Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 7 страница




Кәмен мен жаққа әрең бір қайрыла қарап қойып сыбырлады. Бұл кезде мен бір есеп жөнінде Тілеуқан қумен «айтысып» жатқанмын.

Басқа сабақтастар үшеуінің жанжалын енді естігенсіп үдере жетті қастарына.

– Не болды?...

– Не мәселе?...

– Не мәселе екенін оқып берейін, отырыңдар!– деді Ынтықбай тағы да күбірлей сөйлеп, жан қалтасынан пәле хатты суырып алды. – Нұриядан маған осы хат тапсырылғалы жарылып кете жаздап жүрмін, мына иттің қоршылығынан! Бүкіл керей аруағының намысын қоздырғандай!...

Түгелбай мен Серәлі елеңдегенси түрегеліп қастарына барып еді, Салық арланғанси тыжырынды:

– Ағайындар, сендер тыңдамай-ақ қойыңдар, бұл біздің өз арамыздағы ғана әңгіме!

– Ал онда тыңдамай-ақ қойдық!– деп қайтты екеуі, түкпір жақтағы бос орындарға барып қисайды.

Ынтықбай хатты оқып болысымен жерлестері жұтына түрегеліп, сыбай жөнелді Кәменді.

– «О, әкеңнің...», «о, өлгеніңді...», «о, азғын», «о, иттің күшігі».

– Енді қарындасымыз қалыпты ғой сен қорқытпаған!

– Жерлес мұғалімдерің де құйыршық болып кетті деп бәріміздің намысымызға тигенше өзіміз шағайық сирағыңды!

Осылай күркіреп ұмтылғандардың арт жағынан Шақан жолбарыстай атылып барып Кәменді бассалды. Кеудесінен тізерлеп-тізерлеп жіберіп, сирақтан сүйрей жөнелді.

– Басқаға шақтырғанша өзім-ақ шағайын!...

Аяқ пен жұдырық мықтап бірнеше тиген соң ғана арашалады Ынтықбай:

– Тоқтай тұрыңдар, кісілерім, қоя тұрыңдар!... Тоса тұрыңдаршы, әлгі сұраққа жауап берсін, мойындап тәубеге келсе, қаншалық ит болғанымен жерлесіміз ғой, кешірелік!

Жерлестер алғаш гулегеннен-ақ біз де енді байқағандай үдірейе қарасып қалғанбыз. Ынтықбай Кәменді орнынан тұрғызып, әлгі бір қорқынышты сұрағын қайтадан қойып еді, «Калаусы» күйген тарамыстай бүрісті, жауап қатпады.

– «Не болды?!» «не болды?» – десіп жөнін сұрауға сол кезде ғана кірістік біз.

– Ағайындар, бұл тіміскі ит тәубеге келсе, тып-тыныш өз ішімізде бітсін деген ойда едік, – деп Ынтықбай көпшілікке енді жариялауға кірісті. – Қылмыс фактысы қолымызда тұрса да, өз аузымен мойындар емес! Міне енді бәріңе оқып берейін, төрелігін айтыңдар!...

Хатты Ынтықбай дауыстай оқып болғанда, «найман» жақтағы бір-екеуінің әдейі дайындаған ажуалы күлкісі шыға қалып еді. Жерлестері Кәменді тағы да бассалып тепкілей жөнелді.

– «Бізді енді найманға масқаралаттың ба, иттің баласы!»– деп алғаш жұдырық салған біреуінің сөзінен басқа сөз толық ұғылмай араласып, сапырылысып кетті: арашаға түскен Қуат, Түгелбай, Серәлі төртеуімізден басқа сабақтастар түгелімен гуілдесіп, төпештеуге кірісіп еді. «Калаусы» арашашылардың бұттары арасынан жан-дәрмен төрт аяқтап өтіп, бұрыш жақтағы менің артыма келіп тығылды. Жұдырықтар енді менен аса жауды. Екі қолымды бірдей көтеріп, арашалағанси айғайладым.

