ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 10 страница– Ал, қойдым енді, қойдым,– деп Нұрия басын көтеріп алды, серги көтерілді. – Сені аяймын деп ар-ұятыңнан айыра жаздаппын,– деп қызғылт тарта күлімсіреді. Күлән кіріп, кішкене үстелге дастарқан жайды да шәй құйды. Мен заттық болмыстан сырт рухани қиялдың адам сезімін алдағыштығынан туылатын жат құбылыстардың бірнешеуін әңгімеледім. Оның ішінде түс көру де, бастырылу да бар. – Сіз де біраз жылап қойдыңыз-ау деймін,– деп Күләнға қарадым сонан соң, – қалайдан қалай жылауық бола қалдыңыздар? Күлән демін соза алып, көзін жұма күлімдеп әзілдеді: – Елдікі соншалық аяулы болып, «айрыламын-ау» деп жылап отырғанда, біздікі арзан ба екен? Ол қазір осында болса, мен тіпті дауыстап көрісер едім онымен... – Оның да келетін уақыты болған шығар, – деп мен орнымнан тұрдым, – көріскендеріңізде қосыла жыламай, кетіп алайын. – Қайда?– деп жаутаңдай қараған Нұрияға бүгінгі жұмысымның көп екенін, кешке жақын келе алмай қалуым да мүмкін екенін айтқанымда, оның үлкен көзі тағы да мөлтілдей толып, төмен қарай бере белдемше көйлегіне тырс-тырс еткізді. «Ендігі жексенбіге дейін кім бар, кім жоқ» дегені екенін түсініп, жүрегім сыздай жөнелді. Тамағыма қап-қатты бірдеме тірелгендей, көңілім босай қалды. Менің көз жасымды көрсе, Нұрияның енді үн салатынын байқай жұтынып, тия қойдым да қатал пішінге келдім. – Жыламашы Нұрияш, өзің айтқандай жаман ырым болады ғой... Онан да ертең мектептеріңнен топ құрап барыңдар да, әлгі тазды шектейтін қатал талап қойыңдар. Мүмкін болғанда қалалық сақшыға мектептеріңнің наразылық хатын ала кіріңдер. Түнде тергелуге қарсы әйелдер жұртшылығының сөзі өтеді. Нұрия ширап, енді жайнаңдай қарап сөйледі: – Мақұл, төртеуіміз келе жатып осы пікірге келіскенбіз. – Олай болса, ертең таңертең мектептеріңе мен де барайын,– деп Күлән қоштай кеткенде «екі жылауықты» күреске баптай қойғанымды сезіп шыға бердім. Оңаша шыққан соң көңілім тағы босады. Еркіне қоя берсем, Нұрияның өзінше ытқытатын сияқтымын. Нені сезетіні белгісіз жүрегім өрекпи тулайды. Ержүрек, берік Нұрияның соншалық босап кеткен жайы да тым түсініксіз жұмбақ сияқты. Бұл жолы оған болған аянышымның асқындай түскенін ғана түсінемін... Мектепке қайтып келіп, түндегі тергеудің жайын Ынтықбайға айттым. Оның да тергеуге түсетіні байқалды ғой. Оқушыларынан жеген соққыны Кәменнің таздан жасырғанын біліп, тергей қалса, біздің де айтпай қоя салуымыз жөн екенін ақылдастық. Кәменнің хатын енді Нұрияның өз арызы мен мектептің наразылық хатына қоса жолдауын ұйғардық. Нұрияға хатты тапсырып беріп, ұқтыра шығуға енді Ынтықбай кетті. Репқатты іздей жөнелдім мен. Бұл жексенбіде кездесуге белгіленген тағы бір сырт көшедегі үйге жетіп қалғанымда қақпадан шыға келген Репқат қайта сүңгіді. Мен