Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 4 страница




– Құлжалық өзбек дамолла!– деп жымия күлді өзі.

– Бұл жарнама «Шығыс Түркістан төңкерістік комитеті» атынан неге шығарылмады екен?

– Біздей оқығандарды ғана емес, жалпы халықты аттанысқа келтіру үшін алдымен дін басылары жағынан ояту керек болған. Біздің халық, әсіресе оңтүстік қазыр діннен басқа ешкімге сенбейді. Халықты толық қозғай алмасақ, жеңіліске, зор қырғынға ұшырауымыз сөзсіз... Төңкерістік сипаты мен тактикасын сізге Әлмен ұқтырған шығар, солай ма?– деді ол. Мен басымды изеп, төмен қарай бердім. – Біздің саналы қауымның – Марксизмнен хабардар, алғабасар оқыған азаматтардың нысанасы бүкіл ханзу халқы емес, Гоминдан мен гоминданшылар ғана ғой. Мұны бүкіл жаңаша оқығандар ертең-ақ түгелдей қолдайды. Төңкерістік үкіметтің бел буып істейтін негізгі қызметтері осылай болмай ма! Сондықтан, тізгінді кертартпа қара күштерге мүлде бермейтіндігімізге сенеміз, оған күмән жоқ!...

– Бұған сіздердің соңдарыңыздан ілескен мен де күмәнданбаймын. Гоминдан салған ұлттық өшпенділіктің лаңынан құтылу үшін күресіп жүргенімізде Гоминданның өзінше істесек, бөріден үйренген бөрі ғана болып шығатындығымызды ескерсек болғаны!

– Мынауың үлкен сөз, мықты екенсің азаматым!... Ұлттық сатқындардан, тыңшылардан өте сақ болу керек. Ондайларды барынша шектеу амалын ойлай істейміз. Мұнан кейін сіз мені ғана танитын болыңыз, бірақ, менің атымды ешкімге айтпау жағы есте болсын! Хабарласып тұруды мен орайластырамын. Ұйымдасу, мүше тарту тәртібін Әлмен ұғындырған шығар?

– Ұғындырған... алды-артындағы өзі байланысқан екі серігін ғана танитын әдіспен ұйымдасуды айтқан.

– Шынжыр форымында ұйымдасу тәртібі..... қызмет бастадыңыз ба?

– Ресми бастамадық, ой жағындағы дайындығымыз жақсы. Біздің мектепте ұйымдасудың шарты толық. Сіздің нұсқауды ғана күтіп отырмыз. Маңайымыздың жағдайына үйлесіп жүргізуіміз керек қой.

– Дұрыс!– деп Репқат басын иығына жыға қойды. – Енді кіріссеңіз болады. Өте сақтықпен істеңіз! Сыфан – біздің жауынгерлеріміздің мол орналасқан негізгі орындарының бірі. Қайталап айтайын, қатарға бір жауынгер тарту үшін, оның өзінің ең жақын адамын ғана салу керек, өзіңіз көрінбеуді ұмытпаңыз! Алдағы сәуірдің жарымына дейін ұйымдасу қызметі толығымен орындалсын! Оған төрт жарым ай ғана уақыт қалды ғой!...

– Қозғалатын күніміз нақтылы белгіленді ме?

– 17 сәуірдің кеші. Қалибек бастаған зор партизан отряды Қызыл өзен арқылы Еренқабырға бөктерімен жетіп, Үрімжіні қоршауға алады. Біз – қаладағы барлық мұсылман оқушылары мен халық соған ұштаса іштен бір-ақ көтерілуге дайын тұруымыз шарт.

– Құрал табыла ма?

– Құрал мәселесі ойланылып қойылған, жетерлік табылады. Қай жерден, қалай алатындығымыз өз уақытында айтылады...

Осы мығым денелі сары жігіт маған пілдей күшті көрініп, мызғымас сенім бітірді.

– Рахмет ағай, енді уақытыңызды ала бермейін, ұқтым,– деп түрегелдім орнымнан.

– Мына жарнамадан қанша керек сізге?

– Біздің мектепке ме?– деп ойлана кідірдім. – Бізге Әлиқан төренің бұл үгіті көп керек емес сияқты, Гоминданның өз мылтығының ұшымен, ақсиған тісімен, ұлтшылдық мұратының күшімен-ақ ұқтыра үгіттеп болған, маған екі нұсқасы ғана керек. Соның өзі жылжып жүріп бәрімізге жетеді!

Репқат қарқылдай күлді. Күлкісі де тым нанымды екен.

– Олай демеңіз,– деді сонан соң, – Мұхамметтің орнатқан дін сеніміндей жалпыласқан сенім біздің жұртшылықта әлі жоқ. Сізге материялизмшіл – марксшыл болып көрініп жүргендердің көбі-ақ ішінен күбірлеп, иманын үйіре жүреді. Бұл жарнама қазіргі күнде сондайларға да қызмет істей алады.

Бұл сөзі шындық екеніне мойындасам да, жарнамадан көп алғым келмеді.

– Көп болса иісшілдердің қолына түсіп, бізді әлекке салады, біреу де болса халыққа молырақ тарағаны қатерсіз ғой. Осы екеуін бар сабақтасқа жеткізе аламын!...

Сөйтіп, екі нұсқа ғана алып шықтым. Ойқастай жортып келіп, өткен жазда Нұрия екеуміз сөйлескен тар көшеге ілініп едім. Содан шыға келгенімде әйелдер институтының қақпасы оңтүстікке қиыс қарап ашық тұр екен. Дәл қарсымда өлкелік үкімет үйінің алдындағы қары күрелмеген ызғарлы алаң түскі ашық күнмен жарқырап-жарқылдап өтірік күліп жатқандай көрінді маған. Аржақ шетіндегі мылтықты қақпадан шашқан удай зәрлі суық жел гулейді.

Ықшам ғана қара дырап пальтосы көзіме оттай басылып, үлкен төрт көше жақтан Нұрия шыға келді. Сәлден соң, алаңды кесе, мектебіне төтелей жөнелді. Тым асығыс сияқты, қоңыр түбіт салысымен аузын тұмшалап алыпты. Оң жақ бүйіріндегі уағдалы көше аузында тұрған маған бір де қарап қоймай тыпыңдаған суыт жүрісі менің көп күттіруіме өкпелегенін немесе келуімнен үміт үзгенін танытқандай. Айғай салғым келді. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көп адамды жалт қаратып айғайлаудан тиыла қойып, ұмтылып едім, Нұрияның соңынан қуып келе жатқан сары киімді Кәмен көрінді. Нұрияның қарамай зытуының себебі сол екен, мен де жалт беріп, тар көше мүйісіне далдаландым.

Жұрт көзінше жүгіре қашудан ұялып, бар жүрісімен лыпылдаған ұсақ қадамды қызды орғи қуған ожар адым құтқарсын ба, он адымдай қалғанда ыршып барып қолтығынан іле түсті Кәмен. Серпіліп шыққан Нұрия қайрылып тұра қалды. Амандасқанси созған арсыз қолдан шегіне беріп еді, Кәмен қос арсызын қосарлай созып барып, бір қолына жабыса түсті. Тұтқындалған қолын шығара алмағандай тартысып біраз тұрған Нұрия, енді бір сәтте босай қалған қолын өзі қайта ұсынғандай көрінді маған. Сүйікті қыздың сүйріктей саусақтарынан енді Кәмен безінгендей жалт беріп жүріп кетіп еді, Нұрия қуып жетіп және созды қолын. Кәмен Нұрияның қолын қағып тастап тұра жөнелді.

Аяулымның қолын зорлықпен бір ұстап қана жадырап кеткендей мына көрініске күлдім мен. Кәмен зорлап хат ұстатып қашып, Нұрия сонысын қайтарып беру үшін қуғанын сезіп тұрмын.

Кәмен қайрылмай жөнелгенде, Нұрия оның артынан қорқытарлық бір сөз айтып қайтқанын Кәменнің алыстай бере жалтақтап тұрып қалуынан байқадым. Нұрия жан-жағына да, мен жаққа да қарай-қарай кірді қақпасына. Мен көрінбеуге тырысып, мүйістен жартылай сығалап қана тұрдым. Оның үстіне, қыс бойы түспеген малақайымның құлағын да түсіріп, алыстан ешқайсысы тани алмайтындай кептеп кигенмін.

Алаңнан алыстаңқырап барып қайрылып тұрып қалған Кәмен, не себептен екені белгісіз, қолын сілкіп тастай жөнелді бір кезде. Төрт көшеден Яңхаң көшесіне бұрылып, қарасы әбден өшкен соң ғана жүрдім. Мектеп қақпасына жақындағанымда Нұрия терезесінен көрген сияқты, мақталы мешпетін киіп шыға келді.

– По, осынша неге...– деп соңын айтпай бұртия қарады да, өкпелегендей түйілген болып, көзін бір төңкеріп тастады. Түйілгені де тым ыстық көрінді маған, жүзінен жүрегі көрінгендей, сүйістің жалынды емеуріні ернінен жалт ете түсті.

– Кешір Нұрым, осымен үш рет ұзақ күттірдім сені!... Бұл жолы үлкен себеппен кешіктім.

Жадырай күлімсіреп, ілесе берді ыңғайыма. Көзі төрт көше жақты көп шолды, Кәмен әлі аңдып тұрғандай сезілетін сияқты.

Жаңағы мен жасырынған тар көше аузында кідіріп, тағы біраз қарауылдады да, артымнан жете сұрады:

– Кәменді көрдің бе?

– Көрдім,– дей салдым, – мен осы көшемен келдім.

– Сен кешіккен соң, жолыңды тосып жүре беріппін. Яңхаңға шыға бергенімде Кәменді көріп, қайта қайтып едім. Алыстан қалай танып қойғанын білмеймін, қуып жетіп осы жаңа ғана хат беріп кетті маған. Лақтырып тастайын деп едім, маңайымнан өтіп жатқан адам көп болған соң ұялдым. «Өзің қайтарып алмасаң, оқушыларыңның біреуінен жіберемін, масқарасы өзіңді табады» деп қайттым.

Кәменнің кейінгі қайрылып тұрып қалуы Нұрияның осы сөзінен екені түсінікті болды.

– Хатын алаңда лақтырмағаным жақсы болыпты, – деп жалғастырды Нұрия сөзін. – Мен қорқатын сөйлемдер бар екен. Мә, оқып шық та сен апарғаныңды айтпайтын біреу арқылы өзіне жеткізе сал!... Өзің енді қатты сақтан, жаным, – деп қалып, соңғы сөзінен өзі ұялғандай, жүзі қызарыңқы тартты да тұқыр сөйледі. – Жеңгемнің жазған хатына қарағанда Қабен аға қолға түскен сияқты...

Мен тұра қалдым.

– Не деп жазыпты?!

– «Менің қауіптенуім дұрысқа шықты, ағаң ауруханаға түсті. Бірақ, сенің айтқаныңдай... «дәрігерлер» құтқармай қоймайтынын айтып жүр. Менің де үмітім толықтанды» деген сөзіне қуандым. Жеңгемнің тым қорқақ екенін де айтып едім ғой өзіңе, мұндай адамның толық үмітті болуы халықтың күшейгендігі шығар?

– Дұрыс, өзің мен туралы неге қауіптенесің?

– Ыңғай жаман түс көретін болдым,– деп және тұқыра түсті Нұрия, – маған қарамай алыстан көрінетін болдың. Алдыңғы күнгі түсімде суға түсіп кеттің... шошып ояндым.

– Түске сенемісің?

– Сенбей... жаман түстің келетіні көп қой!

– Ояуыңда ойлағаның басқа бір сипатпен түске кіре береді, жаным. Сенбей-ақ қой оған!

– Саған айтайын деген тағы бір ісім бар: өткен жексенбіден бері шешемнен екі рет хат келді. «Тез қайтып кел» дейді маған. Едел-жедел хат жазып, сонша шұғыл шақыруынан ауырып қалды ма дейін десем аманшылығын жақсы баяндапты. Үлкен көтеріліс болса менен айрылып қалармын деп қауіптенетін сияқты. Жауабын қалай жазайын?

Мен Үрімжі көтерілісінің мезетін ойлап, қатерлі кезеңде Нұрияның өз үйіне қайтып тұра тұруын жөн көрдім.

– Ол кісінің солай қауіптенуі де дұрыс шығар. Тез қайт десе... қайта тұрсаң болмай ма?

– Сені... сенші?!

– Амандық болса өзім-ақ таппаймын ба, ант аттамайтындығымызға сенім толық қой!

– Үйге қайтып барып алсам... ол антты біз бұзбағанымызбен басқалар бұзар деп қорқам.

– Қалайша?