– Тоқтатыңдар, сабақтастар, тоқтатыңдар!... Үй, мені ұрып жатырсыңдар ғой!... Қоя тұрыңдаршы аз уақытқа!...

– Шығып кет былай, Биғабіл!

– Кет былай, бер бізге!

– Бұған болысқанға рахым жоқ!

– Арашалама деймін, өзің де көргілікті көріп едің ғой бұл иттің «торапайынан»!

– Енді жаны аши қалуын бұл ынжықтың, әлі қорқасың ба осы бандыдан?!

– Үй, ұрмаңдар деймін, менің жазығым не?– деп ышқындым әдейі, – бір сөз тыңдаңдаршы, бір сөз ғана!

– Шық, былай, арашалама қарақшыны!

– Ой, ағайындар! Ой сауақдаштар!– деп бар дауыстан асыра айқайлады Түгелбай. – Ұрумен ешнәрсе бітпейді!

– Бітеді, бітпесе Катуфи1 бітеді, міне!... міне!

– Тоқтандаршы! Бұлай ұрып әуре болғанша біреуің ошы хатты апарып, тура Хугожынның өзіне тапсырып беріндер! Банды болғысы келсе шоның қолынан қашып көрсін қане!

Көпшілік ұруды тоқтатып, тына қалысты.

– Мұнан кейін тәубаға келмесе ұруларың қашпас, – дедім мен, – мынау хат сақшы басқармасына төте тапсырып беруге тиісті документ екен. Мұндай арам сыры бар қызметкерін мықтап ұстауды бізге қарағанда өздері жақсырақ біледі. Түгелбайдың пікірі дұрыс!

– Хатты тапсырып бермесең, мына ойы тұрғанда Калаусыларың қашпай қоймайды, шырақтар,– деп Қуат шықты. – Мұның өз туыстары да, қыздың туыстары да сол жақта ғой, қыз көнбесе сол жаққа өзі бұрынырақ қашып барып, қызды солардың күшімен апарып алудың қисынын ойлап жүргенін мен де естігенмін: бұл іште жүрген банды сол қыздың шешесі мен туыстарына бірнеше рет жасырын хат жазыпты. Қызды шешесінің қазір де хат жазып шақырып жатуына Кәменнің сол хаттары себеп болған сияқты. Солай ма, шырақтар?!

– Солай, дәл солай!– десіп Қуаттың анықтамасын Ынтықбайдың жерлестері бір ауыздан жақтады.

– Шырақтар, олай болса Кәменнің «өз қолымен жазылған бұл документке» өзіміз білетін осындай материалдарды тізіп, анықтама жазып қоса жіберелік!

Түтігіп тұрған Ынтықбайдан басқамыз осы пікірді түгел қуаттап, ду ете түстік.

Кәменнің ауылына хат жазып тұратындығынан және Нұрия шешесінен келген шұғыл хаттардан осы тұспалды қисындастырған мен едім. Кәменді мықтап қорқытудың материалына айналдырып, Қуатқа ұғындырып қойғанмын. Бұл сөз шыққанда Кәмен тіпті бүрісті. Ондай хат жазбадым дей алмады.

– Ей ит,– деді Ынтықбай, – қаншалық құтырғаныңмен жерлес күшік едік, қалауыңды әлде де бір беруді көпшіліктен сұрайын, тәубеге келесің бе, жоқ, әлде мына хатыңа өзіміз білетін бар материалды қосып жолдайық па?!

– Тәубесінің бізге керегі жоқ,– деп дуылдады сабақтастар, – Бұл жасырын банды, бізді бір шақса, екі тісін біз шағамыз да отырамыз!

– Маған өшігетін жөндерің бар,– деп тұқырды «Калаусы», – бірақ, жаман болсам да ұстаз қатарында жүрмін ғой, кешіріңдер! Хатты сыртқа шығармай өз қолыма беріңдер, жақсылыққа қарыздар болайын!