кіргенде оңаша түп үйдегі үстелге бір қолын тіреп тұр екен. Тым абыржыңқы, асығыс көрінді өзі. Біздің бар жайды менен бұрын естіпті. – Биғаш, қалыңдығыңмен бүгін көрістің бе? – деп сұрады қол алыса бере, – өткен түні Абдығұпыр дейтін таз соны тергепті, естіген шығарсың?... Ал бір апта бойына өз соңыңда жүргенін біліп пе едің?... Не сұрапты Нұриядан? Өз сұраулары сияқты, жауабын қысқа-қысқа қайыра салып, соңғысына келгенде ұзағырақ баяндадым да, әйелді тергеу жағынан тазды тежеңкіреп қоюға қолданған шарамызды қосып мәлімдедім. Репқат бас изей тыңдап разы болды. – Таз өте қатерлі,– деді сонан соң, – Үрімжіден «Шығыс Түркістан» іздеп сүмеңдегеніне бір айдан асты. Тергеу орны, жатын орны бірнеше көшеде, қазірге дейін біз жақтан ешқандай тиянақты дерек таба алмай жүр. Сонда да үлкен тізімі бар, біз сонысын қолға түсіре алмай жүрміз, ол бірдеме таба қалған күні-ақ үкімет бізді бассалғалы отыр, ал біз күткен партизан отряттарының келуіне әлі бір ай бар, – деп кідірген Репқат шекесін қасып, шытына сабақтады сөзін, – біз әлден әшкерелену хаупіне ұшырап тұрмыз. Кейбір жолдастар толық анықтамай, ұйымға асығыс тартып қойған шикі адамдар бар. Ғұпыр таз сияқтылар соларды тапса қатерлі болады. Біреуін Юсуф Қасым біледі. Кәмен сендерден тайқап, жақыннан бері соның соңына түскен. Юсуф екеуің ақылдасып, соны бүркеп тастай тұрудың амалын табыңдар... Мен бүгін басқасына жөн табуға асығып тұрмын. Кәменнің жасырғанын Ынтықбайға ескертіп қойғаның жақсы болыпты... Ғұпыр таздың маңайыңдағылардан не сұрағанын құныттай ұғынып, хауіптірек болса, маған дереу жеткізіп тұр... Бұл көшеден де тыңшы шықты. Ендігі көрісетін жеріміз – Бахуландағы әлгі 11-ші номерлі қорадағы үй болсын. Уақыты бұрынғыдай, таңертеңнен сағат онға дейін. Ал сау бол, сақ бол!... Мен шығып жүре бердім. Абдығұпыр тергеуін сол жексенбі күннің кешінен бастап біздің мектептің тәртіп бөлімінде жүргізді. Қазақ, ұйғыр сабақтастардың жеті-сегізін бір-бірден шақырып, екі түн өткізіп еді. Үшінші түнді жартыдан бөліп, Ынтықбай мен Қуатқа әрең жеткізді. Бұл екеуімен көп «қалжыңдасыпты». Енді «Юсуф Қасым екеумізбен мылжыңдасар-ақ» деп жүргенімде ғайып болды, келмей кетті. Ешқандай сүйегі бар дерек таба алмағаннан ұялған сияқты; Юсуф Қасым екеумізбен «амандаспай» кеткені, тергелгендердің жауабы мықтылығынан екенін түсіндік.
Қырағы тергеушім, сол кезде Үрімжінің барлық орындарынан құралып, басым күшке айналған бар ұйым мен бадырайып тұрған мені Гоминданның сол қыраны көрмеп еді. Қазір жоқ ұйым «мәселесінен» жоңқадай болған мені осыншалық құрсаулап отырған сіз қыран емей, кім қыран! Сонда қолға түсе қалған қылмысым үшін қудалайсыз-ау. Оң жақ қырыңыздағы әйнектен қарағанда оның тым толымды соғымдық қылмыс болып көрінетіндігіне сөз бар ма? Ян яң көрмей тұрғанда сойып ала қоюыңыз жөн шығар!