– Айтып едім ғой өзіңе, мені шешемнен сұрап жүргендер көп болатын. Ала топалаң бола қалса... Үйде әкем болмаған соң зорлап алып қашудан тайынбайтындар бар... Қорған боларлық Қабен аға да түрмеде жатыр... Әлде... жаңа жыл да келіп қалды ғой, қыстық демалыста барып қана қайтсам, қалай?... Сені де, мектептің қатерсіздігін де түсіндіріп қайтсам, шешем менен алаңсыз болар еді.

Маған Нұрияның сол «барып қайтуы» да қатерлі көрінді. Жауапсыз ойланып қалдым. Нұрия менің бұл бөгелісімнен елең ете түсті.

– Жаңа, «үлкен себеппен кешіктім» деп едің ғой, соны айтшы алдымен.

– Иә,... көше аузына келіп қалыппыз, қайта жүрейік!... «Шығыс Түркістан» ұйымы Үрімжіде де құрылыпты. Таңертең мені соған шақырып әкеткен.

Мұны естігенде жаңағы менше Нұрия да кілт тұрып қалды. Жүзі нарт жанып, аңыра қарады маған.

– Қабен ағаша қолға түсіп кетесің-ау!

– Олай болмайды, Нұрияш... кете қоймаспын, біздің ұйымдасу тәртібіміз өте берік.

– Қалай?

– Мені ұйымға өзім тартқан ең сенімді бір адам ғана білетін болады,– деп бастап, ұйым жайында білетінімді қысқаша түгел айта салдым.

– Үйге барып қайтуды да қойдым енді,– деп Нұрия білегімді көкірегіме баса қолтықтап ілбіді.

– Неге?

– Қатерлі кезде сені жалғыз тастап кете алмаймын! Мен де қатынасамын. Сен мені ғана тарт осы ұйымға, тартуға тиісті адамың нешеу болса да мен орындайын, өзім ғана көрінейін оларға! Сонда ғана қамсыз болармын!

Аса адалдықтан аңғалдық туылатыны бар ғой, қатерлі істегі, әсіресе, төңкерістік жұмыстағы аңғалдық ақымақтықтан да асып түспей ме. Ұйым жайын Нұрияға түгел айта салуым осылай сезілді өзіме. Кіршіксіз махаббат иесі өз аяулысына апат төндірмейтіні анық. Бірақ, аяушылықтан өз басына апат төндіру де бар. «Өзі қайғылы жанның көкірегін қасыретпен қаритын болдым-ау енді! – деп өкіндім аңғалдық еткеніме. – Ең шыдамды болғанда да маған алаңдап, ұйқысыздықтан солмас па... шыңап, қайрап тұру керек болды ғой енді!»

Жаутаңдай қарап жауап күткен көзіне мысқылдағандай қарап сөйледім.

– Күресте туған күшті нұр болар деп жүрсем, үйде терезе алдында ғана өскен, әлсіз-әйеншек гүл ме едің, Нұрияш?

– Не бопты?!

– Қабеннің ісіне алаңдаған жеңгеңді «қорқақ» деп мінеуші едің ғой, енді сондай іске қатнасқанымды айтқанда өзің не боп келесің?... Көрген түсіңнен де қорқады екенсің.

Сыңғырлай күлді Нұрия.

– Жоқ, әлгі талабымның мәнісін түсінбей қалыпсың... Әйел ісіне үкімет жеңілірек қарайды, осы іспен сендер қолға түссеңдер атып тастауы мүмкін.

– Әйел үгітіне үкіметке қарсы азаматтар да жеңіл қарайды. Өзің танитын екі-үш қызға сыбырлаудан басқа ештеңе істей алмай қолға түсуің тіпті мүмкін!– деп «күміс қоңырауымды» тағы бір сыңғырлатып едім. Бірақ, бұл сыңғырының соңы сынға ойысып, күбірлеп тұқырды:

– Мені тым қор санайтыныңды біліп қойдым... Қыздар ғана ма екен?... Сені ешкімге көрсетпей Ынтықбайлар арқылы бар сабақтасыңды бір-біріне жалғастыра қояр едім!

– Қор санауым емес Нұрияш, қорғаштауым. Өзің де мені қорғаймын деп қорлап алғаныңды сезбей қалдың!

– Қалай?

– Ел-жұрты үшін құрбандыққа шыдау ғана азаматтық атқа лайық іс. Сен мені ол аттан жұрдай етіп, өзің аттанбақсың!... Сен ұйымдастырмақ болған Ынтықбайлар әлдеқашан өздіктерінен ұйысып болған. Менің міндетім – өздігінен, ешқандай қатерсіз-ақ орындап қалған міндет. От жағады деп отқа түсетіндей қорықсаң, қорлағандық болмай ма?

– Ал қойдым ендеше!... Жалғыз-ақ... сенімен бірге көрмесем... көңілім тыншымайтын сияқты, менің де бір себім тиіп қалар, қатынасайыншы!

– Мақұл, бірақ, менімен ақылдаспай ештеңе істемейсің, ақылдаспай қатарға ешкімді тартпайсың!

– Мақұл!

– Алдымен жағдайды әркімнен сұрастырып біліп, қатерсіз болса демалыс кезінде апаңды тыныштандырып қайтсаң қалай?... Алтай ахуалын, Қабендердің жайын біле келесің!

– Мақұл, бірақ, онда үш күннен артық тұрмаймын!...

Репқаттан алып шыққан жарнаманың біреуін Нұрияға оқытып, бұл төңкерістің «сөзсіз» жеңетіндігін толық түсіндіріп қайттым. Көңілі орныққандай болып қалды.

Кәменнің Нұрияға жазған хаты көше бойы ойландырды мені. Бастабында өліп-өшкендей құштарлығын баяндай келіп, епті сөзбен қорқытуға көшіпті – әкесі үкіметке ежелгі жау қатарында түрмеден шыға алмай жатқанда, ағалары одан да асып түсіп Жұңхуа Мингоға қарсы шыққанын, «банды» болып кеткенін жазыпты. «Осы жайыңның өзі ғана жеткізілсе мектептен қуылар едің. Өзіңнің де кей кезде ерекше киініп, жүзіңді өзгертіп, мұрт жасап шығатыныңды менен басқа біреу білсе, қандай халге түсер едің, ойлап көрші! Ғашықтығым ғана саған қорғаныш болып келе жатпай ма? Әлде де айтарым, өзіңдегі сол үмітімді жандырсаң екен!... Өзіңді де, әкеңді де, сонымен бірге мені де аясаңшы, Нұрия жан!... Зарығып жатқан әкеңе кепіл болып, жарық дүниеге шығарар едім ғой! Егер шешең мен туысқандарыңның қасында болғың келсе, өзіңмен бірге кетер едім ғой!» деген сөзі Нұриядан басқа қызды ойлантар еді. Сақшының ішкі жағынан осындай кепілі бар әкені қазіргі У Жуңшин үкіметінің шығара салуы оп-оңай ғой! Бірер ауыз жылы жауап қайтарып, Кәменді алдай салса, түрмеде сарсаң болып жатқан сол әке шыға келгендей екен.

«Нұрияның қорқуды былай қойып, титтей илікпей, бейхабарсып тұрған маған сол хатты бере салуы – неткен беріктік, неткен бір беттілік!... Өзіне зор қасірет орнатып жүрген әке тағдырын да екінші орынға қойыпты ғой! Махаббаттың осындай жансебіл пірісін, ыстыққа да, суыққа да шыдамайтын әлсіз-әйеншек үй гүліне қалай теңерсің?»– осылай жанып қайттым жар қасынан.

Кәменнің бұл хатын басқа біреу арқылы қайтарып бермей-ақ, сол тыңшының өзін іштен бүре түсетін құралға айналдыруға болатынын да ойлап келемін.

 

Әділетті тергеушім, терімнен қырынды шел тілеп отырғаныңызда «Шығыс Түркістан» ұйымы жөнінен қос тегенедей құйрық асата қойғанымды түйсініп, көзіңіз шырадай жанған шығар! Мұндай қылмыс фактысы арқылы мені қай саққа жүгіртіп, қай сотқа тартқызсаңыз да төрт аяғы байланған семіз өгізіңіз бола қалмадым ба?

Шпионның ішінен мұжитын құрал боларлық хат жайындағы кесек қылмыспен тандырыңызды тағы да жібіте түсермін деп сенемін!

 

IV

 

Гоминданның Шинжяңға арнаған саясатын алғашында Жушауляң әкелсе де, азулы әскери қолбасшы сахнадағы рөлді толық атқара алмай, тез танылып қойған. «Аппастың» қанды қырғыны жетесіне жеткен құсалы халық «жаппас» келген соң буырқана түспесін бе? Сол тасқынды тыныштандыру үшін Жяң Жиеші өзінің ең «өнерлі» артисі У Жұңшинді өткен күз басында жіберіп еді.