Шақан мен Салық екі жағына ыршып келе бассалып, жұдырықтай жөнелді.

– Құйрығыңды бізге де бұлаңдатып қатерден құтылып алмақсың ғой... Бұл сұмдығыңды білмейтін мақлұқ дейсің ғой!... Ұстаздығыңды.. сенің... тісің таусылғанша шағатын жылан екеніңді... жылан екеніңді көріп болмадық па!.... «Жақсылығыңды кебін қыл өзіңе!... Жамандығыңды аяма, өтінбейміз сенен!

Түгелбай екеуміз ұрушы екеуін қапсыра құшақтап әрең ажыраттық:

– Кәменнің осы «Калаусылығы» тұрғанда ұруларың ешқайда кетпес,– дедім мен, – мұнан кейінгі «ұстаздығын» сынап көрмейсіңдер ме?... Ұстаз өз қолдарыңда екен ғой, Калаусы да өз қолдарыңда екенін білдіріп тұр. Артын күтейік! Егер қоймаса қолқасын үзетін материал менде де бар, қосып берейін.

– Хат менде тұрсын,– деді Түгелбай, – бұдан кейін қырын-пырын шығарса, көзін жарқ еткізіп Ху чужаңға өз қолұммен жеткізвін!...

Қортынды үкімді Ынтықбай шығарды.

– Мәлімдейтін материалды қазір-ақ толықтап жазып қоялық, жылан қымыр ете түскенде қиып түсетін болсын... Кет,– деді Кәменге, бар, шағып көр енді қане!...

 

Әділетті тергеушім, «мәселені принципке көтере» мың еселеп үлкейте көрсетіп құрту өнері жөнінен сіздердің шалымдарыңызға келмейтінім, талассыз шындық қой. Кәменнің өз қолымен жазылған хаттарынан қисыны бар ғана пәле тудырып, сол қалпында ғана көрсетуім, жартымды өнер болып сізді әсерлендіре алмайтыны хақ.

Ал, менің бұл тараудағы қылмысыма өткен тараудағыдай сол жақ қырыңызбен қарамайтындығыңыз да анық. Себебі, маған қылмысымды жаздырып отырғандағы мақсатыңыз, менен төңкерісшілдік іздеп тауып, силау үшін емес қой. Бұл тараудағы қылмысыма жоғарыдағы бірнеше тараудағыдай оң жақ қырыңызбен қарамайтындығыңыз да анық. Себебі, бұл тарауда менен шовинизмге қарсы тар ұлтшылдық көрінбей, яғни жартымды кері төңкерісшілдік табылмай қалатындығын білесіз. Сондықтан бұл тарауды, тек, қыртыс-қалтарысы мол ішіңізге бүгіп, заһарлы кислатаға айналдыратындығыңыз күмәнсіз. Себебі, шпионды ішінен мұжитын мендей сұмды жоғалтпай, жүрек тыншымас. Мөрті келсін-келмесін тәуекелмен жұтып кеп аларсыз-ақ. Сол мезетте асқазаныңызда ондай уытты кислата болмаса, лоблып-лоқсып, қылмысқа өзіңіз жүкті болатындығыңыз белгілі ғой. Бұл тараудағы қылмысымды әшкерелеу арқылы асқазаныңызды маған айдаһарша жұтындыратын тәбет қышқылын жасап бердім. Әйтеуір мені мылжаламай, бітеу жұта салғайсыздар!

 

VI

 

Қыстық демалысқа қайтқандардың көбі ханзу сабақтастар еді, уақыты бітіп, түгел қайтып келді. Мұсылман оқушыларға, әсіресе қазақ сабақтастарына айқұлақтанып, шақшия қайтты. Бізге қараған көздерінің шелі өсіп, тілдері онан ары қайралып, қылшылдап қайтыпты. «Сыңку», «иеман», «маулүйзілерін» көздеріне көрінгенімізге сәлемдемесіндей ұсына береді. Бұл «молшылық» өз аудандарында өнген мыңгүй «жемісі» екенін, бұл жемістен көп халық уланып болғанын түсіндік.