ІІ
Іленің Талқы кезеңіндегі соғыс хабары таралғалы үнсіз күрең Сәбит маған жақындаса, естіген ұсақ-түйек хабарларын айта жүретін болған. Бұл жақындасуын баяғы жымсымалығына балап, «мұндай өтірікті айтпа маған» дегендей тойтара салатынмын. Сүзек ауруынан тұрысымен асхана төбелесінде соққыға ұшыраған оны соншалық қорғасам да, қорсынып шеттетуім сол қалпында болатын. Іленің азат болған хабарын естісімен маған келіп тағы сыбырлады. Мен тағы тойтардым. Ғұпыр таз Ынтықбайларды тергеуге келген кеште маған алдымен келіп хабарлаған да сол. – Тергесе сендердің жалаларыңмен тергейтін шығар?– деп қалдым әдейі, ол жылап жіберді. – Биға, мен өлгенде де сенімсіз болып кете берем бе енді?... Менің бір кезде надандықпен істеген ісім болған. Ол қиянатымнан таяқ та жегенмін. Содан бері сендердің араларыңдағы талай сөзді естіп жүрмін ғой, соның қайсысын мәлімдеппін?.. Асханадағы төбелестің нәтижесінен кімнің дос, кімнің қас екенін айыра алмайтын ит емеспін ғой!... Әсіресе сондағы сенің маған істеген жақсылығың өмірі ұмытылатын іс пе?... – Болды, болды... соны түсінсең болғаны, – деп шыға бердім мен, – енді күдіктенбей-ақ қояйын. Бірақ, досқа адалдығыңды соңғы нәтижеңнен көрейік!... Мен оны пайдаланғым келген осы көмескі ескертуім есінде жүрген екен. Содан екі-үш күн өткен соң, кешкі сабақ пысықтаудан қайтып келе жатқанымызда жеңімнен тартып қап, басқа сабақтастардан аулаққа бастай жөнелді. Жан-жағына қарап алып, асыға күбірледі былай шыға бере: – Биға, бүгінгі пысықтау уақытында Кәмен мені шақырып апарып сөйлесті. – Не айтады? – «Тілек» журналын шығарарда сабақтастарың мақала жазуға кірісті ғой. Сонда не жазу керектігі туралы кім-кім сөйледі? Әсіресе сонда Биғабілдің үйреткені болса есіңе түсір деді, – деп кідірді Сәбит. Кәменнің бұл мәселені дәл осы тергеу кезеңінде тіміскілеуінен түршігіп қалдым. «Тілекті» бес-алты сан шыққан соң Ақылбай тоқтатып қойған. «Іле төңкерісінің жеңістері жөніндегі ауыз үгіті бұдан енді әлдеқайда өткір болады. Мұнымен күдіктендірмей-ақ қояйық» деп қана айтып еді маған. Кәменнің өзі қатынаса жүріп, аңғырттығынан қақас қалдырған бұл әңгімені қоңырсытып отырған Ғұпыр таз екенін сезіп күдіктендім. Бірнешеуіне тақырып бергенім әшкереленсе, шатақтың басы сол болатындай көрінді. – Не деп жауап бердің? – деп іле сұрадым Сәбиттен. – «Кімнің сөйлегені есімде жоқ» дедім. «Ал Биғабіл ол күні ешқандай сөзге қатынаспады. Мақала жаза алмай, бір-екі күн үнсіз жүргені есімде» дедім. Кәмен маған: «сабақтастарыңның таңдаған тақырыптарын бір адам ғана көрсеткен сияқты, мақала бір-біріне үндес жазылыпты. Мұны жоғарғы жақ тексеріп жатыр. Сен әшкерелесең үлкен сыйлық аласың, соны ойлан» деп тапсырды. – Бұдан басқа не сұрады? – Басқа ештеңе сұраған жоқ. Көптен бері еш мәлімет бермей