Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






ТӨРТІНШІ БӨЛІМ 18 страница




– Әлі де хайуан түйсігімен сөйлеп отырсыңдар, ойланыңдар! – деп қайрыла жауап қайырды да, екі қызметкері біздің тізімді үстелге жайып жіберіп, бір-бірден сұрай бастады.

«Адам ету» дегені адам сайтан ету, «шпион заводына» жіберу екенін түсінген біздің жолдастардың ешқайсысы жазылмай, әлгі сөздерін қайталады. «Үкіметіміз шын қамқорлық еткісі келсе, үйімізге жіберсін, әке-шешемізді көріп, ақылдасып келейік» деген пікір айтысып отырып алды.

Сыфан мектебінен тәртіп меңгерушісі мен «түйе» журынды шақыртқан екен. Ху Гожын олармен кеңсесінде айырым сөйлесті де, сабақтас он екімізді соларға тапсырып берді. Екі «ұстаз» есіркеген рай көрсетті. Екеуі де қасқыр еркелетіп, айдаһар аялағандай «елжірей» күлімсірейді.

– Әйя, қатты жүдепсіңдер, тозқыпсыңдар! – деп меңгеруші бастай жөнелді де:

– Сіз де сынған кірпіштей, майрылған қылыштай азыпсыз-ау!– дегенді күлімсірей күбірлесіп біз ілестік.

 

Әділетті тергеушім, сол кезеңде біздің тозуымыз да, аяздай қысқан тәртіп меңгерушінің ызғары сынып, азуы да анық еді. «Құдай есіркегенде» сізге де жоғары жақтан бір нұсқау келе қалса, мұзыңызға жылы нұр құйғандай аза қалуыңыз ғажап емес шығар. Қасқырдың қоян болуы мен қоянның қасқыр болуы адамзат қоғамында асусыз кезең, өткелсіз өзен емес қой, ысқыра бермесеңіз екен!

Осы тарауға байланысты өзіңізге айтылған осы пікірден зор қылмыс жоқ-ақ шығар. Өмір өзгереді дейтін «қанқұйлы» кері төңкеріс сөзімен қазіргі жаһаннам ошағында жатқан оңшылдар ғана езеуреп өліп жатпай ма, көреген қырсығым!

 

VI

 

Мектепке келе аласапыран айғайдың үстінен түстік. Оқушылар астық клетінің алдын мектеп кеңсесімен қоса бір-ақ қоршап алыпты. Дәл ортада астық тиелген екі үлкен жүк машинасы тұр, Хуаңхы тасқын апаты себепті былтыр күзде келіп біздің астық нормамызға ортақтасқан оқушылардың бір тобы сол тиелген астықтың үстіне шығып алған екен, жергілікті ханзу, ұйғыр сабақтастар сирақтарынан тартып түсіріп жатыр. Қонақтар шяужаңның бұйрығымен қайта шығады да Сыфан оқушыларының сүйреуімен қайта түседі. Тәртіп меңгерушісі ұйғыр сабақтастарымызға келе тиісіп, алдарынан бөгеп еді, олар кеудесінен итеріп-итеріп тастады.

– Біз не жейміз, шяужаң жауап беріп кетсін, – деп шуласады. Қасқа бас шяужаң мен көзілдірікті екі-үш «маман мұғалім» машинаны айнала жаза таяқтарын үйіріп жүр.

Қамауға түскен көк жалдай әр жағына бір арс ете қайырылып жүрген шяужаңның желкесінен Әшім жяугуан келіп қыса қойды бір кезде. «Талай генерал, талай ғалым оқыттым» деп кеудесін есіктей керетін қасқа бас желкесінен мытылған мысықтай бүрісті.

– Кімнің бұйрығымен қашпақсың?!... Мына мың оқушының астығын кім бұла деді саған?!– деп қадалған шұңғыл көз жяугуан бірдеңе деп міңгірлеген шяужаңды дедектетіп кеңсеге ала жөнелді. – Түсіріңдер астықты, жолдарына азықтық үшін екі дағарын қалдырыңдар!– дей кетті. Оқушылар астықты кілетке қайта кіргізіп, құлыптап тарасты...

Ертеңіне таңертең естісек, шяужаң сол елу-алпыс оқушысымен түнделете зытыпты.

Сабақтастар үрімжідегі жемеңгер жадыгөйлердің үрейі тіпті шашылып кеткенін айтты. Бұларды «шыңғырта шашып» жатқан құбыжық. – Шығыс Түркістан төңкеріс дүмпуі екені бәріне түсінікті сияқты.

Біз мектепке қайтқанда биылғы оқу бітірушілердің ақырғы сынауына төрт-бес-ақ күн қалыпты. Өзіміз жуықта өтілген сабақтарды қалған сабақтастардың көшірмелерінен күндіз-түні оқып, төрт тәулік дайындалдық. Бірде-біріміз Кәменнің табасына, меңгерушінің қапасына қалмау үшін қасарыса-егесе дайындалып едік. Ынтымақ пен егес қайраты біріміздің миымызға сіңгенді бәрімізге бірдей сіңіргендіктен, күн ара сынау беретін сабақтардан үздік шықтық та отырдық. Кластан қашқан жетеуіміз осы он бес күнде дұшпанымызды табалаудан еріксіз таңдануға түсірдік. Сынау нәтижесі жарияланған тізімнің ең алдына сол «жеті қарақшының» есімі іркес-тіркес жазылып шыға келді, ортақ нәтижелеріміздің алды тоқсан неше, арты алпамсадай сексен болыпты.

Оқу бітіргендерді жиып жіберіп сөйлеген тәртіп меңгерушісі мектептің бізге қолданған жазасын ірі тістерін ақсита тұрып жариялады. Мінездемемізді ең төменгі шекке түсіріп, одан жаза үшін жиырма номер тартыпты. Мұндай «қырық номерлі ғана мінезі бар» бітірушілер мектеп бойынша сегіз екенбіз. Бірі Юсуф Қасым көрінеді. Бізден бір күн кейін қашып, сол бойы құтылып кеткен ол өзіне нөл қойылса да мыңқ етпейді ғой. Біз де тым өкпелей қойғанымыз жоқ, ортақ нәтижеміз сонда да алпыс-алыпыс бес номер екен. Әйтеуір «жигырына»1 түгел жарап шығыппыз. «Диплом тисе қызмет алу шартымыздың толғаны. Бұл табысымыз батыс жаққа өтіп алуымызға да ыңғайлылық тудырады ғой» дестік. «Қарақшылықтан аман» қалған сабақтастарға үш күннен соң-ақ диплом мен қызмет жолдамасы шыға бастап, екіден-үштен кетіп жатты. Азайған сайын алаңдап, алаңдаған сайын азып-жүдеп барамыз. Қоштаса-қоштаса жиырма шақты күн ішінде қошқардай бөлініп жеті қарақшы ғана қалдық.

Мені қайту қамы емес, Нұрия қамы тынышсыздандыра түсті. Диплом шыға қалса Жемсарыдан іздеуге асығып жүрмін. Бірақ, Нұрия Жемсарыға әкетілген болса, оны білетін Кәмен алдымен асығуға, жаздық демалыс басталысымен кетуге тиісті еді. Нұрия жоғалғалы мектептен ешқайда шықпапты. Әлі де бұрынғысынша бізді бақылаумен ғана жүр. Басқа ешқандай алаңы да, арманы да жоқ сияқты. Неден екені белгісіз, есі ауысқан немесе мас болған адамша бұлғақтап, бізді баспалайды да жүреді. Бұрынғы асқақтық-аусарлығы да жоқ, еріксіздік пен көңілсіздік шыжғырғандай бұл күйкі күйіне қарап, біз тиіспей де тіл қатпай аңыстадық. Ынтықбай арқылы ғана сыр тартып, Нұрия мен түрмедегі әкесі туралы сұрастырып байқадым, білмейтінін айтып, ант су ішіпті. Жемсарыдағы нағашысының әдресін де сұрапты Ынтықбай, Кәмен кідіріссіз айтып, жазып та беріпті, «сенбесеңдер барып сұраңдар» дегені сияқты.

Мектепке қайтып келген күннің кешінен бастап Күләнмен кездесіп тұрдым. Біз тауға қашқан кезде Ақылбай қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының «үгіт қызмет» сылтауымен тауға және кетіпті де, төрт-бес күннен соң жасырын келіп қайтыпты. Іле жақтан Шиху, Сауан аудандарындағы партизан қозғалыстарын тәртіптестіру қызметіне тартылғанын, ең ұзағанда екі ай сол тауда болатындығын айтып, Күләннің разылығын алып қайтыпты.

– Ағаң Үрімжіде тұрса тұтқындаларына көзім әбден жетті. «Қатерсіз жағдай туылғанда бір-ақ қайт, алаңсыз күтемін» деп аттандырдым,– деп күрсінді Күлән.

Беретін сынауым біткенше Күлән маған Нұрияның табылатындығы жайында үмітті сөздер айтып, көңілдендіріп тұрды: «Жемсарыдан шешемнің бір бөлесі келіп қайтқан, соған тапсырдық. Егер Кәменнің нағашысы жақта болса, ол таппай қоймайды. Өз үйіне ұрлап келтіріп алып, хабарын жеткізбек болды. Тез арада хабарлайды» деді.

Онан кейін бір барып кездескенімде, қазақ-қырғыз мәдени-ағарту ұйымының клубы түрмеден шығатын «үш аймақ» адамдарын жатқызуға даярланғанын айтты. «Әр күні үштен-төрттен шығып келіп жатыпты. Келетіндердің тізімінде Нұрияның әкесі Үмбетбайдың аты да бар екен. Ол кісі шықса әрқандай жерден іздестіруге де мүмкіндік туылады ғой!»

Өшіп бара жатқан үмітімді осылай үрлей жылтылдатып жүрген Күлән, мектеп сынауы аяқтап, нәтижеміз жарияланып болған соң, мені көрсе-ақ жылайтын мінез тапты. Күлімдеп тұратын өткір қара көзі мөлтілдеп жасқа тола қалады да, сырт айналып, екі алақанымен бетін баса солқылдайды.

– Өлгенін естімесең неге жылай бересің Күләш, осыныңды ғана айтшы!– деп өтіндім бір ретте. Төр үйінде оңаша отырғанбыз. Үн қатпай тұқыра егілді. – Әлде ағайдан хауіптенемісің?!

– Жоқ, оны өзім аттандырдым ғой, Мұсатайдың керісі ғой... Жаудан кек алуды айтып жібердім, одан хаупім жоқ... мен... сендер үшін... сендердің жүректерің... сен бұлай жүдегенде... ол ерекше еді ғой!... Қандай халге түсті деймін!– деп Күлән қайта егілгенде мен кеңк ете түстім. Қасіреттің қатты қысталып тұрған көлінен саңлау таба қойған ірі тамшылар ыршып-ыршып кетіп еді, Күлән көзін сүрте салып жалт қарады.

– Кел, соның бір әнін айтайық!

– Қайсысын?– дегенді әрең айттым да, өзімді өз уысыма алғандай түйіліп, беки қойдым.

– «Япыр-айды»... өзіңе алғашында... сәлемдемеге жіберген әні еді ғой,– деп Күлән да бекемделгендей тамағын кенеп алып, ширақ әуенмен бастай жөнеліп еді, Нұрияның өзі таңдап қосқан өлеңінің бір шумағын аяқтата алмай, екеуміз де еңк-еңк етіп қалып тоқтастық. Үнсіз жылас, тілсіз дағдырыспен отырып қалыппыз. Жан қалталарымды сипалай бердім. Нұрияны аңсап, тауда жазған өлеңім түрме тінтуінде жоғалғандықтан есімде қалғаны бойынша қайта жазғанмын. Соны тауып ұсындым Күләнға:

– Өзім оқып бере алмаспын қазір, соған арнап жазғанмын, – деп ұсындым.