– Жағдай қатты ушығыпты; «Мыңгүйің бірер жылдың ішінде-ақ миллион гүй болып өсіпті» деп күбірледім Юсуф Қасымға.

– Ақыр ушығатын болған соң тезірек ушыққаны жақсы!– деп күрсінді ол.

Көрінген жерде түртісіп қалатын сабақтастар, асхана есігіне сығылысқанда ауыздарына қойысып өтетінді шығарды. Тәртіп меңгерушісі асханаға кірерде ауыздарды аман-есен сақтаудың «қамқорлық» тәртібін орната қойды:

– Бір-бірден тізіліп кіресіңдер, алдыңғы сабақтасымен қатарласа кіргендерге тамақ берілмесін!– деп әмір етті ол.

Тамақ уақыты ең ұзағанда жиырма минуттан аспайтын әлгі тәртіп тізілу кезегі бойынша ең соңынан кіретін қазақ, моңғол кластарын тамақтан қаңтаратын тым ұтымды тәртіп болып шықты. Бұл тапқырлығына меңгеруші миығынан күліп жүрді де, біз томсара түстік, «ауыздарыңды қорғаймыз» деп, аузымызды сорғыштай құрғатқанына ашындық. Асханаға алдымен кіргізілетін ханзу сабақтастар қарындарын сипалай шалқайып, үстелдерінен әрең түрегелгенде, біз еңкейіп, үстелімізге әрең жетеміз. Сақпыларымыз сақылдап аузымызға енді тие бергенде тамақ уақыты бітуінің ысқырығы тартылады. Бұл кезеңде ысқырық тартылғаны – іштің де тартылғаны ғой...

Осылай екі күн өтті, тамақтан қаңтарылып қалғанымызды елеп-ескерген ешкім көрінбеді. Үшінші күні таңертеңгілік ту шығару жиынында біздің класс бас болып, меңгерушіге талап қойды: «тамақ уақыты ұзартылсын немесе алдыңғы кезектегілер ауыстырылсын!» деп алдымен Оралқан банжаңға айтқызып едік. Меңгеруші бірдеңеге асыққансып жөнеле берді, бәріміз шу ете түстік. Қазақ, моңғол кластарына түгел айтып қойғанбыз. Юсуф Қасымдар жаққа ым қақтым мен. Олар да тобын жазбай тұра қалып, біздің талапқа қосыла кетті. Бүкіл ұйғыр, қазақ, моңғол кластары болып бірдей көтерген дауысымызды меңгеруші тағы да елемей, кете беріп еді.

– Бақырмаңдар!... Есектер!– десіп ханзу кластары иянаттай жөнелгенде, біз жақ та дүрсе қоя берді. Сонда ғана артына қайрылды тәртіп меңгерушісі. Маңдайына түскен қою қара шашын артына сілке, басын кекжең еткізді де, ақ қолғапты саусағын біздің класқа шошайтты:

– Нимін зүйхуай1... Талаптарыңды тәртіп бөліміне біреуің ғана барып айтсаңдар болмай ма?! Бүйтпесеңдер сиыр аталасыңдар ма!

Ашыққан оқушылар ұйымдасып алған соң «зұйхуай» түгіл Құдайынан қорықсын ба, бар дауыспен тағы бір-ақ көтерілді:

– Тәртіп бөліміне барсақ тамақтан тағы қағылмаймыз ба?!

– Аштан қырмақпысың бізді?!

Ұйғыр, моңғол кластары жапа-тармағай сөйлеп, біздің қойған талабымызды қуаттай жөнелгенде ғана илікті меңгеруші. Сөйлеушілер түгел ханзу тілінде айтып тұрса да қасақана бір хұйзу сабақтастан сұрап, талабымызды енді түсінгенсіді.