қойғанымды сөкті,– деп күлімсіреп алып күрсіне сөйледі Сәбит. – Көнбегеніме болмай зорлап, тыңшылыққа бүгін ресми тартты. «Біреуге білдіріп қойсаң басың кетеді» деп қатты ескертті... Енді қалай етуім керек Биға?... Маған Құдай алдында сен... сенің ақылыңсыз ештеңе істемек емеспін... «Істей алмаймын» деп ада-күде бас тарт десең, оны да істейін. Сәбиттің мұншалық қатерлі сырын айтуына сүйінгенімді сездірмей және сұрадым: – Не міндет арттты? – Әлгіні ойланудан басқа, бір-екі ұйғырды бақылауды ғана тапсырды; Юсуф Қасым, Абдыкерім дегендерді... Оның бізге келер-кетері жоқ, жеңіл ғой,– деп жымиды Сәбит, – несін көрсек, сонысын айта салармыз баяғы, не зияны бар. – Үлкен зияны бар,– деп төне түстім мен, – ұйғырлар білсе, өзіңді өлтіреді. – Енді қайтейін? – Кәменге тыңшы болғаның – ауру кезіңде өзіңді ұрып жыққан атамандарға сатылғаның болады! Оны біз де кешіре алмаймыз. Олар сені ұрғанда ұйғыр сабақтастар сен үшін төбелеспеп пе еді? Осыны есіңе сақта, Сәбит. Біз десең, сол Кәменнің өз ізіне түссең де қия басқанын маған айтып тұрасың! – Мақұл... дұрыс!... Ал әлгі екі ұйғыр жігіт туралы не айтайын оған?... Алдауым керек қой! – Екеуі «боқтасты» деп қисындырып бір бар, «төбелесті» деп бір бар.. Юсуф Абдыкерімді: «тұрпандық таз... дадаң молла болған соң шарқидың құйрығын жалайтын шығар» дейді деп бар. Абдыкерім Юсуф Қасымға: «Ілелік банды!.. қанқор!» деп ұмтылды деп бара бер! – Осылай мәлімдегеніммен өздерінен сұрай қалғанда, олай айтпаса... Маған шатақ болмай ма? – Жоқ, олардың өздері осылай боқтасып жүреді. Бұл жайттерін қалай түрлендіріп айтсаң да ол екеуі «еріксіз» мойындай береді. Күмәнданбай айта бер. – Мақұл Биға, достығыңа достық, маған сен, бәрін істеймін, – деп Сәбит дәретхана жаққа бұрыла бере кілт айналып келіп күбірледі, – Биға, Кәменнің мұнысын мен айтты деп ешкімге аузыңнан шығара көрме. – Сенікін мен айтсам да, менікін сен айтсаң да жазасы – өлім екенін жақсы түсінемін, – деп күлімсірей бөліндім Сәбиттен. Өткен кездесуде Репқаттың Юсуф Қасым екеумізге тапсырған «шикісі» осы Абдыкерім екен. Шың Шысай уақытында бір рет тыңшы болып, таяқ арқылы тиылған, әлі де қорыққанда сата салатын екі жүзділігі бар оқушы дейді. Сол күні келе сала Юсуфпен сөйлесіп, Абдыкерімді тергеуге түсірмеудің қамымен екеуін көрер көзге қатты қырқыстырғанбыз. Қолыма бүгін сәтімен қона қалған Сәбитті де тыңшыларды соған шындап сендіру үшін салдым. Жазғытұрымның бүгінгі іңірі тым жылы сезілді. Жаңа үміт ұшқынындай жұлдыздар жымыңдайды. Бетіме лүп етіп көктем лебі тиді де, әлдеқайдан көктем иісі келе қалды. Ызғардың орнын жылылық алып келеді екен. «Ие, қыс сірестіріп, өзіндей бозқырауға айналдырған мына теректің де нілсіз сұр қабығы жасарып, нәрлене түспеді ме. Кәменге тыңшы болып тымпиған тоң Сәбит те міне енді шын жүрегімен жібіді ғой! Бұл да мезгіл құбылысының сондай нысаны шығар» деген оймен жылына кірдім жатақханаға... – Кәмен Ян яңның төсек-орнын ақтарып жатыр екен,– деп жеткізді Сәбит бір күні түскі демалыс уақытында. – Мен кіріп барғанымда селк ете түсті де, зекіп қалды. «Неге келдің?» дейді. Мен: «Абдыкерім мен Юсуф Қасым төбелесіп, көйлектерін айырысып тастады. Ауыздарынан мен естімеген сөздер шығады» деп заулата жөнеліп едім. «Шыға тұр, кейін» деп қолын бір-ақ сілтеді. Неден қорыққанын ұқпадым, маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Сонан шығып келгенім осы. Кәменнің Ян яң жоқ уақытында тінтіп жатқанын түсіне қойып, өзім жүгірдім. «Одан жасырын материал іздеп жүрген шығар» деген ой туып, онысын басқа мәселеге айналдыра сықақтап, тінткізбей қоймақ едім. Кіріп келсем, әпер-тәптері шыққан төсегіне таңдана қарап Ян яңның өзі тұр екен, Кәмен жоқ. Ақ жібек көйлегінің жеңі түрулі Ян яң аяздай суынып сұрланып алыпты. – Орныңызды жаңа ғана Кәмен тінтті,– дедім. – А... а... Кәмен!... Бәсе!– дегенде Ян яңның сопақша өткір қара көзі жарқ ете түсті. – Есікте құлып бар еді ғой, қалай ашқан? – Білмедім, терлеп-тепшіп, асыға тінтіп жатқанын ғана көрдік. – Тез шығып кет,– деп жымиды Ян яң, – Кәмен кезіге қалса, «Кәзенді іздеп келіп едім» дей сал. Кәзенді іздеген болып, енді Ақылбайдың жатақханасына соқтым. Керуетінде шалқасынан жатқан Ақылбай есік қағысыммен қабылдай түрегелді. – Ағай, Кәмен Ян яңның есігін жасырын кілтпен ашып, орнын тінтіп шықты. Сізді де айналдырып жүрген шығар, есігіңізге сақ болыңыз. – Кел, отыр,– деді Ақылбай күлімсіреп. Қалған жайды мен отырған соң ептеп қана сұрап шықты. – Бұл әлгі Абдығұпыр дейтіннің тапсырмасы болса керек. Аты шулы екенін түсінетін шығарсың?... Ал, өздеріңде біреудің аты жазылған қағаз, әлдеқандай бір тізім болмасын.. Әлгі жақсы кітаптарыңның енді мықтырақ жасырылғаны жөн шығар! – Мақұл. «Тілекке» жазылған тақырыптардың да нұсқаушысын іздестіріп жүр екен,– дедім мен, – сізден бұл жөнінде бірдеме сұрамады ма? Ақылбай өзінің іштен түсінгендегі әдетімен жымиып, басын шайқай салды да: – Мұны Кәмен сенен сұрады ма?– деп қайыра сұрады. – Үнсіз күрең Сәбиттен сұрапты, сол айтты. – Ол ондайды саған айтпаса керек еді ғой? – Жақыннан бері айтатын болды,– деп мен жымидым. – Ғажап екенсіңдер... Бірақ, қатты сақтана тыңдайтын шығарсың? – Иә, әрине солай. – Шяужаңның әнеу бір конспектінің аудармасына қарай отыршы, «киелі ахлақ» қой, пәле-жаладан сақтар, – деп жымиды Ақылбай. Ұзағырақ бірдеме сөйлемек екенін түсініп, айтқанын орындадым. – Іле партизандары ақпан айында ресми армия болып құрылыпты,– деп күбірін анық естірте сөйледі сонан соң. – Мұны естіген Жу шауляң қатты ашуланып, тез құртып жіберу үшін қыран аталған Чи фамилиялы туанжаңын он неше мың әскерге қолбасшы етіп жіберген екен. Наурыз айының ішінде-ақ отыз мыңға жеткен үш аймақ армиясы Жың қалашығы маңында оны қоршап соғыпты. Чи туанжаңның өзін генерал Сқақбек тірі ұстапты да, екі-үш күн тергеп қана қоя беріпті. «Данышпан генералдарыңа сәлем айт, бізді құртамыз деген ақымақ ойдан аулақ болсын, халық құртылмайды» деп қайтарыпты. Чи туанжаң соқа басы сөлмірейіп алдыңғы күні қайтып келіпті,– деп Ақылбай ашық қарқылдап күліп алды. – «Оларды жеңу мүмкін емес» депті Ужұңшинге зәресі қалмаған «қыран» туанжаңы. «Біздің Іле қорғанысына жіберген барлық мықты қару-жарағымыз солардың қолында екен. Кемпір-шал, кішкене балаларына дейін мылтықты. Мені айыпқа бұйырмаңыз... бара жатқанымда осындай сөзді айтқан екі әскерімді өзім атып тастап едім; солардың сөзін тағдыр енді өз аузымнан сөйлетті, шындық екен» деп бүк түсе жылапты Чи батыр... Ал, Биғабыл, мұндағы аңдысудың енді қандай болатынын түсінген шығарсың?... Ақылбайдың осы соңғы сөзіне: «қатты сақ бол» мен «тез жөнел» деген мағынаны қоса түсініп шыға бердім. Жатақханаға бара сала сәкінің үстіне орындық қойып шығып, төбемдегі шкатор қағазды жапсарынан сөгіп едім, сабақтастар аңыра қарасты да, Әмірқан аңғара қойып, есік алдына барып тұра қалды. Жасыруға тиісті кітаптарымды түгелімен шкатор үстіне сүңгіте бастағанымда ғана түсінген сабақтастар жымиысып өзді-өз төбелеріне қарасты. Сөйтіп, жасырын қазынамызды мықтап жасыру қажеттігі тілсіз ұғылып, үнсіз науқанға айналды. Қайта жапсырғанда тышқанға қажатпайтын дәрі жөнін ғана күбірлестік... Қозғалыс уақыты жақындаған сайын сабақтастар ара мылтық жайында жайраң әңгімелер көбейе түсті. Құрал аңсағандықтарын, атып машықтануға кейбірі тым асық екендіктерін сол арқылы білдіріседі. Бізге әскери тәрбие сабағын өтеуші – Әшім жяугуан еді. Мылтық шақпағын бөлшектеп қайта құрастыруды, оны сақтауды жақсы үйреткен. Жақыннан бері нысанаға алу, ату қағидасын аса тәптіштеп үйретіп жүр. Сабаққа кірген сағаттарында сабақтастар оны тым көңілді қарсы алатын болды. Сұрау қойғыштап, бар ықыласымен үйренеді. – Әттең,– дейді Тілеуқан қу, Әшім әкелген бесатарға қарап, мұрны құмалақша домалағандай жыбырлап кетеді, – тарс-тұрс, қойып-қойып жіберсем... Сәбиттің сұғанақ қоңыр көзімен не қилы қызықты құбылыстарды көретін болдым. Ян яңды тінткен күннің ертеңіндегі екінтіде Кәмен көшеге шығып кеткен екен, Ян яң тінтушінің өзіне тінту жүргізіпті. (Бірінің құлпын ашатын кілтті бірінің қайдан тауып тінтетіні қызық). Кәменнің қағаз салған жәшігінің құлпын да ашып, бір дәптерін алыпты Ян яң. Дәптерді сымының жан қалтасына тыққанда есіктен сығалап тұрған Сәбит, зытып беріпті. Сол беті маған жетті. Кәменнің меңгерушіге таныстыруы бойынша, Сәбитке күндіз-түні қақпа ашық болатынын өзі айтқан. «Ян яңның енді қайда баратынын да біліп берші көкешім» дедім мен. Ол тағы жөнелді. Сол сапарды кешкі пысықтау аяқталғанда қайтты Сәбит: – Ян яң апақ-сапақта Бахуландағы бір кішкене қақпадан кіріп кетті. Артынан барып қарасым, 11-ші номерлі қақпа екен,– деп сыбырлады. Репқаттың осы аптада мені қабылдайтын үйі сол екенін ішіме түйдім де: – Онан соң?– деп қана соңын сұрадым. Сәбит онан соң «Ян яң шыға келсе, көріп қояр» деген оймен қайта жүгіріпті де, қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының бұрышына келіп бақылапты. (Ян яң Бахуланға сол жолмен барған екен). Жарты сағаттай уақыттан соң қайтып келе жатқанын көрген Сәбит, үлкен көшемен құлдап барып далдаланыпты. Ян яң мектепке қарай өрлегенде Сәбит те қайтуға бет алған екен. Ұйымның қақпасынан Кәмен шыға келіпті. – Кәменнің қасында жартылай қалаша киінген, таулық екі қазақ бар. Танымадым, бірақ, жүрістері сөлекеттеу, – деп тағы бір тың хабардың шетін шығарды Сәбит, – Бірі – орта жасты жуан сары, бірі – ұзын бойлы қара жігіт. Кәмен мені көре сала жуан сарыға күбірлеп еді. Ол ұзын қараның жеңінен тартып қойып, құлдай жөнелді. Бастарын төмен салып маған қарамады. Кәмен маған бұрылып, қайда барғанымды сұрады. «Нан іздеп шықтым» дей салдым. Ол екі қазақтың артынан кетті. Мен баспалап көрейін деп ойладым да, тым кеш болып кеткен соң ерініп қайтып келдім,– деп аяқтатты сөзін. Сәбиттің Кәмен қасынан көрген қазақтары туралы «осы таулардан тапқан тыңшылары шығар, іңір қараңғысымен қожайындарына көрістірмек қой» деген ғана тұспал жасадым. Ян яңның бүгінгі әрекетінен бір түрлі ыстық ағын пайда болып, менің ойымды баурай жөнелді: біздің ісімізге қатынасушылар ғарыш пен жер ядросына дейінгі, қыры мен сыры сан алуан, сан қабат, сан түрлі қауым ғой. Соның ішінде біріне бірі от пен судай не қилы Дарвиндер мен не қилы Мұхаммедтер, не қилы Кегендер жүр. Ханзу коммунист Ян яңның хұйзу болып қатынасуы, осы түрлердің бәрімен сәйкесу қабілетінің күші ғой. Біздің мұндай жаңа да жас қауым жеңбей қояр ма? Абдығұпырдың қойынындағы тізімі ғана емес, Ібліс ұялаған жүрегін де жұлып алармыз-ақ!... Ұрлаймын деген Кәмені бүгін-ақ тоналмады ма... Алып ұшқан осы асқақ үмітім мен үшін аса тәтті болып алған сенбі кеш жеткенін де сездірмей қалыпты. Кешкі тамақты жеп шыққанда ғана қай кеш екенін сабақтастар аузынан естіп, Сыфан матасын жатақханаға кіре тастадым да, бір киер «әдемімді» киіне қойдым. Көк шұға мешпет, сым, жылтыр қара батинка, кең маңдайды көмкере толқыған қою қара бұйра шаш ұнасып-ақ тұрған тәрізді, теңдессіз күшті махаббат байлаған сағынышты қалыңдықпен көрісерде қара көз қандай жайнайды. Дөңгелек айнаға бірер қаранып та жіберіппін. Өткен жексенбіде енді қайтып көреріне көзі жетпегендей жылап қалған Нұрияшқа махаббат көктемінің дәл өзінше жайнап көрінуім керек қой! Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|