ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 19 страницаАса қымбатты бірдеңесін жоғалтқан кісіше тімтіне тікірейген бастық әрқайсынымызға «сенен басқа ешкім алған жоқ» дегендей шыраймен қадала қарап бір тоқтайды. Әр-қайсынымыз «ақпын да саумын» дегендей раймен атымызды ақыраңдай атап қаламыз. «Атылатын жолбарысша», қабаған итше немесе құтырған қасқырша көрінетін кескінімізге көбірек тігілетін бастық, егер өзі сау, ақылды адам болса, біздің бәрімізді де құтырғанынан сау емес деп иә атқысы келіп тұрған ыңғай жаудан басқа жай адам жоқ деп түсінер еді. Өзіне азуымызды қанша бассақ, сонша сүйінетіндей, көзімізді шадырайтқанша қарап тұрып алады, бойымыздағыны көзіміздің ағынан көретін «гипноз» сияқты тесірейеді. Осы бір ай ішінде, «мақтанның делқұлысы екенсің, түртіп қалып ағызар ма едім» деп көзіне әлде неше білегенімізді де түйсінбей өтті. Дегенмен үкіметтерге адырайып, бадырайып өскен қулармыз ғой, «көреген ұстаздың» отыз рет өтеген осы «сабағынан» да жақсы нәтиже алғандаймыз. Гоминданның өз өлшемімен айтқанда үшінші сабағы ғана нағыз сабақ тәрізді өтті. Лектор – сол бастықтың өзі. «Жұңгоның тағдыры» арқау етілген тарихтық, саяси теориялық қойыртпақ тақырыпта жеті-сегіз рет лекция берді. Бір лекциясы екі-үш күн талқыланады. Әр лекцияның ақырғы талқысы күні мақтан делқұлысының өзі келіп қатынасады. Сол лекциядан түсінілмеген мәселелер жайлы сұрайды. – Түсінбеген қандай мәселелерің болса да сұрап алыңдар, бізден осы жерде сұрап түсінулерің алалдық, түсінбей де сұрамай кетсеңдер арамдық болады,– деп тақауырлайды. Бір емес, бар лекциясында сөйленсе де «миымызға қондыра алмай» қойған бір «мәселесі» бар еді. Лектордың бұл сөзіндегідей демократияны Гоминдан шаңырағынан күтпейтіндігімізден сұрамай келгенбіз. «Хұңхуа халқы өзінің ұзақ тарихында екі рет құлдыққа-бағыныштылыққа түсті. Бірі – Моңғол билеген дәуір, бірі – Манжу билеген дәуір» деп, бұл дәуірлер «Жұңхуа халқының басынан өткен ең қаралы дәуір» екенін әр лекциясының бас жағында қынжыла, қайғыра сөйлейтін де, соңында керісіне шығып, бес саусағын тарбита жаятын: «Мынау білек – Жұңхуа ұлты, оның бес тармағы міне мыналар – ханзу, манзу, моңғол, мұсылман, тибет. Көрдіңдер ғой, бұл бесеуі – бір білектен тараған туысқан, бір ғана Жұңхуа ұлты. Бұлардың тез арада бір-біріне қайта кірігіп тоғысуы, бір ғана тұлғаға айналуы сөзсіз. Бөлінуі мүмкін емес» деп тепсіне көтерілетін. Курстың соңғы кезеңіндегі бір күні лектор сұрау қоюды қузай түскенде біздің сабақтастар күбірлесе жөнелді, лекцияларының бір-біріне қарама-қарсы осы екі «логикасы» туралы күбірлесіп едік, естіп отырған бір ұйғыр сабақтас, орнына қол көтере түрегелді: – Жұңхуа ұлты дегеніміз ханзу ұлты ма? – деп сұрады ол лектордан. – Ханзу – Жұңхуа ұлттарының бірі, ең негізгісі, деп,– лектор бас бармағын шошайтқанда ұйғыр сабақтас одан басқа төрт саусағын жая қойды: – Мына төртеуі өгей ме? – Өгей емес,... айттым ғой, олар да Жұңхуаның өз балалары, естімедің бе? – Жұңхуа ұлтының тарихтағы ең қаралы екі дәуірі моңғол мен манжу билеген дәуірлер екенін бар лекцияңызда сөйледіңіз... әкесінің құрған мемлекетін үлкен ұлы билеседе, екінші яки үшінші, төртінші ұлы билесе де бола береді, әйтеуір бәрі Жұңхуаның өз балалары екен, мұрагерлік етіпті, өзге бір мемлекет басып алмаған көрінеді, ендеше ол дәуірлер тарихымыздың құлдық беттері болып есептелетіні несі? Мен осыны түсінбедім. Тілмашынан тыңдап, сирек қырма сақалы тікірейе қалған Санмужаң лектор орнынан атып тұрды. Өзі жариялап отырған «демократиясына» өзі қайшы келмеуге тырысқандай күлімсіреген болса да, кексе саясатшының қара торы жүзі қызғылт тарта қалуынан сасқаны байқалды. Курсанттардың көбі осы сұрауды қуаттай дуылдағанда тіпті сасқандай, әр жаққа жалтақтай берді, енді өз шындығына басып қалмаса, өз артын ашып қалғандай ұятқа бататынын сезіп састы. Шинжяңдағы қазіргі ұлттық мәселенің ең шиеленіскен кезеңіне қарай киіп алған түлкі терісін ызамен тастай салып, аюлығын аша, шоңқия отырды да, ақыра сөйледі: – Жұңхуа ұлттарының ұлы ханзудан басқасы алғашқы жабайылық дәуірден әлі алыстап шыға алғаны жоқ. Олар ханзуға тоғысқанда ғана толық адамға айналады. Жұңхуа мемлекеті үшін айтқанда, билік басында ханзу болмаған дәуірдің бәрі жоғалу дәуірі есептеледі. Қазір кімде кім бұдан басқа идеяда болса, алдымен сол жоғалады! Ұқтыңдар ма, жоқ?!... Ұстаздың осы сөзі басымызға сойылдай шақ ете түсті де, мұнан басқа дұрысырақ сөздерін ести алмадық. – Ұқтық, енді ұқтық, – деп ду ете түсті курсанттар, күлкі аралас сұрауды жаудыра ұзақ дуылдады. – Жапон, әлде, Американ басып алса ғана жоғалмайтын шығармыз?! – деп бір тобы Гоминдан ісіне жарай дұрыс сықақпен күлсе, бір сыпырасы тізгінін алды-алдына қоя беріп егеспен лаға күлді. – Бір ұлының ғана «ұлы», басқа ұлдарының сыпыра «жабайы» аталуы неліктен екен? – деген сайқы сұрауға тағы бір тобы «жауап» қайтара күлісті. – Кейінгі ұлдарының шешелері маймылмен ашына болған-ау тегі? – Шешей әкені менсінбей, маймыл ашынасына бір жола ауып кеткен ғой! Кейінгі төртеуінің түгел «жабайы» болуы соның дәлелі! – Асқазаны шіріп, бактерияға толып алмаған болса, ауыздың сасығы мұншалық жиренішті болмас еді, – деп біз де күбірлестік. Әр курсант өз ойындағыны күлкімен ақтарып, ерегестің лақпа жауабымен осылай дуылдасып жатқанда, өз идеясына сөзбен нандырып кете алмайтынын түсінгендей лекторымыз сахнаның артқы есігінен шығып кете берді. Лекторымыздың ең білгірлігі – курстың мұнан соңғы уақытын «түсінбеген мәселелеріңді сұрап ал» деген талабының пұшпағын да көрсетпей аяқтауы болды. Әрқайсынымызға Жяң Жиешының бір басы тартылғандай, соның бас мүсіні түсірілген бір-бір знак қадап қайтарды, алған дипломымыз да, қызметіміз де сол бас қана еді. Оқу-ағарту меңгермесінен келген кісі бізді Шинжяң институтының ханзу тілі факультетіне тапсырып берді. Оқушылар жаздық демалысқа босатылған кез болғандықтан, Шың Шысай қызыл шырайлы кезінде салдырған қызыл үйдің бір бөлмесі мен асханасы «жеті қарақшыға» еркін тиіп еді. Бұл мектептегі бақылаушы да, бастық та тозып кеткендей. Жолдастар өзді-өз бетімен Үрімжіден кетіп алу қамына түсті. Қала іші де сондай, зорлықпен тұрған армиядан басқасы өз қамымен қайшалыс. Көше-көшесі мен түкпір-түкпірі түгел құжынаған жайма базар, алатынын алып, сататынын сатып шұбырып жүрген жұрт. Үкімет қанша кіріссе де мұндай арзаншылық болмас еді. Қашушылар қара басынан басқасын қалтаға сиғызбақ көрінеді. Мінгі жылқы ғана қымбат екен. Одан басқасының бізге керегі де жоқ қой. Алуға қолда ештеңе жоқ, біздің жолдастар алабұртып, айнала жортты. Нұрия мен әкесінен дерек іздеп мен жорттым. Түрме қинауынан өлісімен-ақ «кеңшілік» тізіміне аты ілінген Үмбетбайдың хабарын шыға сала Күләннан естідім де, «Шың Шысай түрмесінен» ұлттық ұйымдардың кепілдігіне енді шығып жатқандарды айнала кезіп, қазбалай сұрастырдым, өзім түрмедегі кезімде естіп, ойлаған тұспалым дұрысқа шықты. Үмбетбай сол бесінші ай ішінде жалалы қинаудан өліпті. Бірақ, «түрмедегі қазақ қызы» жайында қазағы да, қырғызы да, ұйғыр, өзбек, татар, моңғолдары да ештеңе естімепті. Ешқандай хабар шықпады. Орындамай кетуге болмайтын екі міндетім барын ғана ескеріп сенделе бердім. Бірі – Үрімжі маңында болса Нұрияшты тауып, бірге әкету. Екіншісі, қызы мен әкесіне істеген қастығын толық анықтап алып, Кәменді өлтіру... «Өлтірген қол сенікі болмаса да өлтірер жерге жіберген жала сенікі ғой, Кәмен»– деп зіркілдеп қалғанымды ғана білемін. Төрт көшеге келіп тұрыппын, Кәмен жоқ, өзім ғана екенмін. Нұрияшты кіргізіп әкеткен сақшы бөлімшесін шолуға, қисыны келгеннен жөнін сұрауға шыққандай едім. Төрт көшенің оңтүстік тарамын кесіп өте бергенімде сары аяқтардың екі-үші бір-ақ ақырды. Қайта шегініп шетке тұра қалдым. Алдыңғы айда түрме терезесінен Жамал көрсеткен сарылар мен көк көз күреңдердің бір тобын тағы да матап айдап шығыпты, сары аяқтар тұс-тұсынан қамап мылтық найзасымен түрткілеп келеді. Олар төрт көше түйілісіне жете бергенде, жиылып қалған халық арасынан бір екі шляпалының тамағын жырта айқайлаған ханзуша ұраны көтерілді: – Жерімізге басып кірген Совет армиясын жоғалтайық! – Қызыл шапқыншылар рахымсыз жазалансын! Ұраншылардың сырт жағында сыбанып тұрған оншақты жігіт бері шыға келді де, айдаушы сары аяқтар шебінен ыршып өтіп, көк көз сарыларды тепкілеп, жұдырықтай жөнелді. Сары аяқтар енді арашалағанси қалды да, халық жазалаушысы болып көрінгендер өршелене түсті... – Рапайыл!– деп айғай салдым мен. Қырқыншы жылы күзде Шәуешек гимназиясына менімен бірге барып, сынаудан өтпей қайтқан сабақтасым Рапайыл көзіме оттай басылды. Ышқына жылап жіберіп қайта айқайладым. – Рапайыл, бауырым!... Ол жалт қарағанда сары аяқтардың бірі беттен тартып жіберді де, желкелеп айдай жөнелді. Әлгі ұрандаушы шляпалылар адырая бұрылып, сарылардың соңынан арсылдап тұрған жұдырықшы жендеттеріне жалтақ-жалтақ қарасып қойып, маған беттеді. Үш-төрт ұйғыр жігіт алдыларына тоса қалып сөйлесе кетті. Мен бар дауысыммен құтыра айғайлап, жиылғандарға ханзуша түсіндіруге тырыстым. – Бұлар Советтік емес, өз адамдарымыз... Анау бірі менің Дөрбілжінде бірге оқыған сабақтасым. Аты – Рапайыл, әкесінің аты Ғарып, Шәуешекте туылған, Жұңголық!... Қабырғамнан біреу түртіп қалғанда жалт қарадым. Шашын жыға тараған ұзын бойлы, қырма мұрт орта жасты ханзу екен. – Біз біледі, халық біледі, бұлар сулян1 емес,– деп ұйғырша шала тілімен күбірледі, – сен тез кет, тез, тез, сақшы ұстайды! – Жүрің, жүрің,– деп бейтаныс екі ұйғыр жігіт қолтықтай жөнелді мені, – мына жендеттер – халықша киінген сақшы, енді сені ұстағалы беттеді, қаш!... Әшкерелетпеу үшін аузыңды таңып әкетіп жоғалтады!... Артыма қарасам, әлгі жендеттердің екеуі өндіршектеп, кимелеп келе жатыр екен. Иін тіресіп, жиын тұрған халық жол бере қоймай, қағыса кетіп бөгеп қалды. Зыта жөнелдім. Шляпалы ұраншыларды алғашқы бөгеген ұйғырлар да жіти басып өрлеп барады. Бұрынғы бір қашып құтылған жағыма бұлтара жөнеліп, сазға жеттім де, ашумен шешіне салып, таяз суға етпеттей құладым. Ал солқылдамаймысың келіп... Қой!... қой, мықты бол Биғабіл,– деп бетімді сумен жуып-жуып жібердім бір кезде, қызып кеткен басымды тоғытып-тоғытып алдым. – Жылау деген қиыншылыққа мойындау ғой. Қазір өлімге де мойындамау – азматтық шарт. Айдаһар заманда өскенге шыдадың, енді соның басын кескенінше шыда.... «Өмір үшін өлгенше күрес, күреспесең күйрегенің – күл болғаның, шыдамасаң, шымырлана түспесең күресе алмайсың. Бәріне де шыда!... Ал кегін, бәрінің де кегін ал! Сол үшін егесіп тірі қал!» Осы сөздерді бір-бірден айта тұрып малта таспен судың ту талақайын шығарыппын... Ертеңіне таңертең орнымнан ширай тұрдым да сәскеге дейін жуынып, қайта өсіп қалған шашымды қайыра тарадым. Нұрия жоғалғалы ұмытылған тарану еді бұл. Содан бері гримделмеген батинкамды да гримдеп, тамақтанған соң барыммен сәндене бастадым. Қуат пен Ынтықбай көңілденді мұныма: – Е, жиді бермей, осылай жүрсеңші шырақ! – Жігітіңде жидіп, шал болмай шірімекпісің дегелі жүр едім,– деп Ынтықбай күрсінді. – Тау мінездес болмаған азамат мұндайда тез таусылатын көрінді. Тау басын қар мен мұз қауып жатқанда, төсінде жайлау жайнап, сай саласы сан түрлі гүлмен құлпырып тұрады ғой. Жігіт басына қар да жауады, оны ерітіп нұр да жауады, нұрыңды өшіріп қар жауса, ол қарды қайта ерітетін нұр қайда кетпек, «кезекті дүние, кезбелі несібе» ғой! Менен көз алмай қарап, бажайлай сөйлеуіне күйігімді айтып шағынбасам да, күйімді әбден түсініп көмекке айтуға дайындап жүрген достық сөзі екенін сездім. «Нұрияштай нұр қайда!» дей жаздап барып тоқтата қойсам да толқыным тоқтамай, қызарып сала берген сияқтымын. – Түсінемін, түсінемін,– деп Ынтықбай басын төмен сала сөйледі енді. – Осы бірге болған үш жыл ішінде бізге үлкен азаматтық көрсетіп келдің Биғаш. Әсіресе, мен үстіртте өскендігімнен үстірт мінезді көп көрсеттім; қатты хауіп те салғанмын. Қажымадың, қаруын жақсылықпен қайырып отырдың... Оқыс қақпаннан талай құтылдық қой. Өшіремін деген кешуден өсіп өтуден үлкен қажырлылық бар ма? Әлі де қатерлі кешулер бар шығар, өшкіндемей сол қайсарлығыңды сақтап, қурамай өсе беруіңді тілеймін! – Тым жақсы талапты дер кезінде қойдың, Ынта, рахмет!... Бірақ, бар жақсы нәтижені маған үйе бермеші!... Әрқандай жақсылық көпке ортақ болмай, жақсылық қатарына жатпақ емес, ортақ сипатты болғандықтан кей кішкенесі де үлкен жақсылық болып көрінер. Шын үлкен жақсылық кейінгі сенен шықпады ма, «түйе» журынның жазасынан бүкіл класты құтқардың, Кәменнің қырсығынан сен болмасаң кім құтқара алар еді бізді? Қол-аяғын байлағандай, тиып бергеніңді қалай ұмытайық!... Ұстаз атындағы ең сойқанды тыңшыны ашықтан-ашық соққыға жығу қандай оқушының қолынан келетін ерлік?... Айырылысар шақ жетіп тұрса да, өз жанымдағы әурешіліктен айта алмай жүрген талай... – Менің айтпағым, осы «жан әурең» жайында болатын Биғаш, іздегенің Алтай маңында болса, дәл өзіңдей іздеп тауып берейін, өз жаныңды аман құтқаршы әуелі! – Алтайдан табылмайды, ол анық. – Біздің ұйымдағыларды қалғанымен қоса қайта ұстау сөзі шығып жатыр, енді асқардай азамат жанды құтқарудан басқаны қоя тұр!... Ол аман болса Алтай жаққа өтпей қоймас!... «Қайта тұтқындау» жайындағы сөзді тектеп, талқылай шықтық көшеге. Қуат екеумізден басқа «бес қарақшыға» жақын маңнан құдандалы-қиыстық паналар табылып қалған екен. Қуат түрмеден жақында шыққан ағасын тез әкету қамымен асығып жүр. Менің қамым ғой өз алдына. Қайғы-қуанышымның тетігі Күләннің көмейінде тұрғандай сезіледі: Нұрияға арнаған өлеңімді оқып-оқып, «өлмепті» деп қалғаны бар ғой, жылай беретіні де қатерлі белгі сияқты, мені аяп, айта алмай жүргендей. Рухи жақтан күйреу жағдайына түскендігім себепті, зілдей ауыр хабарды зәредей ашты күйінде алқымына сақтап келе жатқан секілденеді. Соны батыл сұрап, айтқызып алуға дәтім де, күшім де бүгін ғана жеткендей. Қуат ағасы жатқан ұйым клубына бұрылып қалғанда, мен құлдай түсіп Күләннің қақпасынан кірдім. Төр үйінде тағы да жалғыз, ойда отыр екен, қайратқа мініп келгенімді қабағымнан тани қойғандай: – Ә, бәсе, ақылды Биғаш, осылай жүретін,– деп түрегеліп, қолымды алды да, қасындағы орындыққа отырғызды. – Әр күнді, әр сағатты батырлық қайратпен өткізетін кез осы, түсінесің ғой? – Қазір тіпті толық түсіндім. Өлгеннің кегін тірісі қайтармаса, ол кек қалай қайтпақ? Кірпігін қаға түсіп, жаутақтай қарады Күлән: – Өлгеннің?... ол кім?... не естідің?! – Өлген аз ба, кеше ғана өзіңнен де біреуін естідім ғой, бірін оның алдында күңгірттетіп, көлегейлеп қана қойғансың. Бұйырса енді соның анығын да еститін шығармын?... Не көрмей жүрміз, бәріне шыдаймыз да! Біраз кідіріп тағы да байыптай қараған Күлән, түйіле түсіп жұтынды, улы хабарды тағы да жасыра түскісі келгендей. – Сен оған басыңды ауыртпашы, бір хабары шығар! Мен кеше сарылар жайындағы көргенімді айттым да, Іле жаққа тез өтіп алып, Гоминданның осы сұрқиялылығын әшкерелеуге асығатынымды білдірдім. – Бірақ, алдымен Жемсарыны адақтап қайтуым шарт,– деген сөзді тығылған сырын тартып шығару үшін әдейі қоса қойдым. – Айтпақтайын, саған бір қуанышты хабар жеткізейін, кеше кеште ғана естідім, – деп қунақылана қойды Күлән. – Сенің Дөрбілжінің және Шәуешек, Шағантоғай аудандары азат болыпты. Ұлттық армия мен партизан отряттары енді Шихуға төніп келеді дейді. – Солай болатын қисыны әлдеқашан келген ғой,– дедім мен оған. – Менің кеудемде қазір Жяң Жиешінің басы бар, оның жолын сары аяқ кесе алмайды. Кәмен нағашысының адресін де таптым. Ертең солай шықпақпын, бұған қалай қарайсың? – Бармай-ақ қой, бекер қиналасың, – деп күрсінді Күлән. – Ол жақта болса тауып келетін адам бар дедім ғой! Бейсауат жүрген адамның бәрін ұстай беретін болыпты. Сендерді қайта ұстау сөзі де шықты, оны естіген шығарсың? Түрмеден босаған адамдар әлі де қатты бақылауда екен. Жаны алқымына келгенде халықты алдай тұру үшін ғана шығарған болып отыр ғой. Таңжарық ағаны да қайта тексеріп жүріпті. Енді сенің аман қалатын екі-ақ жолың тұр, сен келерде мен осыны ойлап отырғанмын. Бірі, тау жолын білетін серік таба алсаң, көлікпен ұлттық армияға жетіп ал. Нұриядан алаң болма... Тірі болса... осы жерден күтіп аламыз. Болмаса... кетудің қисыны келмесе, Ұланбай жақтағы бір қазақтың үйіне паналай тұр. Бұл жағына өзім жәрдемдесейін. – Күләш, қамқорым менің!... Нұрияның Үрімжіде жоқ екеніне алдымен өзің сендіргенсің, «Жемсарыдан іздеуші бар» деуің естірту уақытын кешеуілдету, мені күйіктің оқыс қатерінен сақтау үшін ғана айтқан сөзің ғой, бұған әлгі бір өлеңді оқып шығып «өлмепті» деп қалуың айғақ, – деп кідірдім. Күләннің сырт қарап алып, басын төмен сала егіліп отырғанын, жауырынының бүлкілінен біліп кідірдім. – Енді Жемсарыға барып әуре болмауымды айтуың ол жерден табылмайтынын білгендігіңнің белгісі ғой! Мені қатерден ғана емес, әуреден де сақтағың келеді. Мұндай жанашырлығыңды бұрыннан түсінемін. Өлі-тірісін білмей, қайтып жатармын бір түкпірде! Бұл хал бәрінен де қатты батады маған!... Қанша күннен бергі азапты ойды қайратпен жеңгелі келіп отырмын бүгін. Қанды кекті қайтару үшін ақыл мен қайрат керек қой, ендігі шыдамдылықты менен сұра, жылауды қой! Жылағанға қайтып келмейді, бәрін де біліп отырмын! Күлән еңіреп жіберді: – Кекті қолма-қол қайтарамын деп оқыс кетесің ғой!... – Жоқ, кек үшін ақыл-айла керек екенін айттым ғой әлгінде, кек аламын деп өзім де кетсем бәрінен жаман өлім сол болмас па?! Күлән атып тұрып асыла түсті мойныма. Үн сала жоқтап, зарлай жөнелді. Ыршып-парлап кеткен көз жасымды сүрте бердім. – Тоқтата, қой енді,– дедім бір сәтте, – қызылдығы үшін қызын өлтіріп, қызын іздемесін деп әкесін өлтіріпті!... Әкелі-балалы екеуі де едел-жедел өлтіріліпті! Бұған көз жасы шақ келмек емес!... Қалай өліпті?!... Соны айтшы! Менің буынымды қайта босатып алмау үшін Күлән да зарын тоқтата қойып, бекем үнмен қысқаша ғана әңгімеледі. – Сол қамаған сақшы бөлімшесінің бір бастығы түнде кіріп, зорламақ болған екен. Нұрияш дайындап жатқан жарты тас кірпішін ала түрегеліп, шекесінен қойып қалыпты. Ол сенделектеп тұрғанда артынан екінші бір офицер кіріп, ананы сүйемелдеп шығарып жіберіпті де, өзі кіріп зорламақ болыпты. Нұрия екеуі жұлқыласып тұрғанда әлгі жараланғаны қайта кіріп, екіншісінің шығып кетуін бұйырыпты. «Сен шық, әйелің бар, мен мұны әйел етіп аламын!» деп екінші офицер таласқан екен. «Ендеше міне» деп Нұрияны атып кетіпті. – Сонан соң?... Өзін кім қаматқан екен? – Сақшы басқармасы... «Жемсары түрмесіне жіберілсін» деп бұйырған біреуі «жақсы төсеніші бар, таза үйге» қамауын да тапсырған екен. Сол түні іле-шала өзі келіп, өлімнің үстінен түсіпті де, сүйегін белгісіз бір жаққа жоғалтқызыпты. – Мұны кім тексеріп анықтаған? – Ақылбайдың бір дос сақшысы... Сол түні күзетте болған кезекшіден сұрап ұғыпты да, жараланған атушының таңулы шекесін көріп анықтапты... Ақылбайдан сұрарсың!... Саған да, маған да зор қаза болды Биғаш, қайтеміз, шыдаймыз да! – деп Күлән шыр ете түскенде, есік сыртынан тыңдап тұрған шешесі кіріп келіп, көңіл айтып, екеумізді де сабыр-қайратқа шақырды. Шәй құйып, ұзақ сөйледі. – Кәменнің талабы бойынша ғана ұсталғаны, қожасының Нұрияны Жемсары түрмесіне жіберуді бұйыруынан да көрініп тұрмай ма? – дедім мен, – Жемсары сақшысынан нағашысы арқылы кепілдікке шығармақ... Түрмеден құтқардым деп көңілін алмақ екен ғой?... Иә, Кәменнің сол тілегін орындаушы қожасы да алал құлына «ақ көңілімен қамқорлық» етпек болыпты... Кәменнің қазіргі «мастығы» қожаларының сол «мейірінен» «тойғандығы» екен ғой!... Таласып өлтірген сақшыларды жазалатып па?! Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|