ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 14 страницаКірпігінен меруерт төккен, Көкірегінде қасірет бүккен – Нұрияшым сенде ме екен, Көрсетші бір жүз-шырайын? Жасырасың күннің нұрын, Қылғымассың кімнің нұрын!
*
Ерке бұлақ, еркін бұлақ, Ерте тұра-ақ келдім сұрап: Таза күміс қоңырау үнді, Жайлы жаздай жаны гүлді, Жарқылдаған жалын сынды – Сенде күлген кім сыңғырлап? Тасты жарып, таудан өндің, Таныс үннің айтшы жөнін!
*
Айтшы жөнін, жансын көңлім, Тапсын күнін!... О, дәриға-ай!... Тұнығыңдай толқын атқан. Мөлдір сезім қанат қаққан, Жар алдына жанын тартқан – Жарды айырмай, жанды айырғай! Емін айтшы жан жарамның – Қайда екен, қайда ақ маралым?!
Тоғай арасында екі-үш үйден ғана отыратын шағын қоңыр ауылдардың бірінде жатырмын. Менмұндалап мөңірейтін қоралы малы жоқ, үкіметтен өздері де жасырынып жатқандай жым-жырт, шағын жанды үйлер екен. Үйдегі кемпір-шал жалғыз ұлындай күтті, сауатын екі түйесінің шұбаты маған құйылды. Күндіз естен айырып, түнде түстен шошытатын Нұрияға арнап осындай өлеңдер жаздым да жаттым. Әндетіп айтсам-ақ аңырап қоя беретін сияқтымын. Бұл ауылға жоқтау айтуға келгенім жоқ, үкіметке өшіккен мені де батыр деп түсінеді ғой. Іштен егіліп, қабырғадан сөгілулімін. «Шырағым» дейді кемпір, «қарағым» деп қара шал атады. «Осындайда шашыңды қырғызып тасташы. Арғы бетке өтеді екенсіңдер, онда құйыршықтар да бар деседі. Құйыршық құрғырлар үкіметті соққылағанның үстіне қарапайым халықты да тонайды екен. Тіпті іш киімге дейін сыпырып әкететін бетсіз қарақшылар бар дейді. Сендердей шашы бар жігіттерді «шоқынған» деп, шашын да жұлып алатынын естіп тұрамыз. Кім біледі қандайына кез болатындарыңды, оларға қинатпай, өткір ұстарамен өзім алып берейінші!» Ертеңіне таңертең хал-жай сұрап, хабарласуға келген мектеп меңгерушісінен осы сөздің шындығын сұрадым. – Рас,– деді ол, – партизан атымен құралданып жүргендердің кейбіреуі ел-жұрттың бостандығы үшін төңкеріс жасап жүргендер емес, сол атпен мал табуға, қазына жиюға кіріскен қарақшылар. Кейде Оспанның атын жамылып, ойлағанын істей береді. Бұлардың ішінде бұлаңшылар да, әсіре мұсылман – шаш жұлғыштар да бар көрінеді. Сендерді бастап апаратын біздің жігіттер ондайларға қоса қоймас, сөйтсе де «сақтықта қорлық жоқ», шашыңды алғыза тұр! – Енді сенен шүйінші сұрайын!– деп арықтағаннан ұзын жағы сорая түскен меңгеруші тағы күлімсірей сөйледі. – Алыңыз, алыңыз!– деп елеңдедім. Нұрияш табылғандай сезіммен денем лап ете түсті. «Бұл кісі Нұрияға жақындығымды былай қойып, оның өзін қайдан білмек» деген ой болсашы менде. – Совет армиясы Берлинге кірді,– деді, – Китлер талқандалды деген сөз, енді жапонды шайқай салады! Жұңго Кұңчандаңы Гоминданды соқты дей бер! Енді Жұңгода коммунизмнің жеңімпаз туы көтеріледі! «Олай болса Нұрияш екеуміз де азат болдық, табыстық» деген тәтті үміт жүрегімді тербете жөнелді. Сүйінші сұрап хабарлаған меңгерушіге жақсы шұғадан тігілген шапкімді ұсына бердім. – Сүйіншіге мынаны киіңіз, кәде болсын! – Мұндай ортақ қуанышқа сүйінші сұрау – жаңа салт, жақсы лепес үшін ғой, алмаймын, рахмет бауыр! – Жоқ, тым болмаса естелік үшін киіңізші!... Ендігі жолда маған ескі тымақ қолайлы!... Қанша өтінсем де сыпайы ұстаз шапкімді алмады. Өзі бұдан төрт-бес жыл бұрын Сыфан мектебінен оқып шыққан аға сабақтас екенін айтып, киіп жүрген сұр палтосын жолға киюге ұсынып еді, ұзын келетінін айтып мен де алмадым... Күн еңкейіп, екінтіге құлаған шақта шашымды алдырып болып, жата беріп едім, ат дүбірі естілді. Бұлай дүбірлетіп келіп, күбірлесіп қайту екі-үш күннен бері дағдыға айналған. Сөйтсе де бұл дүбір жүрегімді қатты дүрсілдете жетті. Елеңдей ұмтылып, ашық тұрған есіктің босағасынан сығаласам, елу басы екен, түсі тым салқын көрінді. Ақ тобық ала атының тізгінін есік алдына келе тартты да, үстінен еңкейе қарады, жасаураған көк көзі мұз сүңгідей суық қадалды маған. Бұлай қарағанына жарай мен де жылы шыраймен амандаса қоймай аңырдым. – Бері шықшы! – деді. Шыға келдім, артымнан шал да шықты. – Уақыт осылай болды... һы!... Хаупің неден болса, – деп кідірген елу басы мақалының соңын айтпай, арт жағындағы тоғайға жалт қарап қойып, шалға қамшысын білей бүйірді. – Байла, мына жігітті! Тігіле қараған шал да кесек қайырды жауабын: – Е, неге?... Әкелген өзің едің ғой, өзің байла, ант атқыр! Ауылға зобалаң күштің жеткенін сезе қойып, мақталы мешпетімнің жеңін кидім де, қолымды артыма қайырып, шалдың алдына тұра қалдым: – Сырттарыңыздан мылтық кезеніп қарап тұрған болар, жауапкершілік келмеуі үшін сіздің байлағаныңыз өзіңізге жақсы! Шал сонда да тұнжырап тұрып алды. – Түсіндім елу басы, – дедім енді оған бұрылып. – Сендерге кесел келтірмейміз, антымыз – ант. Байлауды бұйырған болса, өздеріңізге пәле таппай, неғұрлым тезірек... өзіңіз түсіп байлай салыңыз! Елубасы атынан қарғып түсіп шалдан ұзынырақ жіп сұрады да өзі байлай кемсеңдеді: – Шарағым, кейін түсінерсің кімнен болғанын, – дей салып, дереу ақырды. – Ей шал, біреу келгенше босағаңа байлап қоя тұр!... Елубасы атына міне шауып, жоғары тартты. Әр босағадан, әр теректің түбінен сығалап тұрған ауыл адамдары маңыма жиыла бастады. Шешей тоғайдан теріп шыққан отынын тастай сала ұрысты шалына: – Неғып тұрсың, босат мына баланы! Осы жас өрімдерді ұстап бергенше өздерің атылсаңдаршы!... Босат деймін қақбас, неғып маңқия қалдың! Қашып кетті дей салмаймысың, құтылып кетсін осындай да! – Мені қойшы, жау келіп бәріңді ойрандайды ғой, әйтпесе... – деп күмілжіді шал. – Бізге не қылмақ?! Әкетсе орнына сені әкетсін! – деп кемпір менің қолымды шешуге ұмтылды. – Босатпаңыз, шеше, босатпаңыз, – деп шегіне бердім, – құтылсақ осы ауылдан емес, жолдан құтылармыз. – Алда, жарығым-ай! – деп кемпір боздады, – кесірім тиер дерсің-ау енді! Бір ауылды жанға не қылмақ бұл лағынаттар?! – Жоқ, шеше, пулеметтың астына алады. – Дәм татшы жарығым тым болмаса, дәм татшы!... Батамды берейін, анаңмын ғой мен де!... Ей шал, мына төбеге шығып қарай тұр енді! – Мен қарап тұрайын, келе жатса дыбыс беремін, – деп бір жігіт қарауылға жөнелді. Кемпір болмай шешті де, мен жіпті үйге ала кірдім: – Олай болса мынау дайын тұрсын, айдаушы келсе үйден байлап шығарыңыздар. Үш үйдің адамдары түгел кіріп, көздерін сүртісті, кей мұрындардың піш ете түскені болмаса, тым-тырыс. Аяныш пен ашыныштың ажарлы көздері жасқа толып, бәрі де маған мөлтілдей төнулі. Шешей ақ жаулығын мойнына сала жылап, маған бата бергенде, бәрі де қол жайды, бәрі де дір-дір етеді, кемсең-кемсең қағады. Шешей дастарқан жайып, шұбат құйды. Көрші екі үйден екі тостаған құрт, ірімшік әкелініп, менің алдыма қойылды, екеуінен екі түйір ірімшік ауыз тидім. Қапсағай қара Қали кіріп келді осы кезде. Бәрір үдірейе тұрды орындарынан. Қали табалдырықтан озбай тұра қалып, аман-сәлемсіз-ақ асыға сөйлеп кетті: – Бауыр, қалаға шауып, әскер бастап әкелген әлгі Қабдолла дейтін ит екен. Оған кім жеткізгені қазірше белгісіз. Жолдарыңнан кешіктіріп обалдарыңа қалдық. Сол күнәміз үшін енді сендерді қаматпауға, қамаса да уақытын ұзарттырмауға ел болып бар күшімізді салмақ болдық. «Тұтқындалған жастарды босат» деген талапты Үрімжі маңындағы барлық тау халқы бірдей жаудыратын болады. Қорықпаңдар!... Осыны жолдастарыңның бәріне жеткіз. Ал, кеттім, аман шығасыңдар! – Бізден пәлендей үлкен мәселе таба алмайтын болады, – деп ескерттім мен. Қали «бәрекелдісін» айта сала жөнелді. Іле-шала үйдің арт жағынан ханзуша саңғырлаған үн естілді. – Келді, мені тез байлай қойыңыздар,– дедім есік алдында тұрған қартқа. Ол дір қаға келіп, екі қолымды жіптің бір ұшымен бостау байлады. Үй сыртына ұзын жіпті сүйрете жүгіріп шығып едім, жуан кері ат мінген ұзын бойлы қара сұр жалт беріп шегіне барып тоқтады. Ұйғырша жағасыз қара шекпен жамылып, қазақ тымағын киіп алған Гоминдан офицері екен, шекпен ішінен автомат асынып, маузерін жалпақ сары белбеулі қарнына қыстырыпты. Күн батып барады. Осы бойы айдай жөнелсе ну орман, қараңғы түн жамыла жол шегетін сияқтымыз. Офицер маған түйіле қарап алды да шалға ханзуша бұйыра сөйледі. – Мынаны алып жүр, төменгі ауылға апарасың! Ханзуша білмейтін шалға өзім аударып айттым да, «алып жүре алмайтыныңызды айтып, жіптің ұшын өзіне ұстатыңыз» деп қостым. – Мен алып жүре алмаймын, кәрі кісімін, өзің айдап әкет,– деп қарт мені байлаған жіптің бір ұшын өзіне берді. Сол-ақ екен, офицер шалды қамшымен шықпыртып-шықпыртып жіберді. Ауыл адамдарының жасырағы түгел тығылып қалған екен. Ұмтылып барып шал мен алдашы арасына тұра қалдым: – Баугау жүнгуан! – деген «итағатты» сөзіме айдаушы үдірейе шегінуімен жауап қайырып тұра қалды. Өзім білетін ханзушаммен бұлдырықтата жөнелдім, – мына шалда күш жоқ, маған ие бола алмайды. Жолда жұла қашсам, сен оны атасың, шал содан қорқады. Мархабат қылып, өзіңіз айдап жүріңіз мені. Олай болмаса мына шалдың қолынан қашуым мүмкін. Офицер таңданыспен мырс ете түссе де, көзі қанталап, тістенуден жақ сүйегі қисая қалды. Мендей сыпайы қашқынды Үрімжіге апарып тексермей ата алмайтынына сенімім толық еді. Мен де тік қарадым көзіне. – Сен қашамысың?– деп зекіп, маузерін ұстай қойды. – Қорыққандықтан қашуым мүмкін ғой. Мына шалдың қолынан құтылуым оңай. Жіптің ұшын күшіңіз бар өзіңіз ұстаңыз. Жолда қателесіп қалмауым үшін шынын айтып тұрмын. Жаспын ғой, маған да жан керек. Ол әр үйді түгел тіміскілеп, бала-шаға мен кемпір-шалдан басқа ешкім таба алмады да, жіптің ұшын шалға еріксізден ұстатып, екеуміздің соңымыздан маузерін кезей ерді. Мен тұспалдаған жерге ымырт үйірілгенде жеттік. Жіп білезіктігімде қолқылдап бос келеді. «Мына жартастың түбіндегі құмайтқа ыршып түссем, маузерін шақылдатып төгіп жіберер еді. Атылған оқ далаға түскен менің үстімнен ысқырып өтіп, жер қаба берер еді. Жартас далдасымен бұлтарып барып, әнеу жерден түсе қалсам, меңіреу орманға сүңгігенім емес пе. Амал қанша, бұл жерде қашсам, жазықсыз қарттың алал қаны мойнымда кетеді ғой!» Сай аузындағы жалғыз үйлі малшының қотанына келдік. Жолдастарымды түгел ұстап әкеліп, бір арқанға үштен-төрттен қосақтап, екі қолдарының қарынан көгендей байлап отырғызыпты. Ең соңы өзім екенмін. Жартыкеш айдың ала екеуім сәулесімен санап та үлгірдім. Сұр палтолы мектеп меңгерушісін де Мұсаның қатарына байлапты. Екі әскер екі қолымнан қос қолдай ұстады да енді біреуі екі татарға қосақтады. Ыңғай қол пулемет, автоматпен жарақталған жиырма шақты әскер төрт жағымыздан қоршап тұр. Олардан арырақта, қарсы жағымызда жуан-жуан төрт-бес тымақты қазақ отыр, ел шонжарлары болса керек. Бұл ауылды осылардың салмағымен басып, бізді осылардың қармағымен ұстаған тәрізді. Әскерлерден үн шықпайды, құтырған қасқыр екендіктерін бұл жерде білдірмегісі келгендей сып-сыпайы тұр. Бұларды осы әдепке еріксіз көндіріп тұрған халық қаһары, төңкеріс айбаты еді. Мені айдап әкелген ұзын бойлы, қара сұр офицер ғана тінту жүргізіп, пышақ-қағаздарымызды жиып алды да, аты-жөнімізді, ата-мекенімізді, қазіргі орнымызды сұрап, қол шырақ жарығымен тізімдеуге кірісті. – Иттен жаралған сатқын!– деп қалды Ақай қарсы жақта отырған төрт-бес жуанға қарап, әдейі естірте кіжінді. Ортада отырғанның бірі айтулы Қабдолласы екен, соған тісін баса қадалып, сөзін дағдап-дағдап тастады. – Сенің адам аты қойылған ит екеніңді Үрімжіде тұрғанда-ақ естіп болғанбыз. Осы маталуымыз сенің ісің!... Осыдан біреуіміз аман қалсақ, сендік боламыз, көресің әлі-ақ!... Олардың ешқайсысы үн қатпай қала берді де, бізді төрттен қосақтаулы қалпымызда айдай жөнелді. Беталыс оңтүстік, Дауаншың1 жақ. Өңшең атты, автоматты әскер қамай айдап келеді. Ел көзіндегі сыпайылығы сол шеткі қотанда қалғандай, былай шыға шақылдап, қамшылауға кірісті. Суға, батпаққа келгенде қой айдағандай батырлатып, ат омырауымен соға, қылышын суыра соққылап түсіреді де, орман арасындағы жолда шеп жайып қоралай қуады. Біздің тілімізді білетін ешкімі жоқ екені байқалады. Орманға келгенде өзара күбірлесіп кетеміз. – Менің қолым босады,– деді Ақай бір қалыңға кіре бергенімізде. – Жанаса жүріп біріңді-бірің босатыңдар... Әрқайсынымыз өз тұсымыздағыға ыршиық, тым болмағанда жарымымыз құтылып, ат пен құралға ие боламыз. Оны Салық, Шақан бас бірнешеу қостады, бірнешеуіміз басу айттық. – Бекер қырыламыз, шақпақтары қайраулы. – Масасын басқанша желкесіне қонып болмаймыз ба... – Жолдастар, бұлар қазір бізден сылтау іздеп келе жатыр,– деді Мұса, – біреуің қарсылық көрсетсеңдер-ақ осы иенде қырып салады да, «қарсы көтерілді, өзіміз қырылмау үшін қырдық» деп баяндай салады. Онан да осы жолдан аман жетіп көрейік. Бұл пікірді мектеп меңгерушісі де қостады: – Күрес әлі де алда ғой, жігіттер, құр тәуекелмен қырылып қалмайық! Осы әңгімемен түн ортасында жазық далаға түсіп, жол үстіндегі екі бөлмелі там үйге жеттік. Жылтыраған май шамы бар түп үйге бізді қамады да, байлауымызды шешкізбеу үшін болса керек, ішкі босағаға бір күзетші қойып, төрт-бесі ауыз бөлмеге ұйықтауға жатты. Келе сала босағадағы қазандық үстіне отыра қалған күзетші сары аяқ маңдайын автоматына сүйеп, аздан соң-ақ қорылдай бастады. Шақан мен Ақай байлаулы қолдарын арқаннан босатып алды. Түстері бұзылып кетіпті. Мектеп меңгерушісі мен Мұса екі жақтарынан бірдей күбірлеп, тоқтау айтып отыр. Терезе тостаған аузындай ғана әйнек екен. Оның сыртында да мықты күзет бары белгілі. – Кеңірдегінен шап беріп шиқ еткізбей құртуға міндеттімін,– дейді Шақан. – Осы автоматтың бір оғын құр жібермеуге мен міндеттімін,– деп Ақай серт етті. Екі жағындағы екеуі тым қатерлі жәйтті ескертті. – Сырттағы он неше автомат пен қол пулеметтарды да шиқ еткізбеуге міндеттімісің?!... – Қалған жиырма екі сары аяқтың бір гранат тастауына да мұрсасын келтірмеуге міндеттімісің?! Бұл ескертулерге де бой бермей өкірештеген екеуін шорт тимасақ, ауыз үйдегілердің біліп қоятындығы байқалды. Ханзушалап күзетшіге зекідім мен: – Ей зангуан1, ұйықтама, тұр орныңнан! Күзетші селк ете түсті де, орнынан ытқып тұрды. Менің дауысымды естіген ауыз үйдегі екі күзетші кіріп келді де, менен арман шақ-шақ ете түсті оған. Жатқандарының да ұйқысы шайдай ашылып, менің «қожайындығыма» күлісті. – Анық шпион мынаның өзі болды ғой енді?– деп қисая кетті Ақай, – әй мынауың тергеуші алдында бәрімізді күйретер! – Есіңнен адастың ба?– деп Ынтықбай шошына қарады маған. – Жоқ, екеуі де емеспін,– деп күлдім мен, – ап-аман құтылатын жолдарыңды таптым. Оны анықтап айтып беруім үшін, алдымен бір-екеуің даңғырласып сөйлесіңдерші, иә, жақсылап бір күлісіп алайық, қане! Осы сөзбен түгел күлісіп едік: – Тама... ды,– деп тілдеді ауыз үйдегі сары аяқтың бірі, – есек!... Мал!... – Ей мықтылар, – деп дауыстадым ханзушалап,– әскери тәртіпте дұшпанға қойған күзетші ұйықтаса малдан да жаман болады, солай ма, солай емес пе?... Сендер дұшпандық қылып қылыштап, киімімізбен су кештірдіңдер. Біз ғой, ұйықтап кеткен күзетшілеріңді оятып, достық қылып отырмыз, қайсынымыз есек? Ұйықтаған күзетші мен ауыз үйдегі біреу кәрленіп, зеки тілдегенде, кейі менің сөзімді құптағандай басу айтып жатты. Мен жолдастарға қапсағай қара Қалидың сәлемін жеткіздім. Залың жағынан мұндай күшті талап қойылса, қазіргі жағдайда бізге үлкен жеңілдік келетінін Мұса қуана сөйледі. – Жеңілдік үстіне жеңілдік әперетін шараны, егер бопсаға шыдап берсеңдер, мен таптым,– дедім тағы да, – ол жеңілдік алдағы тергеушіге беретін жауабымызда, бір ауыздылығымызда. – Рас, рас!– деп Ынтықбай мен Қуат, Мұса үшеуі қатар қуаттады да, Ынтықбай ақылдасып, бірлікке келіп алуға шақырды. –...Алдымен өз ойлаған жауабыңды сөйлеші. Мен ойымды жалпылай, қысқаша баяндадым: – Осы қашып шыққан он тоғызымыз түгел шет ауданнан, көпшілігіміз батыстағы үш аймақтан келген оқушылар екенбіз, қараңдаршы... Мен жауабымда шарқи-парқиыңды да, ұйым-сұйымыңды да «түсінбей» қоямын. Біздің қашуымыз екі-ақ себепке байланысты: бірі, «құйыршықтар» Үрімжіні қоршай қалғанда ханзу сабақтастар құралданып, бізге кезенеді екен (өткен қыста солай болып, үш түн бойы жатақханада дәреттендірген ғой). Енді соғыс хаупін естіп, солардың атып тастауынан қорықтық. Екінші, үйіміз алыста жатыр, дүрбелең бола қалса далада қалмай, ертерек үйімізді тауып алу үшін қаштық. Осы жауаптан басқаны білмеймін. Бұл жауаптан жазсам бәрімізді құртады. Ұйымға қатысты мәселенің әрқандайын жасыру үшін де мұның тиянақты жауап болатынын жолдастар түгел түсінді. – Бірден-бір дұрыс жауап осы,– деп Ынтықбай айқындай толықтыра түсті. – Біз ұйым арқылы емес, бұрыннан сырластығымыз, жерлестігіміз арқылы, үйді сағынғандық пен әлгіндей қорқынышымыз себебінен бірлестік. Сонда ұйым жоқ болып шығады. Бұл екі себепке сендіруіміз оп-оңай болуы мүмкін. Мұнан соң Мұса ұзағынан сөйлеп, басқа кейбір сұрауларға беретін жауапты нақтап түсіндірді. Ұйым мәселесінен жылт шығармай, мүлде мойындамай қоюға келістік. Сары аяқтар күн шыға қайта тізіп, арқанымызды мықтап байлап жатқанда, үш қазақ қағаз әкеліп, мектеп меңгерушісін алып қалды. Біз айдала жөнелдік. Сары аяқтар түндегідей қылыштап шақылдауын азайтса да, суға қой айдағандай киімшең итермелеп түсіруін қойғаны жоқ. Таудан алыстап, құлдаған сайын күн қуырып барады, желсіз тымырсық ыстық. Кешіп өтіп бара жатып, суға бас қоямыз. Бұл жайымыз айдалған сиырға ұқсаса да, бір жайымыз сиырдан да төмен еді, қосақталған төртіміз бірдей бас қоймасақ, ерніміз суға жетпей жыбырлайды. Суға біріміз бас қойғанда бәріміз бас қойып келе жатып, тағы бір қырсыққа тап болдық: қосағымдағы татар жігіт іш ауруға шалдықты. Дәретке ол отыра қалғанда мен де отыра қалмасам және болмайды, ол әлсін-әлі отыра кетеді, шарасыздан қалған үшеуіміз де отыра қаламыз. Артымыздан тірсектей қуып келе жатқан айдаушылар аттарын тоқтата алмағансып, үстімізден бір-екі рет бастырып та өтті. Сары аяқ айдаушымыздан қара тұяқ аттың рахымдылығы молырақ екен, баспай аттап қана өте шығады. Ауырған іш шұр ете түскенде, бәріміз шу ете түсіп отыра қалуға біз әдеттендік те, кілт тоқтай қалуға ат жануарлар әдеттенді. Бірақ, арсылдамауға сары аяқтар әдеттене алар емес, шақшырайған күн еңкейгенде Дауаншың абақтысына жеткізіп қамаған соң ғана тынды. Екі босағасы еркек ит дәреттеніп, сиыр жапалағандай дайраққа толған, терезесі иә булығы жоқтығын былай қойғанда, әнденектей ғана «әдемі» абақты екен. Еденіндегі дәретсіз, тазарақ топырағына жуан бір ұйғыр ғана сиып жатыпты. Алды болып «тышқақтар тізбегі» аталған біздің қосақ кірді. Симай қалған артқы қосақтарды нығарлап сары аяқтар сақылдады да, «тұрсаңшы, ака!» деп жуан ұйғырға біз сақылдадық. Кіргеніміз соның астындағы қалың борбасты «артқы аяқтарымызбен» мысықша тарпып жүріп, жапаларды жаптық. Сонда да сиысып отыра алмай біз даңғырласақ, дайрақтан ақталып жалғыз ұйғыр саңғырлайды: «бүгін шыққан гөйлер толтырып кетті» дейді ол. Абақты ішін ақ түтек тозаң басты. Қысылыстан шүмектеген ащы терден дем ала алмай тұншығып, шу көтердік. Тыңдарлық сары аяқ жоқ еді, есікті ұрған әлгі ұйғырдың жұдырығы тыңдатты, екі қойып жіберіп, бір тепкенде есік шарқ ете түсті де, шалқасынан ашылды. Құлып салған ілгегі үзіліп кетіпті. Сары аяқтар қайта қаптап жетіп келді: – Кім бүзді?!... Кім?!... Кім?!... – Біз!... Біз!... Біз! – деп шуладық. – Өлтірсең топырақпен тұншықтырмай атып өлтір!... – Мен!... міне, мен! Не қыласың? – деп ұйғыр ыршып тұрды. Дөңгелек қара сақалы қалшылдап кетті. – Бұл молаңды салсаң адам сиғандай етіп салсаң болмай ма?... Біздің көп халық екенімізді білмеймісің?... Сақшы сожаңы келіп қарады да: – Есік ашық тұрсын, қашсаңдар атыласыңдар!– деп сұқ саусағын шошаң еткізді. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|