Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 16 страница




Бір жендет оң білегімнен ұстап, қолымды үстел бетіне тигізіп еді, екінші жендет бүйірдегі бір тетікті қайыра қойды, кәрі қасқырдың азуындай мұқыл тістер сап ете түсіп, қолымды білезіктігіне дейін жұтып ала қойды да, мыжып жіберетіндей, қысып бара жатты.

– Ей, шыныңды айта салмаймысың, қолыңнан айрыласың!– деп ақ сары қасыма жетіп келді де жендеттерге ханзушалап, тоқтата тұруды сұрағансыды. – Серіктеріңнің бәрі мойындаған ұйымды әшкерелей салсаң болмады ма, мынау қолыңды қазір-ақ мылжалап жұлып тастайды.

– Білмесем немді әшкерелеймін, басымды жұлып тастаса да расы сол. Ондай ұйымды біз білмейміз. Оларды шылғи өтірікке мойындатқан осы станок шығар. Қайтадан... әкеліп... тергеңіздер!... Қайтадан... расына келеді олар!... Олар... а.. олар өтірік....

Қаншалық шыдайын десем де соңғы сөзді еріксіз шыңғыра қостым.

– Тоқтат! – деді жендеттерге ақ сары. Екінші бір тетікті басып қалғанда тістер сәл босата беріп, қысқан бойы тоқтай қалды. Ақ сары Кыжаңына қарады.

– Мойындаймысың, жоқ па? – Кыжаң үстелін шарт еткізді. Мен де сақ ете түстім:

– Өтірікке ме?... расын айт деп тәрбиелеген өзің, енді өтірікке мойындамасам өлтірмекпісің?

– Шын ұйым бар!... айтпасаң өлесің!

– Жоқ!... Бар болса мен өзім білмеймін бе?

– Білесің, айтасың! – деді жағы қисайып, тістене қалған Кыжаң, – Мойындамасаң – қинап өлтіремін сені!... Апар сол камераға!– деп енді жендеттеріне сақылдады... Қашан шынына келгенше жатады.

«Қасқыр» аузынан қолым әрең шықты, мұқыл тістер кірігіп, жабысып қалған екен, шықса да жанынан айрылып шыққандай сылқ түсті. Тұла бойымнан тер шүмектеп ағып барады.

– Шынын айтып болдым, өтірік айтпадың десеңіз, қалай өлтірсеңіз өз еркіңіз, шыны керек болса, бұдан басқа шындық таба алмайсыз! Таба алмайтын себебіңіз, шындық біреу ғана! Айтқамын ғой, өзіңіз ойлануыңызды өтінемін, – дей салып жендеттердің алдына түстім.

Таң бозарса да әлі қап-қараңғы тұрған сол қандала ордасына қайта бардым. Қатарлас камералардың бәрінен күңіреніс, қиналыс үні естілді. Бәрі де хал жеткенше қандаламен қырқысып болып «мә, жесең жеге» келген сияқты, дәрменсіз ыңыраныс көп естілді. Мен де құлай кеттім...

Қолымның қақсауынан ба, әлде қандала шақпай ма, әйтеуір денем тыныш сияқты. Тісімді қатты басып тілдеп жібердім бір кезде. Анау бір уақыттағы Репқатша түтек бір ашу билей қалды. «Партизандар өз уағында келе қалса қасқырларға бұлай жем болмас едік қой, әттегене... Репқат!... Батырым!... Қаза болған-ақ шығарсың?... Таздың үнін дер кезінде өшіріп, жауды фактыден тотитып-ақ кетіпсің! Қолға түскен жарнамадан ұққан «Шығыс Түркістан» атын ғана ұстап отырып қалыпты ғой... Репқат!... Есіл аға!... Тірі қалсам құз жартастарға атыңды қашап жазармын!... Кел, Нұрияш, бірлесіп жырлайық, жоқтайық оны!... Қайдасың жаным, қайдасың?!... Қайдасың?!... Қайдасың?!– деп қатты айқайлап жіберіппін.