– Малша шуламай, осылай адамша сөйлеп түсіндірсеңдер болмай ма?– деп тастады да, асханаға бір күн ханзу кластары, бір күн басқа кластар алдымен кіруді бұйырды.

Ханзу сабақтастар «туфи!», «сыңку!» десіп дабырлай қайтысқанда, біз жабыла қақырынып-түкіріне тарадық...

Осы тәртіп бойынша біз ең соңынан кірген бір таңертеңгі тамақта қақырынысулар қанды соғысқа бір-ақ көтерілді.

Асхана суық болғандықтан, қыс күндері іңірде пысырылған момы бізге таңертең мұз болып, тастай қатты күйінде келетін де, тас аяғымыздағы ыстық суға тоғыта отырып мұжитынбыз. Сол күні таңертең әлгі жұдырықтай-жұдырықтай «боз тас» әр үстелге төбе-төбе болып үйіліпті.

Бір үстелге қанша оқушы отырса, сонша ғана тас аяқ қойылатын. Біздің үстелдегі сегіз оқушыдан үнсіз күрең – Сәбит сүзек ауруымен жатып қалған, жеті аяқ қана қойылып жүр еді.

Аурудан енді тұрған Сәбит сол таңертеңгі тамаққа артымыздан ілбіп жетіп орнына келгенін тамаққа кешіге кіріп, тым асыға кіріскендігімізден байқамаппыз. Орта қатардағы ханзу сабақтастардың бізге тұстас үстелінде бір аяқ артық тұрғанын көре барып, соны сұрапты.

Қуатсыз Сәбиттің тас кірпіш еденге шалқасынан түскенін бір-ақ көрдік, бір жуан қара өндершектен итере салған екен. Қан-сөлі қалмаған «үнсіз күреңді» көтермелеп тұрғыза алмай жатқанымда, оның жанында отыратын сабақтас сол иесіз аяққа тағы ұмтылды.

– Сендер алдымен кіріп, тамақ жеп болдыңдар ғой, және бұл артық ыдыс емес пе? – деп ханзуша түсіндіре ұмтылды, жуан қара оны да итеріп қалып еді, көлденең жатқан Сәбитке аяғы шалынып, менің үстіме құлады. Үшеу болып шөмеледей үйіле қалғанымызға ханзу сабақтастар қасақана қарқылдап күле жөнелді де, Оралқан банжаң ауыр палтосын сыпыра сала атылып шықты.

Қарнын көтере алмайтыны жайшылықта ғана екен, жуан қарынды көтере алып, тас еденге періп кеп жіберді. Соғысқұмар үстелдегі сегізі бір-ақ қаптады. Жуан сары Оралқан оларға бой бере қоймап еді. Екі жағындағы екі үстелдің он алтысы лап берді.

– Бар,– дедім мен Шақанға, – ісіміз теріске айналмау үшін басқаларың кіріспей тұра тұрыңдар!

«Жауларының» ұзын орындығын жұлып алып, оңды-солды жайқаған Оралқан үш үстелдегі жиырма төртін маңына келтірмей ығыстыра жөнелгенде, жуан қара шулай көтерілген қалың сабақтастарының арасына тығылып еді. Шақан соны іздей жөнелді. Алдынан кескестеп тұра қалды бірнешеуі. Шақан ханзуша шала тілмен саңқылдап, кимелей сөйледі.

– Сабақтастар, мен сендермен төбелескелі келгемін жоқ. Төбелес бастаушы ғана шықсын бері!

Оралқан да осы талапты айта шайқап жүр. Ханзу сабақтастар бұл талапқа көнгені сол, қопарыла шулап, айғайға баса қаптады екеуіне.

– Сен де шық, Түке!– деп Түгелбайға күбірледім енді. Қасыма жетіп келген Юсуф Қасымға, – сендер де ең күштілеріңнен екі-үшеуін ғана шығарыңдар!– дегенше отыз-қырық ұйғыр сабақтас ханзу сабақтастардың сырт жағынан қирата кірісіп кеткен екен. Әрең шыдап тұрған қазақ сабақтастар мұны көре сала түгел лап берді.

Мың шақты оқушының дүлей құйын үйіргендей жұлқыласы, жұдырықтар сартылы, кеңірдектердің жыртылғандай тарғыл қырылы, қалың айғай-шу кең залдың ішін керіп барады.

Есеңгіреп қалған Сәбитті көтеріп апарып терезе алдына отырғыза сала өзім де ыршып шығып қарап тұрмын. Шақан, Оралқан, Түгелбай үшеуі қалың қытай сабақтастың дәл ортасында жүр екен. Бет келген жақтары ыдырап, жол ашыла қалады да, жұдырық арт жақтарынан жауады. Қайта қайырыла соққанда оң жағы ыдырап, жұдырық және арт жақтарынан қаптайды. Үшеуінің де іздеп жүргені әлгі жуан қара сияқты.

Ханзу сабақтастарды екі бүйірден жара сілтеген ұйғыр, қазақ жұдырықтары сол үшеуінің тұсынан келіп, енді түйіліскенде Әшім жяугуан есіктен кіре ақырды...

Екі жақ өзді-өз орындарына қайтып келіп отыра бергенде ханзу сабақтастар жеуден қалған момыларын жаудырып кеп жіберді біз жаққа. Әшім жяугуаннің зіркілін тыңдамады. Мұны көре сала ұйғыр сабақтастар оларды атқылады. Біз әлі тамақтанбаған едік. Момымызды қимай, малақай бауын шарт байлап алып, жеуге кіріскенбіз. Ұйғыр сабақтастардан лақтырылған «боз тасты» ханзу сабақтастар жерден ала салып бізге қарай лақтырады. Ұшып жүрген момыдан зал іші боз тұман басқандай көрінеді. Алдымен Сәбит сорлының бетіне тиді біреуі. Момыны үстелге төңкере салып, дасты соның басына кигізе қойдым.

Ханзу сабақтастар лақтырған бір момы шекесіне тиген Әшім жяугуан шыға жөнелді.

– Атыңдар, сендер де!– дедім ол тоқтата алмай шығып кеткен соң. Атқыза бермеу үшін ату керек қой. «Боз тастың» біреуін өзім ала сала жуан қараны беттен көздеп тұрып періп қалдым.

Біздің қалпы құрамаған көп момы пулеметша құйылды. Тауда тас лақтырып өскен қазақ алдына мұндай ықшамды домалақ «тас» үйілген соң қойсын ба, сілтегеніміз құр кетер емес. «Әйялаған» үн көбейе түсті. Өздеріне атылған момыны жерден алып лақтыру ханзу сабақтастарды қанағаттандыра алмады білем, енді тас аяқты лақтыруға кірісті. Мұз момыдан қаттырақ тиетін тас аяқ залдағы бар оқушының күшті құралына айнала кетті. Зал кеңістігін тас аяқ қаптады да, шақ-шұқ етіп төбемізде сүзісті. Мың шақты аяқтың сынығы да атылды бір-бірімізге...

Қағаз терезелер алғашқы атыстан-ақ аңырайып қалған еді. Боз момыдан аттап басарлық еден жоқ. Саудыраған тас аяқтың сынығы көп табан астында шақыр-шұқыр етеді.

Шяужаң айғайлай кіре бере қайта қашты. Әр терезеге бірден жяугуан келіп шақылдағанда ғана саябырлап барып тындық та, бір-бірімізге сонда қарастық: қан ұйыған тұмсық, жұмылған көз. Томпайған бет, дал-дұл киім, жарылған бас... төбелеске ең аз араласқан менің жағымды да тостаған сынығы қауып өткен екен, қолыма жұққан қан мен ашығанынан білдім.

Мақталы қара мешпеті арт бойынан жарылып, жеңі дал болған Шақан жуан қараны бассалды да, сирағынан сүйрей жөнелді.

– Міне, бар сойқанды бастаған осы!– деп айғайға баса сүйреді.

Қазақ, ұйғыр оқушылары түгел соны айтып, шулай ерді соңынан, жяугуандар кәрлі айғайға аңыра қарап тұрып қалды да, Шақан жуан қарны сүйреген бойы есік алдындағы асхана суы төгілген арықтың мұз қуысына сүңгіте салып, бөкседен теуіп жіберді.

Шу ете түсті ханзу сабақтастар. Жяугуандар, «шығар» деп зекіріскенде бір тобы жабылып келіп, жуан қараны мұз астынан шығарып алды да, орталарына ала сүйемелдеп әкете берді.

Жяугуандар Шақанды ала жөнелгенде, төбелестің басталу жайын ханзу сабақтастардан ғана сұрап «түсіне қойған» тәртіп меңгерушісі ауру Сәбитті айдай жөнелді. Төбелес бастаушы бұл екеуі де емес екенін тұс-тұсынан айта ілескен көп оқушының сөзін тыңдар емес, аты да, ісі де баяндалып келе жатқан жуан қараға шаң жуытар да сиқы жоқ, екінші жағында ілесіп келе жатқан ханзу сабақтастарға қарамай, біз жаққа шақшия ақырды:

– Қайтыңдар, кластарыңа!... бірде-бір оқушының еруіне рұқсат жоқ! Жазаланасыңлар!

Басқа кластардың бір қауым оқушысы осыны естіп тұрып қалды да, біз түгел ілесе бердік.

– Мына аурудың жазықсыз таяқ жеуіне шыдамай, алдымен барып төбелескен менмін. Мына ханзу сабақтастар да айғақ,– деп Оралқан алдыға түсе қойқаңдады, – анау Шақан емес, бастаған мына мен!...

Меңгеруші оны да итермелей жөнелді.

– Олай болса, сен де жүр! Қайтыңдар басқаларың, кім ерсе осылармен бірге мектептен қуылады! – деп жаза таяғын артына қайрыла білеп-білеп жіберді.

Бұл айбардан сабақтастардың дені-ақ тоқтады.

– Бізден де сұрар... бірлесіп арыз жазармыз, – десіп қалып жатыр.

– Өші мектептен кеткен адам өліп қала ба! – деп Түгелбай артына қайрыла айқайлап барып айдалушыларға қосыла кетті осы кезде, – міне соғыш баштаған – мен!... Ханзулардын бәрі көрген ғой мені!

Ілесіп келе жатқан Юсуф Қасымға қарасам, қасында үш-төрт қана сабақтас қалған екен. Бізден басқа қазақ кластарынан да тым аз еріпті. Меңгеруші Шақанды мектеп кеңсесінің алдына айдап келіп тұрғызып қойды да, жяугуандарға: «арттағыларды қуып жіберіңдер» деген ишара жасап, өзі шяужаңның кеңсесіне кіріп кетті.

Жяугуандардың шыбықтары ысқыра ұмтылды бізге қарай. Бір-екі шыбықтың шартылдап өте шығуына шыдаған біздің клас тағы да тапжылмай топталып тұрып алды да, Юсуф Қасым бір жерде жалғыз қалды. Мұндай жағдайда жалғыз қалғанға таяқ жамырағыш келмей ме, шыбықтар ысқырып жіберіп қауып, ысқырып қалып арс ете ала түсіп, талай берді оны. Міз бақпай тұрып алған Юсуф Қасым Шақанды тергеп тұрған Әшім жяугуанға айқай салғанда ғана тоқтады таяқ.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных