Главная

Популярная публикация

Научная публикация

Случайная публикация

Обратная связь

ТОР 5 статей:

Методические подходы к анализу финансового состояния предприятия

Проблема периодизации русской литературы ХХ века. Краткая характеристика второй половины ХХ века

Ценовые и неценовые факторы

Характеристика шлифовальных кругов и ее маркировка

Служебные части речи. Предлог. Союз. Частицы

КАТЕГОРИИ:






Археографияда ғылыми басылым түсінігі 1- сағат.




Дәріс мақсаты: Тарихи деректерді жариялаудың теориялық-әдістемелік негіздерін ашып көрсету, негізгі тенденцияларын анықтау.

Тірек сөздер: Басылым, басылымның объектісі, «тарихи деректерді жариялау» түсінігі. құжаттардың жеделбасылымдары, құжаттардың ретроспективті басылымдары.

Негізгі қарастырылатын мәселелер және қысқаша мазмұны:

1. Археографияда ғылыми басылым түсінігі.

2. Басылымның объектісі.

3. «Тарихи деректерді жариялау» түсінігі.

4. Құжаттарды жедел және ретроспективті басылымдары: жалпы белгілері және ерекшеліктері.

Ақпараттық қоғамда кез келген тұтынушыға қажетті ақпаратты түрлі ақпарат көзінен еркін алуына толық мүмкіндік бар. Ағымдық ақпараттар легі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, ғылыми жаңалықтар кітап, журнал, тіпті Интернет т.б. арқылы алынуда. Әр ақпаратты тұтынушының таңдаулы өз дерек көзі бар және оны пайдалану мүмкіндігі шектеулі болуы да мүмкін. Соңғы мәселе әрине, ақпараттық құндылығы жағынан қол жеткізуі шектеулі мұрағат құжаттарына қатысты. Қазақстан Республикасының «Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы» Заңына сәйкес кез келген зерттеуші мұрағат құжаттарын қандай да мақсатта еркін пайдалана алады. Пайдалану мүмкіндігі шектеусіз мұрағат құжаттарын мүмкіндігінше жария етудің бірден бір өзін ақтайтын жолы - басылымдарды жариялау ісі. Бұл ретте тарихи деректердің жария етілген көздері - басылымдардың рөлі тұтынушылар үшін қандай болмақ?

Қазақстанда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бүгінде тарих ғылымымен етене филология, шығыстану және бірқатар тәжірибелік ғылыми салалар да айтарлықтай үлестерімен еліміздің тарихи мәдени мұрасын сақтап қалуға күш салуда. Шет елдердегі қазақ тарихы бойынша мұрағат материалдарын жинақтап, құнды құжаттар жинақтарын жариялау ісі жолға қойылды. Бұл игі іс-шаралардың бәрі басылымның қаншалықты маңыздылығын көрсетсе, соншалықты дәрежеде өзектілігін де айқындайды. Мұндағы үлкен мақсат мұрағат құжаттарын көпшілікке таныстыру арқылы ортақ археографиялық кеңістікті қалыптастыру екені анық.

Чех ғалымы, филолог Й. Грабак мәдени мұраны бірнеше түрге бөліп қарастырып, мәдени мұраға деген ғылыми қызығушылық барлық мәдени мұраларды зерттеумен, сондай-ақ оны пайдалану мүмкіндігімен, түсіндірумен, жаңа ескерткіштерді жария ету және ғылыми айналымға енгізумен де байланысты екенін көрсетеді. Й. Грабактың пікірінше, сақталған барлық мұралардың жиынтығы потенциалды мәдени мұра болып табылады. Оның айналымға енгізілгендері актуальді мұра, ал потенциалды мұраның жария бола алатын әрі актуальді деңгейге жететін бөлігі виртуалды мұра бола алады1. Расында да, осы аталмыш дүниелердің барлығы бір нәрсеге келіп саяды. Яғни мәдени мұра байлықтарын қазіргі мәдениетке енгізу тарихи дерек-ескерткіштерді жариялау болып табылмақ. Мұның өзінде де салмақты дүние жатыр. Өйткені басылымның көмегімен мәдени мұра байлығы потенциалды күйінен өткенге қатысты мағлұматтардың шынайы дерегі, яғни ретроспективтілік күйіне ауысады. Мәдени байлықтың ретроспективті мағлұматтары бүгінгі күнгі мәдениеттің де өзекті бөлігі. Сондықтан бүкіл ғылыми ізденіс мәдени мұраларды зерттеумен, оларды қорғау және сақтаумен, пайдалану мүмкіндіктерін қамтамасыз етумен, түсіндіру, жария ету және айналымға жаңа ескерткіштерді енгізумен байланысты2.

Олай болса осы арасалмақтағы сабақтастықты, үндестікті қамтамасыз ететін басылым болмақ. Белгілі мақсаттарды көздейтін басылымдардың қоғам үшін аса қажеттілігі айқын. Басылым - ең алдымен адамның ақпаратқа деген сұранысын қанағаттандыра алатын коммуникация құралы. Сол себепті олардың әр түрлі қызметтері қоғам мен адамның игілігі үшін жұмсалады. Басылымның мәдени мұраға қатысты құнды қасиеті ол адамның ой шығармасын атадан балаға, баладан ортаға тарататын құрал болуында. Осы тұрғыдан басылым мәдениеттің бір сатысы мен екінші сатысы арасындағы сабақтастықты, бір орта мен екінші орта арасындағы байланысты орнатады. Мұнан келіп басылымдар қоғамдық коммуникацияның каналдары және құралдары рөлін атқарады.

Басылымның әлеуметтік болмысы оның мәдениеттегі рөлін, мәдени мұра жүйесі ретіндегі мәнін, тарихи ілімдерді тарату, оқыту құралдары ретіндегі маңызының да ерекше екенін көрсетеді. Тіпті оның белгілі әлеуметтік топтың мүддесін көздейтін, яғни саяси мақсатта қолданылуының өзі де заңдылық. Кез келген тұтынушы басылымның қажеттілігі оның өзіне қажетті материалдарын іздестіруге көп уақыт жұмсамай-ақ, жылдам тауып алу үшін деуі жасырын емес. Зерттеушілер де осы пікірді қолдап, зерттелген мәселе төңірегінде оған қайта оралмас үшін де басылым қажет дер еді. Бұл пікірді Н.М. Карамзиннің сөзі де растайтындай. Ол өз уақытында былай деген еді: “Өзім жасаған көптеген ескертпелер мен үзінділер мені қатты үрейлендіреді. Ертедегі адамдар бақытты: олар осындай көп уақытты алатын ұсақ шаруаларды білмеді. Бірақ шындықты айқындауды қажет ету құрбандыққа баруға тұрарлық. Егер бізде барлық материалдар жинақталған күйде болса, мен бір ғана іспен айналысар едім. Ол - сілтеме жасау”. Н.М. Карамзиннің бұл сөзі басылымның зерттеушіні артық жұмыстардан босатып, тек өзіне қажетті іздеу жұмыстарымен айналысудағы рөліне үлкен мән бергені. Мұндай жағдайда расында да, зерттеуші өз зерттеу мәселесі бойынша деректерді көбірек талдар еді. Өйткені әр зерттеушінің жұмыс тиімділігі жалпы тарих ғылымының тиімділігінің басты факторы. Әрі барлық уақытта деректерді жариялау ісінің тек білікті жұмысқа ғана емес, өткен тарихын білуге ұмтылатын көпшілік қауым үшін де маңызды екені даусыз.

Қазақстанда археографияның рөлін дұрыс түсіну үшін археографиялық ойды қалыптастыру және археографиялық қызметті дұрыс жолға қою қажет. Уақытында Валктың берген анықтамасы бойынша «құжаттарды жариялаудың теориясы мен тәжірибесі» бүгінде үлкен салмақты археографиялық қызметке айналып отыр. Оның археографиялық қызмет ретінде қалыптасуының өз заңдылығы бар. Себебі археография қолданбалы сипатқа ие. Теория міндетті түрде тәжірибемен ұштасады. Тәжірибе барысында археографияның теориясы тысқары қалып қалмайды, үнемі зерттеушінің назарында болады. Чернышевскийдің сөзімен айтқанда, “теориясыз еш пән болмайды, тіпті оның тарихы туралы ойдың болуы да мүмкін емес”. Тарихшылар зерттеу мәселесінде көпшілік жағдайда тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізеді, сонан біраз уақыт өткеннен кейін ғана тарихи деректерді жариялаудың принциптері мен әдістеріне көңіл қояды. Тәжірибелік жұмыстың мәні археографияның теориясындағыдай тарихи деректерді жай ғана жариялаумен шектелмейді. Таза тарих ғылымы археографияның теориясын, принциптері мен әдістерін өз бетінше қалыптастырып, дамыта да алмайды.

Өткеннің құнды дүниесі ешқашан да деректердің бір ғана категориясымен зерттеліп жазылған емес. Қазіргі таңда бұл деректердің ауқымы өте кең. Әр кезде деректердің жаңа түрлері пайда болып, оларды тарихшылар ғылыми айналымға енгізіп жатты және алдағы уақытта енгізеді де. Жазба ескерткіштердің түрлеріне қарамастан археографиялық қызмет оларды айналымға енгізудің бір ғана жолы басылым деп қарастырады. Сондықтан да археография жазба деректердің барлық түріне ортақ.

Қазіргі таңда басылымдармен жұмысты ұйымдастыру үлкен қиыншылықтарды бастан өткеруде. Басылымды әзірлеуді көпшілігі дайын құжаттарды сканерден өткізу арқылы оның көшірмесін жариялау деп қабылдайды. Шын мәнісінде, редакциялық алқаның жоспарлы жұмысын талап ететін басылымды әзірлеу күрделі іс. Осы тұста бүгінгі күнде археографиялық кеңістікті қалыптастырудың басты талабы қандай деген сауал туындайды.

Мұрағаттану ғылымымен тығыз байланысты археографияның бүгінде отандық ғылымда көтерер жүгі айтарлықтай ауыр. Мәні жағынан тарихи-филологиялық ғылыми пәннен саналатын оның зерттеу объектісін қазіргі ғалымдар, оның ішінде тарихшылар, филологтар дұрыс түсінуге міндетті. Алғаш кеңестік археографияның негізін қалап, арнайы ғылыми пән ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосқан С.Н. Валк оның бүтіндей теориялық мәселелерін қарастырып, басылымның маңызына, тарихи деректерді жариялаудың кеңестік тарихта қалыптасқан жаңа бағыттарына жете тоқталып, эдиционды археографияны* кеңінен зерттеген еді3. Археографияның арнаулы тарихи-филологиялық пән болып қалыптасуына елеулі үлес қосқан авторлар да бар4. Жасыратыны жоқ, археографиялық мектеп қалыптастыру мақсатында Ресей мен Украинаның теориялық және тәжірибелік істерінен үлгі алып, үйренеріміз көп. Осының негізінде қазақ археографиясының негізін салу тарихшы-мұрағатшылардың алдындағы үлкен міндет.

Басылымдарды әзірлеу арқылы археография тарихи деректерді жариялауға әзірлеудің және жариялаудың, сондай-ақ тарихи деректердің жеке және тұтастай категорияларын басылымға әзірлеу принциптері мен әдістерін негіздейді. Ол басылымның қызметіне тікелей араласады және сол арқылы тарихи деректерді айналымға енгізеді. Басылым өз қызметі барысында археографтың жұмысының нәтижесін тұтынушыға (зерттеушіге немесе көпшілікке) ұсынады. Міне, осының барлығы тұтаса келген жағдайда ғана ақпараттық кеңістік қалыптасады. Ақпараттық кеңістікте мағлұматтардың жаңашылдығы кез келген тұтынушыны өзіне тартаныны даусыз. Мағлұматтардың жаңашылдығы басылымға құжаттарды іріктеуде басты критериге алынады. Алғаш әлі жарық көрмеген мағлұматтары бар құжаттарға сұраныс әрдайым үлкен. Әрі түпнұсқа мәтіндері өшіп бара жатқан құжаттарды жариялауда да басылымдар түпнұсқа деректерді сақтап қала алады.

Басылымның қоғамдық қызметтері археографиялық шараларды тұтастырып, саналы түрде тәжірибе алмасуды қамтиды. Осы ретте археография мен басылым бұрынғы автор (өмір сүріп кеткен) мен қазіргі тұтынушының (болашақта өмір сүретін) арасын байланыстырушы ретінде қарастырылуы қажет. Басылымдарды адамдар әзірлейді. Демек, басылымды жариялаушының өзі бұрынғы автор мен болашақтағы тұтынушы арасындағы делдалдың қызметін атқарады. Осылай ол өткен уақыт пен қазіргі (болашақтағы) мәдениет құндылықтары арасын байланыстырушы болып келеді.

Басылымдар мәдени мұра байлықтарын, олардың ішінде ерекше маңызды тарихи құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етеді. Алайда, бұл арада ескерткіштер екінші күйінде, яғни көшірме түрінде сақталатынын естен шығармау керек. Жаңа тасушыға көшіріліп, өзгерген күйде жаңарған ескерткіш бірнеше данада болуы да мүмкін. Тарихи деректің тұпнұсқасы жоғалып, қайта орнына келтірілмейтін жағдай болса, онда ескерткіш толығымен жоғалып кетпейді. Мәселен, Гомердің баршаға аян “Илиада” мен “Одиссея” поэмасы осыған дәлел. Ал бірнеше тиражбен жарық көрген ескерткіштердің бірқатары жоғалса да, қалған тираждағы көшірмелерінің көмегімен ескерткішті жоғалтпауға да болады. Мәселен, Польшада 1939 жылғы күзде әскери қимылдар барысында поляк картографиялық материалдарының бірнеше тиражы жойылып кеткеніне қарамастан бірқатар даналары сақталынған. Басылымның атқаратын осы қызметінің екінші жағы тағы бар. Ол түпнұсқаның бірегейлігін өз қалпында, яғни физикалық күйін бүліндірмей сақтап қалады.

Басылымның артықшылығы да мынада, ол көшірмелерін пайдалану арқылы түпнұсқаға қол жеткізуді шектейді. Мұның өзі оның ұзақ жылдар бойы өз қалпында сақталуының кепілі болады. Түпнұсқа ешқандай физикалық өзгеріске ұшырамайды. Қазіргі жағдайда мұрағаттарда көптеген материалдар микрофильм түрінде беріледі. Ал мұның өзі басылымға деген сұранысты арттырады. Сол себепті құнды деректердің түпнұсқаларын өз қалпында сақтап қалудың бірден-бір кепілі басылымдарды көптеп әзірлеп жасау. Сонымен, басылымдарды ескерткіштерді қорғау құралы ретінде қарастыруда басылымдық қызметтің мәдени ескерткіштерді қорғау міндетін атқаратынын ерекше атап өткен жөн. Бұл міндетті археография мұрағат ісінің міндетінен кем атқармаса керекті.

Қандай да басылымның болмасын басты шарты қажетті материалдардың бір ізділігін сақтай отырып, олардың жиынтығын беру. Дегенмен бұл шараның өзінде бірқатар шарттар ескерілуі тиіс. Алдымен матриалдарды берудегі объективтілік пен басшылыққа алынатын критерилер. Тек объективтілікті тұтастай бере алатын басылымның материалдары ғана таза тарихи ойды қалыптастырады.

Археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыру ісінде басылымға материалдарды іріктеу қажеттілігі қандай және ол неден тумақ? Қазақ тарихында барлық хандар туралы түп деректер толық сақталмаған. Алайда бір тарихи дәуірдің барлық деректерін жариялау ісі де мүмкін емес. Іс жүзінде кездейсоқ басылып қалған басылымдар да аз емес. Сонымен қатар барлық деректік базаның көлемінде басылымның тақырыбын таңдау салмақты жұмыс. Басылымдардың барлығы тек барлық жаңа деректерді айналымға енгізуге бағытталады. Олардың объектісін таңдауда маңызды рөл атқаратыны ең алдымен ескерткіштердің мәні және критерилері. Кейбір тарихи кезеңдерге қатысты сақталған деректердің үлкен жиынтығы едәуір қиындықтар туғызады. Құжаттар санының көптігі материалдарды іріктеуді қиындатады. Сондықтан алдымен басылымның объектісіне қажетті материалдарды іріктеу мақсаты қойылады. Мұның өзі материалдарды іріктеуде олардың санын шектейді. Ғылыми басылымдарда материалдарды іріктеудің жүргізілуі міндетті. Өйткені бұл басылымның өзі оны қажет етеді және материалдар анағұрлым көп болған сайын басылымның өзі біраз уақытқа созылады. Әрі кейбір құжаттарды басу қажет пе деген сауалдар да туады. Ал деректердің толық жинағын жариялау барысында мына деректі жариялау керек пе деген сауал қойылмауы тиіс.

Басылымға материалдарды іріктеу проблемасымен қатар мынадай бірқатар шешімі бірден табылмайтын проблемалар да туындап жатады: 1) басылымға кіретін ескерткіштердің қандай түрге жататынын айқындау; 2) ескерткіштің жалған болатынын және 3) ескерткіштің түпнұсқалығы жөнінде бірнеше пікірлердің болатынын ескеру. Басылым дайындаушының қорытынды түйіні осындай түпкілікті мәселелерді шешіп бере алады. Ескерткіштердің түпнұсқалық деңгейіне оның авторының (авторлығының) да пікірі ықпал етеді. Жалпы бұл мәселелердің бәрі тек таңдап алынған басылымдарды әзірлеу барысында ғана туындайды.

Материалдарды іріктеудің ортақ мәселелерінде басылымды әзірлеушінің материалдарды іріктеуі мен өз еңбегінде пайдалану үшін тарихшының деректерді іріктеуі арасында ұқсастықтар орын алады. Тек деректердің және материалдардың аз саны болғанда ғана барлық фактілер тарихи зерттеулерде қайта тірілуі мүмкін. Басқа жағдайларда зерттеуші тек жиынтық деректер ішінен қажетті материалдарды іріктейді.

Тұтынушы, мәселен, тарихшы мен басылымды әзірлеушінің арасындағы ең басты айырмашалық мынада: тарихшы іріктелген фактіні бірнеше деңгейде көрсете алады, бірнеше деректерді пайдаланып бір фактіден хабар береді. Ал басылымды әзірлеуші мұны істей алмайды, өйткені ол ескерткішті не тұтастай немесе одан үзінділер беруі тиіс. Егер тарихшы көптеген деректерге сүйене отырып, фактіні қысқа да нұсқа бере алса, басылымды әзірлеуші материалдардың кеңістігін кеңейте алмайды. Мұндай ұқсастықтар басылымға материалдарды іріктеу және құжаттардың құндылығын сараптау, оларды мұрағатқа іріктеу арасында да кездеседі.

Сонымен, басылымдар археографиялық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда маңызды және жауапты рөл атқарады. Әрі құжаттарды жариялау олардың тарихи дерек ретінде құндылығын арттыра түседі5. Басылым көмегімен мәдени мұра потенциалды күйінен ретроспективті мағлұматтардың шынайы дерегі күйіне өзгереді. Басылым арқылы айналымға енгізілген ретроспективті мұра бүгінгі күнгі мәдениеттің бір бөлігі ретінде ары қарай ұрпақтар арасын жалғастырып, уақыт кеңістігінде тарихи сабақтастықты қамтамасыз етеді.

Бұдан бұрынғы дәрістерімізде археографияның деректемемен өзара әсері туралы сөз еткенбіз. Ерекше атап өтілген жағдай: бұл ғылыми пәндер зерттеулер мен жарияланымдардың обьектісі болып саналатын тарихи деректерді жақындастырып қана қоймайды, бұл пәндердің пайда болу тарихы мен дамуының ортақтығын, ұқсастығын, сонымен бірге тарихшы-зерттеушілер мен археографтардың деректермен жұмыс істегенде қолданатын әдіс-тәсілдерінің біркелкілігін байқаймыз. Соңғы жағдай ғылыми зерттеулер жүргізу жұмысы мен құжаттық жарияланымдар әзірлеудің арасында ешқандай айырмашылық жоқ деген ойға жетелейді және екеуінің арасына сөзсіз теңдік белгісі қойылу керек. Бірақ та, біздің анықтағанымыздай, айтылған жорамал ешқандай сын көтермейді: құжаттық жарияланымдар кез – келген зерттемелерді әзірлеудің негізі болып отырғанына қарамастан, ғылыми зерттемелердің орнын ауыстыра алмайды. Тарих ғылымының тарихында (археографияда да) орын алған мұндай жағдайлардың тек қана кері әсер еткендігін келтірілген мысалдардан көруге болады.

Тарихшы-зерттеушілер бір жағынан, екінші жағынан археографтар деректермен жұмыс жүргізу әдістерінің, тәсілдерінің ұқсастықтарын ескере отырып, кездесіп отыратын айырмашылықтарға да көңіл бөлулері керек,

зертттемелер мен құжаттық жарияланымдарды әзірлеуде деректік сынды әртүрлі жүргізулері керек. Мұндай айырмашылықтардың бар екендігіне тарих ғылымын зерттеуге деген ерекше бетбұрыстан және Белоруссияның, Ресейдің, Украинаның, Польшаның, басқа да атақты тарихшылардың ғылыми мұралары арқылы көз жеткіземіз. Бұрындары мұрағатшы мен археографтың жұмыстарының бөлінуі, айырмашылықтары жайлы

И.Я. Спрогистің, Д.Я. Самоквасовтың пікірлеріне сүйене отырып айтқан болсақ, дәл осылайша археографтың жұмысы тарихшының жұмысынан ерекшеленеді.

Өз бойында дарынды тарихшының, деректанушының, шебер педагогтың, тарихи білімді кеңінен таратушы, тағы сол сияқты жақсы қасиеттерді сәтті жинақтаған Ресей тарихшысы В.О. Ключевскийдің шығармашылығына көңіл бөлейік. Деректану тақырыбы бойынша оқыған дәріс курсында ол: «Тарихшы мұрағатшының шаң басқан құжаттарды ретке келтіруін барынша шыдамдылық танытып күтіп отыруға мәжбүр болады» дейді.

Бұл жерде ғалымның тарихшы-зерттеушінің қызметін нақты бөліп қарастырғанын көреміз, оның археографтың қызметінен айырмашылығы: тарихи процесті танып білу үшін тарихи деректерді дұрыс түсініп пайымдайды, ол деректің жария болуына мүмкіндік жасайды.

Ресейдің тағы біртарихшысы және археографы С.Н. Валк те дәл осылайша тарихи деректерді жариялау тарихты зерттеудегі маңызды орынға ие болғанмен, тарихи зерттеулермен толықтай сәйкес келе бермейді деп есептейді. Ол тарихи деректерді жариялау мен одан соң ол деректердің тарихи зерттеулерде қолданылуы арасын айқындап берді.

Валктің түсінігінде құжаттарды жариялау ісі өте маңызды болғанмен, ол қосымша – тарихи жұмыс болып саналады, мақсаты – құжаттардағы мәліметтерді тарихшы-зерттеушіге тарихи дерек ретінде пайдалануға жарамды етіп әзірлеп береді.

Бұған дейін де аты аталып келген И.Ф. Колесников былай деп жазды: «Археографтың атқаратын қызметі арнайы терең білімді, үлкен тәжірибені, жұмыстағы дағдыны, қысқасы, басқа адамдар көп мән бермей, әрі түсінбей қасынан өте шығатын қара (ауыр) жұмысты талап етеді. Ондаған ғылыми диссертацияға материал дайындап бере отырып, археографтың өзіне не атақ-даңқ, не ғылыми дәреже, не мардымды жалакы (ақша) берілмейді».

ХІХ ғасыр соңында Москва мұрағатындағы Әділет министрлігінің ХІХ ғасыр соңындағы құжаттарын сипаттаумен айналысқан, яғни құжаттық басылымдар әзірлеген кезде В.Н. Сторожев археограф пен тарихшы-зерттеуші еңбектерінің арасындағы айырмашылықтарына көңіл бөлді. Оның ойынша, ғылыми археография тарих ғылымының талаптарын назарында ұстауы керек, сол талаптарға сәйкес мұрағат құжаттары бойынша басылымдарды зерттеушінің қолдануына ыңғайлап әзірлеп отырады, осылайша зерттеушіні толып жатқан материалдарды талдау және сипаттау сияқты әзірлік жұмыстарынан босатады.

Тарихшы-зерттеушілер мен археографтардың деректерге деген көзқарастарының әртүрлі болуына байланысты, жариялаушы мәтіннің сипатын анықтау, жарияланып отырған материалдың орнын, уақытын, құжаттың авторын, жоғарыда С.Н. Валк атап өткендей, археографтың атқаратын жұмысының аса жауапты екендігін, олардың жұмыстарына қойылатын талаптар да зерттеушінің жұмысына қойылатын талаптармен бірдей екендігін мойындайды.

Бұдан бұрынғы дәрістерде көрсетілгендей, тарихи деректерді тарихшылардың және археографтардың көріп тануында да айырмашылықтар бар. Тарихшылар үшін жазбаша ескерткіш – бұл белгілі бір тарихи зерттеудің бір дерегі болса, археографтар үшін «жалпы тарихи дерек», оған жасалған сыни талдаудан кейін ол деректер әртүрлі бағыттарда қолданылады. «Сондықтан-, деп атап өтті И.Ф. Колесников -, жақсы орындалған археографиялық жұмыс тарихшылардың бір ұрпағы үшін және көптеген тарихи зерттеулер үшін таптырмас олжа».

Біз археографтың түпкі мақсаты зерттеушінің билігіне кейінірек жан-жақты деректік сыннан өткізілетін тарихи деректің неғұрлым тура бейнесін ұсыну екендігін бірнеше мәрте қайталаған болатынбыз. Бұл бейне түпнұсқаға сәйкес келуі үшін деректік сынның белгілі бір жиынтығын қолдану қажет болады. Нәтижесінде «жалған шеңбер» пайда болады: анығырақ айтсақ, құжаттар одан әрі зерттелуге арналып жарияланады, ал осы құжат жариялану үшін де барынша зерттелді емес пе.

Шынында, баспаға әзірлеу барысында құжатты алдын ала зерттеп алу қажет болды – бұл археографиялық жарияланымның мақсатына, оны жүзеге асыру жағдайларына байланысты. Бұл жағдай археографиялық теорияның басқа тезистеріне қайшы келмейді, нақтырақ айтсақ, құжаттарды жариялаудағы мақсат – құжатты талдай отырып пайдалануға мүмкіндік жасау.

Д.С. Лихачев: «Дерек жарияланған күнде де дерек болып қалуы керек, оған қандай да бір өзгерістер енгізу ісін болашақтағы зерттеушінің үлесіне қалдырамыз, Басылымдар арқылы деректерді келесі зерттеушілердің неғұрлым терең талдауына мүмкіндік туады. Мәтіннің жариялануы құжаттық ескерткіштің одан әрі зерттелуіне бөгет болмауы керек».

Өкінішке орай, күнделікті өмірде соңғысы үнемі орындала бермейді.

Жарияланған деректерді тарихшылардың одан әрі өз зерттеулерінде пайдаланбай қойғандығы көп кездесті. Бұл олардың аталған мұрағаттық материалдардың ендігі жерде дерек ретіндегі маңызы азайды деген түсініктен болуы керек. Бұл тарих ғылымының сапалы дамуына, бұрын да жария болған тарихи деректердің одан әрі терең зерттелуіне бөгет болды, нәтижесінде ғылыми айналымға берілген жаңа деректердің саны көбейіп кетті.

Тарихшылардың кейбір тобының арасында қалыптасқан «деректер бір мәрте жарияланған соң оның түпнұсқалық құндылығы төмендейді» деген түсінікке тарихшы И.Л. Маяковский қарсы шығып, былай деді: «Түпнұсқаның барынша тиянақты әзірленген басылымының өзі ол құжаттың барлық маңыздылығын көрсете алмайды, түпнұсқаның ерекшеліктері мен даралық қасиеттерін Легер: «сол заманның ерекшеліктерін тура сипаттауды түпнұсқаның кереметтері» – деп атайды.

«Жалған шеңбер» мәселесіне қайта оралсақ, қарама-қайшылықтар сияқты көрініп тұрғандар археографиялық жарияланымдарды әзірлеу кезіндегі деректік сынның жеткілікті болуына байланысты анықталады. Мәселе мынада, құжаттық ескерткіштерді баспаға әзірлеу барысында деректік зерттеулер өзінің жалпы көрінісінде деректің сыртқы мәселелеріне ғана қатысты жағын қарастырады, ал жарияланған соң зерттеушілердің назары оның ішкі мағынасына ауады.

Археограф дерекке жасалатын алғашқы сынды ғана өз міндетіне алады, бұл «сырттай жасалатын сын» деп аталады. Сонымен қатар, көлемі қажетті мөлшерден артпауы керек. Сынның жеткіліксіз болуы толыққанды басылым әзірлеуге кері ықпал етеді. Ал артығымен, яғни өте терең зерттелсе де керек емес ақпараттың көбеюіне алып келеді. «Виленскінің археографиялық актілерін» шығарушыларды осы артық ақпараттар үшін айыптады, бұл жинақтың бірнеше томы әртүрлі «кіріспе-зерттеулерге» арналды, ал олар жарияланған құжаттардың мазмұнына үнемі сәйкес келе бермейтін еді

Қорытындылай келе, атап өту керек, «археографиялық жарияланым» түсінігінің мазмұнынан таратып айтар болсақ, сонымен бірге оның жүзеге асуы барысындағы жағдайларды ескеретін болсақ, құжатты жариялауға әзірлеген кезде деректік сынның қолданылуы қажет әрі міндетті болып саналады. Сынның нақтыланған шегі, бағыты, тереңдігі айқын болуы керек. Ондағы мақсат мынау: археография әзірленген жарияланымдардың деректік жағы толыққанды болуы қажет, оған құжаттың мәтінін толық беру және толық ғылыми сипаттама беру арқылы ғана қол жеткіземіз. Жарияланып отырған құжаттағы фактілерді сынау тарихшылардың еншісіне тиеді.

Бақылау сұрақтары:

1. Археографияда ғылыми басылым түсінігіне анықтама беру.

2. Басылымның объектісін анықтау.

3. «Тарихи деректерді жариялау» түсінігіне анықтама беру.

4. Құжаттарды жедел және ретроспективті басылымдары: жалпы белгілері және ерекшеліктерін көрсету.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Добрушкин Е.М. Основы археографии: Учеб.пособие. М., 1992.

2. Добрушкин Е.М. История отечественной археографии. Современные проблемы и задачи изучения. Учеб.пособие. М., 1989.

3. Королев Г.И. Археография: Учеб. пособие. –М.: РГГУ, 1996.

ДӘРІС -8






Не нашли, что искали? Воспользуйтесь поиском:

vikidalka.ru - 2015-2024 год. Все права принадлежат их авторам! Нарушение авторских прав | Нарушение персональных данных