У Жұңшин жетілген улы тырнағын ішіне бүгіп, халық халіне қайғырғанси жетті. Ежелден ел сатып, халық жеп әдеттенген шұбар төс ақсақалдардың аузына бұл мен шәйді топ-тобымен тықпалауға кірісті. Мұның аты «халықтан хал сұрау» еді. «Қан ішер Шың Шысай қамап кеткен адамдарыңды түгел азат етеміз» дейтін сөзбен бұл да аузын көпіртіп алды да, өзіне қызмет көрсетер деп сенген қытай тілділердің екі-үшеуін ғана түрмеден шығара қойды. «Жастар Жұңхуа Мингоның кең құшағында еркін жасайды» деп алып, артына қайырып тұрған қолымен мектеп оқушыларының өз үйлеріне жазған хатын да тексеріп тұруды бұйырды...

Таңертең көшеге шығып бара жатқанымда Кәменнің хат жөніндегі тергеуіне ілінуім осы «еркіндік» саясатты ескермей жауап беруімнен еді. Кәменнің алдына түсіп, аңдуына қалмаудың сылтауын тауып «жатақханада қалыпты» деген сол хатты қайтып келе сала жаздым да конвертке сала қойдым.

Енді бас мұғалімге тапсырып бере қояйын деген оймен жүгіріп жеткенімше алдымнан Кәмен шыға келді де, арсылдап тұра қалды:

– Ей, сенің әлгі таңертеңгі хатың қайда? Почтаға өз бетіңмен.. ешкімге көрсетпей өз бетіңмен салып жіберіпсің ғой!

– Олай емес шығар, Калаусы! Олай емес?!...

– Солай болған, Кәзенге тапсырмапсың!

– Таба алмай қойғанмын, жаңа таптым Калаусы!

– Қане?!

– Міне!...

Кәмен ашық конверттен хатты суырып алып қарап жіберді де:

– І... міне солай!... жүр бері!– деп ерте жөнелді тәртіп бөліміне.

– Калаусы, Калаусы!... Әр кластың өз бас мұғалімі тексеруші еді ғой?

– Енді мына мен тергеймін! Осы мектептегі қазақша хат бүгіннен бастап түгелімен менің қолыма өтті, біліп қой!

Бұл мәнсаптың бағана алаңнан қайтысымен тәртіп меңгерушіге келіп менің хат жайындағы сөзімді жеткізу арқылы жеткен биігі екенін түсіне қалдым. Тәртіп бөліміне қарасты бір кішкене бөлмедегі жалғыз орындыққа отыра қалып, тергей жөнелді:

– Таңертеңгі хат қайда?

– Осы!

– Неге мұншалық қысқа жазылған?... Асығыс сүйкей салғансың!

– Үйге үнемі осылай қысқаша амандық айта саламын.

– Мені бұл сөзбен ақымақ қыла алмайсың, шыныңды айт!

– Ал, шыным сізше қалай?– деп тігіле қарадым.

– Таңертеңгі хатты жөнелтіп жібергенсің де, мені алдау үшін асығып, осыны жаза салғансың, міне осылай!

– Ендеше жексенбі ғой, бүгін жүрген жоқ. Барыңыз да, почтаханадан тауып әкеліп, мені жазалай беріңіз!

Кәмен ақырып қалды.

– Қай почтаға салғаныңды өзің білесің, тап өзің!

Менің де ақыраңдай жауап қайыратын жөнім табылып еді, алдағы міндетімді ескеріп егестірмегім келді де бәсең үнмен сөйледім:

– Калаусы, осыдан басқа жазған хатым жоқ, сондықтан іздемеймін. Сенбесеңіз іздейтін міндет сіздікі. Бас почтаға менің атым мен адресімді айтып телефон берсеңіз, бар болса сізге қайтарып бере салуы сөзсіз. Ал сөзсіз іске ендігі сөз керексіз! – деп шығып жүре бердім.

Сары жүзі қызғылт тартып, тығыла қалды Кәмен.

– Көрерміз әлі керекті-керексізін!

Бұл ит кейін тағы да тақымдай қалса арашашы болсын деген оймен осы жауабымды Кәзенге баяндап шықтым.

– Мұнысы болмапты!– деп қалды Кәзен. Ызаланғандағы дағдысынша, бет ұшы алмадай қызара қалды....






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных