ТОР 5 статей: Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы КАТЕГОРИИ:
|
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 20 страница– Иесінің үстінен шағым айтуға иті шыдай ма, әлгі анықтаған сақшы ғана тәртіп бойынша жасырын шағым көтеріп, әркімге айта берген соң, сол екеуін орындарынан ауыстырып қана қойыпты. Атқан офицер ауысып барған жерінен Кулиге қайтып та үлгіріпті. Сертіме қанша бекінгеніммен күйзелістен тер бұршақтап кетті. Көзім қанталап қиықтана, аузы-мұрным қисая түсті. Есікке беттегенімде Күлән тоқтатып, жүзін жуды да бірге шықты. – Көшеде сырт біреуге сездірмеу үшін, жайшылықтағы қалпыңа түсші,– деп күбірледі шыға бере. – Біз институтқа келгелі Кәмен көрінбеді, қайда кеткенін білемісің?– деп күбірледім мен. – Сақшы басқармасында. Астыртын курста оқып жатыр дейді... Азат болған аймақтардың біріне жіберуге тәрбиелеп жатқан болар. Одан кек алуға асығып, қатерге ұшырап қалма, иә!... Уақыты келгенде көрерсің... Әлгі шпионды атқан Репқатты кескілеп өлтіріпті ғой... Артымыздан Қуат та шығып өрлеп келеді екен. Күлән соны тосып тұра қалды да менің аяңдай беруімді сұрады. – Сәлеметсіз бе, Қуат аға?– деп амандасқанын ғана естідім. Қатарласа жүріп күбірлесіп келе жатты. Менің қатерге ұшырап қалмауымды тапсырған сияқты, екеуі қуып жетіп, екі жағымнан қатарласа жүргенде, Қуат маған жалтақтап қарай берді. Жайма-шуақ қалыпқа түскенси қойдым да: – Күләш, сен енді үйге қайта бер, рахмет!... айтқаныңның бәрін орындаймын, менен қамсыз бол,– дедім. – Иә, қайта ғой шырағым,– деп Қуат та қостап, Күләнді қамсыздандыру сылтауымен мені қайрай жөнелді. – «Жолбарыс ізінен, ер жігіт сөзінен қайтпайды». Біз Биғабілді жолбарысымыз деп те, жолбасшы боларлық ақыл азаматы деп те сенеміз. Ақыл азаматының елі үшін ақтайтын борышы көп болады. Оны ұмытса ақымақтыққа ауғаны. Биғабіл оны кәміл түсінеді, шырақ!... Биғаш, таңертең Ынтықбайдың өзіңе айтқаны есіңде шығар. «Тау мінездес болмаған азамат мұндайда тез таусылады екен» деді ғой, неткен кемеңгер ақыл! «Тау мінезі» қалай: «басын қарлы боран бүріп тұрғанда, бауыры гүлдеп тұрады». Басыңа қандай қиыншылық түссе де өзіңді мықты ұстап, ішіңнен гүлдене бер деген сөздің шебер суреті ғой!... Алдыңғы жылы өзіміз ақымақ санайтын Ынтықбай көре-көре ақыл данасы болып шықпады ма?... Ал, шырағым, сен қайта ғой!– деп Күләнға қарап тұра қалды Қуат, – Биғабілдің тіпті де аусай кетпейтініне сен! Біз де бар! Күлән бізге кең тыныс ала қарады да, күлімсірей сөйледі: – Араларыңызда қиыншылық кереметі ғана емес, ақылдың керемет сөздері де жүреді екен. Осы сөзіңізден мен де кең тыныс тапқандай болдым. – Иә, ақыл анасы – қиыншылық екен, осы үш жыл ішінде соны ғана оқыдық... Біздің ақылдан тыныс аламын деп Гоминданнан тынышың кетіп жүрмесін, біздің ақылды қарақшының қанжары деп түсінеді олар, қайта ғой шырағым, рахмет! – Әлгі өтінішімді Ынтықбайға да айтып қойыңызшы, Қуат аға! Ал Биғаш, неғұрлым тез болсын,– деп Күлән жүре сөйледі, – таңертең кездесейік!... Мектепке кіріп келсек, ыңғай бала сары аяқтар сары масадай қаптап кетіпті, қызыл үйдің бөлмелері ғана емес, залы да быжынай қалыпты. Ішкеріден жаңа жеткен армияның бір баталионы осында түсіпті. Институттың өз адамдарына асхана қатарындағы кішкене залды ғана қалдырыпты. Біз де соның бір кішкене бөлмесіне төсенішімізді тасып жүргенімізде терлеп-тепшіп түтіккен Ынтықбай жетті. Келе Қуат екеумізді шақырып, құшақтай алды: – Сен екеуіңді Дөрбілжіннен келген туыстарың іздеп жүр!... Келді ме осында?... Ал іздеңдер, Санпакудың1 басында күркесі бар екен. «Біз таба алмасақ, өздері келсін, қайтседе келсін» деп көп тапсырды, әкетеді! – Дөрбілжін мен Шәуешек азат болыпты ғой, бұлар қалай өтті екен? – Одан бұрын бір бай ханзудың қойын айдап өткенбіз дейді.... Қуат ағасының қамын ойлағанда, мен Кәменнің қанын ойлап тұрып қалдым. Аспан мұнаралы, күн батып қалған шақ еді. Аз кідірістен соң Қуат Ынтықбайды оңаша шығарып, бірдеме айтты да ағасына жөнелді. Күләннің тапсырмасын айтқан екен. Ынтықбай мені қолтықтай тартып, керуетке отырғызды: – Ал, айтшы, Нұрияға не бопты?! – Өлтіріпті! – Қалай?!... Кім өлтіріпті? Неге өлтіріпті? – Қазір сұрамашы!... Айта алмаймын! Көзімнен жас ыршып кеткенде құшағына баса қойған Ынтықбайдың тамшысы менің желкеме тамды. Тез жиыла қойдым. Тұқыра отырып болған оқиғаны, оның ішінде Кәменнің ісін баса баяндап шықтым. Ынтықбай да тұқырып алған екен. Басқа жолдастар қасымызға келіп тыңдап тұрғанын да байқамаппыз. Біреуі менің самайымнан аққан терді қол орамалымен сүртіп қалғанда жалт қарадым. Шақан Салықтың кеше сатып әкелген қанжарын алып, жүзін көріп тұр екен, сымының белдігіне қынымен тыға қойғанда: – Не қыласың оны?– деп қалды Серәлі. Танау бүйірлері тостағандай теңкиіп алған Шақан жұқа мешпетін түймелеп тұрып, қырылдай жауап қатты: – Қасқыр аулаймын! – Қоя тұр қазір, өзің өлесің,– деп Ынтықбай да қырылдады. – Әкесі мен баласын бірдей өлтіріп отырса!... Томпақ беті жыбырлап, қатты тістенуден шықшыты бүлкілдеп кеткен Шақан осы сөзімен жұтына жөнелді. – Ей, тоқта!– деп ыршып барып ұстай алды Серәлі. – Ол қазір саған алғызбайтын жерде. Серәліні сілке тастап, кішкене залды бойлай жөнелген Шақанды Ынтықбай екеуміз қуып барып ұстадық. Көзін сүрте артымыздан жеткен Салық та, шынтақпен қағылып қалған Серәлі де қайта жармасты. – Тым болмаса бір шолып келсінші!– деп Әмірқан ғана қарап тұр. – Үй, көшеге де шығармайсыңдар ма мені?– деп кеуделеді Шақан. Ынтықбай қаусыра құшақтап алып зекіді. – Шықпайсың!... Таба алмайсың оны көшеден, сақшы басқармасының күзетті жатақханасында жатыр ол. – «Нағашың келді» деп шақыртып шығарамын... Алдап бір бұрылысқа апарамын да ұра саламын... Ымырт қараңғысында жетемін, дәл уақыты! – Жан мылтық беріліпті оған, сені көре сала дайындап алады ол! Бесеуіміз бір Шақанмен жұлқыласып, жатақханаға кіргізе алмай тұрғанда Қуат келіп ту сыртынан жармасты. Жетеуіміз еденге екі-үш ескі көрпені жая салып, құлақтаса жаттық. Кітаптар мен керекті киім-кешегімізді қаладағы тұрғын сабақтастардың үйлеріне жүйткітіп болғанбыз. Қуат ұйым жатақханасынан ағасын шығарып әкеле алмағанын айтып күрсінді. «Азат еттік» деп отырған үкімет мырза қамақтан босатыпты, «Бүлікті тыныштандырып болған соң, өз расхотымызбен, сыйлығымен апарып саламыз» деп «жарылқапты». – Жақын емес пе, бәріңнен бұрын мен жетіп аламын ғой. Тіміскілеп шыға қалса мен «күтіп» аламын ғой? – деп шихулық Әмірқан тістенді. – Кәменнің атын атаудан жиіркеніп, бәрі де «ол» деп қана атай берді. – Шпион қанына жерік қатындар көп шығар, оны кім соқбас дейсің, тұра тұрсын!– деді Серәлі. – Жүрек ауруына оның еті дәрі болатын кез жетті ғой шіркін!... Менің қолыма түссе, тұмсығын тұтас кесіп, өзіңе жіберіп беремін, Биғаш!– деп Ынтықбай құшырлана қысты мені, – осыным серт болсын!... Тұмсығы оның негізгі белгісі ғой. Өлтірілгеніне сенесің де сергисің! – Тәрбиелеп жатқан қожайыны біз жаққа бір жібермей қоймас,– деп Салық сипады басымды, сонда жол түйіні – Шихудан иә өз Дөрбілжініңнен ұсталмай кетпейді! Осыныма сен, әлі өз қолыңа түседі ол! Қоштасарда айтайын деген бір сөзім ойыма түсе кетті. – Жеткеніміз ұлттық армияның ең алдыңғы шебінде болайық жолдастар!– дедім өтінішті үнмен. – Сендерге өмір бойына қоятын достық қолқам осы ғана болсын!... Үрімжіге қайсынымыз тірі кірсек, кіші төрт көше маңындағы барлық сақшы бөлімшелерін тергеп, Нұрияның сүйегін тапқызайық! Зираты Момынбай, Ақай мархұмдардың қасына қалансын, атын берік тасқа ойып жазайық! Сеніңдер, достар, ол... ол... қыздар әлемінің ең пәк жүректі періштесі болатын, туған еліне тән ар-намыс жолында батырлықпен күресіп өлді ғой! Өл....ді!..– деп ышқынып қалдым да, – «тоқтат» – деп өзіме-өзім күбірлеп тістендім... Қайта-қайта құшақтаса қоштасумен, бас, арқа, маңдай сипасумен таң атты. Қуат екеуміз күн шыға өзенге Санпаку тұсынан түстік. Жоғарғы жағымыздан, арнаның батыс жағасындағы кер жотадан екі пулимет кезек-кезек сақылдайды. Былтыр жазда Дөрбілжіннен көргеніміздей, қорыққан сары аяқтардың халыққа жан алғыш болып көріну үшін қоқиланып арсылдауы еді бұл. Ар жағындағы сай аузына тұмсықтан айналып өттік. Екі жерден тосқан күзетші әскерлер кеудеміздегі Жяң Жиешінің сопақ басына қарап, жүре қайтарған жауабымызға көне берді. «Әнеу тоғайдағы хұйзу сабақтасымыз қонаққа шақырған» деп шірене өттік. Кезеңге шыға қайрылып, иіліп тұра қалыппын. Үрімжінің Нұрияш жұтылған тұсы айқын көрінеді екен. Аяулымның ақырғы басқан ізіне, төгілген қып-қызыл қанына қарап иілгендеймін. Көзім қанға толып кеткендей, Үрімжі тұтасымен қанға батып, қып-қызыл көл болып көрінді. – Қалдың ба Нұрым?... Жан жүрегім, бақыл бол! – деп күбірлегенімде жүрегіме қатал соққы енді тигендей, ұйып бара жатты. Жалт бұрылдым, – тоқтат!... то...қта...т!– деп зекіп-зекіп қалдым өзіме. Қуат қолтығымнан сүйемелдеп ала жөнелді. – Сен өзің мына қалпыңда сау қалмайсың, шырақ, жассың ғой, жүйкеңді сақта!... Өзіңді мықты ұста, мықты ұста!... «Өзімді мықты ұстап», аузымды қатты бастым, көкірегімді кере, нық адымдай жөнелдім.
Әділетті тергеушім, менің осы халіме қарқылдап күлерсіз, «қанқұйлы қарақшыға қалыңдық тұрсын ба, осы қалыңдықтан да тас қауып қалғаны ғой» деп күлерсіз. Қылмыстының қиналуынан ләззәтті қызық бар деп түсінбейтін жаныңыз кенеліп-ақ қалар. Абдығұпыр «мархұм» тірі болса бірге күлісіп, тіпті рахаттанар едіңіздер ғой?... Амал қанша, оның басын қылмыскерлердің қиы басып қалды. Өз басыңызға саңғыттырмау үшін, тірі кезіңізде тып-типыл етіп кетпесеңіз, күлкіңіз соның астынан шығар ма екен! Қылмысымның екінші томы осымен аяқтайды. Сізді әлі талай күлкіге кенелдіріп, әлі талай қылмысыммен бөлендірермін!
(Екінші кітаптың соңы)
1 Жұңхуа Минго – Қытай халық мемлекеті. Гоминдан үкіметі осылай аталған 1 Банжаң – қытайша клас бастығы, әскери түзімде он әскердің бастығы 1 Ханзу – хан ұлты. Қытай халқы өздерін ханзу деп атайды 2 Ырдашаузы – ырдаучяузы – Үрімжідегі көше аты 3 Дашызы – Үрімжідегі орталық көше түйілісі 1 Нүй шуеюан – қыздар институты 1 Хуаңди – Жұңгода тұңғыш мемлекет құрыпты делінетін аңыз патшасы 1 «Жұңгоның тағдыры» – Жяң жиешы жазып, 1943 жылы жарияланған кітап * Аксиома – дәлелдеуді керек етпейтін, даусыз шындық 1 «Совет одағы коммунистік (болшевиктер) партиясының қысқаша тарихы» 1 Шяужаң – мектеп бастығы, мүдір 1 Кұңзының адамгершілік жөнендегі төрт принципінің екеуі осы еді 1 Арбау, көз байлау 1 Құйыршық – жиянгерліктің құйрығы, «шетел шапқыншыларына сатылып, іштен бүлік көтерген жендет» мағынасында. Жергілікті төңкерістік көтерілістерге қатынасқан халықты Шың Шысай, гоминдан үкіметтері осылай атаған. 1 сол кездегі химия оқулығында тоқсан екі элемент қана оқылатын. 1 Гаңпан (қытайша) – «Құрғақ тамақ» дегені. Құба-құрғақ бөрттірілген күріш. 2 Мелли (ұйғырша) – ұлттық. 3 Сыңку, иерын (ханзуша) – мал, хайуан, жабайы адам. 1 Туфи (ханзуша) – банды, қарақшы. [1] Жяугуан (ханзуша) – әскери оқытушы 1 уаңбадан (ханзуша) – тасбақа жұмыртқасы (өз тілінде ауыр иянат сөз). Оңбаған, жексұрн, сұмпайы сияқты ауыспалы мағынада қолданылады 2 Даго (ханзуша) – үлкен күнә. Үш үлкен күнә жазылған оқушы мектептен қуылады. 1 Хуайдан (ханзуша) – шіріген жұмыртқа, бұл арада иянат сөз. 1 Жиесан (ханзуша) – таралу (тізілген саптан, жиыннан тарау бұйрығы). 2 Нәмунашы (ұйғырша) – Үлгілі. 1 Гүй (қытайша) – албасты. Жерлік халықтың менгоны – «мыңгүй» деп атап жүргені – тілдегені екен.
1 Дайфу (ханзуша) – дәрігер, емші. 1 Сун Жуңшан өсиеті осылай аталатын. 1 Бахулан – Бахуляң – Үрімжідегі жер аты. 1 «Теңгір» деп -Хантеңгір, Еренқабырға тауы, «Сеңгір» деп Боғда тауы айтылып отыр. [2] Минус – алу (-) белгісі. Математикада зиянның, шығынның, жағымсыздықтың мағынасын көрсетеді. [3] Пугас – гитлер фашизмінің дүние жүзілік екінші соғыста қолданған ең күшті бомбысы. Он бес метр жерге кіріп барып жарылады екен деп еститінбіз. 1 Шаңзұң (ханзуша) – саудагерлер бастығы. 2 Шаңио (шяңио) – ауыл бастығы. 1 Хотангай (ханзуша) – Хотан көшесі. 1 Лаужаң (ханзуша) – Жаң екең. 1 Сүй (ханзуша) – кім. 1 Сандұңби – Үрімжідегі жер аты. 1 «Сары аяқ» – Гоминдан әскеріне жергілікті атау болып кеткен сөз. Сары бұлдан жасалған балтыр орауышы мен сары шақайына қаратылған атау болса да, жиреніш мағынасымен жалпыласқан. 1 Баугау (ханзуша) – рұқсат па, дәт... деген мағыналарда. 1 Мою бәнфа (ханзуша) – амал жоқ, лаж жоқ. 1 Хұйжаң (ханзуша) – ұйым бастығы. 2 Бейімбет Майлинның трагедиялық драмасы. 1 Актердың сөйлейтін сөзін сыбырлап оқып отыратын театр қызметкері. 1 Кулиң (ханзуша) – қарауылдан өту үшін айтылатын құпия сөз. 1 Маулүйзы (қытайша) – есек. 1 Жұңжың – Жяң Жешінің әсілі есімі. 2 Зұңсай (ханзуша) – партия төрағасы. 1 Калаусы – Кәмен мұғалім. 1 Көрініс перде. 1 Сыфан – педагогикалық мектеп. 1 Сүй (ханзуша) – кім? 2 Уо (ханзуша) – мен. 1 «Куайчян» (ханзуша) – ақша, теңге; «куай» – тез; «тұңий» – құптау, қолдау, құптаймын. * Дутұң (қытайша) – уәли (аймақ бастығы) * Гоминданның саяси өкілдері «жолдас» деген атауды қолдана беретін. 1 Чужаң (ханзуша) – басқарма бастығы. 1 Слиң (ханзуша) – қолбасшы. 1 Яңхаң – Үрімжідегі жер аты. 1 Тамады (ханзуша) – шешеңді... 2 Шымы (ханзуша) – не, немене, немене дейсің деген сөз. 3 Жыңса жүй – Жинча жүй (ханзуша) – сақшы мекемесі, прокуратура. 1 Пайзысо (Пайчусо) – (ханзуша) – сақшы бөлімшесі. Сожаң – бөлімше бастығы. 1 Перғауын – (ерте заманда Мысыр патшалары осылай аталыпты) Дін аңызында бір Перғауын өзін Құдаймын деп жариялаған. 2 Құба құс – итке қойылған ат. 1 Хау (ханзуша) – жақсы, жарайды. 1 Тура пропорция (математикалық атау) – теңдік қатынас. 2 Икс – математикалшық таңба (х). Жасырын, жұмбақ санның белгісі. 3 Жұңхуа – орталық гүлжазира (өз ішінде Қытай мемлекеті осылай аталады). 4 Жұңхуа Миңго – Гоминдан құрған мемлекеттің аты (Қытай халық мемлекеті). 1 Наушы (ұйғырша) – балуан, батыр. 1 «Калаусының» орнына әдейі аталған «Кәмен банды» деген сөз. 1 Тимін зүйхуай (ханзуша) – ең бұзығы сендерсіңдер деген сөз. 1 Жыңса (қытайша) – сақшы. 1 Жүйжаң (ханзуша) – мекеме бастығы. 1 Нәнмін – түстік қақпа – Үрімжідегі жер аты. 1 Дауаншың – Үрімжінің шығыс оңтүстігіндегі жер аты. 1 Зангуан (ханзуша) – күзетші. 1 Шансің (ханзуша) – мырза деген сөз. 1 Лаумаузы (ханзу дялекті) – орыс деген сөз. 1 Лаухан (ханзуша) – шал, қарт деген сөз. 2 Шяухозы (ханзуша) – жас жігіт, бозбала. * Нақша (ұйғырша) – ән, өлең. 1 «Ақсақ» деп Оспанды атайды, Оспан бір аяғына оқ тигендіктен сылти басады екен. 1 Бау-ан слиңбо (ханзуша) – амандық сақтау қолбасшылық штабы. 1 Фугуан (ханзуша) – адютант, көмекші офицер. 1 Жигыр (ханзуша) – емтиханнан өтудің ең төменгі шегі. 1 Ли жың (ханзуша) – тіктел, түзел мағынасында. 1 Шүнлянтуан (ханзуша) – курс деген сөз. 1 Сулян (ханзуша) – Совет одағы 1 Санпаку (Шаңфаңгу) – Үрімжінің оңтүстігіндегі жер аты. Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:
|