Көзін сүрте отырып, екі қайтара оқыған Күлән:

– Өлмепті!– деп қалды да бармағын тістей жылады.

– «Өлмепті» деген осы сөз «өлген» дегендей мағынасымен миыма шоқтай басылды:

– Өліп...пе? – деп ышқынып қалдым. Күләннің ширай қойғаны сезілді.

– Жо-жоқ, кім айтты?... Айтпашы мұндай сөзді!... Өлмес, әлі-ақ көрісерсіңдер.... мұндай өлең арналған адам мәңгі жасайды дегенім ғой...

Күлән оқыс сөзін осы сөздермен жуып сендірмек болса да, мұндайда аса бекем болуды, жас адамның мұндай күйіктен қатерге ұшырайтынын да ескертуі күдігімді қоздыра түсіп еді.

– Өлеңге ән жасап көрейін, өзі келгенде қосылып айтармыз,– деуі ғана үмітімді демегендей, мүлде өшірмей жылтыратып шығарды.

Ертеңінде таңертең сол көңілсіз қалпымызбен асханаға кірдік. «Жеті қарақшы ұрлаған үркер қызындай» тығылып Кәмен де қарап тұр бір жағынан. Жақыннан бері тіпті өлегзи күзететін болған. Диплом мен қызмет жолдамасын күттіріп сарылған сағыз күндерді аяқтастырардай айқайлай кірді тәртіп меңгерушісі:

– Жетеуің тамақты тез жеңдер де, тізіліңдер!– деді. Үмітіміз жанғандай жадырай шығып, тізіле қалдық.

Кәмен соңымызда, меңгеруші алдымызда, қақпадан шығып құлдай тарттық.

– Жолдамамызды оқу-ағарту меңгермесінен төте беріп, тағы да өсиетпен тартпақ шығар,– деп Шақан күбірледі.

– Жоқ, кісім, мынаның түсі тым суық, басқа шарасы бар ма екен әлде?– деп Ынтықбай күбірледі.

Соңғысы расқа шығатындай, меңгермеге бұрылмай өте шықтық. Нанляңның ұзын көшесі жайылған қалың жаймамен, дуылдаған қалың саудагермен және аларманмен азан-қазан болып жатыр.

Бұл базар ішкеріге қашатын жемеңгерлердің дүниеліктерін арзанға сататын базары екенін ұққанбыз. Көтерілген сәскенің тымырық ыстығынан терлеп келе жатқан біздің көңілімізге бұл сасқалақ базар самал соқтырғандай, жайлы леп береді. Жаза майданына апара жатпағандай сезілсе, жадырап, желпіне жүрер едік. «Заманның қай сыры, маманның қай қыры» тап боларын ойлап, жерге қарай береміз.

Алаңға жетпей бұрылып, «мәдениет клубының» қақпасынан кірдік. Ауланың түп жағындағы шағындау залға кіре бергенімізде жазаға емес, азаға әкелгенін түсіндік. Зал төрінде қызыл-жасыл болатпен безелген кішкене сахна құрыпты да, Ғұпыр таздың үлкейтілген суретін қара лентамен көмкеріп, дәл төрге іліпті. Үш жүз шақты адам соған қарсы қарай тізіліпті. Көбі біздің ұйымнан ұсталған адамдар екен. Тұс-тұста қарулы сары аяқтар тұр. Көпшілікті жара жүрген меңгеруші бізді ең алдына қатарлады.

Сахна маңдайшасы мен босағасы, зал қабырғалары түгел ұйғырша ұрандармен толыпты. «Батыр Абдығұпыр мәңгі жасайды!» «Мархұм Абдығұпыр мәңгі тірі!» деп айқайлағандай бадыраяды.

– «Батыр Репқат мәңгі жасайды!» десе сияр еді,– деп Серәлі күбірледі.

Қалпағын баса киген Таз суреті тірісіндегідей сес көрсетіп, түксие қарайды. «Сен де келдің бе, басыңды и, мойында» деп тікірейгендей.

Аза сахнасының алдына бірнеше жуанды «бастап» Бұрһан Шаһиди шықты. «Бастап» шыққандай көрінгенмен айдалып шыққаны айқын ұғылғандай. Артындағылар қошаметтегенсіп, итермелей берді. «Сіз сөйлеңіз, сіз сөйлеңіз!» деген ханзуша күңкілдер естілді.

Ұзақ түрмеден жаңылшақ болып шыққаны ма иә бұл араға сөйлермін деген даярлығы жоқ па, «нісі-нісі» деп бөгеліп, тым кібіртіктей сөйледі ғалым. Өзі сияқты сөзі де нарау, жүдеу басталды. Шың Шысайдың алғашқы қызғылт дәуірінде «Алтайдан әз келді, Үрімжіден Таз келді, көктен Бұрһан түсті, жерден Шұрқан шықты...» делінгеніндей, талай мығымдардың жиынына, сөздің қиынына қатынасып өскен шешен сөзден жақұты емес еді, мына Таз жаудың батырлығынан жағжұты болып қиналып тұрған сияқты. Берекесі шашылған сөзінен өзі де қысылғандай тершіп, қызыл сары жүзі нарт қызылға айнала қалды бір кезде, үкімет «батыр» деп жариялаған соң, аза жиынында батырлық құрап бермеуге еріксізденіп күшенгені екен.

– Мархұм Абдығұпыр Үрімжіні зор қырғыннан сақтап қалды, – деп жуан басын изей сөйледі енді, – Ғұпыр ахұн болмаса, неше мыңдаған азамат, оның ішінде мына тұрған сендер де қырылатын едіңдер... Сондықтан, оның рухы Үрімжі халқымен мәңгі бірге жасайды!..».

– Ғалым шырақтар да «сондықтанына» жауап табу үшін талай соқпаққа ұрына береді екен-ау?– деп күрсінді Қуат.

– Таз тажалдың орнына оны дер кезінде өлтірген Репқаттың атын қойса бұл сөз алтынмен жазылған арнаудай болар еді ғой?– деп Ынтықбай түксиді. Мен оларға кешірім ойлата күбірледім:

– Қатердегі басын осындай жел сөзбен құтқара тұрғаны да жөн шығар, аман болса талай септігін жасайды бұл кісі бізге!

Бір жуан сұр залдағыларды «үш минут азаға» шақырды, жуандардың бәрі суретке қарап тұра қалғанда, арт жақтан әскери бұйрық шақ ете түсті:

– Ли жың!1... Абдығұпырдың құрметіне үш минут тағызым!

– Бас имей, осы ли жыңына ғана тұралық, – деп жолдастарыма күбірледім, – сылтауға дін жауабы бар.

Өзім бұл үш минутты залға қиырлай қараумен өткіздім. Алдағы жуандардан басқа ешкім бас имей, бізше кекірейе қарап тұра берді. Басқарушылар осы райды байқап, көпшіліктің қосылмағанын өздеріне сәтсіздік келтіретінін білсе керек, ұран шақырмай-ақ тарауға бұйыра салды.

Меңгеруші бізді тізілген бойы ертіп оқу-ағарту меңгермесіне апарды. Жаза кесімін естіртуге осы аза күнін белгілеген екен. «Себепсіз салдар жоқ» екенін қаншалық қанқұйлы болғанымен Гоминдан да біледі ғой, осы қаралы жиын арқылы «қылмысымызды» аңғартса қыңқ етпей дабырасыз көнетіндігімізді ескеріпті:

Алдыңғы жылы тоқ соққан Тоқты Сәметтің өлім себебін жаба тоқып жасырып кеткен керди сұр бастық есіктен шығып, бізді шола қарады. Қолындағы қағазды жайып, жетеуіміздің атымызды шақырып, азуын баса сөйледі:

– Аза жиынына қатынастыңдар, кім өлгенін көрдіңдер, а... көрдіңдер. Сендердегі мәселе туралы... Біз білмейміз, саяси басқарманың тапсырмасы осы, сендерге үш шарт қойылған: бірінші, 1945 жылғы 5-ші айдың соңынан бастап екі жылға дейін Үрімжі қаласынан басқа жерге бару құқықтарың алынды; екінші, сол екі жыл ішінде қызмет сұрау құқықтарың алынды; үшінші, жастықтарың үшін, кенже қалған жарты миларыңды толықтыру үшін үкімет расхотымен оқытамыз, бұл – қамқорлық! Ұқтыңдар ма, жоқ па?... Бүгіннен бастап Шүнлянтуанға1 өттіңдер, мерзімі бір ай. Қалған орналастыруды сонан соң көреміз, ұқтыңдар ма, жоқ па?... Барыңдар, меңгеруші өзі апарып салады.

«Көшеге шығу құқығымыздан» да айырылып, түрмеге түсіп қалмау үшін сілтеген жағына үнсіз жүре бердік. Шүнлянтуан дегені қайталай тәрбиелеу ретіндегі үш айлық саяси курс еді. Шинжяңға Гоминдан үкіметі орнағалы аудан бастығы дәрежелі мәнсаптылар кезектесіп осында оқып жатқан. Бұл кезегінің айлық қана болып ашылғанына шүкіршілік айтқандаймыз. «Құтылу орайы соны бітірісімізбен-ақ табылар» дестік.

Сыфан мектебінің сырт жағындағы дөңге Бахулан сайын кесе өрлей салдық, «Шүнлянтуан» мектебі сонда еді. Тағы да меңгеруші жетектеп, Кәмен айдаған малша тізіліп жеттік те, жүгімізді мектеп арбасы әкеліп тастады. Мұндағы әскери-саяси шонжар меңгерушілердің алдында біздің меңгерушіміз каукелек қақты. Арс етіп ала түсе алмайтынын байқап, қайтуға беттегенінде соңындағы Кәменді ұстай алдым. Жол-жөнекей ақылдасуымыз бойынша Ынтықбай жетіп келді де:

– Кәмен, үш жыл дәмдес болдық, ақырғы ақылымыз болсын,– деп сүзе қарады, – Нұрияның жоғалуы сенен болғаны анық. Оның құтылу жолын енді өзің ашпасаң ажалың бізден болмақ!

– Біздің өлмейтінімізді қаншалық ақымақ болсаң да түйсінген шығарсың,– дедім мен, – Нұрия сынды жазықсыз жас жан іздеусіз, сұраусыз кетпек емес, әкесін өлтірсең де туысын, туысқанындай қиысқан дос-жарандарын өлтіріп бітіре алмайсың!... Кінәңді жуатын кезең де осы кез. Жақыннан бері тірі өлік болған сиқыңнан енді түсіне бастағаныңды байқаймыз. Біреу ерте, біреу кеш түсінеді. Бірақ, бұдан ары кетсең аспанға ұшсаң да құтыла алмайсың! Енді айт бізге, қазір қайда?... Жөнін айтсаң ол құтылады, ал сен ол құтылғанда ғана құтыласың... Қаныңа мұқтаж емеспіз, сондықтан ақырғы рет сұрап тұрмыз!

Кәменнің маңдайынан тер бұрқырап, өңі күреңіте түсті, қызарған сарғылт көзі жасаурай қалды.

– Менің де өздеріңдей сорлы екенімді кейінірек... түсінерсіңдер, Нұрияның жоғалуы оллаһи менен болған емес, білмеймін!

– Сен білетін боласың да, біз білдіреміз, онан да өзің құтқарып жібер,– деп қоя бере салдым.

Сол күні жатын орнымызды ыңғайлап алуға демалыс берілді. Дайын ағаш керуеттерге төсеніштерімізді жая салып, қақпа алдына шықтық. Өзіміз көрген жоғарғы Қызыл тау жағы тастақты белес, қалың зират еді. Сонда былтыр жерленген Момынбай мархұмның сайғақ ағаш мектеп қорғанының шығыс жақ іргесінен ғана көрінді. Соған барып құран оқып едік. Аржағындағы цементтеп қатырған сәулетті жаңа зират «мен мұндалап» көзімізге шалынды.

Таңертеңгі аза сахнасының маңдайшасына жазылған ұран осы зиратта тұр. Ғұпыр Таздың «өлмес» ескерткіші екен. Қаһарлы ашу қолымен қату тиген балға немесе керке, іргесінің әр жерін әлден-ақ қопара жарыпты, зират үсті дәретханаға айналдырылып, «даңқты ескерткіш» сары ала, қызғылт қоңыр, көк бөрте жапалармен әлем-жәлем «безеліп» қалыпты. «Мәңгі жасайтын қаһарман» әлден-ақ асарын асап болған екен.

– Қожасына ұстап бере алмаса да, дәлелдеп көрсете кеткен «еңбегі» үшін біз де дәм татыра кетейік, – деп Серәлі шаптырып болған соң, Шақан да жалпиып отыра кетті...

Аты дардай саяси мектеп аталғанымен, «Шүнлянтуан» да өз алдына бір күлкінің ұясы екенін байқадық. Оқытушылары майордан генаралға дейінгі сыпыра «данышпандар» болғандықтан, сақалды оқушыларын мұрнын сүртуден бастап қайта тәрбиелеуге кірісті.

Ақ сәлдебоздан бір-бір төсек жапқыш берді де, ағаш керуетке тегіс жайылған көрпелерімізді сонымен қымтатып, ағаш сылақпен ысқылатып, сылатып үйретті. Құйған кірпіштей қырланып, төрт бұрышталып шыққанға дейін ысқылаймыз. Бір айлық курстың бас сабағы осы екен. Таңертеңгі бір сағатта терлеп-тепшіп осыны «оқимыз» да, тізіле салып, алаңды айнала жүгіреміз. Бұл сарпылдақ дене тәрбие емес, қиын қыспақты екінші сабақтың қоңырауы іспетті еді. «Тәңір таразысы – қыл көпірден» өтердей жияугуандардың өздері де қысыла тершіп, қодырайысып алады. Жүгіртіп әкеліп бір-бірден қазықша қадап, төбемізден баса тоқтатады да: «Шапкыңды түзеп ки!» деп бірі, «аш қабағыңды, көтер иегіңді!» деп бірі сақылдайды... Кіші жяугуандар солай зықынасып болған соң «қалай, мынауымыз» дегендей өз бастықтарына жаутақтасады.

– Алып тастаңдар жанқалталарыңдағыны!– деп бізге енді бас жяугуан сұқтанады. – Сымдарыңның түймесіне сақ болыңдар, Санмужаң келгенде ашық тұрмасын!... Әйя, ол бір қарағанда-ақ ішегіңдегіні көріп қояды... Атылатын жолбарысша қарап, өз аттарыңды дауыстап атаңдар!...

Бас жяугуан дара-дара қалшиып, сирек тізілген үш жүз шақты курсантқа осы өсиеттерін айта жүріп, арт жағына жалтақтаумен болады. «Санмужаң» деп қана аталатын ақ қолғапты, сары саржы киімді курс меңгерушісі мамырлап келе жатқаны көрінгенде ғана жақтары тынған жяугуандар тінтуге бар мүлкін жайып салғандай, сытылып алыстап шыға береді.






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных