныма мінсе, омақасар едім" деп ойладым мен. Оның жазаланбай өткізетін уақыты түн ортасынан таң бозарғанға дейінгі уақыт қана екен. Таң бозара тұрып, тері шақайын аяғына тартысымен, Нәсиханның дәрет суын жылытады. Күндіз кешке дейін ұйықтайтын Нәсихан ерте оянады. Дәрет алып, намазын дәл уақытында өтейді. Сөйтіп, дайын суымен құдайын разы қылып, сауабын ала қояды да, қайта ұйықтайды. Жәмила оның керісінше күнәға батады. Күнәға бататыны – намаз уақытында пенделік нәпсінің шайын қайнатады: Нәсиханды қайта оятып, шайға қандыру шарт. Ол шартты орындап болысымен отынға кетеді. Бір арқан жусан шауып алып, оны жаяу көтеріп базарға сатуға әкетеді. Бір қадақ ет сатып әкеліп, Нәсиханға жегізуі – өзінің құлағының тыныштығы үшін шарт. Нәсихан ет жеп сауыға алмаған күні Жәмила мен Жанастың құлақ етін жейді. Қылмысты өз құлақ етін жегізуге, әрине, көне береді ғой, омырық қара бәйбішеден жақсы күйеуінің құлақ етін аяйды. Нәсиханды сауықтырған соң ғана өздерінің шайын қайнатуға мұршасы жетеді. "Жұмысы өнбейтін шу аяқ тоқалдың» сол күйбеңінен түн ортасындағы демалыс уақыты әрең жетеді. Кезінде мол жасау жасатып, салтанатпен келген бай қызы – Нәсиханды феодал қайын аталары мен құдай тағала енді Жәмиланың мойнына расында да мықтап артқан екен. Әдемі ғана қызыл сары өңді Жәмила нәп-нәзік бола тұра шойдай қара қатынды құдай мінгізген соң қыбыжықтамай көтеріп жүріпті. Қанша айтқанымен қылмысты емес пе, бұра тарта алмайды, еркелемейді, Нәсихан бауырына салып алған жалғыз Сәлихасын менен туған деп меншіктемейді. Тіпті, бір рет толық жуынып-тарануға да уақыты жоқ. Онысына құдай тағала разы болмаса болмай-ақ қойсын, өз мойнындағы жүкті бөліп көтергендігі үшін әйтеуір күйеуі разы. Нәсиханның бір қадақ ет салығын бір күні Жанас, бір күні бақайшығынан майысып Жәмила тауып әкеліп беріп жүріпті. Іңірде домбырасын алған Жанас мұңды өлеңін айтқанда, Жәмила жорғалай жүріп жылайды, Нәсихан онысын жазғырады. Бұл үйде өзінен басқа біреудің жылауға да құқығы жоқ сияқты. Осы жайларын көрген соң, үйдің қыстық отынын Биғаділ екеуміз разылықпен міндетімізге алдық. Жәмилаша біз де шылғи теріден шақай тартып алдық та, мия, қурай орып, жусан шаптық. Жәмилаша "өгіз арқа" көтере алмасақ та, күніне "тайынша арқадан" екі-екіден төрт рет көтереміз. "Өгіз арқадан" қалыса қоймайды. Қар басып қалмай тұрғанда біраз қалқайтып алайық деп тырбынып едік, жер иесі отынының сонылау жерін қориды екен. Кәрі Әлихун "ши аяқ" сұлуының талабымен қалаға көшіп кіріп алып, жер иелігін Жұмақұн дейтін інісіне өткізіпті. Былтырғы "дүнген ойраншылығынан" өздерінің мол егін саларлық күш–көлік қоры сарқылыпты да, арендаға алушы шықпай, соншалық көп жер тың далаға айналып қала беріпті. Қыста соның қурайы мен шиін қориды екен. Тіпті, тым жауыздық әдіспен қориды: таңертең отыншылар шыққанда үндемей қарап отырып, кешке жақын отын әбден дайын болғанда бас салады. Сөйтіп, кешке дейінгі табысын тартып алып, отыншының өзін қуалай салады екен. Ондай күш қылауы қайтпаған жас Жұмақұнда толық еді де, айтыса алмайтын әлсіздік отыншыларда толық еді. Себебі, олар шетінен қылмысты – бұралқы. Ауыл иті арс ете түскенде, бұралқы ит тістеген сүйегін тастап, құйрығын қыса қашпай құтылар ма?! Қаладан келген талай отыншы солай құтылып жүрді. Биғаділ екеуміз де әкеміздің шауие жуңтуынан құтылу әдісін қолданып, шапқан отынымызды екі рет беріп құтылдық та, бұтасы сирек даусыз жерден шабатын болдық. Бір ауыз үйде отырған екі үйлі жан тату-тәтті тұрдық. Әкем мен Жанастың кезек шертетін жалғыз домбырасы мұң тербетсе, әкем мен Нәсиханның ымырасыз дауы күлкі тербетіп, "барымен базар" болып жатты. Нәсиханның бұрынғы ерімен әкем құрдас болғандықтан, Жанас іні ретінде сыйластық білдірсе де, Нәсихан құрбы қатарында әкеммен қатты айтысатын. Оны бұрынғысынша "жынды Жаппар" деп айтады. Сондықтан жындыға оның шексіз диктатурасы жүрмейтін. Айтыс алдымен Нәсиханның түнде үйге дәреттенетіндігінен басталады. Онысын білісімен әкем оған қарсы шара қолданды: шам сөнісімен дәрет тегенесіне су толтырып құйды. Баж ете түсті Нәсихан бір шақта: – Үй, жолың болмасын Жәмила, мынаны толтырып қойған сен бе?! – Ей, ол емес, – деді әкем, – мен!.. Сыртқа апарып төге салшы! – Үй, құдай төбеңнен ұрсын, ұялмай енді үйге сигенді шығардың ба! – Ей, сен келіншек ұяллмағанда мен ұяламын ба! Жасың кіші ғой, апарып төге сал! Ол қарғап-сілеп далаға шыға жөнелгенде, Жанас бастап үй іші ду күлді. Нәсихан қайтып кіре тағы сампылдады. – Соншалық лық толтырылғанын! – Кеше таңертең, Жәмила шығарғанда сенікі де аз емес болатын. Төктің бе өзің? – Өзімдікін төге алмай жүргенімде, енді сенікін төгейін бе! Көзің шыққыр-ай, қайдан көре қойып еді! – деп қисая кетті Нәсихан! – Менікін сен төге алмасаң, Жәмила сенікін де төге алмайды, тыныш жат сампылдамай! Содан бастап тегенеде әр түні су толып тұратын болды. Түн ортасында Нәсихан қарғап-сілеп шығатын болды. – Ой, құдай төбеңнен ұрсын, Жаппар, – дегенде-ақ Жанастың күлкісі қоса шығатын болды. Жәмила күлмеген соң Нәсиханның да шамы қозбай, тез өше қалатын. Нәсиханның тұрмысындағы бұрыннан әдет болып қалған шексіз үстемдік, сөйтіп, әкемнің қарсы шабуылына ұшырай берді. Ойын-шыны аралас соққыдан жақтаушысыз Нәсихан өзінен-өзі тежеле берді, дегенмен үйде әкем барда ғана тежелгені болмаса, ол жоқта Нәсихан тағына қайта мініп, Жәмила мен Жанасқа аюша ақыруын қоймады. Шешем сыртқа шығып кеткенде тіпті қаттырақ тиіседі. – Бұл жындыны неге шақырып келдің осында! – деп ақырады ол Жанасқа. – Ойбай-ау, мен келтірмегенге Жәкең қоюшы ме еді! – деп Жанас күледі, – сені жеңетін жындыға мен қайтып төтеп бере алармын!.. Бірақ, бұл өзі әділ жынды ғой, сенің жақсылық жағына дау айтпайтынына біз сүйініп-ақ жүрміз. Туысқанға зар болып, біреуін әрең тапқанымызда, оны ренжіте көрме, атақты жынды емес пе ол, қазан-ошағыңды шағып кетер, ақылың бар еді ғой өзінің. Жанастың бұл қулығына аюдың өзі де күле салатынын көріп жүрдік. Оның әдеттенген тізгінсіз анайылығына тиісе-тиісе жүрген әкем ол науқастанып қалғанда азын-аулақ көмегін де тигізе жүрді. Рузы дейтін қасапқа жалданған Биғазының ақысы – әр күні "көже қатықпен" қамдау еді. Биғазының ептілігіне Рузы қасаптың қайырымдылығы қосылып, тәп-тәуір қамдалып тұрдық. Сойылған қойдың құйрық майынан терімен қоса сылып, Биғазы әр күні әкемнен беріп жіберіп тұрды. Сөйтіп, Нәсиханның майшыл аузына аз да болса "бөстірме" түсіп тұрды. Жаздағы көрген қыспағымызға қарағанда жазылыңқырап қалған осы бір тәп-тәуір күлкісі бар тұрмысымыз қайтадан тосын сүркейлікке ұшырай қалды бір күні: Бигелдіні "жаңгүдейі" қайтарып жіберіпті: – Сенің әкең күн-түн келеді, бірдеме ұрламаса неге келеді?! – деп қуалапты. Ауыр жұмыстағы баласының денсаулығын біліп қайтуға әкем екі рет барған екен. Бар күшін сарқа қимылдайтын Бигелдіге бір қыстық ағаш отынын тасытып, жарғызып болған соң, қыс ішінде оны сол сылтаумен ғана қуалапты. Бұл бір соққыдай тиді бізге. Айына алатын бір ағаш арпаны "құдайдан" күтер едік, ақ қар, көк мұзда жұмыс табылмайтындығынан қысылдық. Бізді тағы да уайым басты. Бигелді әр күні кетіп, әр байдан жұмыс іздеп сандалып жүр еді. Бір түні таңға жақын есік қағып, үйге еңбектеп кірді. Бір балтырын көйлегімен таңып алған екен. Жеті шақырым жолға қар үстінде еңбектеп, сүйретіліп әрең жетіпті. Өң-түс жоқ. Тап болған жайын ерні қыбырлап әрең айтты да, құлай кетті. Дөрбілжін халқы "шұнақ" деп атайтын "жаңгүдейдің" қорасына жұмыс іздеп кіргенде, оның бір қара шұнақ төбеті балтырдан бір-ақ орыпты. Көйлегімен қатты таңып алғандықтан қансырамағанымен, бір аяғы мүлде басуға келмей қалған екен. Ымырт жабылғанда көшеден таныс ешкім кездеспей, далада үсіп өлмеу үшін бір тізесімен еңбектеп сүйретіле беріпті. Ит қапқан балтырды әкем шешкенде саулаған қанды көріп бәріміз шу ете түстік, күйдірген құрым кигіз басып, қайта таңып тастады. Жалданатын орынды енді әкем іздеді. Нардай жас жігітке табылмаған жұмыс найқалып–шайқалып әрең жүрген шалға қайдан табыла қойсын, әйтеуір итке қапқызбай аман қайтып жүрді. Сонда да іздеуін қоймайды. Биғазының күнделікті "өндірісінің" соңына мен түстім. Дөрбілжіннің дәл ортасындағы төрт көше түйісіп – базардың қайнаған жері еді. Қатты қайнап сапырылысып, сақылдасып жататын сол қазанға мен де күніне бір түсіп шығатын болдым. Төрт көшенің шығыс жақ мүйісіндегі биік ыспылы лапас асты – Рузы қасаптың "дүкені" екен, ең қатты сақылдайтын да сол Рузы ахуын көрінеді. Таразыға тақыстығы жоқ, дөңгелек қара сақалды жуан қара қасапшының дауысы да өзіндей зор, ет алатындарды жарылқаушы жомарттай тартып, ілулі таразысы бір көтерілген Оның арт жақ далдасында бауыздалған қойдың артқы борбайынан үрлеп, төмпештеп Биғазы отырады. Қойдың еті мен терісінің арасы жел гулеп, іркітке толы сабадай тырсиғанша алқымы мен ұрты да торсықтай кеуіп алып, Биғазы үрлей береді. Толық үрленген қойдың терісін қасапшы қайырыла салып, оп-оңай сыпырып жібереді де, ішек-қарнын теріге ақтарып тастап, ілгекке тағы іле қояды. Семіз ет желмен көбіктенген соң тіпті семіз көрініп, көз біткенді өзіне Бір қой бауыздалған сайын осылай бір қиналып, боз аязда да маңдай тері бұрқырап кететін Биғазының күреңітіп ісінген жүзіне қарап мен отырамын. – Басың айналды ма? – деп сұраймын ақырын ғана, – асықпай үрлесеңші! – Асықпауға бола ма, ілулі еті қазір-ақ бітеді. Үрлеуден қиналмаймын! – деп Биғазы менің көңілімді жұбатады. Ішек-қарынды бас-сираққа қосып жиыстырып қояды да, терідегі бізге тиесілі "бөстірмені" ойып менің дорбама салады. Оған ұйқы, шажырқай бездері мен көк бауыр қосылған соң-ақ жолға түсемін. Өзі тағы бірдемелерін көтеріп қожайын үйіне асыға жөнеледі: онда таситын суы мен жағатын оты бар ғой. "Биғазының жалақысын" әр күні осылай арқалап қайтып жүрдім. Бұл біздің тұрмысымызға қарағанда аз табыс емес еді. "Мұндай бездерді біздің ең күштіміз де таба алмай, тіпті өзі итке без болып желініп қалды ғой, дариға!" Менің үйге қайтқанда көтере алмай ауырлап қайтатыным осы қайғы болды. Ең үлкен сүйенішіміз еңбектеп кіріп-шығып жүр. Түрегеп тұрғанда біз шалқая қарайтын ағамыздың үйден бауырымен жылжып шыға келгенде аяғымыздың астынан көрінуі "жүрегімізді" мыжитын өте аянышты хал болды. Күндіз төрт көшеге барып, сыпы үстінде қайнаған базардың төбесінен қарап отырғанымда да сол елестеп, өзім де табан астында жатқандай жаншылып отырамын. Сыпының алдында елегендегі қойдың қанын аңдып бірнеше ит жатады. Сыпының үстінде бездер мен қойдың таңын аңдып мен отырамын. Менен кішілеу балалар да сөмкесін көтеріп, оқудан қайтып бара жатады. Олар адам сияқты, мен де өзімді адам сияқты көремін. Бірақ, олар без бен қанға қарамайды. Ал мен соған телміріп, соны бағып отырамын. Сол адам замандастарымнан менің айырмашылығым өте зор сияқты. Олар балаша жайнаң қағып, ойнақ салып, бірін–бірі қуаласып өтеді. Мен қаннан басқаға қарамайтын кәрі бұралқы ит сияқтымын. Бұл телміруімді қойып, мен де сөмке асынсам, молданың ақысын төлей алатын, мені қағаз-қарындашпен қамдай алатын қуат әкемде болса, жеті шақырым былай тұрсын, он төрт шақырым жерден болса да мектепке осылардан бұрынырық жетер едім ғой! Теңелу ғана емес, алдыларына түсіп кетер едім ғой, амал қанша. Маған ондай күн қайда, мен емес, тіпті жігіт болып қалған мына Биғазы самсаған базарда бауыздалған қойдың шабын сүйгендей не істеп отыр! Мен оқушыларды көріп, қиялдауға мұрса тауып отырыппын. Оның қарап қоюға да мұрсасы жоқ, үрлеген қойынша өзінің де ісіп-кеуіп, күп-күрең болып отырғанын көресің!.. Жігіт ағасы болып қалған Бигелді не күйде! Енді қартайғанда әкеміз жалшылық іздеп, сенделіп жүрмей ме, мен кімге теңеле алармын? Сыпының қарсы жағындағы асхананың манты қасқаны көтерілді. Жағымды иіс бүкіл базарды аңқытады. Тарелкелерге манты салатын аспаз тым екпіндетіп, секірте-секірте санайды. – Яуп, иман ағзам.. Яқ манты, яқ манты!.. Бес манты, сегіз манты, он төрт манты! – Я, Қайролла! – деп ол мантыға біздің қасапшы да үн қоса ұмтылады. Азан-қазан базарда оған Биғазы екеуміз сияқтылар қарамайды. Қарамайтынымыз, дәмеленуге дәрменіміз жоқ. Ұзын жырық етек шапанды, сәнді шляпалы "Шәңсың" "Жаңгүдейлер де" оған қарамай өтіп жатады. Олардың қарамайтындары дәрмендері тым жоғары, жүректері кілкіп айнитындай тыжырына, тәкаппарлана басады аяқтарын. Біздің алдымыздан шығыс жаққа қарай "Қытай көшесі" басталатын. "Саңлибай жаңгүдейі қайсысы екен?!" "Шұнақ жаңгүдейі қайсысы екен?!" деп мен оларға сүзіле қараймын. Қызыл асығын қара жібекпен таңып, ешкінің сыбырлағындай ғана шүберек кебіс киген ши аяқ тәйтәйлар менің көзімді көп тартып өтеді. Іркілдеген жуан денелерді шидей жіліншік қайтіп көтереді екен деп қараймын. «Қаз-қазға» жаңа келген баладай, аяғын апыл–тапыл басқанымен, алшаңдаған кеудесі тым көтеріңкі. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|