– Бақырма!– деп ақырды сырттан біреу ханзушалап. Басымды көтеріп алдым, есік саңлауларынан жаңа шыққан күн сәулесі түсіпті. Тұрып барып сығаласам, басына кенеп дорба кигізілген әркімді дәретке шығарып жүр екен. Сақшылар бұрынғыдай жұдырықтап, теуіп айдамай, сүйемелдеп әрең әкетіп барады. Тұтқындар өлім халыне түскен соң ұруды тоқтатқан сияқты, кенеп жамылыштан аяқ жақтары ғана көрінеді. Бірнешеуі біздің жолдастар екені байқалды. Бәрі кібіртіктеп-сенделектеп өтті. Жүрістерінен қайсылары екендігін айыра алмадым. Тергеу бастығының «тойғызып, борлап жатқаны осы болғаны ғой! – деп күбірледім. – Иә, расында мойындатқан-ақ екенсің аш қандала!»

Қайта тұрып абақты қабырғаларына үңілдім. Қандаланың өрбіген мол ұрпағы күрең сырға айналған өз аруақтарының үстінен ерсілі-қарсылы өріп жүр. Бір ғажабы, менің үстіме қаптамапты. Тергеу бөліміне кіргізерде малшындырған дизенфекция дәрісінен жолай алмай, мысы құрып жүрген сияқты, көбі менше әрең қыбырлайды.

Жендеттер мені де тұмылдырықтай жетелеп, ұрмай дәреттендіріп қайтты. Бұл реткі сықпа момы мен елу грам суды күндегі сатала аспаз емес, таза киінген бір лаухан1 әкеліп есіктен ұстатты да, сыртқы босағаға сүйеніп үңіле күбірледі маған. Ұйғыршаны ханзу үнінде қаудырлатып шала сөйлейді екен:

– Атаң-анаң бар?... Менің бала ұқшайды, әдемі бала ұқшайды! Ай-хай-хай, жап-жас өлу қиың-қиың, менде жүрек ауырады, – деп жанашылғанси кіржиіп, басын шайқап-шайқап қалды. – Бұл үкімет сен мойындайды, қоя береді. Сенікі ұқшайды, өзің ұқшайды, бірнеше шяухозыңды2 жақсы үйге шығарды, тамақты хоп-хоп жегізді. Қайтарамыз дейді. Сен де мойында, мектеп қайтасың!... Бекер-бекер қиналып өлетін болмайды, мына жан жақсы, тірі жақсы. Өлесің, атаң-анаң жылайды, не болды!... Ұқтың?... мойында, қайт-қайт!...

– Ей, лаухан, жаның ашыса суды неге молырақ әкелмейсің?

– Әия, көріп қояды, осы үйге меніңді қамайды! Менің балаң көп, мен бахады!

– Өз балаңды бағу үшін әзәзілдік істеп, өтірікке мойында деп азғырып, елдің баласын қырғызбақсың ғой! Өз балаңды біреу осылай өлтірсе қайтер едің?... Алдай алмайсың бұл өтірігіңмен, біреуі тұмсығыңды жапыра өледі... Жоғал, кәрі сайтан!– деп айғай салдым.

– Бақырма, бақырма, менікі жанашиды айтады, – деп бүкшеңдей жөнелді. Сол лауханның екі камераға тамақ апарған кезінде ылғи осылай күбірлеп жүргені сезілді, қатарлас камералардан менше айғайлаған ызалы үн естіліп жатты.

Киімімдегі дәрі иісі тарап кеткен екен, екінші күні түнде денем қайта дуылдай бастамасын ба. Есіме енді түсті, мойын ораған көйлегім мен балақ таңғышымды тергеушілер жоғалтыпты. Майкамды шешіп алып, мойныма енді соны орадым. Бұрынғыдай түрегеп тұра хал жоқ. «Шие бөрі» өріп жүрген дауал мен киім сыртын сипап тастар артық қол да жоқ. Жалғыз қолым бет-ауыз бен құлақтан босар емес, сүйеніп отырып алып ыңырсудан басқа «шара» қалмаған. Түн ортасында есік ашылып, қол шырақ жарқ ете түсті. Ұйғырша сөйлеуінен ақ сары сұрқия екенін таныдым.

– Ей, ойланып болдың ба? – деп сұрады.

– Нені ойланамын, бар шынымды сөйлеп болғанмын.

«Мұсылман» тергеуші басқа камераға естілмейтін бәсең үнмен сөйледі.

– Өлуіңе енді тіпті жақын қалды, мен ақырғы рет сұрауға келдім. Расын айтсаң қазір-ақ құтқарамын.

Қатарлас камерадағылар естісін деп әдейі бар дауысыммен айғайлай жауап бердім:

– Басқадай расым жоқ!... «Шарқын түгін» деп пе едің, ондай ұйымды көрмеппін де, естімеппін!

– Ақырын сөйле!– деп зекіп қалды тергеуші.

– Ақтық рет ашық дауысыммен сөйлеп, ақ өліммен өлейін, ұйым мәселесі бізде жоқ, мүлде жоқ!... Мойындағандары болса темір қасқырыңызға қайта бір шайнатыңыз, менің айтқанымның рас екеніне сонда сенесіз.

– Ей, басқа сөзді қой, екінші қайталай келмеймін, айтатының болса, тез айт! Мұсылмандық үшін қайталап сұрарым тек осы ғана!

– Мұсылмандығыңыздан өтінерім «тек» мынау ғана: мені біреу іздеп келсе, «біз емес, біз асыраған мына қандалалар өлтірді» деп сүйегімді тапсырып беріңіз... Басқа сөз жоқ. Қош, ақыреттегі қарасат майданында көрісерміз әлі-ақ!– деп қалдым әдейі.

Тергеуші есікті қатты жапты да шақылдата құлыптап кете берді.

Жылдай күн батып, ғасырдай түннің және бірі жартылағанда есік тағы ашылды. Есек дәмелі тергеушім тағы сұрамақ шығар деп, үмітін мүлде кесе үзуге дайындалып едім. Жан құралын жалаңаш ұстаған қара киімді сақшы екен, «шық!» дегендей бұлғаң еткізді құралын. Жалғыз қолыммен дауалдан дауалға сүйене шығып алдына түстім. «Ұста дүкеніне» ілби беттегенімде шақ ете түсті де, сары ғимараттың арт жағындағы ала көлеңкені нұсқады. «Ататын алаңы сол болғаны ма» дегендей үңіле қарасам, жалғыз атты жеңіл арба тұр. Ақай айтқан кер жотаға осымен апарып ататынын немесе орын ауыстыратынын – осы екеуінің бірі болатынын сезіп, тыңая түстім, қолымның сырқырағаны да, қандаланың уыты да сезілмей қалды. Өлім жалмар болса өлігім масқараланбасын деген сезіммен мойын ораған майкымды сым қалтасына тыға салып, төрт дөңгелекті жадағай арбаға жетіп тоқтадым. Үстіне жабылған брезенттің қымырлап қалуынан бір адам жатқаны байқалды. Екі сақшы мені соған айқастыра шалқалатып, брезенттің қайрылған жарымымен жапты да, шетін баса отырды. Алдыда отырған бірі арбаны айдай жөнелді.

Темір шеңберлі дөңгелектердің шақ-шұқ шоқалақтауына қарағанда, шеткі көшемен кеткен сияқтымыз. «Енді мәңгі кеткен сияқтымыз» дегендей, «бейтаныс қабырласым» санымды қысып-қысып қалды, «атады» дегендей бір жазуды қайталай сыза берді. Менің ол жақтағы «қасқыр» шайнаған оң қолым икемге келер емес. Білегімді әрең жиып апарып, аяқ киіміне үйкедім. Қуаттың березент батинкасы бар еді, жуан тұғыр қысқа сирақты сол тәрізді. «Атпайды» деген белгі бергім келеді. «Өлімге айдаған адамды байламай, бұлай бос жатқызар ма» деп те, «бір үлкен қылмысқа зорлап болса да қол қойғызбай атар ма» деп те дәтке қуат дәлел айтқым келеді. Бірақ, Гоминданның қара ниеті әрқандай қара жазаға жете алатындығын ескеріп, өз дәлеліме өзім де сенбей, «бақыл бол, Нұрияш, ақтық рет бір көре алмай кеттім» деп қалғым да келеді.

Бұрыла-бұрыла шоқалақтап келген арба тоқтай қалғанда жүрегім өрекпи жөнелді. Қасымдағыны жерге үнсіз сүйрей түсіріп әкетті. Брезентті сиырып жіберіп жіберіп жалт қарадым. Төніп тұрған бір сақшы кеудемнен қойып жіберіп, брезентті жаба қойды. Қарақшының қолы қышығаны болмаса, ұратын жөні жоқ екен, екінші түрмеге келіп кіріппіз. Төртінші түрмеге кетерде көрген зал маңдайшалығындағы абажурлы шырақ маңайын айқын көрсетті. Қасымнан түсіріп әкеткені, өз сезгенімдей, Қуат екен, зал есігіне кіре бергенінде көріп қалдым.

– Түс!– деді маған біреуі. Мен де кірдім сол залға. Есік-есіктен өткізіп, ең түпке итермелеп әкелді де, шарқылдатып шойын құлыпты ашты. Бір кілтші, шырақсыз камераға итеріп қалып, есікті жапты. Шақ ете түссе де алғашқы кіргенімдей ырши қоймадым. Дәл төріндегі білектей-білектей темір торлы терезесінің жақын көрінуіне қарағанда, шағын ғана камера екендігі байқалады. Тақтай сәкіде қатарынан бес-алты адамның жатқанын ұйқы пысылынан байқадым. Шаңғыр ете түсті біреуінің аяғы, кісенді екен. Жүрегім зу ете қалды. Жағалай теңселіп келіп, бір кісілік бос орын барын білсем де, қандала таратқым келмеді. Есік жаққа ілбіп қайта барып, тас кірпіш еденге қисая кеттім...

Қатты ұйықтаппын. Түрме тұрғындарының бетіме төне қарап, сөйлесіп тұрғаны естілді бір шақта. Оянғаныммен «жайлы» орыннан қозғалғым да, көзімді ашқым да келмеді. Зіл батпан денем қыбыр етуді жақтырмайтындай. Ұйғыршасы да, шала тілді ханзушасы да бар бейтаныс үнділерден сиқыма көрімдік сұрардай жалт етіп қарауға зауқым да жоқ сияқты. Көзімді жұмған бойы жата бердім.

– Астағыфиролла, жүзі қаннан көрінбейді... Бұ қанқорлар қанға тойып қалған ба?– деді бір ұйғыр. – Мұншалық шашыпты, мақталы шапанымен қоса жеп қойса бір тұң қан пайда таппас па еді?

– Қансырап қатып қалған ба, тірі ме өзі?

– Тірі, демі бар екен,– деді бірі. – Бірақ қинаудан өлер шағында ғана шығарған сияқты ғой?.... Бір қолын шағыпты.

– Жас жігіт екен өзі,– деп біреуі үңілді, – дүңген бе, сібе ме?

– Емес, моңғол яки қазақ қой деймін.

– Қане, мен көрейінші,– дей жетті бір қазақ, – қазақ қой, анық қазақ. Бет-аузы ісіп кетіп танылмағаны ғой... балам, ей балам, ояншы, көзіңді ащы!

Мен көзімді сығырайтып әрең аштым, тағы да шор болып жұмылуға тақағандай. Селдір ақ сақал-мұртты, арық сұр қарт та көзін сығырайта төніп тұр екен:

– По, бейбақ-ақ, қабағын жауып алыпты ғой! Сызға жатып қалыпсың! Талып қалғаныңда сүйретіп әкеп тастай салған ғой тегі!... Жігіттер, көтеріп сәкіге жатқызыңдаршы!

– Жоқ ата, киімім толған қандала!– деп қалдым.

– Түсіндім, асыл азамат екен бұл,– деп бір кісенді ұйғыр құшақтай көтеріп алды мені, – бізді қандаладан аяп жатыпты.

Ақсақал мен семізше ханзу бүкшеңдей ұмтылысып, астыларынан төсеніш суырып, сәкідегі бос орынға төседі де ұзын қара мұртты ұйғыр кісенін шаңғырлата көтеріп келіп отырғыза қойды. Бас жағындағы одеялын алдыма тастай салды да:

– Бар киіміңді шешіп таста!– деп бұйырды. – Қазір адалаймыз!

Мен басқа киімімді шештім де ұялыстан жымиып, сымымның жанқалтасынан іш киімімді суырдым.

– Ұялма, балам, оны да таста!– деді шал. – Лағнаттың ол абақтысын жақында мына Жамал да көріп шыққан.

Оң қолымның икемге келмей жатқанын көрген егде ханзу батпаққа тола қатқан батинкемді байпағыммен суырып тастап, сымымның балағынан тартты.

Жастау жігіттердің бірі көйлек, бірі қысқа ыштан әкеліп кигізді де дәрет бөшкесі тұрған бұрышқа апарды мені. «Моншасы» да осы бұрыш екен. Бұла денемдегі қанды дымдалған орамалмен ысқылап тазалап жатқанда, шалдар ашылған есік алдындағы күзетшіге адам санын айтып, шыныдай-шыныдай ақ момы мен бір шелек күріш көже кіргізіп алды...

Түрмеде көп жатқан ыспор тұтқындар сол күні кешке шейін мені сүндетке отырған жалғыз ұлындай, орап-шымқап күтумен болды. Киімімді жуып кептіріп те, бастан кешкендерін айтысып та үлгірді. Маған да сұрау аз қойылған жоқ. Көргенімді қысқаша айтып, жауап беріп болған соң, қатарымда отырған қарттан алдымен сұрағаным Нұрияның әкесі болды.

– Ата, Алтайлық екенсіз, Үмбетбай дейтін кісіні білесіз бе?

– Білуші едім, балам... Онымен қандай таныстығың бар еді?

– Ол кісінің інісінің баласы менімен сабақтас еді.

– Е...– деп алып күрсінді шал, – Үмбетбай осы төрт-бес күннің алдында ғана мына бізбен жандас «қабырда» жатқан. Денсаулығы жақсы, пәле-жаладан аман келіп еді. Өткен жарым айдан бері ол кісіні тағы бір қырсық шалған. Қазақ тыныш жүре ме, «осы Үрімжінің өзіндегі бір жаудан көрсетінді бар көрінеді. Күмәнданның саясатына таңып қинап жүр, қатты қорқытып жатыр» дегенді хабарлап еді маған. Бүгін бес күн болды, сол кісі «қабырында» (камерада) жоқ, қайда әкетілгені белгісіз... «Түрмеден босатамыз» деп үміттендіріп отырғанда ғайып болды.

Кәменнің ісі екенін сезіп, бойым түршіге жөнелді. Қандала шабуылдата келіп, дәл төбеме улы тісін басып қалғандай болды. «Соның ісі... Нұрияны жоғалтысымен шырмаған екен... Әкесі түрмеден шыға қалса қызын зорлап иемдене алмайтынын біледі ғой. Іздеусіз қалдыру үшін сол мықты әкені түрмеден шығармай құртпақ болғаны ғой» – деген оймен қынжыла отырып:

– Киім-кешегі мен көрпе-жастығы Камерасында қалып па, әкетіп пе? – деп сұрадым.

– Екі күннен соң әкетіпті, «қабырында» ешнәрсесі қалмапты.

– Онда басқа түрмеге ауыстырып жіберген шығар?

– Бізді біржолата алып қалу ниетінде болмаса, енді олай ауыстырар қисыны жоқ еді, балам, «қазақ-қырғыз ұйымының кепілдігіне шығарамыз» деп әр күні айтып, жақсы тамақтандырып жатқан қазақтары осы қатардағы «қабырларда» ғана... бұдан бөліп әкетудің.... құрып-өртеніп кетсін, бәрі қинау.

Бұл сөзден өзім үміттенер камераға келгенімді ұқсам да, Нұрия тағдыры серпілдірмей, баса түсті.

– Осында бірге жатқандардың ішінде тыңшы бар ма? – деп сыбырлап сұрадым қарттан.

– Жоқ, балам... тыңшыға не табылады бұл «қабырдан?»... Көре-көре көзі тесілгендер ғой бұлар. Ондайдың жағын ұсатып жібереді мына Жамалдар!

Таусылмас мұңын ұзақ сонар нақшасымен* толқытып, шалқасынан жатқан Жамалға қарадым.

– Бұл кісі де босап шығу үмітіндегілердің бірі ме?

– Бұл сегіз жылға кесілген. Әлі үш-төрт жылы бар. Бірақ, артында ақтап, іздеп-сұраушылары көп сияқты.

– Неге кісенделген?

– Бұл мықты сарт,– деп күлімсіреді қан-сөлден айрылған сұр шал. – Мұны қалқа моңғолдың шпионы деп Алтайдан ұстаған екен. Неше түрлі зығырықтан өткізіп, қинап-қинап, ешнәрсеге мойындата алмай кесіпті. Содан қызып ауырған адам. «Шың Дубан нақақ кессе, Гоминдан болған неме әділ болса неге босатпайды мені, сендер де сол қанқорсыңдар» деп соқтыға береді. Анау өлеңі айтылып болғанша ештеңе ұқпайды, еш сөзді тыңдамайды да.

Жамалдың асқақ әнін тыңдап, аянышпен қарай бердім. Мықты әнші, қарағайдай тік өскен, сымбатты адам екен. Қара қоңыр жүзі мен қасқа басынан, қайратты қара мұртынан еш қатерден тайынбайтыны көрініп тұр.

– Анау семізше лаухан не қылмыспен келген?– деп сұрадым.

– Ол келгелі үш жылға әлі тола қойған жоқ,– деп жымиды шал, – қытайлығы жоқ деп қамаған сықылды. Шонжы жақтікі, қазақ ішінде өскен, жерлік қытай. «Құйыршық» деп ұстаған бірнеше ел адамын ақтап сақшыға барғанда, «олай болса сен де банды» деп қосақтап айдап әкеліпті.

– Өзіңіз «құрал тапсырмады» деген қылмыспен келдім дедіңіз ғой, құралыңыз бар болса да тапсырмай қойғансыз ба?

– Жоқ, балам, өзім құрал ұстап көрмеген адаммын. Бір кезде жалғыз ұлыма қос ауыз құс атар сатып әпергенмін. Онысын қолқалай берген соң ұлым балдызына беріп жіберіпті. Балдызы тағы біреуге беріп жоғалтыпты. Соны тауып бере алмағаным ғана... Міне, жеті жыл болды, көрмеген қинауым қалмады сол үшін. Қазақ оңған ба, соны қозылатып көбейте берген сықылды.

– Оңбағаны бар қазақ емес, атқа мінер ел басылары шығар,– дедім мен, – көрсетінді солардан болады ғой, халықты өз қорасындағы қойындай бөліп, ірітетін де, шірітетін де солар емес пе?

– Мұның миыма қонады балам, бөліп қана қоймай сүзістіре жүреді бірі мен бірін. Содан өзімізге-өзіміз жауығып телім-телім болдық та жүрдік қой... Кім ойлаған бұлай боларын? «Бөлінгенді бөрі жейді» деп айта жүріп-ақ ауыл басыларының етегіне жабысып бөліне кететініміз бар. «Иттің сорлысы көш басшыға ереді» дейді, сөйтіп жүріп аштан өлетін-ақ халық екенбіз.

– Сіз оқығансыз ба?– деп қалдым шалдың пікірлілігіне таңдана түсіп.

– Бізде оқу дерлік оқу бола ма, балам. Ескіше әптиектік қана бірдемем бар еді, одан да айрылып қалғанмын. Айтып отырғаным – көргенім ғана ғой. Көре жүрсек те көрмеппіз бұрын, осы түрмеде жатып ойландық.

Қарт осы сөзін айта салып, жанбасы астынан жамаулық боз шүперек алды да қара батсайы тысты тымағын жамай бастады. «Шыға қалсақ бүтінірек шықсын» деп күбірлеп көктеді.

– Балам, осы оқығандарыңнан оқымаған соқырлықтың өзін жақсы көріп қалдым,– деп қарт енді бір тақырыпқа көшті. – Оқығандарың үкіметке алданғыш келеді екен. «Ана үкімет», «жаңа үкімет», «мына үкімет» десіп алданады. Бәрінің бір үкімет екенін уақытында бірі ұқсашы!

– Бәрі солай емес шығар?

– Осыны бәрінен-ақ көргендеймін балам. Ең ақылды, көзді, оқыған деп сенетініміз Шәріпқан мархұм еді ғой, еститін шығарсың?... Сол да алданды ғой Шың Дубанға, ажалдың аузына өз машинасымен, өз еркімен шауып келіп түсті ғой!

– Шәріпқанды ғана емес, Совет одағын да алдап кетпеді ме, ол сұрқия?... Шақаң басқа не жөнінен алданыпты?

– Сол сұрқияңның түгі қызылдығына қызықты ма екен, алғашында тым белсеніп кетті Шақаң... Әлгі, алдымен кеткен бұқат бейсіні Шың Дубанға сол ұстатыпты деседі. (Ондағы Алтайдың дутыңы сол кісі ғой). Бұқаттың туысы Манкей де қолды болып келіп тергеушіге берген жауабында Шәріпқаннан сол кегін алыпты: «Шәріпқан Шың Дубанмен соғысу үшін Советтен Жеменей шекарасы арқылы көп құрал алды» депті ол мархұм...

– Ол кісілер айтпаса да айтты деп басқаларыңызды мойындатпақ болған ғой, тергеушілер осы жолы бізді де сол сұрқиялығымен қинады.

– Өтірік болса жандары шықсын, әйтеуір Шың Дубанның құрал жию қырғыны содан басталды ғой... Мені де шарпып күйдірген сол құрал, құс атарда не әкесінің құны бар дейсің әйтпесе! Мойындағаныңа молшылық-кеңшілік қыламын дегеніне алданған оқығандарымыз қырылып болды. Солардың ішінен әйтеуір Дәлелқан ғана қалқа моңғолға қашып құтылыпты. Алданбай қалған – біздің надан ақсақ1 қана. Қазір жақсы деседі ғой, жолдары болсын, кісілерімнің!

Төңкеріс жайында тұңғиық түрменің не естіп жатқанын білгім келді:

– Не жақсылықтарын естідіңіздер?

– Е, балам-ай, «ел құлағы елу» ғой... Өздеріңнің де темір қасқыр мен аш қасқырдан, ашаршылық тажалынан тез құтылып, мұнда келулерің солардың айбыны шығар. Олар күшеймесе, ең болмағанда жарым сүйектеріңді кемірмей, жап-жас сендерді шығарар ма?...






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных