Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 15 страница




– Су!...Су!– деп біз тағы шулап, су алдырып іштік. Енді қарастық бір-бірімізге. Лайдан бетіміз көрінбейді, баттасқан әлем-тапырық батпақтан әрең таныстық. Бір-бір момы жеген соң ғана көзіміз шалшық ботқасы арасынан әрең жылтырады...

Таңертең бәрімізді қосақтан айырып, жеке-жеке матай бастады. Қолымызды артқа қайырып, дымдалған жіңішке кендірмен бас бармақтарымызды қосып бір байлады да жуан кендірмен шынтақтан қайырып бір байлады. Үрімжіден келген екі машинаның біріне дағарланған ет шығарғандай домалата берді сонан соң. Машинаға қатар-қатар отырғызып, қораптың төрт бұрышына автоматты төрт сары аяқ шоқиды.

Ендігі бір машинаға қалған сары аяқтар шығып жатқанда жүріп кетіп едік, олар Саяпыл көлі тұсында қуып жетті. Кабина желкесіне екі орындық қойып, тымақты екі қазақты отырғызып алыпты.

– Әне Қабдолла,– деді Ақай кіжініп. Көкшіл көзі қиықтанып, қалың қырма сары сақалы тікендей тікірейе қалды. – Силыққа Ужұңшин беретін бір шәй, бір топ шытын алып қайтпақ қой!... Сол шәйін ішкізбей бассалып аузына шаптырсам еді!..

Ынтықбай күжірейіп, тұқыра қарады Қабдоллаға:

– Асықпасын, күн туғанда анау шоқша сары сақалынан басып тұрып, аузын өзім ашып беремін!

– Қолыңа шаптырып қоймай ма?– дегенде Шақанның қалың ерні болп ете түсті.

– Қойсаңшы ей, сен,– деді Салық шамы келгендегі әдетімен беті қызара қалды, – өлім алдында неткен қалжың?

– Өлмеспіз?– деп Мұса серпіле түсті, – өлсек те бетіміз жарық қой, қалжыңдаса, күле тұрып өлу – бізге ғана тән қайрат!... Биған, сені әнші дейді ғой, басташы «Елім-айға», мына шалқар Саяпылды мұңымызбен бір толқыта кетейік.

«Елім-ай» аталғанда Нұрия екеуміздің соңғы жыласқанымыз есіме түсіп, шиқ ете түстім де, кенет ширап, жұтына сала бастай жөнелдім. Жолдастарым түгел қосылып, күңірентіп әкетті. Төрт сары аяқ бажырайысып, таңдана қарады... Өлім табалдырығынан аттағалы тұрғанда ойын-тойға келе жатқандай әндетуімізге ауыздарын қисайта жымиды...

Екінші түрмеге түс ауа жеткізіп түсіріп еді. Үстінен тікенді тоқ сымын керіп тастаған биік дауалды, шой құлыпты темір қақпаның ішіне енген соң таудан айдап келгендерден де көп сақшы қоршап тұра қалды бізді. Бірінен соң бірі келіп тінтіп жатыр. Белбеуді ғана емес, іш киімнің бауына дейін суырып алып, ескі көрпеден жыртқан шүперектермен байлатты да, киімімізден түйме қоймай үзіп тастады. Түкпірден түкпірге бір-бірден итермелеп әкете берді сонан соң.

Кешегі тұңғыш көрген түрмедей емес, солай нығарлап жүз адам қамаса да сиярлық, едені мұздай жалтыраған цементті түрмеге жалғыз өзімді қамады. Шинжяңда қамалатын «халық көп» екенін біліп салған түрме осы сияқты. Былтыр күзде «түрмелерді жоғалтамыз» деп жүргенде қалаған шыт-жаңа түрме көрінеді. Неше қараңғы залдан өтіп, неше иін айналғанымды, қай жақтан қалай кіргенімді білмей қалыппын. Артымдағы темір есік шарқ етіп жабылғанда алдыма ыршып түстім, маузермен атып қалғандай жабылады екен де, құлпын салғанда құлақты ыңғуырлағандай шаңғырлап, «сөйлеп» кетеді екен. Ертегідегі жеті басты жалмауыздың тылсымды сарайларының бірі сияқты. Кешегі жуан ұйғырдай неше дәу шалжайса да сиярлық тақтай сәкіге жалғыз мешпетімді жайдым да құлай кеттім. Бір босағада ғана дәреттің бөшкесі бар екен, қанша уақыттан бері ашытқанын кім білсін, ішіндегі сұйық дәрет кеңсірікті ірегендей мүңкиді.

Кең «жәннәтқа» кіргендей-ақ қол-аяғымды кере жатып ұйықтап кетіппін. Есік тағы да шаңғырлап «сөйлеп» қалғанда, басымды көтеріп алдым, есік емес, есік ортасынан төрт бұрышты тесік ашылыпты. Күлшедей бір момы мен бір аяқ су кірді.

Есік шақ ете түсті тағы бір кезде. Қатты ұйқыдан ыршып тұрыппын. Есік өзінің құлақ жейтін үнімен «сөйлеп» барып, шалқасынан ашылды. Түннің қай шағы екені белгісіз.

– Шық,– деді қара киімді сақшы, жан мылтығы қолында тұр. Сол бойыммен шыға беріп едім. – Нәрселеріңді қалдырмай ала шық!– деп, мынау «сарайымнан» біржолата әкететінін білдірді.

Күндіз тінтіп, тонаған аулаға жолдастарымды түн ортасында қайта әкеліп, қайта байлап жатыр екен. Тас қараңғы бұлтты түн, бір-бірден әкеліп, тағы да төрттен қосақтап түгендеді де айдай жөнелді. Сыбанып алған көп сақшы тұс-тұсымыздан мылтық кезей шақылдап, тіл қатыстырар емес. Асфалтті жарық көшеге шығарып, үлкен төрт көшеге қарай айдады.

– Мына меңіреу түнде атқалы алып шыққан шығар,– деп сыбырлады қатарымдағы Қуат. – Сиықтары тым зәрлі, сыбанып алғандарын көрмеймісің?

Артымыздағы Ақай да осына айта берді.

– Шұймогу жақ шеттегі кер жотаға шығарып атар! – дегенді қосты ол.

Көбінің ауыр оймен арпалысып келе жатқаны байқалады. Кейбірі солқ-солқ жылап келеді. Төрт көшеге жақындап, Ғұпыр таз атылған жерді көргенімде мен де хауіптеніп қалдым. Бәрімізден кіші Әмірқан ғана мығымдық көрсетіп, ашық жариялай сөйлеп қалды:

– Ата алмайды... Атсыншы қане, мықты болса!

– Сөйлеме, кішкене есек!– деп зекіді тұсында келе жатқан сақшы. Жан мылтығымен Әмірқанды мықыннан түйіп қалғаны байқалды.

– Не дедің, не дедің?– деп тағы екі сақшы тепсіне жетті. Әмірқан да ханзушалап сілке қайтарды жауабын:

– «Ұйқым келді, шаршадым» дедім, естімедің бе? Неше күн болды осылай қосақтап қуалағандарыңа, не істеппіз сонша?

– Ұйқың келсе мәңгі ұйықтатамын, сөйлеме!...

Сақшылардың назары Әмірқанға ауғанда, Мұса айтатынын айтып үлгірді.

– Ата алмайды, ел көрді, жұрт хабардар. Тергеуде де осылай қорқытады, жауаптарыңды мықты ұста!

– Әлден жыласаң тергеуде артыңнан жіберіп, әлемді былғарсың,– деп күлдім мен. Бәрі күлді бұған. «Біздің қорқытуымызды келемеждеп келеді» деп түсінгендей сақшылар сөзді де, күлкіні де тергеусіз қалдырды.

Сақшылар бізді өлкелік үкімет үйі алдындағы алаңды жанай айдап әкеліп, төртінші түрмеге кіргізді де, қорғанның дәл ортасына салынған сары ғимараттың алдына, абажурлы үлкен шыраққа қаратып тоқтатып еді. Шет елден келген силы мейманды қарсы алуға тағайындалғандай сәнді киінген екі «шансың»1 күлімсіреп шыға келді. Бірі, қара көк костюм-сым киген, көк сұр шляпалы сида ақ сұр. Енді бірі, шолақ жең ақ жібек көйлекті, жуан тұмсық, жалаңбас ақ сары. Ақ сұр сидасы күлімсіреген қалпында сөйлей жөнелді де ақ сары жуаны ұйғыршаға аударды. Екеуінің кескінінен қайтсем түсіндіремін, қайтсем жазадан құтқарамын дегендей «жанашырлық» бейне байқалады да, сөз мәнінен қайтсем түсіремін, қайтсем құртамын деген жадігөйлік танылады.

Ол Жұңхуа Минго заңының «әділдігін» мақтай сөйлеп алып, онан соң біздің ісімізге оралды: «Титтей мәселені жасырамын деп қатал жазаға ұшырап қалмаңдар, бәрібір таппай қоймайды. Бәрің де жап-жассыңдар, бәрің де біздің үкімет мектебінің оқушысысыңдар, өмірлеріңді аяңдар! Әрқандай мәселені жасырмай, партияға, Жяң зұңсайға алалдықтарыңды көрсетсеңдер, қоя бере саламыз! Мектептеріңе барып оқи бересіңдер, қызмет алып, мемлекетіміздің үлкен дәрежелі қызметкері боласыңдар. Бәрің жассыңдар, жас болғандықтан алдандыңдар, оны біз кешіреміз, жүректеріңде титтей де кір қалдырмай айтып берсеңдер болғаны, тез болғанда тез кеңшілік етеміз, а... қамқорлық етеміз! Бар мәселені түгел ашып тастап, қайта беріңдер!» деп екі мырза ұзақ сөйледі.

Батыс жағымыздағы айқын көрінген бір тізбекті ескі балшық үйдің әр номеріне таң бозара үштен-төрттен қамалдық. Терезесіз-шырақсыз қараңғы үйдің сыз еденінде қоқыс шөп-шардан басқа төсеніш жоғын сипалап жүріп білдік те құлай кеттік.

«Үһ» деп көз жұмғанымыз сол-ақ екен, қалақайға жалаңаш аунағандай-ақ, тұла бойымыз дуылдап ала жөнелді. Ыршып-ыршып тұрдық. Киімшең жатқан денеге жайшылықта өлерін білмейтін балапандары ғана «қол салатын» қандала қаптап толып алыпты. Арқамызды қотыр сиырша дауалға үйкеп, қол жететін жерлерімізді мыти бердік. Сонда да тоқтар емес, балақтан андағайлап жарысып келе жатқаны сезіледі. Ышқыр байлаған шүперектен жыртып балақты таңдық та, түрегеп тұрып жұлына бердік. Қояр емес, өлермен жануарлар жеңнен де, мойыннан да заулатады екен. Әлгі шүперектен енді жыртсақ, сымымыз тұрмайды ғой, көйлегімізді айырып-айырып жіберіп білек пен мойынды будық та бет-ауыз бен құлақты тырналай тұрып таң атырдық.

Іші-сыртымыз, тіпті ауыз-мұрнымыз түгел қанға малынғандай, қырылған қандаланың қанымен боялып болыпты. Дауалдар бұл «күрең сырмен» әлденеше қабат «сырланған» екен, оның бетін езілмеген «тірі сыр» қаптай қыбырлап өріп барады. Таң атса далдаланатын бұл түн шиебөрілерінің енді қаптап түсіп келе жатқанына да сан жетер емес. Төбедегі қуыс қалтарыстарға симай, қайта қаптағаны болса керек.

– Мынау түрме емес,– дейді Қуат дал болғандай күрсініп, – әлгі күлегеш шансыңдардың қандала бағатын үйі екен. Бізді осы балапандарын жемдеу үшін әкелгені ғой!

– Жоқ, бұл балапандары емес, ең қанқұйлы армиясы,– дедім мен. – Жазалаушы армиясы; қинап қырындымызды шығаруға зорлайтын жендеттері!

Екі татар Гитлер армиясының тұтқындарды итке талататынын әңгімеледі де, «олардың итінен бұлардың аш биті қатерлі» екенін дәлелдесті.

Біз жақтан үйдің есігі алдынан басына кенеп дорба кигізіп, жамылғы жапқан әркімді тепкілеп, жұдырықтап айдаған сақшылар өтіп-қайтып жатты. Дәретке бір-бірден шығарып жатқан қылмыстылар екен. Бізге кезек түске жақын әрең жетті. Дәретханаға дорба киіп, жұдырықталып барып, тепкіленіп қайттық. Көбірек соққыланған сары шегір татар мен Қуат болды. Біреуін «лаумаузы»1 деп, біреуін, «хаса» деп соғыпты.

– Қанды көз сақшылары қандаласынан кем түспейді екен, – деп күрсінді Қуат. – Осында енді үш күн қамалсақ өлерміз-ақ!

Төртеуімізге сықпадай ғана бір-бір момы мен бір тостаған су келгенде Қуат айтқан түсінікке бәріміз жеттік. Бұл тағам тәулігіне екі-ақ рет екен. Тергемей қолданған осынша жазасы бізді айтқанына мойындату үшін ғана болып жатқанын айтысып, қалай қинаса да мойындамауға бекіністік те бекемделе түстік.

– Жауға мойындап, туған ел алдында қара бет болғанша, мойындамай қараңғы көрде жатқанымыз мың абзал, – дедім мен, – бірін мойындасаң мыңын мойындатуға, жолдастарыңды әшкерелеп сойылдатуға зорлайды. Қинаса мойындай береді екен деп мойның үзілгенше қоймайды. Сонда екі өліммен өлген боласың ғой!... Бұлар мұнымен ғана тоймайды, әшкерелеген достарыңды әкеліп, осында тағы қинайды, саған көрсеткенімен сыйлайды. Тағы-тағы солай жинайды, тағы-тағы-тағы қинайды. Мүлде мойындамау мың абзал дегенім осы. Фактіне сылтау тауып мүлде дарытпай қойсаң, өлтіре салуы екіталай, бізді ел көрді, – дедім де, қанды саусағымдағы сықпа момыны қансоқталы езуіме жолатпай, көмейіме тоғыта салдым.

«Күрең сырлы» дауалда қыбырлаған «сырларды» жеңімізбен жайпай салып, сүйене қалғыдық. Сүйеніп тұрып сылқ ете түсушілеріміз де баршылық еді.

 

Әділетті «тергеушім», түрмедегі қандаланың қанша талағанын айта бергеніммен арқамды қасымайсыз. Ашыққанымды айтқанымда көңіліңіз босап, көжеге тойдыра қоятын кісі де емессіз ғой. Қайта, өткендегі бар жегенімді желкемнен шығарып отырмайсыз ба! Оның бәрін айтудың сізді тыжырындыра беруден басқа титтей де пайдасы жоқ. Пайдасы жоқтығын былай қойғанда, «шоқ-шоқ!» деп те отырған шығарсыз.

Осы тарауда тергеушінің қинап мойындату қызметінде жүрген бірнеше жүз жасағын қырған қанды қол қарақшы, қанды ауыз қасқыр екенімді әшкереледім. Солай емей немене, мәселен, өзіңіздің бізді аспаққа асатын арқаныңызды қиып, көзімізге құятын көк сияңызды демесе дүреден тілінген арқамызға құятын қайнаған суыңызды төксем, ең арзаны – тергеу үстінде тізерлетіп отырғызатын әйнек қиыршықтарыңызды сырып қойсам да «фангымиңшылдік» емес пе еді. Бұған салыстырғанда, «жасақ қыру» деген жаныңызды түршіктірер! Мұндай қылмыс үшін қырқа салудан басқа жазаның бәрі жауды қорғаушы кері төңкерісшінің ісі!

 

V

 

Өзі «енді үш күн қамалсақ өлерміз» деген Қуатты сол қандала ордасынан үшінші түннің жарымында әкетіп еді. Сарыдан тұп-тұтас қан күреңге айналған татардың бірін төртінші түні іңірде, бірін түн жарымында жатқан жерлерінен екі сақшы сүйемелдей тұрғызып әрең әкетті. Мен жалғыз қалдым, жалғыз да емеспін-ау, құжынаған қалың қандала мені ғана ортаға алып, «аймалай» берді. Бұл түнде мен де дауалға сүйеніп тұрудан қалып, шалқамнан жатқанмын. Содан қанша уақыттан кейін алып шыққанын, алып шығып не істегенін білмеймін, бір кезде есімді шала-шарпы жисам, киімім шылқылдаған су екен. Әйтеуір бір жарық үйдің цемент еденінде жатқан сияқтымын. Шор болып жұмылып алған көздерім анда-санда зорға бір сығыраяды. Екі мырза баяғы күлімсіреген қалпында екі жағымнан төніп тұр. Еріндерінің жыбырлауына қарағанда сұрақ қойып тұрған тәрізді. Ісіп кеткен құлағым еш дыбыс естір емес. Ақ киімді біреу денемді аяғымен аударып, укол қойды. Онан соң аяғымен қайта аударып шалқалатты да, бетіме бірдеңе жаға бастады. Онысын қабағыма да, құлағымның қуысына да таптіштей жағып жатқанда ұйықтап кетіппін.

– Тұр!– деген үн естілді бір кезде. Көзім де икемге келіңкіреп қалыпты. Екі қолымды тіреніп, басымды көтеріп отырдым. Екі мырза үлкен үстел төрінде, орындық арқалықтарына шалқалап жатыр. Түн екен. Тас төбеден абажурлы қос шырақ жанып тұр. Есік жақ бір бұрыштың төбесіндегі «шығырдан» өткізілген жіңішке жібек арқан астындағы үстелдің ірге жағынан ұршыққа ілінгендей, қос қабаттала керіліпті. Оның айналмалы қайыс екенін түсінсем де, қинаудың қай тылсымы екенін айыра алмадым. Төр жақ бұрышта мен білмейтін әртүрлі аспаптар жатыр. Тағы бір бұрышта жуан төрт сирақты, адам бойы, қоян жон, бүкіс дөңбек көрінеді. Қалай да етпеттетіп таңып дүрелейтін «сүйіктіміз» сияқты, екі жағындағы жалпақ белдіктер сол апай төске жабыстыра құшақтататын «жеңгелеріміз» шығар.

Соларға бажырая қарағанымды қызықтағандай екі мырза күлімсіреді. Мен де тез ширап, күлімсіреуге тырыстым.

– Неге күлесің?– деді ақ сары жай ғана шырай көрсетіп. – Алдыңдағы орындыққа отыр!

– Станокты... ұста дүкені сияқты екен,– дей салып, өзімді тағы да бекемдей түстім. Бірақ, суға тоғытқан ба, иә, дизенфекция насосы соншалық «жомарт» па, киімім сумен шылқылдап, тым ауыр сезілді. Төрт аяқтап әрең тұрып, орындыққа отырдым.

Ақ сары ақ сұрға қысқаша аударып отырып, менің аты-жөнімді, адресімді, орын-тұрағымды сұрап жазды да, расты мойындау жөніндегі өсиетін қысқаша айтып өтті. Әнеу күнгі өсиетіне қосқан жаңалығы – мұндағы «қамақ бөлмелерінің» қандала жөнінен қатерлі «ескі үй» екенін ескертуі ғана болды.

– Бес-алты күн ғана жатқанның өзінде-ақ есіңнен танып, өлім халіне түстің. Жеті-сегіз күн жатып қалсаң, өлгенің ғой! Шыныңа келмесең, мына Кыжаң ыза болады да, бір ай, тіпті одан да ұзақ жатқыза береді. Расыңды айт та құтыл!... Мен хұйзумын, мұсылманмын, саған жаным ашығандықтан айтамын: расыңа келсең – құтылғаның, жасырсаң – өлгенің өлген, ешкім ара түсе алмайды!... Ұйымдарыңды серіктеріңнің бәрі мойындап болды,– деп шын жанашырлық сырын айтқандай ақырын ғана күбірледі. Сонан соң. – Тезірек мойындай салмасаң – қиналып өлесің! Мойындағандарды түгел мектептеріне қайтармақ, жақсы, таза үйге шығарып, жақсы тамақ беріп жатыр, ұқтың ба?!

– Ұқтым,– деп мен де шын ниетке келгендей, басымды изеп-изеп қалдым. – Кыжаңға менің жауабымды дәл өз қалпында жеткізіңізші, расын айтайын.

Ақ сарысы аударып еді, ақ сұрсы «рұқсат» дегендей иегін нәнси қақты.

– Рас сөз әрқашан бір-ақ түрлі болады,– деп бастадым мен. – Екінші түрге айналса, өтірік болғаны. Өйтетіні, өтірік сан түрлі құбылмалы болады. Өтіріктің өтіріктігін де, растың растығын да сіздердей білімді, тәжірибелі адамдар тез-ақ айырады. Мен сіздерге өтірік айтып, өлмекші емеспін. Мен жаспын ғой, өлгім келмейді, жан керек маған!

Бұл сөзімді аудармадан тыңдаған Кыжаң тағы да иек қаға салды.

– Бірақ, көп сөз болмасын, ұйым мәселеңді, оған кім тартқанын, өзің не қызмет көрсеткеніңді ғана айтсаң болғаны,– деп қосты Кыжаң.

– Қандай ұйым ол?... Мен тек Гоминданның ғана мүшесімін, соны сұрайсыз ба?

– «Шығыс Түркістан» ұйымын айт!– деп Кыжаң үстелді тықылдатты. Ақ сары мұны ұйғырша аударды да, өз сөзімен өңдеп жіберді:

–...Міне, ұйымдарыңның атына дейін белгілі бізге, айтқамын ғой, серіктерің расын айтпаған болса, бұл атты біз қайдан білеміз?

– Шығыс Түркістан!– деп мен аса ғажаптанғандай кезек қарадым екеуіне. – «Шығыс Түркістан!»... Бұл не деген сөз?... Біздің Гоминданға қарсы ұйым ба, иә, дос ұйым ба?!

Кыжаң жаман тілмен көсіп жіберіп, үстелді қойып қалды.

– Гоминдан досын қамай ма?...

– Ендеше, мен ондай дұшпанды мүлде білмеймін!– деп басымды бір-ақ шайқадым.

– Олай болса, неге қаштыңдар?– деген сұрауын ақ сары аударды.

– Қорқып қаштық.

– Неден қорықтыңдар?

– Өткен 44-ші жылдың қысында мектеп ханзу сабақтастарымызға мылтық, тіпті пулемет таратып беріп, ұлттық оқушыларды қаматты, түнде дәретке шықсақ мылтық атты. Үш түн бойы жатақханада дәрет қылдық. Артынан естісек, Үрімжі тауларына құралды «банды» келген екен. Биыл, осы жақында ғана «банды» тағы да көбейіпті. Алтай тауларынан ғана емес, Іле тауларынан да көп шығыпты деп естідік. Олар келіп Үрімжіні қоршай қалса, ханзу сабақтастар бізді қырып тастайды деп қорықтық. Бұл қорқынышымызға тағы бір себеп қосылды: Осы қыстық демалыста бізді үйімізге қайтармай қойды. «Жолда банды бар, қатынас бекіп қалды» дейді. Жол беки берсе әке-шешемізді мүлде көре алмай қаламыз ғой, үйге тез жетіп алайық деп қаштық.

– Сонда, бандыға барып қосылмақсыңдар ғой, солай емес пе?

– Жоқ, біздің үйіміз қалада. Қалада «банды» бола ма екен?

– Қаладан банды шықпайды деп кім айтты саған?

– Банды деген таудың жабайыларынан шығады, қаланың оқыған мәдениетті адамы «бандыға» қосыла ма?

Екі мырза бір-біріне қарап жымиысты. Шырайларында «осыншалық хабарсыз ба» дескендей аңырыс бар.

– Жақында Іледен не хабар жетті сендерге? – деп маған кірпік қақпай қадала қалды Кыжаң. Жарнаманы меңзеп отырғанын сезе қойдым. Бұл мырза да адамның бет құбылысынан ішін біле қоямын дейтін «гипноздардың» бірі болса керек. Бөгеле ойлансам-ақ «пәлеге» қосақтамақ тәрізді. Мен де түзу қарап, іркілмей қайырдым жауабын:

– Мен ілелік емеспін ғой, Іледе хат жазысып тұратын ешкімім жоқ.

– Бірге қашқандарыңның ішінде ілеліктер де бар ғой?

– Бар, олар да қаланікі. Үйлеріне аман жетіп алуды айтады.

Ойланысып қалды екеуі. Іледе болған оқиғаны ашық айтып тергемесе үстемдік ете алмайтынын ойласқан сияқты.

– Сендерді кім бірлестірді?– деп Кыжаң ыңылдай сұрады енді.

– Осы қашқан он тоғызымыз мектепке келгелі таныспыз. Былтыр қыста қорыққанымыздан бастап сырласпыз. «Биыл банды тағы да шықты» деген сайын қорқа сөйлесіп жүрдік. Қыстық демалыста үйді-үйімізге қайтып кетейік десіп едік, демалысқа қайтармай қойған соң, күн жылынысымен жаяу болсақ та жетіп алайық деп келістік...

– Үйлеріңе тура тартпай, Боғдаға қашқандарың бандыға қосылу мақсаттарыңды дәлелдемей ме?

– Үйге қарай тура кетсек, жаяу адамға өте алыс. Боғдада «банды» жоқ және бірнеше сабақтастың туысқандары, жиен, нағашы, бөле, құдалары көп екен. Солардан көлік, көмек сұрауға бардық, олар әскер шақырып ұстап берді...

Кыжаң ақыра тұрды орнынан:

– Ұйымыңды мойындаймысың, жоқ па?!

– Бірігіп қашқандарымызды ұйым десеңіз, осындай ұйым бар. Ал әлгі... әлгі немене еді?... А... шықсын түркін!.. шықсын түркін дегендеріңізді түсінбеймін де! Өтірік айтып сіздерді алдай алмаймын!

– Серіктеріңнің бәрі айтып отырғанда сен неге мойындамайсың?

– Сіздерді алдап құтылмақшы болса, өздері біледі, мен сіздерді алдамай, алалдығыммен қамқорлықтарыңызға ие болмақпын.

– Қамқорлық?... Мойындамасаң өлесің!

– Өтірікке мойындамағанды өлтірсеңіздер өлтіре беріңіздер! Бірақ, Жяң зұңсай ондай бұйрық түсірмес!

Кыжаң арт жағындағы электр кнопкасын басып қалып еді, сарт-сұрт басып екі жендет кіріп келді. Әлгі қос арқан тартқан үстелді ымдап қалды Кыжаң. Екі жендет екі білегімнен ұстап, арқан тұсына апарды да, қожаларына қайта қарасып алып, үстелдің төр жақ шетіне сүйреді мені. Бұл шетте қияметтің тағы бір жұмбақ қинауы барын сездім.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных